Ұлы дала әскери мектебі



Дата13.06.2016
өлшемі82.32 Kb.
Ұлы дала әскери мектебі

Арман Жұмаділ,

тарих ғылымдарының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих факультетінің аға оқытушысы
Қазіргі таңда экономикасы мен әскери қуаты жағынан көш ілгері озып кеткен батыс елдерінің тарихшылары көп жағдайда адамзат тарихындағы барлық жетістіктерді тек өздеріне ғана телейді. Ал, Евразияның Ұлы дала кеңістігінде өмір сүрген көшпелі халықтардың адамзат қазынасына қосқан үлесін мүлде елембей тұр. Бабаларымыздың айбынды жорықтары, даңқты шайқастарға толы тарих беттері олар үшін қанпезерліктен, соғысқұмарлықтан, тек олжа түсіру үшін ғана болғандай сипатталады. Өкінішке орай, мұндай кереғар пікірлер мен қате ұстанымдар тарихқа қатысты бүгінгі еңбектер мен оқулықтарда жиі кездесіп тұрады. Оны оқып отырған жас адам «шынында да солай ма?» деп, тіпті өз тарихынан түңіліп кетуі де мүмкін. Сондықтан да, қазақстандық тарихшы ғалымдар мен мұғалім-оқытушылардың алдында тұрған басты міндеттердің бірі – төл тарихымызда орын алған оқиғалар мен үдерістерді дұрыс сипаттау, оларға әділ бағасын беру. Ол дегеніңіз – ешкімнің жетегімен жүрмей, ешкімге жалтақтамай өз тарихымызға қазақтың дүние танымы тұрғысынан қарау. Тарихты бұрмалау емес, өз тұрғымыздан баға беру!

Мысалы, кеше ғана империя болған англия, франция, германия, ресей, туркия, жапон сияқты т.б. мемлекеттердің тарихы бүтін, кезең-кезеңімен толық жазылып болған десе де болады. Және олар өздері жүргізген соғыстарға өз тұрғысынан қандай сипаттама береді десейші?! «Өркениет тарату мақсатында», «өзінің экономикалық мүддесі үшін», «сауда орталықтарына шығу құқығы үшін», «жаңа жерлерді игеру үшін», «жабайыларға құдай сөзін жеткізу үшін», «жау соққысының алдын алу үшін»...

Ал біз неге өйтпейміз? Кезінде тарихымызға қатысты қалыптасқан европацентристік көзқарастағы ұстанымдарды жойып, неге тарихымызға өзіміз баға бермейміз? Әлде, көшпелі халықтар тарихта ешқандай із қалдырмады ма?

Жоқ, олай емес! Ұлы дала перзенттері адамзат қазынасына теңдесі жоқ материалдық және рухани мәдениеттің үлгілерін жасап қалдырды. Ешкімге ұқсамайтын еркін адамның дүниетанымы мен философиясын жасап шығарудың өзі неге тұрарлық! Оны бүгін бүкіл адамзат баласы өз игілігіне жаратып отыр. Әсіресе, соғыс өнеріне қатысты далалықтардың жинаған үлкен тәжірибесі мен дәстүрін, заңдарын дүние жүзіндегі барлық елдердің қарулы күштері қабылдап, өзінің әскери жарғыларына енгізді десек артық айтқандық емес. Ғалымдардың есептеуі бойынша соңғы үш мың жылының тек 250-300 жылы ғана біршама бейбіт өтіпті. Соған қарағанда әсери іс пен соғыс өнері қоғамының дамуына әсер ететін басты факторлардың бірі болып табылады.

Сондықтан да, тарихта өзінің әділ бағасын алып болмаған, қайта сараптауды, зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі – қазақтардың (көшпелі дала тайпаларының) әскери тарихы. Әскери тарих – тек ұрыстардың барысы мен қару-жарақтардың сипаттамасы ғана емес. Әскери тарих – ұлттың құндылықтары мен дүниетанымын, экономикалық патенциалын көрсетеді. Ал, әскери тарих қалыптасқан әскери мектеппен тығыз байланысты.

Б.з.д. І мыңжылдықта Хуанхэның орта ағысынан Дунайға дейінгі Ұлы дала кеңістігінде жер бетіндегі ең озық әскери мектептердің бірі қалыптаса бастады. Қазақ халқы сол даланың төсінде өмір сүрген сақтардың, ғұндардың, түркілердің тікелей ұрпағы ретінде далалық әскери мектептің дәстүрін жалғастырушы мұрагері болып табылатыны тарихи заңдылық. Сондықтан да әрбір тарихи кезең қазақтың ұлы қолбасшыларын шыңдаған әсери мектептің жеке-жеке сыныбы, әскери шеберлікті жетілдіре түскен сатысы сияқты.

ІІ Дүниежүзілік соғыста немесе өзге елдерде өзінің жауынгерлік борышын атқарып, нағыз ерліктің ұлгісін көрсеткен қазақ сарбаздарының бойында сақ дәуірінен кележатқан ата-бабаларымыздың жауынгерлік рухы болды. Ол үзілмейтін халықтың өзегі. Бұл жайында Бауыржан Момышұлы өзінің «Соғыс психологиясы» деген кітабында былай дейді: «Отан соғысынан басталған қазақ халқының әскери тарихының негізі ежелгі замандарда өткен ұрыстардан бастау алды». Бұл жайдан-жай айтылған сөз емес. Ғасырлар бойы қалыптасқан бабаларымыздың әскери ерлік рухы, қолбасшылық дарыны жоғалмай осы күнге дейін жетіп отыр. Ал сол қолбашылық әскери мектептің бастауы қайда? Оның негізін қашан және кімдер қалады?

Далалық әскери жүйе қола ғасыры кезінде, адамдар жылқыны қолға үйретіп, Евразия кеңістігін игере бастағаннан бастап от қару пайда болып жаппай тарағанша үстемдік етті. Егер далалық әсери жүйені б.з.д. І мыңжылдықта қалыптаса бастады деп есептейтін болсақ, онда қазақтың қолбасшылық мектебінің алғашқы сатысы сақ заманынан басталатыны заңдылық. Оған тарих куә. Сақтар жарты әлемді жаулаған парсы патшалары Кир мен Дарийдің әскерін талқандап, ұлы қолбасшы Александр Македонскидің әскерін тоқтатқан. Сол кезде сақ қолбасшыларының қандай ұрыс тәсілін қолданғанын және сақтардың жауынгерлігі туралы б.з.д. ІV ғасырда өмір сүрген «тарихтың атасы» атанған Геродот тәптіштеп тұрып өзінің «Тарих» деген еңбегінде жазып қалдырған. «Сақтар әлемдегі ең маңызды өнерді игерген – олар еліне келген жауды талқандамай қоймайды», - деп, Геродот олардың әскери өнеріне үлкен баға берген. Сонымен қатар Геродот сақтардың жауынгерлік мектебінен көрші елдердің патшалары да өткені туралы айтады. Ол Мидия патшасы Киаксар өз балаларына ат мініп, садақ таруды үйрету үшін арнайы сақ жауынгерлерін жалдаған деп көрсеткен.

Сақтардың жауынгерлік, әскери-қолбасылық мектебінің көрші елдерге ықпалы өте күшті болғаны антикалық аңыздардан жақсы көрінеді. Мысалы, грек аңыздарында дене бітімі белуарынан жоғары адам, ал төменгі бөлігі ат болып келетін «кентавр» деген бейне бар. Кентавр – ежелгі Эллиндер өмірінде алғашқы рет салт атты адамды көрген әсерден туған бейне. Сол ежелгі аңыздарда Геракл сияқты батырлар да, Тесей сияқты патшалар да Хирон атты кентаврдың әскери мектебінен өтіп, тәлім-тәрбие алуы далалық әскери мектептің қаншалықты озық және қаншалықты ықпалды болғанын айқындайды.

Қазақ қолбасшылық мектептің қалыптасуының келесі сатысы б.з.д. ІV-ІІІ-ғасырда сарматтар мен ғұндардың әскери өнерімен, далалық әскери жүйенің дамуымен тығыз байланысты болды.

Сарматтар бүкіл әскери іс пен соғыс өнеріне әсер еткен үлкен жаңалық әкелді. Олар Парфия және Ұлы Рим империясының тұрақты әскерімен соғыста жинаған тәжірибенің негізінде әскери іс пен ұрыс жүргізу өнерін жетілдіріп, жау шебін жарып өтетін ауыр қаруланған атты әскерді – «катафрактариді» пайдаланды. Бұл жаппай салт атты жауынгердің қолданған қаруына үлкен өзгерістер енгізіп, әскер басқару мен ұрыс жүргізудің түбегейлі жаңа принциптерін қалыптастырды.

Ал, Орталық Азияда пайда болған ғұн мемлекеті бірнеше ғасыр бойы қытай империясының экспансиясын тежеп қана қоймай, қытай императоры У-дидің әскерін ойсырата жеңіп, Хань империясына қырық жыл бойы алым-салық төлетті. Бұл да тікелей ғұндардың жетілген әскери жүйесінің нәтижесі. Әсіресе Мөде шаньюй тұсында ғұндарда әскер басқарудың ондық жүйесі қалыптасты және қолбасының бұйрығын сөзсіз орындау сияқты қатаң әскери тәртіп енгізілді. Сонымен қатар ғұндардың тұсында Орталық Азия көшпелілерінің ең жақсы көретін қаруы – садақ жетіле түсті. Қатаң тәртіпке бағынған, темір қарумен және алыс қашықтықтан қолданатын күрделі садақпен қаруланған ғұндар қытай әскеріне дес бермей, ашық ұрыста үнемі жеңіп, басым түсіп отырды. Сол себептен де қытай императоры У-ди өз әскерін ғұн әскерінің үлгісімен қайта жасақтап әсери реформа жүргізді.

Б.з. І-ІV ғасырында ғұндардың батысқа қоныс аударуы нәтижесінде сарматтар мен ғұндар қалыптастырған екі әскери жүйе бір арнаға тоғысты. Осының нәтижесінде бүкіл Европада Еділ бастаған ғұн әскеріне төтеп беретін бір де бір күш табылмады.

Кейінгі ғасырларда да ғұн және сармат біріккен екі әскери жүйенің тәжірибесін Ұлы даланың ұлы қолбасшылары әлі ұзақ уақыт қолданады.

Қолбасшылық өнердің кезекті дамуы түркі-моңғол дәуірімен байланысты. Түркілер ғұндардың ұрпағы ретінде өздеріне дейін жиналған соғыс өнерінің бай тәжірибесін дамытып қана қоймай, жаңа соғыс доктринасын жасап шығарды. Соның нәтижесінде Түркілер Евразияның Ұлы даласында өмір сүрген барлық тайпаларды біріктірген ең күшті қағанат құрып, Евразияның этникалық, саяси-экономикалық жағдайына тікелей әсер етті. Түркі қағанаты көп уақытқа дейін шығысында Қытайды тәуелді етіп, батысында Иран мен Византияны өзіне мүдделі қылды. Бұл да түркілердің әскери ісі мен соғыс өнерінің, қолбасшылық мектебінің озық үлгісінің дәлелі болып табылады. Ұлы дала көшпелілерінің соғыс өнерін жетік меңгергені сондай, олардың қолбасшылық мектебі тағы да халықаралық деңгейге шықты. Әсіресе, Х-ХІІ ғасырларда қыпшақтан шыққан қолбасшылар барлық көрші елдерде әскери қызмет атқарып, соғыс өнерін қаншалықты жетік игергенін көрсетті. Қытай императоры, грузия патшалары, Рим Папасы, орыс княздері, Хорезм шахтары түгел қыпшақтардан тұратын ұлан ұстаса, Мысыр елінде Мамлюк сұлтаны Бейбарыс қарапайым сарбаздан биліктің шырқау шыңына дейін жетті. Жалпы сол кездегі түркілердің әскери ісі мен соғыс өнері, қолбасшылық дарынына байланысты мәліметтерді түркі жазбаларынан, араб-парсы деректерінен көптеп табуға болады.

Ұлы дала қолбасшылары алдына жан салмайтын, соғыс өнерінің нағыз маманы екені Шыңғысхан дәуірінде көрінді. Шыңғысхан әскери іске қатысты өзіне дейін жиналған тәжірибені жетілдіріп оның негізгі қағидаларын «Ұлы Жасақ» заңдар жинағына енгізді. Егер бұған дейін соғысқа қатысты іс-әрекеттің бәрі әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің негізінде реттелсе енді ол сол дәстүрлердің негізінде жасалған заңдық, құқықтық нормаларға құрылатын болды. Ұжымдық жауапкершілік, антқа адал болу, опасыздық жасамау, бұйрықты сөзсіз орындау, әскери борышты орындауға сақадай сай болу, жорық үстінде жан-жаққа барлаушылар мен шолғыншыларды аттандыру т.б. ұстанымдардың Шыңғысхан заңдар жинағында орын алуы болашақта өзіндік қазақ қолбасшылық мектептің дамуына ғана емес сонымен қатар бүкіл дүние жүзі қарулы күштерінің құрылымы мен жарғыларына, соғыс жүргізу тәсіліне үлкен әсерін тигізді.

Ал қазақ хандығы дәуірі кезінде өткен жаугершілік заман қазақ халқының жауынгерлік рухын шыңдап, тарих сахынасына ұлы батырлар мен қолбасшыларды әкелді. Хандық дәуір өтіп, қазақ халқының басынан бақ кетсе де өздеріне кезеңген отқарудың қаһарынан бұқбаған қазақ қолбасшылары заманауи қарумен қаруланған жауға қарсы жаңа соғыс тәсілдерін тауып, айбынын асырып отырды.

Мысалы Ш. Уәлиханов қазақтың батырлары тек ұрыс ісін білетін адам ғана емес, сонымен бірге жаудың мінез-құлқын танитын психолог ретінде де көрсетеді. Бірде, атақты қорама мылтықпен қаруланған қалмақ мергені үңгірдің аузында бекініп алып бірнеше қазақ батырын жер қаптырады. Қалмаққа қарсы шығуға енді ешкімнің жүрегі дауаламай тұрған кезде Елшібек деген батыр жорға атын ойнақтатып, асықпай майда желіп шығып, мергенге жақындай түседі. Қалмақ мергенінің оғына ұшатын болды-ау деп тұрғанда Елшібек қалмақ мергеніне ұмтыла шабады. Қалмақ пілтені басқанда мылтығы бірден атылмай, екінші рет басқанша Елшібек оны шауып өлтіреді. Артынан серіктері одан неге асықпай шаптың деп сұрағанда ол: “Қалмақ атыма қызығып оны жаралап алмау үшін мені жақындата түскісі келді. Ал менің ойым оған жеткенше оның пілтесін көбірек күл шалып, мылтығы бірден атылмаса екен дедім”, - деп жауап беріпті.

Қазақтың әскери-қолбасшылық мектебінің деңгейі халық тарапынан сол заманда-ақ өз бағасын алып отырды. Қазақтар небір ұрыс жүргізудің тактикалық тәсілдерге соны ұтымды қолданған батырлардың атымен атайтын болған. Мысалы, Абылай Бұқар жыраудан өз батырларының жағдайын сұрағанда, жырау былай депті: “Жанатай Талқы арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжандап өтеді. Ал Хан-Баба қайтып келеді”. “Мұндағы Құлжандап өту” ерлік пен айла көрсетіп, мықты ұрыс жүргізіп, жау қолынан сытылып шығады дегенді білдіреді екен. Бұл ұрыс әдісі ертеректе батыл жауынгер, әрі керемет тактик болған Құлжанның атымен аталып кетіпті.

Байқайсыз ба, Москва түдіндегі шайқаста Баукең де сөйткен жоқ па! Баукеңнің сонда ұрыс беріп қоршаудан шыққан тәсілі барлық әскери оқулықтарға кірген жоқ па?! Міне, бұл да дәстүрі үзілмей келген қолбасшылық мектептің айқын үлгісі емес пе! Ұлы даланың әскери қолбасшылық мектебі, әскери рухы жоғалып кетпей ІІ-Дүние жүзілік соғыс кезінде барлық қазақ сарбаздарының бойынан табылғандығы Бауыржан Момышұлы еңбектерінің басты арқауы.

Қорыта келгенде, дүние жүзінің бүгінгі барлық қарулы күштері аталарымыз жасап кеткен ондық дала жүйесі бойынша бөлініп өз жарғыларында далалықтар жасап берген ортақ қағидалар мен заңдарға сүйенеді, жорық кезінде далалық әскери мектепке сай жан-жаққа шолғыншы мен барлаушыны жібереді, керек десеңіз шабуылға «уралап» шығады т.б. Мұның бәрі Ұлы дала төсінде өмір сүріп, қазақ халқының негізін қалаған, қолбасшылық әскери мектепті қалыптастырып кеткен жауынгер сақ, ғұн, тркі тайпаларының жетістігі. Мұн ұмытуға болмайды!

Б. Момышұлы «Ерліктің өшуі – халықтың қасіреті!» деп тура айтқан. Сондықтан да, даңқты аталарымыздың ерлігін мәңгі ұмытылмастай есте сақтап, соларға сай ұрпақ тәрбиелеп шығару үшін, қазақтың әскери тарихын барынша дәріптеліп оқытылуы тиіс. Мемлекет тарапынан Қазақтың әскери тарихына арнайы оқулық жазуға тапсырыс берілуі тиіс. Соны оқыған жас ұрпақ «Міне, тарихым қандай!», - деп мақтанышпен айтуы керек.







Каталог: sites -> default -> files -> publications
publications -> І бөлім. Кәсіпкерліктің мәні, мазмұны
publications -> Програмаллау технологиясының көмегімен Internet дүкен құру
publications -> Тәуелсіз Қазақстан жағдайындағы Отандық тарих ғылымының методологиялық мәселелері
publications -> Магистр юридических наук Муйденова А. К., магистр юридических наук Э. О. Тойлыбекова
publications -> Қызылорда облысының экологиялық Қолайсыз аймақтарында тұратын халықТЫҢ медициналық-демографиялық жағдайының сипаттамасы
publications -> К. э н. Айдосова Б. Х., Магистр экономических наук Жунусова Э. Ж
publications -> Ибн сина, оның Өмірі, философия мен медицинадағЫ Үлесі
publications -> Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізі
publications -> Программа аудита денежных средств
publications -> Әож 351. 79: 556. 536. 2 Трансшекаралық суларды қҰҚЫҚТЫҚ реттеу тарихы жайында


Достарыңызбен бөлісу:


©dereksiz.org 2019
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет