Материалдары


ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ АЛАШ ИДЕЯСЫ



бет6/18
Дата25.02.2016
өлшемі1.58 Mb.
#20054
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ТӘУЕЛСІЗДІК ҺӘМ АЛАШ ИДЕЯСЫ
Қариева Т. А.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Семей қаласы
Еліміздің тәуелсіздік алуы халқымыздың ұлттық құндылықтарын шынайы тарихи танымда танып білуге мүмкіндік болды. Отан тарихының келелі мәселелері қозғалып, талқыға түсіп, ғылыми айналымға енгізілуде. Алаштық идея, алаштық таным «алты алаштың баласымыз...» дейтін әрбір қазаққа тән ұғым болуы керек. Демек, ұлттық сананың тұтастық көрнісі болуы шарт. Ұлттық рухқа негізделген кез-келген идея санада бейнеленуі керек. Бұл жерде айтпағымыз, бүгінгі тәуелсіздік сонау АЛАШТАН бастау алғаны сөзсіз.

«Дербес мемлекет құру қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған арманы еді. Міне, енді сол күнге де жеттік», - деді Елбасы [1]. Президенттің идеясын пайымдай келе, белгілі ғалым Х.Әбжанов мынадай ой түйеді: «өзін-өзі таныған ұлтта ғана – ұлттық идея дүниеге келеді, ол ұлттық менге негізделеді, ал оның қамал қорғаны жаңадан құрылған мемлекет. Екіншісі – ұлттық идеяның мазмұны және өзегі келешекпен байланыстылығын да» – дейді [2].

Алаш идеясы – елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ азаматының жүрегінің терең түкпірінен орын тепкен ой. Қазақ зиялылары осы идеяны жүзеге асыру үшін, ұлттық мүдделерді көркейту үшін қаншалықты жасап бақса, өкімет басына келген жаңа билік өкілдері ұлтсыздандыру саясатын жүргізу үшін соншалықты өз дегендерін жасап бақты. Қазақ оқығандарының артына шырақ алып түсіп, оларға «ұлтшыл» деп айып тағып, репрессияға ұшыратты. Қазақ азаматтарының көздеген тәуелсіздігі И.Сталин үшін «ұлттық уклон» болып қала берді. 1922 жылдың қыркүйегінде Сталинның В.Ленинге жазған хатында тәуелсіздік дегеніміз «ойыншық нәрсе», бірақ оны басқалар шын деп ойлайды, соған қынжылады – дейді [3].

«Керегеміз – ағаш, ұранымыз – Алаш» - деген қазақ идеологиясы үшін темірқазық болып келді жән бола береді де. Алаштық идея ұлтжанды азаматтардың жүрегімен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын бұлтаратпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңындағы Алаш идеясының қайта жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын қайтадан ел тарихына, ел ертеңіне, елдің тілі мен жеріне деген қызығушылықты артыруда. Мұның басты себебі, алаш идеясының – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясы мен сабақтастығында. Алаш - әлем қазақтарын тұтастандыратын ұлттық сананың негізі. Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «ХХ ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққан, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» - деп көрсеткен [4].

Егемендік алу сонау кеңестік дәуірде бастау алғаны белгілі. Қазақстанның егемендік алуы тікелей ұлт зиялыларының бастамасы және бағдары еді. В.И. Ленин Ресей құрамындағы әртүрлі ұлттардың өздерінің дербес, тәуелсіз, егеменді мемлекет құру құқықтарын мойындай отырып, сонымен бірге олардың Ресей құрамынан бөлініп шығуына қарсы болды. Иә, олар бөлініп шығу құқығын мойындайды, бірақ бөлініп кетуге жол бермейді.

Мәселен, кеңестік биліктің декреттер топтамасында 1919 жылы 2 қарашада қабылданған «Ресей халықтары құқықтарының декларациясында» былай делінді:

«1.Ресей халықтарының теңдігі мен егемендігі. 2.Ресей халықтарының бөлініп шығуға және дербес мемлекеттерін құруға дейінгі өзін-өзі басқару құқығы» - делінген [5]. Яғни, дербес мемлекет құру құқы ғана мойындалады, ал оларды құру туралы бір ауыз сөз жоқ. Себебі, империялар өзінің экономикалық қуатын отарлап, жаулап тәуелді етіп алған ұлттардан алып отырған. Енді осы жағдай үлкен өзгеріске түсті. В.Ленин айтқандай ұлттық мемлекеттер құру үрдісі басталды. Осыны ұққан Ә.Бөкейханов сынды зиялы қауым өкілдері Алашорда деп аталатын ұлттық мемлекет құру ісіне кірісті. Бірақ бұл В.Ленин бастаған большевиктер партиясына ұнамады. Міне, осындай жағдайда Ленин тарихтың объективтік заңдылығын бұрмалап, ұлттық мемлекет құраушыларды ұлтшылдар деп айыптады. Ұлтшылдардың бәрі жау атанды. Ғ.Есімнің сөзімен айтқанда «арам-шөптер» - бюрократтар қазақ тұрмысында айрықша көрінді [6]. Олар кейін «шолақ белсенділер» деген атқа ие болды. А. Байтұрсыновтың сөзімен айтқанда, олар – «өз ауылымыздың шәуілдек иттері» еді. «Ұлтшылдардың» соңына кеңестік өкімет шам алып түсті. Оған себеп, бөлініп кету құқығын мойындауды ғана емес, дербес мемлекет ретінде бөлініп шығуға рұқсат етуді талап еткен еді.

В.Лениннің қазақ және тағы басқа шығыс халықтарының бөлініп шығуына қарсы екенін түбегейлі түсінген А.Байтұрсынов, Т.Рысқұловтар сынды қазақ зиялылары -адамзат көшінің табиғи тілегінен туындайтын әділетті жолды, яғни дербес ел болуды, тәуелсіз ел болуды, егеменді ел болуды ұсынды [7]. Қазақтардың діннен, тілден айырылып қалмауын, ұлттық қасиеттерін жоғалтып алмауын көздеді.

ХХ ғасырдың басында қазақтың ұлттық идеясы заман талабына сай сапалық тұрғыдан жедел жетілді. Әрі уақыт ағымына орай, саяси тұрғыдан ширығып, Алаш идеясы дүниеге келді. Оны жетілдіруші hәм қозғаушысы Алаш партиясын шынайы қажеттіліктен құрған алаш қайраткерлері тарихи мүмкіндікті мүлт жіберіп алмау жолында жан аянбай еңбек етті. Бұл ел тарихындағы елеулі кезең турасында Президент Н.Назарбаев: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Қазақстанның қоғамдық саяси өміріндегі Алаш партиясының алатын орны мен қызметін зерттеу Отандық тарихымыздың ең өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені кезінде «Алаш» партиясының жетекшілері ұсынған қағидалары күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр» - деп, әділ бағасын берді. Ұлттық идея ширыққан тұста, оның заңды жалғасы Алаш идеясы дер уағында дүниеге келді. Алаш идеясының уағыздаушысы, әрі оны жүзеге асырушы қайраткерлердің ұлт ісіне ерте есейген есті сана - жалындап тұрған жастық жігермен кіріскендіктері алдыңғы кезекте көрініс береді. Басында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов және Міржақып Дулатов сынды жол сілтер Алаш көсемдері тұрған алыптар шоғырының абыройлы ісіне тың серпін, жаңа тыныс берген жас шамасы жиырма-жиырма бестің, әрі кетсе отыздың о жақ, бұ жағындағы өрендер еді. Яғни Алаш, идеясы өзінің жас, әрі жасампаз идея екендігімен ерекшеленді.

Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ зиялыларының ұлт қамын ойлап, жұдырықтай жұмылуына һәм Алаш идеясының пісіп-жетіліп, жүзеге аса бастауына үлкен әсер еткен екі оқиғаны атап өту абзал. Бірі - 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, екіншісі - 1917 жылғы ақпан төңкерісі.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің негізгі себебі, патшалық Ресейдің ұлттық және әлеуметтік езгісінің шектен шығуы еді. Қанаушылық пен тонаушылық, ең сорақысы, қазақ жерін жаппай иемдене бастаған басқыншылық қазақтарға шегінерге жер қалдырмады. Дәл сол кездегі тұтанғалы тұрған отқа май құйғанмен бірдей болған қазақтан қара жұмысқа еңбекке қабілетті ер-азаматтардың барлығын алу сыныққа сылтау болды.

Алаш зиялылары бұл мәселеде салиқалы пікір ұстанды. Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ секілді іргелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып, мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз», – деп, өз ұлтының ешкімнен кем емес екенін айтып, патшалық Ресей саясатының солақай бағытты ұстанғандығын сынайды. Ал патша ағзам жарлығымен қара жұмысқа алынуы тиіс жарты миллионнан астам қазақ жастарына жолдаған үндеулерінде Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатов: «Бірі – барса, алынған жігіттер қазаға, бейнетке аз ұшырайды, екіншісі – «бармаймын» деп қарсылық қылса, елге зор бүліншілік келеді» - деп, қан төгілуін қауіп қылып, бұл амалсыздық шарасы екенін алға тартты. Яғни, бұл жағдай Алаш зиялыларының іштей буырқанып, толысып, қарсылықты қалайша білдіру қажеттігін іздене түсуге түрткі болды.

Енді 1917 жылғы ақпан революциясының қазақ зиялыларына қаншалықты әсер еткеніне тоқталық. Қазақ зиялылары үшін тәуелсіздік идеясы 1917 жылы аса өзекті болды, өйткені, Ақпан революциясы халыққа бостандық пен теңдік берді деп ұғынды. Патша тақтан құлап, самодержавие жойылғаннан кейін дербес мемлекет болуға мүмкіндік туды деп есептеді. «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше ғана құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырдан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет, өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті. Жүз жылдан бері халықты теңдікке жеткізу жолында ескі үкіметпен алысып, дарға асылып, оққа ұшып, басы айдауда, малы талауға түсіп жүрген сабаздар жасымай, бірі кемісе, оны артып, ақырында Ресей қол астындағы халықтардың бәріне дін, ұлт, тіл айырмасына қарамай азаттық әперді. Енді бүгін теңеліп, түсімізде көрмеген жақсылықты өңімізде көріп, төбеміз көкке жетіп жатыр» – деп Ақпан төңкерісінің жеңісіне шаттанды.

Алаш көсемдері бұл төңкерістен кейінгі кезді қазақ ұлтының болашағы үшін ұлы мүмкіндік деп есептеп, алдағы өмірден үлкен үміт етті. Әрі оны баянды ету жолында аянбай еңбектенді.

Алаш Орда үкіметі мүшелерінің негізгі іс-әрекет бағыттарынан Ресей патшасының отаршылық езгісіне қарсы күрес жолындағы қазақ бұхарасының заңдық тұрғыдан құқын қорғау мәселесі анық аңғарылды. Туған халқының саяси санасын, құқықтық сауатын ашпай қатардан қалып қоятындықтарын жақсы түсінді. Бұған қоса қазақ халқының ұлттық санасын оятуда, білімі мен білігін жетілдіруде, мәдениеті мен руханиятын дамытуда олардың әрбірі жеке тұлға ретінде үлкен үлестерін қосты. Осы бағытта олар қазақ халқының бай тарихы мен озық мәдениетін толыққанды зерттей отырып, оны кең насихаттау жұмыстарын қажетті істердің бірі ғана емес, бірегейі ретінде басымдық берді. Сондай-ақ, өзге тілдердегі үздік ғылыми және публицистикалық дүниелерді қазақ тіліне аударып, рухани кеңістіктің аясы тар шеңберде қалып қоймауына жете көңіл бөлді. Алаш қайраткерлерінің қай-қайсысын алып қарасақ та, тек бір мамандықты игеріп қана қоймай, халыққа қажетті бірнеше салада жемісті еңбек етіп, сан қырлы талант иелері екендіктерін көрсетті. Бұл жөнінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев өзінің төмендегі сараптамасымен толықтыра түсіп, алаш идеясының маңызын былай деп көрсетеді. «Алаш тәжірибесі нені көрсетті? Біріншіден, Алаш идеясы бұл белгілі бір топтың еркімен өмірге келген жасанды, сондықтан да өткінші құбылыс емес. Ол ұлтпен бірге өмір сүретін, ұлт өмірінен тамыр алған құндылықтар жиынтығы, ұлттың өмір сүру концепциясы. Алаш идеясын өмірден біржола ығыстыруға көп күш жұмсаған большевиктер құрған билік өмірден кете салысымен Алаш идеясының қайта жаңғыруы, қайта күш алуы оның өміршеңдік сипатын айғақтайды.

Алаш идеясының өзегі – ұлттық мемлекеттік. Құрметті Әлихан Бөкейханов айтқандай, мемлекеттігі жоқ халық – жетім халық. Кез-келген болашағынан үміті бар ұлт үшін мемлекеттік негізгі құндылық. Міне осы тұрғыдан алғанда Қазақстан Республикасы – Алаш идеясының өмірлік шындыққа айналуының көрінісі ретінде бағалануы әбден орынды. Ал оның ішкі әлеуметтік мазмұны, демократиялық принциптерге сүйенген қоғамды халықтың мәдени деңгейіне және саяси белсенділігіне тәуелді екендігін ұмытпағанымыз жөн» [8].

1920 жылы Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов және Мұхтар Әуезов сынды алыптар коммунистік партия қатарына бекер өткен жоқ. Осы уақыттың талмауыр талабын тап басқан Әлихан Бөкейхан қазақ халқын және танылып қалған алашордашыларды аман сақтау үшін «көзге түспеген» жастар тезірек міндетті түрде коммунистік партияға өтуі керек деген пікір айтады.

Алаш жұртының қамы үшін айла мен тығырықтан шығар амал іздеген олар оттан да, судан да тайсалмады. Айталық, Алаш идеясын толыққанды жүзеге асыруда большевиктерден жеңіліс тапқанымен, таулары шағылып, тауандары қайта қойған жоқ. Қайта қайраттана, ширыға түсті. Өз елінің тарихын жақсы біліп қана қоймай, туған топырағының сүймендей жері көрші мемлекеттердің құзырына өтіп кетпесі үшін бар білігі мен батылдығын жұмсаған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков және Мұхаметжан Сералиндер қазақ ұлтының бірлігімен қатар, жерінің де тұтастығын сақтап қалды. Кеңес үкіметінің көсемі Ленин бұл ретте бір жағынан әділдікке, бір жағынан саясатқа салып, қазақ зиялыларының ығына жығылды. Нәтижесінде бұрын Ресейдің құрамына өтіп кеткен көптеген жерлер Қазақстанға қайтарылып, тарихи әділеттілік орнады.

Жиырмасыншы жылдардың аяғында басталған репрессия алпыс жылдай болғанымен, қазақ санасынан Алаш идеясын сөндіре алған жоқ. Алаш қайраткерлерінің түп қазық идеясы – қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, найзаның ұшы білектің күшімен елдігімізді сақтап қалудағаы мақсат – қазақ мемлекеттін қорғау еді.

Алаш мүшелерін түгелдей қырып тастағанмен, олардың идеялары қазақ халқының санасында, жаужүрек перзенттерінің іс әрекетінде жалғасып жатты. Бұл ретте Алаш қайраткерлерінің елі үшін, жері үшін жасаған ерлігі бүгінде ақталды. Алаш идеяларын іске асырған қазақ зиялыларының ерліктері ұмытылмақ емес. Осы мақсатта Астана, Алматы және Семей қалаларында «Алаштану» ғылыми зерттеу орталықтарының жүргізіп жатқан жұмыстары тарихтың белгісіз беттерінің орнын толтыратындығы сөзсіз.

Алаш қозғалысы кеңес өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұлтартпас мысалы – тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты – ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. ХХ ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін алды патша өкіметінің өкілдерімен, соңы кеңестік өкімет билік басына келіп, большевиктермен күреске түскен Алаш идеясы – тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық, ұлттық сана өлмек емес.

Еліміздің тәуелсіздігі тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге кең мүмкіндік ашып отырған қазіргі кезеңде ұлт ретінде қалыптасу жолында бедерлене байқалған тарихи белестердің сыр-сипатын зерделеу барынша терең ғылыми ізденістерді қажет етуде.


Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Н.Ә. Назарбаев. Тарих толқынында.-Алматы, 1999, 172-173 бб.

2. Х.Әбжанов, Алаш қозғалысындағы ұлттық идея эволюциясы, «Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Семей, 2008 жыл, 9 б.

3. Известия ЦК КПСС 1989, №9.

4.Назарбаев Н.Ә. Елдіктің белгісі - Елорда. Астана қаласының 10 жылдық мерейтойында сөйлеген сөзі. // Егемен Қазақстан. 14 шілде 2008 жыл.

5. Декреты Советской власти. – М., 1957. 1 т. 39-41 бб.

6. Есім Ғ. Санадағы болмыс. – Алматы: РИМП «Эксито» - ПКП «Верена», - 1994. – 224 б.

7 Омарбеков Т., Омарбеков Ш. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас. – Алматы: Қазақ университеті, 2004. – 388 б.

8 Мәмбет Қойгелдиев, «Алаш қозғалысының ұлт тағдырындағы орны жөнінде»,«Алаш қозғалысы идеясының Еуразия кеңістігіндегі ықпалы: тарих және қазіргі кезең» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары, Семей, 2008 жыл, 26 б.

XIX-XX ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ АЛАШШЫЛАРЫНЫҢ АЗАТТЫҚ ОЙ ТАНЫМДАРЫ МЕН ІЗДЕНІСТЕРІ
Әбдікәкімов М.Т.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті

Семей қ.
XIX ғасырдың екінші жартысында XX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани, мәдени өмірінде маңызды оқиғалар өте көп болды. Бұл кезде қазақ өлкесі түгелдей патшалық Ресейдің құрамына қосылып біткен болатын-ды. Патша үкіметі осы тұста бірнеше реформаларды жүзеге асырды, Ресейде крепостнойлық право жойылды. Одан әрі жаңа әкімшілік жүйе мен капитализмнің енуі, өндіріс пен сауда-саттықтың дамуы, төңкерістер, саяси науқан сияқты тарихи-әлеуметтік жағдайлар қазақ қоғамындағы саяси сана, әдеби өміріне өзгерістер әкелмей қойған жоқ. Сондай-ақ «XIX ғасырдың екінші жартысында халықтың ауызша творчествосымен қатар қазақтың жаңа тұрпатты жазба әдебиеті де дамыды».[1, 359]

XIX ғасырдың аяқ шеніндегі ең елеулі жаңалық, қазақ жазба әдебиетінің іргесі қалануына-орыс әдебиетінің халықтық, демократтық, ағартушылық идеяларынан нәр алған, озат дәстүрлерін үлгі еткен Абай Құнанбаев қазақ жазба әдебиетінің негізін салса, оның одан кейінгі жалғастырушысы алашшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы болып табылады. Шәкәрім алаш партиясының нақты мүшесі болғандығына дәлел болмаса да оның бұл идеямен, қозғалыспен бірге болғандығы сөзсіз. Бұған байланысты біріншіден, 1917 жылы Орынборда өткен екінші жалпы қазақ съезіне шақырылуы болса, екіншіден Алашорда үкіметінің төбе би қызметін атқаруын, [13,15] т.б. мәселелерді айтуға болады. Бүкіл саналы ғұмырындағы тірнектеп жинаған білімін халқының игілігіне жұмсау, оны қағаз бетіне түсіріп, болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру Шәкәрімнің өмірлік мақсатына айналды. Өз еңбек жолында қазақы табиғаттың тұтастығына сызат түсіп, таразы басын теңселткен заманда жауының дағуасына кіріп, теңдікке жетудің жалғыз шырағы ғылым мен білім екенін ашық айтқан болатын:

Аман бол ағайын, танысым, қимасым,

Надандық жаман ғой, оқыған адам ғой,

Ізденіп көріңіз, ғылымды заман ғой- [2,3]

деген екен. Үмітті алдындағы жастардан күтеді- бұл халды, бұл жайды кейінгі жастар ойланар, тұзер деп келешектің жас буындарына сенім артады. Ол жастарды қару алып қарсыласу емес білім алып жігерленуге үгіттейді. Ел қайғысын тартқан ақын жарықты енді алдан күтеді:

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық,-

Қой жігіттер, күн болды ойланарлық,

Білім, әдет, ақылды ойға аларлық. [3,32]


XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамында қалыптаса бастаған қазақ зиялы қауымы (интеллигенция) көтеріле бастаған болатын. Бұл Асан Қайғы мен Бұқардан, Махамбет пен Дулаттан одан келе Абай заманына жеткен асыл сөзді мұра болған азаттық пен Тәуелсіздік жырларымен сусындаған XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы білімді де, азат ойлы, өз пікірі қалыптасқан саяси күрескер интелиигенция еді. Қазақ елінің азаттығы жолында күрескен «Алаш» ақындары- «алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» түсінігін ұстанып отарлық езгіге қарсы тәуелсіздік күресінің жаңа жолының ұраншылары, жаршылары болды.

XIX ғасырда Абай мен Ыбырай, Шоқан бастаған прогресшіл ақын-жазушылардың сахара қазақ даласын біліммен, ағартумен көзін ашу керек деген оптимистік идеялары XX ғасырда ақындар А.Байтұрсынов, М. Дулатов, С. Торайғыров, М.Жұмабаевтардың шығармашылық ізденісінде жаңа, тың серпін істер туғызды. Өйткені, қалың қазақты ұйқыдан ояту, ілгерілеушілікке ұмтылдыру, азаттыкқа үндеу аталған прогресшіл ақындарға басты міндет болатын. Мәселен, А. Байтүрсыновтың «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», «Жиған-терген», «Жұртыма» деген елеңдерінде ақын казаққа қашанда бірігуге кедергі келтірген алауыздық екенін айта отырып, қазақтың санасын оятушы ретінде аллегориялық-символдык образ «Масаны» алады. Ал, М. Дулатовтың 1909 жылы Уфа қаласында «Шарқ» баспасынан жарық көрген «Оян, қазақ» еңбегінің де түпкі мақсаты - халықты рухани кемелдендіру жолына жетелеу болатын. Сол еңбектері үшін Міржақып сан мәрте түрме қабырғасын көріп, қамауға алынған болатын. Бұл туралы мұрағат деректерінде: «6 июня 1911 г. в г. Семей был аристован автор барашуры «Уян Казак» («Пробуждайса Киргиз») киргиз Тургайской облости Мир-Якуб Дулатов, приехавший с целью распростронение означенной брощуры. Привлеченный к формальному дознанию по п.в. 129ст. Уг. Ул.-Дулатов приговарен Семипалатинского окружного суда 23 декабря 1911 г. был осужден к заключению в крепости на 1 год, без зачета 7-ми месяцев предварительного заключения». [4]

Ақынның революциядан сегіз жыл бұрын шыққан алғашқы жинағының жалпы идеясы мен ондағы жазылған өлеңдердің негізгі мазмұны «Оян қазақ» деген атынан-ақ көрініп тұр. Автордың алдына қойған мақсаты мен айтайын деген ойы төрт жолдық беташарға түгел сиғызылған:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

Қазағым енді жату жарамас-ты. [5,69]

Патшаның отарлау саясаты, халықтың өнер-білімнен нақұрым қалуы, тұрмыс күйінің күйзелісі, тағы-тағы неше түрлі қасірет атаулы осы төрт жолға толық сыйғызылған.

Енді бір «Қазақ халқының бұрыңғы һәм бүгінгі халі» деген өлеңінде халықтың басындағы ауыр жағдайды айта келіп, оның тағдырын ойлап толғану, оның елдік мүддесіне қызмет ету- әрбір саналы азаматтың ең бірінші борышы екенін ақын былай деп түсінеді:

Адасып қараңғыда сорлы қазақ,

Ай тумай, күн һәм шықпай, тұр таң атпай.

Сөндірген жанған өртті көрген адам

Қалайша тұру мүмкін жанға батпай? [6,21]
Міржақып өлеңдерінде де зар заман акындарының секемшілдік сарыны сезіледі. Отаршыл мемлекеттердің еріксіз басып алған жағдайын ақын «мінікей келді мұжық көшкен бұлттай, қазақтың қояр емес жерін кұртпай» деп береді.

Ақын шығармаларын негізінен халқының азаттығы, еркіндігі мен кегі тақырыбына арналған.

Біз онша сатып алған құл емеспіз,

Әркімді төбемізге шығаратын.

Болады әбігер заман деген осы

Байқасаң, Алаш ұлы азаматым. [7,260]

Міржақып Дулатов – ағартушы, ұлт мүддесі, тәуелсіздік жолындағы жалынды күрескер, Алаш қозғалысының қайраткері болған азамат.

«Алаш әдебиетінің басы – Ахмет Байтұрсыновтың «Масасы» мен Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» жинақтарына енген, алғашқылары 1904-1905 жылдардан бастап жазылған жалынды жырлар», - деп қазақ әдебиетінің жаңа бір дәуірінің басы деп бағалайды М. Әуезов. («Алаш және Әуезов» «Жазушы»– 2007. 204-205 беттер).

XX ғасырдың бас кезіндегі шытырман оқиғалардың бәріне М.Жұмабаев куә болды. Олардың бәрін ақын ой елегінен, өлең өрнегінен өткізіп отырды. Қандай алапат өзгерістер, таңғажайып жаңалықтар туындап жатса да ақын жаны күйзелісте күй кешті, жүрегі ештеңеге елжірей қоймады. Өйткені ең негізгі мәселе – қазақ елі мен жерінің тағдыры ақын түсінігінде бәз-баяғы жүдеу қалпында. Қазан төңкерісінің даңғаза ұраны мен жалған насихатына ақын иланбайды. Сондықтан да ақын ендігі үміті мен арманын жастарға артады:

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты,

Мен жастарға сенемін!» –

деп басталатын өлеңінде ақын, өзінің ертеңнен үміт үзбейтіндігін, бүгінгі кеткен есені, ұтылысты ертең-ақ «көздерінде от ойнаған, сөздері жалынды, ар-намысты жандарынан да қымбат көретін» жастар қайтаратынына кәміл сенеді.

«Неге сенбеске?!» деп бүгін айта салу оңай. Ал Мағжан ақын осы өлеңді жазған кезде (1922) көпшілік ұлттың ертеңінен күдер үзе бастаған кезең болатын. Ал одан кейінгі заманда бұндай үмітпен күн кешу мүмкін емес сияқты болып көрінетін. Сөйтсек ұлы ақын қателеспепті. 1986 жылы қазақ жастары ақынның:

Алаш – айбынды ұраны. Алаш атын аспанға

Алаштың олар құрбаны, Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін! Мен жастарға сенемін! –

Мен сенемін жастарға,

деген асқақ сенімін ақтап, сәуегей-әулиелігін дәлелдеп берген! [8,58]

Осындай рухты да ұлтшыл тағы бір қазақтың ағартушы-демократ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров. Сұлтанмахмұт халықты, жастарды дүниелік оқуға, өнер, кәсіп үйренуге, мәдениетке жетілуге, басқалармен теңелуге шақырды. Ол өзінің «Оқудағы мақсат не?» деген өлеңінде оқудағы мақсат:

Өнер, білім алуға, Терістіктен қашуға,

Алға қарай баруға, Отанымызды сақтауға,

Намыстанып, қорланып, Ақиқатты сақтауға,

Құқықтан мақрұм қалмауға, Бізде басты көтерсек,

Милләт көзін ашуға. Қала бермей таптауда,- [9,109]

дейді. Көп ұзамай ұлт үшін ақырғы жанын беруге аянбайтын жалынды ақын өзі қатарлы «Алаш» партиясын құрушылармен, қазақ бостандығы, қазақ автономиясы идеясы үшін күресушілер қатарына қосылады. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін ол патшаның тақтан түсуін ол:

Құрт аурудай жайылған, Қолымызды байлаған

Құтпаққа бізді ойлаған. Өшті залым қарасы,-

Қанымызға тоймаған.

деп, мейлінше қуанып қарсы алған Сұлтанмахмұт енді бұған, теңсіздік, қанау, мұқтаждық жойылады: барлық халық бостандық, теңдік алады деп түсінді соған сенді. [9,103]

Қазақ халқының ұлттық мүддесін асқақтатқан жаңа идеялар мен ой-пікірлердің иелері- ғасыр басындағы әлемдік өзгерістермен қатар қалыптасып біте қайнасқан қазақ ұлт зиялыларының жас буын өкілдері- Европаның әр түрлі жоғарғы оқу орындарын бітірген болатын. Қазақстан ғылымының қаулап дамуы кеңес өкіметі жылдарында болғанын теріске шығаруға болмайды, бірақ оның іргетасын нақ XX ғасырдың басында қазақ зиялыларының талантты жас өкілдері қалаған еді. Олар: Ә. Бөкейханов Санкт-Петербург Императорлық орман институтын 1894 жылы үздік бітіріп шықса, Ж. Ақбаев, Б. Қаратаев, М. Шоқаевтар Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірді. С. Жантөрин, Б. және Ә.Ниязовтар, С. Нұралыханов және басқалар Санкт-Петербург, Қазан, Томск университеттерінің заң факультетінде оқып жоғары білім алды.

Олардың барлығына ортақ қасиет, ортақ ерекшелік: олар бүкілресейлік даму кезеңінің басталуын дер кезінде аңғарды, қазақ қоғамын ілгері бастырудың амалдарын іздестірумен айналысып бұл үшін бірінші орыс революциясы берген әлеуметтік және саяси бостандықтарды пайдаланды, патшалык езгіден азат етуге, оған білім мен прогрестің, мемлекеттік тәуелсіздік алудың жолдарын көрсетуге ұмтылды. Мұның қиын күрес, күрделі тартыстар мен ізденістер жолы болғаны күмәнсіз. [10,33]

1905 жылы бірінші орыс революциясы кезінде патша өкіметінің отарлық езгісіне қарсы бүкіл қазақ атынан Қарқаралы петициясын ұйымдастырып жолдаушы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаевтардың алғаш ретАлаш деп ұран тастап, бостандық пен теңдік туралы мәселелерді ашық түрде жария етіп көтергені мәлім. Алаш сөзі, осылайша еліміздің азаттыққа үндеген Тәуелсіздіктің ұранына әрі ұлттық идеологияға айналған еді. [12,11]

1905-1907 жылдары қазақ интеллигенциясы кадеттер ұсынған Ресей қоғамын реформалау талаптарын жүзеге асыру жолында жүргізілген саяси науқандарға қатынасуда айтарлықтай белсенділік көрсетіп, қазақ қауымын баскарудың отарлық сипатын өзгертуді талап етті. Осы барыста қазақ зиялылары Ресейден Қазақстанға орыс мұжықтарын көшіру ісін басқаратын басты отарлык сипаттағы мекеме Қоныстандыру мекемелерінің қызметін тоқтату үшін саяси күрес жүргізуге арнады. Қазақ жерлерін отарлау барысында отаршыл күштердің «излишки», «жер нормасы» сияқты ойлап тапқан әдістерінің бірі көшпелі қазақтарды «жерге орналастыру» (землеустройство) саясаты еді. Қазан революциясы жеңгеннен кейін қазақ халқы отаршылдық бұғаудан босанып, тәуеліздік аламыз, экономикалық-әлеуметтік жағдайымыз жақсара ма деп үміттенді. Себебі, ол халыққа бейбітшілік, жер, бостандық, ұлттарға өзін-өзі билеуді қамтамасыз етеміз деген. Пролетариаттың көсемі В.И.Лениннің «Шығыстың барлық мұсылмандарына» деген үндеуінде: «Ендігі жерде сіздердің діни сенімдеріңіз, әдет-ғұрыптарыңыз, ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және оларға қол сұғылмайтын болады» деп жарияланды.- «Өздеріңіздің ұлттық өміріңізді өз еріктеріңізбен, ешбір бөгетсіз құра беріңіздер. Бүлай етуге сіздердің толық құқықтарыңыз бар». Сондықтан большевиктік көсемдердің орталықта және жергілікті жерлерде біртұтас державаны сақтауға ұмтылуына қарамастан, кеңес үкіметі бұрын патша отары болған халықтар мен ұлттардың өсіп келе жатқан мемлекеттік сана-сезіміне көңіл бөлмей, жергілікті халықтың саяси мүдделерін есепке алмай тұра алмады.

Бүкілресейлік Халық Комисарлары Кеңесінің төрағасы В.И.Ленин 1919 жылдың 10 шілдесінде «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқаратын революциялық комитет туралы Уақытша ережеге» қол қойған.Дала өлкесін басқару Қырревкомның қолына көшеді.

1920 жылы 26 тамызда В.И. Ленин қол қойған Қырғыз (Қазақ) АКСР-ын құру туралы Декрет жарияланды. [11,74]

Алашшыл қайраткерлердің халқы үшін еткен ерен еңбектерін қазір жинақтасақ ұшан теңіз екендігі сөссіз. Мысалға айтсақ, С. Қожанов 1921 жылы 3 желтоқсанда Бүкілресейлік Кеңестердің IX –съезінде шешуші дауыспен делегат болып қатысып, тың ойлар орынды ұсыныстар айтқаны В.И. Ленинге қатты ұнап үзіліс кезінде С. Қожановты Ленин кабинетіне шақырып «жарайсың қызу қанды қырғыз» дейді. Сонда С. Қожанов «біз қырғыз-қайсақ емеспіз, олай деу бізді кеміткендік болады, біздер қазақпыз. Нағыз қызу қанды қазақтар әлі далада жүр, олар Сізге жеткен жоқ. Олар әлі Сізге келеді» дейді. Кейіннен С. Қожанов қазақ атауының қалпына келуіне көп еңбек етеді. (Қ. Әкімбеков. «Біз қырғыз-қайсақ емеспіз, қазақтармыз!»//Қазақ әдебиеті. 29.10.2004.)

Т. Рысқұлов туралы айтсақ ең алғашқлардың бірі болып металды өңдеу мануфактурасы туралы, Жетісу темір жолы, Орта Азиялық нарықтық аймақ құру мәселелерін айтқан болатын. Ал, 1930 жылы Орталық үкіметке Австралияның, Жаңа Зеландияның, Солтүстік Американың ауыл шаруашылығын дамытуддағы тәжірбиелерін пайдалануды ұсынды. Үкімет оны дәл сол кезде қолдай қоймағанымен, кейінірек 1960жылдардың бедерінде сол елдерге арнайы мамандар жіберіп, тәжірбие алмасуға мәжбүр болады. Бірақ кейіннен бұларға «ұлтшыл», «панисламшыл» деген айыптаулар тағады. (М. Серікбаев. «Түркістан бірлігінің ұйытқысы».// Әдебиет айдыны. № 31. 31.07.2008.)

1917 жылы уақытша өкімет құлап, барлық билік большевиктердің қолына өткенінен кейін коммунистік жүйеге қарсы топтар жағына шығып, ақыры шетел асып барып, өмірінің соңына дейін түрік әлемінің бірлігі, «Тұтас Түркістан» идеясын жүзеге асыру үшін күресіп кеткен Алаш қайраткері, қазақ халқының аяулы бір ұлы – Мұстафа Шоқай. 1917 жылғы желтоқсанда екінші жалпықазақ сиезіне қатысып, Алашорда құрамына сайланды. Бұдан кейін де осындай ұлт мүддесін қорғап, тәуелсіз ел болуға қатысты ірі-ірі шараларға басшы, мемлекеттік деңгейдегі лауазым иесі болуына қарамастан тоталитарлық жүйенің түптілікті жеңуіне орай өз бағытынан қайтпаған, ұлтжанды тұлға Мұстафа Шоқай-туған жер, атамекенді қаншалықты қимағанмен, өз мақсат, идеясын жалғастыру үшін 1921 жылы шетел асып кете барады. Бірақ, онда да ұлт мүддесін қорғап «Вольный горец», «Борьба», «На рубеже», «Жас Түркістан» сияқты газет-журналдарда мақалалар жариялап тыңшылардың аңдуында болады.

Досмұхамедұлы Жанша – Алаш қозғалысының қайраткері, қазақтың алғашқы заңгері болатын. 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар сиезіне қатысып, Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды. Уақытша үкіметтің Құрылтай жиналысы туралы заң жобасын дайындайтын мемлекеттік кеңестің мүшесі болды. 1917 жылы желтоқсанда өткен ІІ-жалпықазақ сиезінде жарияланған Алашорда үкіметінің құрамына еніп үуіметтің заңды-нормаларын құруында негізгі рөл атқарды. 1918-1919 жылдары Батыс Алашорда бөлімшесіне басшылық жасады. 1918 жылы наурызда Х.Досмұхамедұлымен бірге Алашорда үкіметі атынан кеңес үкіметінің басшылары В.И.Ленинмен және И.В.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізді.

Сан-салалы мамандықты игерген, ұшан теңіз білім иесі Әлихан Бөкейханов көкейкесті арманы ұлтының тәуелсіздік алып, өз алдына ел болуы, өркениет биігіне көтерілуі болды. Қоғам қайраткері, экономист, әдебиетші, публицист, аудармашы ретінде ол бар күш жігерін сол мақсат жолына бағыттады. Ұлт мұратына бағытталған саяси көзқарасы мен іс-әрекеті жыл өткен сайын шыңдала түскен Алаш саяси партиясын құрушы Әлиханды бір мақсат жолында ой біріктірген зиялы қауым ақыры 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақ құрылтайында қазақ автономиясы жарияланып, бір ауыздан тұңғыш Қазақ Автономиялық Республикасының төрағасы етіп сайлайды. Алайда 1919-1920 жылдар жаңа кеңес өкіметінің жарлығымен Алаш өкіметі зорлықпен таратылады.

Былтыр Алаш қозғалысының 90 жылдығын атап өтсек те кешегі өткеннің жалынды лебі мен нұрлы бастаулары бүгінгі біз үшін XXI ғасырға да жетіп отыр. Асыл мұра тарих қатпарларында қараланып қалмай бігінгі олардың жарқын лебіздерінен бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздіктің 20 жылдығында шексіз қуаныштың бірі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет