Метафора – мәдениетті көзге елестетудің тәсілі
Рәміз – мәдениеттің таптаурындалған құбылысы ретінде. Лингвистика, философия және мәдениеттанудағы рәмізге қатысты ізденістер. Рәміздің бейнені жеткізу әлеуеті. К.Г. Юнгтың архетип туралы тұжырымдамасының лингвомәдениеттанудағы орны. Рәміздің нағыз ұлттық нышандарының барлығы туралы. Түр-түсті жеткізуші сөздердің рәмізділігі. Стереотип – мәдени кеңістіктің құбылысы. Автостереотиптер мен гетеростереотиптер туралы түсінік.
АДАМНЫҢ МӘДЕНИЕТТЕГІ ЖӘНЕ ТІЛДЕГІ БОЛМЫСЫ
Мәдени коннотация деп денотативті, бейнелі мән-мағынаны интерпретациялауды, қосалқы мағыналауды айтамыз. Сонымен, аударманың интерпретативтік концепциясы деген осы [174].
Тағы бір айта кететін мәселе – шығарманың, жеткізілетін ақпараттың түпнұсқа тілде жазылу уақытына аударылып отырған уақыт неғұрлым жақын жатса, соғұрлым аудару жеңілірек болады. Бұл айтқанымыз өзге тіл тұрмақ, өз тіліңнің екі нұсқасына (өткендегі архаикалық және қазіргі заманауи нұсқасына) қатысты да шындық емес пе?!
Интерпретация мәселесінде интенционалдық идеясы ең маңызды идея болып табылады. Сол интенционалдық арқасында автор мен оқырманың басын біріктіретін жаңа аналитикалық кеңістік пайда болады. Интенционалдық туралы алдыңғы параграфтардың бірінде айтылған болатын. Тағы біраз қосымша мағлұмат берсек артық болмас, керісінше, мәселені айқындай түсер деген үміттеміз.
"Интенционалдық дегеніміз менталды жағдай-күйлер мен оқиғалардың объектілер мен сыртқы әлемнің қалпына бағытталғандығы" [175, 96 б.]. Сонымен, интенционалдық әлденеге бағытталғандық, әлденеге қатыстылық болып табылады. Бірақ, интенционалдық күй үнемі сананың таразысынан өтіп отырады деп тұжырымдай қою қиын. Интенционалдық күйлерге Джон Р. Серль сенім, қорқыныш, махаббат, қайғы, үміт-тілек және т.б. жатқызады. Олардың барлығы да өзінің бірдеңеге немесе әлдекімге бағытталғандығымен анықталатын психологиялық күйлер.
Джон Р. Серль интенционалдылық мәселесін тілге, сөйлеу актіне қатыстыра отырып қарастырады. "Тілді интенционалдылықтан шығаруға болады, ал, бірақ, керісінше, жасау мүмкін емес " [175, 101 б.], яғни тілден интенционалдылық шығарылмайды деген сөз. Шындығында, тілі жоқ жануардың адамға бауыр басуында немесе сөйлеуге жаттықпаған сәбидің уілінде, түрлі сезім күйлерінде интенционалдылық жоқ дей алмаспыз. Интенционалдық, жалпылама анықтайтын болсақ, қатынастың алғышарты. Сонымен, интерпретация да мәтінге деген белгілі бір қатынас ретінде интенционалдықты өз бойына сыйдыра жүреді.
Интерпретация мәтін мен шығармашылық, жеке бастың қабылдауы мен мәдени-әлеуметтік контекст рөлін ойнайды. “Оқудың” өзі қабылдау мен қабылдаушының басында бар бейнелік ассоциациялар сұхбатын, өзара ықпалдастығын білдіреді. Оқушының мәтінге қатынасы экзегетик жағдайын көзге елестетеді. Ал бәрімізге белгілі, "экзегеза" сөзі діни-шіркеулік коннотациясы бар мәтінді интерпретациялау дегенді білдіреді. Бұдан біз әрбір оқу акті өзінің дара мәтінін жасап шығарады деп те тұжырымдай аламыз.
Интерпретативті тактиканың философиямен айналысудың ерекше тәсілі екендігін де айта кетуге болады. Мәтінді “оқып шығудың” өзі шындықты жаңаша құрастыру болып табылады. “Әлемді жаңадан "құрастыру" барысында адам сыртқы әлем мен өзінің мұң-мұқтаждықтары, құндылықтары мен қажеттіліктері арасындағы құтқарушы пәтуаға (компромиске) қол жеткізе алады” [176, 364 б.].
70-ші жылдары Р. Барт мәтінді түрлі мағыналардың трансмутациясы деп таныды. Әдеттегі “демиург-автор”, яғни шығармашылық пен мәдениеттің жалғыз, теологиялық мағынасын беруші автор түбегейлі түрде ығыстырылған болатын. Мәтіндік болмыс көпөлшемді. Р. Барт: “Хат үнемі мағына тудырумен айналысады, бірақ ол мағына дәл сол туған мезетінде буға айналғандай жоқ боп кетеді” [18, 388 б.]. Хат үрдісі түбегейлі түрде антидогматикалық процесс, яғни ол кез келген мәтіннен ақырғы, соңғы мағына іздеттірмейді.
Барт мәтін туралы айтқанда оның көпфункционалды екендігін баса айтады. Мәтінде біраз идеология, біраз дүниетаным, субъектінің өзіндік біраз көзқарасы кездеседі. Мәтіннің басты мақсаты – биліктен қашып құтылу, таптаурынға (стереотипке) айналмау, қатып-семіп қалмау, үгіт-насихатқа айналмау, сонысымен, өзінің өмірлік қызығы – мәтіндік ойынды жоққа шығармау.
Достарыңызбен бөлісу: |