«Біз кімбіз?» Сократтың: «Өзіңді танытпай жатып, өзгені танимын дегені күлкімді тудырады» дегенін ескеріп, ең алдымен, «біз кімбіз?» деген сұраққа жауап іздеп көрсек. «Біз кімбіз?» бұл сұрақтың жауабы біздің жанымызды, рухани әлемімізді танытатын әдебиетте жатқандығы ақиқат. Бірақ әдебиетті, көркем туындыны талдаудың сан түрлі жолы бар. Біз жоғарыдағы сұрақтың жауабын анықтау үшін философиядағы «идеал» категориясын басшылыққа алғымыз келеді. Себебі, әдеби көркем туындылардағы жағымсыз кейіпкерлер халықтың өзін емес, оның неден жиіркенетінін, нені ұнатпайтынын танытса, ондағы жағымды кейіпкерлер оның нені ұнататынын, адам бойындағы қандай қасиеттерді жоғары бағалайтынын көрсетеді. Ал идеал бейне болса, халықтың, ұлттың нені аңсайтынын, армандайтынын көрсетеді, жан қалауын танытады. Халықтың жан қалауы оның ерекшелігін, кім екендігін, құндылықтарын айғақтайды. Сондықтан да «біз кімбіз?» деген сұраққа да біздің идеалдарымыз кім екенідігін көрсету арқылы жауап бере алмақпыз. Бұл − бір. Екіншіден, жоғарыда айтқанымыздай, біз бұл сұрақтарға жауапты Алаш идеясы контекстінде анықтауға тырысамыз және бұл жауаптың генезисін ұлттық тарихымызбен, мәдениетімізбен, әдебиетімізбен сабақтастыра жүргіземіз. Сондықтан, ең алдымен, Алашорда үкіметінің басты идеологы Әлихан Бөкейханның «Қазақ» газетінде жариялаған мақаларында сол кездегі қоғамға ұсынған идеалын анықтау арқылы «біз кімбіз?» деген сұрақтың жауабын тауып көрмекпіз. Кейін оны ұлттық әдебиетіміздегі идеалдарымызбен сабақтастырамыз. Осы себепті «Қазақ» газеті жарыққа шыға бастаған алғашқы жылындағы Әлихан Бөкейханның жариялаған мақалаларын саралап қарағанда, мақала түйіндерінде белгілі бір дәрежеде жеке адамдар бойында болу қажетті қасиеттерді атағанын байқаймыз. Оларды жинақтап келгенде автор бейнелеген тұлға «жол тапқан, жұрт үшін қызмет еткен, ата баласы жақсылар, әділ кісі, харам жимайтын, халық үшін жаумен алысатын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, тура, ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден екенін ұққан кісі» болуы қажет [2, 75-236]. Бұл аталған идеал бейнені ұлттық әдебиетіміздегі идеалдармен бірге қарастыратын болсақ, ойымызға Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адам» ілімі, Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған «Ар» ілімі оралады. Ал бұл ілімдердің негізінде әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» сынды трактаттары, Жүсіп Баласұғынның «Құтадғу білік» сынды кітаптары жатқандығын қазіргі ғылым дәлелдеп отыр [3]. Демек Алаш идеясы ұстанымдарының, құндылықтарының біздің терең тарихымыздан шығып жатқандығын көреміз. Ал бұл талаптардың, ұстанымдардың идеология ретінде жүзеге асқандығын Алаш партиясына мүшелікке өту үшін қойылған «Алаш программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура, кісі осы партияға кіреді» деген сынды талаптардан байқасақ болады [4, 39]. Енді бұл айтылғандарды жинақтап «біз кімбіз?» деген сұраққа концепциялық жауап іздеп көрсек. Әрине бұл жерде бізге шығармашылық ізденіс те талап етілді. Себебі осы уақытқа дейін Алаш көсемі болсын, жалпы қазақ әдебиетінің кез-келген белді өкілі болсын бұл сұрақтың айналасында толғанып, қазақтың типтік образын, идеалды бейнесін жасауға тырысты, енді бізге осы мол әдеби материалдар мен қазақ халқын біріктірген Алаш идеясының сабақтасқан жерінен «біз кімбіз?» деген метафизикалық сұрақтың концепциялық жауабын таба білуіміз қажет етіледі. Алаш көсемі ұсынған «жұрт үшін қызмет қылатын, ата жолын қуған, әділ, тура, шыншыл, харам жимайтын» кісісін, Алаш партиясына өте алатын «өтірік айтпайтын, шынынан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниелікке қызығып сатылмайтын, шыншыл, әділ, тура» кісісін, Абай Құнанбайұлы ұсынған «Толық адамы» мен Шәкәрім Құдайбердіұлы ұсынған «Арлы» адамын қазақ жалпылама түрде кім деп атағанын анықтасақ, біздің кім екендігіміз анықталмақ. Ал мұндай адамды қазақ, бәріміз білетіндей, күнделікті өмірде де, жалпы танымдық деңгейде де ТЕКТІ адам деп атаған. Иә, иә, дәл өзі. ТЕКТІ адам. ТЕКТІ халық. ТЕКТІ ұлт. Бір қызығы, бұл ұғымды басшылыққа алып Алашорда көсемі мен идеологы Әлихан Бөкейханның сан қырлы тақырыпта жазылған мақалаларын қайта талдайтын болсақ, осы идеяға саятын моральдық ұстанымдарды, рухани құндылықтарды айқын көреміз, бірден байқаймыз. Халыққа осындай рухани талап қойып қана қоймай, өзі де осы дәрежеге лайық болуға тырысқанын бүкіл өмір жолы арқылы да, «тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген өмірлік ұстанымдары арқылы да көре аламыз. Одан бөлек, Алаш көсемінің әлемдік саяси процестерге де тектілік биігінен баға бергенін «Бас салып әлі келгенді тал түсте талап алатын болса, ұят, абыройдан тысқары болса, жығылған жаққа қылғаны иттік болса мұның жетілген Еуропалығы, христиандығы қайсы? Өзі туралық жолдан шығып, адам бола тұрып «ит боламын» деген бұл төрт досқа сырың қайырлы болсын демес пе?» [2, 234] − деп түріктердің ішкі тұрақсыздығын пайдаланып жабылып, жеріне баса көктеп кіріп жатқан Еуропа корольдіктерінің тексіздіктерін ашық сынаған мақаласынан да байқау қиын емес. Халық өзінің әдебиеті арқылы идеалдар жасап, сол идеалдарға талпынатыны, ал ол оның тарихи контексте кім екендігін танытатындығы жайлы тұжырымымызды да Әлихан Бөкейханның «Женщина по киргизской былине Кобланды» мақаласындағы мына пікірімен сабақтастырсақ болады: «Каждая, эпическая даже, песня носитъ на себя отпечатокъ субъективной личности слагателя съ его взглядами на жизнь и съ его стремленіями и идеалами, вместе съ темъ отличается, насколько это вазможно, исторической правдивостью» [5, 295]. Бұлардан келіп шығатыны, Алаш көсемі идеолог ретінде тікелей тектілік ұғымын атын атап, түсін түстемесе де, бүкіл ғұмыр жолы, іс-әрекеті арқылы осы атқа сай болуға тырысқанын, басқаларға да осындай талап қоя алғандығын, өзін, халқын текті деп танығандығын, сондықтан да әлемдегі басқа ұлттардың тексіздікке барып жатқанын көрсе, ашық сынаудан тайсалмағандығын көріп отырмыз. «Біз кімбіз?» деген сұраққа ғылыми толғанысымызды қорыта келгенде, біз адам бойындағы әділдікті, шыншылдықты, нұрлы ақылды, ыстық қайратты, жылы жүректі, арлылықты, қайсарлықты, туралықты, тазалықты бағалайтын, өзіне де сондай биік, ізгі талаптар қоятын, сол атқа сай болуға тырысатын текті халықпыз, текті ұлтпыз, текті қазақпыз. Қайдан келдік? Бұл сұраққа келгенде Алаш көсемі әрі идеологы Әлихан Бөкейханның қызметін екіге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі, қазақ жазба тарихын жазып, қазақтың түбін тануға тырысқаны, «Алаш» ұран концепциясы арқылы сол кездегі кең байтақ қазақ жерін біріктіргені, қазақ халқын бір тудың астына жинағаны болса, екіншісі, қазақ тарихына тектілік тұрғысынан қарап, сол замандағы және қазірге дейінгі ориенталистерден өзгеше, жаңаша көзқарас ұсынып, сол биіктен келіп шығып басқаларды да сынап, талап қойып, осы негізде мемлекеттік саясатқа идеологиялық бағдар бере білгені болмақ. Енді осы қызметтерге кезек-кезек тоқталып өтетін болсақ. Бірінші кезекте, Алаш көсемі «Қазақ» газетінің алғашқы сандарынан бастап «Қазақтың тарихы» атты мақалалар сериясын жариялап, онда көбіне-көп қазақтың түбін, жеке дара ұлттық ерекшеліктерін, ондағы ру-тайпалардың қазақ жерін бұрыннан мекендегенін және олардың жалпы атауы «Алаш» болғанын, яғни барлық рулардың түбі, жиылатын ұраны бір екенін, «Алаш» сөзінің «отан кісі» («отечественник») деген мағына беретіндігін баяндайды [6, 375-408]. Демек осыған қарап Алаш көсемі идеялық деңгейде қазақтың түбі бір, «Алаш» бүкіл қазақтың ортақ ұраны, қосылатын нүктесі екенін танытуға тырысқанын көреміз. Бұл туралы белгілі алаштанушы Д.Қамзабекұлы былай дейді: «Отандық зерттеушілердің ішінде Шоқан Уалихановтан бастап Алаш ұғымын зерделегенін байқаймыз. Ол қазақ пен алаш ұғымдарын қатар қоя отырып («начало народа казахов или алач»), былай деп жазады: «У киргиз разные роды имеют свою тамгу и уран. Уран у всех киргиз есть алач». Бұдан «Алаштың» елдік-мемлекеттік рәмізге айналған ұғым екені көрінеді. ХХ ғасырдың басында Ә.Бөкейхан бастаған ұлт қайраткерлері Алаш атын партияға да, үкіметке де бергенде осы ұстанымды басшылыққа алғаны анық», [7, 216] – дейді. Орынды айтылған, оның дәлелі «Қазақ» газетінің 31 желтоқсан 1917 жылғы санындағы «Алаш бірлігі» мақаласында: «Алашқа қаны бірге Алаш ұлынан артық жанашыр табылмас. Алаштап ұран салып, Алаштың туын тіксек, сүйегінде шақпақтың қуындай жігер, намысы бар Алаштың ұлының шыққан шығынына, тартқан бейнетке еті ауырмас деп, Аллаға тәуекел қылды. Тозғандықтың белгісі бірсыпыра Алаштың баласы қалың Алаштың баласы бабасының атын атап, туын тікпеген соң Түркістан автономиясына қосылып отыр... Түркістанға қосылған елдің адамдарымен сөйлесіп, бабасы Алаштың Ақ Орда, алтын бесігіне қол ұстасып, бірге қызмет етпекке шақырады. Олар құшағын жайып, қойнын ашқан бауырын кеудеге итермес» [8, 50] – делінген сөздер бола алады. Демек «Алаш» этнонимі ұлтты ұйыстыратын идеологиялық атау болды және өзінің жемісін берді, сол кездегі қазақ жерін бір тудың астында біріктіре алды. Бұл идеяның да тамыры тереңде жатқандығын ғалым Ақселеу Сейдімбек қазақ хандығы құрылған кездегі «Алаш» этнонимі туралы: «Ең алдымен, Қазақ хандығының аясындағы алашабыр ру-тайпалардың этногенеологиялық (этногенетикалық) жадын жаңғыртып, түбі бір туысқандық сезімдерін оятатындай символ-этноним керек еді. Осы орайда, Қазақ хандығын құраған ру-тайпалардың біртұтас туысқандық сезімдеріне тұғыр болған символ-этноним ретінде «Алаш» атауының таңдалғанына ден қоюға болады» [9, 71] − деген тұжырымы арқылы бағамдасақ болады. Бұл деңгейде идеолог ретінде Әлихан Бөкейхан табысты жұмыс жүргізе алғанын бүгінгі күн дәлелдеп отыр.