Мұқаншы (Мақаншы) туралы



бет2/5
Дата24.01.2024
өлшемі0.58 Mb.
#489655
1   2   3   4   5
DOC-20240116-WA0013.

Мақаншы тарихы.


Мұқаншы қашаннан құт дарыған қасиетті өлке. Сонау көкжиекпен ұстасып жатқан Тарбағатай тауының сілемдері, анау киелі Жайтөбе, Тоқта-Барлық таулары – талай тарихи оқиғалардың куәсі. Алақандай тізіліп жатқан Алакөл, Сасықкөл, Қошқаркөл, Жалаңашкөлдер кез-келген өңірдің маңдайына біте қоймайтын табиғат тартуы. Тарбағатай мен Барқытбелдің, Үш Құлыстай, бүгінгі Үржар мен Мақаншы, Таскескен өңірінің ежелгі дәуірі тарихқа белгілі өлке. Уақытын дәл айтсақ – 840 жылдан ғылымға мәлім. Оған XI-XII ғасырда өмір сүрген арап саяхатшысы Аль-Идрисидің өз қолымен түсірген Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің картасын, Алланың құдіретімен біздің заманымызға жеткендігін айтсақ жеткілікті болар. Бұл картаның орысша нұсқасын С. Кумеков, З. Малоян атты ғалымдар жетпісінші жылдары жасап « Государство кимаков» деген атпен кітап етіп бастырып шығарған. Сол Қимақ-Қыпшақ мемлекетінің астанасы Қимақия бүгінгі Семей қаласына апаратын бір жолдың тармағы Алакөлдің теріскейімен Қараталдың үстінен өтеді деп сызылған.


Ықылым заманнан бері басы сонау Үнді мен ішкі Қытайдан жібек, шәй, басқадай қажетті заттарды керуенмен өткізген Ұлы Жібек жолының бір тармағы Мақаншының аяғын кесіп, Елтай басып Үржар жерімен өтеді. Жоңғар қақпасынан шығып, Жалаңашкөл, Алакөл арасын қиятын керуен жолы Үржардың тұсында «Төменгі жол» деп аталған, осы жол арқылы Аякөзге, одан әрі Семей, Алтай жақтарына бағыт алады. Ал, оңтүстігіне өтетін жол Жетісу арқылы бұрынғы көне Тараз, Отырар қалаларынан Сарайшыққа (бұрынғы Алтын Орданың астанасы) дейін, тіпті одан әрі өтетін болған. Орта Азияға бет алған керуен жолдары Ташкент, Бұхара, Самарқан, тағы басқа шаһарларға жетеді екен. Керуен жолы Үржар жерімен тауды бетке алып солтүстікке қарай жүре келіп, Еміл өзенінен өткеннен кейін жолдағы кіші Арқалды, үлкен Арқалды тауларына жетіп, бір дамылдайтын көрінеді. Керуеншілер: «Сарыарқаның алдына жеттік-ау» деп Сарыарқаның самалымен тыныстап, мауқын басқан күй кешеді. Бұл жердегі айтылмақ ой тарихқа көп мәлім емес, қазақтың ұлы даласы Сарыарқаның алды бүгінгі Мақаншы жеріне таяу, Еміл өзенінің оңтүстігі мен Арқалды бөктерінен, басталатынын еске сала кету. Арқа жерінің осы жерден бастау алатындығы Құрбанғали Халидтың «Тарауих Хамса» (Бес тарих) кітабында да айқын жазылған. Арқаның алды болып аталатын осы жердің де жер қойнауы тарихта белгісіз іздермен айшықталып, болған оқиғаның аңызға айналғанын да естіп келеміз. Қалай дегенмен бір нәрсе ақиқат. Ол қазақ халқының тарихына өшпес із қалдырып, алтын әріппен жазылған оқиға-1711 жылғы жоңғарлардың шапқыншылығының осы жерден басталып, 1756 жылы қазақ сарбаздарының үлкен жеңісімен осы жерде аяқталуы.
Шығыстағы Тоқта-Барлық және Майлы-Жайыр жоталары арасындағы көне заманнан бері
«Жоңғар қақпасы» деп аталатын тарихи жер біздің Мақаншының қиыр оңтүстік- шығысында орналасқан. Осы қақпа арқылы жоңғарлардың жеті түмен әскері қазақ жеріне 1711 жылы сұрапыл шабуыл жасап, бір түмен жоңғарлар Тарбағатайдың бауырайы мен теріскейіндегі көшпенді елдің руларына соғыс ауыртпалығын түсіріп, басқа түмендер Жетісу арқылы оңтүстіктегі қазақ жеріне жойқын шабуыл жасап, қарапайым, бейқам жатқан жұртты қанға бояды. Қазақтың қалаларын қиратты. Ұлын құл, қызын күң етіп, қолына түскендерді жалшылықтың ауыр азабына салды. Бұл соғыстар 1714 - 1718 жылдары қайталанған болатын. Жоңғарға қарсы тұрған ең алғашқы қазақтардың жеңісі 1718 жылы Аякөз бойындағы шайқаста алғаш рет тойланды. Осы жеңіс - қазақ жүздерінің бірігуіне негіз болды. Алайда, 1723 жылғы ауыр қыстан шыққан халыққа жоңғарлар шабуылын тіпті күшейтті. Бұл сұрапыл оқиға халқымыздың тарихында «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген атпен әлі күнге дейін сақталуда. Бұл кезеңде қазақтардың бір бөлігі өздерінің аумағынан алшақтатылды. Көбі орта Азияға көшіп кетсе, басқалары Жем, Жайық, Ор, Ұя өзендері алабына қоныс аударды.
Ресей отарлау саясатын асықпай, енді-енді тыныштала бастаған асау елді шошытып алмай, жоспарлап жүргізді. XVIII ғасырға дейін қазақ жерін түпкілікті иеленген жоқ. Әр жақтан Қытай келіп, басып алмасын деп қарауылдап отырды. XIX ғасырдың басында бүкіл Ұлы жүз бен Кіші жүз, Орта жүздің біраз бөлігі Орынбор губерниясына бағынды.1838 жылға дейін Омбы облысы тарады да, Сібір қазақтарын басқару үшін Омбы шекара басқармасы құрылды. 1854 жылы оның территориясы екі облысқа бөлінді: Семей облысына - Аякөз, Көкпекті, Қапал, Алатау. Ал екіншісі Қарқаралы облысы – оған Баянауыл, Көкшетау, Атбасар, Ақмола, Аманқарағай жерлері қарады.
Көп ұзамай 1868 жылы патша жарлығымен Семейде төрт окург болды; Қарқаралы, Көкпекті, Зайсан, Сергиополь. Біздің ел - Үржар мен Мақаншы Сергиополь уезіне қарады. 1880 жылы Үржар мен Мақаншы Сергиополь уьезінің құрамынан шығып Жетісу облысының Лепсі уезіне бағындырылады.
Тегінде, Үржар, Мақаншы жері көз тіккен барлық басқыншылардың шабуылын бастан кешірді, талай рет қанға бөкті. Енді орыс отаршылары тура осында беттеп келеді. Мұндай саясаттан бейхабар халық шапқыншылықтан, соғыстан енді-енді бейбіт, мамыражай өмір сүре бастады. Ақтабан шұбырындыда босып кеткен жұрт атамекенге оралып орнықты. Ғасырларға созылған соғыстан аман қалған ұрпақ өсіп, өне бастады. Тарбағатай сияқты құтты жерде төрт түлік өз-өзінен өседі. Малы өскен халықтың көңілі жай. Бай ауылдар көк майсалы Тарбағатай тауының бауырайында ақ-боз үйлер тігіліп, қыз ұзатып, келін түсіріп, жастар алтыбақан құрып, ойын сауықтап, көкпар тартып, бәйге шауып, қазақтың сән-салтанатты тұрмысы мейлінше қайта шалқыды. Осылайша байырғы салт-дәстүрді жалғастырып, алаңсыз жатқан халыққа XIX ғасырдың ортасында тағы да алаң кірді. Ресей патшалығы 1867 жылы ең алғаш рет қазақ даласында шаңырақ, мал-жанның санағын жүргізді. Малдың, адамның, жердің жазғы-қысқы жайылымдарын бірінші рет есепке алды. Осыған қарап, «Енді шаңырақ басына малға салық енгізіледі екен» - деген еміс-еміс сыбыс тарады. Сол сыбыс тегін болмады. Орыстың қалың әскері қаптады, мылтығын шошайтып, қылышын асынғандар бұл өңірде жиі бой көрсететін болды және өктемдік мінез таныта бастады. Шұрайлы жердің ортасынан ойып орын алып Мұқаншы бекінісі салынды. Арғы жағынан шекара күзетінде келе жатқан орыстан ел сескенетін болды.
Жетісудың солтүстігіне қоныстану негізінен 1861 жылдан қарқынды басталып, Ресейде крепостнойлық право жойылған тұста 1914 жылға дейін жалғасқан немесе бірініші дүниежүзілік соғыс басталғанға дейін жүргізілген. 1914 жылдың өзінде Тарбағатайдың күнгей жақ етегіне 20 елді мекен қоныстанып болған екен, солардың қатарында Бақты (Захаровское, бұрынғы аты Көктұма), 1864 жылғы Ресей мен Қытай арасындағы шекараны анықтау туралы Шәуешек протоколына қол қойылған соң, Мақаншы (Ивановское) – 1865-1866 жылдардағы оқиғалардан кейін құрылғанын көрсетеді. Осы тұста Подгорное (Қара саз), Старый Пятигорск, Пертовское (Қайыңды), Благодарное (Келдімұрат), Кириловка (Қаратұма), Ириновка (Көкөзек), Аксаковка (Көлденең) елді мекендері орнаған. Ары қарай, шекараны күзетуге Үржар казак станицасына іштен әскерлердің келуіне байланысты, оның іргесі 1855 жылы қалануы уақытқа сәйкес келеді.
Сөйтіп, сонау 1758-1856 жылдары – Бүгінгі Үржар «Урджарский пост» атанған ( кейін станица), орысқа да бағынбай, Қытайға да бағынбаған, жүз жыл азат өлке болған бейбіт өңір орыс бодандығының қайыс ноқтасын солай өз еркімен киді. Жаңа жиырмасыншы ғасырдың басында 1904-1911 жылдар аралығында Россиядағы Столыпин реформасы кезінде переселен- қарашекпендердің құмырсқадай қаптап келуімен, қазақтардың шұрайлы жерінен айырылу қасіреті басталды. Кешегі Ново-Троицк (Қарабұйрат), Благодатное (Теректі), Покровка (Батпақты), Некрасовка (Салқынбел), Ново-Андреевка (Барқытбел), Ириновка (Көкөзек), Аксаковка (Көлденең), Кировка (Қаратұма), Благодарное (Келдімұрат), Подгорное (Қарасаз), Восток (Қайыңды), Петровск (Қызылбұлақ), Мирный (Көктерек) аталуы осылай жаңа атаулармен өзгеріп шыға келді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет