- Шопан ата – қой түлігі мен шопанның пірі. Зерттеушілердің пікірінше шамамен 13 – 14 ғасырларда өмір сүрген және Қожа Ахмет Иасауи тариқатының басшыларының бірі болған. Жалпы ислам дүниесінде әрбір кәсіптің киелілігін, абыройлығын әйгілеп, ол кәсіптердің бастауында тұрған рухани ұстаз, қасиетті пірге құрмет көрсету дәстүрі бар. Сондай-ақ дәстүрлі қазақ мұсылмандығында да қазақтың ата кәсібі малшылыққа байланысты пір тұтылатын қасиетті есімдер бар. Солардың бірі Шопан ата Ол Иасауи тариқаты дәстүрінің ұстазы ретінде тарихи тұлға болса да халық жадында шопандық кәсіптің пірі ретінде аңыздық тұлға болып сақталды. Халық арасында Шопан ата туралы аңыз әңгімелер көптеп таралып, қой түлігінің қасиеттерін дәріптеген және сол кәсіптің иесі пірден қолдау, желеп-жебеу тілеп, мұсылмандық дәстүрмен рухани жалғастыққа ұмтылған.
Шопан ата қорымы Шопан ата қорымы – тарихиэтнографиялық мәдени ескерткіш. Батыс Қазақстан жеріндегі көне сәулет өнеріне (12 – 20 ғасырлардың басы) жатады. Қазіргі Маңғыстау облысындағы Сенек ауылының солтүстік-шығысынан 25 км жерде орналасқан. Қорым, аңыз бойынша Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті Шопан ата салдырған мешіті төңірегіне жайғасқан. Шопан ата қорымы жергілікті халықтың ертедегі салтдәстүрін, жерлеу рәсімін танытатын діни архитектуралық құрылыс түрінде салынған. Ол алып жатқан жер көлемі мен ескерткіштерінің саны жағынан (2 мыңнан астам) Арал – Каспий өңіріндегі ең ірі қорымның бірі әрі қазақ және түрікмен қорымы деп нақты межеленіп, екіге бөлінген. Оның дәл ортасындағы әк тастан қашалып жасалған мешіт бірнеше бөлмеден тұрады. Мешіт ауласында “қасиетті” тұт ағашы өскен және жуынып-шайынатын тас суат бар. Қорымның солтүстік-шығысында құжыралар, михрабтар мен намаз оқып, демалатын негізгі жайлар, ал шығыс бөлігінде көптеген сағанатам, күмбезді кесене, құлпытас, қойтас пен сандықтастар орналасқан. Мұндағы ескерткіштер архитектуралық және әшекейөрнектік шешімі жағынан сан түрлі: олар әктас, құмтастан қашалып жасалған. Ірі құрылыстардың ішінде ерекше көзге түсетіні – сағана тамдар. Олардың кіре берісі кесенелер секілді оңтүстікке қарайды. Шопан ата қорымын М.Меңдіқұлов басқарған архитектуралық экспедициясы (1952), Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігі (1977 – 78) және Республика ескерткіштерді қорғау қоғамының (1982) экспедициясы зерттеген.
Достарыңызбен бөлісу: |