Басқа қаржылық шығындардан сақтандыру қаржылық-шаруашылықтық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде жұмыстан айырылу, кірісті жоғалту, қолайсыз табиғи құбылыстар, үздіксіз, болжанбаған шығыстар, рыноктық құнын жоғалту және басқа да шығындар салдарынан шығын келтіру кезінде сақтық төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы болып табылады.
Сот шығыстарын сақтандыру – сақтанушының (сақтандырылушының) соттың істі қарауына байланысты олардың көтерген шығыстары салдарынан шығындануы кезінде сақтық төлемдерін жүзеге асыру көзделетін сақтандыру түрлерінің жиынтығы.
Қазақстан Республикасының аумағында сақтық ұйымының қызметі «өмірді сақтандыру» саласы бойынша лицензия немесе «жалпы сақтандыру» саласы бойынша лицензия негізінде сақтандырудың лицензияда көрсетілген тиісті сыныптары шегінде жүзеге асырылады.
«Жалпы сақтандыру» саласындағы қызметті:
1) «өмірді сақтандыру» саласындағы қызметпен біріктіруге;
2) жинақтаушы сақтандыру нысанында жүзеге асыруға болмайды. «Өмірді сақтандыру» саласындағы қызметті «жалпы сақтандыру» саласындағы қызметпен, сонымен бірге сақтандырудың міндетті нысынындағы тиісті сыныптарды біріктіре алмайды.
Сақтық ұйымы, өзінде сақтандырудың тиісті сыныптары көрсетілген және сақтандыру заңнамасында белгіленетін сақтандыру сыныптарын біріктіру жөніндегі шектеулер ескерілген лицензия болған жағдайда, сақтандырудың екі және одан да көп сыныптарының белгілері мен мазмұнын ұштастыратын сақтандыру түрін әзірлеуге құқылы.
Сақтық ұйымдарының сақтандыру сыныптары шеңберінде тәуекелдерді сақтандыру жөніндегі, сондай-ақ сақтандыру сыныптарының мазмұнын қосымша ашу жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде өзінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуіне байланысты талаптар уәкілетті мемлекеттік органның нормативтік-құқықтық актілерімен белгіленеді.
Сақтандырудың экологиялық тәрізді түрі жіктемеде аралық жағдайда болады: ол жеке басты және мүліктік, міндетті және ерікті болуы мүмкін.
Бұдан басқа, мына критерийлер бойынша сақтандырудың нысандарын айырады:
міндеттілік дәрежесі бойынша – ерікті және міндетті;
сақтандыру объекті бойынша – жеке басты және мүліктік;
сақтық өтемді жүзеге асыру негіздері бойынша – жинақтаушы және жинақтаушы емес.
Ерікті сақтандыру – тараптардың еркін білдіруіне орай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Ерікті сақтандыру нысанындағы сақтандырудың жекелеген сыныбын (түрін) жүргізу жағдайлары бойынша қосымша талаптар, оның ішінде сақтандырудың жекелеген сыныптары (түрлері) шеңберіндегі пруденциялық нормативтер уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
Міндетті сақтандыру – заңнамалық актілер талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру. Ол сақтанушының есебінен жүзеге асырылады. Міндетті сақтандыру кезінде сақтанушы сақтандырушымен осы сақтық қатынастарды реттейтін құқықтық актімен белгіленген жағдайларда келісімшарт жасасуы міндетті. Міндетті сақтандырудың келісімшарты өзінің қызметтерін ұсынған кез келген сақтандырушымен жасалуы мүмкін. Мемлекеттік сақтық ұйымы үшін мұндай келісімшарт жасасу оның міндеттілігі болып табылады. Міндетті сақтандырудың әрбір түрі сақтандырудың жеке (бөлек) сыныбы болып табылады. Міндетті сақтандыру нысаны бойынша әрбір сыныптың мазмұны және оны жүргізу жағдайлары бойынша қосымша талаптар сақтандырудың осы сыныбын реттейтін заңнамалық актілермен белгіленеді.
Жеке басты сақтандыру – жеке тұлғаның өміріне, денсаулығына және жеке адам ретінде сақтандырушының да, сондай-ақ үшінші тұлғалардың да басқа қасиеттеріне қатысты оның (жеке тұлғаның) мүддесін сақтандыру. Жеке басты сақтандырудың арналымы азаматтардың өмірінде белгілі бір уақиға болған кезде оларға шарттасылған ақшалай соманы төлеуде болып табылады.
Мүліктік сақтандырудың арналымы әр алуан мүлікке дүлей апаттар мен басқа жазатайым уақиғалар келтірген залалдарды өтеуде болады. Демек, сақтандырудың объекті әр алуан материалдық құндылықтар және олармен байланысты мүдделер болып келеді.
Мына негіздемелердің: сақтандыру келісімшартымен белгіленген кезеңнің өтуі бойынша, не сақтық жағдайы болған кезде кез келгені бойынша сақтық төлемін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру жинақтаушы болып табылады. Жинақтаушы емес сақтандыру тек сақтық жағдайы болған кезде сақтық төлемін жүзеге асыруды қарастыратын сақтандыру болып табылады.
Сақтандыру түрі сақтық ұйымы сақтанушыға сақтандыру келісімшартын жасасу арқылы сақтандырудың бір немесе бірнеше сыныбы шеңберінде әзірлейтін және беретін сақтық өнімі болып табылады.
Шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар шетелдік заңи тұлғалар, соның ішінде өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыратындар сақтандыру арқылы қорғалу құқығын Қазақстан Республикасы азаматтарымен және заңи тұлғаларымен бірдей пайдаланады.
Заңи тұлғаның немесе оның оқшауланған бөлімшелерінің Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан мүліктік мүдделерін және Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын жеке тұлғаның мүліктік мүдделерін сақтандыру тек қана сақтық ұйымы – Қазақстан Республикасының резиденті жүзеге асыра алады.
Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтық ұйымдарымен, жұмыс істеу, оқу, емделу немесе демалу мақсатында Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша болатын жеке тұлғалармен – Қазақстан Республикасының резиденттерімен Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде уақытша болу кезеңіне ғана сақтандыру келісімшарттарын жасасуға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының екінші деңгей банктеріне және банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға жеке және заңи тұлғалардан – Қазақстан Республикасының резиденттерінен Қазақстан Республикасының бейрезиденттерінің пайдасына сақтық сыйлықақыларын (жарналарын) төлеуге байланысты төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыруға тыйым салынады.
Агенттік басқармасының қаулысымен 2010 жылғы 1 наурызда «Сақтық төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының қызметін реттейтін бірқатар нормативтік-құқықтық актілерді атап айтқанда: аталмыш акционерлік қоғамның есептеме беру, қоғамды ерікті қайта ұйымдастыруға немесе таратуға рұқсат беру, қоғамның акцияларын сатып алу, сондай-ақ орналастыру туралы, басшы қызметкерлерін сайлауға (тағайындауға) келісімді беру мен қайтарып алу және оларға біліктілік талаптарын белгілеу, қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі қабылдайтын шешімдерді келісу ережелері бекітілді.
Достарыңызбен бөлісу: |