Мүлік салығы тура нақты салыққа жатады, оның мөлшері мүліктің табыстылығына емес, төлеушілер мүлкінің құнына байланысты болады. Салық мүлік иелеріне оны тиімді иеленуге түрткі болады. Мүлік салығының мемлекеттік бюджеттің түсімдеріндегі үлес салмағы шамалы – небәрі 2,5%-ды (2010 ж.) құрайды.
Мүлік салығы оның біршама екі дербес түрін кіріктіреді: заңи тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығы және жеке тұлғалардың мүлік салығы.
Бірінші жағдайда Қазақстан Республикасы аумағында меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқығында салық объекті бар заңи тұлғалар, Қазақстан Республикасы аумағында меншік құқығында салық салу объекті бар дара кәсіпкерлер, концессия келісімшартына сәйкес концессия объекті болып табылатын салық салу объектін иеленуге, пайдалануға құқығы бар концессионер мүлік салығын төлеушілер болып табылады. Салық заңнамасында белгіленген құқықтарда салық салу объектілері бар заңи тұлғаның шешімі бойынша оның құрылымдық бөлімшелері дербес салық төлеушілер ретінде қарастырылады.
Жекелеген жағдайларда мүлік салығын төлеушілер Салықтық кодексте белгіленген тәртіппен анықталады. Меншік иесі салық салу объектілерін сенімгерлікпен басқаруға берген кезде меншік иесімен келісім бойынша салық төлеуші сенімгерлік басқарушы болуы мүмкін.
Бұл ретте сенімгерлік басқарушының немесе жалға алушының салық төлеуі салық салу объекті меншік иесінің есепті кезең үшін салықтық міндеттемесін орындауы болып тыбылады.
Егер салық салу объекті пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін салық салу объектілерін қоспағанда,бірнеше тұлғаның ортақ үлестік меншігінде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеуші деп танылады.
Бірлескен ортақ меншіктегі салық салу объектілері бойынша осы салық салу объектілерінің меншік иелерінің бірі олардың арасындағы келісім бойынша салық төлеуші бола алады.
Қаржылық лизингке берілген объектілер бойынша лизинг алушы салық төлеуші болып
табылады.
Пайлық инвестициялық қор активтерінің құрамына кіретін салық салу объектілері бойынша осы қордың басқарушы компаниясы салық төлеуші болып табылады.
Мыналар мүлік салығын төлеушілер болып табылмайды:
1) өз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, сақтау және өңдеу үдерісінде тікелей пайдаланылатын,меншік құқығында бар салық салу объектілері бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер;
2) мемлекеттік мекемелер;
3) уәкілетті мемлекеттік органының қылмыстық жазаларды атқару сферасындағы түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындары;
4) діни бірлестіктер.
Жоғарыдағы 2)-4) тармақшаларда аталған заңи тұлғалар пайдалануға, сенімділікпен басқаруға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша салық төлеушілер болып табылады.
Ескерту: 3) тармақшада аталған заңи тұлғалар пайдалануға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша салық төлеуден босатылмайды.
Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген сыныптамаға сәйкес осындайларға жататын және негізгі құралдар құрамында есепке алынатын ғимараттар, құрылыстар немесе қаржылық есептеменің халықаралық стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептеме туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жылжымайтын мүлікке инвестициялар, концессия шартына сәйкес концессия объектілері болып табылатын ғимараттар, құрылыстар салық салу объекті болып табылады.
Мыналар: жер салығын салу объекті ретіндегі жер; Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша консервацияда тұрған ғимараттар, құрылыстар; ортақ пайдаланылатын мемлекеттік автомобиль жолдары және олардағы жол құрылыстары; аяқталмаған құрылыс объектілері салық салу объектілері болып табылмайды.
Бухгалтерлік есептің деректері бойынша айқындалатын салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны заңи тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің салық салу объектілері бойынша салық базасы болып табылады.
Концессия объектілерінің орташа жылдық баланстық құны болмаған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орталық орган белгілеген тәртіппен айқындалған осындай объектілердің құны салық базасы болып табылады.
Заңи тұлғалар мүлік салығын салық базасының 1,5 пайыз мөлшерлемесі бойынша, ал оңайлатылған мағлұмдама негізінде арнаулы салық режімін қолданатын дара кәсіпкерлер мен заңи тұлғалар 0,5 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептейді. Коммерциялық емес ұйымдар, әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдар, негізгі қызмет түрі кітапханалық қызмет көрсету саласындағы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) болып табылатын ұйымдар, ғылыми кадрларды мемлекеттік аттестаттау саласындағы: функцияларды жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік меншіктегі және бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландырылатын су қоймаларының, су тораптарының және табиғат қорғау мақсатындағы басқа да су шаруашылығы құрылыстарынын объектілері бойынша заңи тұлғалар, ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші заңи тұлғалардың және шаруа немесе фермер қожалықтарының жерін суландыру үшін пайдаланылатын гидромелиоративтік құрылыс объектілері бойынша заңи тұлғалар, ауыз сумен қамту объектілерін пайдаланатын заңи тұлғалар салық базасының 0,1 пайыз мөлшерлемесі бойынша мүлік салығын есептейді. Бұл заңи тұлғалар пайдалануға, сенімгерлікпен басқаруға немесе жалға берілген салық салу объектілері бойынша олардың мүлік салығын есептейді және төлейді.
Салық төлеушілер салықты есептеуді салық базасына тиісті салық мөлшерлемелерін қолдану арқылы дербес жүргізеді.
Салықтың ағымдағы төлемдерінің сомасын, патент негізінде арнаулы салық режімін қолданылатын дара кәсіпкерлерді қоспағанда,салық төлеуші салық кезеңіндегі 25 ақпаннан,25 мамырдан,25 тамыздан және 25 қарашадан кешіктірмей тең үлестермен енгізеді.
Салық төлеуші салық кезеңі ішінде мағлұмдаманы табыс ету мерзімі бағаланғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей түпкілікті есеп айырысуды жүргізеді және мүлік салығын төлейді.
Мүлікке салынатын салықты төлеудің көзі табыстың мүлікті пайдаланудың нәтижесі болып табылатындығына немесе өзге де әдістермен алынатындығына қарамастан олардың табысы болып есептеледі.
Меншік құқығында салық салу объекті бар жеке тұлғалар жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеушілер болып табылады.
Егер салық салу объекті бірнеше тұлғаның ортақ үлестік меншігінде болса, осы тұлғалардың әрқайсысы салық төлеуші деп танылады.
Бірлескен ортақ меншіктегі салық салу объектілері бойынша өздерінің арасындағы келісіммен осы салық салу объекті меншік иелерінің бірі салық төлеуші болып табылады.
Жеке тұлғаларға меншік құқығымен тиесілі Қазақстан Республикасы аумағындағы тұрғын үй-жайлар, саяжай құрылыстары, гараждар және өзге құрылыстар, ғимараттар, үй-жайлар және аяқталмаған құрылыс объектілері қоныстану (пайдалану) кезінен бастап оларға мүлік салығын салу объекті болып табылады.
Әрбір жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілейтін,тиісті тәртіппен айқындалған салық салу объектілерінің құны жеке тұлғалар үшін тұрғын үй-жайлар,саяжай құрылыстары немесе аяқталған құрылыс объектілері бойынша салық базасы болып табылады.
Жеке тұлғалардың мүлік салығы салық салу объектілерінің құнына қарай
(1 млн.теңгеден 120 млн. теңге және жоғары) жыл сайын 0,05%-дан 1,0%-ға дейінгі мөлшерлеме бойынша төленеді.
Жеке тұлғалардың салық салу объектілері бойынша салықты есептеуді салық кезеңінің 1 тамызынан кешіктірмей тиісті салық мөлшерлемесін салық базасына қолдану арқылы салық төлеушінің тұрғылықты жеріне қарамастан салық салу объектілерінің орналасқан жері бойынша салық органдары жүргізеді.
Меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару кұкығында салық салу объектілері бар заңи тұлғалар, олардың құрылымдық бөлімшелері көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады. Мүлік салығының үлесі мемлекеттік бюджет түсімдерінде 0,6 пайызға жуық орын алады. Лизинг алушы қаржылық лизингтің келісімшарты бойынша берілген (алынған) салық салу объектілері бойынша көлік құралдары салығын төлеуші болып табылады.
Мыналар: жалпы меншік құқығында, өзінің мүшелеріне тиесілі және өзінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру,сақтау және өңдеу үдерісінде тікелей пайдаланылатын меншік құқығындағы көлік құралдары бойынша бірыңғай жер салығын төлеушілер; өзінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығының техникасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер; мемлекеттік мекемелер; мүгедектер; жоғары наградтармен марапатталған адамдар және бірқатар субъектілер көлік құралдары салығын төлеуден босатылады.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге жататын және (немесе) есепте тұрған көлік кұралдары, тіркемелерді қоспағанда, салық салу объектілері болып табылады. Жүк көтергіштігі 40 тонна және одан асатын карьерлік автосамосвалдар, мамандандырылған медициналық көлік кұралдары салық салу объектілері болып есептелмейді.
Салық мөлшерлемелері салық салу объектілеріне (көлік құралдары қозғағышының көлеміне, жүк көтергіштігіне және түрлеріне) қарай АЕК-мен белгіленген және көлік құралдарының түрлері бойынша сараланған. Бұл ретте салықты есептеу үшін Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болған АЕК қолданылады. Пайдаланылу мерзіміне қарай ұшу аппаратының салық мөлшерлемелеріне түзету коэффициенттері қолданылады. Салық төлеуші салық салу объектілерін, әрбір көлік құралы бойынша салық мөлшерлемесін негізге ала отырып, салық кезеңі үшін салық сомасын дербес есептейді.
Көлік құралы меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару кұқығында салық кезеңінен аз уақыт болған жағдайда, салық сомасы көлік құралы меншік құқығында, шаруашылық жүргізу кұқығында немесе оралымды басқару құқығында іс жүзінде болған кезең үшін салықтың жылдық сомасын он екіге бөлу және көлік құралы меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе оралымды басқару құқығында іс жүзінде болған айлардың санына көбейту арқылы есептеледі. Салық кезеңі ішінде дара кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, адвокаттар өз қызметінде пайдаланатын салық салу объектілеріне меншік құқығын, сондай-ақ заңи тұлғалар салық салу объектілеріне меншік, шаруашылық жүргізу немесе оралымды басқару құқықтарын берген кезде салық сомасы белгілі бір тәртіппен есептеледі. Сатып алу кезінде Қазақстан Республикасында есепте тұрмаған көлік құралын сатып алған кезде салық сомасы көлік құралына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе оралымды басқару құқығы туындаған айдың бірінші күнінен бастап салық кезеңінің соңына дейінгі кезең үшін есептеледі. Заңи тұлғалар ағымдағы төлемдерді енгізу арқылы ағымдағы төлемдер сомасын төлеуді салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша, салық кезеңінің 5 шілдесінен кешіктірмей жүргізеді.
Көлік кұралына меншік құқығын, шаруашылық жүргізу құкығын немесе оралымды басқару құқығын салық кезеңінің 1 шілдесінен кейін алған жағдайда, заңи тұлғалар салық кезеңі үшін мағлұмдаманы табыс ету мерзімі басталғаннан кейінгі күнтізбелік он күнінен кешіктірілмейтін мерзімде көрсетілген көлік құралдары бойынша салық төлеуді жүргізеді. Жеке тұлғалар меншік құқығында 1 қазанға дейін болған көлік құралдары бойынша бюджетке салық төлеуді салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша салық кезеңінің 1 қазанынан кешіктірмей жүргізеді.
Көлік құралдары салығын есептеу мен төлеуге арналған салық кезеңі күнтізбелік жыл болып табылады.
Салықтық кодексте көрсетілген көлік құралына меншік құқығын, шаруашылық жүргізу құқығын немесе оралымды басқару құқығын салық кезеңінің
1 қазанынан кейін алған жағдайда, бюджетке салық төлеу көлік кұралын мемлекеттік тіркеуге дейін немесе тіркеу мезетінде жүргізіледі. Жеке тұлғалар үшін бюджетке салық төлеу мерзімі салық кезеңнің 31 желтоқсанынан кешіктірілмейтін күн болып табылады.
Салықты төлеу салық салу объектінің тіркелген орны бойынша жүргізіледі.
Көлік құралдарын тіркеуден, қайта тіркеуден немесе мемлекеттік техникалық бақылаудан өткізген жағдайда, жеке тұлғалар көрсетілген әрекеттерді жасағанға дейін Салықтық кодексте белгіленген тәртіппен салықты есептейді және бюджетке төлеуді жүргізеді.
Көлік құралдарының меншік иесі атынан иеліктен шығару құқығымен көлік құралын басқаруға арналған сенімхат негізінде сенім білдірілген болып табылатын жеке тұлғаның салық кезеңі үшін көлік құралдарына салық төлеуі көлік кұралы меншік иесінің осы салық кезеңі үшін салықтық міндеттемені орындауы болып табылады.
Салық төлеуші-заңи түлғалар көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ағымдағы салық кезеңінің 5 шілдесінен кешіктірмей, мағлұмдаманы есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша салық органдарына табыс етеді.
Мемлекеттік бюджет түсімдерінде көлік құралдары салығының үлесі 0,35%-ды құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |