Материалдары



бет12/18
Дата25.02.2016
өлшемі1.58 Mb.
#20054
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18

Пайданылған әдебиеттер

1. Ғ.Ахмедов. Алаш «Алаш» болғанда. Алматы, 1995. 67-68-бб.

2. «Қазақ тарихы» журналы. 2001, №4. 57-58-бб.

3. Е.Сыдықов. «Егемен Қазақстан», 30 шілде 2003 жыл.

4. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 415-қор, 02-тізбе, 643-іс.

5. «Қазақ тарихы» журналы. 2001, №4. 59-60-бб.

6. «Абай» энциклопедиясы. «Атамұра», 1995. 210-б.

7. «Сарыарқа». 1919, №11.

8. Серия: История городов Казахстана. Семипалатинск. – Алма-Ата, «Наука».11984. 138-141-стр.

9. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 185-қор, 01-тізбе, 07-іс.

10. Сонда. 185-қор, 01-тізбе, 643-іс.

11. Бұл да сонда. 415-қор, 02-тізбе, 643- іс.

12. Қайым Мұхамедханов. Абайдың ақын шәкірттері. Алматы, 1997. 11-12-бб.

13. Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихы құжаттама орталығы. 185- қор, 01-тізбе, 04-іс.

14. «Семей правдасы» газеті. 5 февраль, 1957 ж. №26 (6932).

15.Газета «Прииртышская правда» от 3 февраля, 1957 г., №25(7973).


АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІ ЖӘНЕ СЕМЕЙ ӨҢІРІ

Құмар А.Қ.

Семей бизнес-колледжі, Семей қаласы


Алаш – қазақ халқы үшін қасиетті, қастерлі, киелі сөз. «Алаш» көне түркі сөзі – бауырлас, қандас, туыстар деген мағына беретін ұғым.

«Алты Алаштың баласы жиылып, ...» деген сияқты сөз арасындағы мәйектер көшпелі өмірдің, салт-сана мен әдет-ғұрып, құндылықтар жиынтығын құрайтын секілді.

ХХ ғасырдың басында қазақ даласы Патшалы Ресей үкіметінің толық еншісінде болды. «Қазақ» деген сөзге тән («қазақ» сөзінің бір мағынасы – А.Қ.) еркін халыққа отарлық бұғау темірден мәңгілікке салынғандай болды. Осы бұғаудан шығудың алғашқы көрінісі, үні кейіннен қазақтың зиялы қауым өкілдерінің басын қосқан «Алаш Орда» үкіметінің азаматтарынан шықты. 1907 жылы Міржақып Дулатов «Қазағым менің, елім менің» атты мақаласында: «...Ресейге тәуелді халық болғанмен, оның ешқандай правосының жоқтығы ыза мен кек тудырады» деген сөздері бір мысал [1,30].

Туған елдің, ата-қоныс қазақ даласының үнін білдіргісі келген азаматтардың, Алаштың балаларының бірі – Құнанбайдан туған Ысқақтың ұлы Кәкітай мен Турағұл Абайұлы еді. Кәкітай мен Турағұл ел басқарған Құнанбайдай дала көсемінің тұяғы, қалың қазаққа жұрттың қамын жеткізген ұлы Абайдың тәрбиесін көрген балалар.



Кәкітай мен Турағұлдың Алаш азаматтарымен байланысы, ондағы қоғамдық-саяси қызметінің басы әкесі Абай қайтыс болған тұстан басталады. Кәкітай немере інісі Турағұлмен бірге ең алдымен Абайдың өлеңдерін, өмірбаяны туралы мәліметтерді өздеріне бұрыннан таныс Әлихан Бөкейхановқа тапсырады. Әлихан орыс тілінде: «Абай (Ибрагим) Құнанбаев (некролог-қазанама)» деп атап мақала жазып, 1905 жылы «Семипалатинский листок» газетінде (№250-252, 1905) және 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела РГО» (№3, 1907) деген басылымдарда жариялайды. Мақала соңында Әлихан былай деп келтіреді: «Оригинальные сочинения Абая и его переводы из Пушкина (отрывок из Евгения Онегина), Лермонтова и Крылова собраны его сынов Турагулом и в непродолжительном времени будут изданы Семипалатинским Подотделом императорского РГО под редакцией А.Н. Букейханова». Бірақ бұл іс аяқсыз қалады. Ол туралы Әлиханның өзі 1915 жылдың 18 қаңтарында «Қазақ» газетінің №105 санында жарық көрген «Кәкітай» (қайтыс болуына байланысты жарияланған – А.Қ.) атты мақаласында көрінгендей, сол кездері біраз уақыт абақтыда отырып қалғаны себеп болды. Толығырақ мақала ізімен айтсақ, Қайым Мұхамедханұлының айтуынша, Абай ұрпақтарының Әлиханмен таныстығын осы мақалада өзі былай деп жазады: «Әуелі Кәкітайды 1900 жылы күзді күні көрдім. Қасқырдың бөлтірігіндей (қазақтың баласын бөрінің бөлтірігіне теңеуі түркіліктің ұрпаққа тән белгісі деп білемін – А.Қ.) тоғыздағы баласы Біләлді гимназияға берем деп Семейге келген-ді. Онда заман тыныш, тұңғиық, бірігіп қылар іс жоқ. Біз нысана алмадық (мақал авторы 1900 жылдың өзінде әр істе кеш қалғанын меңзегендей – А.Қ.). 1904 жылы Абай марқұмның өлеңін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. 1905 жылы сәуірдің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазба кітабын алып, Омбыдағы маған келді. ...бірер жұмадай жатып, Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық. Анық таныстық. Сол жылы 5 мамырда қазаққа саясат ісін кеңесуге мен Семейге бұғып бардым. Параходта Кәкітаймен бірге жүрдік. Содан бері саясат ісінде бір одақ болдық. 1906 жылдың қаңтардың басында Керекуден Семейге шыққан мені ұстасын деген хабар келген. Марқұм Омарбек пен Кәкітайлар маған қарсы шыққан үш әріпті «Б»-дан мені қашыртпақ болды. Бірақ одан қашпақ менде ой болмады. Егер мен қашсам онда қырға отряд шығып, қазақты қор қылмай ма? Тұзқалада (Ямыщевск – А.Қ.) ұсталмас бұрын «С» деген азамат келіп, қашу жолдарын айтты: «Керегі мен болсам, мен қашпаймын, абақтыда бір кісаі жатқаны жұрт қор болғаннан ыңғайлы болар. Кәкітай мен Омарбек бұға тұрсын» - дедім әлгі адамға. Екінші Гос.Дума сайлауында Кәкітай выборщик болды. ...Шәкәрім, Кәкітай, Темірғали, Хасен, Омарбек – «осылардың бірін сайлаңдар» деп, жұртқа мен көрсеткен бес кандидат еді (Құнанбай ұрпақтарының есімін Әлиханның атауы осыларға сенетіндігінің белгісі деуге болады– А.Қ.). Ол сайлауда Омарбек, Жақып өтпей, Шәкәрім жолын Темірғалиға ұсынды,... Кәкітай ісі бұл жолы адасқандық болды. Осы ағат болғанын Кәкіш (Кәкітай – А.Қ.) мойынына алған еді. Сөйтіп кейін бірінші Гос. Дума депутаттары саясат әдісіне сайланған жерде абақтыға отыралық десті. Мен осы шартпен жазғытұры 1908 жылы Семейге келдім. Мен Семейде боршымды күтіп жүргенімде Шәкәрім, Кәкітай, Турағұл әдейі қалаға келіп, тағы да біраз күн көңіл көтеріп, шат болған едік. Мен абақтыда жатқанымда осылар тағы келіп амандасқан. «Бұған өзге қазақ жарамады-ау» деймін. Мен абақтыдан шыққан соң бір түн Қаражан үйінде бірге болып, мені Қарқаралыға Омарбек, Кәкітай шығарып салып, қош айтысқан жерде құшақтап жыласты... Бекер жыламаған екенмін. Сонан бері Омаш пен Кәкішті көргенім жоқ» [2,273].

Сөйтіп, Абай мұрасын Әлиханның жинақтап шығару арманына тосқауыл болған саяси себептер жоғарыда айтқан редакциялық істің аяқсыздығын көрсетеді. Оны 1909 жылы тұңғыш жинақ қылдырып – «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі». Бастырған Кәкітай, Турағұл Құнанбай ұғландары» деген тақырыппен Петербургта басып шығарады [3,130]. Осы төрт жыл аралығында Құнанбай ұрпақтарының Алаш қайраткерлерімен жақсы танысып, етене араласып, сырлас дос, ниеттес еуендігі білінді [4,174].

Әлиханның Құнанбайдан тараған ұрпақтарына, Абайдың бай мұрасына деген, ал Құнанбай ұрпақтарының Алаштың азаматы ретінде қазақтың қамын ойлаған Әлихан сияқты зиялы қауым өкілдерінің қызметтеріне бейжай қарамайтындығы байқалды.

Кәкітайды еске алып жазған жоғарыдағы мақаласында Шәкәрім мен Кәкітайдың Әлиханнан ақыл-кеңес сұраған хатын келтіреді: «Не айтасын, ата қоныс, кір жуып, кіндік кескен Қарауыл өзені (қазіргі Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылының жанынан өтіп Оспан көлге құятын, қазіргі таңда маусымдық көктемнен жазға шекті ағатын өзен – А.Қ.) мұжыққа (орысқа) кетіп барады, 15-тен жер ал дейді, аламыз ба?» Жауап ретінде Әлихан: «Бұл жолсыз қоқан лоқы тәмам қазақ баласына. Жерің кетсін. Құнанбай баласы тобықтыға мұрындық болды деген атқа қаларсын, не болса жұртпене бірге көр. Жұрт шаруасы қағазбен 15-ті алғанменен егінге айналмас. Тәмам қазақ Құнанбай баласына еріп қалған, артыңнан еріп 15-ке құл болса, мал баққан шаруаға зиян болар» деді.

Соңғы хатты Кәкітай Әлиханға 1913 жылдың 13 мамырында: «Өзің көргендегіден көңіл басқарған жоқ, ғұмыр нұры кетті, басқа үміт қыларлық нәрсе көргенім жоқ. Барарлық жер жоқ. Мұндасар кісі кем қалды. Тірі болған соң ғұмыр сүріп жүрміз. Біреуге тигізер пайда қолдан келмеген соң, ең болмаса, ешкімге зарар тигізбесек деп, сақтанғаннан басқа жұмыс жоқ» деп, жолдайды [5,274].

Небәрі 46 жас ғұмыр кешкен Кәкітайдың тағдыры басқаша өрбіген жағдайда Алашорда үкіметінің нағыз тірегі, Алаш туын биікке ұстар азамат болар еді.

Кәкітайдың ісін Турағұл жалғастырды. Абайтанушы Қайым Мұхамедханұлы Турағұлдың әдебиет саласында, тарих саласында қоғамдық-саяси қызметі аз зерттелгенін айтып кеткен еді. Қолда бар дерек бойынша Турағұлдың белсенді қызметі 1916-1917 жылдары көріне бастайды.

І-ші дүниежүзілік соғыс науқанына да қазақ жері, азаматтарынсыз өтпеді. Патша Жарлығы былай тұрсын, майданға тілмаш керек болды. Науқастанған жігіттерді Земскі союздың майдандағы ауруханаларына жібереді. Онда докторлар, фельдшерлер қазақша, ауырған жігіттер орысша білмейді... Тіл білмеген соң аурудың жайын жеткізіп айта алмайды. Бұл жайды жеткізген соң Земскі союзі бізге «...тіл білетін докторларыңды жіберіңдер, біз оларды өзінің қазақтарына қоялық» дейді. Беретін айлық мөлшерін көрсетеді.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 28 ақпандағы №219 санында Земскі союзі майданынан (Минск) Бөкейханов мырзаға жолдаған телеграммасында: «Біздің өтініш қазақ докторлар, фельдшерлер осыған келуі. Біз доктор шақырғалы, газетке жазғалы бірталай уақыт болды, бұл күнге дейін келген, яки келемін деген бір кісі болмай тұр. Қазақтың оқыған азаматтары қазаққа осындайда қызмет етпегенде қашан қызмет етіп пайдамызды тигіземіз. Кісі тез керек. Талапкер переводчиктер жоғарғы адреске һәм «Қазақ» басқармасына телеграм берсін» делінген.

«Қазақ» газетінің №221 санында Әлихан Бөкейханов тілмаш жігіттердің тізімін жария етеді. Онда: «төмендегі инабатты адамдар көрсеткен жігіттерді переводчикке аламын: Қарқаралыда – Қасым Мамлеев, Семейде – Турағұл, Нұрғали, Павлодарда – Сағадат, В. Антонич Сорокин ...

Майданға келіп жігіттерді ептейтін, пара алатын, іске еріншек переводчик әуре болмасын.

Қызмет жұрт үшін, іс таза жігіттік» [6,230-231] - дей келе, өз ісіне адал қарайтын нағыз қазақтың азаматтарына жанашыр білімді, орыс тілінің білгірлерінен ішінен Турағұл есімінің аталуы тегін емес.

1917 жылдың ақпанындағы төңкеріс демократияның сара жолын салардай көрінді. Бұл жөнінде «Қазақ» газетінде 1917 жылдың №223 санында Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов сынды бір топ Алаштың азаматтарының жария еткен телеграммада: «Россиядағы барша ағайындық, теңдік, бостандық күні туды. Жаңа құрылған үкімет дүкенін сүйеу үшін қазаққа ұйымдасу керек. ... Енді араздық, өштік, дау, жанжал, талас, партиялық сиыспауларды тастау керек. Құдайдан басқа ешкімнен қорықпаңдар! Халықтың көңілін білдіріңдер!» [7,232] – деп, жиыны еліміздің 25 жеріне жіберілген телеграм Семейдегі Райымжан Марсеков пен Турағұл Абайұлына жолданады.

Сұлтанмахмұт пен Шәкәрімнің де таныстығы осы тұста басталады. Патшаның құлағанын естіп, қуаныштары ішіне сыймай Сұлтанмахмұт пен Әлімхан Ермекұлы Томскіден 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келген бетінде «Алаштың әнұранына» айналған жырына:

Алаш туы астында,

Біз – алаштың баласы.

Күніміз туып көгерді,

Сарыарқаның даласы...

деген жыр мәйектеріне, Семейде болған Шәкәрім жоғары баға беріп, сезімін тербейді. Сұлтанмахмұт 1917 жылдың күз айларынан 1918 жылдың маусымына дейін абай елінде болған. Ат басын тіреген ауылы атақты Оразбайдың Медеуінің баласы Санияздың ауылы еді (Абай ауданы Кеңестер Одағының батыры Ж. Молдағалиев атындағы совхоз қазір Медеу ауылы д.а. – А.Қ.). Ал Санияздың жұбайы Турағұлдың қызы Ақыш (Ақылия) болатын.

1918 жылдың 6 наурызында Семей семинариясының шәкірті, алаштың азаматы Қазы Нұрмұхамедұлы жазықсыз оққа ұшқанда («Сарыарқа» газетінің 1918 жылы 18 наурызындағы санында Бейімбет Майлин «Тұңғыш құрбан» атты мақаласын жария етеді) Шәкәрім халыққа арнап сөз сөйлеген. Бұл қаралы жиынға Міржақып Дулатов, Райымжан Мәрсеков, Сұлтанмахмұт Торайғыровта қатсқан болатын [8,226]. Бұл жерде айта кететіні, Турағұлдың құдасы Медеудің ауылында 19 жасар бала Сұлтанмахмұттың жатып шәкірт тәрбиелегені, жоғарыда аталған азаматтармен етене араласып, өзіндік пікірімен санасуы сол кездегі Алаштың әрбір азаматының асыл қасиеті деп білеміз.

Әлихан Бөкейханов 1917 жылдың «Қазақ» газетінің №235 санына қазақ депутаттарын шақыратын үндеу жариялайды: «Құдайдан соңғы күшті Учредительни Собрание, барша Россия законын басқарады, мұнда барша қазақтың ісі қаралады. Біздің Алаштың баласы партия жасамай Уч.Собр. сайланғану алаштың пайдасы. ...Депутат саны адам санына байлаулы: екі жүз мыңнан бір депутат сайланбақ. Бюроның лайықтаған 43 депутаттарының ішінен тізім бойынша 25-ші Турағұл Құнанбай баласы депутат немесе кандидат болып енеді» [9,250].

1917 жылы Алаш партиясы құрылғанда, Турағұл Алаш партиясының Семей облыстық комитетінің мүшесі болған. Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 2 желтоқсаны №253 санында «Алаш партиясы» деген атпен мақала басылды. Онда: «Сарыарқа» газетінің («Бірлік туы», «Жас азамат» сынды т.б. газеттер сияқты Алаш қозғалысынан тың мәлімет берген газет – А.Қ.) соңғы номерінде бұл туралы мынандай мақала басылды: «Алаш» партиясының Семейде уақытша обласной комитеті ашылды. Комитетке кірген кісілер: Әлімхан Ермекұлы, Райымжан Мәрсекұлы, Имам Әлібекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Турағұл Құнанбайұлы, Халел Ғаббасұлы, Сыдық Дүйсембіұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Мұстақым Малдыбайұлы, Әнияр Молдабайұлы, Биахмет Сәрсенұлы. Бұлардан басқа ояз басы бір кісі кіруге орын қалдырылды. Құрметті председатель болып Әлихан Бөкейханұлы сайланды» [10,174]. Мұндағы төртеуі: Ахметжан, Турағұл, Халел, Аниярлар Абай елінің адамдары, Абайдың ақын шәкірттері түгелдей «Алаш» партиясын қолдаған. Мысалға, Семей уездік земствосының мүшелері 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің №26 санында халыққа үндеу жариялаған. Үндеуге қол қойғандардың ішінде Көкбай Жанатайұлы мен Имамбазар Қазанғапұлы да бар. 1917 жылы5-13 желтоқсан күндері Орынборда өткен Екінші жалпықазақ съезіне Шәкәрім арнайы шақырылады. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылы 25 қаңтарындағы санында съездің қаулысы жария етіліп, Шәкәрім Алаш Орданың қазысы, яғни биі болып сайланады. Ол туралы:

Түзелер деп қазағым,

Николай құлап, өлген соң,

Тағы да тартып азабын

Алпысқа жасым келген соң.

Құлдықтан қазақ босады,

Білмеймін қайдан тосады,

Күн шыққанға ұсады,

Бостандық сәуле берген соң.

Оқыған жастың етегін,

Қабыл алдым жетегін.

Босқа жатып нетемін

Бостандық туын көрген соң – дейді ақын [11,88].

Турағұлдың «Алаш» партиясындағы қоғамдық-саяси қызметі тек облыс көлемінде қалған жоқ. Одан тысқары әрекеттерін мынадан байқауға болады. Екінші бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Турағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқаев біріккен мәлімдемеге қол қойды. «Қазақ» газетінің 1917 жылы желтоқсанның 18-гі №255 санында: «1918 жылдың 5 қаңтарына жоспарланған Сырдария облысының съезінде Түркістан қазақтарының ойын білу зор мәселе, уақыттың шұғыл екендігін айта келе, айтылған күннен қалмай келуі сұралды» [12,157]. Сөйтіп, Түркістан шаһарында болатын съезге 30 желтоқсанда жүріп кетті. Және де Гүлнар Міржақыпқызы өз естелігінде: «Бұл сол 1917-1918 жылдар. Байтұрсынұлы Ахмет атам мен әкемнің Орынборда «Қазақ» газетін шығарып тұрған уақыты. 1917 жылдың шілде айында өткен «Алаш» партиясының ІІ-съезіне қатысқан ұлы Абайдың баласы Турағұл біздің үйге келіп түсті. Сол кезде есінде қалса керек, бертін (1925-1926 ж.ж.) келе, Шыңғыстауға барып жүргенімде Тұраш ата (Турағұл) менің татарша сөйлегенімді айтып күлетін» деп айтады.

Турағұл 1918-1919 жылдары патшалы үкіметтің жақтаушылар мен қызыл әскер арасындағы жанжалда қарапайым халықтың зардап шекпеуіне барлық күш жігерін жұмсады. Алаш атты әскерінің құрылу тарихына қатысты Семейдегі ЖТҚО «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организаци против Советской власти в 1918 г. правительства Алаш-Орды» деген ресми құжатта Әлихан бастаған қырыққа жуық адамның тізімі ішінде Турағұл Абайұлының есімі аталады. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы №44 санында Алтай губерниясынан большевиктерді қуып жеңіспен оралған әскердің басшылығында Турағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенұлы, Қаражан Үкібаевтардың тұрғаны бір дәлел [13,33-34].

1922 жылы Әлихан Бөкейханов пен Міржақып Дулатов тұтқыңға алынғанда, Турағұлда түрмеге жабылып, төрт айдай отырып, шыққан. Сонан кейін елмен араласпай, шығармашылықпен шұғылданып, аударма ісіне де араласады.

Мұхтар Әуезовтің пікірінше, «Турағұлдан артық Абай туралы мағлұмат берген ешкім жоқ» деп жазады. 1889 жылдан Абай тәрбиесін көріп өскен алаштың баласы сананы елдің бостандығына жұмылдырады. «Қайран сөзім қор болыды Тобықтының езіне» демекші, сол елдің шолақ белсенділері 1928 жылы Турағұл тағы сотталып кете барғанда «Тұрашы кеткенде Жебеші де (ұлы Жебрәһил) қалмасын» деген газет бетіне мақала жариялайды. Ол институттан қуылып 1930 жылы Ташкентте Мұхтардың үйінде сауғалап, оқуын жалғастырады, ол жақта науқасқа ұшырап қайтыс болады. Кәкітайдың баласы Даниял мен Мұхтар Әуезовта сол тұста Ташкентте тұтқынға алынады. Турағұл қатты қайғыға батады. Бәйбішесі Мисадан туған баласы Зүбайыр 1933 жылы екі баласымен Қырғызстанда өледі. Одан бергі бір жыл Турағұлдың еңсесін көтертпейді, 1934 жылдың 6 наурызында Шымкент қаласында қайтыс болады [14,176].

«Қазақ» газетінің 1917жылғы №236 санында «Сана қайда?» деген мақаласында жазылғандай: «Мойыныңа бұғалық түсті – бұлқынбадың. Құрық көтеріп еді – қолға тұра қалдың. Арғымақ едің – жабы болдың, жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді, ерқашты қылды – көне бердің. Баяғы дәурен көзіңнен бір-бір ұшты, қамықтың, жабықтың» [15,17] дей келе, Қайымша айтсақ, қамыққан, жабыққан Алаш азаматының 1920-1930 жылдардағы қоғамдық-саяси қызметі және бүкіл ғұмырын, бізге беймәлім тұстарын зерттеу, зерделеу кейінгі ұрпақтың еншісі, жалпы бүкіл Алаштың қауымы Құнанбай ұрпақтарына бас июі тиіс деп білемін.
Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. – 256-бет

2. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: «Қазақстан», 1994. 384-бет.

3. Жанболатұлы М. Тобықты-Шыңғыстау шежіресі. Алматы: 2004. 424-бет.

4. Абайдың ақын шәкірттері. 1-ші кітап. Дайын. Қ. Мұхамедханұлы. – Алматы: РГЖИ «Дәуір», 1993. 224-бет.

5. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: «Қазақстан», 1994. 384-бет.

6. Бұл да сонда.

7. Бұл да сонда.

8. Шәкәрімтану мәселелері. 2-ші кітап. Сериялық ғылыми жинақ. (Құрас. Т.Шаңбай) – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. – 360-бет.

9. Бөкейханов Ә. Шығармалар. – Алматы: «Қазақстан», 1994. 384-бет.

10. Абайдың ақын шәкірттері. Дайын. Қ. Мұхамедханұлы. – Алматы: РГЖИ «Дәуір», 1993. 224-бет.

11. Шәкәрімтану мәселелері. 1-ші кітап. Сериялық ғылыми жинақ. (Құрас. Т.Шаңбай) – Семей-Новосибирск: «Талер-Пресс», 2006. – 440-бет.

12. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: «Ататек», 1995. – 256-бет

13. Кенемолдин М. Турағұл және Алашорда үкіметі. //Абай журналы. №4, 2006.

14.Абайдың ақын шәкірттері. 1-ші кітап. Дайын. Қ. Мұхамедханұлы. – Алматы: РГЖИ «Дәуір», 1993. 224-бет.

15. Алаш «Алаш» болғанда: Естеліктер мен тарихи деректер.- Алматы: Жалын, 1996. 224-бет.



ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ САЯСИ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ
Карибаев М. С.

Семей мемлекеттік педагогикалық институты

Тарих мамандығының 1 –курс магистранты

Ғылыми жетекші: Санқайбаева Ф. С.


ХХ ғасырдың бас кезінде ұлттық интеллегенцияның алғашқы буыны қазақ тарихын өзара талқыға салды. Бұл талдау ұлттық көлемдегі тұңғыш саналы, мақсатты талдау болатын және ол жаңа қалыптасып келе жатқан ұлттық сананың тұтастыққа ұмтылушылығының көрінісі есебінде жүрді. Ұлттық буржуазия мен интеллегенцияның қалыптаса бастаған, жалпы халықтық ояну жағдайында ұлттық мемлекеттік бірлік мәселесі күн тәртібінде қайтадан қойылды.

Әлихан Бөкейханов өзінің шығармаларында қазақ мемілекетінің қалыптасуы мен дамуының заңдылықтары мен тарихи кезеңдерін маңызды әлеуметтік – саяси процесс ретінде қарастырып, қазақтың үш жүзінің патшалық Ресейдің құрамына енуінің мативтеріне назар аударады. Хан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының түпкі мақсатын оның саяси маңызын, жеңілу себептерін қарастырады. Кенесары хан көтерлісінің сәтсіздігі Әлиханды өз халқын еркіндік пен теңдікке жеткізетін күрестің жаңа жолдарын, әдіс-тәсілдерін іздестіруге септігін тигізді. Нәтижесінде ол күрестің екі жолын анықтайды: оның біріншісі – саяси күрестің бейбіт жолы саналатын парламеттік күрес әдісі, екіншісі – дамыған халықтардың мәдениетін қабылдау жолы. Соның негізінде қазақ халқының өнері мен білімін дамыту, ұлттық және саяси санасын қалыптастыру еді. Халықтың рухани байлығының бірі – көркем әдебиетке, Ә.Бөкейханов көп көңіл бөлген Халқымыздың сарқылмас қазынасы – ауыз әдебиеті мұраларын жинап, оларды жіктеп, өңдеп бастырған.«Қазақтың ұлт болып өркениетті ел қатарлы өмір сүру үшін,- дейді ол, ең алдымен, халықтың сана – сезімін оятатын жағдай туғызу керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек өз әдебиетін қалыптастыруда табысқа ғана жеткен халық қана азат өмір сүре алады»,- деп білген Әлихан ұлттық әдебиетімізді өркендетуге жан-тәнімен еңбек етеді.[1,48 б.]

Өз кезегінде Бөкейханов үшін кадет партиясынан шығып, ұлттық Алаш партиясын құру мемлекеттік суверенитетке жету жолында жасалған келесі саяси қадам еді. Егер 1905 – 1907 жылдары, одан кейінгі кезеңде де мұндай мақсаттың іске асыруға қажет шарттар түзілмеген болса, Ақпан тоңкерісінен кейін елдегі қалыптасқан жағдай оған мүмкіншілк туғызды.

Осы кезеңде Әлиханның қоғамдық, саяси қайраткер және педагог, ғалым, публицист ретіндегі талаптары жан-жақты ашыла бастайды.Осы мезгілде ол патша режимінің қуғынына ұшырап, екі рет сотсыз, тергеусіз түрмеге қамалады. Омбыда Ә.Бөкейханов жергілікті орман мектебінде мұғалім болып қызмет істейді, қоғамдық өмірге белсене араласады.Түрлі ғылым салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жасайды.Осында ең алғашқы публицистік мақалалары жарық көрді.Социалистік бағыттағы «Степной край» газетінің қызметіне белсенді түрде араласа бастайды.

Ол қазақ даласының жергілікті тұрғындарының тарихын, оның әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін зерттейді.Бірнеше ғылыми зерттеу экспедициясына қатысады. 1896-1901 жылдары Далалық аймақтың Ақмола облысын, Павлодар, Қарақалпақ,Өскемен, Семей, Омбы уездерін зерттеуге қатысады. Бұл зерттеудің мақсаты экономикалық және шаруашылық құрылымдарды жан-жақты зерттеу және халық санағын жүргізу болады. Оның ғылымға деген жігері тек қана қазақ мемлекеті тарихын, қазақ халқының этногенезін, шаруашылығы мен көшпелі медениеттің қарым-қатынасын, қазақ қоғамының саяси құрылымын зерттейтін мәселелермен және патшалық көшіру саясатына байланысты мәселелермен шектеліп қана қоймады.

1889 жылдың өзінде Ә.Бөкейханов 18 мақала жариялады, оның ішінде, «Қарқаралы уезінің Тоқырауын, Қотан-Бұлақ және Батыс-Балқаш болыстарындағы жер шаруашылығы туралы» деген қызықты еңбегінің жазылуы да кездейсоқ емес еді. Ал, бұл шығармаларын ол Петербург Орман институтында түскенге дейін жазған.[6,120 б.]

Омбыда Ә. Бөкейханов ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, тарих, этнография, әдебиет салаларында ғылыми еңбектер жазды. Қазақ даласындағы жер мәселелерін, әсіресе, көшіріп-қондыру мәселелерін зерттей келе Ресей империясының отаршылдық саясатын әшкерелеп, осы тақырыпта ғылыми мақалалар жазады. Мақалаларының кейбіреулерін «Сибирские вопросы» атты Санкт-Петербургте шыққан журнал бетінде жариялайды. Осы жазылған еңбектеріне әйгілі ғалым С.П. Швецов кейініректе мынадай баға береді : «Ә.Бөкейханның барлық ғылыми еңбектері оның терең де жан-жақты білімділігі мен дайындығын көрсетеді, керекті фактілер мен материалдар жоғары сапада, мұқият түрде талданып, ұқыпты қолданылғанымен ерекшеленеді».

ХХ ғасыр басында қазақтың ұлт зиялылары, олардың көшбашылары Ә.Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсыновтар қоғамның ең өзекті мәселесі – орталық езгіге қарсы ұлттың санасын оятып, біріктіру мақсатында тиісті идеологияның қажеттілігін түсініп, оны қалыптастыру жолында өздерінің шығармашылық қызметімен және «Қазақ» газеті арқылы үгіт насихат жұмыстарын атқарды.Бұл кезеңдегі ұлт- азаттық қозғалыстың сипаты М.Қозыбаевтың айқындауы бойынша : «Алаштық ұлт – азаттық қозғалысы идеологиясының өзегі – отаршылдыққа наразылық, отаршылыққа қарсы ұлтшылдық» болды /1,18/

1918 жылға дейінгі қазақ қоғамының саяси және рухани өмірінде аса үлкен рөл атқарған «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуінде Ә.Бөкейхановтың атқарған еңбегі аса зор. 1913 жылдың ақпанында шыға бастаған «Қазаққа» дейін жалпы ұлттық газет шығару әрекеті ілгері баспаған. Оның газет шығару ісінде мол тәжірибесі 1896-1907 жылдары «Степной Край», «Иртыш», «Омичь», «Голос степи» сияқты газеттерде істеуі, Мемлекеттік Дума депутаты ретінде сол кезеңдегі Россия жоғары билік орындарына жақын адамдармен тікелей таныс болуы «Қазақты» ұйымдастыруға аз роль атқарған жоқ.[3,22 б.] Оның құрылтайшылары қазақ халқының біртұтас ұлт болып қалуын көздеді және ұлттық мемлекеттіліктің жаңғыруын аңсады.

800 данамен апта сайын шығатын «Қазақ» газетінің бірінші редакторы Әлиханның үлкен досы, пікірлесі, өз халқының мүддесін қорғаушы, саясаткер, ақын Ахмет Байтұрсынов болды.Оның әдеби қызметі өлкенің өміріне тікелей қатысумен үйлесіп отырды.

«Қазақ» газетінің алғашқы саны келесі бағдармалық жолдаумен шықты: «Біздің газетіміздің мақсаты – бұқара халықтың мүддесін қорғау,қазақтар арасында ғылым мен мәдениеттің дамуына үлес қосу, басқа халықтардың өмірлері мен жетістіктерімен таныстыру». [7,263 б.]Сондықтан, газеттің алдына қоятын басты мәселелері – қазақ ұлтының тағдыры, ана тілінің сақталуы. Бұл газеттің іс жүзінде қазақ халқының сана сезімінің оянуына зор үлесін тигізгендігін атап айту керек. Газеттің алғашқы сандарынан бастап ол «Қыр баласы » атты жамылғы есіммен мақалалар жазып, ең күрделі және өзекті мәселелер бойынша негізгі авторға айналды. Әрине, «Қазақты» шығаруда Қыр баласының рөлін асыра бағалауға, немесе оның ұстаған бағдары мен редактордың бағытын шатыстыруға болмайтындығы түсінікті.Дегенмен, газетті ұйымдастыруда Ә.Бөкейханов- тың еңбегін өз дәржесінде бағаламау да әділетсіздікке жатар еді.«Қазақ» газеті бетінде Ә.Бөкейхановтың қалам тартқан негізгі тақырыбы, әрине, жер мәселесі болды.

«Қазақ» газеті 1913-1918 жылдары шығып, осы аралықта басылымның 265 саны жарық көрді.ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихының аса маңызды жазба дерек көздерінің біріне айналдырды.Газеттің дерек көзі ретіндегі маңызы, онда сақталған мағлұматтардың ғылыми құндылығы, яғни, шынайылық деңгейі оның шығарушылары мен негізгі авторлары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың есімдерімен тығыз байланысты болды.Бұл айтылған ойлардың қайсыбірінің қайшылықты, көрініуі ықтимал, бірақ олардың нақты тарихи тәжірибеден туындағандығының жоққа шығару қиын.

Ә. Бөкейновтың қазақ тарихының мәселелеріне арналған еңбектеріне тоқталайық. Ең алдымен «Қырғыз аймағаның тағдырлары және оның жетістіктері» атты монографиясын атап өткен жөн, мұнда археологиялық ескерткіштердың мінездемелері, ертедегі мекендеген халықтар өмірі мен тұрмысының суреттемесі берілген, қазақ ұлты мен мемлекетінің құрылуы талдаудан өткізілген.Бұл монография - Ә.Бөкейхановтың императорлық орыс Географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімінің мүшелерімен бірігіп жүргізіп зерттеулерінің нәтижесі және Қазақстанның төңкеріске дейінгі тарихын баяндайдын еңбектердің ең алғашқысы.Авторлар қазақ халқының этногенезі мен Қазақ мемлекеттілігі мәселелерін көтереді.Жалпы алғанда, Ә.Бөкейхановтың қазақтардың түрік әлемімен теңдігінің мәселесін жүзеге асырушылардың ең алғашқысы екенін атап кеткен жөн. Монографияда келтірілген деректер Ресейдің ХYI – ХIХ ғасырларда отаршылдық саясат жүргізгенін жоққа шығармайды.Ә.Бөкейханов өз кезіндегі саяси жағдайдың қазақ-орыс қарым-қатыныстарының дамуымен тікелей байланысты екенін атап көрсетеді.Ол сол кездің өзінде «империялық державаның» мәдениетін тану ұлттық мәдеиеттіңдамуына үлес қосқан ең үлкен себептердің бірі деген ой айтқан.

Ә.Бөкейхановтың тарихи көзқарастары «Ұлы Қырғыз ордасының сұлтаны С. Абылайхановтың қағаздарынан», «Орта Қырғыз Орда ханы Бөкей мен оның мұрагерлерінің хаттарынан» деген еңбектерінде анық көрінеді.Оның ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстың көсемі, 1837-1847 жылдардағы көтерлісті басқарған Кенесары Қасымұлы сияқты тұлғаға назар аударғаны әбден түсінікті деуге де болады.Ғалымды қарулы көтерліс көмегімен халқына тәуелсіздігін қайтарып беруге ұмтылған ұлы жол салушының трагедиялық тәжірибесі қызықтырды.

Ә. Бөкейхановтың екінші бір маңызды ғылыми еңбегі – «Қырғыздар».Ғалым бұл еңбегіндегі көтерілген мәселелерді өз өмір кезеңімен тығыз байланыста қарастырады. Халық туралы айта келе, қазақтардың экономикасы, мәдениеті артта қалған ел деуге болмайды, өйткені шаруашылықтың бұл түрі табиғи, географиялық жағдайға қолайлы, ұтымды бірден-бір жол деп жазды.Ә. Бөкейханов қазақ этносының тарихына байланысты мәселелерді дүниежүзілік өркениетті мәдениетпен салыстыра отырып зерттеген. Ол өз кезеңіне тән Еуропадағы қоғамдық – саяси процестерге терең талдау жүргізген.

Әлихан Нұрмұхамедұлы И.И. Мечниковтың, Н.Л.Скалозубовтың, П.П. Семеновтың, Г.Н. Потаниннің, А.Бебельдің, т.б. саяси және тарихи қайраткерлер портреттерінің сериясын жасаушы болып табылады.Әсіресе, әйгілі орыс бактериологы және имунологы Мечников туралы мақаласын айтпай кетуге болмайды.

Әлихан Бөкейханов халқымыздың рухани байлығын халық ауыз әдебиет үлгілерін зерттеп, жинақтауға да уақыт тапқан.Ол қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерін жақсы білген, әсіресе, қазақ әдебиетінің тарихында өшпес із қалдырған ақын-ағартушы Абай Құнанбаевты аса жоғары бағалаған.Әдебиеттің халқымыздың санасы мен мәдениетін көтерудегі құндылығын түсіне отырып, сол кездегі әдебиет және қазақ интеллигенциясының өкілдерін біріктіру үшін белсенді әрекеттер жасайды.Олардың ішінде қазақ интеллигенциясының мынандай ұлы тұлғалары бар еді: Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Жақып Ақбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Жүсіпбек Аймауытров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғымар Қарашаев, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер және басқалар.

Сол кезеңнің фольклористері мен этнографтары бірауыздан қазақ халық поэтикалық өнерінің бейнелілігі мен лиризмін, мазмұндылығы мен жоғары сапалылығын атап көрсеткен. Сондықтан, Әлихан Бөкейханов Ахмет Байтұрсыновпен, Әбубәкір Диваевпен, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевпен қатар, халық ауыз әдебиеті шығармаларын жинап, көп үлес қосқан.Сол басылымдарда оның және басқа зерттеушілердің жинаған мәліметтері жарияланған. Олар: «Қозы Көрпеш Баян сұлу» поэмасы, Марабай жыраудан В.В. Радлов жазып алған «Ер Тарғын» эпосы және қазақтардың 400 жылдық тарихын бейнелейтін «Жиырма үш жоқтау» жинағы.

Белгілі ғалым Александр Бенниксен өзінің 1964 жылы Сорбоннада шыққан «Национальное движение среди мусульман России» атты кітабында Әлихан Бөкейхановтың әдеби шығармашылығына мынандай мінездеме берді: «Оның әдеби қызметі таң қаларлық : экономист, тарихшы, фольклорист, ол «Иртыш»,» «Голос степей», «Факел», «Дала уалияты», «Омич», «Сибирские вопросы», «Қазақ», «Айқап» сияқты бірнеше орыс, қазақ, татар басылымдарымен жұмыс істеді. Оның «Қыр баласы» атты псевдониммен жазылған қазақ эпосы туралы тамаша еңбектері оның отандастарының ұлттық сезімін дамытуға зор үлес қосты».[6,123 б.]

Ә. Бөкейханов ауызша халық шығармаларының үлгісін жинап қана қоймай, сонымен қатар, оларды жарыққа шығарушы, зерттеуші болып табылады. Сондай ірі жұмыстарының бірі – «Қырғыздың» «Қобыланды» жырындағы әйел». Бұл жұмысы 1899 жылы Түркістан генерал-губернаторы тұсында «Түркістан ведомстволары» газетінде жарық көрді.Онда Әлихан Нұрмұхамедұлы маңызды талдау жасайды: «Көпке танымал Қобыланды жыры қырғыздардың қалмақтармен көпке созылған күресінің тұсында пайда болған деп айтуға болады. Оған дәлел «Қалмақ қырылған» деген өлкенің аты да тағы басқалар. Бұл күрес ХYII ғасырда да жалғасты, яғни Кіші Орда мен Орта Орда қалмақтары Оралға қарай ығыстырып жеңіске жетті. Сондықтан да «Қобыланды» жырын Орта Орданың қалмақтарға қарсы күрестегі ерлігі туралы жыр деп айтуға болады.Бұл жыр қырғыздардың мұсылмандыққа өткен кезіндегі жыр» деп тұжырымдайды.[2,319 б.]

Ә. Бөкейханов көптеген жыл бойы сібірлік «Дон-Кихот»- Батыс Сібірлік белгілі жазушы Антон Семенович Сорокинмен жолдас болды. Жас кезінен жүйелі түрде орыс классиктерін оқумен болды.Әсіресе Л.Н. Толстойды өте құрмет тұтты. Шығармаларында орыс өмірінің тұтас бір дәуірі көрсетілгендіктен, ол оны әлем мәдениетінің жетістігі деп санады, оның кейбіреулерін қазақ тіліне аударды. Орыс әдебиетімен қатар, Батыс Еуропаның, Үндінің, Қырым халқының, антикалық дәуір әдебиет үлгілерінің мәдениеті мен әдебиетінен жақсы хабардар болды.Оның мақалалары мен зерттеулеріндеатақты ағылшын жазушылары – Чарльз Диккенс, Вольтер Скоот, Уильям Теккерей, сонымен қатар, Француздық Ги де Мопассан есімдері жиі кездеседі.Үнді әдебиетінің үлгілері және антикалық дәуір (мысалы, Эзоп мысалдары) әдебиеттері қазақ тіліне аударылды.

Сондай-ақ, Ә. Бөкейхановты ғылыми және ғылыми-танымал әдебиеттер қызықтырған. Ол Т.Тутковскийдің «Қысқаша жер тарихы», К.Фламарионның «Астрономия әліппесін», Д.Гравеннің «Әлемнің құрылуы» шығармаларын аударды.[6,124 б.]

1905 жылдың күзінде Қарқаралыда ірі демонстрация жүргізіледі.Бірақ, патша үкіметінің өкілдері бұл демонстрацияны «бунт», «бүлік», қазақтар мен орыстар арасындағы талас деп көрсетті.Прогресшіл әрі жоғары білімді адам ретінде Ә.Бөкейханов мұны әшкерлеп шыншыл мақалалар жазды.

Ә.Бөкейханов өз мақалаларымен қоғамдық қөзқарасқа ықпал етіп, Омбыдан Қарқаралыдағы көтерлісті басуға шыққан жазалау экспедициясын тоқтатып,бұл туралы земстволық сьездің мәскеулік бюросына хабар бергені жөнінде құжат куәліктемелер де бар.

Бірінші орыс революциясын шын жүректен қарсы алған ол жанданып келе жатқан саяси өмірге белсенді араласып, «тәуелсіздік және бостандық күндермен» байланысты түрлі бұқаралық мерекелердің ұйымдастырушысы да болған еді.

Ә.Бөкейхановтың саяси өмір баянында 1916 жылдың дүрбелеңі және майдандағы қара жұмысқа алынған қазақ жастарына көрсеткен азаматтық қызметі ерекше орын алады.1916-жыл оқиғасына байланысты ғылыми әдебиетте болашақ Алаш партиясының негізін қалаған қазақ интеллигенттерінің «сатқындық» ролі туралы пікір қалыптасқан. Бұл тұжырымды мәселеге қатысты фактілерге бәрін де талдау арқылы жасалынған деп айту қиын.Өйткені зерттеушілер «Қазақ» газетіне жарияланған екі- үш материал төңірегінде ғана сөз қозғап келді.Ал осы газетте ертерек жариялаған мақалалар мен архивтік документтер назардан тыс қалып қойды.Мәселең, әскерге адам беру мәселесін «Қазақ» 1915 жылы көтеріп бүкіл қазақ жұртын қамтыған пікір- сайыс туғызып, елдің ортақ пікірін біліп, мынадай тұжырымдар жасаған болатын: «қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау; солдат алудан бұрын метрике түзеу үшін муф тиликке қарау, лажсыз алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты әскер болу, қазақ – орыспен жер – су һәм провода теңгерілу». [5,87 б.]

25 жарлығы шығып көтерліс басталып кеткенде губерндік басшылар “Қазақ» газетін, оның редакторын, Бөкейханов пен Дулатовты билікке қарсы бүлікке шығарушылар ретінде айыптап, үстерінен қатаң бақылау орнатты, газетті біржолата жауып тастау қаупі төнді. Көтерліс аяусыз басылып, майдандағы жұмысқа қазақ жастары алынғаннан соң Ә.Бөкейханов бастаған бір топ қазақ интеллигенттері өз еріктерімен майданға аттанып, Петроградтағы билік орындарымен жүргізілген келіссөзерден соң, Минскіге барып Батыс Майдан штабы жанындағы земскі және қалалық одақтың бұратана бөлімін ұйымдастырып,оны басқаруды Ә.Бөкейханов өз мойнына алды. Бөлімнің міндеті майдандағы жігіттерге қажет тұрмыстық жағдай жасау және басқа түрлі көмектер көрсету еді.Бұратана бөлімі Қазақстаннан дәрігерлер, фельдшерлер шақырды, қазақ мұғалімдерін тартып, жігіттердің сауатын ашу үшін үйірмелер ұйымдастырды. Олардың арасында осы мезгілде «Еркін дала» ұйымы құрылды. «Қазақ» газеті майдандағы жігіттер мен қазақ даласын жалғастырушы көпірге айналды, жігіттерге қуат берді, саяси танымын өсірді.Осы тұстағы қазақ интеллигентерінің майдандағы жұмысшыларға көрсеткен ағартушылық қызметі ұлттық интеллигенция тарихының жарқын беттеріне жатады. Сол атқарылған істің басы-қасында Әлихан Нұрмұхамед ұлының өзі тұрды. Майдандағы жұмысшы жігіттерге көрсеткен риясыз қызметі үшін ол құрметке бөленді, «Алаштың Әлиханы» атанды.

Сонымен қорытындылай келгенде, Әлихан Бөкейхановтың саяси - әлеуметтік ойлары сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ой – пікірлерімен толығымен үндесіп жатты. 20 ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихы өзінің әлеуметтік және қоғамдық – саяси қайшылықтарымен ерекшеленеді.Рухани азаттық пен демократиялық – ағартушылық идеяларға толы бұл кезең халқымыздың не бір алып ой иелерін жарыққа шығарған шын мәніндегі қазақ ренесансы дәуірі болды. Ширек ғасыр аралығында ғана дамыған қоғамдық – саяси ой-пікірлердің жоғары тұжырымдары бірғасырлық мерзімге жүк боларлық көкейкесті мәселелерді заман сахнасына көтерді. Осы күрделі кезеңде қоғамның ізгілікті даму бағытын армандаған зиялы азаматтар - өз халқын жалпы адамзаттық биік рухани қағидаларға баулып, өз елін өркениет биігінен көргісі келген нағыз ұлтжанды қайраткерлеріміз қоғамдық – саяси ой-пікірлердің өкілдері реформациялық, жаңару мен бостандық идеяларының нағыз жаршылары ретінде танылды.Бұл істе Әлихан Бөкейхановтың атқарған еңбегі орасан зор. Оның айтқан идеяларының әлі күнге дейін өз маңызын жоймағаны ақиқат.Тарихта тұлға қалмайды, тұлғаның ізі қалады деген. Осы Әлихан Бөкейхановтың қалдырған, рухани мұрасын сақтау болашаққа зор міндет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет