12.11. Меншікке салынатын салықтар
Меншікке салынатын салықтар рыноктық экономика жағдайларында мемлекет иелігінен алу үшін және жекешелендіру үдерісінің дамуына қарай меншіктік қатынастардағы нақтылы өзгерістермен байланысты едәуір орын алады. Меншікке салынатын салықтарға жер салығы, мүлік салығы, көлік құралдары салығы жатады. Меншікке салынатын салықтар негізінен жергілікті бюджеттерге есептеледі.
Салықтардың мөлшерлемелері меншіктің табыстылығы бойынша емес, сыртқы белгілер – меншіктің мөлшерлері бойынша белгіленетіндіктен фискалдық мақсаттан басқа салықтардың меншікті пайдаланудың тиімділігін көтермелеу мақсаты бар.
Меншікке салынатын салықтар қоғам алдындағы салықтық жауапкершілікті біркелкі етіп бөлуге мүмкіндік береді. Мұның әсіресе жер салығына, мүлік салығына қатысы бар.
Жер салығы 1992 жылы енгізілді. Жер салығын енгізу мынадай мақсаттарды көздейді: экономикалық әдістермен жерді ұтымды пайдалану және жерге орналастыру, жердің құнарлығын арттыру, оны қорғау жөніндегі шараларды жүргізу үшін, сонымен бірге аумақтың әлеуметтік-мәдени дамуы үшін бюджет кірістерін қалыптастыру. Жер салығын төлеу барлық жер иелері, жер пайдаланушылар, соның ішінде жалгерлер мен жер иелері үшін (бірқатар жағдайларды қоспағанда) міндетті болады. Алайда мемлеттік бюджетте бұл салық төлемдерінің үлесі көп емес – 0,3%-ға жуық.
Салық салу мақсаттарында барлық жерлер олардың нысаналы арналымы мен тиістілігіне қарай мынадай санаттарға бөлінеді: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер; елді мекендер жерлері; өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге ауыл шаруашылығы емес мақсаттағы жерлер; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлері, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жерлер; орман қорының және су қорының жерлері; босалқы қорлар жерлері.
Жердің қандай да болсын санатқа тиесілігі Қазақстан Республикасының жер заңнамасында белгіленеді.Елді мекендер жерлері салық салу мақсаты үшін мынадай екі топқа бөлінген:
тұрғын үй қоры, соның ішінде олардың жанындағы кұрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлерді қоспағанда, елді мекендер жерлері;
тұрғын үй қоры, соның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар орналасқан жерлер.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың,орман және су қорларының жерлері,сондай-ақ босалқы жерлер салық салуға жатпайды. Аталған жерлер (босалқы жерлерді қоспағанда) тұрақты жер пайдалануға немесе бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалануға берілген жағдайда,олар салық заңнамасында белгіленген тәртіппен салық салуға жатады.
Жер салығының мөлшері жер иеленушілер мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметінің нәтижелеріне байланысты болмайды.
Жер салығы меншік құқығын, тұрақты жер пайдалану құқығын, өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығын куәландыратын құжаттар және жер ресурстарын басқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әр жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша берген жерлердің мемлекеттік сандық және сапалық есебінің деректері негізінде есептеледі.
Жекеменшік құқығындағы, тұрақты жер пайдалану құқығындағы және бастапқы өтеусіз уақытша жер пайдалану құқығындағы салық салу объектілері бар заңи және жеке тұлғалар жер салығын төлеушілер, жер учаскесі (жер учаскесіне ортақ үлестік меншік кезінде − жер үлесі) салық салу объекті болып табылады. Мыналар: бірқатар мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар; шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режімі колданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер; Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен соларға теңестірілген адамдар; көп балалы аналар, бөлек тұратын зейнеткерлер (тұрғын үй қоры алып жатқан учаскелері, үй маңындағы жер учаскелері бойынша) жер салығын төлеуден босатылады.
Елді мекендердің ортақ пайдалануындағы жер учаскелері мен ортақ пайдаланудағы мемлекеттік автомобиль жолдарының желісі алып жатқан жер учаскелері салық салу объекті болып табылмайды. Ерекше қорғалатын орман, су қорларының жерлері, қосалқы жерлер салық салуға жатпайды.
Жер салығын айқындау үшін жер учаскесінің алаңы салық базасы болып табылады.
Салық мөлшерлемелері жердің сапасына, тұрған орнына, сумен қамтамасыз етілуіне қарай, топырақ сапасы бойынша сараланған және жер алаңының бір өлшеміне – гектарға, шаршы метрге белгіленген.
Жерлерге салынатын базалық салық мөлшерлемелері салық заңнамасымен белгіленеді. Ең жоғарғы мөлшерлемелер елді мекендердің жерлеріне белгіленеді; бұл мөлшерлемелер алаңның бір шаршы метріне белгіленген және елді мекендердің түрлері бойынша: елді мекендердің жеріне, тұрғын үй қорының жеріне, соның ішінде оның іргесіндегі кұрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жерлерге сараланған.
Ең төменгі мөлшерлемелер шөлейтті, шөлді, тау бөктеріндегі және таулы өңірлердегі суарылмайтын жерлерге белгіленеді.
Жеке тұғаларға қора-қопсы салынған жерді қоса алғанда,өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын,бағбандық және саяжай құрылысын жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге базалық салық мөлшерлемелері мынадай мөлшерде белгіленген:
1) алаңы 0,50 гектарға деін қоса алғанда – 0,01 гектар үшін 20 теңге;
2) алаңы 0,50 гектардан асатын алаңға – 0,01 гектар үшін 100 теңге.
Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік және басқа салалық мақсаттағы жерлерге мөлшерлемелер алаңның бір гектарына есептеліп бонитет (сапа) балына бара бар түрде жер салығының базалық мөлшерлемелері 1 ден 100 балға және одан жоғары болып белгіленген.
Елді мекендер түрлері және учаскелердің мөлшерлері бойынша сараланған үй іргесіндегі жер учаскелеріне жекелеген базалық мөлшерлемелер белгіленген.
Жергілікті өкілді органдардың жер заңнамасына сәйкес жер салығының базалық мөлшерлемелерін түзетуге, яғни төмендетуге немесе жоғарылатуға құқығы бар. Бұл ретте жекелеген салық төлеушілер үшін жер салығының мөлшерлемелерін жеке-дара төмендетуге немесе жоғырылатуға тыйым салынады.
Қызметтің игіліктік және әлеуметтік сипатындағы төлеушілері санаттарының бірқатары салықты есептеген кезде базалық мөлшерлемелерге 0,1 коэффициентті қолданады. Сонымен бірге жер салығын төлеушілер жер учаскесін немесе оның бір бөлігін жалға өзге негіздерде пайдалануға беру немесе коммерциялық мақсаттарда пайдалану негізінде салықты 0,1 коэффицентті қолданбай
есептейді.
Коммерциялық мақсаттарда (автотұрақтар, автомобильдерге май құю станциялары, рыноктар,казино) пайданылатын жерлерге ( тұрғын үй қорын қоспағанда) елді мекендер жерлеріне белгіленген базалық мөлшерлемелер бойынша он есе ұлғайтылған салық салуға жатады.
Салық кезеңінде мүгедектер саны жұмыскерлердің жалпы санының кемінде
51 пайызын құрайтын және мүгедектердің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар еңбекке ақы төлеу бойынша жалплы шығыстардың кемінде 51 пайызын құрайтын әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдар салықты есептеу кезінде тиісті мөлшерлемелерге 0 коэффициентін қолданады.
Арнаулы экономикалық аймақтар аумағында орналасқан және салық заңнамасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілері бойынша жер салығын есептеу кезінде тиісті мөлшерлемелерге 0 коэффициенті қолданылады.
Салықты есептеу әрбір жер учаскесі бойынша жеке салық базасына тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізіледі. Заңи тұлғалар жер салығының сомаларын салық базасына тиісті салық мөлшерлемелерін қолдану арқылы дербес есептейді. Қорғаныс қажеті үшін берілген жерлерге салынатын салықты алу тәртібін Үкімет белгілейді.
Бюджетке жер салығын төлеу жер учаскесінің орналасқан жері бойынша жүргізіледі.
Жеке тұлғалар (өз қызметінде пайдаланылатын жер учаскелері бойынша – дара кәсіпкерлерді,жекеше нотариустарды, адвокаттарды қоспағанда) төлеуге жататын жер салығын есептеуді салық органдары тиісті салық мөлшерлемелері мен салық базасын негізге ала отырып 1 тамыздан кешіктірмей жүргізеді және бюджетке жер салығын ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлейді. Заңи тұлғалардың ағымдағы төлемдерінің сомасы ағымдағы жылда төрт рет тең үлестермен төленуге жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |