Мақпал мекен Мақаншы
«Ер халқым бақ заманнан қуат алған
Табыспен тамсандырды жер мен көкті. Ақ басты Тарбағатай, Арқалды мен,
Табиғат сыйға тартты миуа бағын. Қарақат, бал бүлдірген, жүзім – алма, Қарасаң қандырады көздің жауын.
Көсіліп қанат жайып жатыр жерім, Батыста Талдықорған беттесемін. Ақсуат, Үржарменен көрші қонып, Шығыста Қытайменен шектесемін.
Атанған « Жібек жолы » сайын далам, Герадот « Жер кіндігі »- деп пұлдаған. Мазасыз Ебі желін Марко Поло,
Ілияс, Ұлы Пушкин көп жырлаған. Айнадай жарқыраған Алакөлім,
Барлығым, барлық дерттің тапқан емін.» - деп кезінде Жарбұлақтық ақын Дәулетқан Тастанбеков жырлағандай бағы заманнан белгілі болған Мұқаншы өңірінің тұла бойы тұнып тұрған тарих екендігі көкірегі ояу бүгінгі ұрпаққа да аян болар.
Ұлы қазақ даласының екі өлкесі түйіскен, жер жаннаты Жетісу мен аңызға толы шексіз дала Сары-Арқаның тоғысқан жері - осы Мұқаншы өңірі, жері шүйгін, құнары мол өңір. Аңызға толы айтулы өлке. Аяғын Алакөлге малып, арқасын қарт Тарбағатайға сүйеген жалпақ даланың жылнамамызға жазылмаған көне тарихы атамыздан баламызға мирас болып, жылдар жылжыған сайын аңыз-жырдың қоры мол көмбесіне айналып келеді. Төрткүл дүниенің түкпірін түгел шарлаған Асанқайғы бабамыз Мұқаншы өлкесіне аяқ тірегенде кербез Арқалды тауына, Жайтөбенің қарауыл төбесіне сүйсіне көз тігіп тұрып, «Шіркін жердің жаннаты Жетісумен арқасы кең Арқаның басталған жері осы екен ғой » - деп тамсанған екен. Артынша атының тізгінін тартып тұрып айналасына көз салған баба «Жер десе жер-ақ екен, бірақ ұрыс иісі шығып тұр екен» - деп толғана қатты күрсініпті. Иә, шығыстан талай ғасыр ақтарылған қалың жау қазақ жерін осы өлкеден, біз, бүгінгі ұрпақ қоныс теуіп отырған Мұқаншы өңірінен бастап жаулағанын тарих қойнауына көз жіберіп барып біліп отырмыз. Атына қарай заты мәлім болған осы өңірдің қанды шеңгелдің тұзағында, жау табанының астында күңіренгенін, алдында не күтіп тұрғанын сәуегей ата Асанқайғы біліп айтқан екен ғой. Тіпті арыға бармаған күннің өзінде, бергі тарихымызда талай белгілердің жатқандығын кешегі көне көз қарттарымыз, шежіреші-шешендеріміз жыр ғып айтатұғын. Тарбағатай тауының күңгей жақ бетіндегі сай саланы қуалай аққан Келдімұрат, Қатынсу, Көктерек, Ойран өзендерінің төменгі сағалары қосылып Қатынсу өзенін құрайды да, ол Мұқаншының жазық даласын басып Ит ішпестің (Алакөл) көліне құяды. Жері жартылай шөлейтті болып келетін осы Мұқаншы жерінің табиғаты өзендер тоғысқан тұста ерекше құлпырып, топырағы құнарлы, суылы-нулы өлкеге айналғандай. Мұқаншы өңірі-көне тарихтың бай өлкесі. Шыңғыс ханның немересі Ежен ханның Ақ ордасы да, оның астанасы да осы өлкеде болған деседі.
Құрбанғали Халидтың «Тарауих хамса» (Бес тарих) кітабында Ұлы Сарыарқаның осы Мұқаншы жерінен бастау алатыны нақтылап жазылған-ды. Мұқаншының оңтүстігіндегі кіші- гірім тау сілемдері «Арқалды» деп аталады. Ал анау Еміл өзенінің шығысы мен Бұғыбай жазығына дейінгі ұзыны қырық, көлденеңі он бес шақырымнан асатын жазық тау қыратқа тіреле келе тік көтеріледі. Пайымдап қарасаң шындығында арқаның алды осы жер сияқты. Аты аңызға айналған Жоңғардың қақпасынан ұйтқый есіп әйгілі ебі желінің мазасыз созылып соғатыны болмаса, жылылығы Жетісуға тән, ал Құлыстай жазығынан Емілді құлдыйлай Арқалдының жотасын бөктерлей келіп Ойранның жазығына ауыса соғатын «Құлыстайдың ебісінің» ондай жылылығы жоқ. Жазғы желі құрғақ, қысқы желі ызғарлы. Жыр дүлдүлі Әсеттің де осы өлкені арқа жері, өз жерім деп жырлауы, арғы бетте жүргенда осы өлкеде қалған ел жұртын сағына «Сәлем де ағайынға арқадағы» - деп жырлауы тегіннен - тегін болмаса керек. Біздің тұрған жеріміз туралы әйгілі ғалым Шоқан Уалихановтың мұрағаттарынан алынған деректерге қарағанда бұл жерге орыс көпесі Хорошевтың атын жамылып келген Ресей діни елшілігінің Пекиндегі бұрынғы приставы Н.И.Любимовтың 1845 жылғы «Шығысқа сапар» күнделік журналында Мұқаншының батысында орналасқан, арасы 1-1,5 шақырым жердегі Жайтөбе туралы мынандай жазба дерегін қалдырған екен. «Осы жақтарды жетік білетін қазақтың айтуынша, Жайтөбеде пикет болғаны өте жақсы болар еді. Бұл Тарбағатайдың осы жағындағы (Шәуешек жағындағы-дегені) жеке тау, не төбе: оған жақын Құлжа керуендері жүреді, оның өзінің қасынан Аякөзден Шәуешекке баратын жүргінші өте алар еді. ( ол Күлтеліден шалғай қашықта емес). Бұл таудан бөктерлеп Қатын су өзені ағады және ол осы жерден тармақталады. Жалпы пикеттің құрылуына қажет жағдайдың барлығы бар. Сонда Шәуешекке жақын қоныстанатын қырғыздардың барлығына ықпал жүргізуге болар еді және керуен жолдары да қауіпсіздендірілетін еді. Аякөзге барсаң да, Көкпектіге аяқ бассаң да – қайда болса да қауіпсіз болар еді, өйткені бұл жасақпен қажетінше барлық жерде әрекет етуге жеңіл болар еді, тіпті әрекет етуге мәжбүр болмас та едік. Өйткені орыс жасағы алыста емес дегеннің өзі – барлығын тәртіппен ұстауға жеткілікті болар еді. Қытай басқарушылары да бізге танауларын соншалықты көтермес еді, орыс көпестерімен жақсы тіл табысатын едік. Егер «Жайтөбеде» орыс жасағы болатын болса, айналадағы ұры-қарыларда мүлдем жуаситын еді.» Бұл деректер Шоқан Уалиханов шығармалар жинағында. (4-том 322 – 323 беттер. 2010 жыл Алматы қаласы.) Егер бұл дерек 1845 жылы жазылған болса, онда бұл кезде Мұқаншы бекеті әлі салынбаған деген пікірді нақты айтуға болады. «Жайтөбе» - демекші осы шағын төбенің өзі заманында ел назарын өзіне аударған, табиғаттың осы өлкеге бере салған сыйы болар-ау деп ойлаймыз. Табиғат тамашасын қызыға қараған қай адам болмасын, осынау дала төсіне біткен ғажайып құбылыстың сырын терең білгісі келері ақиқат. Қарт Тарбағатай тауының оңтүстік күнгейіндегі кең атырапты дала тау етегінен басталып, Алакөл көліне дейін созылып жатады. Шығысында Арқалды, оңтүстігінде Алакөл асып Жоңғар Алатауына дейін, ал Батысында Ақшәулінің жоталары, солтүстігі Тарбағатай тауы арасындағы кең жазықтықтың бір шетінен қарасаң, ол шеті мен бұл шетіндегі шұбатылған түтінімен ұшқан құсты да көретін жазық дала төсінде төңкерілген қазандай болып жалғыз ғана биік төбе «Жайтөбенің» жатқанына таң қалмай көріңіз. Ал оны неге «Жай» атағаны белгісіз, бір шындығы тарихтағы Наймандар мен Меркіттердің, Моңғолдармен, Шүршіттердің, Қазақтар мен Жоңғарлардың ұрыс даласына айналған шығысындағы Көктеректің әйгілі «Ойран» атты жазығына жау келген де басына түтін салып, ішкергі елге белі беретін қарауыл төбе болғаны рас. Жайтөбе туралы аңыз - әңгімелер сонау «Қозы Қөрпеш - Баян Сұлу» жыр - дастанында да кездеседі.
Қаратау, Тарбағатай жерге келді, Жайтөбе, Қатынсулы көлге келді. Басынан Ақшәулінің дүрбі салып, Отырған Аякөзде елді көрді.
Осындағы «Жайтөбе» Мұқаншы ауылының батысындағы 2 шақырымдай қашықтықта орналасқан іргелес төбе. Тіпті төбе деуге де келмейді, тау десе де болғандай. Өйткені аумағы 15 шақырымдай жерді алып жатыр. Солтүстік – батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған. Ұзындығы 5 шақырымға шамалас. Ені 2,5 шақырымдай болады. Биіктігі 800 метрге таяу. Батысындағы бірер өзектің ішін кезінде бастау бұлақтары да болған, тұма да бар.
Оңтүстігіндегі Қатынсу өзенінің қайсыбір салалары өзінің бастауын осы Жайтөбеден алады. Төбе сұрғылт түсті шақпақ тастардан құрылған. Беткейінде көк жусан, тобылғы, қараған өссе, сай ішінде изен, қызыл мия, көде, алабота кездеседі. Әйгілі Әсет ақын жастық шағын өткізген, алаш арыстары Ахмет, Міржақып, Райымжандар 1918 жылғы Шәуешек сапарына осы жерден аттанған. Күні кеше ғана Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1972 жылы Жайтөбе баурайына дамылдап тарих қойнауына бойлап, сыр шертіскен еді. Бүгінде Жайтөбенің оң жақ қапталын орай өтіп жатқан күре жол бір кездегі Ұлы Жібек жолының жаңғырғандығы десе де болғандай.
Міне, осы Шоқан шығармаларындағы жазба деректерді негізге алып, Жайтөбе туралы өз зерттеулерімізді терең зерделеп қарай білсек, «пикет орналасатын жер болар» - деп Қатынсу өзеніне онша алыс емес қартаға түскен орын - Мұқаншы ауылының орыны болды. Соған қарағанда Мұқаншы ауылының іргесі шамамен 1860 жылдардан кейін қаланған. Ертеректе ауыл аты патшалық ресейдің еріксіз қоныстандырған орыс қоныстанушыларының көптеп келуімен байланысты «Иваново» - деп аталып, тек 20-ғасырдың басында ғана Мұқаншы (Мақаншы) аталған.
Ертеректе бұл даланы қалың ши басып жатқан дейді көне көз қарттар... Осы ауылда Мұқан деген емші, адам ағзасынан қан алып емдікпен айналысқандықтан «Мұқан қаншы» атап кетіпті. Кейін келе сөз тіркесі қысқарып Мұқаншы аталған деген сөз бар. Ал бәз біреулердің айтуына қарағанда бұл жерді қалың ши басқан көрінеді. Ат аяғын алып жүре алмайтын, ит тұмсығы батпайтын дүт шидің ішінен жоғалған малды табу шөп ішінен ине іздегенмен бірдей-дейді қарттар. Сондықтан ауыл тұрғындары мол шиден ши орып әкеліп бойра немесе өре, киіз үйдің ішінен ұстайтын ши тоқып кәсіп қылған екен.
-- Уәй, қайдан келесің ?
-- Мұқанның шиінен.
Осыған байланысты кей адамдар кейін бірте-бірте «Мұқанның шиі» тіркесі айтыла келе « Мұқаншы » атапты - деген де ойларды ортаға салады.
Жоғалған малын іздегендер Мұқанның шиінен таптық» - деп, ауыл аты Мұқаншыға ауысыпты деген де болжауларды тілге тиек болады. Бiздiңше, осы екеуi де ауыл тұрғындарының Мұқаншы атауынан еш мағына таппаған соң ойдан шығарған болжамы сияқты. Әсiресе, Мұқаншының орысша бұрмаланған «Маканчи» дегенiне қиыстырып шығарған соңғы долбардың ойдан құрастырылғаны көзге ұрып тұрғандай. Оны ойлап табушылар Қазақстанда Мұқаншы атауының бiр емес, бiрнешеу екенiн бiлмеген сияқты.
Жалпы Мұқаншы сөзінің этимологиясын ғылым иран тілдерінен шығарады. Ол «Мохи» балық және «он» (сол тілдегі көптік жалғауы) сөздерінің қосындысы. «Мохион» - балығы көп деген сөзден келіп шығып, кейіннен қазақша «шы» жұрнағы қосылу арқылы өзгеріске ұшырайды. Бұдан былай «Мұқаншы» болуы әбден мүмкін. Өңірдің сулы, балығы мол екенін ескерсек дәлел қисынға саятын сияқты.
Ал ғалым Е.Қойшыбаев бұл туралы жоғарыдағыға қарама-қарсы мынадай пiкiр бiлдiредi:
«Мақаншы-Семей облысындағы елдi мекен аты, жергiлiктi тұрғындар Мұқаншы деп те атайтыны байқалады. Түркi этникалық атауы–«Мұқ» түбiрiнен (2; 184-185). Сондай-ақ, ғалым А.Әбдiрахманов қалмақша «махн-ет», моңғолша «мах - ет», «Осы мах (а)н түбiрiне түркiше–шы жұрнағы қосылып жасалған этноним болуы керек. Мақаншы, яғни «етшi» руы,
«ет сүрлеуге, ет дайындауға маманданған» адамдар болуы да ықтимал»,– деген тағы бiр тың болжам ұсынады (3;130). Айтпақшы, осы «мұқ» пен «мық» түбiрлерi мағыналас, тiптi, бiр түбiрдiң фонетикалық өзгерiске ұшыраған екi нұсқасы болуы да мүмкiн. Ендеше, Мұқаншы атауының Қ.Халид, академик Әлікей Марғұлан, басқа да ғалымдар өз еңбектерiнде сөз ететiн
«Мұқтың», яки «Мықтың үйлерiне» де қатысы болуы ғажап емес. Өйткенi, Е. Қойшыбаевтың айтуынша, «Мұқтың үйi» Тарбағатай тауында да бар. (2; 189) Толық бір қорытындыға келмес бұрын біз мынаны анықтап алғанымыз жөн болар. «Мұқаншы–қазақ сөзi ме, әлде қалмақ сөзi ме?» деген заңды сауалға жауап табуымыз керек болар. Бiздiңше, оған бұлайша қазiргi заман ұғымымен, мәселенi қабырғасынан қойып қарау аңғырттық болар едi. Ол үшiн ең әуелi Мұқаншы жерiнiң қай ғасырларда қай халыққа қарағаны, кейiн кiмдер иеленгенi, Мұқаншы атауының қай ғасырда пайда болғаны туралы нақты деректер керек. Әрине, кейбiр қандастарымызға салсаң, ақ-қарасын ажыратып жатпай-ақ «бұл–ежелден
қазақ жерi» деп, төтесiнен тартып кесiп-пiше салар едi. Алайда, ақиқат бәрiнен қымбат екенiн, бүгiн бiз асығыс байлам жасасақ, ертең басқа бiреудiң оны терiстеуi мүмкiндiгiн ұмытпаған абзал. Сондай-ақ, ғылыми әдебиеттерден, энциклопедиялардан Мұқаншыға қатысты тағы бiрнеше анықтама кездестiрдiк. Жоғарыдағылардан пәлендей айырмашылығы болмаған соң олардың бәрiн тiзбелеудi артық санадық. Атақты «жібек жолы» осы жерден өткенін ескерсек, жол бойында түркілермен қатар ертедегі соғдылардың да тұрғанын ұмытпау керек. Келесі бір зерттеу анықтамаларына қарағанда Мұқаншы сөзі шығу тарихы алыста жатқан көрінеді. Ұлы Шыңғысқан әскері Найман хандығына жорыққа аттанғанда Тарбағатай жотасын асып, осы Мұқаншы даласына ат тұяғын тірегендігі тарихтан белгілі. Олай болса жер атауы моңғол сөзінен кірген кірме сөз бе деп тұжырымдауға болар еді. Алайда 1723 жылдар Жоңғар шапқыншылығы кезінде осы өлкенің жау иелігінде болғаны белгілі. Алтайдан Атырауға дейінгі Ұлы даланың өн бойында жер мен су, өзен мен көл, тау мен тас, жазықпен қыраттың жоңғарлар ат қоймаған жері некен саяқ. Сондықтан Мұқаншы жерін заманында жоңғарлардың бір табы торғауыттардың мекен еткенін естен шығармасақ, бұл жерге ие болған торғауыттар қойған ат болуы да ғажап емес. Терең ой жіберіп қарасақ Мұқаншы сөзі - қалмақша «сулы жыра, сулы арна, бастау» сияқты мағына береді. Былайша айтқанда жыралы су, жыралы өзен дегенге саяды. Ауылға сырттан ешқандай өзен келіп кірмейді. Ал ауылдың солтүстік жағындағы тұмалардан бастау алатын кішкене бұлақ, ауылдың ортасын екіге бөле кесіп өтіп, өз арнасын жыралап оңтүстікке қарай ағады да ауылдан шыға бере әжептәуір қарасуға, өзенге айналады. Сөйтіп ауылдың бір шетінен бастау алған бұлақ, екі жағын жыралай, жарқабақтап екінші бетіне шыққанда әжептауір ағынды суға айналады. Атау осыған байланысты «Жыралы су» - Мұқаншы – деп қойылуы шындыққа жанасымды. Сондай-ақ, Қазақстан мен оған жапсарлас елдердегi жер-су аттарының бiлгiрi, белгiлi геолог-географ Серiкбай Молдияров ақсақал да осы пiкiрдi қолдайды (1; 42).
Тарихи деректерге тереңірек ой жібере отырып, халықтардың қоныстануы туралы мағлұматтарды нақтылап алайық. Мұқаншы өңiрi Мамырсу бiтiмiнен соң әуелi Қытай империясының қоластына қарағаны айқындалады. Әйтсе де Биар (Шәуешек) қаласы қазiргi орнына көшiрiле сала, бұл жер қазақ пен қалмақтың ортасындағы бейтарап аймақ сынды маңызынан айырылып, қазақтар ежелгi атақонысына қарай жылжи бастаған. Әсiресе, ағайын арасында есе тимеген немесе малының көптiгiнен өрiсi тарлық еткен Найманның iшiндегi iрiлi-ұсақты рулар мен аталар шығысқа қарай қиыр қонып, шет жайлап көше берген. Сөйтiп, 1760 жылдан бастап, ең әуелi Матайдың iшiндегi Есенгелдi би бастаған қызайлар, Қаракерей iшiндегi жұмықтар және Төлегетайдың төртеуiнiң бiрi–төртуылдар басқа тайпаластарынан бұрын шығысты бетке алған сияқты. Олардың соңын ала Байыстың iшiндегi тоқабайлар, байғаналар, тумалар және болатшылар көш түзеген. Мақаншы облыстың оңтүстік - шығысында орналасқан табиғаты бай, сулы, нәрлі, құнарлы өлке. Табиғаттың сыйлаған қазба байлығы да жетерлік. 1928 жылы аудан болып құрылғанда Мұқаншы ауылы аудан орталығы саналған. Ауылдық кеңесте дәл осы 1928 жылы құрылған. 1939 жылдарға дейінгі аралықта Жетісу губерниясына, кейіннен Алматы облысының құрамында болған. Осы жылдың аяғынан бастап Семей облысының құрамына кірді. Мақаншы шекара ауданы кезінде республика көлеміндегі ірі аудандардың бірі болды. Ауданның 1989 жылы халқының саны 47 000 адамға дейін жетті. Ал, Мақаншы ауылының есебінде тұрған халқының саны 17600 адамға көбейген еді. Ауданның негізгі саласы ет өндіру бағытында мал шаруашылығын дамыту, астық өнімдерін өндіру болғандықтан, орталықта құрылған «Арқалды», «Мичурин»,
«Октябрдің 70 жылдығы» атындағы кеңшарларының да айналысатын негізгі салалары осы бағытты ұстады. Бұған табиғаты өте қолайлы еді. 1997 жылы мамыр айында «Қазақстан Республикасы әкімшілік - аумақтық құрылым туралы» заңның 9 - бабына сәйкес Президенттің Жарлығымен аудан таратылып Шығыс – Қазақстан облысының құрамында, 45 шақырым қашықтақтағы Үржар ауданының әкімшілігіне қарады. Ал, Мақаншы аудандық мәртебеден айырылған соң, қатардағы ауыл округі ретінде қалды.
Мақаншы ауылының үстімен 1865-1867 жылдары Семей-Аягөз-Үржар-Мақаншы-Бақтыға дейінгі, одан әрі Қытай асатын почта қызметі тоқтаусыз жүріп тұрғанын ескерсек, бұл жылдары Мақаншының іргесі қаланып, әжептәуір елді мекенге айналғанын білеміз. Тарихты зерделегенде патшалық Ресей шенеуніктері «Мақаншы шілікті болысы»-деп бөлген. 1916- 1918 жылдары аталған болыстың өзін ауылдарға жіктеген. Осында Жұмаділ Бейселбин, Жалтыр Қабылов, Жақанбай Суқанбаев, Ысқақ Тасболатов, Жетпісбай Көшегенов, Жұмабек Сапақов, Бейсенбай Исин, Мергенбай Күлегенов, Есембай Әлдіжінов, Қойшыбай Танасов, Ибраим Санин, Есбол Марыков, Жанасыл Тобықов сынды Мақаншы ауылының тұрғындарының есімі аталады. Мақаншының Лепсі уезіне қараған 1897 жылы халық санағы
«Мақаншы- Садыр болысында» 1856 шаңырақ, онда 4050 ер адам, 2618 әйел адам тұрады деп көрсетілген. Патшаға жақсы қызмет еткен «Мақаншы-шілікті болысы» бойынша Жұмаділ Бейселбин күміс белдікпен марапатталған, ал «Мақаншы-Садыр болсында» бірнеше рет болыстыққа Құрманғали Арапов сайланған. Тарбағатайдың түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жерлеріне келімсектер, қоныс аударушылар осы тұста келіп қоныстанып, бұл өңірдегі жер атаулары қоныстанушылардың еркімен өзгеріп сала берді. Үржар, Аксаковка, Ириновка, Кириловка, Благодарное, Петровское, Подгорное, Ивановка – деп аталған жаңа ауылдарға қоныс теуіп, ірге көтерген. Басқаларына қарағанда солардың ішінде Ұржар мен Мақаншы іргелі ауыл болып, қанаты жайылып өсіп-өркендеген егіз қозыдай екі ауыл болды. Мақаншының ауылының батыс жағында, өзен жағалай алғаш қоныстанған орыс мұжықтарының қатарында Дорошенко, Николенко, Бреусовтардың аттары жиі аталады. Өйткені мұрағат деректерінде бұлардың отбасына тіркелген адамдар саны сол кездегі келімсектердің жартысынан астамын құраған. Келімсектер ішінен Бреусовтар әулетінің бай болғаны байқалады. Солардың басшылығымен Мақаншыда орыс шіркеуі салынған көрнеді. Көне тарихымызды білмей тұрып, болашаққа ой жүгіртуіміз әсте күпіршілік болары сөзсіз. Мақаншы тарихының жылнамасындағы беттерінің бірі, әсіресе азамат соғысы жылдарында да айқын көрініс табады. 1918 жылы Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов Алашорданың екінші бүкілқазақтық съезінде қазақ азаматтарына халық милициясын құруға қаулы қабылдады. Бұл істің жетісу өлкесіндегі жетекшілерінің бірі Абайдың үлкен ұлы Тұрағыл болды. Жергілікті халық Алаш азаматтары көтерген ту астына топтаса бастайды. Осы тұста қызылдар да қарап жатпай, жетісуға қарайтын өлкелерде құрылып жатқан Алаш отрядтарынан сескеніп, билікті қолда ұстау мақсатымен Верный қаласынан 1200-ден аса жасағымен шыққан Мамонтов бастаған отряд 1918 жылы маусым айында Мақаншы ауылына келіп кіріп, топтасып жатқан
Алаш азаматтарымен бірге күрес қимылдарын бастайды. Қызылдардың бұл әрекетіне қарсылық көрсеткен екінші далалық Сібір корпусының командирі полковник Иванов 1000 адамдық жасағымен Бақты, Мақаншы, Ұржар елді мекендерін азат ету үшін алдымен Сергиопольге шоғырланып, содан кейін Мақаншыға келіп кіреді. Мақаншы селосында бір тәулікте созылған кескілескен ұрыс кезінде қызыл гвардияшылар отрядының командирі И.Е. Мамонтов қаза тауып, отрядты Е.И.Катенко қабылдап
алды. Мақаншы ауылы үшін қызыл гвардияшылармен ақ қазақтардың арасында бірнеше күнгі қарулы қақтығыс, үлкен ұрыс қимылдары болып, қолдан қолға өткен ауыл іші қызыл қанға бөккен еді.
Дегенмен, мемлекеттік әскери архивтің 31-52 томдарында жазғандай, 1918 жылы Алаш отрядтары шілде-тамыз айларына қарай Мақаншыны толық азат етеді. Өкініштісі сол, қырғынның себепкері әрі жетекшіс ретінде есте қалдырылып, Мақаншыдағы бас көшенің біріне Алаштың азаматы емес, қызылгвардияшылардың командирі И.Е.Мамонтовтың есімі берілгендігі.
Мың өліп, мың тірілген Мақаншы тарихының бұл бір эпизоды деп қана ұғайық. Мақаншының кеңес дәуіріндегі тарихы да өзге өлкелердің тарихымен өте ұқсас. 1920 жылдары күйзелген ел іргедегі Қытайға үдере көшсе, қара шаруа мойынсерік, артелге бірігіп, мал бағып, өзен жағалап, жер тырмалап тіршілік етті. 1920 жылы Мақаншы ауылында Кеңестердің Атқару комитеттері құрыла бастады. Тұңғыш рет ауылда Жер бөлімі,
Тұтынушылар одағы құрылды. Мақаншы ауылының тұрғындары орналасқан жеріне орай ұжымға біріктіріліп ол «коммуна» - деп аталды. Құрылған «мойын-серіктердің» де басты міндеті өңірде тұрған елді бірлесіп жер өңдеу, шөп шауып, серіктес болып күн көруге шақыру болатын. Артық дүние үкіметке тапсырылды. «Коммунаның» қысымына шыдамаған, тәркілеуден қысым көрген кей ауылдың Қытай аспақ ойын білген үкімет сақшылары елдің алдын тоқтатып, жолдарын кесті. Әсіресе соноу Арқадан Абай, Абралы, Қарқаралы, Шұбартау өңірлерінен ауып келген ауылдардың адамдарының еріксіз осы жерде қалуына тура келді. Оларға жер беріліп, Мақаншының төменгі жағындағы Қатынсу өзенінің бойына қоныстандырылады. Осы жылдары ел ішінде сауатсыздық басым болғандықтан, қысқа мерзімді курстарды бітірген жастарды дайындап, ауылдарға жіберу науқаны басталған болатын. 1921-1923 жылдар аралығында орталықтан жаңа дайындалған алғашқы мұғалімдер жіберіле бастады. Мақаншы мектебіне С.Каримов, Шәкір Сексенбаев сынды білімді ұстаздар келді. 1926 жылы Мақаншыда партияның үш ячейкасы құрылып онда 13 партия мүшесі болған. Бұл Мақаншы партия болыстығы деп аталып, оның бірінші хатшысы Харин болды. Мақаншы партия болыстығы Лепсі уезінің құрамына кіріп, оның болыстық атқару комитетін төрағасы Мустафин, қосшылар ұйымын Қартаңбаев, әйелдер ұйымын Е.Штокман басқарған.
1870 жылы Мақаншыдағы орыс шіркеуінің жанынан 2 жылдық «приходская школа» ашылыпты. Соған қарағанда бүгінге дейінгі білім ошақтарының негізі осы патшалық ресейдің кезіндегі мектептен бастау алуы мүмкін. Өйткені бұл мектеп жабылмаған, есесіне қазан төңкерісінен кейін де шіркеу жанынан бала оқытуын тоқтатпаған. 1922 жылы Наркомпростың
№ 849 Жарлығы бойынша осы школаның негізінде жалпы білім беретін бастауыш мектеп ашылыпты. Кейін 1936 жылы 7 жылдық орыс мектебі болып ашылып, сол жылы жеті бөлмелі мектеп үйі салынған. 1944 жылы орта білім беретін мектеп дәрежесіне ауысып, 1963 жылдан М.И. Калинин атындағы орта мектеп болды. Ал 1966 жылы мектеп 11 жылдыққа ауысып, 1978 жылдан бастап жаңа мектепке қоныс тепкен. 1998 жылы бұл мектепке Әсет Найманбайұлының аты берілген. Бүгінде Мақаншы өңірінде іргелі білім ордасы болып отырған осы мектепте А.Жанғауылов, Ж.Әбдірашов, Н. Чижов, В. Кузич, Е.Қалиева, С. Шарапиев, Қ.Жетпісова, С.Сағымбаев сынды аға буын ұстаздардың ізін басқан Ғ.Жекебаева, Л.Таласова, Г.Жекебаева, Р.Шалаханова Ғ.Даукенова, Ә.Сүлейменова сияқты тәжірибелі орта буын ұстаздары да еңбек етіп, өсіп жетілді. Ал, ауылдағы бірінші тұңғыш қазақ мектебі 1923 жылы ашылыпты. Тек осы мектеп қана Кеңестік үкімет кезіндегі ашылған өңірдегі қазақ мектептерінің негізі болған. Бұдан кейінгі жылдары Мақаншыда Ғ.Мұратбаев, Ы.Алтынсарин атындағы және кейінгі жылдары қатарға қосылған Мектеп-интернат өз қабырғасынан талай озық ойлы, алдыңғы қатарлы ел азаматтарын тәрбиелеп шығарды. Алғашқы қазақ мектебінде қызмет етіп «Еңбек Қызыл Ту ордендерімен» марапатталған П.И. Беребердина, Е.Жуасов сынды ұстаздар жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттің асыл арнасын ашып берген тұлғалар еді. Үкімет орнаған жылдардан бастап Мақаншыда ашылған 5 мектептің танымал болуы, білімді ұстаздардың еңбегінің нәтижесі болатын. Темірхан Отарбаев, Сәкен Исабеков, Мария Рабинович, Омар Көшкінбаев, Құмар Тастанбеков, Дәмеш Мұқаметқалиева, Зәмзәгүль Қасенғазина, Ғалия Мекебаева, Абылайқан Ахметжанов, Махмұт Бозжанов, Шәйғазы Мырзатаев, Жұпар Ахметова, Төлеу Ахметов, Нұрқия Хангелдина, Әрін Жексейітов, Жанат Архатбаева, Оразхан Ашубаев, Садырбек Бұланбаев, Орал Тұтқышбаев, Кәкен Әміржанов, Қайныш Әубәкірова, Тайсұлу Қодашева, Қарниса Сейітқанова, Әспен Өтепқанова, Нағима Кәкімова, Жібек Қалиева, Гүлмария Сейітқанова, Күлімхан Нұрғалиева, Дәни Тұрашева, Жаңылтай Кәкімова, Медет Мырзағалиев, Шолпан Әбдірешова, Бахрам Мұқажанова, Сапарбек Оңғарбаев, Мәкен Оңғарбаева, Қаныша Қанағатова, Нұрғаным Темірбаева, Қуанышбек Ақпаев, Күләш Сапарова, Ақжолтай Берікболов, Нұриля Рахметжанова, Бейсен Жанпейісов, Күлпән Базарова, Сарқыт Миқанова, Әсембек Уайтбаева, Гүлзағи Әжібаева, Сәуле Хангелдина, Жеңіс Мәндиева, Тұрсынхан Игенбаева, Ахметқали Орынбаев, Шолпан Мұрсәлімова, Тұрсынхан Бисұлтанова, Қадиша Майқаевалар Мақаншыда еңбек еткен ұстаздар қауымының алды, қашанда адамдық қағидатты ту етіп ұстаған өнегенің ордасы іспетті болды.
Голощекиндік геноцид кезінде еті тірі азаматтар тағы да Қытай асып, бас сауғалады. Ал барар жер, басар тауы қалмаған қара халық Голощекиндік қанаудың құрбаны болды. Оның
екінші бір себебі, осы жерде қазақ болып мекендеуі еді. Мақаншы ежелден бір ған атаның - бес байыстың балалары мекендеді. Сонау Жарбұлақтың мәмбеті, Көкталдың байғанасы, тау бөктерінің тумасы – бәрі де бірінен бірі ажырамас, қабырға жетпес Қаракерей бабалары, қазақтың хан батыры Қабанбай ұрқы болатын. Бұл шежіре ешкім күмән келтірмейтін, қалың Найманның ішінде өзгеріссіз айтылатын шежіре. 1920-1936 жылдар аралығындағы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша жазылған анықтамада Мақаншы болысы Жетісу облысының Лепсі уъездіне қараған. 1922 жылы Бүкілодақтық Орталық атқару Комитетінің (ВЦИК) 12 қазандағы қаулысымен Жетісу облысының атауы Жетісу губерниясы болып өзгертілген. 1928 жылы 17 қаңтарда Лепсі уъезді таратылып, оған қарасты болыстар Алматы және Семей округтерінің аудандары болып құрылады. «Мақаншы» болысы Мақаншы ауданы болып өзгертіліп, 3 қыркүйек 1928 жылы Семей округінің құрамына кіреді. 1930 жылғы шілде айының 23 жұлдызындағы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен Семей округі таратылып, 17 желтоқсан 1930 жылы Мақаншы ауданы Үржар ауданының құрамына кіреді. 1935 жылы Мақаншы ауданы қайтадан құрылып Алматы облысының құрамына кіреді. Бұл өзгеріс Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің 31 қаңтар 1935 жылғы Қаулысымен бекітілген. Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесінің 14 қазан 1939 жылғы Жарлығымен Мақаншы ауданы Алматы облысының құрамынан шығып қайта құрылған Семей облысының құрамына кіреді. 1963 жылы аудандарды ірілендіруге байланысты, Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1963 жылғы 2 қаңтардағы Жарлығымен Мақаншы ауданы таратылып, Үржар ауданының құрамына кірген. Қазақ Кеңестік Социалистік республикасының Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1969 жылғы 14 мамырдағы Жарлығымен Мақаншы ауданы қайта құрылады. Аудан орталығы Мақаншы ауылы болып бекітіледі. Бұдан әрі 28 жылдан кейін 1997 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Семей облысы және оның құрамындағы Мақанщы ауданы таратылып, Шығыс Қазақстан облысының құрамында қайта Үржар ауданына қосылады.. Алайда осы ғасырға жуық тарихи жылдардың барлығында да Мақаншы өз өңірінің орталығы болып келді, әлі де бола беретіні белгілі. Осы күнге жеткен барлық жетістіктердің сүбелі үлесі Мақаншы ауылына тиері сөзсіз.
Ал 1929 жылы Мақаншыда алғаш «Красное знамия» және «Коминтерн» ұжымшарлары, сол жылдары «Рапай» ауылынан С.Киров, одан бері де «Ежов» атындағы ұжымшарлар құрылды. Алайда Ежовтың «Халық жауы» болып ұсталуына байланысты «Ежов» ұжымшарының аты өзгеріп, ендігі жерде «Үшінші бесжылдық» - деп аталды. Тыныштығынан айырылған елде Кеңес үкіметінің орнауы, ұжымға біріктіру, мойынсерік құру, қажет болған жағдайда күштеп шаруашылыққа мүше етіп тарту сияқты саяси науқанды бұл өңірдегі қазақтар да бастан кешіп жатты. Байлардың мүлкін жаппай тәркілеу кезінде ел төте жол тауып, Еміл, Тасты, Қатынсу асып, бұрыннан аталастары мекен еткен көрші елге қарай көш түзеді. Мақаншы ауылы сол үлкен елдің қалың ортасында болып, кейінгі 1930-32 жылдары да аштықтан шұбырған елдің су қайнатып ішер, дем шақырар ауылына айналды. Дейтұрғанмен елде орнаған Кеңес үкіметінің пәрмені күшті, «қуатты ел боламыз»- деген ұраны батыл шығатын. Сондықтан қиындыққа шыдаған біраз ел өз мекендерінде қалуға бел байлады. 1940 жылдардың басында «Үшінші бесжылдық» ұжымшарына Төлеухан Қалиева басқарма болса,
«Красное Знамия» ұжымшарына 1930 жылдан бастап Дмитри Сенкин деген азамат басшылық еткен екен. Алайда оның 1941 жылы соғысқа кетіне байланысты, бұл міндетті оның әйелі Александра Сенкина қолына алыпты. Осы жылдары Мақаншыда ұйымдасқан «Коминтерн» ұжымшарына Қасымбек Тұрағалдинов, Еженбек Қодашев, Балғабек Рысбаев, Бөтей Какимовтар әр жылдарда басқарма төрағалары болады. Соғыс аяқталып елге келгеннен кейін
«Красное Знамия» ұжымшарына басшы болып Чөжіков Ахмет сайланған, алайда елдің белсенді мүшелерімен істі болып сотталған Ахмет елге тек 1953 жылы И.В. Сталин өлгеннен кейін ғана оралады.
Ұлы Отан соғысына 870-тен астам азамат Мақаншыдан аттанып, соның 450-і елге аман-есен оралды. 380-дей жауынгер от басы ошақ қасына оралмады, қалғаны хабарсыз кетті. Елдің еңсесін түсірген соғыс халықты титықтатып жіберді. Шаңырақта күн көріп отырған бір сиырға 20 келі сары май, 30-40 килло мал сүйегі, 3 жұп қолғап, 2 жұп жүн шұлықты тоқып беруге
міндетті болды. Күн ұзын шаруашылықтың жұмысынан шаршап оралса да түннің бір уағына дейін әйел адамдар шұлық тоқитын, тауығы бар үйге 20 жұмыртқа салық төлемі болатын. Мақаншының қазіргі ескі автобекетінің орнында май тартатын өндіріс орыны болып, ел артық сүтін сонда өткізетін.
1952-1953 жылдары Мақаншы өңіріндегі шағын ұжымшарларды біріктіріп, ірілендіру жұмыстары қолға алына бастайды. Үкіметтің «Ірілендіру» саясатының негізінде елдегі
«Киров», «Үшінші бесжылдық» «Коминтерн», «Красное Знамия» және Қарғалы өңірінде құрылған «Жас Қайрат» ұжымшарлары қосылып, көпсалалы ірілендірілген «С.М. Киров» атындағы ұжымшар болып құрылады. Жаңа құрылған шаруашылықтың төрағалығына Бақаев, одан кейін Омаров деген азаматтар сайланған. Алғаш ұжымшарлар бастығы болып Тұрағалдин Қасымбек, Мамыт ақсақалдар сайланып, 1954 жылдан бастап шаруашылыққа Тұмарбек Дөненбеков басшылық жасайды. Бұл Мақаншы ауылдық кеңесінің аумағындағы алғашқы ірі шаруашылық бірлестігі еді. 1960 жылдардың басында шаруашылықтың ұжымдық түрі Кеңестік шаруашылық жүйесіне ауыстырылып, бұдан былай «С.М. Киров» кеңшарының құрамына басқарушысы И.Кротов болған «Фурманов», Куржаков басқарған «Путь к социализму», М.Лепесов басқарған «Карл Маркс» және шалғайда жатқан «Сталин» ұжымдық шаруашылықтары кіреді. Соның нәтижесінде ендігі шаруашылықтың аты «Арқалды» кеңшары аталып, оған директорлық қызметке аудандық партия Комитетінің қаулысымен
«Мақаншы» кеңшарынан келген И.И. Даниленко, партия ұйымының хатшысы Әзімхан Садуақасов тағайындалады. 1963 жылы «Сталин» атындағы ұжымшар өз алдына отау тігіп бөлініп шығып, бұдан әрі ол «Жарбұлақ» кеңшары болып аталады.
1965 жылдары «Фурманов» кеңшарының жеке шаруашылық болып құрылуына байланысты, «Арқалды» кеңшарының жері мен шаруашылығы ықшамдалып, егін және сүт өндіру бағытындағы жерлер мен фермалар Фурманов шаруашылығына берілді де, «Арқалды» тек қана мал шаруашылығымен айналысуға ден қойды.
Бұдан кейінгі уақыттарда тұрақты әрі үзіліссіз қызмет атқарған «Арқалды» кеңшарының басшылық жұмыстарына Иван Сергеев, Айтқазы Бейсембаев, Қайыртай Қажығұлов, Әуез Құлсұлтанов сынды азаматтар жұмыс істеді. Ірілендіру нәтижесінде құрылған «Арқалды» кеңшарының экономикалық даму сатысындағы әлеуеті аудан, облыс бойынша өте жоғары болды. Жер көлемі өсіп, шаруашылықтың негізгі айналысатын салалары мал түрлері мен егістік алқаптарының көлемі анағұрлым көп болғандықтан, бүкіл Мақаншы ауылдық Кеңесінің аумағында тұратын халықтың бестен бірі, яғный 3000-ға жуық адам күші осы
шаруашылыққа шоғырланды. Бүкілодақтық Социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы аталған
«Арқалды» шаруашылығының сол кездегі экономикалық дамуы алып завод немесе фабрика іспетті еді. Мемлекет алдындағы табыстар тасқыны бесжылдықтардың жоспарын артығымен орындауға мүмкіндік туғызды. «Арқалды» кеңшарының директоры И.И.Даниленко мен осы шаруашылықтың аға шопаны С.Қ.Талмурзин «Социалистік Еңбек Ерлері» атағына ие
болса, аға шопандар Қ.Молқаев, Қ.Көрпебаева, С.Айқынбаев, Қ.Тастанбеков, М.Тастанбеков,
- «Ленин» ордендерімен марапатталды.
Қазақ Кеңес энциклопедиясының 1975 жылы шығарылған жетінші томына көз салсақ Мақаншы туралы: «Мақаншы - Семей облысындағы Мақаншы ауданының орталығы. Облыс орталығынан 550, Алматыдан 800, темір жол торабынан 220 шақырым, Қатынсу өзенінің жағасында орналасқан ауыл іргесі 1879 жылы қаланған. Халқы 10,1 мың адам. Мақаншы ауылында аудандық баспахана, тұрмыс қажетін өтеу комбинаты, бір автопарк, бір автовокзал, бір аэропорт, бір сегізжылдық, екі орта мектеп, балалар бақшасы, екі кітапхана, мәдениет үйі, аурухана, емхана, дәріхана бар. Ауыл аумағында «Арқалды» кеншары мен «Мичурин» атындағы жеміс питомнигі орналасқан. Мақаншы тың игеру қарсаңында және одан кейінде барынша орыстана түсті» деп жазған. Шындығында ауыл халқының тең жартысына жуығы орыс бола бастаған 1950 жылдарың аяғы мен 1960 жылдардың басында, ата қонысқа ала
бағанның арғы жағынан ағайындар ағыла бастады. Бұлар кешегі зұлмат жылдары өз елінен үдере көшкен Мақаншылықтардың өз ұрпақтары, өз туыстары еді.
Осы ұлы көштің келуі, бүкіл елдің, оның ішінде Мақаншының да кескін-келбетін, әлеуметтік тұрмысын түбірімен өзгертті. Мақаншы жұртшылығы Қаракерей Қабанбай батыр Шыңқожа, Шөрек, Шағалақ, Барақ батырлардың, жезтаңдай әнші, дүлдүл ақын Әсеттің ұрпақтарымыз – деп мақтан тұтып, бұл өңірде Сәкен, Бейімбет, Ахмет, Міржақып із салып, Дінмұхамед Қонаев, Ғабит Мүсірепов, Ғали Орманов, Әдіи Шәріпов, Ғапу Қайырбеков тағы көптеген қоғам және мемлекет қайраткері бас қосқан ұлағатты орын екенін жыр қылып айтты. Ал кеше ғана дүниеден өткен әлемге танымал, шығыс жекпе-жегінің хас шебері Мұстафа Өзтүріктің отаны, оның бабаларының кіндік қаны тамған жер осы Мақаншы өңірі екенін біреу білсе, енді біреу біле бермеді. Мақаншы жұрты өз тарихының төрінен Жұмақан Күдериндей, Отыншы Әлжановтай алыптарға, алаштың бір туар арыстарына өз жерлестеріндей орын бере білген. Кешегі Қабанбай, Текебай батырды, Малмақ палуанды, Нұғыман,
Жабық, Хамза, Иса, Мәжен тағы да басқа қажыларды Індікей, Әйкежан, Ғабдышүкір, Ұлықпан сынды бақсы, моллаларды бүгінгі ұрпағы қолдап жүрер қырық шілтен періштеміз, рухымыз деп ұқты. Тарих өздігінен жасалмайтыны белгілі. Оны жасайтындар да, өзгертетіндер де, қозғаушы күші де адамдар. Ендеше адамдардың бел шешіп, белсене араласқан жерлері байлықпен дәулетке, елдікпен ерлікке толы болары сөзсіз. Елдің егемендік алып, тәуелсіздік тізгінін өз қолында ұстауы Мақаншылықтардың өміріне орасан зор жақсылықтар әкелді. Кешегі Кеңес одағы тұсында іргедегі Қытаймен қарым-қатынас қиындап, өз еліміздің, оның ішінде Мақаншы жұртының былайғы халықпен байланысы мүлде үзілді деседе болғандай еді. Алайда қоғамдағы өзгеріс көп тосқауылдың барлығын алып, еркіндікке жол ашты. Мақаншы
халқының қайта өрлеуі басталды десек асыра айтқандай емес. 1988 жылы алғаш Бақты кеденінің ашылуымен Мақаншының жүрегі қайта соқты. Мақаншы Қытаймен Қазақстан- Ресей үш жақты байланыс орталығының қақпасына айналды. Тарихтан белгілі болған ұлы сауда жолының үстіндегі қалалар әрдайым гүлденіп, экономикасы, мәдениеті дамып отырған соң, өсіп, өркендеп кетпесіне кім кепіл. Жаңа заман, жаңа қоғам дамуы біздің ортамыздан нағыз еңбек адамдарын түлетіп шығарды. Бүгінгі күн келбеті де ұйқыдағы елді оятып, жаңа бір тіршілікке аралсақан іскер ел болуға қадам басқан ұрпақтарға өз нұрын төгіп тұрғанын байқап отырмыз.Цифрларға назар салсақ 1980 жылдардың аяғында Мақаншы ауыл округі әлеуметтік-экономикалық дамудың биік шыңдарына шығыпты. Сол кездегі дерек бойынша халық саны 17 мыңнан асып, жұмысшы қызметкерлер 9600 болған. Мемлекеттік және жеке меншік есебіндегі мал саны; қой 120 мыңға, ірі қара 31 мың, жылқы 3100, түйе 300, шошқа 14 мың, құс 50 мың, егістік алқабы 30 мың, бау-бақша 20 гектарды құрапты. Ал ауылда 11 ұлттың өкілдері бір отбасындай өмір сүрген екен. Ауыл орталығында аудандық мәртебедегі сала қызыметінің барлық орындары орналасып, халыққа қызмет етті. «Арқалды», «Мичурин»,
«Қазанның 70 жылдығы» кеңшарының құрылып, ауыл халқының жұмыспен қамтылуы, тек Мақаншы ауылының ғана емес, ауданның да өсіп өркендеуіне жол ашты. Ауыл орталығындағы Тұрмыс қажетін өтеу комбинаты – оның Добрыдин, Улиткин, Жексен Үсенов, Омар Есімбеков, Сейітқан Қаратаев, Төкен Бұлқанова, Бейсембай Байзақов сияқты басшыларының, «Құрмет белгісі» орденді Жамал Ахметбаева сынды мамандарының, аудандық тұтынушылар одағы мен дайындау мекемелерінің және ауылдық кооперациялардың, оларды әр жылдарда басқарған - Бәйділда Қадіров, Холуденов, Иван Килин, Алтынбек Әбдікәрімов, Болат Қасылжанов, Едігар Тұрлыбеков, Әлібек Қабақов, Мұқаметқали Бітімбаев, Серік Садықов, Нұрлан Омаров, Жағыпар Мыңжасаров, Шакарман Бескемпіров, Ақиық Хасенов, Мұқаметқали Сымағұлов, Уәли Бозабаев, Тайыр Закиров сынды азаматтардың қосқан үлесі орасан еді. Ауылдың шығысынан және солтүстік-батысынан онжылдықтың көлемінде жаңа шаруашылықтың орталықтары салынып, жыл сайын жұмысшыларға арналған 20-25 үйге дейін құрылыс нысандары бой көтерді. Ауыл ішінен 1 мәдениет үйі, нан зауыты, 16 және 27 пәтерлі 4 көқабатты үй, банк ғимараты, кинотеатр,
«Балалар әлемі» сауда дүкені, 120 балаға арналған жаңа жобадағы бала бақшы, 100 балаға арналған балалар комбинаты, 50 орындық монша, 2 ауылдық клуб, 2 ауылдық кітапхана, шаруашылық есептегі 3 балалар бақшасы, сауда дүкендері, шаруашылық кеңселері, қонақ үйлер құрылысы сап түзеді. Осындай құрылыстардың жобаланып іске қосылуына басшылық жасаған ауылдағы «Жылжымалы механикаландырған колоннаның» басшылығында болған Оқан Құмаров, Жақсылық Сымағұлов, Рүстем Нұрбеков, Ақан Шетенов, Әбеу Әміреев, Мұратқан Қилыбасов, Бекежан Қонақбаев, Қыңырбек Өсербаев, Құмар Төлеков, Болат Жанболатов, Төкен Кәріпжанов, Оразай Оспанов, Дәулет Домбаев, Ахметқали Базылжановтар нағыз жаңашыл, іскер, парасатты, алтын қолды шебер азаматтар болатын. Балғатай Әусеновтың басшылығында біраз жылдар жұмыс істеген «Шаруашылықаралыққұрылыс» басқармасының да Мақаншының өркендеуіне қосқан үлесі аз болған жоқ. Сонымен қатар алыстағы мал отарларында да қыстамалар мен мал қораларының құрылысы қарқынмен жүргізіліп жатты. Сол жылдары Мақаншы ауылында мектеп оқушыларына арналған онжылдық мектеп және интернат ғимараты пайдалануға берілді. Мақаншы ауданының орталығы Мақаншы ауылының 1928 жылдан бастап аудан орталығы болып белгіленуі, ондағы орналасқан ауылдық Кеңестік жұмысына шектеу қойған жоқ. Есесіне ауылдық Кеңес өз жұмысының сыйпатын аудандық деңгейде жүргізіп, ел басқаруда, ауыл экономикасын көтере білуде үлкен қолдауларға ие болып отырды. 1930 жылдары ауылдық Кеңестің төрағасы қызметіне Молдабаев Қанағат деген азамат сайланған. Ал одан кейінгі кезеңдерде ауыл төрағасының тізгінін орыс ұлтының өкілдері ұстап, тек соғыс жылдарында бұл қызметке Күләнда Оразбаева басшылық жасаған. 1950 жылдардан кейін ауыл басшысының жұмысын Волоткин, Б.Көбелеков, А.Битанов, Т.Сағиев, Т.Дөненбеков, Ж.Үсенов Ә.Саржанов, Ж.Жақанбаев, Р.Тұлақбаева, Қ.Қазембеков, М.Мұхаметжанова сияқты адамдар атқарды. Ал тәуелсіздік жылдарынан кейін Кеңестік үкімет ыдырап, елде әкімшілік-аумақтық басқару жүйесі енгізілген шақта, ауыл әкімі болып М.Мұхаметжанова қайтадан тағайындалды. 1997 жылы Мақаншы ауданы таратылып Үржар ауданына қосылғаннан кейін ауыл тізгіні С.Шарықбаев, Е. Сағынбеков, С.Қалиевтардың қолына тиді. 1962 жылы құрылған «Мичурин» атындағы Кеңшардың директорлық қызметіне И.Рогозин, В.Гончеров, М. Климощенко, А.Голенко, Ж. Жамантаев, Қ. Қазембековтар басшылық жасап, қажырлы еңбектерімен елге танылды. Қоғамға жаңа серпілістер әкелген 1990 жылдардың басындағы реформалық жүйелер де күн өткен сайын өзгеріп отырды. Елімізің Тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам уақыт кезеңіндегі өзгерістерге назар салсақ оның нақты куәсі
боламыз. Мақаншы ауыл округінде 3095 аулада тұратын жергілікті халық саны бүгінде ол 13 000 адамға жетіп, Мақаншы халқы жаңа бастамаларға бағыт алған мәңгілік ел рухымен өмір сүріп, еңбек етіп жатыр. Ауылда сонымен қатар әр түрлі әкімшілік-аумақтық бағыныстағы отызға жуық мекеме ұйымы бар.
«Жеңіс» саябағындағы күрес алаңы №2 дәрігерлік амбулатория «Ана мен бала» ескерткіші
Ә.Найманбайұлының мұражайы Мақаншы орта мектебі С.Сейфуллин атындағы орта мектеп
Мақаншы ауылында орналасқан № 2086 Мақаншы әскери жасағы, № 31767 әуе қорғанысы әскери бөлімі бұлар ауыл мәртебесін айқындайтын біздің айбынымыз. Мұнымен қатар аудандық деңгейдегі ішкі істер бөлімі, сот, 30 000-нан астам адамға көмек көрсетіп отырған 1 аурухана, 2 дәрігерлік амбулатория, 287 ұстаздың қамқорлығымен 2329 бала білім алып жатқан үш орта мектеп, мәдениет үйі, 2 кітапхана, жол жөндеу бөлімі, 2 автобекет, 6 базар, байланыс бөлімі, Қазақтелекоммуникация, Мемлекеттік сейсмологиялық станция, Республикалық әдеи-мемориалды Әсет мұражайы, мұсылмандар мешіті, Коммуналдық шаруашылық мекемесі, саз және спорт мектептері, тағы басқа мекеме ұйымдар Мақаншы ауылының іргесінің мықты терезесі тең, еңселі ауыл екендігін көрсетеді. Мақаншының бүгінгі келбеті де көз тартады. Ауылдың шығысындағы «Жеңіс», «Қабанбай батыр», орталықтағы
«Балалар әлемі» саябақтары құнды тарихи ескерткіштерімен жас ұқрпақтың көз алдында күн өткен сайын сән-салтанатымен ерекшеленуде.
|
|
|
Ауыл ортасынан салынған
Қабанбай батыр ескерткіші
|
Түн тыныштығын бұзған
әуенді су бұрқақ
|
Ішкі істер қызметкерлері
«Тыныштық күзетінде»
|
Отан соғысы құрбандарыны қойылған мемориалды кешен, ана мен бала ескерткіші, Қабанбай батыр ескерткіші, ауған соғысы жауынгерлеріне қойылған обелиск, Чернобыль апатына қатысушыларға арналған мемориал, шекарашылардың «Азаттық жауынгері» ескерткіші - осының барлығы ауылдың өткенінен сыр шертетін асыл мұралар. Ауыл округінде 44 шаруа қожалығы, 8 кәсіпорын, 3 фирма, 5 цех жұмыс істейді. Қазірде әкімшілік бойынша мал басы; қой 29834, ірі қара 5794, жылқы 2688, шошқа 146, құс 3521 тағы басқаларда өсіп отыр. Округ аумағы орналасқан жер көлемі 167540 гектар болса, оның 112991 гектары пайдалы, өнімді жер болып есептеледі.
Еліміздің Тәуелсіздік алған 1990 жылдардағы ауыл келбетіне көз жүгірте отырып, оның тарихына да зер салған абзал болар. Ауыл болмысының өткен қоғамдық құрылыстан бастап бүгінге дейін өзгерісіне куә болған Әбікен Тәтиев, Жарылқасын Матымов, Орынбай Шарықбаев, Тұрсынқұл Төлеков, Нұрахмет Қаспақов, Тұрысбек Әбеев, Байман Асқанбаев, Әрін Жексейітов, Тұмарбек Дөненбеков, Сүлеймен Ибрагимов, Әміре Рамазанов, Сабаз Құлсұлтанов, Сапарбек Оңғарбаев, Сабыр Жекебаев, Ахмет Құмырсқанов, Арыстанбек Жаңғауылов, Сыйқымбай Сапаров, Қуанышбек Қазымбеков, Аманкелді Шағиев, Әмінжан Бапсанов, Аманкелді Мұрсалимов, Башан Төлегенов, Төлеген Кәріпжанов, Ақажан Бапсанов, Боқас Закариянов, Қапан Садықов, Мәулітхан Сейтқанов, Төлеуғазы Раев, Тұрсынқан Сейтханов, Болатқан Саңқайбаев, Тоқташ Жақанбаев, Жакулә Әбідрашов, Сіләмхан Тұрашов, Жұман Байботанов, Тұрсын Қожахметов, Мұқаметжан Есенов, Шайық Жаркенов, П.М.Удодов, В.С.Меринов, А.Диденколар Мақаншының ел болып қалыптасып, шаңырақ көтеруіне маңдай терін төгіп өткен көксеңгірдің мұзбалақ қырандары болатын. Ал бүгінде самайын ақ қырау шалып, бейне бір қашалған мүсіндердей көкейіндегі көне тарихты көз
алдынан өткізіп отырған ендігі бір топтың азаматтары, ертеңгі ұрпаққа біз айтатын әңгіменің өзегі болар тірі куәлар.
|
|
|
Соғыс және еңбек ардагері
Әбікен Тәтиев
|
Мақаншы ауылының абыз
қарты Абрар Әкетайұлы
|
Мақаншы өңірінің шежіреші
қарты Тұрсынқұл Төлеков
|
Достарыңызбен бөлісу: |