Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы 2009



Pdf көрінісі
бет68/74
Дата09.03.2024
өлшемі1.99 Mb.
#494755
түріЛекция
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   74
Қазақстан тарихы. Қаражан Қ.С.

3. Қазақстан Республикасының 
əлеуметтік-экономикалық дамуы
Қазақстан тəуелсіздік алғаннан кейін нарықтық экономикаға 
көшу жолына түсті. Осы бағытта 1992 жылы қаңтарда бағаны 
ырықтандыруға, мемлекеттік меншікті оның иелігінен алып 
жекешелендіруге кірісті. 
Қазақстанда нарықтық экономикаға көшудің алғашқы кезде үш 
кезеңі белгіленді. Бірінші кезең — 1991—1992 жылдар, екінші кезең 
— 1993—1995 жылдар аралығы болып, осы мерзімде жүргізілетін 
іс бағдарламасы Жоғарғы Кеңестің сессиясында мақұлданып, 
Президенттің Жарлығымен бекіді. Ал үшінші кезең — 1996—1998 
жылдарды қамтуға тиіс болды. Осыған байланысты көптеген 
жаңа заңдар, реформаны жүзеге асыруға қажет басқа да құжаттар 
қабылданды. Нарықтық экономикаға көшу мəселелерімен айна-
лысатын жаңа мемлекеттік басқару органдары құрылды. Олар: 
Мүлік жөніндегі, Монополияға қарсы саясат жөніндегі комитет-
тер, Салық инспекциясы, Кеден жəне т.б. Сондай-ақ нарықтық 
экономикаға тəн инфрақұрылымның кейбір түрлері: биржалар, 
коммерциялық банктер, сауда үйлері, жекеменшіктік кəсіпорындар 
мен шаруашылықтар, жеке меншік пен мемлекет меншігі аралас 
ірі корпорациялар, акционерлік қоғамдар, холдингтік компаниялар 
өмірге келді. Сөйтіп, нарықтық экономикаға қарай, меншіктің түрін 
өзгертуде, аралас экономика құруда біршама жұмыстар атқарылды. 
Алайда, нарықтық экономикаға көшуде бірсыпыра қателіктерге 
жол берілді. Біріншіден, реформаны бастауда мемлекеттің мақсаты 
да, мүдделері де, оларға жетер жолы да, əдіс-тəсілдері де толық 
анықталмады. Екіншіден, барлық елдерге бірдей сай келетін 
экономикалық реформаның моделі болмайды. Əр елдің өзіне 
тəн, оның ұлттық бітіміне, тарихына, дəстүріне, нақтылы сая-
си, əлеуметтік, экономикалық қалыптасқан жағдайына сəйкес өз 
моделі, өз жолы болуы керек. Оны əлемдік тəжірибе де көрсеткен. 
“Жапондық”, “Немістік” тағы басқадай əр елдің өз даму жолы 
болғаны белгілі. Қазақстан көп елде жақсы нəтиже бермеген, 
Халықаралық Валюталық Қоры ұсынған “есеңгіретіп емдеу” 
деп аталатын жолына түсті, Ресейдің соңынан ерді. Үшіншіден, 
экономикалық реформа бірінен кейін бірі жəне өзіндік ретімен жа-
салуы арқылы жүзеге асуға тиіс. Ал Қазақстанда қажетті заң жүйесі 
жасалып бітпей, жекеменшікке негізделген кəсіпорындардың үлесі 
өсіп, бəсеке ортасы қалыптаспай тұрып, ең əуелі бағаны ырық-
тандырудан бастау қате болды, өйткені бағаны ырықтандыру — 
үкімет тарапынан мезгіл-мезгіл оны өсіріп отыру болып шықты. 
Төртіншіден, қабылданған заңдар көп жағдайда жүзеге аспай қалды, 
себебі ол заңдардың жүзеге асатын механизмдері жасалмағанды. 
Бесіншіден, инфляцияны ауыздықтамаса ешбір істе береке болмай-
тыны белгілі. Бірақ осыған қарамастан мемлекеттегі қаржы, несие, 
ақша жүйесі ретке келмеді. Ұлттық банк ақша жүйесін, ақша айна-
лымын, оның ішкі жəне сыртқы қозғалысын қатаң бақылауға алудың 
орнына, ақша-несие ресурстарын бей-берекет жұмсап, аса жоғары 
процентпен сатып, пайда табумен əуестенді. Алтыншыдан, қылмыс, 
жемқорлық, заңды бұзушылық көбейді. Оған жаппай тəртіпсіздік, 
жауапсыздық қосылды. Міне, бұлар реформаны жүргізуде, эконо-
миканы дамытуда өздерінің зиянын тигізді. Жетіншіден, мемлекет 
басшылары экономикалық дағдарыс кезінде өмір сүріп, жұмыс істеп 
көрмегендіктен, оның қыр-сырын, бүге-шігесін, одан шығу жолда-
рын білмеді. Экономикалық дағдарысты дұрыстап бағалай алмады. 
Елді дағдарыстан тез арада шығару саясаты жүргізілді, бірақ ол 
ешқандай нəтиже бермеді. 
Сондықтан мемлекет дағдарыстан шығудың жолдарын қарастыра 
бастады. Оның ең бастысы — бағаны ырықтандыруды белгілі бір 
жүйеге келтіру еді. Қазақстанда ырықтандыру 1992 ж. мұнайдың, 
мұнайдан шығатын өнімдердің, басқа да энергия көздерінің бағасы 
əлемдік бағаға дейін жоғарылауы керек деген ұранмен жүргізілді. 
Осының нəтижесінде əр кəсіпкер, əр кəсіпорын ең жоғары таза пай-
да алғысы келді. Сөйтіп баға шарықтап өсті, елдің экономикасы 
бағаның шарықтап өсу кесірінен төмен түсіп кетті. 
Бағаны ырықтандырудан кейінгі екінші атқарылған іс — 
жекешелендіру. Мемлекеттік меншікті жекешелендірусіз нарыққа 
нақты көшу мүмкін емес еді. Бұл қадам нарық субъектілерін құру 
тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге халықтың бойында меншік иесі 


336
337
психологиясын қалыптастыру тұрғысынан да маңызды. Сондықтан 
да республикада ауқымды жекешелендіру жүргізілді. Бүгінде оны 
өткізудің 4 кезеңін даралап айтуға болады. Алғашқы үшеуі мемле-
кет иелігінен алу мен жекешелендірудің ерекшелігімен байланысты 
болса, төртінші кезең мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіруге 
екпін түсуімен сипатталады. 
Біз шағын жекешелендіруден бастадық. Алғашқы кезеңнің ба-
рысында 1991—1992 жылдары 5000-ға жуық нысандар жекешелен-
дірілді, олардың қатарында ұжымдық меншікке берілген 470-тен 
астам кеңшар болды. Екінші кезең “Қазақстан Республикасында 
мемлекет иелігінен алу мен мемлекеттік меншікті жекешелендірудің 
1993—1995 жылдарға арналған Ұлттық бағдарламасы” негізінде 
жүргізілді. Бұл кезеңнің аса маңызды қадамы мемлекеттік меншікті 
басқару мен жекешелендірудің біртұтас жүйесі болды. Сол кезде 
шағын жəне орта бизнесті дамытуға белгі берілді. Көтерме-сауда 
буынын қоса алғанда бұрынғы кеңестік сауда жүйесін өзгерту ба-
сталды. Қызмет көрсету саласында бəсекелестік орта пайда болды. 
Үшінші кезең 1995 жылғы желтоқсанда заң күші бар “Жекешелендіру 
туралы” Жарлықпен басталып, 1999 жылға дейін жалғасты. Осы 
сəттен бастап ол тек ақша қаражатымен жүзеге асырылды. 1999 жыл-
дан кейін бірінші кезекке мемлекеттік мүлікті басқаруды жетілдіру 
мəселелері шықты. Төртінші кезеңде мемлекеттік меншікті басқару 
жəне онымен айналысу мəселелері бойынша мемлекеттік органдар 
арасындағы өкілеттіктерді бөлуге жаңа көзқарас қолданыла баста-
ды. Республикалық мемлекеттік жəне коммуналдық мемлекеттік 
кəсіпорындарды оңтайландыру басталды. Елдің экономикалық 
қауіпсіздігін анықтайтын экономиканың стратегиялық маңызды 
секторларына мемлекеттің ықпалы мен ондағы үлесі ұлттық 
компаниялар арқылы сақталды. Мұнай-газ секторында — бұл 
“ҚазМұнайГаз”, энергетикада — “КЕГОК”, телекоммуникацияда 
— “Қазақтелеком”, темір жолда — “Қазақстан темір жолы”. 
Бірақ жекешелендіру барысында да кемшіліктер орын алды. 
Мемлекеттік меншікті жекешелендіру жарияланған екі кезеңінде 
де (1991—92 жж. жəне 1993—95 жж.) мүліктің көпшілік бөлігінің 
талан-таражға түсуіне жол берілді. Бұл халық шаруашылығы 
үшін берекесіздік тудырып, экономиканың терең дағдарысқа ұшы-
рауының басты себебінің біріне айналды. Сондай-ақ, елдің экс-
портқа өнім шығаратын кəсіпорындары ескі əдетіне басып, өзде-
рінің тауарларын эшелон-эшелонмен сыртқа жөнелте беруді ғана 
білді. Соның салдарынан республикадан 250 млрд. сомның өнімі 
сыртқа, негізінен алғанда Ресей Федерациясы мен ТМД елдеріне 
сутегін кеткен болып шықты. 
Сондықтан, бұл жағдай үкімет пен барлық экономикалық инсти-
туттарды, Статистика мен Қолдау Комитетін қатыстыра отырып, 
терең талдау жасауды талап етті. Осымен байланысты 1994 жылдың 
қаңтарында Президент экономикалық реформаны жүргізуді жандан-
дыру жөніндегі шаралар туралы қаулы қабылдады. Онда дағдарысқа 
қарсы шаралар мен экономиканы тұрақтандырудың 1994—1995 
жылдарға арналған бағдарламасы жасалды. Бағдарламада энерге-
тикалық тəуелсіздікті қамтамасыз ету мəселесі қойылды, өндірістің 
құлдырауы тоқтатылып, экономиканы тұрақтандыру, инфляцияны 
ауыздықтау қажет екені айтылды. 1993 ж. 15 қарашада мемлекеттің 
өз ақшасы — теңге енгізілді. Сөйтіп, біз экономикалық тəуелсіздіктің 
аса маңызды нышаны — ұлттық валютамыз теңгеге ие болдық. Бұл 
бізге 1994 жылы-ақ гиперинфляцияны бəсеңдетуге, ал 1995 жылы 
инфляция процесін ауыздықтауға мүмкіндік берді. 
Реформаның барысында 1994 жылдың күзінен үкімет макро-
экономикалық реттеуді меңгере бастады. Бағаның өсуі біраз тежеліп, 
инфляцияның өсу қарқыны елеулі түрде төмендеді. Сол сияқты 
ұлттық банктің несиеге алатын пайызы да қауырт азайды. Ақша-
қаражат саласында да осындай түзеліс байқалды. Өнеркəсіптің кей 
салаларында да оңға басушылық орын алды. 
Жалпы дағдарыстан шығудың, реформаны жүргізудің пəрменді 
құралының бірі — экономикалық орталық болу тиіс еді. Алайда, 
Министрлер кабинетінде реформаны ойластырып, алға бастыра-
тын орталық болмады. Экономика министрлігі ондай орталық бола 
алмады. Нəтижесінде 1994—1995 жылдары дағдарысқа қарсы ша-
ралар мен реформаны тереңдету бағдарламасы орындалмай қалды. 
Макроэкономикалық тұрақтандыру жəне құнсыздануды тоқтатуға 
қол жетпеді, тиімді сыртқы сауда саясатын жасау да көңілдегідей 
болмай шықты, əлеуметтік саясат та халықтың басым көпшілігінің
наразылығын өршіткені болмаса разы етпеді. 
Өзінің бүкіл кемшіліктеріне қарамастан іс жүзінде аяқталған 
жекешелендіру процесі нақты бəсекелестік үшін базалық жағдай-
ларды құруға жеткізді. Қазіргі кезде республика өнеркəсіп өнімінің 
85 процентке жуық көлемі жекеменшік секторда өндіріледі.
Нарықтық реформаға көшудегі жіберілген тағы бір қате — ол 
үкімет басшыларының елдің экономист ғалымдарына сенбеуі. Оның 
себебі бізде бұған дейін нарықтық экономика болмады, сондықтан 
біздің экономистер нарыққа көшудің жолдарын, тетіктерін білмейді 


338
339
деп есептелді. Сондықтан нарықтық экономикаға көшу үшін 
кеңесші ретінде экономист-ғалымдар АҚШ-тан, Франциядан, 
Түркиядан, Ресейден т.б. жерлерден шақырылды. Бірақ олар өз 
елінде маман болғанмен, біздің жағдайды, халықтың менталитетін, 
психологиялық ерекшеліктерін ескермеді, тіпті білмеді де. 
Олардың білетіні Батыстың дамыған, қалыптасқан нарықтық эко-
номикасы еді. Оған қоса ТМД елдерінде экономикалық дағдарыс 
капиталистік қоғамға тəн классикалық артық өндіру дағдарысы 
емес, жетіспеушілік дағдарысы болатын. Екіншіден, ол елдерде ер-
теден тауар өндірісі, тауарлық қатынастар толық қалыптасқан. Ал 
бізде бұлар болған жоқ. Үшіншіден, ТМД елдерінде социалистік 
экономикадан нарықтық экономикаға көшу тез қарқын алды. 
Сондықтан шетел экономистерінің кеңесі тиісті нəтижесін бермей, 
аяқсыз қалды. 
Нарықтық қатынастарға көшу барысында бізде орын алған тағы 
бір үрдіс бар. Ол сонау Қазан төңкерісінен кейінгі индустриялан-
дыру, ұжымдастыру науқандары сияқты қоғам өміріндегі түбегейлі 
өзгерістерге революциялық сипат беру. Ал біздің халық бұл үрдіске 
үйренбеген жəне ол халықтың психологиясына келе бермеді. 
Əсіресе, ауыл шаруашылығын жекешелендіруде үкімет асығыстық 
жіберді. Дағдарыс жағдайында бой көтерген жеке фермерлер басқа 
халықты асырамақ түгіл, өзін-өзі əрең асырап отырды. Нəтижесінде 
1993—1995 жылдарға арналған бағдарламалардағы инфляцияны 
төмендету, өндірістің құлдырауын тоқтату жəне өндірістің ұлғаюы 
үшін жағдайлар жасау жоспарынан еш нəрсе шықпады. Сондықтан 
мақсатты нұсқамалар түрінде 15 айға арналған қосымша бағдарлама 
қабылданды. Оның оң нəтижесі деп инфляцияның баяулауын айту-
ға болады, бірақ өндірістің құлдырауын тоқтату мүмкін болмады. 
1992 жылы өндірістің құлдырауы біршама тұрақты болған 1990 
жылмен салыстырғанда 14,6%-ке, 1993 жылы — 28%-ке, 1994 жылы 
48%-ке, ал 1995 жылы — 45%-ке жетті.
Қазақстан үкіметі осыдан кейін 1996—1998 жылдарға арналған 
жаңа бағдарлама қабылдады. Онда реформаның ең күрделі де-
ген мəселелерін шешу маңызды орын алды. Алайда, бағдарламада 
көзделген жекешелендіруді аяқтау, бірыңғай холдингтік, шағын 
жəне орта кəсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығында қосымша 30 
мыңға жуық шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарды 
құру айтарлықтай нəтижелер берген жоқ. 
Қоғам айқын мақсаттар мен оларға қол жеткізу жолдары 
баяндалған стратегиялық бағдарламалық құжатқа мұқтаж бо-
латын. Олар “Қазақстан — 2030” ел дамуының Стратегиясын-
да тұжырымдалды. 1997 жылдың қазан айында Президент 
Н.Ə.Назарбаев республика халқына “Қазақстан — 2030” деген 
атпен жолдау қабылдап, онда еліміздегі дағдарыстан шығудың 
жəне жүріп жатқан реформаларды аяқтаудың, сондай-ақ алдыңғы 
қатарлы мемлекеттердің қатарына қосылудың, немесе “Қазақстан 
барысын” қалыптастырудың жаңа бағдарламасын ұсынды. Бағдар-
ламада еліміздің саяси, əлеуметтік-экономикалық дамуының 
жақын арадағы жəне стратегиялық ұзақ мерзімдегі даму жолдары 
мен мүмкіндіктері жан-жақты көрсетілді. Онда елдің ішкі бекем 
тұстарын жəне сыртқы саясатындағы мүмкіндіктерді барынша 
пайдалана отырып, мемлекеттің дамуындағы ұзақ мерзімді жеті 
басымдықты іске асыру көзделген. Олар: 1) ұлттық қауіпсіздікті 
сақтау; 2) ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуын нығайту; 
3) нарықтық қатынастар негізінде экономикалық өсу; 4) Қазақстан 
азаматтарының денсаулығы, білімі мен əл-ауқатын көтеру; 5) энер-
гетика ресурстарын жете пайдалану; 6) инфрақұрылым, көлік жəне 
байланысты дамыту; 7) демократиялық кəсіби мемлекетті құру. 
Тек осы аса маңызды шараларды іске асырғанда ғана Қазақстан 
халқының өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі жəне əл-ауқатының артуы 
мүмкін екендігіне сенім білдірілді. 
“Қазақстан — 2030” бағдарламасының талаптарына орай соңғы 
жылдары еліміздің егемендігі мен тəуелсіздігін нығайту, əлемдік 
стандарттарға сай түзілген заңнамалық-құқықтық базаны жетілдіру 
жөнінде орасан зор жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, биліктің, 
сот жəне құқық қорғау органдарын қоса алғанда, оның барлық 
тармақтарының құрылымы мен қызметінің қағидаттары едəуір 
жетілдірілді. Сондай-ақ, демократия мен азаматтық қоғам инсти-
туттары даму жолына түсті. Қазақстан геосаяси кеңістікте əлемдік 
қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі ретінде лайықты орын алды. 
Қалыптасқан əріптестік саяси жəне экономикалық қатынастар 
мемлекетімізді барлық дүние жүзі елдерімен байланыстыруға 
мүмкіндік берді. Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдарда, 
соның ішінде, БҰҰ-да белсенді жұмыс жүргізіп, антиядролық 
қозғалысқа, жаппай қарусыздануға, бітімгершілік жəне терроризмге 
қарсы күрес ісіне лайықты үлесін қосып келеді. 
“Қазақстан — 2030” стратегиясында көрсетілгендей, əсіресе, 
соңғы жылдары республикада тұрақты экономикалық өрлеу, 
өндіріс ауқымының өсуі байқалып отыр. Тек 2000—2002 жылда-
ры жалпы ішкі өнімнің жиынтық өсімі 35,5 пайызды құрады. Сау-


340
341
атты макроэкономикалық саясат еліміздің халықаралық беделін 
едəуір көтеруге жағдай жасады. Қазақстан бұл жылдары ТМД 
елдерінің арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестиция-
лар тарту жөнінен көш бастады. Шетелдік инвесторларды, соның 
ішінде əлемдегі аса ірі компанияларды да тарту мынадай бірқатар 
маңызды міндеттерді шешіп берді: Ауқымды инвестицияларды 
тарту жөніндегі, олардың көлемі 1993 жылдан 2003 жылға дейінгі 
кезеңде 25,8 миллиард долларды құрады, жан басына шаққанда 
Қазақстан ТМД-да 1- орынды алады. 
1994 жылдан 2007 жылдың аяғына дейін еліміз өз экономикасына 
əлемнің 60 елінен 70 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция 
тартты. Бүгінде Орталық Азияға келген барлық инвестициялардың 
80% Қазақстан еншісінде. Ал экономикаға қосылған ішкі инвести-
циясының көлемі қазіргі күні 80 миллиард доллардан асып түсіп 
отыр. Сонымен қатар, Қазақстан басқа елдерден келген инвестиция 
көздерін өз экономикасын көтеру ісіне тиімді пайдалана отырып, 
енді басқа елдерге де инвестиция сала алатын донор мемлекетке ай-
налды. Қазір оның қаржысы Ресей мен өңірдегі елдерге, Түркия мен 
Кавказ елдеріне, Қытай жəне басқа да алыс-жақын шет ел экономи-
касына салынып жатыр (Егемен Қазақстан. 15.12.2008). 
Əлемдік деңгейдегі менеджмент қызметі құлдырау жағдайында 
болған аса ірі кəсіпорындарды қысқа мерзімде қайта өркендетуге 
мүмкіндік берді. Əлемдік рынокқа шығу жəне əлемдік шаруашылық 
байланысқа белсенді кірігу қамтамасыз етілді. (Н.Назарбаев. Жаңа 
кезең — жаңа экономика.— Егемен Қазақстан, 16 желтоқсан 2004). 
Осының нəтижесінде республика экономикасының барлық 
дерлік салаларында, əсіресе, ауыл шаруашылығында, сауда мен 
қызмет көрсету саласында жеке меншік секторы басым бола түсті. 
Нарықтық экономиканың жетекші бір факторы мемлекеттік емес 
сектор үлесін серпінді ұлғайту болып табылады. Мысалы, стати-
стика мəліметтері бойынша, 2004 жылдың І жартыжылдығына 
тіркелген 194,8 мың заңды тұлғаның 192,7 мыңдайы жекеменшік 
секторға келеді. Бұл жалпы санның 98%-і, өңдеу саласында бұл 
үлес — 98%-ті; ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығында 
97,5%-ті құрайды. Көптеген экономикалық процестердің нақты 
қатысушысы жекеменшік иесі болып отыр. Оның мүмкін болатын 
барлық əлеуметтік формалар мен нарықтық қатынас салаларына 
кеңінен қатысуы айрықша нарықтық мінез-құлық қалыптастырды. 
Əсіресе, шағын кəсіпкерліктің дамуы атап көрсетуге тұрарлық.
“Қазақстан — 2030” бағдарламасын жүзеге асыру барысында 
тəуелсіз еліміздің басты табыстары мен жетістіктері — мемлекет-
тің қауіпсіздігін нығайту жəне экономикалық өрлеу болды. Бұл 
барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуіне, əл-ауқатының 
артуына кең өріс ашты. Қазір біздің республикада нарықтық 
экономиканың іргесі қаланып қана қойған жоқ, сонымен қатар 
барлық қазақстандықтардың игілігі үшін ішкі ресурстары мол 
əлеуметтік-экономикалық дамудың нақты нышандары қалыптасты. 
Оған дəлел ретінде əлемдегі ең күшті мемлекет — АҚШ-тың 
Қазақстанға нарықтық экономикасы бар ел мəртебесін беру тура-
лы шешімін ерекше атап көрсеткен жөн. Бұл АҚШ басшылығының, 
американдық іскер топтар мен сарапшылардың қазақстандық 
реформалардың жетістіктерін мойындауы болып табылады. Сөйтіп, 
Қазақстанның ТМД елдері арасында осы мəртебені бірінші болып 
алуы кездейсоқтық емес. Бұл шешім Қазақстанға қатысты АҚШ 
жəне тағы басқа дамыған елдер тарапынан экономикалық шек-
теулер мен түзетулерді алып тастаудан өзінің көрінісін тапты. Ол 
болашақта республиканың нарық қатынасына көшкен ел ретінде 
Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің оңтайлы алғы шарты болып 
табылады. 
Сонымен, қорыта келгенде, жер жүзіндегі қазіргі 182 елдің 15 
мемлекеті нарықтың қарқынды даму жолын игерген, 156 ел — 
нарықтық даму жолына түскен (соның бірі — Қазақстан), тек 11 ел 
ғана — нарықтық қатынасқа əлі кірмеген. Əлемдік экономиканың 
заңдары мен талаптарына сай біз де елімізде нарықтық (кəсіпкерлік) 
қоғам құрып жатырмыз. Сол себепті де Қазақстан байлығының 
80 пайыздан астамы жекешелендірілген, қазірдің өзінде респу-
бликамызда 500 мыңға жуық кəсіпкерлік субъектілер құрылған. 
Онда 2 млн.-нан астам адам жұмысқа тартылған. Кəсіпкерлік — 
күнкөрісіміздің көзіне айналды. Дамыған елдердегідей “кəсібің — 
нəсібің” деген ұстаныммен өмір сүруге көштік. 
Экономикалық, өндірістік қатынастар жүйесін түбегейлі өзгерту 
жөніндегі реформаның ең маңызды кезеңінің басты міндеттері 
шешілді. Экономиканы түпкілікті реформалауға бағыт ұстап, біз 
қысқа мерзімнің ішінде нарықтық реформаларды жүргізе білдік, 
тиісті заңнамамызды жасауға қол жеткіздік. Біз ойдағыдай жұмыс 
істеп жатқан нарық экономикасын құрдық. Бүгінгі таңда Қазақстанда 
нақтылы жұмыс істеп тұрған нарықтық экономика бар. 
Нарықтық экономикаға көшу бастапқыда өнеркəсіптің дамуы-
на жол ашпады. Халық шаруашылығының бұл саласын дамы-
туда көптеген қиыншылықтар кездесті. Тəуелсіздіктің алғашқы 
жылдары өнеркəсіп салалары, əсіресе, ауыр индустрия, халыққа 


342
343
аса қажет жеңіл өнеркəсіп орындары біртіндеп тоқтай бастады. 
Кəсіпорындардың көпшілігі қажетті материалдық ресурстардың 
жоқтығынан немесе қаржының жетіспеуінен өз қуаттарын толық 
пайдалана алмады. Күрделі құрылыстың қысқаруы экономикаға 
кері əсер етті. Экономиканың тұрақтануына қаржы-ақша жүйесінің 
терең дағдарысы кесірін тигізді. Өнеркəсіп орындарының жарты-
сы 1992 жылы 1991 жылғы деңгеймен салыстырғанда өндірістің 
құлдырауына жол берді. Халық тұтынатын тауарлар күрт азайып 
кетті. Оны өндіру көлемі өнеркəсіп өндірісінің бүкіл көлемінің бес-
тен бір бөлігін ғана құрады, сөйтіп 1991 жылмен салыстырғанда 
21,5%-ке кеміді. Республика бойынша мұнай мен көмір өндіру 
қысқарды. Металлургия өнеркəсібінде күрделі жағдай қалыптасты: 
шойын, болат, прокат құю азайды. Түсті металлдар өндірісі қыс-
қарды. Құрылыс жəне ауыл шаруашылығы техникаларын шығару 
едəуір кеміді. 
Күрделі құрылысты қаржыландыру көлемі 40 пайыздан астам 
қысқарды, нəтижесінде 1992 ж. мемлекеттік тапсырыс бойынша іске 
қосылуға тиісті 32 өндірістік қуаттар мен объектілердің тек 2-уі ғана 
іске қосылды. 
Өнеркəсіптің құлдырауы 1993 жəне 1994 жылдары да тоқтамады. 
1993 жылы 1990 жылмен салыстырғанда өнеркəсіп өнімі 16,1%-
ке азайды. Ал 1994 жылы 1992 жылмен салыстырғанда өнеркəсіп 
өнімінің көлемі 39%-ке, халық тұтынатын тауарлар 41%-ке кеміді. 
Дегенмен 1995 жылы өнеркəсіп өнімінің төмендегеніне қарамастан, 
оның жекелеген салаларында 1994 жылмен салыстырғанда біраз 
өсім байқалды. 
1996 жылы республикадағы кəсіпорындарды реформалау жəне 
жеке жобалар бойынша ірі объектілерді жекешелендіру жөніндегі 
жұмыс қарқын алды. Бірақ осыған қарамастан өндірістің құлдырауы 
тоқтамады. Тек 1996 жылдың соңына қарай өнеркəсіптің құлды-
рауы кейбір салаларда тоқтап, кейіннен біраз өскендігі байқалды. 
Өндірістің құлдырауының басты себебі — Одақ бойын-
ша бұрынғы қалыптасқан шаруашылық қатынастардың үзілуі. 
Өнеркəсіптің артта қалуының тағы бір себебі — оның шикізат 
өндіруге бейімделген сыңаржақтылығында, дайын тауар өндіретін, 
əсіресе, машина жасау салаларының жоқтығында болды. Одан 
басқа, мемлекет экономиканы басқарудың тізгінін босатып алды, 
халық тұтынатын тауарларды шығаруды өз бетімен жіберді, жаңа 
технология мен техниканы пайдалану, оны өндіріске енгізу ісі ақсап 
жатты.
Жоғарыда айтылған қиындықтар мен кемшіліктерді жою үшін 
1999 жылдан бастап Қазақстан үкіметі елдің өнеркəсібін жандан-
дыруда бірсыпыра шараларды іске асырды. Жеңіл өнеркəсіпті да-
мыту бағдарламасы жасалып, химия өнеркəсібі мен машина жасау 
саласын дамыту бағдарламасы тиянақталды. Соның нəтижесінде 
1999 жылы мұнай-газ өндіру, металлургия, химия, полиграфия жəне 
тоқыма-тігін өнеркəсіптерінде өнімнің өсуіне қол жеткізілді. Жыл 
соңында жалпы өнім өндіру 1%-ке, ал өндіріс көлемін арттыру 1,8%-
ке өсті. Елдің алтын қоры 2 млрд. долларға жетті.
Міне, осындай мемлекеттік маңызды шараларды жүзеге асыру ба-
рысында 2000—2002 жылдары республикада тұрақты экономикалық 
өрлеу, өндіріс ауқымының өсуі байқалды. Тек соңғы 3 жылда 
өнеркəсіп өндірісінің көлемі 42,9 пайызды құрады. Қазақстанның 
өнеркəсіп саласында мұнай-газ өндірісі елеулі орын алып, ол жал-
пы өнеркəсіп өнімінің 46 пайызын қамтыды. Бұл жылдары тек газ-
мұнай шығару салаларын дамытуға 9,5 млрд. доллар шетел инвести-
циясы тартылды. Қазір де мұнай-газ секторы мемлекеттік бюджетті 
қалыптастырудың негізгі көздерінің біріне айналып, республиканың 
жалпы ішкі өнімдерінің едəуір бөлігін қамтиды. 
Батыс Қазақстан аймағында Теңіз бен Қарашығанақ сияқты 
мұнай-газ кен орындарын игеру жөніндегі ауқымды жобаларды 
іске асыру жүргізіліп жатыр. Каспий аймағында өнеркəсіптік мұнай 
өндіруді 2005 жылдан бастап қолға алу жоспарланған. Жамбыл об-
лысы жеріндегі Амангелді газ өндіру орнын игеру жұмысы бастал-
ды. Каспий құрлықтық мұнай құбырының бірінші кезегін іске қосу 
еліміздің экспорт жөніндегі мүмкіндігін арттыра түсті. Мұнайды 
əлемдік нарыққа жеткізудің баламалы нұсқалары — Атырау-Баку-
Жейһан, Қазақстан-Түркменстан-Иран, Батыс Қазақстан-Қытай 
бағыттарын да үлкен болашақ күтіп тұр. 
Соңғы жылдары Ақтау теңіз портын, Достық-Алашанькоу 
шекаралық өткелін жəне Достық-Ақтоғай теміржол учаскесін 
қайта жаңалау жұмысы, Семейдегі Ертіс көпірі мен Ақсу-Дегелең 
теміржол құрылысы аяқталды. Алтынсарин-Хромтау арасындағы 
теміржол құрылысы аяқталып, 2004 жылдың соңына қарай іске 
қосылды. Алматы-Астана автожолын жаңалау жұмысы 2003 жылы 
аяқталды. Алматыдағы əуежай қалпына келтірілді. Жалпы 2002 
жылы бұрынғы 2001 жылмен салыстырғанда өнеркəсіп өнімінің 
жалпы көлемі 9,5 пайызға артты. 
90- жылдардың басында ауыл шаруашылығы елеулі дағдарысты 
бастан кешірді. Оның басты себебі — ауыл шаруашылығы мен 


344
345
өнеркəсіп салалары өнімдерінің арасындағы үлкен алшақтық 
еді. Ауыл шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауына 
республикадағы колхоздар мен кеңшарларды жаппай жəне тез арада 
жекешелендіру науқанының үлкен зардабы тиді. Бұрын 600-ден астам 
астық өндіретін, 700-дей қой шаруашылығымен шұғылданатын 
кеңшарлар мен колхоздар, 80-дей құс фабрикасы бар еді. Республика 
халқы жекешелендіру барысында өздерінің осы қолда барынан айы-
рылып қалды. Бағадағы былық, бейберекеттік, жекешелендірудегі 
асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, 
басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, ма-
териалдық-техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналды-
ру жəне т.б. ауыл шаруашылығын күйретуге соқтырды. 1993 жылы 
кеңшарлардың басым көпшілігі жұмыскерлерге 6 айға дейін жалақы 
бере алмады. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын са-
лаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, 
негізгі қорларды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азай-
ып кетті. Агроөнеркəсіп кешеніндегі жоғарыдағы айтылған жəне 
басқа да кемшіліктерді жоймай, салаға деген көзқарасты түбегейлі 
өзгертпей бүкіл реформаның жүзеге асуы мүмкін емес еді. 
Егіншілік өнімдері азайып, егін егетін жер көлемі қысқарды. 
Жалпы ауылшаруашылық өнімі 1992—1998 жылдары аралығында 
55 пайызға қысқарған, астық өндіру 30 миллион тоннадан 12 мил-
лион тоннаға азайған. Аграрлық сектордың басты бір саласы — мал 
шаруашылығы едəуір төмендеді. Малдың саны азайып кетті. Мал 
мен құстың кемуі негізінен осы салаға деген көзқарастың нашарла-
уынан болды. Малға қажетті жем-шөп аз дайындалды. Жекешелен-
діру нəтижесінде жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар сатылып 
кетті, немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. 
Егер 1991 жылы 9,8 млн. бас ірі қара болса, 2002 жылы 4,4 млн. бас 
қана қалды, тиісінше қой мен ешкі 35,7 млн. бастан, 10,4 млн. басқа 
дейін, жылқы 1,6 млн. бастан 1,0 млн. басқа дейін азайып кетті. 
2000 жылдан басталған ауыл шаруашылығындағы тың серпіліс 
мал шаруашылығы саласының дамуынан да көрініс тапты. Мəселен, 
2000—2002 жылдары ірі қара мал 8%-ке, қой басы 9%-ке, жылқы 1%-
ке, құс өсіру 25%-ке артты. Қазір республикадағы мал басының 90%-
тен астамы жеке шаруа қожалықтарының қолында жинақталған. 
Қазақстан үкіметі соңғы жылдары ауыл шаруашылығы өнді-
рісін ұлғайтуға бағытталған шараларды іске асыруда. Ауыл ша-
руашылығына 1996 жылғы бюджеттен 4,3 миллиард теңге, 1997 
жылы 5,3 млрд. теңге бөлінді. 1996 жылы Азия даму банкісі тара-
пынан Қазақстанға 100 миллион АҚШ доллары мөлшерінде несие 
бөлінді. Оның 50 млн. доллары 1997 жылы ауыл шаруашылығына 
жұмсалды. Тек 1996 жылы 630 егін жəне 100 мақта жинайтын 
шетелдік комбайндар сатып алынды. Мемлекет тарапынан ауыл 
шаруашылығына бөлінетін қаржы жылдан-жылға көбейіп отырды. 
1999 жылы оған 9 млрд. теңге бөлінсе, 2000 жылы агроөнеркəсіп 
саласына 11 млрд. теңге жұмсалды. 
Ауылда шаруашылық жүргізудің жаңа формалары қалыптасты. 
2000 жылы республика көлемінде 96198 ауыл шаруашылығы 
құрылымы, оның ішінде 91471 шаруа қожалығы, 1781 өндірістік 
кооператив, 2886 шаруашылық серіктестігі жəне 60 жекеменшік 
кəсіпорын жұмыс істеді. Сөйтіп, 1999—2001 жылдар аралығында 
ауылда тиімді шаруашылық жүргізуге қабілетті меншік иелері 
қалыптаса бастады. Қазақстан Республикасының Президенті 
Н.Назарбаев өзінің “Жаңа кезең — жаңа экономика” атты лекция-
сында атап көрсеткендей “Рынокқа берік бағдарланған фермер-
лер табы пайда болды”(Егемен Қазақстан. 16 желтоқсан 2004 ж.). 
Ауыл шаруашылығында жүргізілген реформаның нəтижесінде 
өндірілген өнімдердің 99 пайызы жеке меншік құрылымдарының 
үлесіне тиді. Мемлекет ауыл шаруашылығына салықты азайтты. 
Ауылшаруашылығы құрылымдарының бұрынғы қарыздарының 
барлығы жойылды. Басқа қарыздары 5—6 жылға əрі қарай 
ұзартылды. 
Қазір ауылдық жерлерде 25 мыңнан астам заңды тұлға бизне-
спен айналысуға мүмкіндік алса, тек шаруа қожалықтарының саны 
ғана 170 мыңнан асты. “Астық үшін айқас” кезеңдері ұмытылды. 
Соңғы жылдары Қазақстан миллиард пұттан астам дəнді дақылдар 
өндіруге қол жеткізіп келеді. Кеңес заманында астықтың осындай 
мөлшерін өндіру үшін бүкіл одақ болып жұмыла кірісетін болса, 
қазір астықты аз шығын жұмсап-ақ жинап қамбаға құйып алатын 
болдық. 
Ауыл шаруашылығын одан əрі дамытудың жаңа кезеңі 2002 
жылдан басталды. Бұл 2005 жылға дейінгі уақытты қамтуға тиіс 
кезең аграрлық өндірістегі реформаны аяқтау, ауылшаруашылық 
жерлеріне жеке меншікті енгізу жəне ауылдың əлеуметтік бейнесін 
жаңғырту мəселелерімен сабақтастырыла қарастырылған. Үкімет 
2002 жылдан бастап ауыл шаруашылығына қатысты үлкен жүйелі 
жұмыстарды жүргізе бастады. 2002 жылы маусымда мемлекеттік-
аграрлық бағдарлама қабылданды. Ол 2003—2005 жылдарды 
қамтыды, бұл жылдар ауылды қолдау, өркендету жылдары деп 


346
347
аталды. Сөйтіп, аграрлық сектор мен ауыл адамдарының пробле-
маларын кешенді шешу үшін 2003—2005 жылдар Ауыл жылдары 
болып жарияланды. 2002 жылы ауыл шаруашылығы салаларын 
қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен 30 млрд. теңге қаржы 
бөлінді. 2003 жылдан бастап ауыл шаруашылығын жəне оған байла-
нысты салаларды бюджеттік қаржыландыру елеулі түрде өсті. Мы-
салы, 2003 жылы 40 млрд. тенге қаржы бөлініп, оның 30 миллиарды 
аграрлық секторды дамытуға, 10 миллиарды ауылдың əлеуметтік 
мəселесіне, оның ішінде, денсаулық сақтау, білім беру салаларына, 
ауылды ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмсалды. Ал 2004 жылы 
ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік бюджеттен — 50 млрд., 
2005 жылы — 55 млрд. теңге бөлінді. 
Кейінгі жылдары Қазақстан аграрлық секторды дамытуда 
айтарлықтай нəтижелерге жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы 
өнімі 2002 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсті. Инвестици-
ялар 3 еседен астам ұлғайды. Бұл аграрлық секторды мемлекеттің 
орасан қолдауы нəтижесінде мүмкін болды. Жоғарыда аталған ау-
ылды қолдаудың үш жылдық бағдарламасы ел ішін дамытуға қуатты 
серпін берді. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығындағы тау-
ар айналымының 4 есеге жуық жалпы өсіміне оң ықпал етсе, ол 4 
миллиард АҚШ доллары мөлшерінен асып түсті (ҚР Президенті 
Н.Ə.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 ақпандағы Қазақстан халқына 
Жолдауынан.— Егемен Қазақстан, 2008, 7 ақпан). 2007 жылы 
ауылшаруашылық дақылдарының барлық дерлік түрлері бойынша 
жақсы өнім алынды. Əсіресе, ел диқандары жақсы көрсеткіштерге 
қол жеткізді. Республика бойынша 22,5 миллион тоннадан астам 
астық орылды. Қазақстан астық өндірісінің жан басына шаққан-
дағы көлемі мен ұн экспорты бойынша əлемде бірінші орынға 
шықты. Соңғы он жылда ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің 
көлемі 3 есе дерлік артты. Қорытып айтқанда, еліміздің ауыл 
шаруашылығына жан-жақты көмек көрсету арқылы оның деңгейін 
көтеру, соның ішінде қазіргі кездегі егістік көлемін сақтау, одан 
алынатын өнімді өсіру, малдың санын тұрақтандыру ісін жүзеге 
асыру көзделген. Қазір ауылдық жерлерде Қазақстан халқының 43 
проценті тұрып жатыр. 
Тəуелсіздік алған Қазақстанның көлік қатынасында темір жол-
дың маңызы ерекше зор. Қазіргі кезде Қазақстан темір жолының 
үлесіне көлік қатынасының барлық түрлері бойынша тасылатын 
жүктің төрттен үш бөлігі, жол жүретін адамдардың тең жарымы 
тиеді. Темір жолдарды техникалық жағынан қамтамасыз ету жəне 
жүк тасу жөнінде Қазақстан ТМД елдері арасында Ресей мен Укра-
инадан кейінгі үшінші орынды алады. Міне, осымен байланысты 
темір жол көлігіне талаптар жыл сайын өсіп отыр жəне оның ба-
сты міндеттері Президент Н.Ə.Назарбаевтың “Қазақстан — 2030” 
стратегиялық бағдарламасында көрініс тапқан. Бұл мəселелерді 
шешуде темір жол құрылымын жетілдіру ерекше орын алады. 
1997 жылғы 31 қаңтарда Үкімет қаулысымен Алматы, Тың жəне 
Батыс Қазақстан темір жол бөлімдері біріктіріліп, республикалық 
мемлекеттік “Қазақстан темір жолы” кəсіпорны құрылды. Ал 2002 
жылы бұл кəсіпорын Үкіметтің қаулысымен “Қазақстан темір жолы 
ұлттық компаниясы” жабық акционерлік қоғамына айналдырылды. 
2002 жылы Қазақстандағы темір жолдың ұзындығы 13,6 мың 
шақырымға жетті, оның бойындағы темір жол станцияларының саны 
720 болды. Тəуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап жаңа темір 
жолдар салу жəне темір жол станциялары мен желілерді қайтадан 
жаңартуға ерекше назар аударылуда. Соның ішінде халықаралық 
темір жол желілерін құруға барынша көңіл бөлінуде. Халықаралық 
темір жол қатынасын дамытуда Достық станциясы маңызды рөл 
атқарады. Өйткені ол Еуропа жəне Азия елдерінің арасындағы 
экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда үлкен орын алады. 
1991 жылы қыркүйекте Достық станциясы арқылы Қазақстан мен 
Қытай арасында жүк тасу, ал 1992 жылы маусымда жолаушылар 
тасу жүзеге асырылды. 1994 жылдан бастап Достық-Алашанкоу 
станциялары арқылы халықаралық жүк тасу жүргізіле бастады. 
Нəтижесінде Қазақстан мен Қытай, Өзбекстан жəне Оңтүстік Ко-
рея сауда байланыстары Достық станциясы арқылы едəуір өсті. Тек 
2002 жылдың өзінде жүк тасу 1994 жылмен салыстырғанда 10 есеге 
артып, 6 млн. тоннаға жетті. 
“Қазақстан — 2030” бағдарламасының талаптарына сай 1998 
жылы мамыр айында алғаш рет егемен Қазақстанның тарихын-
да Павлодар облысының Ақсу қаласы мен Шығыс Қазақстан 
облысындағы Конечная темір жол құрылысы басталып, 2000 жылы 8 
желтоқсанда аяқталды. Жолдың жалпы ұзындығы — 184 шақырым. 
Жолды салуға республиканың əртүрлі аудандарынан 1500 жұмыс-
шы қатынасты, құрылысқа 6,5 млрд. тенге жұмсалды. Бұл жол елдің 
Солтүстік жəне Шығыс облыстарының арасындағы қатынасты 600 
шақырымға қысқартты. Павлодар облысының Ақсу жəне Май ау-
дандары жеріндегі табиғи байлықтарды игеруге мүмкіндік берді. 
Егемен Қазақстан жеріндегі екінші маңызды темір жол 
құрылысы Қостанай облысындағы Алтынсарин станциясы мен 


348
349
Ақтөбе облысының Хромтау қаласын байланыстыратын темір 
жол магистралі. Жолдың ұзындығы 387 шақырым, құрылыс 
жұмысы 2001 жылдың маусым айында басталып, 2004 жылдың 
қараша айының соңында аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл жол 
Қазақстанның Солтүстік жəне Орталық аймақтары арасындағы 
жол қатынасын 1,5 мың шақырымға қысқартты жəне елді Ресейдің 
Қарталы-Орск темір жолына бағыныштылықтан босатты. Бұл жол-
мен Қазақстанның Орталық жəне Солтүстік аудандарынан Батыс 
облыстарға хром рудалары, астық, ал Ақтау, Новороссийск жəне 
Одесса теңіз порттары арқылы Украинаға қара металл, ферросплав, 
сондай-ақ Ақтау арқылы Республиканың солтүстік облыстарынан 
Иранға жыл сайын 5,5 млн. тонна астық жеткізу көзделген. 
Республиканың темір жол қатынасын одан əрі дамытуда оның 
аса қажетті магистральдық учаскелерін электр жүйесіне қосудың 
маңызы ерекше зор. Соңғы 10—12 жыл ішінде бұл бағытта 
бірсыпыра оң істер атқарылды. Мысалы, 1991—1994 жж. Арыс 
пен Шу станциялары арасындағы 600 шақырымдық жолды электр 
жүйесіне қосу жұмысы аяқталды. Ал 1993 жылдан бастап Шу мен 
Алматы арасындағы темір жолды электр қуатына қосу басталды. 
1996—1999 жылдары қашықтығы 190 шақырым Шу-Отар темір 
жолын электр қуатына көшіру аяқталды, 2000 жылы ұзындығы 90 
шақырым Отар-Ұзынағаш учаскесі іске қосылды, ал 2002 жылдың 
көктемінде Отар мен Алматы арасындағы темір жол магистралін 
электр қуатымен жұмыс істеуге көшіру біржолата аяқталды. 
Осының нəтижесінде Қазақстанда электр қуатымен жұмыс істейтін 
темір жол магистралінің ұзындығы 3,7 мың шақырымға жетті, не-
месе республикадағы барлық темір жолдың 27 пайызын қамтыды. 
Болашақта Алматы қаласы мен Достық станциясы арасындағы темір 
жолды электр қуатына ауыстыру жоспарланған. 
Тəуелсіз Қазақстанның алдына қойып отырған басты мақсаттары-
ның бірі — адамдардың жақсы тұрмысын іс жүзінде қамтамасыз 
ететін қоғам орнату. Осы орайда əрбір адамға кəсіпкерлік еркіндік 
пен мүмкіндік туғызып, жоғары əлеуметтік мəртебеге жетуін 
қамтамасыз ету, зейнетақыны жəне жəрдемақыны арттыру бүгінгі 
күннің қажеттілігінен туындап отыр. Əлеуметтік саладағы басты 
міндеттер: ұлттық байлықты көбейту, халықтың тұрмыс-тіршілігі 
жөнінен дүние жүзіндегі озық дамыған елдермен арамыздағы артта 
қалушылық пен алшақтықты азайту, яғни технологиялық дамудағы 
жəне тұрмыс жағдайы деңгейіндегі айырмашылықты қысқарту. 
Алайда, қоғамдық қатынастардың өзгеруімен жəне нарықтық 
экономикаға көшумен байланысты халықтың тұрмыс жағдайы 
төмендеп кетті. Еліміздің экономикасының құлдырауымен бай-
ланысты еңбекақы, зейнетақы, жəрдемақы бұл жылдары тиісінші 
дəрежеде өспей, тауарларды ырықтандыру деңгейінен ондаған 
есе артта қалып қойды. Халықты жұмыспен қамту проблемасы 
күрделенді. 1991 жылдан бастап республикада жұмыссыздық ба-
сталды. Əсіресе, ауылдық жерлерде кеңшарлардың таратылуына 
байланысты жұмыссыздық көбейді. Жастар жұмыс іздеп қалаға 
шұбырды. Қалаға келгенде де олар қарық болған жоқ. Не баспана, не 
дайын жұмыс пен табыс жоқ, сенделіп жүріп, азын-аулақ саудамен, 
рэкетпен, ұрлық-қарлықпен шұғылданып, мыңдаған қазақ жастары 
қылмыскерлер қатарын көбейтті. 
Қазақстанның əлеуметтік саласындағы басты мəселелердің 
бірі — зейнетақымен қамтамасыз ету. Соңғы кезде елімізде 
зейнеткерлердің қатары едəуір өсіп, олардың саны 2002 жылы 3 млн. 
адамға жетті. Үкімет зейнетақы мəселесін шешу үшін үш бағытта 
бірқатар жұмыс жүргізді. Бірінші — зейнетақының бұрынғы 
қарыздарын жабу, екінші — зейнетақыны уақытында төлеу, үшінші 
— зейнетақы жүйесін реформалау. Бұл үш бағытта жүргізілген іс-
шаралар бірсыпыра қайтарымын беріп, 1999 жылдың зейнетақы 
қарызын төлеуде бірқатар шаралар іске асырылды. Əсіресе, 7-8 ай 
бойы зейнетақыларын ала-алмай келген ауыл тұрғындарына ерек-
ше көңіл бөлінді. Зейнетақыны одан əрі арттыру бағытында шара-
лар жүргізілді. Атап айтқанда, зейнетақының ең төменгі мөлшері 
1998 жылы 3 мың теңге болса, 2000 жылы 4 мың теңгеге жетті. 
2000—2002 жылдары зейнетақы төлемдерінің ең аз мөлшері үш 
мəрте артып, 23 пайызға өсті. 2003 жылдың басында Президенттің 
жарлығымен ең төменгі зейнетақы көлемі 5 мың теңгеге жетті. 2004 
жылдың қаңтарынан төменгі зейнетақы мөлшері 5800 теңгені, ал 
орташа зейнетақы мөлшері — 8335 теңгені құрады. 
Елімізде реформалау нəтижесінде аралас əрі ерікті жинақтаушы 
зейнетақы жүйесі құрылып, ол өзінің тиімділігін көрсетті. 1,5 милли-
оннан астам зейнеткер ынтымақты негізде зейнетақы төлемдерімен 
қамтамасыз етілді. Зейнетақы индексациялаумен бірге 2003 жылы 
оны саралап өсіру жүзеге асырылды. Жеке жинақ принциптеріне 
негізделген қамтамасыз етудің бір ғана түрі — жинақтаушы 
зейнетақы жүйесі ойдағыдай дамытылуда. 2004 ж. бір мемлекеттік 
жəне 15 жекеменшік жинақтаушы зейнетақы қорларындағы 6,5 
млн. азаматтың жеке есепшоттарында 415,2 млрд. теңге зейнетақы 
жинақталды. Оның ішінде 115,7 млрд. теңгесі инвестициялық 
кірістен түскен. Халықтың зейнетақылық жинақтаулары тұрақты 


350
351
түрде көбеюде, оның көлемі 2008 жылдың басында 1,1 триллион 
теңгеден асып түсті. 
Сөйтіп, біз зейнетақы жүйесін реформалауды табысты жүргіздік. 
Базалық зейнетақы төлемдерін есепке алғанда, ең төменгі зейнетақы 
көлемі 1998 жылдан бері 4,3 есе, ал зейнетақы төлемдерінің орта-
ша көлемі 3,3 есе көбейді. 1,6 миллионнан астам адам мемлекеттік 
зейнетақыны республикалық бюджеттен алады (Егемен Қазақстан. 
15.12.2008).
Халықтың тұрмысындағы маңызды көрсеткіш — тұрғын үймен 
қамтамасыз ету. Бұрын да, қазір де тұрғын үй адамдардың ең ба-
сты мұқтажы болып отыр. 90- жылдары республикада тұрғын үй 
салу төмендеп кетті. Тек Қазақстан экономикасының 2000 жыл-
дан бастап ілгерілеуімен байланысты тұрғын үй құрылысы соңғы 
жылдары қайтадан көтерілді. 2002 жылы үй құрылысына 29,4 
млрд. теңге инвестициялық қаржы жұмсалды немесе 2001 жылмен 
салыстырғанда 7,9%-ке артты. Жаңадан 1402,7 мың шаршы метрді 
қамтитын 11,2 мың пəтер іске қосылды. Үй құрылысы, əсіресе, 
Алматы мен Астана қалаларында кең өріс алды. 2004 жылғы 
көктемдегі Президенттің халыққа жолдауында республикадағы ар-
зан үй құрылысын кеңейту, ұзақ мерзімге 9-10 пайызбен берілетін 
ипотекалық несиелер, жинақтаушы тұрғын үй банкілерінің 
көмегімен мүмкіндігі төмен отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз 
ету бағдарламасы жарияланды жəне оны іске асыру үшін Үкімет 
қазір қарқынды жұмыстар жүргізуде. 2005—2007 жылдары 19 
млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 
жоспардағыдан 22 процентке артық. Осы уақыт ішінде елімізде 44 
мыңнан астам пəтер салынды. Бюджеттік қаржы есебінен 6 мыңнан 
астам коммуналдық пəтерлер салынды. 
Қазақстан үкіметі кейінгі жылдары халықтың əл-ауқатын 
жақсарту, соның ішінде еңбекшілер мен қызметкерлердің жалақысын 
арттыруға назар аударуда. Экономиканың көтерілуі əлеуметтік 
міндеттердің үлкен кешенін шешуге мүмкіндік берді. Тек 2002 
жылы орташа айлық 54%-ке, немесе 1999 жылғы 9400 теңгеден 18 
мың 500 теңгеге дейін көбейді, ең төменгі жалақы көлемі 5 мың 
теңгені құрады. Бұл жылдары үкімет, əсіресе, бюджеттегі меке-
мелер қызметкерлерінің жалақысын көтеруге көңіл бөлді. 2002 
жылы тек мұғалімдердің жалақысы 35%-тен астам көбейтілді. Бұл 
мұғалімдердің орташа айлық жалақысының мөлшерін 2000 жылғы 
7 мың теңгеден 9300 теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. 
Мемлекет халық алдындағы əлеуметтік міндеттемелерін 
орындап келеді. Мемлекеттік бюджет есебінен зейнеткерлерді, 
мүгедектерді, асыраушыларынан айырылған жəне басқа да 
санаттағы тұрғындарды əлеуметтік жағынан қамтамасыз ету 
жүзеге асырылуда. Олардың барлығы 3,5 миллион (немесе барлық 
тұрғындардың 23,6%) адамнан асады. 2004 жылы 1999 жылмен 
салыстырғанда əлеуметтік қамтамасыз ету шығындары 1,5 есе 
көбейді. Бұл қазақстандықтардың кірісін айтарлықтай арттыр-
ды, оған мынадай өсім индикаторлары дəлел болады. 1999—2004 
жылдары ең төменгі жалақы көлемі 2,5 есе (2605 теңгеден 6600 
теңгеге дейін); төменгі зейнетақы көлемі — 1,9 есе (3000-нан 5800 
теңгеге дейін); орташа жалақы — 2 есе (11864-тен 26048 теңгеге 
дейін); орташа зейнетақы көлемі — 2 есе (4104-тен 8529 теңгеге 
дейін); күнкөріс шегі — 1,5 есе (3394-тен 5394 теңгеге дейін); орта-
ша мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақы көлемі — 1,3 есе (3441-ден 
4670 теңгеге дейін) өсті (Назарбаев Н. Жаңа кезең — жаңа экономи-
ка. // Егемен Қазақстан, 16.12.2004).
Тұтастай алғанда, 90- жылдардың аяғымен салыстырғанда 2007 
жылы əлеуметтік қамсыздандыруға шығындар 3 еседен астамға 
өсті. 
Халықтың денсаулығын сақтау жəне оның деңгейін көтеру 
мақсатында Президенттің жарлығымен 2002 жыл — Денсаулық 
жылы деп жарияланды. Денсаулық жылының аясында ауылдағы 
көптеген медициналық мекемелер жөндеуден өтті. Денсаулық 
сақтау саласының 88 нысаны жаңадан салынды. 2002 жылдың тағы 
бір ерекшелігі жеке Денсаулық сақтау министрлігі, Санитарлық-
эпидемиологиялық бақылау жəне Фармация комитеті құрылды. Жал-
пы, 2000—2002 жылдары денсаулық сақтау саласын республикалық 
бюджеттен қаржыландыру екі еседен астамға, жергілікті бюджеттен 
— 50%-ке дерлік ұлғайды. Ал 2007 жылы ғана республика бойынша 
23 денсаулық сақтау нысаны салынды.
Соңғы он жылда (1997—2007) мемлекеттің денсаулық сақтау 
саласына шығыны 13 есе өсіп, 2007 жылы 338,5 миллиард теңгені 
құрады. 1991 жылдан бері денсаулық сақтаудың 290 нысаны салы-
нып немесе қайта жөнделіп, оларға 100 миллиард теңгеден астам 
қаржы жұмсалды. Соңғы бес жылда алғашқы көмек көрсету буынын 
құрал-жабдықтармен жəне медициналық техникамен жарақтандыру 
3 есеге жуық өсті. Егер осыдан 10 жыл бұрын 1200-ге жуық 
ауылдық елді мекен медициналық қамтамасыз етусіз қалса, қазіргі 
уақытта ауылдықтар жер-жерде медициналық көмекпен қамтылып 


352
353
отыр. Тұрғындарға тегін медициналық қызмет көрсетуді қаржымен 
қамтамасыз ету көлемі кепілдендірілді жəне 2003 жылдан бастап 
өткен кезең ішінде мемлекеттің осыған бағыттаған шығыны 3 есеге 
артты (Егемен Қазақстан. 15.12. 2007). Денсаулық сақтауды рефор-
малау мен дамытудың 2010 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарла-
масы табысты жүргізілуде.
Қазақстан Республикасы Президенті Н. Назарбаевтың 2005 
жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауында (Егемен 
Қазақстан, 2005 ж. 19 ақпан) атап көрсеткеніндей: Бүкіл дүниежүзілік 
банктің жіктемесі бойынша қазіргі уақытта Қазақстан кірісі орта 
деңгейдегі елдердің тобына кіреді. Егер өмір сапасының негізгі 
көрсеткіштерін салыстыратын болсақ, онда соңғы 10 жылда (1995-
2005 жж.) қазақстандықтардың орташа ақшалай кірісі 5 есе; ал орта 
айлық жалақысы 6 есеге жуық; ең төменгі табыс мөлшері 25 есе; 
зейнетақылардың орташа айлық мөлшері 4,6 есе; жеке тұлғалардың 
банктердегі депозиттері мен бір кісінің жасайтын салымының 
көлемі тиісінше 35 жəне 37 есе өскенін көреміз. Экономикамыздың 
қарқынды өсуі мемлекеттік шығыстардың əлеуметтік бағдарлануын 
едəуір кеңейтуге мүмкіндік берді, мұның өзі экономикамыздың 
айтарлықтай бекемдік деңгейіне жеткенін айғақтайды. 
Тұтастай алғанда, 1997 жылдан 2007 жылдың аяғына дейінгі 
кезеңде еңбекақының ең төменгі мөлшері 4,5 еседен астамға өсті, 
орташа айлық номиналды еңбекақы 8,5 мың теңгеден 50 мың 800 
теңгеге дейін — 6 есеге жуық артты. Барлық соңғы жылдар бойын-
да орташа еңбекақы деңгейі жөнінен Қазақстан ТМД-да көшбасшы 
елдердің бірі болып табылады. 2002 жылдан бастап реформалау 
жүзеге асырылып, бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 
өсіру үрдісі қалыптасып келеді. Оның деңгейін жүйелі арттырудың 
арқасында 2007 жылы бюджетшілердің еңбекақысы 2,5 еседен 
астамға артты. Мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақының орташа 
көлемі 1998 жылдан бері 3 есеге жуық өсті. Бүгінде 630 мыңдай 
адам мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақы алады. 
Жалпы алғанда, ел экономикасы 2001 жылдан бастап жылына 
орта есеппен 10 пайызға өсіп отырды. Бұл өте үлкен де жедел өсу 
болып саналады (ҚР Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 2008 жылғы 6 
ақпандағы Қазақстан халқына Жолдауынан.— Егемен Қазақстан, 
7.02.2008). 
Еліміздегі əлеуметтік ахуал да тұрақты қалпында. 2000 жыл-
дан бастап, 2008 жылға дейін мемлекеттік бюджеттің білім беру-
ге, денсаулық сақтауға жəне əлеуметтік қамсыздандыруға арналған 
шығындары 5 еседен астам ұлғайды. Біздің 5 миллионнан астам 
азаматтарымыз мемлекеттік əлеуметтік қорғаумен қамтылып отыр. 
Бұл көрсеткіш осыдан бес жыл бұрынғыға қарағанда екі есеге 
артық.
Ал осы жылдар ішінде Қазақстанда жүздеген, мыңдаған жаңа 
кəсіпорындар пайда болды. Қазіргі кезде автомобиль құрастыратын, 
оның ішінде жеңіл автокөліктер де құрастыратын бес кəсіпорын 
жұмыс істейді. Бүгінде Қазақстанда радиотехника мен компьютер 
де құрастырылады. Жиһаз жасау өнеркəсібі, құрылыс индустриясы 
жəне басқа салалар серпінді дамуда.
Сөйтіп, қорыта келгенде, тəуелсіздік жылдары Қазақстанда 
алғашқы жылдардағы кездескен көптеген қиыншылықтар мен 
қайшылықтарға қарамастан экономиканы дамытуда, əлеуметтік 
мəселелерді шешуде біршама жұмыстар атқарылды жəне елеулі 
табыстарға қол жетті. Соның нəтижесінде біздің еліміз ТМД 
мемлекеттерінің арасында өзінің əлеуметтік-экономикалық дамуы 
жағынан алдыңғы қатарға шығып отыр. Қазақстан бүгін əлемнің ең 
серпінді дамып келе жатқан елдерінің бірі саналады. Еліміз əлемдегі 
бəсекеге барынша қабілетті елу мемлекеттің қатарына ену жөніндегі 
міндеттерді шешуде айтарлықтай ілгері жылжыды. Біздің мемлекет 
тəуелсіздіктің он алты жылында экономикалық, əлеуметтік қуатты 
реформаларды жедел де тиімді іске қосып, қай салада да ТМД елдері 
ішінде көшбасшы атанды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   74




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет