Көшпелі және отырықшы мәдениеттердің өзара байланысы
Шаруашылық, мәдени және саяси байланысКөшпелілер мен отырықшылар арасындағы байланыс мәселесі тарих ғылымында әр түрлі пікірлер туғызып отыр. Біраз зерттеушілер көшпелілер мен отырықшылар қарым-қатынасын олардың арасындағы қырғи қабақ қақтығыстар, соғыстар, жаулап алу әрекеттерімен байланыстырады. Бұл ретте көшпелілер белсенді рөл атқарды деп есептейді. Енді бір топ зерттеушілер бұл қарым-қатынастағы көшпелілердің орнын төмендетіп көрсетуге тарысады. «Көшпелілер отырықшылардың мәдени жетістіктерін қиратушылар, не болмаса өздеріне қабылдап алушылар болды» деген пікірлер де жиі кездеседі.Көшпелі және отырықшы жұрттардың арасындағы қатынас әр заманда, әр түрлі аймақта әрқалай болды. Олардың карым-қатынасында қақтығыс, соғыстармен қатар бейбіт сабақтастық, шаруашылық, сауда, мәдени өзара әсерлер аз болған жоқ. Мал өнімдеріне мамандандырылған көшпелі экономика егіншілік өнімдерін, қолөнер бұйымдарын отырықшылардан алса, отырықшылар мал өнімдерін, кейбір қолөнер заттарын, қолөнерге қажетті шикізаттарды көшпелілерден алып отырды. aсауда, айырбас қатынастары, әсіресе отырықшы халықтар мен көшпелі елдер көршілес орналасқан шекаралық, аймақтарда пәрменді түрде іске асып отырды.Отырықшы елдерге жылқы малы, оны мініске, жегуге үйрету көшпелі малшы тайпалардан келді. Атты әскер дәстүрі, садақтың түрлері, қылыш, ат әбзелдері де көшпелілерден келген. Мысалы, VI ғасырда түркі тайпалары пайдаланған темір үзеңгілі ертоқым келесі ғасырларда бүкіл Еуропаға таралды. Отырықшы елдер көшпелілердің қару-жарағына, киіміне еліктеді. Мысалы, VII—VIII ғасырлардағы түркілердің кісе белдіктері Қытайдан Иракқа дейінгі аралықта пайдаланылған. Таң әулеті кезіндегі Қытайда көшпелілердің киімі кең таралды, Еуропада орыс, поляк, венгр ақсүйектері киім киісінде, шаш қоюында көшпелілер үлгісіне еліктеді. Көшпелілерде б.з.д. 1-мыңжылдықта пайда болған өнердегі «аң стилі» Қытайдан Дунайға дейінгі аралықтағы отырықшы елдерге де кең таралды.
Көшпелілердің өзіндік саяси мәдениеті болды. Олар ел басқарушыларын ерекше қасиетті адам, Тәңірдің жердегі өкілі деп түсінді, ерекше басқару жүйесі, империялық қызмет шендері, рәміздері, ел басқарудағы ерекше мұрагерлік дәстүрі болды. Осы мемлекеттік басқару тәртібін көшпелілер кейбір жаулап алған отырықшы елдердің саяси жүйесіне орнықтырып та отырды.
Көшпелілер отырықшы халықтардың бір-бірімен мәдениет алмасуына, олардың бірінен екіншісіне мәдени үдерістердің ауысуына себепші болды. Көшпелілер миграциясы, олардың бір отырықшы елдерден кейін келесі бір отырықшы халықтарды жаулап алуы арқылы мәдени диффузия іске асып отырды.
Ерте орта ғасырлар заманында көшпелілер отырықшылармен тек қана соғысып қойған жоқ, сонымен қатар өзара тығыз бейбіт байланыста болды. Көшпелілер отырықшы елдер шеберлеріне өздеріне қажетті құрал-сайман, жабдықтарға тапсырыс жасаумен қатар оларды кажетті шикізатпен қамтамасыз етіп отырды. Сонымен бірге көшпелілер отырықшылардан түрлі қолөнер түрін үйренді
Дaлa өркениеті мемлекеттіліктің өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасуы мен көшпелі мемлекеттердің құрылуына алып келді. Ғасырлар бойы көшпелі мемлекеттілік дәстүрі қалыптасты. Ол саяси басқаруда, шаруашылық және рухани-мәдени өмірде, өнеге мен тәртіп нормаларынан орын алды. Қaзaқстaн aумағында ежелгі және орта ғасырлaр дәуірінде мемлекеттілік үрдісі екі басты белгілермен сипатталады, олар – үздіксіздік және сaбақтастық. Қазақстан территориясында мемлекеттіліктің пайда болуы негізгі шаруашылығы көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы болған сақ қоғамымен (б.з.д. VIII-III ғғ.) байланысты. Сақтардың мәдени шығармашылығындағы ерекше құбылыстардың бірі «аң стилі» деп аталған бейнелеу өнері болды. Бұл стиль олардың дүниетанымының көрінісі мен олардың мифологиясының бейнелеу өнерінде іске асуы және көшпелілер идеологиясын көрсетудің ерекше белгілік жүйесі ретінде қалыптасқан. Бұл олардың көркемдік ой-өрісінің дамығандығын және металлдар технологияларын жоғары дәрежеде меңгергендігін білдіреді. V-IV ғғ. сақтарда мемлекеттіліктің басты белгісі – жазу пайда болған. Осылайша,сақтарда мемлекеттің қалыптасуы мен жазудың пайда болуы өзара байланыстағы және бір мезеттегі үрдіс болды. Қазақ хандығы құрылғанға дейін (1465 жыл) сабақтастық байланыста 18 көшпелі мемлекет өмір сүрді. Қазақ хандығы төрт ғасырға жуық дәуірде елеулі рөл атқарды, өзіндік саясат жүргізді, мемлекеттің, халықтың бірлігін нығайтты. Мемлекеттің іргесінде қазақ халқы бірікті, оның этникалық территориясы қалыптасты, қазақтың тұрмыс тіршілігі, рухани және материалдық мәдениеті дамыды. XIX ғасырда Ресей империясы Қазақстандағы дәстүрлі мемлекеттік билікті түбегейлі жойды.Өркениеттің өлшемі жазу тек отырықшы шаруашылықтың басты белгісі деген қағидат археологиялық табыстар негізінде күмән туғызды, өйткені Жетісу өлкесінде көшпелі сақ қоғамда біздің заманымызға дейін V-IV ғасырларда жазу пайда болған. Осылайша, сақтарда мемлекеттің қалыптасуы мен жазудың пайда болуы өзара байланыстағы және бір мезеттегі үрдіс болып қалыптасты. Көшпелі ғұн империясында жазу қолданылған, мемлекетте іс- қағаздар айналымы жүргізілген. Ал ерте ортағасырлық Түрік қағанатында көне түрік жазуының кең таралуы және жазудың түрік тілінің заңдылықтарына әбден лайық болғандығымен сипатталанады. Жазудың пайда болуы көшпелі қоғамның өзіндік сұранысы мен қажеттілігі әкімшілік және дипломатиялық тәжірибиенің, мемлекеттік актілер мен дәстүрлерді тіркеу қажеттілігімен байланысты.
Дaла өркениеті дала мәдениетінің және оның аса тұрақты бөлігі ретіндегі далалық тұрмыспен тығыз байланыста дамып отырды. Оның тамыры бастауын қола дәуірінен алып, сақ тарихи-мәдени қоғамдастығы кезеңінде негіздері орнығып, ал түркі мемлекеттік құрылымдарында одан әрі дамытылып, көшпенді тұрмыс уақыт пен кеңістік жағынан жоғарғы деңгейлі сабақтастық сипатына ие болады. Барлық этникалық және жергілікті нұсқаларда ұзақ тарихи кезеңдер арқылы сақталып келген мәдениеттегі стереотиптер кұрылады.Олар негізінен материалдық және рухани мәдениеттен, адамгершілік пен жүріс-тұрыс нормаларынан айқын көрініс табады.Дала өркениетінде ауыз әдебиеті саласындағы шығармашылықтың түрлі формаларының орны мен рөлі ерекше болды. Олар есте сақтау қабілеті мен шешендік өнердің дамуына, көркем шығарманың жоғарғы формалары болып табылатын батырлық эпостар мен лирикалық поэмалардың көптеп пайда болуына жол ашты. Егер отырықшы қоғамда батырлық эпостар мен лирикалық поэмалар ондықтармен саналса, көшпелі қоғамда бұл көркем жанрлар жүздікпен саналады. Қазақтың фальклорлық қорында аталмыш рухани мирастың саны бес жүзден асады.Сайып келгенде Ұлы дала құндылықтары Еуразия халықтарының рухани және материалдық асыл қазынасынан орын тапты.
Көшпелілер туралы түсінік aлдымен отырықшы халықтар арасында қалыптасты. Б.з.д. V ғасырда өмір сүрген тарихшы Геродот көшпелі скиф тайпаларының тұрмысын мадақтап жaзды. Көшпелілердің табиғат аясындағы өмірін басқа да антик тарихшылар, философтар, орта ғасырлар ойшылдары сипаттады. Оларға табиғаттың төл баласы сияқты көшпелілер өмірі таза, қулық-сұмдықтан, отырықшы-қалалық өркениеттің жаман қасиеттерінен ада болып көрінді.\Сонымен қатар көшпелілер туралы нашар түсініктер сол ерте заманда-ақ қалыптасты. Көне Қытайда «көшпелілер жабайы, мәдениеттің қас жауы» деген түсінік қалыптасты. Еуропада да көшпелі ғұндарды «тағы-жабайылардың тұқымы, өркениеттің жауы» деп есептеді.XVIII—XIX ғасырлардағы Еуропа ғалымдары да көшпелілер туралы өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мысалы, Монтескъе көшпелілер қоғамын «әділетті, теңдікті қоғам» десе, Фергюсон, Адам Смит: «Көшпелілерде мүлік теңсіздігі, әлеуметтік теңсіздік ерте пайда болды», — деген. Ал философ Кант: «Мемлекеттің өзі көшпелілер мен отырықшы-егіншілердің өзара қақтығысынан, қорғаныс мақсатында пайда болды» деген тұжырым жасайды. Атақты философ Ф. Гегель: «Көшпелілерде әлеуметтік қарама-қайшылық болғанымен, мемлекет болған жоқ», — деп есептеген.XX ғасырдағы Еуропа ғалымдарының көшпелілікке көзқарасы әр түрлі болғанымен, бұл қоғамның жағымсыз жақтарына ғана назар аудару басым болды. Мысалы, Рацель, Гумплювич, Торнвальд, Тойнби деген ғалымдар: «Көшпелілер өз бетімен өркениет жасауға қабілетсіз, олар мемлекетті, басқа да өркениет жетістіктерін отырықшы елдерді жаулап алу арқылы ғана үйренді» деген тұжырымдар айтты. Олардың және бұл ғалымдардың жолын қуушы қазіргі заманғы зерттеушілердің пікірінше: «Көшпелі қоғам — бұл бір орнында тоқырап, өз бетінше дами алмайтын қоғам, отырықшы мәдениеттің әсерінсіз өркениет жасай алмайтын қоғам, болашағы жоқ қоғам».Көшпелілік кеңес ғылымында XX ғасырдың 20—40-жылдарынан бастап зерттеліп келеді. Бұл саладағы кеңес тарихшыларының еңбектерінде де маркстік-лениндік көзқарас басым болды, зерттеушілер, негізінен алғанда, көшпелілердің қоғамдық құрылысына ғана мән берді. Мысалы, А. П. Чулюіиников деген зерттеуші: «Көшпелілерде таптық қоғам болған жоқ, тек рулық қауым болды», — десе, П. Кушнер: «Көшпелілерде «рулық мемлекет», феодализмнің бастапқы нышандары ғана пайда болды», — дейді.
XX ғасырдың 30-жылдары С.П.Толстов пен Б.Я.Владимирцевтің көшпелі қоғам туралы пікірлері 60-жылдардың соңына дейін әр түрлі нұсқада қайталанып, дамытылып келді. С. П. Толстовтың пікірі бойынша: «Көшпелілер отырықшы халықтар сияқты алдымен құлиеленушілік, содан соң феодалдық қоғамды басынан өткізді. Бірақ көшпелілердің құлиеленушілік қоғамы әскери құлиеленушілік демократия немесе патриархаттық монархия түрінде құрылды». «Көшпелілердегі меншіктің негізі жер ме, мал ма?» деген мәселенің төңірегінде пікірталас жүрді. Бір топ ғалымдар: «Көшпелілерде рулық қоғам қалдықтарымен араласқан феодалдық қоғам болды және феодалдық меншіктің жерге қатысты негізін жерге жеке меншік құрады», — дегенді айтты. Екінші бір топ зерттеушілер: «Еуразия көшпелілері патриархалдық-феодалдық қоғамда өмір сүрді, осы таптық қоғамдағы меншіктің негізгі түрі малға қатысты жеке меншік болды, ал жер рулық қауымның ортақ иелігінде болды», —деген пікірді ұстанды.
Көшпелі қоғамды зерттеуде қоршаған орта (табиғат) және адамның белсенді іс-әрекет мәселесі жиі қозғалып отырды. Олардың пікірі бойынша, далалы, шөлейтті, шөлді, таулы аймақтарды жайлаған халықтарда табиғат жағдайына қарай мал шаруашылығы, көшпелілік қалыптасқан. Осындай халықтардың бірі — қазақ халқы далалы, шөлейтті аймақты игерудің бірден-бір жолы мал шаруашылығы деп білген және осындай табиғи жағдайға икемделе өмір сүрудің тамаша үлгісін көрсеткен.
Достарыңызбен бөлісу: |