2.2. Бастауыш сыныпта Ыбырай Алтынсарин шығармаларын оқыту арқылы берілетін тәрбие.
Ұлы орыс халқының ХІХ ғасырда жасалған классикалық мол әдебиеттерімен танысқан Ыбырай Алтынсарин балаларды тәрбиелеуде, оқытуда, олардың ой – санасына қозғау салып жетілдіруде өзінің педагогикалық идеясын іске асыру үшін, алдымен балалар әдебиетін жасауға бет бұрды. Балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды, оларды жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл қазақ халқы үшін, әсіресе, оның жас ұрпақ балалары үшін аса игілікті іс, жаңа бастама еді.
Ыбырай балалар әдебиетіне тән көп шығармалар жазды. Бұл шығармаларды жазуда алдына үлкен мақсаттар қойды. «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылығына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін», - дейді. Алтынсариннің барлық өлеңдері мен әңгімелерінің мазмұнында өзі айтқан осы идея баяндалып отырады.
Халықты және олардың жас өрендерін оқуға, өнер – білімге шақыруда Ыбырайдың ұран салып, ту етіп көтергені, әрқашан жаңарып, түрленіп, құлпырып, оқыған сайын сүйсіндіріп отыратын, ескірмейтін еңбегі: «Кел, балалар, оқылық», «Өнер – білім бар жұрттар», «Әй, достарым», «Әй, жігіттер» деген өлеңдері.
«Оқысаңыз балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей – ақ табылар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!» -
деп ұран салады. Ыбырай бұл өлеңдерінде алдымен сауат ашу, оқыту
31
мәселесін бірінші орынға қояды, баланы оқыту барысында тәрбиелеу керектігін түсіндіреді. Оның өлеңдері мен әңгімелерінің қай – қайсысы болмасын балаға тәртіпті, үлгілі, өнегелі кісі болуды уағыздайды. «Сауатсыз адам саясаттан тыс тұрады, оған ең алдымен әліппені үйрету керек».
Баланы жан – жақты түсінігі бар, айтқанды тез ұғатын, қабілеті күшті азамат етіп шығару үшін, алдымен оқыту керек. Ол сонда ғана тәртіпке түсінетін, оған мойын ұсынатын саналы азамат болып қалыптасады. Оқудың пайдасы, оқу арқылы баланың көп нәрсеге жетілетіні жайында Ыбырай шығармаларында аз айтылмаған. Оқыған, мәдениетті азаматтың өмір сүруі де, еңбектенуі де анағұрлым жеңіл және көңілді болатынын ескертеді.
3 – сыныпта оқылатын «Өнер – білім бар жұрттар» деген өлеңінде өнер – білім, техниканың пайдасын айта келіп, балаларды, жас өспірімдерді мәдениетті ұлы орыс халқының қатарына қосылуға, соған жетуге, солардан үлгі - өнеге алуға шақырады. Ғылым табыстарын мадақтайды.
«Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып – жұмғанша
Жылдам хабар алғызды», -
деп, радио, телефон, телеграфты айтса,
«Мың шақырым жерлерге
Аты жоқ құр арбаны
Күн жарымда барғызды», -
деп, поезд бен автомашинаны үлгі етіп көрсетті.
Мұнда бұрын естімеген, білмеген ұғымдар өмірге келді. Бұдан біз Ыбырай Алтынсарин қазақ балалар әдебиетіне көркем шығармасының жаңа түрін енгізгенін байқаймыз. Бұл өлеңнен адамды таң – тамаша ететін, кісі қызығарлық, соған құштарлығыңды арттыра түсетін техникалық эстетика
32
көрініс тауып отыр. Осындай техникалық білім алу дәрежесіне оқу және үздіксіз оқу арқылы ғана жетуге болатынын оқымаған қараңғы халықтың жастарына дәлел етіп, үлгі етіп көрсетті. Ғылым адамды әр түрлі апаттан алып шығады, құтқарады. Сауатсыз, қараңғы адам жаратылыстың тілсіз сұрапылының құрбаны бола бермек, оған қарсы күресуге дәрменсіз. Мұндай дәрменсіздіктен арылу үшін, ғылым, тағылым табыстарын тез игеріп, орыс халқының ілімінен, мәдениетінен үздіксіз үйрене беру керек деп жар салды. Өзінің жас шәкірттеріне ғылым табыстарын мақтан ете жырлады. Білім мен техниканы өз шығармаларының арқауы етіп, әр түрлі жолдармен әрқашан ұқтырып отырды.
Ғылым, өнер, техника жайларын сөз еткенде, Ыбырай балалардың ұғымындағы түсініктерден алыс кетпейтін, өздерінің күнделікті естіп, айтып жүрген сөздері арқылы беруге ұмтылады. Ыбырай ғылым, өнер, техника, мәдениет жақтарын балаларға оңай түсіндіру үшін халықтық стильді пайдаланды.
Бала тәрбиелеуде Ыбырай Алтынсарин ананың рөліне ерекше маңыз беріп, оның аналық махаббатын, бала өсірудегі үздік қызметін тамаша суреттеген. Баланың алғашқы тәрбиесі ананың қолында болатынын айтқан. Өйткені, бала ананың бауыр еті, соғып тұрған жүрегі деп бағалаған:
«Бала, бала, бала деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянған.
Қаймақты сүттей қалқытқан,
Суық болса жөргегін
Қорғасын оқтай балқытқан.
Айналасына ас қойып,
Изенді көлдей шалқытқан.
Қолын қатты тигізбей,
33
Кірлі көйлек кигізбей,
Иісін жұпар аңқытқан.»
Бала тәрбиелеуде бұл ана еңбегін қадірлей білген үздік баға деуге болады. Балаға осындай өлеңдерді оқып берсе, өздеріне жаттатса, ана қадірінің теңдесі жоқ қымбат екенін сонда ғана сезіне бастар еді. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сияқты ана еңбегін қадірлемеу, сыйламау, кейде тыңдамай кету болмас та еді. Балаға бірінші берілетін тәрбие әрқашан ата – анасын, өзінің жақын достарын сыйлауға үйретуден басталуға тиісті.
Ата – анасын сыйламайтын бала ол жолдасына да, қоғамға да ешқандай дұрыс қызмет ете алмайды. Өзін әлпештеп өсірген адамға немқұрайды қараудан, анаға опасыздық етуден ауыр қылмыс жоқ. Сондықтан ана қадірін түсіне білу керек дейтін жалпы халықтық қағиданы әрқашан баланың зердесіне салып отыру - әрбір тәрбиешінің борышты міндеті дегенді Ыбырай Алтынсарин көп ескерткен. «Мақтасақ әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін, сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе...» деп совет әдебиетінің негізін салған Максим Горький ана қадірін данышпандықпен таныта білген.
Бастауыш сыныпта оқылатын «Ананың сүюі» деген өлеңі бала жанын тебірентерліктей мұнан да күшті, мұнан да әсерлірек жазылған.
«Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышқа қуанып, қайғыңа күйетұғын.
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын!
Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
Ұмытпа ең кемінде жұлдыз сайын,
«Хат жазып тұр төбесі көкке жетсін!» -
34
деп ана қадірін аяққа бастырмауға үндейді. Ана жүрегі, ананың аялы алақаны қашан да құдіретті екенін естен қалғысыздай етіп жадында сақтауды міндеттейді.
«Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше.
Сендер қайтып келгенше адам болып,
Еш арманы болмас ед өле - өлгенше!»
Ана тілі адам тану құралы дейміз ғой, Ыбырай Алтынсарин ана құдыретін, ана бейнесін жас өспірімдерге ана тілі арқылы танытып отыр. Бұл жолдар баланы ананың жан дүниесіне үңілтеді. Ананың балаға берілгендік сезімі мен оған бақыт тілеген ізгі ниеті жас өспірімдерді тебірентіп жібереді. Оқушы қауым мұндай өлеңдерден өздерінің толғаныс – тебіреністерін, ой – қиялын табады.
Ыбырай Алтынсариннің үшінші сыныпта оқылатын «Жаз», «Өзен» деген өлеңдері де өлке тану, айналадағы табиғат құбылысына құрметпен зер салуға бағытталған тәрбиелік орны бар, баланы әр алуан іске баулитын әсерлі шығарма.
«Көл бұзылып, көк шығып, қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна», -
деген шумақтар табиғат әлемінің әр алуан сұлу да көркем көріністерін көз алдыңа келтіріп, көңіліңе эстетикалық әсер қалдыру арқылы өмір танытады. Табиғаттың осындай мінсіз сұлулығын адам ғана түсіне алады. Шығармашылық шабыттың қайнар көзі де теңдесі жоқ осы бір сұлулықтан, оның ерекше эстетикалық әсерінен табылмақ «Өзен» деген өлеңінде:
«Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта
Аралап тау мен тасты арқыраған», -
деп, Ыбырай Алтынсарин өзенді оның сұлу көріністері үшін ғана тектен –
35
тек суреттеп отырған жоқ. Әсемдік сезімі көкірегіне ұялаған, жақсылыққа жаны құмар, эстетикалық талғамы жетілген, әрбір адам табиғатты осылай қызықтайды. Адамның тіршілік тірегіне, шаруашылық экономикасына байланысты ондағы әржақты пайдалы белгілерін көрсетіп отыр. Бұл өлеңді оқыған азамат, әсіресе, жас өспірімдер жаратылыстың осындай байлықтарының көзін тауып, өзінің қажетіне жұмсай білсін, пайдасына асырсын, жайдан – жай ағып жатқан пайдасыз өзен екен ғой деп қарамасын дегенді үйретеді. Сонымен қатар, адамның қандай қажеттерін өтейтінін де саусақпен санағандай етіп, даралап көрсете білген...
Ыбырай Алтынсариннің «Жаз» деген өлеңі Абайдың «Жазғытұрым» өлеңімен көркемдік жағынан да, мазмұны жағынан да үндесіп отырады. Екеуінде де асыға келген жаз адам тіршілігіне қолайлы да шаруаға ыңғайлы екендерін білдіреді. Бұл кезеңді елең – селеңмен бос өткізбей, шаруаның пайдалы жақтарына жұмсап, дұрыс пайдаланып, оның қадіріне жет дегенді ескертеді. Осының өзі жас өспірімдерге көп өнеге, көп үлгі...
Жас өспірімдерді өнер – білімге, оқуға, ұлы орыс халқының озық мәдениетімен үлгі - өнеге алуға шақырумен қатар, Ыбырай Алтынсарин балаларға отырықшылық тұрмыстың артықшылығын, белгілі бір мекен болудың жақсы жақтарын түсіндіруді мақсат етті. Жер, қолөнер кәсіптерімен айналысудың пайдалы жақтарын айтты. Ыбырай Алтынсариннің «Киіз үй мен ағаш үй», «Қыпшақ Сейітқұл» деген ықшам жазылған қысқа әңгімелерінде дәл осындай жағдайлар суреттеледі.
«Қыпшақ Сейітқұл» деген әңгіме көлемі жағынан өте қысқа жазылса да, мазмұны терең, күрделі істі, әлеуметтік мәселені қамтиды. Оның қызықты болатыны осындай қасиеттерінде деп түсінеміз. Дәл бүгінге дейін маңызын жоймай келе жатқаны осы себептерден деп білсек керек.
Сейітқұл дейтін кісі тобырды, жарлы – жақыбайларды қалай етсем байытам, қалай етсем халық қатарына қосамын деген ойға қалады. Сауда етуге малы жоқ, ұры – қарлықпен күн көруге болмайды. «Жортуыл басы
36
жолда қалады» деген халықтың даналық сөзі жаман іске аяқ бастырмайды. Ақырында Сейітқұл тұрақты мекен іздейді. Торғай төңірегіндегі Қабырға деген өзен – судың жағасын ұнатып, сол жерді мекен етеді. Жоқшылықтың зардабын көп көрген жалаңаш – жалпы кедейлерді сол жерге көшіріп келеді де, отыз үйлі кедейге кетпен ұстатып, егіншілік жұмысты кәсіп етеді.
Барымтаны әдет еткен Сейітқұлдың ағасы бұл ынтымаққа көнбей, Түркістан жақта қалып қояды. Бір жерді тұрақты мекен еткен Сейітқұл ауылы бірден – бірге көтеріліп, шаруалары күйлене бастайды. Мұны көріп әрбір көшпелі елдегі жарлы – жақыбайлар жиналып, бес – алты жылдың ішінде Сейітқұл ауылы дейтін іргелі елге айналады. Шымнан биік – биік қорған салдырып, бұл жерді шаһарға айналдырып жібереді. Мұндай ынтымаққа көнбей Түркістан жағында қалып қойған Сейітқұлдың баяғы ағасы ұрлыққа аттанып жүргенде қолға түсіп, белгісіз біреулер өлтіріп кетеді.
Бұл әңгімеде біріншіден, отырықшы тұрмыстың артықшылығын айта келіп, байларға жалданбай – ақ өз бетімен еңбек ету арқылы да дәулетті тұрмыс құруға болатынын дәлелдейді. Екіншіден, отырықшы халықтың ынтымағы да, бірлігі де, шаруашылық экономикасы да күшті болатынын суреттейді. Үшіншіден, мәдениет пен ғылым тек отырықшы халықтарда ғана болатынын айтады. Төртіншіден, оңай олжа табу үшін барымтамен күн көрудің баянсыз болатынын дәлелдеп, балаларды одан жирендіреді. Ыбырай Алтынсарин шығармаларының тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, оқушысының санасын оятып, сүйсіндіре түсетін құнды жақтары осынысында.
Отырықшылық мәселесінің тиімді жақтарын айқындап, тереңдете түсетін Ыбырай Алтынсариннің екінші шығармасы – «Киіз үй мен ағаш үй» әңгімесі. Бір жерді түпкілікті мекен ету үшін киіз үйден ағаш үйдің пайдалы екенін айта келіп: «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына үйретемін» - дейді. Ыбырай Алтынсариннің балаларға арналған қай шығармасын алсақ та, онан
37
жас өспірімдерге үлгі - өнеге берерлік, болашағына жол сілтерлік, оларға өмір танытарлық және іс - әрекетке үйретерлік мол дүниенің есігі ашылғандай болады.
Ыбырай Алтынсарин шығармашылығының үшінші көтеретін күрделі мәселесі – еңбек процесі. «Дүние қалай етсең табылады», «Бай мен жарлы баласы», бірінші сыныпта өтілетін «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Сәтемір хан», үшінші сыныптағы «Таза бұлақ» деген әңгімелері еңбектенсең ғана ойлаған мақсатыңа жетесің деген ойды жан – жақты дәлелдейді.
Бірінші сыныптағы «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде атасы он жасар баласын жетектеп келе жатып, ұшқан құс, жүгірген аңдар тіршілігімен таныстырады, жұмыссыз жүрген бір жан жоқ екенін айтады. Бәрі де тіршілік тірегі - өмір қамын жасауда. «Сәтемір хан» әңгімесінде жеті жасында жетім қалған Сәтемір деген бала ақсақ шегірткенің үйдің төбесіне шығу үшін қаншама әрекет жасағанын көріп, өзінің жұмыссыз босқа ойнап жүргенін ақылсыздық деп табады. Артынша қалаға келіп, біреудің қолында жалшылық ете жүріп оқиды. Ақырында ірі оқымысты болып шығады.
Адамның барлық қабілеті мен іскерлігі, таланты мен талабы тек еңбек арқылы ғана көрінетінін айтады. Ыбырай Алтынсарин әңгімелерінің қайсысын алсаңыз да оқушысын нақтылы сендіріп, соған қызықтыратын шынайы көрнекілік бар. Қай әңгімесін болса да оқи отырып, содан үлкен суреттер жасауға болады. Әңгіменің баланы қызықтыратыны, оларды ойға қалдырып, іс пен әрекетке бастайтын ізгі қасиеті де осында.
Еңбек процесі тақырыбына Ыбырай Алтынсарин әңгімелері бірінен – бірі асып отырады. Бірін – бірі қайталамайды, әр қайсысының өзіндік қызықты, тәрбиелік күшті жақтары бар. Мұны оқыған бала әрқашан пайдалы, өнегелі істерге үйренеді, өнегесіз істерден жирене түседі. Әрқашан ата – анаға болысу борышты міндет деген қорытындыға келеді. Ал баланың өзінің жауапкершілігін түсіну сеземін біле бастауы еңбек етуге төселуден, еңбекті
38
сүйе білуден пайда болады. Бұл әңгімелердің ескірмейтін, тозбайтын өмірлік белгісі осы жақтарында. Еңбек етсең ғана ойлаған мұратыңа жетуге болатынын, өмір сүру жеңіл болатынын ескертеді...
Ыбырай Алтынсарин еңбек еткен адамдарды өмір тәжірибесі мол, қандай жұмысқа болса да икемі бар, өздері кішіпейіл, мейірімді және ешқандай арамдық, зұлымдық істерді білмейтін, қалың бұқараның жайдары өкілі етіп көрсетеді. Ақыл да, терең ой да, оның әр нәрсеге икемділігі де, қиын – қыстау кезеңде жол тапқыштығы да еңбектену арқылы жинақталған өмір тәжірибесінің жемісі екенін білдіреді. Бұған қарама – қарсы еңбекті сүймейтін, ел үстінен күн көретін тоғышарларды, үстем тап өкілдерінің жалқаулығын суреттейді. «Бай мен жарлы баласы» әңгімесінде жастайынан шаруаға араласқан, еңбек еткен, жас болса да өмір тәжірибесін көп көрген кедей баласы Үсен көбіне тәжірибеге сүйеніп, ақыл – парасатқа салып, көшкен елдің жаңа қонысын тауып алады. Ата – аналарымен аман, сау табысады. Бұл әңгімеде де екі нәрсені бір – біріне қарама – қарсы қойып, салыстыра суреттеу тәсілі бар...
Балалар мен жас өспірімдерді өнер – білімге шақыру, отырықшылық тұрмыстың, жер кәсібімен айналысудың пайдалы жақтарын түсіндіру, оларға еңбек етудің артықшылығын ұғындырумен қатар, Ыбырай Алтынсарин шығармасының көтеретін төртінші мәселесі – балаларды ұқыптылыққа, мейірімділікке, әдептілікке үйрету. Осы идеяның бәрі де баланы оқыту, үйрету, тәрбиелеу процесі арқылы іске асатынын Ыбырай Алтынсарин дұрыс түсінген, дұрыс шешкен...
Ыбырай Алтынсарин балаларға арналған шығармаларында қандай тақырыпта жазса да алдымен нені мысал етіп көрсетуге болар еді деген мәселеге тоқтайды. Балаға қызықты материал іздейді. Жазған әңгімесін өмірде кездесетін, баланың өзі назар аударатындай заттармен, іс - әрекеттермен байланыстырып отырады.
39
Қорыта айтқанда, балаларға арналған көркем әдебиет Ыбырай Алтынсарин жазғандай жас өспірімдерді өскелең мәдениетке жетелейтіндей өмір оқулығы, отаны үшін алысқан күрес құралы болуға тиіс.
Бастауыш сыныптан бастап Ыбырай Алтынсариннің шығармаларының тәрбиелік жағын оқушыға баса түсіндіру ұстаздың міндеті деп білеміз.
Бастауыш сыныптан бастап Ыбырай Алтынсарин әңгімелері оқушының жас ерекшеліктері мен сынып айырмашылығына қарай бағдарлама бойынша беріліп отырады. Бірінші сынып оқулығының алғашқы бетіне «Кел, балалар, оқылық» өлеңінен үзінді берілуінде үлкен мән бар. Бұл Ыбырайдың өзінен кейінгі қазақ халқының жас өспірім, жас ұланына салып кеткен азаны, ұран, бүгінгі таңда мектеп табалдырығын аттаған баланың алғаш айтатын ұранына айналған. Бұл Ыбырайдың кітабының басында «Сөз басы» деп берілген толық ұзақ жолды өлең. Бастауыш сыныптың бірінші – екінші сыныптарында үзінді болып берілген. Бұл өлеңнің мазмұнын мұғалім қара сөзбен түсіндіріп оқу – білімнің пайдасын айта отырып тек оқу – білім ғана сендерді ойлаған мақсаттарыңа жеткізеді. Сендердің еңбектерің ол – оқу.
«...Сауысқанның тамағы,
Шоқуменен табылған.
Өнер – білім бәрі де,
Оқуменен табылған...» деген өлең жолдарын көрнекілікке жазып, сұрақ – жауап арқылы түсіндірген дұрыс. Оқушы өз оқуының мақсаты не екенін білетіндей дәрежеге жеткізе түсіндіру керек. Сынып бөлмесінің оқушыға жақсы көрінетін жеріне Ыбырай Алтынсарин суреті мен осы «Кел, балалаар, оқылық» өлеңінен үзінді жазып қоюға болады.
Бірінші сыныптың әліппе оқулығында берілген «Бір уыс мақта»
(121-бет), «Мақта қыз бен мысық» (134-бет) әңгімелерінен бастап оқушыға тәлім – тәрбие беріле бастайды.
«Бір уыс мақта» (121 – бет)
Бір кішкене қыз әжесінің шапанын жамап отыр екен, шешесі қасына
40
отырып ақыл айтты:
Балам, дүниедегі жаратылған жанды, жансыздардың ешқайсысының да керексіз болып, жерде қалатыны болмайды, - деді...
Жердегі мақтаның қиқымын терезеден лақтырып, далаға тастайды да:
Ана, осы қиқымның ешнәрсеге керегі болмас, - деді...
Мақтаның қиқымын бір торғай алып кетті, оны не қылады? – деп сұрады.
Көрдің бе балам, күн айналмай манағы айтқан сөздің келгенін. Ол мақтаны жас балапандарына мамық етеді – деді.
Әңгіменің мазмұнын мұғалім түсіндіріп болған соң, мынадай тәрбиелік сөз айту керек:
Әрбір оқушы кішкене күнінен ұқыпты болып, ата – ананың тапқан еңбек ақысын босқа шашпай, таза жүріп, оқулықтарына, дәптерлеріне таза қараулары керек. Қаламсап, оқу құралдарына ұқыпты қарап, оқу жылының аяғына дейін кітаптарын жоғалтпай таза ұстау, дәптерлерін аяғына дейін жазып аяқтау – сияқты ұқыптылыққа үйрету керек.
«Мақта қыз бен мысық» (134 – бет бірінші сынып, «Әліппе») ертегісінің мазмұнын түсіндірумен бірге сыныпта көрініс көрсеткен дұрыс. Сиырдың, мысықтың ....маскасын бастарына кигізіп соларша сөйлетуге болады. Бұл ертегі арқылы әрбір дүниедегі жаратылған жан – жануарға, өсімдікке тіршілік үшін өздеріне қажетті күтім керектігін балаға жеткізу қажет. Жануарларға мейірімділікпен қарап, күту – баптау керек. Өсімдіктерді арам шөптен тазалап, әр уақытта күте білсең, ол өз жемісін береді. Қорытынды түйіні «Ерінбей еңбек етсең, мақсатыңа жетесің» - дегенді айтып отыр.
1 сыныптың ана тіліндегі «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесін оқушыларға мәтінді түсіндіріп болған соң, ата – анаңа жәрдемдес, іні – қарындасыңа қара, сынып бөлмесін таза ұстауға ат салыс. Жора –
41
жолдастарыңа көмектес. Босқа жүрме – деп ақыл айту керек. Үйге тапсырмаға «Менің күн режимім», «Ата – анама көмегім», «Менің еңбегім» - деген тақырыпта шығарма жазып келуді тапсыруға болады. Осындай жұмыстар арқылы оқушыны отбасында ата – ана, мектепте ұстаздар жастайынан еңбек етуге тәрбиелеулері керек.
3 – сыныпта өтетін «Өзен» өлеңі арқылы табиғат байлығы «Су – адамның тіршілік көзі» екенін айтамыз. Өзен, көл, тоған суларын ластамай, шөп – шаламнан тазарту әрбір адамның азаматтық борышы екенін түсіндіре отырып, суды үнемі үнемдеп пайдалану керек екенін ұғындырамыз.
Сабақта пәнаралық байланысты жүзеге асыру үшін өлеңді оқытып болған соң сыныпты үш топқа бөліп:
1 – топқа - таудан басталған өзен көрінісіне байланысты сурет салуды тапсырамыз. Бұл бейнелеу өнерімен байланыстылығы.
2 – топқа - өлеңдегі етістік сөз табын тауып дәптерлеріне жазғызамыз: мыс, сарқырады; жарқыраған... Бұл қазақ тілімен байланысты.
3 – топқа – «Табиғаттың пайдасы» деген шағын шығарма жазады. Бұл дүниетану пәнімен байланыстылығы.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларын бастауыш сыныпта өту жолына зерттеу – тәжірибелер жасадым. Тәжірибелі мұғалімдердің, озат студенттердің іс – тәжірибе кезінде өткен сабақтарына қатысып, өзім бірнеше сабақ өтіп, солардың қорытындысы негізінде курстық жұмыс жазып қорғадым. Толықтырып осы диплом жұмысымды жаздым. Енді бастауыш сыныпта өзім тәжірибе (эксперимент) жасаған Ыбырай Алтынсариннің 1, 3, 4 – сыныптарда өткен өлеңдері мен әңгімелеріне тоқталсам. Мысалы, бірінші сыныпта «Әліппе» оқулығы «Кел, балалар, оқылық» атты өлеңмен ашылған. Үшінші сыныпта «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» атты әңгімесі берілген. Төртінші сыныпта «Ана тілі» оқулығында «Таза бұлақ» атты әңгімесі бар. Енді осы сабақтарға жеке – жеке талдау жасасам;
42
Достарыңызбен бөлісу: |