Логика ғылым ретінде


Дедукция. Қарапайым пайымдаулардың құрама ой тұжырымы



бет11/21
Дата18.10.2023
өлшемі1.1 Mb.
#481013
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
лекция Логика ғылым ретінде

Дедукция. Қарапайым пайымдаулардың құрама ой тұжырымы

Құрама ой тұжырымы бірнеше (екі және одан да көп) алғышарттардан тұрады. Құрама ой тұжырымының да бірнеше түрі болады.


Ең алдымен, олар қарапайым пайымдаулардан жасалған құрама ой тұжырым және күрделі пайымдаулардан жасалған құрама ой тұжырым деп ажыратылады.
Қарапайым пайымдаулардан тұратын құрама ой тұжырымы, өз кезегінде атрибутивтік пайымдаулар ой тұжырым және релятивті пайымдаулар ой тұжырым деп бөлінеді.
Соңында, атрибутивтік пайымдаулар ой тұжырымы алғышарттарының санына байланысты екі немесе одан да көп — қарапайым кесімді силлогизм және күрделі (ол да кесімді) силлогизм деп бөлінеді.

Карапайым кесімді силлогизм


Логика силлогистикадан, яғни силлогизмдер теориясынан басталды. Бұл теорияның авторы ежелгі грек философы Аристотель болды. Логиканың атасы Аристотель екені баршаға мәлім. Оның үлкен туындысы силлогистика болып табылады.


Біздің ойлау тәжірибеміз үшін, силлогизм несімен маңызды? Бәрінен бұрын, ойлаудың маңызды бөлігін құрайтын және логиканың пәні болатын пайымдаулар, көбіне шұбалаңқы, шатасқан болып келеді. Сондықтан оларды әрқашан тұтастай анық талдау мүмкін емес. Осы жерден: оларды басқа пайымдаулардың едәуір бөлігін құрайтын қарапайым «кірпіштерге» бөліп тастауға болмай ма деген заңды сұрақ туады. Міне, пайымдаудың жиыны үшін мәнді, осындай қарапайым «кірпіштерді» осы силлогизмдер бейнелейді. Егер біз, осы «кірпіштердің» қалай құрылатынын және олардың қайсысы дұрыс екенін, содан соң олардан неғұрлым күрделі пайымдаулардың қалай жасалатынын түсінсек, онда пайымдауларды талдау және олардың дұрыс не бұрыстығын ажыратудың мықты құралы біздің қолымызда деуге болады.
Қандай ой тұжырымын қарапайым кесімді силлогизм деп атайды?
Қарапайьім кесімді силлогизм — бұл алғышарттары мен қорытындысы кесімді пайымдау болатын жанама дедуктивті ой тұжырымы.
Біздің ойлауымыз үшін силлогизмдердің айрықша маңыздылығы, силлогизмдер құралған кесімді пайымдаулар мәртебесімен байланысты. Кесімді пайымдаулар ойды жоғары деңгейде анық және дәл құрауға, біздің ойымызға барынша анық форма беруге арналған. Бұл пікірталастар мен пікірсайыстардағы тезистерге қатысты. Егер пікірталаста тезис кесімді пайымдау түрінде құрылса, онда біздің қолымызда кесімді пайымдауларды дұрыс және тез құратын логикалық құрал болуы тиіс. Бізге кесімді пайымдауларды дәлелдейтін және бекерлейтін амалдармен қарулануға көмектесетін мұндай құралдарға кесімді силлогизмдер жатады. Яғни, олар жалпы пікірталаста немесе пікірсайыста табысқа жетуге көмектеседі.

Силлогизм құрылымы


Логика оқулығында мың жылдан бері келе жатқан, дәстүрлі силлогизмді қарастырайық:


«Өлім барлық адамға тән».
«Барлық гректер — адамдар».
«Сондықтан, барлық гректерге өлім хақ».
Силлогизм неден тұрады? Бірден анықтама береміз:
Жаңа пайымдау туатын пайымдау силлогизмнің алғышарты деп аталады.
Алғышарттардан тұжырымдалатын пайымдау қорытынды деп аталады.
Егер силлогизм құрылымын неғұрлым дәлірек талдасақ, онда тек қана ол шығатын пайымдауды ғана емес, алғышарттар мен қорытынды құралатын ұғымды да қарастыру қажет.
Силлогизмнің алғышарты мен қорытындысына кіретін ұғымды силлогизмнің термині дейді.
Әдетте силлогизмде үш термин кездеседі.
Қорытынды субъекті кіші термин деп, ал қорытынды предикаты үлкен термин деп аталады.
Алғышартта кездесетін, бірақ қорытындыда кездеспейтін термин орта термин деп аталады.
Мысалы, бұрын келтірілген силлогизмдегі «гректер» — кіші, «өлім хақ» — үлкен, «адамдар» — орта термин болады.
Әдетте силлогизмдегі кіші термин S, үлкен термин — Р, орта термин — М әріптерімен белгіленеді.
Егер аталған терминдер қатынасын Эйлер шеңберінің көмегімен бейнелесек, бұл терминдердің неге бұлай аталғанын түсіну оңай болады.



Терминдердің аталуы, олардың көлеміне сәйкес екендігі диаграммадан-ақ көрінеді.


Силлогизмнің алғышарттары да айрықша атауларға ие.
Үлкен термин кіретін пайымдауды үлкен алғышарт деп атайды.
Кіші термин кіретін пайымдауды кіші алғышарт дейді.
Дәстүр бойынша силлогизмдерде, алдымен үлкен, сосын кіші алғышарт, ал «сондықтан» немесе «яғни» сөздерінен кейін қорытынды көрсетіледі.
Егер силлогизмде терминдерді олардың белгіленуімен алмастырсақ, біз осы силлогизмнен шыққан тұжырымның мынадай сұлбасын аламыз:

Барлық М деген Р


Барлық S деген М
Барлық S деген Р

Мұндағы ұзын сызық, «сондықтан» сөзін алмастырады. Силлогизмнің дұрыс болуы үшін төмендегідей талаптар орындалуы қажет:


а) алғышарттар ақиқат пайымдау болуы керек;
ә) ережелер сақталуы тиіс.

Силлогизм аксиомасы


Барлық, жиынға қатысты құпталатын немесе терістелетіннің бәрі оның әрбір элементіне немесе жиынтығына қатысты құпталады немесе терістеледі.


Бұл қағида силлогизм аксиома деп аталады, себебі басқа барлық силлогизмдер жататын бүтін силлогизм класын негіздеуге мүмкіндік береді. Сондықтан да барлық силлогизмнің негізі болып есептеледі.
Дәстүрлі логикада бұл қағида dictum de omni et de nullo — барлығы туралы және ештеңе туралы емес деп аталады.
Осы қағидамен латынша nota notae — «белгінің белгісі» деп басқаша да айтылатын қағида байланысты. Ол төмендегідей болады. Белгінің белгісі дегеніміз — сол заттың өзінің белгісі, ал заттың белгісіне қатысты не терістелсе, сол нәрсе заттың өзіне қатысты да терістеледі — nota notae nota rei.
Nota notae қағидасы силлогизмнің сендіруші күші қызметін де атқара алады. Жалпы екі қағида тепе-тең. Dictum de omni et nullo — силлогизмге енетін терминдердің көлемі үшін құрылады, ал nota notae — олардың мазмұны үшін, сондықтан оларды силлогизмнің көлемдік және атрибутивтік интерпретациясы деп атайды.
Силлогизмдер бір-бірінен, біріншіден, пайымдаулар құрамымен, екіншіден, терминдердің орналасуымен ерекшеленеді.

Силлогизм фигуралары


Силлогизм терминдерінің орналасу ерекшелігін, алғышарттағы басқа терминдердің орта термині жайына түйістіруге болады.


Бұдан:
Силлогизм фигурасы деп, орта термин жайымен ерекшеленетін силлогизмнің әртүрлілігін атайды деген анықтама шығады.
Мұндай әртүрлілік төртеу болуы мүмкін:
1. Орта термин үлкен алғышарттың субъектісі, кішісінің предикаты болуы мүмкін.
2. Орта термин екі алғышарттың да предикаты болуы мүмкін.
3. Орта термин екі алғышарттың да субъектісі болуы мүмкін.
4. Орта термин үлкен алғышарттың предикаты, кішісінің субъектісі болуы мүмкін.
Силлогизмнің осы төрт түріне силлогизмнің төрт фигурасы сәйкес келеді. Оны төмендегідей бейнелеуге болады (алғышарттар көлденең кесінділермен, ал кесінділердің шеткі нүктелері терминдерді, қиғаш және тік сызықтар түрлі алғышарттардағы орта терминді біріктіреді):

І фигура ІІ фигура


М Р Р М

S M S M


III фигура IV фигура


M P P M

M S M S


Силлогизмнің төрт фигурасы туралы логикалық ілім алғашқы кезде пайымдаудың шынайы үдерісіне қатысы жоқ таза формальды болып көрінуі мүмкін.


Иммануил Кант оны дәл осылай қабылдаған. Тіпті «Силлогизмнің төрт фигурасындағы жалған даналық» деген айдармен мақала да жазған. Дегенмен, алғашқы пікір алдамшы. Силлогизмнің алғашқы үш фигурасы шешетін танымдық міндеттер де кездеседі. Ал төртіншісіне қатысты Канттың айтқандары орынды сияқты.
Ол шындығында силлогистиканың авторы, шынайы пайымдаулардың логикалық теориясымен айналысқан Аристотельде де кездеспейді. Оны бірінші фигураға қатысты айналы — симметриялық ұғым ретінде Аристотельдің шәкірттері Теофраст пен Евдем қосқан көрінеді. Ол олардың жүйелі ойларынан туындаса керек.
Зерттеу немесе пікірсайыс барысында силлогизмдердің көмегімен қандай танымдық міндеттерді шешуге болатынын қарастырайық.
1) Жеке жағдайларға жалпы ережелерді қолдану (аксиомаларды, негіздемені, табиғат заңдарын, құқықтық нормаларды) немесе басқаша айтсақ, жекенің жалпыға бағынуы.
Бұл міндетті силлогизмнің I фигурасы бойынша шешеді. Силлогизмдерге адам өліміне қатысты және т.б. мысал келтіргенде, сіздердің бұған көз жеткізулеріңіз қиын емес. I фигура бойынша терістеуші алғышартты силлогизмдерге де тура осы қатысты болады.
Мысалы:
«Бірде-бір парақор адал емес».
«Бұл адам — парақор».
«Бұл адам адал емес».
Біз бұл жерде адал адамдардың неғұрлым кең жиыны туралы айтқан бір адамды ережеге сәйкестендірдік.
2) Дұрыс емес дедукцияларды немесе дұрыс емес бағынуды бекерлеу.
Бұл міндет біріншіге қарама-қарсы, осы міндетті шешуші силлогизмдер, көбінесе, егер I фигура бойынша жасалған тұжырымдар дұрыс жасалмаған болса, оларды бекерлеу үшін қолданылады. Мысалы, сот процесін көз алдымызға елестетейік.
Айыптаушы айыпкердің өлтіре соққы бергенін растайды. Қорғаушы оның дұрыс емес екенін қалай дәлелдейді? Мәселен былай:
«Бұл өлтіре соққыны зор күш иесі берген».
«Айыпкер адам мұндай зор күші иесі болып табылмайды».
«Айыпкер мұндай өлтіре соққы берген жоқ».
Оның силлогизмнің II фигурасы бойынша екенін байқау қиын емес.
3) Жалпы ережелерден шыққан негіздеме.
Бұл жағдай пікірталаста жиі кездеседі. Мәселен, сіздің оппонентіңіз қандай да бір жалпы ережені дәлелдеуі керек дейік. Онда силлогизмнің үшінші фигурасына батыл келуге болады.
Мәселен, «Барлық адамдарда қылмысқа бейімділік бар» пайымдауының ақиқат еместігін дәлелдеу керек. Оңда бізге үшінші фигура бойынша силлогизм құруға тура келеді:
«Бірде-бір балада қылмысқа бейімділік жоқ».
«Әрбір бала адам болып табылады».
«Кейбір адамдарда қылмысқа бейімділік жоқ».
Мұнымен біз силлогизм фигураларының әртүрлі болуының тек формальды емес екендігіне көзімізді жеткіздік.
Фигуралардың қатаң формальды бөлінуі дәйектеу практикасында шешілетін міндеттердің ажыратылуына негізделген.
Әртүрлі фигура бойынша силлогизмдер мысалдарын қарастыра келе, бір ғана фигура кесімді пайымдаулардың әртүрлі қисындасуын қамтитынын байқадыңыздар. Біз бірінші фигура бойынша ААА және ЕАЕ қисындасуымен, екінші фигура бойынша — АЕЕ, үшінші бойынша ЕАІ-мен кездестік. Осы қисындасуларды логикада силлогизмнің модустары деп атайды.
Модус — кесімді пайымдаулардың белгілі бірізділігімен сипатталатын силлогизмнің алуантүрлілігі.
Біз, шын мәнінде, кесімді силлогизмдердің төрт типі бар екенін білеміз және олар силлогизмнің төрт фигурасында әртүрлі боп үйлесуі мүмкін. Ендеше, силлогизмнің барлығы 256 модусы болады. Алайда олар дұрыс және бұрыс болады. Яғни, олардың барлығы бірдей ережелерге жауап бере алмайды. Ол ережелерге біз кейінірек тоқталамыз. Ал айтылған дұрыс модустардың барлық саны — 19.
Тағы бір алдын ала ескерту. Ортағасырлық логиктер бұл модустарды есте сақтау оңай болуы үшін жасанды сөздер қолданған. Оларда дауысты әріп модусты білдіреді. Ал қалған барлық әріптер, оларды қалай бірінші фигураға түйістіруге болатынын көрсетеді. Аристотель осы бірінші фигураны неғұрлым жетілген немесе негізгі деп атаған. Екінші міндет, негізінен мамандарға арналған.
Сондықтан біз есте сақтау үшін тек модустардың аталуын ғана аламыз. Ал енді олардың фигуралар бойынша қалай бөлінетінін көрейік.



I фигура

II фигура

III фигура

IV фигура

ААА Barbara

ЕАЕ Cesare

ААІ Darapti

ААІ Braman— tip

ЕАЕ Clearent

АЕЕ Came stres

ІАІ Disamis

АЕЕ Camenes

АІІ Darіі

ЕІО Festino

АІІ Datisi

ІАІ Dimaris

ЕІО Ferio

АОО Baroco

ЕАО Felap— ton
ОАО Во - cardo
ЕІО Feri— Son

ЕАО Fesapo

ЕІО Fresison



Кесімді силлогизм ережесі


Қарапайым кесімді силлогизмдерге жалпы сипаттама бере келе, ақиқат қорытындыға жету үшін, екі талапты орындау қажеттігін байқадық:


1) алғышырттар ақиқат пайымдаулар болуы керек;
2) белгілі ережелерді сақтауы қажет.
Бірінші талап түсіндіруді қажетсінбейді, ал ережелер туралы пысықтап айту керек. Бұл қандай ережелер? Алдымен, біз силлогизмнің жалпы ережелерін, ал фигуралардың айрықша ережелерін сәл кейінірек қарастырамыз.
Силлогизмнің жалпы ережесі жетеу. Олар терминдер және алғышарттар ережесі деп бөлінеді.

Терминдер ережелері


1. Әр силлогизмде тек қана үш термин болуы тиіс (S, Р, М).


Бұл орта терминге қатысты, егер силлогизмде төрт ұғым болса, онда тұжырым мүлде мүмкін емес. Мысалы, егер біз төрт түрлі ұғымы бар екі алғышарт алсақ, нәтижесінде оларды байланыстыратын орта термин жоқ, онда ешқандай тұжырым жасауға болмайды:
«Барлық адвокаттар — заңгерлер».
«Барлық квадраттар — дұрыс фигуралар».
?
Сөз алғаш қарағанда, үш терминнен ғана тұратындай көрінетін силлогизмдер туралы сияқты болып тұр. Алайда олар тек бірдей дыбысталып тұрған, бірақ түрлі ұғымдар болып табылатын сөздер. Мұндағы қателік «терминнің төртеуленуі» деп аталады. Мұны келесі мысалдан анық көруге боладыі:
«Қозғалыс мәңгі».
«Университетке бару — қозғалыс».
«Университетке бару мәңгі».
Мұнда «қозғалыс» — әртүрлі философиялық және механикалық мағынада айтылып тұр.
2. Орта термин, кем дегенде бір алғышартта таратылуы тиіс.
Мысалы:
«Барлық жолбарыстар — жыртқыштар».
«Бұл аң — жыртқыш».
«Бұл аң — жолбарыс».
Мұндағы орта термин «жыртқыш» бірде-бір алғышартта таратылмаған. Сондықтан мұнда логикалық қажеттілікпен қорытынды шықпайды. Ол аң арыстан да, ібіліс те немесе т.б. болуы мүмкін ғой.
3. Алғышартта таратылмаған термин, қорытындыда да таратылмаған болуы тиіс.
Мысалы:
«Кейбір заңгерлер — тергеушілер».
«Бұл адам тергеуші емес».
«Бұл адам заңгер емес».
Бұл мысалда «заңгер» термині алғышартта таратылмаған, бірақ қорытындыда таратылған.
Нәтижесінде «терминді заңсыз кеңейту» деп аталатын қателік шықты (Бұл адам тергеуші емес, прокурор болуы мүмкін, ол бәрібір заңгер. Ал қорытынды оны терістеп тұр, сондықтан ол жалған).

Алғышарттар ережесі


4. Екі терістеуші пайымдаудан тұжырым жасауға болмайды, кем дегенде біреуі құптаушы болуы тиіс.


Мысалы:
«Бірде-бір заңгер немқұрайлы емес».
«Бірде-бір мұғалім немқұрайлы емес».
?
5. Егер алғышарттардың бірі терістеуші болса, онда қорытынды да терістеуші болуы керек.
Бұл ереже түсінікті.
6. Екі жеке пайымдаудан тұжырым жасауға болмайды, алғышарттардың ең болмағанда бірі жалпы болуы тиіс.
Мысалы:
«Кейбір сандар жұп».
«Кейбір сандар тақ».
?
7. Егер алғышырттардың бірі — жеке пайымдау болса, онда қорытынды да жеке болуы шарт.
Бұл ереже де түсінікті.
Жалпы ережеден шығатын әр фигураның өзіндік айрықша ережесі болады.
Фигуралардың айрықша ережелері:
I фигура: Үлкен алғышарт жалпы, ал кішісі құптаушы пайымдау болуы керек.
II фигура: Үлкен алғышарт жалпы пайымдау, ал алғышарттардың бірі мен қорытынды терістеуші пайымдау болуы тиіс.
III фигура: Кіші алғышарт құптаушы, ал қорытынды жеке пайымдау болуы тиіс.
IV фигура: Егер үлкен алғышарт құптаушы пайымдау болса, онда кішісі жалпы пайымдау болуы тиіс. Егер алғышарттардың бірі, терістеуші пайымдау болса, онда үлкен алғышарт, жалпы пайымдау болуы тиіс.
Фигура бойынша ой тұжырымының ерекшелігі сол, одан жалпықұптаушы қорытынды шықпайды және жоғарыда көрсетілгендермен салыстырғанда, оның сирек қолданылу себебі де осымен байланысты.
Кесімді силлогизмдер кейде бұрыс құрылады.
Төмендегілер неғұрлым кең тараған қателіктер болып есептеледі:

  1. I фигура бойынша қорытынды кіші терістеуші алғышартпен жасалады.

«Барлық оқулықтар пайдалы».
«Бұл кітап оқулық емес».
«Бұл кітап пайдалы емес».
Осындай алғышарттар қажеттілігімен қорытынды шықпайды.

  1. II фигура бойынша екі құптаушы пайымдау алғышарттарымен қорытынды жасалады.

«Барлық студенттер емтихан тапсырады».
«Насыров емтихан тапсырады».
«Насыров — студент».
(Ол мектеп оқушысы немесе кәсіби білімін жетілдіру курсында емтихан тапсыратын басшы, не автокөлік жүргізушісінің куәлігін алуға емтихан тапсырушы және т.б. болуы мүмкін екенін түсінесіздер).
Бұл жерде де берілген алғышарттардың қажеттілігімен қорытынды шығаруға болмайды. Себебі, ой тұжырымы дұрыс құрылмаған.
Логика міндеті — дұрыс пайымдауларды дұрыс емес пайымдаулардан ажырату. Әрине, силлогизмге қатысты да осы міндеттерді шешуге тура келеді. Біз күнделікті қарым-қатынас тәжірибеден дұрыс емес пайымдаулардың жиі кездесетінін білеміз. Силлогизмдердің дұрыстығын қалай тексеруге болады? Мұны соңғы мысалда нақты қарастырамыз. Оның бірнеше амалы бар:
1) Силлогизм модусын анықтап, оның осы фигура үшін дұрыс болып табылатынын айқындау.
Соңғы мысалда ой тұжырымы ААА модусы бойынша құрылған, бірақ II фигура үшін ол дұрыс емес. Ендеше, қажеттілікпен қорытынды шықпайды.
2) Фигуралардың айрықша ережелеріне сәйкестігін тексеру.
Алдыңғы мысалға оралайық. Ой тұжырымы силлогизмнің II фигурасы бойынша құрылған. Бірақ онда оның бір ережесі бұзылған. Алғышарт пен қорытындысы құптаушы пайымдау болып табылады. Біз тағы бір рет қорытындының қажеттілікпен тумағанына көзімізді жеткіздік.
3) Силлогизмнің жалпы ережелеріне сәйкестігін тексеру.
Талдап отырған ой тұжырымымызда терминдердің екінші ережесі бұзылған. Яғни, бірде-бір алғышартта орта термин таратылмаған. Сондықтан, бұл ой тұжырымы дұрыс емес.
4) Силлогизмдердің дұрыстығын алғышырттар мен қорытынды үшін шеңберлі сұлбалар құрып та тексеруге болады. Дұрыс силлогизмде әрбір алгышартқа құрылған шеңберлі сұлбалардың бірігуі қорытындыдағы үлкен және кіші терминдер арасындағы қатынаспен сәйкес келетін бірмәнді нәтиже беруі керек.
Біздің мысалымызда бұлай болмайды.
Үлкен алғышарт үшін мынадай сұлба құрамыз:
А:

Келесі сұлба екінші алғышартқа сәйкес:
А:

Бұл сұлбаларды бір шеңберлі сұлбаға кіріктіргенде, екі нәтижені аламыз:

а) ААА ә) ААА



Осындай бірмәнді нәтиженің жоқтығы, бізге силлогизмнің дұрыс құрылмағанын көрсетеді. Біз басқа амалдар туралы айтпаймыз да. Осылайша, сіздер түрлі амалдармен силлогизмдердің дұрыс құрылғанын тексере аласыздар. Осы амалдарды қолдануға жаттығу, сіздерде бірте-бірте дұрыс ой тұжырымын, бұрыс ой тұжырымынан ажырату дағдысын қалыптастырады. Ал бұл, логикалық мәдениетті білдіреді.


Тағы бір қосарымыз. Пайымдаулар түрлері туралы айта келе, біз әдеттегі жалпықұптаушы пайымдаулардан бөлек, ойлау тәжірибемізде баса көрсетілетін пайымдаулар деп аталатын түрінің де кездесетінін көрсеттік. Олардың өзіндік ерекшеліктері бар: онда субъект те, предикат та таратылған болады. Сондықтан, алғышарттары баса көрсетілген пайымдаулар болатын кесімді силлогизмдер, бірінші және екінші фигуралардың айрықша ережелеріне бағынбастан, ақиқат қорытынды береді. Яғни, қорытынды кіші алғышарт — құптаушы, не терістеуші болғанның өзінде де ақиқат болады.

Энтимемалар


Кесімді силлогизмдердің дұрыс модустарын пайдалану біздің ойлауымызға дәлелділік пен сенімділік белгілерін береді. Силлогизмдердің көмегімен, біз ойымыздың ақиқаттығы тек өзімізге ғана емес, басқа адамдарға да анық болатындай етіп құрамыз. Дегенмен, силлогизмдерде кейбір жағдайларда «айтпаса да түсінікті» алғышарттарды, мәселен «Барлық студенттер — адамдар» немесе «Бірде-бір әйел әке бола алмайды» дегендей алғышарттарды пайдалануға тура келетінін байқадыңыздар және бұл қажет емес педантизм сияқты. Әрине, біз осындай түсінікті пайымдауларды құра білуіміз керек. Себебі, олар тек бір қарағанда ғана түсінікті сияқты көрінуі мүмкін. Алайда талдау үшін оларды айқын құру керек шығар. Онымен қоймай, ойлау тәжірибесінде мұндай пайымдаулардың түсіп қалуы жиі кездеседі.


Құрамдас бөлігінің бірі түсіп қалған ой тұжырымын энтимема деп атайды. Бұлай аталуы гректің en tyme — «ойда» деген сөзінен шыққан. Бұл атаудың мағынасы — силлогизмнің қандай да бір бөлігі анық айтылмай, тек ойда ғана болуында. Анықтамада силлогизм емес, «ой тұжырымы» сөзінің қолданылуы кездейсоқтық емес. Энтимема формасын ой тұжырымының әр түрлері қабылдайды. Қазір біз қарапайым кесімді силлогизмдер мысалын аламыз. Ал қалғандарымен ой тұжырымының басқа түрлерін оқып-үйренгеннен кейін танысамыз. Энтимеманың құрылу механизмін қарастырайық. Мысалға I фигура бойынша құрылған силлогизмді аламыз.
«Қазақстанның барлық азаматтары білім алуға құқылы».
«Нұрланов — Қазақстан азаматы».
«Нұрлановтың білім алуға құқығы бар».
Бұл силлогизмдерден төмендегідей энтимемалар құруға болады: 1) Үлкен алғышарты түсіп қалған энтимема: «Нұрланов — Қазақстан азаматы, сондықтан ол білім алуға құқылы».
2) Кіші алғышарты түсіп қалған энтимема: «Қазақстанның барлық азаматтары білім алуға құқылы, ендеше Нұрланов та» (яғни, Қазақстан азаматы).
3) Қорытындысы түсіп қалған: «Қазақстанның барлық азаматтары білім алуға құқылы, ал Нұрланов та сондай» (яғни, Қазақстан азаматы).
II фигура бойынша тағы бір силлогизмді қарастырамыз.
«Бірде-бір прокурор қорғаушы болмайды».
«Бұл адам — прокурор».
«Бұл адам қорғаушы бола алмайды».
Мұнда да ұқсас энтимема түрлерін құруға болады:
«Бұл адам қорғаушы бола алмайды, өйткені ол прокурор».
«Бірде-бір прокурор қорғаушы бола алмайды, ендеше мына адам да».
«Бірде-бір прокурор қорғаушы бола алмайды, ал бұл адам — прокурор».
Энтимема — күнделікті ойлауда, шешендік өнерінде, ғылымда ой-тұжырымдарды пайдаланудың дәстүрлі амалы. Бір жағынан, энтимема толық ой-тұжырымына қарағанда қысқа, сондықтан жеңіл қабылданады. Басқа жағынан, энтимема дәйек иесіне белгілі бір жұмыс бөлігін қалдырады. Бұл энтимеманың шешендік өнерде және көркем әдебиетте пайдаланылуына негіз болады. Мәселен, егер дәйектеуші оған ұсынылған алғышарттардан тұжырымды өзі жасап және жетпей жатқан алғышарттарды құрастырса, нәтиженің нанымдылық, сенімділік дәрежесі жоғары болмақ. Тұжырым жасауға белгілі еңбек етіп, адресат ұсынылған қорытындыны өзінікі ретінде есептей бастайды. Ал біз көбінесе, өздеріміздің тұжырымдарымызға сенеміз.
Алайда біздің кісілігіміздің жалғасуы кемшілігіміз болып табылады.
Ой тұжырымының қысқарған түрі тиімді тәсіл бола тұра, формасының қысқалығымен белгілі бір қауіптерді жасырады. Қателер, әрине, анық айтылған пайымдауларда емес, мәтіннен түсіп қалған бөлігінде кетеді. Сол себептен энтимемалардың дұрыстығын тексеру үшін, оларды толық силлогизмге дейін толықтыру қажет. Тексеру бірнеше кезеңдерден тұрады:
1. Силлогизмнің түсіп қалған элементін анықтау: алғышарттар немесе қорытынды (естеріңізде болса, ой-тұжырымының жалпы сипатында), біз «нәтижесінде», «сондықтан», «сол себептен», «өйткені», «яғни» сөздері логикалық байланысты білдіреді деген едік. Егер олар энтимемада кездессе, онда бұл жерде қорытындының бар екенін көрсетеді. Ал бұл сөздер жоқ болса, ең алдымен қорытындының түсіп қалғанын көрсетеді.
2. Толық силлогизмде кездесуі тиіс орта, үлкен және кіші терминдерді анықтау.
3. Силлогизм фигуралары мен алғышарттарының ретін анықтау.
4. Силлогизмді толық формада құру.
Мысалы, энтимеманы қарастырайық: «Құлдарды қапаста ұстауға болмайды, өйткені олар адамдар».
1. Силлогизм қорытындысы — «өйткені» сөзінің алдындағы пайымдау; екінші пайымдауда «құлдар» термині басымдық танытады, ол қорытындының субъектісі, онда бұл — кіші алғышарт, ендеше үлкен алғышарт түсіп қалған.
Энтимеманы құрайтын пайымдаулар қалыпты формада болмайды, оларды соған жеткізу қажет. Олар: «Бірде-бір құлды қапаста ұстауға болмайды» және «Барлық құлдар — адамдар».
2. Силлогизм термині болып: «құлдар» — кіші термин, «кімдерді қапаста ұстауға болады» — үлкен термин, ал қорытындыда кездеспеген термин — «адамдар» — орта термин.
3. Толық ой-тұжырымы бірінші және екінші фигуралар бойынша болуы мүмкін.
Фигураны тандауға байланысты, орта терминнің жағдайы ауысады: бірінші фигурада — ол үлкен алғышарттың субъектісі, ал екіншіде — үлкен алғышарттың предикаты рөлін атқарады. Алдымен екінші фигураның мүмкіндігін қарастырамыз. Үлкен алғышарт бұл жағдайда:
«Қапаста ұсталуы тиіс адамдардың бірде-бірі адам болып табылмайды». Оның сөздің әдеттегі формасынан оғаш, біршама жасанды пайымдау екенін байқау қиын емес. Сондықтан басқа мүмкіндіктерді сынау керек.
Бірінші фигура бойынша үлкен алғышарт: «Бірде-бір адамды қапаста ұстауға болмайды». Бұл пайымдау табиғи болып табылады. Сол себептен бірінші фигураны таңдауымызға тура келеді. Осы фигура бойынша толық ой тұжырымы мынадай болады:
«Бірде-бір адамды қапаста ұстауға болмайды».
«Барлық құлдар — адамдар».
«Бірде-бір құлды қапаста ұстауға болмайды».
Жаңғыру дәуіріндегі итальян ойшылы Никколо Макиавеллидің «Патша» атты белгілі шығармасындағы «Жаңа билеуші әрқашан бұрынғыдан да сорақы, өйткені жаулап алушы жаңа қол астындағыларды ығыстырады» деген сөйлем энтимемаларды толықтыруға неғұрлым күрделі мысал бола алады.
Біз мұнда қорытынды мен алғышартты біріктіретін терминді көрмей тұрмыз. Мұнда энтимема бірден екі силлогизмді қысқартып тұр, біреуінен «Жаңа билеуші әрқашан бұрынғыдан да сорақы» деген қорытынды қалды, ал екіншісінің алғышарттарының бірі «Билеуші әрқашан өзінің айналасындағыларды ығыстырады» деген қалды.
Мұнда бәрібір ой тұжырымының бар екенін біздің «белгіміз» «өйткені» жалғаулығы білдіреді.
Энтимемаларды толық силлогизмдерге дейін толықтыру үшін біраз қиялдау керек.
«Әрқашан» сөзі жалпықұптаушы пайымдаулармен істі екенімізді көрсетеді және ол дұрыс формада былай: «Барлық жаңа билеушілер бұрынғыдан сорақы», «Барлық жаулап алушылар өз қол астындағыларын ығыстырады» деп құрылады.
Бірінші силлогизмде «Жаңа билеуші» терминін енгізу керек, онда «жаулап алушы» орта термин болады.
Онда бірінші силлогизм төмендегідей формада болады:
«Барлық билеушілер өз қол астындағыларды ығыстырады».
«Барлық жаңа билеушілер — жаулап алушылар».
«Барлық жаңа билеушілер өздерінің қол астындағыларды ығыстырады».
Тексеруден кейін оның дұрыстығына біздің көзіміз жетеді. Өйткені бірінші фигураның жалпы және айрықша ережесіне сәйкес келеді.
Екінші силлогизмде «Барлық жаңа билеушілер бұрынғыдан сорақы» деген қорытынды және «Барлық жаңа билеушілер өздерінің қол астыңдағыларды ығыстырады» деген кіші алғышарт бар, себебі, онда қорытынды субъектісі кездеседі.
Бұл жерден келесі силлогизм шығады:
«Өз қол астындағыларды ығыстыратын барлық билеушілер бұрынғы билеушілерден де сорақы».
«Барлық жаңа билеүшілер өз қол астындағыларды ығыстырады».
«Барлық жаңа билеушілер бұрынғыдан сорақы».
Бірінші силлогизмнің қорытындысы екінші силлогизмнің кіші алғышарты болып тұрғанын көрдік. Осы ой тұжырымы да дұрыс болып табылады.
Бұл энтимеманы толық силлогизмге дейін жетілдіргенде, біз неге қол жеткіздік?
Біріншіден, дұрыс ой тұжырымдарының бірізділігі түрінде, біз енді Макиавелли ойының өрбу жолын көрнекі толық формада елестете аламыз. Екіншіден, тәжірибелік қатынас үшін ең маңыздысы — Макиавеллидің түпнұсқа мәтініндегі түсіп қалған алғышартты айқындадық. «Барлық жаңа билеушілер — жаулап алушылар» және «Өздерінің қол астындағыларды ығыстыратын барлық билеушілер бұрынғы билеушілерден де сорақы» деген жаңа пайымдаулар шықты. Енді біз бірінші пайымдаудың жалған екенін байқаймыз. Өйткені біз өкімет басына келудің басқа да амалдарын көз алдымызға елестете аламыз. Мысалы, сарай төңкерісінің нәтижесінде немесе қазіргі жағдайда, сайлау нәтижесінде қол жеткізуге болады.
Екінші пайымдау жалған болмауы да мүмкін. Бірақ біршама оғаш, өйткені қол астындағыларға қысымшылық жасайтын билеушілер қатарына, әрине, «бұрынғы билеушілер» де кіретін шығар. Ендеше, бұрынғы билеушілердің өздерінен-өздері сорақы екендігі шығады.
Энтимемаларды толық формаға дейін толықтыру Макиавелли жіберген қателіктерді табуға көмектесті. Ол бір жалған пайымдауды қолданды, ал басқа белгісіз пайымдау, әрине анық айтылмай қалды.

Күрделі және қысқартылған күрделі силлогизмдер


Соңғы энтимеманы толықтыруда бізге бір емес екі силлогизм қажет болды. Шынында да, мұндай пайымдаулармен біз жиі кездесеміз. Неғұрлым күрделі ойлау конструкциясын құрайтын өзара байланысты силлогизмдердің шеңбері пайда болады.


Күрделі силлогизм немесе полисиллогизм деп алдыңгы силлогизмдердің қорытындысы, келесі силлогизмдердің алғышарты болатын қарапайым силлогизмдердің бірізділігін айтады.
Мұндай бірізділікте басқасының алдында келетін силлогизм просиллогизм деп аталады.
Силлогизмдер бірізділігінде басқасынан кейін келетін силлогизм эписиллогизм деп аталады.
Просиллогизмнің қорытындысы эписиллогизмде болуына қарай прогрессивті және регрессивті полисиллогизмдер деп жіктеледі.
Алдыңғы силлогизмнің қорытындысы келесі силлогизмнің үлкен алғышарты болатын полиссилогизм прогрессивті полиссилогизм деп аталады.
Алдыңғы силлогизмнің қорытындысы келесі силлогизмнің кіші алғышарты болып табылатын полисиллогизм регрессивті полисиллогизм аталады. Мысалы:
«Барлық қылмыс қоғамға қауіпті».
«Барлық талан-тараж — қылмыс».
«Барлық талан-тараж қоғамға қауіпті».

«Барлық талан-тараж: қоғамға қауіпті».


«Барлық ұрлық — талан-тараж».
«Барлық ұрлық қоғамға қауіпті».

«Барлық талан-тараж қоғамға қауіпті».


«Кітапханадағы кітаптарды жасырын иеленудін барлығы ұрлық ».
«Кітапханадағы кітаптарды жасырын иеленудің барлығы қоғамға қауіпті».
Осы прогрессивті полисиллогизм көмегімен біз кезең-кезеңмен, соншама жоғары түсініктілікпен «қоғамға қауіпті» белгісін қылмыстың жалпы ұғымынан оның ұсақ бір түрі — кітапханадан кітаптарды жасырын иеленуге ауыстырдық. Осындай жолмен прогрессивті полисиллогизмде терминдер көлемі азаяды.
Енді екінші мысал:
«Барлық ойшыл адамдар өзін-өзі жетілдіруге қабілетті».
«Кейбір кылмыскерлер ойшыл адамдар болып келеді».
«Кейбір қылмыскерлер өзін-өзі жетілдіруге қабілетті».

«Өзін-өзі жетілдіруге қабілетті барлық адамдар кешірімділікке лайық».


«Кейбір қылмыскерлер өзін-өзі жетілдіруге кабілетті».
«Кейбір қылмыскерлер кешірімділікке лайық».
Бұл регрессивті полисиллогизм және онда бірте-бірте терминдер көлемі көбейеді.
Полисиллогизмдер — жеткілікті зор көлемді конструкциялар және ойлау тәжірибесінде өте сирек пайдаланылады. Тәжірибеде, әдетте ойдың икемділігіне кедергі келтіретін кейбір түсінікті алғышарттар түсіп қалады. Әсіресе ол шешендер үшін өте маңызды. Мұндай жағдайда қысқартылған күрделі силлогизмнің сорит (гректе — үйілген) деп аталатын түрі пайда болады. Полисиллогизмнің екі түрі де қысқарады.
Прогрессивті сорит (басқаша оны сипаттаған логиктің атымен гокленилік деп аталады) просиллогизмнің қорытындысын және эписиллогизмнің үлкен алғышартын алып тастау арқылы прогрессивті полиссилогизмнен шығады. Прогрессивті сорит предикаты — қорытынды алғышарттан басталып, субъекті қорытынды болатын алғышартпен аяқталады.
Таныс мысалды қысқарту арқылы прогрессивті сорит аламыз:
«Барлық қылмыс қоғамға қауіпті».
«Барлық талан-тараж — қылмыс».
«Барлық ұрлық — талан-тараж».

«Барлық қылмыс қоғамға қауіпті».


«Кітапханадан кітаптарды жасырын иемдену — ұрлық».
«Кітапханадан кітапты жасырын иемденудің барлығы қоғамға қауіпті».
Регрессивті сорит (басқаша Аристотельдік) просиллогизмдер қорытындылары мен эписиллогизмдердің кіші алғышартын алып тастау жолымен регрессивті полисиллогизмнен пайда болады. Просиллогизмде алғышарттардың орындарын ауыстырамыз. Регрессивті сорит субъект-қорытынды болатын алғышарттан басталып, предикат-қорытынды болатын алғышартпен аяқталады.
Мысал ретінде сол алдыңғы регрессивті полисиллогизмді алайық.
«Кейбір қылмыскерлер ойшыл адамдар болып келеді».
«Барлық ойшыл адамдар өзін-өзі жетілдіруге қабілетті».
«Өзін-өзі жетілдіруге қабілетті барлық адамдарға кешіріммен қарауға болады».
«Кейбір қылмыскерлерге кешіріммен қарауға болады».
Біздің ойлау тәжірибемізде сорит түрлері әрқалай қолданылады. Егер біз аудиториямызға ойдың қандай да бір бізге белгілі нәрсеге, осы аудитория үшін жаңа, күтпеген қасиетке ие екенін айтқымыз келсе және бізге белгілі нәрсенің осы қасиетіне куә болуға аудиторияны бірте-бірте жеткізгіміз келсе, онда бізге кешіріммен қарауға болатын қылмыскерлер мысалындағыдай, Аристотельдік соритті пайдалану керек.
Гокленилік соритте біз қылмыстың белгілі және алғаш қарағанда соншама кінәдан пәк сияқты көрінетін «қоғамға қауіпті болу» қасиетін алдық та, бірте-бірте кітапхана кітабын иемдену әрекетіне таңдық.

Эпихейрема


Эпихейрема аталатын қысқартылған күрделі силлогизмнің тағы бір түрі бар.


Екі алғышарты да қысқартылған қарапайым кесімді силлогизм (энтимема) болатын силлогизм эпихейрема деп аталады.
Мысалы:
«Өтірік сенімсіздік тудырады, өйткені ол ақиқатқа сәйкес келмейді».
«Жағымпаздық деген өтірік, өйткені ол ақиқаттын өңін әдейі айналдыру».
«Жағымпаздық сенімсіздік тудырады».
Ой тұжырымының дұрыстығын тексеру үшін, бұл жағдайда эпихейреманы үш силлогизмнен құралатын толық полисиллогизмге айналдыру керек. Эпихейрема да барлық қысқартылған силлогизмдер сияқты, біздің пайымдауларымызды қысқа ықшам формада айтуға мүмкіндік береді.
Жасалған шолудан силлогистік форманың байлығы туралы, яғни, осындай логикалық құралдар арсеналын меңгерген адамның ойлау деңгейінің дамығандығы туралы тұжырым жасауға болады.

Силлогистік емес дедуктивті құрама ой тұжырымдары


(қатынас туралы пайымдаудан)

Қарастырылған барлық алдыңғы дедуктивті ой тұжырымы субъектілі-предикаттық құрылымға ие қарапайым атрибутивті пайымдаулардан құрылған. Дедуктивті құрама ой тұжырымы релятивті, яғни, қатынастар туралы пайымдаулардан да жасауға болады. Алғаш қарағанда олардың силлогизмдермен ұқсастығы бар.


Мысалы:
«Ш. Уәлиханов — Ф.М. Достоевскийдің замандасы».
«Г. Потанин — Ш. Уәлихановтың замандасы».
«Г. Потанин — Ф. М. Достоевскийдің замандасы».
Силлогизмдегідей бұл жерде де, логикалық қажеттілікпен белгілі тұжырым шығатын екі алғышарт бар.
Өзінің құрылымы бойынша , бұл ой тұжырымы силлогизмнің I фигурасын еске түсіреді. Алайда ұқсастық осымен бітеді. Бұл осы сөздің қатаң мағынасында-ақ силлогизм емес. Сыртқы ұқсастықтың астында мәнді айырмашылықтар да бар. Олар тағы да алғышарттарының сипатымен шартты: онда нәрсеге осы не басқа қасиеттің жататындығы (жатпайтындығы) емес, нәрселердің арасындағы қатынас көрсетіледі. Сондықтан мұнда силлогизмнің әдеттегі орта термині жоқ. Бірінші алғышарттағы «Ш. Уәлиха- нов» ұғымы және екіншідегі «Ш. Уәлихановтың замандасы» — бұл әртүрлі ұғымдар: біреуі нақты тұлғаны, екіншісі — оған басқа адамдардың қатынасын білдіреді. Сондықтан силлогизмдегідей тұжырым орта термин негізінде емес, басқаша жасалады. Сонымен қатар, мұнда алғышарттар үлкен-кішіге бөлінбейді.
Мұндай жағдайда ой тұжырымының негізіне не жатады?
Объективті, яғни, логикалық негіз қызметін мұнда бірдей қасиеттерге ие сондай не басқа қатынастың болуы (бұл жағдайда симметриялылық қасиеттің): белгілі адамдардың бір кезенде өмір сүруі көрсетеді.
Көптеген ғылымдарда — Жер тарихы, жердегі тіршілік, адамзат тарихы туралы осыған ұқсас ой-тұжырымдары жасалады, өйткені сөз қандай да бір объектілердің бар болуы, құбылыстардың, оқиғалардың, тарихи қайраткерлердің бір мезгілде өмір сүрулері туралы болып тұр.
Басқа да қатынастар — кеңістіктік (алыс-жақын), уақыттық (бұрын-кейін), сандық (тең, үлкен-кіші), отбасылық, құқықтық, моральдық және т.б. ой тұжырымдары болуы мүмкін.
«Эльбрус Монбланнан биік»,
«Эверест Эльбрустан биік»,
«Эверест Монбланнан биік» деген белгілі мысалды алдық.
Қатынастар туралы пайымдаулардан құрылған силлогистикалық емес ой тұжырымдар заң теориясы мен тәжірибесінде жиі пайдаланылады. Мысалы, қылмысты тергеуде, еңбек және мүлік дауларын шешуде және т.б. Сондай-ақ, неке бұзылуында және мүлікті бөлуде, оның некеге дейін немесе бірге өмір сүргенде алынғаны ескеріледі. Бұл жерден жұбайлар үшін құқықтық нәтиже шығады.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет