Лекциясы «Интеграция Қазақстанда индустрияны дамыту мүмкіндігі»



Дата23.02.2016
өлшемі206.65 Kb.
#11092
түріЛекция



2014 жылы 6 мамырда Астана қ. С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде ҚР ИЖТМ Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Б. Қасымбековтің «Интеграция – Қазақстанда индустрияны дамыту мүмкіндігі» тақырыбына арналған лекциясы
«Интеграция – Қазақстанда индустрияны дамыту мүмкіндігі» тақырыбына лекция
Құрметті студенттер мен кездесу қатысушылары!
Елбасының 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстандық жол-2050»: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы Президенттің жыл сайынғы Қазақстан халқына арнаған жолдаулары ішінде айрықша орын алады.

Биыл Мемлекет басшысы ғылымды көп қажет ететін экономикаға ерекше назар аударып, оның ішінде адам капиталын өсіруге басымдық берді. Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енгізу оңай шаруа емес.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы 2014 жылы 28 сәуірде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті қабырғасында Еуразиялық одақ құру идеясын көтеріп, болашақта еуразиялық интеграцияға қол жеткізетіндігімізге сенім білдірді.

Қазақстан Президенті осыдан 20 жыл бұрынғыдай, Мәскеу мемлекеттік университетіне Еуразиялық экономикалық интеграция туралы лекция оқу үшін арнайы келген болатын.

Тек бұл кездесудің осыдан 20 жыл бұрынғы кездесуден бір ғана айырмашылығы бар. Алғашқы келгенінде ол негізі экономика болатын Еуразиялық жобаны құру идеясы туралы айтқан болса, ал бұл жолы Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шартқа қол қою алдында, бұл одақтың қандай болуы тиіс екендігіне тоқталды. Сонау 1994 жылы бұл идеяны Ресей мен Беларусь елдері қолдаған болса, сол кезде бұл идеяға сенімсіздікпен қарағандар да бүгінгі күні экономикалық мәселелер бойынша ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдіріп отыр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әлем әлі де толықтай айыға қоймаған жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс планетаның түрлі ареалдарының өңірлену үдерісін жеделдеткендігін атап өтті.

ХХІ ғасырда өңірлік интеграция түрлі жаһандық тәуекелдерге қарсы тұруда маңызды фактор болатыны айдан анық.

Қазір, жалпыға ортақ жаһандану жағдайында, бұл – мемлекеттердің экономикалық және өркениетті дамуындағы, олардың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы түбегейлі мәселе.


Құрметті кездесу қатысушылары!

Қазіргі күні шамамен 400 миллион адамның басын біріктіріп отырған Еуропалық одақты құру үшін Еуропа елдеріне 40 жылдай уақыт қажет болған болса, ал Кедендік одақты толыққанды құру үшін бар-жоғы бірнеше жыл жеткілікті болды.

Интеграцияның мұндай жылдам қарқыны біздің елдеріміздің тарихи тамыры бір, тілі бір, ділі бір екендігіне және осы елдердің әрқайсысы жеке-дара 20 жылдық тәуелсіздік кезеңінде шеше алмай келе жатқан проблемалары да бір екендігіне байланысты орын алды.

Бай табиғи ресурстары, мықты адами әлеуеті, капиталдардың, еңбек ресурстарының, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің еркін қозғалысы Бірыңғай экономикалық кеңістік елдері үшін басқа да негізгі әлемдік ойыншылар, Еуропалық одақ, Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы (АРЕС), Оңтүстік Америкалық ортақ нарық (МЕРКОСУР) және Солтүстік Америкалық еркін сауда аймағы (НАФТА) сынды өңірлік құрылымдар қатарында жаңа инвестициялар ағыны үшін тайталасуда бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.

Кедендік одақ елдерінің өзара интеграциялық іс-қимылдары нақты нәтижелерге алып келуде. Мысалы, соңғы 3 жылда «үштік» елдерінің тауар айналымы 30%-дан аса өсіп, 24 млн. АҚШ долларын құрады. Қосымша құны жоғары тауарлар үлесін арттыру есебінен елдеріміздің өзара сауда құрылымы жақсара түсуде.

Өңірлік интеграция қазіргі заманның жетекші геосаяси трендтерінің бірі болып табылады. Бұған көз жеткізу үшін өңірлік интеграциялық бірлестіктер көрініс беретін әлемнің саяси картасына көз жүгірту жеткілікті.
2-слайд

Мысалы, Еуропалық одақ О),

- 1951-1957 жылдары Еуропалық көмір мен болат қоғамдастығы құрылды;

- 1957-1967 жылдары Еуропалық экономикалық қоғамдастық құрылды;

- 1967-1992 жылдары Еуропалық қоғамдастық құрылып, тек 1993 жылғы қарашадан бастап ғана Еуропалық одақтың негізі қаланды.

Еуропалық одақ қызметінің негізгі үш бағыты бар:



  • экономикалық және валюталық одақ;

  • жалпы сыртқы саясат және ЕО қауіпсіздігі саясаты;

  • мүше мемлекеттердің ішкі істер және сот төрелігі саласындағы ынтымақтастығы.


3-слайд

Сондай-ақ, құрамында АҚШ, Канада және Мексика бар Солтүстік Америкалық еркін сауда туралы келісім (NAFTA). Құру туралы келісім 1994 жылы 1 қаңтарда күшіне енді.

NAFTA шеңберіндегі интеграция нәтижелері:


  • NAFTA әлемдегі ең ірі еркін сауда аймақтарының біріне айналды;

  • сауда қызметін ырықтандыру (либерализация), қатысушы елдердің сыртқы сауда айналымын ұлғайту;

  • экономикалық өсу және халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату;

  • сала ішіндегі мамандықтарды тереңдету;

  • банк секторын жандандыру, бизнестің белсенділігін арттыру;

  • инвестициялардың өсуі.


4-слайд

Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы (АРЕС) мынадай 21 қатысушы елден тұрады: Аустралия, Малайзия, АҚШ, Бруней, Тайланд, Чили, Оңтүстік Корея, Перу, Сингапур, және т.б., құрылған мерзімі – 1989 жыл.

Әлем халқының 40%-ын (3 млрд. адам), әлемдік ІЖӨ-нің 55%-ын, әлемдік сауданың 44%-ын құрайды.

АРЕС-тің құрылуы өзара сауданы жандандыруға, бәсекелестікті арттыруға, экономикалық ақпаратқа кең көлемде қол жеткізуге, халықаралық инвестициялардың құйылуына және кәсіпкерлердің жұмылу деңгейін арттыруға, олардың бүкіл АРЕС аумағында кәсіпкерлік қызметке кірісу мүмкіндіктеріне ықпал етті.
5-слайд

Шығыс Африка қауымдастығы (ЕАС) 1967 жылы құрылды. 1977 жылдан бастап үзіліс жасады да, 2000 жылы 7 маусымда қайта ашылды. Қатысушы елдер: Бурунди, Кения, Руанда, Танзания және Уганда.

ЕАС 2008 жылы Африканың оңтүстігін дамыту қауымдастығымен және Шығыс және Оңтүстік Африка елдерінің экономикалық қауымдастығымен (COMESA) еркін сауда аймағын кеңейтті.

Ішкі сауда көлемі 1980 жылы 337 млн. АҚШ долларын, 2000 жылы 689 млн. АҚШ долларын, 2010 жылы 1997 млн. АҚШ долларын құрады.

Осылайша, бүгінгі күні әлемде, бір жағынан, өңірлену тренді қамтымаған бірде бір құрлық, әлемнің бірде де бір бөлігі жоқ болса, екінші жағынан, бұл процеске тартылмаған ел қалмады деуге болады.

Осыған байланысты, Қазақстанның, ал кеңірек алсақ, Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың нығайып келе жатқан ингтеграциялық бірлестіктермен қай жағынан қарым-қатынас орнататындығы маңызды.

Айта кетерлігі, Кедендік одақ 2011 жылдан бастап Еуропа еркін сауда қауымдастығымен (ЕЕСҚ) еркін сауда туралы келісім жасасу жөнінде келіссөздер жүргізіп келеді. Осы жолды таңдау ниеті ағымдағы жылы қаңтарда Мәскеуде өткен Ресей-Еуроодақ саммитінде беки түсті.


Баса айта кететін бір жайт, қазіргі еуразиялық бастама интеграциялық процеске қатысушы барлық мемлекеттер үшін бәрінен бұрын тәуелсіздік пен саяси егемендікті негіз ретінде ескереді.

1999 жылы ақпанда Белорусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан КО және БЭК туралы шартқа қол қойды. Онда интеграцияның мынадай үш сатысы белгіленді:



  • Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) және Еркін сауда аймағы;

  • Кедендік одақ;

  • Бірыңғай экономикалық кеңістік.


МКС
ИНТЕГРАЦИЯ (лат. integer – тұтас, бүтін) – бұл экономикалық субъектілердің бірлестігі, олардың өзара іс-қимылын тереңдету, олардың арасындағы байланыстарды дамыту.

Экономикалық интеграция бүкіл елдердің ұлттық шаруашылықтары деңгейінде де, кәсіпорындар, компаниялар, корпорациялар арасында да орын алады.

Сондай-ақ, экономикалық интеграция өндірістік-технологиялық байланыстарды кеңейту мен тереңдетуде, ресурстарды бірлесіп пайдалануда, капиталдарды бірлестіруде, экономикалық қызметті жүзеге асыруда бір-біріне қолайлы жағдайлар туғызуда, өзара кедергілерді алып тастауда көрініс табады.
7-слайд

Интеграцияның негізгі артықшылықтары:


  • ұлттық-мемлекеттік егемендіктің нығаюы;

  • тауарлардың, капиталдың, көрсетілетін қызметтердің, жұмыс күшінің еркін қозғалысы;

  • ішкі нарықтардың кеңеюі;

  • сауда айналымының өсуі;

  • жаңа технологиялар мен жабдықтардың таралуы;

  • экономикалық белсенділіктің күшеюі;

  • өңірлік қауіпсіздіктің нығаюы;

  • инвестициялардың құйылуын ынталандыру


Енді, интеграция бағыттарына жеке тоқтала кетсек...:
9-слайд
КЕДЕНДІК ОДАҚ (КО)

Кедендік одақ қалыптастыру туралы шешім 2007 жылы 6 қазанда ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі отырысында Қоғамдастықтың алты мемлекетінің басшылары тарапынан қабылданды. Шартқа сәйкес Кедендік одақ бастапқы сатыда Қоғамдастықтың БР, ҚР және РФ сынды үш елінен құралады. Оған ЕурАзЭҚ-тың басқа мүшелері экономикалары мен заңнамалары дайын болуына қарай қосыла алады.

Кедендік одақ – Тараптардың біртұтас кедендік аумақты көздейтін саудалық-экономикалық иентеграциясы нысаны. Оның шеңберінде үшінші елдерден келетін және осы кедендік аумақта еркін айналымға шығарылған тауарлармен өзара сауда жасауда кедендік баждар мен экономикалық сипаттағы шектеулер (арнайы қорғану, демпингке қарсы және өтеу шараларын қоспағанда) қолданылмайды.

Кедендік одақта Тараптар бірыңғай кедендік тариф және үшінші елдермен сауданы реттеудің басқа да шараларын қолданады.

Кедендік одақ 2010 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Бұл «үштік» аумағында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етті.

Кеденді одақтың жоғары органы ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесі болып табылады.

Кедендік одақтың Комиссиясы (КОК) – Кедендік одақтың тұрақты жұмыс істейтін бірыңғай реттеуші органы. КОК міндеті - Кедендік одақты жұмыс істету және дамыту шарттарын қамтамасыз ету.

2012 жылғы 1 қаңтардан 1 шілдеге дейінгі аралықта КОК функцияларын Еуразиялық экономикалық комиссияға беру жүзеге асырылды. Осыған байланысты, КОК Хатшылығы өз қызметін тоқтатты.


БІРЫҢҒАЙ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КЕҢІСТІК (БЭК)

2009 жылы желтоқсан айында Алматыда өткен бейресми саммитте БР, ҚР және РФ президенттері үш елдің бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру жөніндегі 2010-2011 жылдарға арналған іс-қимылдар жоспарын бекітті. Жоспарда 2012 жылғы 1 қаңтарға БЭК құруды қамтамасыз ететін халықаралық шарттар әзірлеп, оларға қол қою көзделді.

БЭК ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесі шешімдерінің негізінде 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап үш ел аумағында күшіне енді.

Бірыңғай экономикалық кеңістік – Тараптардың аумағынан тұратын, нарықтық қағидаттарға және үйлестірілген құқықтық нормаларды қолдануға негізделген экономиканы реттеудің бірүлгілі тетіктері жұмыс істейтін, бірыңғай инфрақұрылымнан тұратын, келісілген салықтық, ақшалай-кредиттік, валюталық-қаржылық, саудалық саясат және тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін кедендік саясат жүргізілетін кеңістік.



БЭК-тің негізгі мақсаттары:

• тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен еңбектің ортақ нарығын тиімді жұмыс істету;

• халықтың өмір сүру деңгейін жоғарылату мақсатында Тараптардың экономикасын тұрақты дамыту жағдайын туғызу;

• келісілген салықтық, ақшалай-кредиттік, валюталық-қаржылық, саудалық, кедендік және тарифтік саясат жүргізу;

• бірыңғай көліктік, энергетикалық және ақпараттық жүйелерді дамыту;

• экономиканың басым салаларын, өндірістік және ғылыми-технологиялық кооперацияны дамытуды мемлекеттік қолдау шараларының ортақ жүйесін құру.



БЭК-тің жарғылық органдары:

  • Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес;

  • Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК);

  • ЕурАзЭҚ Соты.

Мемлекет басшысы ретінде
«үштікке» енудің артықшылықтарын атап өткім келеді.

ҚАЗАҚСТАН үшін – Еуропамен сауда-саттықты өсіру үшін Ресейдің көлік инфрақұрылымына (құбыр жолдары, темір жол) қол жеткізуді ырықтандыру (либерализация), Ресей нарығына өз тауарларымен, қызметтерімен шығу.

БЕЛАРУСЬ үшін – өз тауарлары мен қызметтерін кеңейген ортақ нарыққа еркін шығару, отындық-энергетикалық және өзге де шикізат тауарларының кепілдендірілген көлемі мен қолайлы бағасына қол жеткізу.

РЕСЕЙ үшін – өнеркәсіптік өнім үшін қосымша нарыққа қол жеткізу және ең бастысы, геосаяси міндеттерді шешу
Қазақстан кәсіпорындары үшін Кедендік одақтың оң әсерлерін айта кету қажет.
Кедендік одақ шеңберінде бизнес жүргізу шарттарының құрылуы және өзара сауданың ырықтандырылуы (либерализация) дағдарыс кезеңінде дайын тауарлардың, оның ішінде шағын және орта бизнес кәсіпорындары өндірген тауарлардың жеткізілімін сақтап ғана қоймай, олардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Көптеген қазақстандық дайын өнімдер үшін Кедендік одақ негізгі өткізу нарығы болып табылады. Өндірушілердің айтуынша, олар кедендік ресімдеудің болмауы, техникалық регламенттердің, сертификаттардың үйлестірілуі арқасында өз экспорттарын өсіріп, өндірістің жаңғыртылуын жалғастыру арқылы бәсекеге қабілеттіліктерін жоғарылата түсуде.


12-слайд

Кедендік одаққа қатысушы үш ел экономикаларының жиынтық көлемі 2,2 трлн. АҚШ долларын құрап отыр. Үш елдің өнеркәсіптік өнім шығарылымының жалпы көлемі 1,5 трлн. АҚШ долларына жуықтады.


КО (БЭК) ШЕҢБЕРІНДЕГІ ЭКСПОРТ

Қазақстанның Кедендік одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Атап айтқанда, өсу қарқыны 2013 жылы 24,3 млрд. АҚШ долларына жетті, бұл Кедендік одақ құрылған 2010 жылғы көрсеткіштен (18,8 млрд. АҚШ доллары) 29%-ға жоғары.

Сауда айналымы құрылымында 18,4 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі импорт басымдық танытып тұр. Мұның 96%-ын немесе 17,7 млрд. АҚШ долларын құрайтын ең көп бөлігі Қазақстанның басты сауда әріптесі Ресейге тиесілі.

Негізінен, Қазақстанға 7,5 млрд. АҚШ долларын құрайтын аралық тұтынылатын өңделген тауарлар жеткізіледі. Сонымен қатар, импорт өсімінің ең жоғарғы 76,7%-ын тұтынушылық тауарлар құрайды.



Ескертпе: импорт құрылымы:

Тұтынушылық тауарлар импорты 36% - 5,3 млрд. АҚШ долл. (мұнай өнімдері – 1,4 млрд. АҚШ долл., жеңіл автомобильдер – 0,9 млрд. АҚШ долл., шоколад, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдер, жуу құралдары, жиһаз және оның бөліктері);

Аралық тауарлар импорты 51% (темір құбырлар мен түтіктер, шиналар және пневматикалық доңғалақ тыстары (покрышки), фасондық бұрыштықтар (уголки) және темірден жасалған арнайы профильдер, мұнай және тас көмір коксы, темірден жасалған шыбықтар (прутки));

Өндіріс құралдары импорты 14% (жүк көлігі, тракторлар, арнайы мақсаттағы көлік, сұйықтық сорғылары, теміржол вагондары, ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған машиналар немесе механизмдер).

2013 жылы шикізат тауарлары экспортының 12,9%-ға, аралық өңделген тауарлар экспортының 13%-ға қысқаруы есебінен Кедендік одақ елдеріне шығарылған жалпы экспорт көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға төмендеп, 5,9 млрд. АҚШ долларын құрады.

Сонымен қатар, дайын тауарлар жеткізілімінің 1,2 млрд. АҚШ долларына дейін, яғни, 2 есе ұлғаюы есебінен өңделген тауарлар экспортының жалпы көлемі 2010 жылмен салыстырғанда 10,3%-ға өсті.

Дайын тауарлар экспортына шамамен 350 млн. АҚШ доллары сомасындағы реэкспорт та кіретіндігін айта кеткен жөн.

Осылайша, реэкспортты қоспағанда, отандық өндірістің дайын тауарлары экспортының өсімі 850 млн. АҚШ долларына дейін 1,4 есе ұлғайды.

Ескертпе: Экспорт құрылымы;

Шикізат экспорты (темір/хром/мыс кендері мен концентраттары, көмір, бидай, мұнай газдары);

Өңделген аралық тауарлар экспорты (прокат, уран, алюминий, ферроқорытпалар);

Өңделген дайын тауарлар экспорты (құбырлар, түтіктер мен профильдер, жүк автокөлігі, мойынтіректер (подшипники), құбыр желілеріне арналған арматура, фосфинаттар, аккумуляторлар, мыс сым, кондитерлік өнімдер мен шоколад, мақта талшығы, ұн).

Оның ішінде дайын тауарлар реэкспорты – 350 млн. АҚШ доллары (компьютерлер - 186 млн. АҚШ долл., ұялы телефондар – 44,6 млн. АҚШ долл., гүлдер – 24,3 млн. АҚШ долл., аяқ киім – 44,8 млн. АҚШ долл., арнайы техника – 15,4 млн. АҚШ долл., тракторлар – 13,4 млн. АҚШ долл., құрал-саймандар – 5,6 млн. АҚШ долл., шиналар – 0,9 млн. АҚШ долл., дыбыс жазба аппаратурасы – 0,9 млн. АҚШ долл., өзгелері – 11,7 млн. АҚШ долл.).


Енді, Кедендік одақтағы экспорт, инвестиция және бірлескен өндіріс өсіміне мысалдар келтірейік.
13-слайд
1. КЕДЕНДІК ОДАҚҚА ЭКСПОРТ ӨСІМІНІҢ МЫСАЛДАРЫ

- «Петропавл құрылыс материалдары зауыты» ЖШС, қызмет бағыты – құрылыс материалдары, полиэтилен құбырлар, қабырғалық және төбеге арналған сэндвич-панельдер, оқшауланған (изолированные) құбырлар және т.б. өндіру.

2010 жылдан бастап зауыт өз өнімін Ресей Федерациясына экспорттап келеді. Омбы, Курганск және Новосибирск облыстарымен іскерлік байланыстар орнатқан. Омбы, Новосибирск, Томбы және Кемеровск облыстарында диллерлік желісі құрылды.

2013 жылы өндіріс көлемі 1559 млн. теңгені құрады, оның ішінде экспорт – 209,3 млн. теңге. Жалпы сатылым көлемінде экспорт үлесі 13,4%-ды құрайды. Экспорт үлесі 2012 жылы 4,9% болса, 2013 жылы 13,4%-ға дейін өсті. 2014 жылдың I тоқсанында экспорт көлемі 4 млн. теңгені құрады («Омск Пласт Труб» ЖШҚ, Омбы қ. РФ).

- «Петропавл құбыр зауыты» ЖШС, қызмет бағыты – құбырлар мен металл конструкциялар өндіру. Өндірістік қуаты жылына 36 мың тоннаға дейін жетеді.

2013 жылы Кедендік одақтың құрамында болу артықшылығын пайдалана отырып, болат құбырлар өндіретін ресейлік кәсіпорындармен, оның ішінде «Челябинск құбыр зауыты» АҚ-мен өзара тиімді ынтымақтастық орнатты. Ынтымақтастық нәтижесінде, Петропавл қаласында 10 000 тоннаға дейін орта және 1420 мм-ге дейін жететін үлкен диаметрлі болат құбырлардың тұрақты толтырылып отыратын қоймалық қоры ұйымдастырылды.

Ағымдағы жылы Ресей тұтынушыларының кемінде 2 млн. АҚШ доллары сомасын құрайтын тапсырыстарын орындау көзделіп отыр.

- «Экотон Батыс» ЖШС, зауыт сыртқы тіреуіш (несущих), тіреуіш емес (ненесущих), ішкі және аралық (перегородочных) қабырғалар құрылысына арналған өнімдердің 9 түрін шығарады. Компания 2011 жылдан бастап Ресей Федерациясына газ бетон экспорттайды.

Тұтастай алғанда, Ресей Федерациясына экспорт 2013 жыл үшін 2,2 млн. теңгені, 2014 жылдың 4 айы үшін 1,2 млн. теңгені құрады.



- «HyundaiCommercialVehicleManufacturing» ЖШС, Huyndai маркалы аз тонналы жүк көліктерін шығару. 2011 жылы Беларусь еліне 4 автомобиль экспорттаудан бастады, 2013 жылы экспорт көлемі 460 автомобильді құраса, 2014 жылға 510 автомобиль экспорттауды жоспарлап отыр.

2013 жылы компания 10,5 млн. АҚШ доллары сомасына өнімдерін экспорттады. Бұл ретте экспорт бүкіл өндіріс көлемінің 70%-ын құрады, компания экспортындағы Кедендік одақтың үлесі – 90%.



- «Өскемен арматура зауыты» АҚ 2010 жылдың соңына «өндірілетін өнім номенклатурасын кеңейту бойынша өндірістік қуаттылықтарды жаңғырту» жобасын аяқтады. Нәтижесінде, компания Кедендік одақ елдеріне бекіткіш арматура (запорная арматура) экспорттау көлемін 1,4 есеге – 43,1 млн АҚШ долларына дейін ұлғайтты, өндірілген өнімнің 72%-ы Ресейге экспортталады.

- «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС 2013 жылы шығарылған өнімнің 8,5 млн. АҚШ доллары сомасындағы 73%-ын экспортқа бағыттады, оның ішінде Ресейге өнімнің 7,5 млн. АҚШ доллары сомасындағы 64%-ы, Белорусқа 141 мың АҚШ доллары сомасындағы 1%-ы, қалған нарықтарға 865 мың АҚШ доллары сомасындағы 8%-ы экспортталды. Компания Кедендік одақ елдеріне экспортын 2010 жылмен салыстырғанда 15%-ға арттырды.

- «AstEtalonCrown» ЖШС, компания 2008 жылы құрылған, жылына 900 млн. тонна тоз (пробка) өндіреді, бұл ретте, бұл көлемнің 60%-ы экспортқа жөнелтіледі. 2013 жылы компания Ресейге 912 мың АҚШ доллары сомасына өнім экспорттады, бұл 2010 жылғы көрсеткішпен (670 мың АҚШ долл.) салыстырғанда 1,4 есе көп.



- «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, зауыттың трансформатор жабдығы мен электрлік-техникалық өнім өндіретін өндірістік қуаттылықтарын жаңғырту және кеңейту. 2012 жылы трансформаторларға арналған жиынтықтаушы бұйымдар өндіретін цех іске қосылды. Компания 2013 жылы экспорт көлемін 2010 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге20 млн. АҚШ долларына дейін ұлғайттты. Оның ішінде Кедендік одаққа экспорттау 8,4 млн. АҚШ долларына жетті.

- «Қайнар-АКБ» ЖШС, 2011 жылы «индустриялық (стационарлық, тартқыш) қорғасынды-қышқылды аккумулятор батареялары» жобасы пайдалануға берілді. Нәтижесінде, Кедендік одақ елдеріне аккумуляторлар экспорты 2010 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге30 млн. АҚШ долларына дейін артып, жалпы экспорт көлемінің 79%-ын құрады.
16-слайд
2. ИНВЕСТИЦИЯЛАР
«ЕуроХим» МХК» ААҚ (Жамбыл облысы)

Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «ЕуроХим» МХК» ААҚ арасында Жамбыл облысы Қаратау қаласында «Кешенді минералды тыңайтқыштар шығаратын зауыт құрылысы және фосфорлы бассейн кен орындарын әзірлеу» бірлескен инвестициялық жобасы іске асырылуда.

Жобаның жалпы құны 356,5 млрд. теңгені құрайды. Өндірістік қуаты – жылына 1 млн. тонна фосфорлы, азотты және кешенді минералды тыңайтқыштар.

Жобаны іске асыру сатылары:

2014 жылы – кенді бастапқы өңдеуді бастау;

2015 жылы – фосфорлы ұн бойынша жобалық қуатқа шығу;

2018 жылы – Химиялық кешеннің бірінші кезегін іске қосу.
«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС (Ақтөбе облысы)

2014 жылдан бастап «Русская медная компания» ЖАҚ Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруда. Солардың бірі – құрамына «50 лет Октября» кен орнындағы кеніш, «Приорский» кен орнындағы кеніш және жылына 4,5 млн. тонна мыс және мыс-мырыш кенін өңдейтін екі байыту фабрикасынан құралған байыту кешені кіретін тау-кен байыту комбинаты.

Аталған жобаның операторы «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС болып табылады.

Ел экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 500 млн. АҚШ долларын құрайды (2004-2012 жылдар үшін).

Ақтөбе мыс компаниясы Ақтөбе облысын және жалпы Қазақстан Республикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-ның екінші байыту фабрикасы мен «Приорский» кеніші Қазақстан Республикасын индустриялық дамыту картасына енгізілді.

Компания тұрақты өсуде, инфрақұрылымды дамытуды жүзеге асыруда, республика бюджетіне салықтық төлемдер енгізіп, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда.
Германиялық «Функе» компаниясы (Астана қаласы)

Компания Астана қаласындағы қуаты жылына 1 млн. шаршы метр болатын терезе профильдері өндірісіне 24 млн. еуро инвестиция салды. Компания өнімінің 60%-ы Ресей Федерациясына экспортталады.


Қазақстандық «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы және ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы (Ақмола облысы)

Ақмола облысының Көкшетау қаласында «Вектор» комбайн зауыты» ЖШС базасында «Vector 410 KZ» маркалы комбайндар құрастыру зауыты салынды. Жобалық қуаты – жылына 300 комбайн.


Тепловоздар мен электровоздар құрастыру өндірісін ұйымдастыру (Астана қаласы)

«Қазақстан Темір Жолы» АҚ Alstom және Трансмашхолдинг компанияларымен бірлесіп, Астана қаласында электровоздар шығаруды бастады.

Зауытты құруға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 50 миллион еуро. Зауытты басқару Қазақстан Темір Жолы, Трансмашхолдинг және Alstom компаниялары тиісінше 50%, 25% және 25% акцияларын иемденетін «Электровоз құрастыру зауыты» компаниясы арқылы жүзеге асырылады.

Өндірістік қуаты: жылына 50 екісекциялы электровоз.


17-слайд

3. БІРЛЕСКЕН ӨНДІРІСТЕР
Өскемен қаласында автомобильдер өндіретін толық циклді зауыт құрылысы (Азия Авто Қазақстан және АВТОВАЗ)

Автозауыт қуаты – жылына 120 мың автомобиль.

Жоспарланып отырған модельдер: Lada Granta, Lada Kalina New, Lada 4x4 New.

Өткізу нарығы: Ресейдің Қиыр шығыс және Сібір федералдық округтері, Түркіменстан, Қырғызстан және Тәжікстан.

Жобаны іске асыру кестесі:

Жобалау және жабдықтар сатып алу үшін 2014 жылы – 12 000 млн. теңге, 2015 жылы – 20 000 млн. теңге;

Автозауыт және технопарк құрылысы үшін 2016 жылы – 20 000 млн. теңге, 2017 жылы 2-саты – 20 000 млн. теңге.

2017 жылы 1-саты, жылына 60 000 автомобиль20 000 млн. теңге.

2018 жылы 2-саты, жылына 120 000 автомобиль.

Автозауытқа салынатын инвестициялар жиыны 92 000 млн. теңгені құрайды.



Жобаның тиімділігі:

Өндіріс көлемі 210 млрд. теңгені құрайды.

Бюджетке жыл сайынғы аударылым – 15 млрд. теңге.

Жұмыс орны – 12 000 адам.


Астық және мал азығын жинайтын комбайндар өндіру (Қостанай облысы)

«АгромашХолдинг» АҚ «Гомсельмаш» зауытымен бірлесіп, Қостанай дизель зауыты базасында осымен бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің үлкен сұранысына ие болып отырған астық және мал азығын жинайтын комбайндар шығарып келеді.

Негізгі өнім – өздігінен жүретін астық және мал азығын жинайтын ESSIL КЗС-760, ESSIL КЗС-740, КСК-600 комбайндары.

Егін жинау науқанына соңғы 3 жылда осы зауыттан КЗС-740 және КЗС-760 модельді 210 астық жинайтын комбайн шығарылды.

Күтілетін нәтижелер:

Инвестициялар көлемі – 2 000 млн. теңге;

Іске асыру кезеңі – 2014-2020 жылдар;

2014 жылы күтіліп отырған өндіріс көлемі: 10 080 млн. теңге;

Еңбек өнімділігі – 26,3 млн. теңге.
«СемАз» ЖШС және «МТЗ» РБК (республикалық біртұтас кәсіпорны), «Белорус» тракторларын құрастыруды ұйымдастыру және өндіру (Шығыс Қазақстан облысы)

Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы секторын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру шеңберінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ-мен бірлесіп, Қазақстан аумағында тракторлар құрастыру жөніндегі жоба іске қосылды және сәтті даму үстінде.

2009 жылы қаңтарда «СемАз» ЖШС және «МТЗ» РБК арасында «СемАз» ЖШС-ның өндірістік алаңдарында «Белорус» тракторларын құрастыру жөніндегі өндірісті ұйымдастыру туралы лицензиялық шартқа қол қойылды.

2013 жылы кәсіпорында «Урал» және «Shacman» жүк автомобильдерін құрастыру жөніндегі жаңа желілер іске қосылды. Аталған өндіріс автотехниканың құнын импортталатын техникаға қарағанда едәуір төмендету, аталған өнімдерге деген Қазақстанның қажеттілігін қанағаттандыру, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жүзеге асырылуда.

2013 жыл ішінде «СемАз» ЖШС:

4,5 млрд. теңге сомасына 1250 трактор;

550 млн. теңге сомасына 105 «Урал» жүк автомобилін (оның ішінде 55 данасы сатылды);

305 млн. теңге сомасына 25 «Shacman» өзі аударатын жүк автомобилін құрап, өткізді.

2014 жылға жоспарланып отырған өндіріс көлемі:

Тракторлар – 1500 дана;

«Урал» жүк автомобилі – 300-400 дана;

«Shacman» өзі аударатын жүк автомобилі – 1500-200 дана.
«Еураз Каспиан Сталь» ЖШС (Қостанай облысы)

«Еураз Каспиан Сталь» ЖШС-ның акционерлері ресейлік ЕУРАЗ компаниясы (үлесі – 65%) және қазақстандық «Caspian Group» АҚ компаниясы (үлесі – 35%) болып табылады.

Өнімі: диаметрі 10 миллиметрден 40 миллиметрге дейінгі ыстықтай басылған (горячекатаная), термиялық беріктетілген (термоупрочненная) А500СП, А500С арматурасы.

Инвестициялар сомасы – 20 млрд. теңге.

Қаржыландыру: Қазақстан даму банкі – 13,7 млрд. теңге;

өзінің қаражаты – 6,3 млрд. теңге.

Жылдық жобалық қуаты – жылына 450 мың тонна прокат.

Айналымы – жобалық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 48 млрд. теңге.

Жергілікті бюджетке аударылымы – жобалық қуатына шыққаннан кейін жыл сайын 1,9 млрд. теңге.

Жалпы өндіріс көлемінің 10-20%-ы мөлшеріндегі өнімді экспортқа шығару жоспарланып отыр. Жақын шет елдердегі арматураға деген қажеттілік жоғары екендігіне байланысты, сауда компаниясының арматурасы, бағасы мен сапасын ескерсек, жоғары сұраныспен пайдаланылатынын болжауға болады.


18-слайд

Елбасы мынадай жаңа идеялар ұсынды:



  • Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) 2050 жылға қарай әлемнің интеграциялық бірлестіктерінің алғашқы үштігіне кіруі тиіс;

  • ЕЭО-ның алдағы 15-20 жылдағы басымдықтары:

  • ұлттық экономикалардың және бүкіл Еуразиялық интеграция кеңістігінің жеделдетілген инновациялық технологиялық өрістеуі үшін базалық жағдайлар қалыптастыру;

  • ЕЭО аумағы бүкіл Еуразия ауқымында жалпықұрлықтық инфрақұрылымның озық буыны болуы тиіс;

  • жалпы Еуразиялық экономиканың негізі шағын және орта бизнес болуы тиіс;

  • ЕЭО мақсаттары оның құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктеріне ерекше талаптар қояды;

  • экономикалық интеграция халақытар арасындағы барынша терең мәдени-гуманитарлық байланыстардың негізі болады.

Сөз соңында, мен Сіздерге АҚШ-тың 26-президенті, Нобель сыйлығының лауреаты Теодор Рузвельттің мына бір сөздерін еске салғым келеді: «Осы өміріміздегі ең жақсы марапат – бұл істеуге тұрарлық іспен айналысу мүмкіндігі». Ал, мына отырған Сіздердің, жастардың, студенттердің айналысуы тиіс іс көп-ақ және интеграция процесі барысында бұл іс ауқымы үлкейе бермек. Сіздер Қазақстанның болашағысыздар, болашақ Сіздердің қолдарыңызда!



Назарларыңызға рахмет!

____________________






Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет