Материалдары


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі



бет7/18
Дата25.02.2016
өлшемі1.58 Mb.
#20054
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Қазақ ССР тарихы. 5 томдық. 3-том. Алматы, 1985 ж.

2. Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиев.Әкемнің шығармалары жайында // Совхоз туы, 19 сәуір 1988 ж.

3. Шәкәрім Құдайбердиев. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құрастырушы

4 ҚР ОММ. 64 қор. 1 кітап, том-2. 3885 а. –іс. 30-б.

5. Әбдірахманов Т., Жарағамбетов Қ. XX ғасырдағы Қазақ әдебиеті. Октябр алдындағы кезең.(Хрестоматия). Алматы: «Мектеп», 1983.

6.Әбдірахманов Т., Жарағамбетов Қ. XX ғасырдағы Қазақ әдебиеті. Октябр алдындағы кезең.(Хрестоматия). Алматы: «Мектеп», 1983.

7. Нұрғалиев Рымғали. «Алаш» деп ұран салған // Жалын. 3-4-9

8. Тілешов Е., Әріпбекова Г. – Алаштың ардағы. Астана: «Зерде», 2008.– 240 б.

9. Кенжебаев Б. XX ғасыр басындағы әдебиет. Жетінші кітап. Жоғарғы оқу орындары студенттеріне арналған оқулық. Алматы: «Білім»,1993.-248 б.

10. Нұрпейісов Қ. Алаш һәм Алашорда.- Алматы: «Ататек», 1995.-256 б.

11. А.Ғ. Ибраева тарих ғылымдарының кандидаты. Қазақ мемлекеттігінің Кеңестік түрде жүзеге асуы. «Н. Оңдасынов-Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері» атты Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. 2004 жыл, 5-6 қараша. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2004.-385 б.

12. Сыдықов Е. Алаш қаласының тарихы.-Семей,2010,-154 бет.

13. Сыдықов Е. Шәкәрім және Алашорда.-Новосибирск, «Талер-пресс»,-2008,-192 бет.



«ОРАЛМАНДАРДЫ ОРНАЛАСТЫРУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕРІН ШЕШУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ»

(Шығыс Қазақстан облысы материалдары бойынша).


Рустемова Г.Р., тарих мамандығының магистранты

Семей мемлекеттік педагогикалық институты


Қазақстан егемендігін жариялаған соң шетелдегі қандастарымызды тарихи Отанына тартуды ұлттық саясаттың маңызды бағыты ретінде қолға алды. Нәтижесінде шетел қазақтарының атажұртына бағытталған көші-қонының ең күшті толқыны басталды. Елбасының «Шетелдерде тұратын отандастарымызды мемлекеттік қолдау туралы» Жарлығына сәйкес, Көші-қон және демография жөніндегі агенттік пен облыстық әкімшіліктер жыл сайын Қазақстанға қоныс аударушы қазақ отбасыларына белгіленген квота бойынша, көшіп келгендерге баспана беру мен қаражаттық көмек көрсету мәселесімен айналысады.

1996-2000 жылдар аралығында шетелдегі қандастарымызды қолдау 1996 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің № 3308 Жарлығына сәйкес бекітілген Мемлекеттік бағдарлама неігізінде жүзеге асырылды. Бұл бағдарлама кешенді іс-шаралардан тұрды және 6 бағытты қамтыды: ғылыми қамсыздандыру, нормативті-құқықтық база, білім саласы, мәдениет, туризм және спорт, кітап баспасы және бұқаралық ақпарат құралдары мәселесі, ұйымдастырушылық шаралар. Осы міндеттердің толыққанды, әрі сапалы жүзеге асырылуы үшін 2005 жылы қарашада Президент «2005-2007 жылдары шетелдерде тұратын отандастарымызды мемлекеттік қолдау» туралы Жарлыққа қол қойды. [1,99]

Репатриация саясатына байланысты өзге заңдық актілерге: «Халық миграциясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2001-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы миграциялық саясатының салалық бағдарламасы, Елбасының репатриант (оралманның), реэмигрант, қоныс аударушы, сонымен қатар мәжбүрлі қоныс аударушы мәртебесін анықтау тәртібі туралы Ұсыныстарын атауға болады.

Алыстағы ағайындарды ата жұртқа шақыру жалпы халықтық қолдау тауып, мұнан соң «Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы» құрылды. 1992 жылы қыркүйек айының 29-шы жұлдызында тарихқа алтын әріппен жазылған дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы шақырылды. Құрылтайдың негізгі мақсаты – қазақ деген халықтың сан ғасырдан соң тәуелсіздігін жариялап, ешкімге көз алартпайтын бейбіт қатар өмір сүруді мұрат еткен Қазақстан атты дербес егемен мемлекет құрғанын, әлемнің 40-шақты еліне тарыдай шашылып кеткен қазақ этностарының назарына толық іліктіру, ата-жұртқа ораламын деушілерге тәуелсіз Қазақстанның есігін ашық екенін жеткізу, осы саладағы Қазақстан Республикасының ұстанатын бағыт бағдарын айқындау болды. [2]

Дүние жүзі қазақтарының екінші құрылтайы араға 10 жыл салып барып 2002 жылдың 23-24 қыркүйегінде Түркістан қаласында болып өткені белгілі. Құрылтайда ҚР Президенті, дүние жүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, Қазақстанның соңғы 10 жылда жеткен жетістігі мен келешегі, шет елдегі қандастарымызбен байланысын тереңдету жолында қолға алынып отырған игі шаралар жөнінде толығынан тоқталды. Баяндамада шет елдерде тұратын қазақтардың негізгі топтары, атап айтқанда, Қытайда, Монғолияда, Өзбекстанда, Ресейде тұратын қазақтардың әрқайсысының ерекшелігіне тоқтала келіп, әрқайсысындағы өзекті мәселелерді қозғады.

Құрылтай басталған күні еліміздегі барлық қазақ баспасөзі «Бұл құрылтай қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде қадам басқанының белгісі», - деген тұжырым жасаған мақалалар жариялады.

Жалпы, дүние жүзі қазақтарының І құрылтайы байырғы Отанына оралуды аңсаған алыстағы ағайындардың көшіп келуіне жол ашқан басты қадам ретінде бағаланса, ІІ құрылтай тарихи Отанына оралған қандастарымыздың қатарын толықтыруға бағытталған іс шара болды деп бағаланады.

2005 жылы 29-қыркүйекте Астанада өткен дүние жүзі қазақтарының ІІІ құрылтайында басқосуға қатысқан жалпы өкілдер әлем қазақтарының бірлесуінің биік белесі болды деп бағалағаны белгілі. Қазақстан бүгінде әлемнің әр түкпірінде 40-тай мемлекетке тарап кеткен қандастарының тарихи отанына оралуымен жүйелі айналысып, мемлекеттен әр жыл сайын қомақты қаржы бөліп отырғаны еліміздің экономикалық зор мүмкіндігі мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей басшылығымен ұлт тағдырына айрықша көңіл бөліп отыруының нәтижесі екені айқын.

Еліміздің Шығыс өңіріне де оралмандардың алғашқы көші 1991 жылы келе бастады. Олардың басым көпшілігі Моңғолия мен Қытай елдерінен. Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында 45 мыңнан астам, ал Семейде 1,5 мыңнан астам оралман өмір сүріп жатыр. 1991-2008 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысына 9825 оралман отбасылары немесе 38117 адам көшіп келген. Бір ғана 2008 жылы квота бойынша Шығыс Қазақстан облысының аумағына 1680 оралман отбасы (6081 адам) қоныс тепсе, оның ішінде 1344 отбасы (3616 адам) Қытайдан, 308 отбасы (2346 адам) Монғолиядан, 10 отбасы (55 адам) Өзбекстаннан, 13 отбасы (38 адам) Ресейден, 3 отбасы (14 адам) Қырғызстаннан және 2 отбасы (12 адам) ТМД елдерінен келген екен. Ал 2009 жылы облыс аумағына 5232 қандасымыз ат басын тіреген. [3]

Елбасының тапсырмасына сай шетелдерден келетін қандастарымызға қолдауды күшейту мақсатында «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданып, әуелі Оңтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырыла бастады. 2009 жылдан бастап бұл бағдарлама Шығыс Қазақстан облысында да іске асырыла бастады. Облысымызда жыл сайын қабылдайтын отбасы саны артып келеді. Мәселен, 2007-2008 жылдары облыс көлемінде 900-1300 отбасын қабылдасақ, 2009 жылы бұл көрсеткіш 1500 жанұяға жоспарланып отыр.

Тарихи Отандарына оралып жатқан ағайындардың басым бөлігі еліміздің онсыз да халқы тығыз орналасқан Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына қоныс тебетіні белгілі. Ал солтүстіктегі аймақтарымызда әлі де игерілмей, бос жатқан жерлер, жұмыс күшін талап ететін ірі өндіріс орындары қаншама? Міне, оралмандарымыз сол жергілікті ұлттың үлесі аздау теріскей өңірлерге тұрақтаса, мемлекет өзінің демографиялық жағдайымен қатар ұлттық қауіпсіздік мәселесін де оңалтып алатыны анық.

«Нұрлы көш» бағдарламасының шеңберінде біздің облыста биылдан бастап 2011 жылға дейін Курчатов қаласында, Бородулиха, Шемонаиха, Зырян, Глубокое, Ұлан аудандарында қолға алынып, 1980 отбасы орналастырмақ. Әрі қарай 2013 жылға дейін басқа аудандарда да жалғасын таппақ.[4;2]

Шығыс Қазақстан облысы бойынша көші-қон басқармасы бірнеше жүйелерді басшылыққа алып жұмыс жүргізеді, көшіп келушілерге барлық әлеуметтік жағдайлар ұйымдастырылып отыр. Соның ішінде «Оралмандар» жүйесі бойынша көші-қон саясатының қосымша құралдарын басшылыққа алады:

- ұйымдастырылған көш, оралмандарды қабылдау мен әлеуметтік ұйымдастыру;

- оларды дер кезінде кешенді түрде орналастыру;

- оралмандардың, әсіресе жастардың кәсіби білім алуы мен қайта даярлаудан өтуін қамтамасыз ету;

-оралмандарды Қазақстан Республикасы заңнамаларының ерекшеліктеріне оқыту;

- оралмандарға мемлекеттік қолдау көрсету, квотамен келгендер үшін тұрғын үй алуға қажет қаржы, жер участігін бөлу, сонымен қатар, ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізу үшін жер беру, кәсіпорындарды жалға алу немесе сатып алу кезінде жеңілдік жасау, несие беру, жеңілдікпен қарыз беру;

- оралмандардың өз келісімдерімен елге келуіне ықпал ету және әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету.[5;238]

Елге оралған қандастарымыздың жергілікті ортаға бейімделуі және әлеуметтік ортаға ықпалдасуы аса маңызды. Қоныс аударып келушілерді шыққан елдеріне қарай екі топқа бөлеміз: алыс шет елдерден және бұрынғы Кеңес Одағы республикаларынан келген қазақтар. Бұрынғы КСРО-дан шыққан оралмандардың әр түрлі республикада болғандарына қарамастан, ортақ кеңестік менталитеті байқалып тұрады, сондықтан оларға Қазақстанның тұрмыс жағдайына бейімделіп кету оңай. Шет ел қазақтары болса, өмір сүрген елдеріне байланысты іштей ерекшеленіп тұрады. Бұл әсіресе дін ұстауы, білім деңгейі, сыртқы жағдайға бейімделе білу дәрежесінен байқалады.

Осы түйткілді мәселелерді ескере отырып, республиканың бірқатар қалаларында бейімдеу орталықтары ашылды. 2009 жылдың 30-қыркүйегінде оралмандарға қамқорлық жасаудың тағы бір мүмкіндігі ретінде Семей қаласында да «Оралмандарды бейімдеу және әлеуметтік шоғырландыру» орталығы өз жұмысын бастады. Ол Семей қаласы әкімшілігінің серіктестігімен БҰҰ даму бағдарламасы және «Оралмандардың әлеуметтік-экономикалық интеграциясының дамуы» бағдарламасының аясында ашылды. Жобаның негізгі мақсаты – осал топтарға, әсіресе, әйелдер мен балаларға, оралмандар мен босқындарға, жастар мен кәрі адамдарға және мүгедектерге нарық, тауар, қызмет көрсету жүйелері бойынша мүмкіншіліктерін кеңейту және әлеуметтік қауіпсіздігіне кепілдік беру. Орталықтың негізгі өткізетін іс-шарасы – оралмандарды бейімдеуге қызмет көрсету, оның ішінде оралмандарға тілді үйрету курсын ашу, кәсіби мамандық алуға оқыту мен қайта дайындау, шағын несиелер беру сияқты кешенді жұмыстар атқару. Нақты мысал келтірсек, Қытай Халық Республикасынан келген қандастарымыз кириллица қарпін танымайтындықтан мектепке түсуде, қызмет істеуде біршама қиындықтарға тап болады. Сондықтан бейімдеу орталығында кириллица үйрететін, мамандығы бойынша қайта оқытатын курстар ашылады.

Шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына арнайы орта немесе жоғары білім алуға мүмкіндік жасау мақсатымен еліміздің жоғары оқу орындарының қабырғасында дайындық курстары жұмыс істеуде. Әрине, дайындық курстарының алдына қойылған міндеттің ауқымы анағұрлым кең. ЖОО мен колледждерде білікті мамандық алған жастар өздерін қазақстандық ортада қолайлы сезінеді, әрі келешекте еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз.

2009 жылы 11 наурызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қаулысымен Семей мемлекеттік педагогикалық институтында дайындық бөлімі ашылды. Біздің өңірімізде дайындық бөлімінің ашылуы төмендегідей жағдайлармен сабақтас:

- тиісті материалдық-техникалық базамен қамтылған, әрі білікті оқытушы кадрлар шоғырланған ЖОО-ның орналасуы. Соның ішінде, 75 жылдық тарихында Семей педагогикалық институтының дайындық бөлімдерінде жұмыстарды ұйымдастыру бағытында мол тәжірибе жинақтауын атап көрсетуге болады.

- Семей өңірінің Қытай мен Монғолиядағы қазақ диаспорасы шоғырланып қоныс тепкен аудандарға жақын орналасуы. Шығыс Қазақстан облысының шығыс шеті Монғол Ұлысының Баян-Өлгий аймағымен, ал оңтүстік шеті ҚХР-ның Синцзянь-Ұйғыр автономиялық ауданымен шекаралас.

- Қытай, Монғолия елдері мен Семей өңіріндегі табиғи-климаттық және географиялық жағдайлардың ұқсастығы.

- Семей өңірінде қазақ тілді тұрғындардың көп шоғырлануы да білім алуға келген қазақ диаспорасы өкілдеріне жаңа ортаға тез бейімделуге мүмкіндік береді. .[6;3-4]

Дайындық бөліміне тыңдаушыларды тартып, кәсіптік бағдар беру мақсатымен жаз айларында Моңғол Республикасына, Ресей Федерациясының Қос-Ағаш ауданына, Шығыс Қазақстанның барлық аудандарына іс-сапар ұйымдастырылды. Семейде дайындық бөлімінің ашылуы шет елдегі қазақ диаспорасы тарапынан қолдау тапты. Оған дәлел, Моңғол Республикасының Баян-Өлгей аймағының әкімі Қабыл мырзаның Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің атына жіберілген хаты.

Семей мемлекеттік педагогикалық институтының дайындық бөліміне қабылданған тыңдаушылардың басым бөлігі Моңғол елінің Баян Өлгий аймағында, Қытай Халық Республикасының Тарбағатай және Алтай аймақтарында, Ауғанстанда тұратын қазақ диаспорасының жастары.

2009-2010 оқу жылында Семей педагогикалық институтындағы дайындық бөліміне 101 тыңдаушы мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылданды. Дайындық бөліміне қабылдау сынағынан өтпеген 12 тыңдаушы институт ректорының гранты негізінде қабылданды.

Дайындық бөліміндегі оқу-тәрбие жұмыстарының толыққанды жүзеге асырылуы үшін жан-жақты дайындықтар жүргізілді. Тыңдаушыларды ҰБТ мен кешенді тестілеуге дайындаған 20 оқытушының 8-і ғылым кандидаты, доцент, 1-еуі магистр, 7-еуі аға оқытушы, 4-еуі оқытушы.

Дайындық бөлімінің тыңдаушылары міндеттелген пәндер (қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика), таңдау бойынша пәндер (физика, биология, химия, ағылшын тілі, қазақ әдебиеті) және элективті курстар (адаптациялық тренинг, информатика) бойынша білім алды. Білімдерін бақылау, тест-сынақтарын алу жұмыстары жүйелі түрде жоспарға сәйкес ұйымдастырылып отырылды.

Тыңдаушыларды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешіліп, 52 тыңдаушы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының №2 жатақханасына, 53 тыңдаушы көпсалалы колледжінің жатақханасына орналастырылды. Бес тыңдаушы Семей қаласындағы туыстарының үйіне тұруды шешті.[6;3-4]

Алғашқы күннен бастап институт студенттері мен студенттік ұйымдар тыңдаушылармен жақын болуға, бірлесіп мәдени іс-шараларды өткізуге үлкен мән берді. Дайындық бөлімінің студенттері Семей мемлекеттік педагогикалық институтының қабырғасында ұйымдастырылған «Желтоқсан ызғары» атты еліміздің тәуелсіздік күніне арналған әдеби-музыкалық кешке, «Жаңа жыл» және «Наурыз» мерекелеріне белсенді түрде қатысты. Дайындық бөлімінің тыңдаушысы Дәулет Ерлан Семей қаласындағы студенттер арасында өткен «Наурыз нақыштары» атты сайысқа қатысып, ерекше дарынымен көзге түсіп, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Дәулет Ерлан «Ұлы Жеңіске 65 жыл» атты қалалық студенттер арасындағы айтыста III орынды иеленді. Дайындық бөлімінің тыңдаушылары қалалық деңгейде өткізілген іс-шараларға да белсенді түрде ат салысып, қалалық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе отырып қала тұрғындарына «Отаным-Атамекенім» атты концерттік бағдарлама қойды.

Осылайша, Семей мемлекеттік педагогикалық институты оқытушылар құрамының жүйелі білім беруінің, әрі тыңдаушылардың білімге деген ынтасының, үздіксіз дайындығының арқасында дайындық бөлімінің 70 тыңдаушысы Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранты негізінде оқуға қабылданды. Дайындық бөлімінің тыңдаушыларының Абылай хан атындағы Қазақ мемлекеттік халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, К.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тәрізді еліміздің іргелі оқу орындарының студенті атануы, әрине, аса қуанышты. Дайындық бөлімінің 20 тыңдаушысы 75 жылдық тарихы бар педагог мамандықтарын даярлауда үлкен тәжірибесі қалыптасқан Семей мемлекеттік педагогикалық институтын таңдады.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында, оралман мәселесін, шетте жүрген қазақ мәселесін назардан тыс қалдырған емес. «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» - атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізуіміз керек. Әлеуметтік игілікті қамтамасыз ету өмір сүру сапасын арттырумен, сондай-ақ еліміздің адам ресурстарын ұлғайтумен қатар жүргізілуге тиіс» - деп, атап көрсетті.

Дана халқымыз «елге ел қосылса құт» деп бекер айтпаған. Қазақстан Республикасының этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуға жағдай жасауы – еліміздің жаңа мыңжылдықта жаңа асуларға көтерілуіне, халқымыздың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосары сөзсіз.
Қолданылған әдебиеттер:

1. Хишауева Ж. Қазақстандағы миграциялық процестер және оларды реттеу // Поиск / Ізденіс. 2007. №3. – 99-101 б.б.

2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқының таңдауы – тарихи зерде, ұлттық татулық және демократиялық реформалар // Ақиқат.-1999.- №7.-9-22 б.б.

3. Сайлаубек Ә. Современные миграционные процессы в Восточно-Казахстанской области (1991-2008 гг.) // Вестник КазНУ. Серия историческая. 2009. №3 (54). – 137-142 б.б.

4. Бодаухан Тоқанұлы «Нұрлы көш» - айқын бағытты бағдарлама // Дидар 2009 24 сәуір 2 бет.

5. Аубакирова А. Шығыс Қазақстан облысы бойынша оралмандардың әлеуметтік жағдайы // Еуразия кеңістігіндегі Алтай: тарихи дәстүрлер және аймақаралық ынтымақтастықтың келешегі. Хал. Ғыл.-тәж. кон. Материалдары.- 2008. 1 бөлім.-238б.

6.М.Г.Ескендиров, М.О.Абдикаримов Значение деятельности подготовительных отделений в свете реализации послания президента Республики Казахстан Н.А.Назарбаева народу Казахстана «Новое десятилетие – новый экономический подъем – новые возможности Казахстана» // «Жоғары оқу орнындағы дайындық бөлімінің жұмыстарын ұйымдастыру» атты Республикалық ғылыми-практикалық семинардың баяндамалары 2009 с. 3-4

7. Алтынбекова Г. Нұрлы көш Ұлы көш немесе ел дамуындағы басты стратегиялық бағыт // Ақиқат.- 2009.-№11. 40-44б.б.


М. ӘУЕЗОВ ӘҢГІМЕЛЕРІНІҢ ШЕТ ЕЛ ТІЛДЕРІНЕ АУДАРЫЛУЫ
Г. Сағындыққызы

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті, Семей қаласы


Мұхтар Әуезов тек қазақ әдебиетінің ғана классигі емес, бар әлемнің оқырман қауымына мәшһүр жазушы.

Әуезовтің кемел ой, кемеңгер ақыл-парасаты, алуан сырлы алып таланты, өмірге деген алымды көзқарасы, елден ерекше еңбеккерлігі – осының бәрі бір адамның басына жиналғанда оны рухани дарқан байлық иесі біртуар дара тұлға дәрежесіне көтергені хақ. Оны толық түсініп, түйсіну де, ол турасында ұсақтамай, бояуын әлсіретпей әңгімелеу де оңай шаруа емес.

Әдебиеттегі әлеумет мұраты - адам арқылы, оның мінезі мен ішкі әлемі арқылы көркем бейнеге айналған тұстан көркем өнер туындысы туатыны белгілі. Осы қисыннан шықсақ, онда Мұхтар Әуезовтің алғашқы әңгімелерінен бастап, суреткерлік бағытқа бет бұрғанын аңдар едік. Алғашқы туындыларынан -ақ замандар өтінен өтіп, болашаққа жол тартар дүние тудыру барлық жазушының талайына жазылар бақ емес. Ондайлар жалпы әлем әдебиетінде өте сирек. Осындай сиректердің бірі – қазақтың Мұхтар Әуезові.

Алғашқы әңгімелерінен-ақ Мұхтар Әуезов өзінің дара суреткерлік қолтаңбасы қалыптасқан жазушы екендігін мойындатты. Қаламгердің дәуір шындығын, сол кезеңдегі қазақ қоғамын, адам болмысын терең білетіндігі жазушының осы әңгімелерінен бастап бүкіл шығармашылығында одан әрі сабақтаса түсті. Осындай ұлы дарын, кемел суреткерлік – қазақ перзенті, алаш ұланы Мұхтар Әуезовті әлемдік биікке жеткізді.

Әуезов шығармашылығының негізгі тақырыбы төңкеріс кезіндегі қазақ ауылының өмірі мен тұрмысы, қорғансыз жандардың тағдыры болып табылады. Бұл қарапайым адамдардың зардап шегуі, езгіге түсуі ғана емес, сонымен қатар халықтың рухани ояну тұсы. Мұхтар Әуезов адамгершілік тақырыбына көп оралды. Олардың бірде-бірін тебіренбей, толғанбай оқу мүмкін емес. Әуезов шығармашылығына қазақтар ғана емес, әлемнің әр шалғайындағы жұрттар ықылас қояды. Оның шығармашылығының нағыз тереңдігін, адамзаттың мәдениет қазынасына қосқан үлесінің қомақтылығын Қазақстанда ғана емес, планетаның барша түкпірінде жақсы түсінеді [1,44].

Әуезов әңгімелерінде әйелдер бейнесін ерекше бөліп көрсетті. Әуезов әйелге Толстойша немесе Тургеневше емес, басқаша қарады. Онда әйелдердің тағдыры өте ерекше болып келеді. Жазушы шығыс әйелінің қайғысын шынайылықпен әңгімелейді, оның қайталанбас тұлғасын аса бір нәзіктікпен және құрметпен тілге тиек етеді.

Елуінші жылдардың ішінде бүкіл әлем мойындаған Мұхтар Әуезов бірден қалыптасқан жоқ, оның да өсу, іздену, кемелдену жолы болды. Жасынан орыстың классикалық әдебиеті дәстүрінде тәрбиеленген жазушы алғашқы әңгімелерінің өзінде шындықты танудағы және оны көркем бейнелеудегі жаңаша ізденісімен көзге түсті. Ол өз шығармаларында революция алдындағы қазақ ауылы өмірін, оның қайшылықты жақтарын терең суреттеді.

Қазақ прозасының даму, өсу жолына көз жүгіртсек, ХХ ғасыр басындағы М.Әуезов әңгімелері көркемдік полотносымен, шынайылық ракурсымен ерекшеленген. Сонысымен де әңгімелерінің халықтық тұғырнамасы өз оқырманын асқақтығымен тартады.

1921 жылы жазылған «Қорғансыздың күнін» алып қарасақ, мұнда панасыз, ғарып жетім Ғазиза деген қыздың адам айтқысыз озбырлық, қорлыққа шыдамай, боранға тоңып, үсіп өлгені әңгімеленген.

«Қорғансыздың күнін» көркемдік бітімі жағынан да әдебиеттегі жаңа сөз еді. С.Мұқанов бұл шығарманы Европа әңгімесінің дәрежесіне көтерілген алғашқы қазақ әңгімесі деп бағалады [5,29].

Жазушының жиырмасыншы жылдардағы шығармаларының ішінен «Қараш-Қараш оқиғасы» да революция қарсаңындағы қазақ қоғамының шындығынан туған, ескі ауылдағы әлеуметтік теңсіздік тәрізді өткір тартысқа құрылған. Мұнда да жиырмасыншы жылдардың әңгімелеріндегідей дала билеушілерінің заңсыз жуандығы – байлардың кедейлерге жасар өктемдігі, зорлығы, кедейлердің байлардан көрер қиянаты, қорлығы жазылған. Шығармадағы негізгі тақырып біреу ғана: Бақтығұлдың ауыр тағдыры. Сол бас қаһарманның іс-қимылдарына байланысты бар оқиға дамып, өркендеп немесе бәсеңдеп, сөніп, қалайда өз шешімін тауып жатады. «Қараш-Қараш оқиғасы» қазақ кеңес әдебиетінің алтын қазынасына қосылған классикалық шынайы шығарма. Жалпы бұл тақырып төңірегінде жазылған шығармалар да, түсірілген кинофильм де бар.

Қырғыз актері Сүйменқұл Чокморов кинода Бақтығұл образын бейнелейді. Қалихан Ысқақов пен әкім Тарази осы оқиғаны сахнаға бейімдеп «Таң қараңғысы» деген атпен пьеса жазды. Ал Шерхан Мұртаза осы тақырыпты қозғаған романында Қызыл жебе бейнесі арқылы революциялық кезеңнің оқиғаларын желі етіп, кейіпкерлер өмірін романтикалық тұрғыда бейнеледі. Осы бір тақырыпта жазылған оқиға, шындық төрт түрлі шешіммен, өзге түйінмен баяндалған. «Қараш-Қараш оқиғасының» басты кейіпкері Бақтығұл – рухы биік тұлға. Бақтығұлдың ісі мен мінезі өзіне дейінгі өзі секілділерден өзгеше. Бұл – олар секілді өз тағдырының құлы емес, қожасы болуға ұмтылған адам. Басында Бақтығұлда да онша орғып, қарғып тұрған асаулық жоқты. Інісі Тектіғұл екеуі Сәт, Сәлмен байлардың есігінде жалшылықта жүргенде бұл да «бетегеден биік, жусаннан аласа» болатын. Бірақ байлар опа бермеді, бастарынан таяқ айырғысы келмеді. Ақырында Тектіғұлды соққыға жықты, ол төсек тартып ұзақ жатып, азаппен үзілді. Інісінің өлімі Бақтығұлдың жан дүниесін қатты сілікті, кеудесі шермен бірге кекке толды. Енді дұшпанын бұл сіліккісі келді. Ар-намысын, адамдық қасиетін таптаған Жараспайды атып өлтіреді. Кісі өлтіру – адам күнәларының ішіндегі ең ауыры. «Қараш-Қараш оқиғасы» повесінде әлеуметтік әділетсіздікке қарсы шыққан қайсар жігіттің образы сомдалып, оның ақырғы әрекетке тәуекел жасардағы ішкі арпалысы тереңдігімен тәнті етеді. Табиғаттың өзі басты кейіпкер Бақтығұлдың ішкі психологиялық арпалысымен астасып, өзгеше көркемдік тұтастық құрайды. Ал, солардың ішінде Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» повесінің қазақ әдебиетінде және әлем әдебиетінде өзіндік алатын орны ерекше.

1929 жылы Әуезовтің інжу-маржаны – «Көксерек» шағын повесі жарық көрді.

Александр Твардовский оны оқи отырып классикалық проза деп атады. Оны қасқырдың қаза тапқан қаншығын жоқтау көрінісі толқытса керек.

Көксерек повесі – тақырып жағынан оқшау тұрған шығарма. Әлем әдебиетінде қасқырдың, жалпы ақ-құстың «психологиясын» беру дәстүрі бар. (Дж. Лондон, А.П.Чехов, т.б.). Адам мен табиғат арасындағы қарым- қатынастың бұзылуы – мәңгілік тақырып. «Көксерек» повесі осы тақырыпта қазақ ұғымы, тіршілік танымы тұрғысынан келіп, әлем әдебиетіне тың көркемдік құбылыс ретінде қосылған шығарма болды.

Орыс тіліне аударылғаннан кейін «Көксерек» бүкіл әлемді шарлап шықты деуге болады. Әңгіме Берлинде үш рет, үш түрлі дербес аудармамен жарық көрді. «Көксерек» Москвада алғаш рет 1969 жылы жарияланды.

Түрік әдебиетшісі Садық Турал Мұхтар Әуезов сияқты, түрік әлемінің ойшыл ұлы және әдебиетшісі Шыңғыс Айтматов сияқты азаматтар тарих сіңген топырақты қазбалай келе жердің қат-қабат астында аруақтарымыздың және қатпарлы тарихи өміріміздің небір іздері жатқанын айтты. Коммунистік режимнің орнауына байланысты жұмыстар жүргізіліп жатқанда Әуезов бір әңгіме жазды: ол – «Көксерек» болатын.

«Көксерек» әңімесі ерекше мазмұндылығымен, терең идеясымен көркемдігімен ерекшеленеді. Шығармадағы қасқыр күшігінің ауылға келген сәтінен бастап айналадағылардың оған деген күдігі, үрке қарауы сейілмеді, болар істің болжамын жасағандай, неше мәрте ескертпе де жасалып жүрді: Ауыл әйелдері күңкілдеп, «Ұры, асырасаң да мал болмайды, тұқымы жау емес пе», десе кейбіреулері «Түнде қозыны иіскелеп жүреді. Қойды үркіте береді. Түнде даланы жақсы көре береді» - деген сөздер естіліп жүргенмен Құрмаш мұны елемеді. Құрмаш қалай тәрбиелегенмен Көксерек адал ас пен ұрлықтың ара жігін ажырата алмады. Көксеректің ауыл сыртына шығуы жиілеп кеткенде Құрмаш әкесі «Мына кәпірдің екі көзі жап-жасыл боп кетіпті-ау, тұқымын сезген екен мына жүзіқара» - деп соғып, терісін сыдырып алуға кеңес берген сөзін Құрмаш құптамады. Жыртқыш өзі бағып-баптаған Құрмаштың өзіне шапты.

Көксерек әңгімесі қасқыр күшігін қолға үйрету туралы. Әлемдегі ұлы ақындар қатарынан орын алған ұлы Абайдың ауылында туып өскен Әуезов он бір жасына дейін қазақ әдебиеттерінің өрнектерін тыңдады, жаттады, оқыды... Көксерек әңгімесінде еркіндік және ұлттық сана-сезім ролін алған қасқыр күшігі бір жасына келгенде ит және адамзат атаулыны да қызғандырып қайран қалдырды. Көксерек еркіндік, ұлттық сана-сезім және шыққан тегіне оралу сияқты идеялардың өкілі. Көксеректі тілдің, мәдениеттің, тарихтың, отанның, еркіндіктің, сана-сезімнің символы деп есептеймін деді. Көксерек әңгімесінде еркіндік және ұлттық сана-сезім ролін алған қасқыр күшігі бір жасына келгенде ит және адамзат атаулыны да қызғандырып қайран қалдырады. Жалпы алғанда «Көксеректің» мазмұнында шиеленісіп жатқан шытырман оқиға жоқ. Қысқаша мазмұндасақ, онда адамның қолына түскен асыранды бөлтіріктің (Көксеректің) әрекеттері баяндалады. Өсе келе қанішер жыртқышқа айналған Көксеректің мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, айла-амалын, маңайдағы ауылдарға, күндіз-түні демей жайылымдағы малға шапқанын, қораға түскенін автор мейлінше шебер суреттеп, ерекше көркем тілмен жазған.

Ал, Венгрияның ғалым-әдебиеттанушысы Торма Йожеф «Мұхтар Әуезовтің әйгілі повесінде Көксерек атты бөлтірік баланың емшектес бауырындай болып өседі. Повесть аңыз сияқты басталып, табиғи көрініспен аяқталады. Повестің соңында айтарлықтай себепсіз-ақ Көксерек өзінің емшектес бауырын өлтіре салады. Повестің ақылға қонымды түйіні – Абайдан алынуы әбден мүмкін:

Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болды, мені атты – дейді Абай.

Әуезов Бөрлі деген жерде туып өсті. Қариялардың айтуынша онда қазіргі күнге дейін қасқырлар шұбырып жүретін көрінеді. Бәлкім, бала Мұхтардың өмірінде – қасқыр сол ортаның тұрақты бөлшегі болып, осы сияқты түрлі оқиғалар болып тұрған шығар деп жазды [3,63].

Ал, Мұхтар Әуезов шығармаларын голланд тіліне тәржімалаушы Р. Эрмерстің айтуынша қазақ халқының үлкен жазушыларының еңбектерінің біразының ағылшын, француз, неміс тілдеріндегі аудармалары бар. Әуезовті, Абайды бірнеше тілдерде табу мүмкін. Бірақ мен «Абай жолын» ағылшын тілінде көрсем маған өте ұнамады. Өйткені сол еңбектерді Мәскеудегі үлкен баспаханаларда жұмыс істейтін аудармашылар басқа тілдерге жеткізген.

«Қилы заман» повесі қырық жылдан астам уақыт еленбей ұмыт боп келді де, аударылмады. Ол 1928 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылордада бір-ақ рет араб әрпімен басылды.

Әуезов өзінің ертеректе жазған шығармаларын, әсіресе осы повесін, орыс оқырмандарына, қаламдас орыс достарына көрсетуді өмір бойы арман етті.

Қазақтың қилы тарихындағы «ақтандақ беттердің» бірі – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Қазақстанның көптеген аймақтарында кең көлемде өріс алған ұлт-азаттық көтеріліс – Жетісуда «Қарқара» деген атпен тарихқа енді. Жетісудағы «Қарқара көтерілісінің» ұлттық-тарихи мәні әдеби-рухани құндылықтары мен өзіндік ерекшеліктері, сыр сипаттарының болғанын айту абзал. Бұл көтеріліс патша саясатының да қанды жоспарын айқындап берді.

Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» тарихи повесі Қызылорда қаласында жарық көрді.

Тарихи повесть арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде – «Лихая година» деген атпен А.Н.Пантиелевтің аударуында «Новый мир» журналында орыс тілінде жарияланды.

«Қилы заман» тарихи повесінің орыс тіліндегі басылымына жазған алғы сөзінде Шыңғыс Айтматов: «Абай жолына» дейін де Әуезов айтулы шебер болатын. «Қилы заман» Әуезовтің «Абай жолынан» көп бұрын, сол кездің өзінде-ақ кең тынысты эпикалық баяндау формасын игергендігін дәлелдейді. Осы тұрғыдан алғанда «Қилы заман» - кейін Мұхтар Әуезовтің телегей-теңіз эпопеясын тудырған ең қуатты арналардың бірі.

«Қилы заман» романы қазақ ішінде болған зор уақиға 1916 жылдағы Жетісудағы Албан қазақтарының «ақ патша» жарлығына қарсы жасаған көтерілісінің қимылын суреттейді. Бұл уақиға қазақ арасында төңкерісшілдік мәні бар, тарихи маңызы зор құбылыс.

«Қилы заман» тарихи повесі – Ресей отаршылдығына, әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсылықтың көркем үлгісі, өмір салмақты бөлігі Албан елінің өмірі мен тұрмысына арналған. «Қилы заман» - қандықол отаршыл империяның қорлығына көнбей, басын оққа байлаған азатшыл ел туралы реквием. Езгіде отырса да ездік жасамай, өз намысын өзі жыртқан өршіл жұртқа деген мадақ дастан. Зорлықшыл саясатты жеріне жеткізе әшекерлеп, оған қарсы бас көтеріп, аяусыз қырғын тапқан қайсар елдің қайғы-қасіретін ет жүрегі езіле шерткен азаматтық сыр. Қазақ деген жұрттың үмітсіз күрестегі ерлігі мен өрлігін шексіз махаббатпен үздіге жырлаған мұндай туындының қадірі мен қасиеті барған сайын биіктей бермек. Осы шығарманы дүниеге келтірген отыз жасар Әуезовтің ұлттық ой-санасының кемелдігі.

Патшалық Ресейдің қиянатын көрсету арқылы санамызға қозғау салған бұл туынды кеңестік жүйенің де ең бір талмау жеріне тиіп, көп жылдар бойы жарық көрмей келді. Отаршылдық құлдық, ұлы державалық үстемдіктің аты өзгермеген, заты сол күйінде қалғанының айқын бір көрінісін осы «қилы заман» романының қиын тағдырынан танимыз.

Әуезов «Қилы заман» - ойға алған трилогияның бірінші бөлімі, - деуші еді депті Алексей Пантиелев. Екінші бөлімнің геройы Серікбайдың Азамат соғысына қатысқан баласы, ал үшіншіде – Серікбайдың Отан соғысына басынан аяғына дейін қатысқан (соғыстан кейінгі жылдары министрдің орынбасары) немересі болуы керек; олардың бәрі де өмірде болған, бар, тірі адамдар, ал тағдырлары қаншалық таңданарлық болса, соншалық көңілге қанымды да.

Әуезов о бастағы түпкі пікіріне қайта-қайта ауыса отырып, осы бір феноменге (қазақ халқының революция қарсаңындағы жайы мен бүгінгісі сияқты сирек кездесетін оқиғаға) Африканы, Азия мен Латын Америкасының халықтары жылдап және жылдар бойы көз салады, - дейтін.

«Қилы заман» повесі алғаш жарық көргеннен кейін (1928) оқуға тыйым салынып, ұзақ уақыттан соң, ресейлік «Новый мир» журналында орыс тілінде басылды (1972, алғы сөзін жазған Ш.Айтматов, аударған А.Н.Пантиелев). Онан аударылып, неміс тілінде жарияланғаннан соң ғана қазақ тілінде қайта басылды [4,83].

«Қилы заманды» орыс тілінде көре алмай, бір жылдан кейін Әуезов арамыздан кетті. Бірақ оның көзі тірісіндегі ойлары мен армандары бүгін іске асқан шығармашылық өсиетке айналды.

Шалқар шабытпен жазылған осынау дүниедегі «Әуезовтің шын мәніндегі Рабле қаламына лайық шырын шеберлігі жөнінде» Шыңғыс Айтматов бірінші және өте тамаша айтты. Диалогтары өте күшті. Көптеген әрі екі-үш емес, бірнеше адамның ешқандай түсіндірмесіз берілген диалогтары, бірақ солардың өзінен соң сөйлеп тұрғандардың дауысын айқын естіп, бет әлпеттерін көріп тұрғандай боласың.

Бірақ «Қилы заманда» адамды бәрінен бұрын тартатын аяусыз шындық. Сол шындық арқылы Әуезов уақыттың шын мәніндегі диалектикасын, туған халқын ешқандай әсірелеп көтермелемей, тарихи шындықты боямай, қаз-қалпында нағыз ақындық шабытпен көрсетеді.

Москваның «Советский писатель» баспасы Мұхтар Әуезовтің ертеректе жазған повестері мен әңгімелерін бірінші болып басып шығарды.

Өмірінің соңғы жылдарында Мұхтар Әуезов қазіргі заманға арналған «Өскен өркен» шығармасын жазды. Кітапта суреттелетін оқиғалар қалада және кеңшарда өтеді. Автор зиялы қауым өкілдерінің бейнелерін жасайды, шопандардың, мақташылардың, құрылысшылардың өмірін суреттейді. Жазушы өз шығармасында моральдық көкейтесті мәселелерді күрделі мәселелер қатарына қосады.

Басты кейіпкер Нил Карпов – адамгершілігі жоғары, кең ойлап, көп толғанатын, мемлекеттік борышқа адал, жалпы мүддеге берілген адам. Карпов мал шаруашылығын дамытуды жеделдету жөнінде батыл ұсыныстар енгізеді.

«Менің кейіпкерім – зиялылығы жоғары адам, орыс мәдениетін жеткізуші. Оның араласпайтын ісі жоқ – қазақ халқының өнері мен әдебиетінен жас жұбайлардың отбасылық қатынастарына дейін араласып жүреді, ол махаббатты ескі әдет-ғұрыптардан қорғайды және көшпелі жайылымның қиын жағдайларында қалған шопандар үшін қиналысқа түседі. Ол өзін түгелдей адамдардың жақсы тұруына, адамдардың жоғары, таза, көңілі нәзік болуына арнайды», - деп жазды Мұхтар Әуезов.

Әуезовтің шығармашылығындағы жетекші орын ұлы Абайға арналады. М.Маданова өзінің «Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы және француздық әдеби дәстүрлер» атты жұмысында «Мұхтар Әуезов Абай поэзиясының үш басты көзін тапты, олардың ішінде ол халықтық поэзиялық дәстүрлерді, шығыс және орыс классикасын, ал олар арқылы батыс европалық әдебиетті бөліп көрсетті» - деп жазды.

Қазақ прозасының даму, өсу жолына көз жүгіртсек, ХХ ғасыр басындағы Әуезов әңгімелері көркемдік полотносымен, шынайылық ракурсымен ерекшеленген. Сонысымен де әңгімелерінің халықтық тұғырнамасы өз оқырманын асқақтығымен тартады.

Әуезовтің әдебиеттік сапарын орыстың классикалық әдебиетінің айрықша әсері болғанын есте тұту керек. Орыстың майталман суреткерлері: И.Тургенев, Ф.Достоевский, Л.Толстой шығармаларынын, үлгісінде жырлануды күтіп тұрғандай, бірақ атқарылмаған міндет қазақ әдебиетінде көп еді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет