3.2. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТКЕ ТҮСІМДЕРДІҢ ТОЛЫҚ ЖӘНЕ УАҚТЫЛЫ ТҮСУІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ БАҒАЛАУ
Нақтыланған бюджетке сай 2006 жылғы республикалық бюджеттің кірістері 1 510,3 млрд. теңге көлемінде белгіленген. Жасалған түзетуге сәйкес шикізат секторынан бюджетке түсетін түсімдер 172,6 млрд. теңгеге ұлғайып, 1 682,9 млрд. теңгеге белгіленді. Іс жүзінде 1 847,2 млрд. теңге немесе нақтыланған көрсеткіш 122,3% орындалды.
Есепті жылы кірістердің 1 667,8 млрд. теңгесін немесе 90,2%-ын салық түсімдері, салықтан тыс түсімдер – тиісінше 49,2 млрд. теңге яғни 2,7%, негізгі капиталды сатудан түскен кіріс түсімдері – 8,3 млрд. теңге, яғни 0,5%, трансферттерден түскен түсімдер – 121,9 млрд. теңге немесе 6,6% құрады.
Республикалық бюджетке салық түсімдерінің толық әрі уақтылы түсуіне жүргізілген бағалау және бақылаудың қорытындылары
2006 жылғы республикалық бюджеттің салық түсімдері бойынша нақтыланған және түзетілген көрсеткіші тиісінше 31,7% және 15,9%-ға асыра орындалып, 1 667,8 млрд. теңгені құрады.
Салық түсімдерінің жоспарын асыра орындау негізінен 216,1 млрд. теңгесі (1,4 есе) корпоративтік табыс салығы мен 127,0 млрд. теңгесі (1,9 есе) табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түскен түсімдер есебінен қамтамасыз етілді.
Өткен жылдардағы сияқты корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түскен түсімдер республикалық бюджетке түсетін салық түсімдерінің негізгі көздері болып табылатынын құрылымдық талдау көрсетіп отыр. Мәселен, жалпы салық түсімдерінің арасында корпоративтік табыс салығының үлесі 2006 жылы – 46,6%, ал 2005 жылы – 53,4%, ҚҚС тиісінше 29,4% және 22,0%, табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түскен түсімдер 16,0% және 19,5% құрады.
2006 жылы республикалық бюджетке түскен салық түсімдері 2005 жылмен салыстырғанда 105,9 млрд. теңгеге немесе 6,8%-ға ұлғайды. Салық түсімдерінің арасында ең жоғары өсім қарқыны кедендік төлемдер (85,3%) мен акциздердің (56,4%) үлесіне келеді.
Республикалық мониторингке жататын салық төлеушілер бойынша 2006 жылы бюджетке төленген салықтар мен басқа да міндетті төлемдерге жүргізілген талдау көрсетіп отырғандай, шикі мұнай мен табиғи газды өндіретін кәсіпорындар үшін салықтық жүктеме коэффициенті жедел деректер бойынша орташа алғанда – 31,3%, ал мұнай өнімдерінің саудасын жүзеге асыратын шаруашылық жүргізуші субъектілер үшін 6,5% құрады. Салық комитетінің жедел деректері бойынша “Север-ойл” ЖШС-інде салықтық жүктеме коэффициенті – 0,3%, ал “Гелиос” ЖШС-інде 1,7% құрады. Екінші деңгейдегі банктердің салықтық жүктемесі орташа алғанда – 6,6%, ал сақтандыру және аудиторлық компанияларда – 26,4% құрады. Бұл ретте Салық комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері көбінесе салықтық жүктемелері 10%-дан төмен шаруашылық жүргізуші субъектілерге тексеру жүргізіп, екінші деңгейдегі банктерге есепті жылы тексеру жүргізбеген.
2006 жылы жүргізілген 45071 тексерудің қорытындылары бойынша қосымша 114,9 млрд. теңге есептеліп, 14,9 млрд. теңге немесе 13% өндіріліп алынды. 3925 тексеру нәтижесіз аяқталды.
Республикада бюджетке артық төленген салықтар мен басқа да міндетті төлемдердің көлемі ұлғаюда, 2007 жылғы 1 қаңтарға 693,5 млрд. теңге артық төленіп, есепті жылдың бастапқы кезімен салыстырғанда 150,4 млрд. теңгеге немесе 27,7%-ға өскен. Осыған байланысты, шаруашылық жүргізуші субъектілердің айналым қаражатының бір бөлігі оқшауланып, салық төлеушілердің салық жүктемесі артуда, сондай-ақ республикалық бюджетке түскен түсімдерді қайтару ұлғаю үстінде.
2007 жылғы 1 қаңтарға мемлекеттік бюджетке салықтар бойынша артық төленген қаржының ең көбі қосымша құн салығы мен корпоративтік табыс салығының үлесіне тиеді.
Есеп комитеті Салық комитетінің орталық аппаратында 2004-2006 жылдары шаруашылық жүргізуші субъектілерді тексерудің жиынтық жоспарының, сондай-ақ мониторинг пен аудит бөлімшелерінің өзара іс-қимылын реттейтін нормативтік құқықтық актілердің жоқ екенін анықтады.
Жоғарыда келтірілген фактілер салықтық әкімшілік жүргізу тетігінің күрделі әрі тиімсіз екенін көрсетеді. Салық заңнамасында нормалар мен ережелерді екіұшты түсіндіруге жол берілген, ал уәкілетті орган салық тексерулерінің сапасын арттыруға, салықтық әкімшілік жүргізу тетігін оңайлатуға жүйелі шаралар қабылдамаған.
2006 жылы 776,6 млрд. теңге корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) немесе нақтыланған көрсеткіштің 118,6%-ы түскен. Бұл ретте шикізат секторы ұйымдарынан 172,9 млрд. теңге КТС немесе осы салық түрінің жалпы көлемінің 22,3%-ы түсті. 2007 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорына шикізат секторы ұйымдарынан келіп түскен КТС 376,4 млрд. теңгені құрады. 2006 жылы заңды тұлғалар – резиденттер мен резидент еместерден КТС бойынша 11,7 млрд. теңгенің артық түсуіне байланысты, КТС бойынша жалпы 68,3 млрд. теңге артық төленіп, 2005 жылмен салыстырғанда 24,1 млрд. теңгеге немесе 54,6%-ға өскен.
Сонымен қатар, артық төлемдер заңды тұлғалар – шикізат секторы ұйымдарынан түскен КТС есебінен 11,3 млрд. теңгеге ұлғайған.
2006 жылғы КТС тоқсандық түсімдерін талдау аталған салық түрі түсімдерінің біркелкі түспейтінін көрсетеді, бұл республикалық бюджет түсімдерінің жалпы көлемінде КТС үлесінің қалыптасқан басымдығы кезінде бюджет қаражатының толық және тиімді игерілмей қалу қаупін арттырады.
Есеп комитеті корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлемдердің біркелкі түсуін қамтамасыз ету мақсатында КТС әкімшілік жүргізу тәртібін жетілдіру бойынша бірнеше рет ұсыныстар енгізгенімен уәкілетті орган оларды ескерген жоқ.
Республикалық бюджетке қосымша құн салығы бойынша түскен түсімдер 489,6 млрд. теңгені құрап, 2005 жылмен салыстырғанда 42,4%-ға ұлғайған.
Есепті жылы республикалық бюджеттен ҚҚС өтеу өткен жылмен салыстырғанда 19,0%-ға көбейіп, 195,1 млрд. теңгені құрады. Бұл негізінен нөлдік ставка бойынша ҚҚС салынатын шикізаттар мен тауарлар экспорты көлемінің артуынан туындаған. Бұл ретте салық төлеушілердің есеп айырысу шоттарына 132,0 млрд. теңге немесе өтелуге жататын жалпы қаржының 67,7%-ы қайтарылды.
Республикалық бюджеттен негізінен мұнай, газ, металл прокат, бидай және басқа шикізат экспорттайтын ірі компаниялар ҚҚС өтемін алды.
ҚҚС бойынша артық төлемдер 2007 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша артық төленген салық және басқа да бюджетке төленетін міндетті төлемдердің жалпы көлемінің 57,7%-ын немесе 400,6 млрд. теңгені құрады, оның ішінде есепке жатқызылған ҚҚС-ғы есептелген ҚҚС-нан 278,5 млрд. теңгеге асып кеткен.
Есеп комитеті салық төлеушіні есепке қоюда, салық тексерулерін жүргізуде және тексеру нәтижелеріне шағым жасаудың тетігінде, сондай-ақ мәжбүрлеп өндіріп алу шараларында кемшіліктердің бар екенін анықтады.
Заңды тұлғаларды тіркеу жүйелері Әділет министрлігінде, Статистика агенттігінде және Салық комитетінде жұмыс істейді. Осы жүйелер арасында кешенді байланыстың болмауы ҚҚС-қа әкімшілік жүргізудің тиімділігіне әрі “бір күндік” және “қолма-қол ақшаға айналдыру” фирмаларын жедел анықтауға кері әсер етеді.
Есеп комитеті ҚҚС ақпараттық жүйесінің жұмысында ұйымдастырушылық және жүйелік кемшіліктерді, оның ішінде Салық комитетінің басқа жүйелерімен өзара айқын іс-қимылының жоқ екенін анықтады.
Республикада салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу, жедел-іздестіру шаралары ҚҚС бойынша берешегін азайтуға елеулі ықпал ете алмай келеді. 2007 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ҚҚС бойынша берешек 19,0 млрд. теңгені құрады. Сонымен бірге, қазіргі уақытқа дейін “қолма-қол ақшаға айналдыру” фирмалары мен “бір күндік” фирмаларды жою, сондай-ақ өндірісті ынталандырып, қосылған құны жоғары тауарларды өткізу үшін ҚҚС қайтарудың тетігін жетілдіру жөніндегі Есеп комитеті ұсынған кешенді шаралар қабылданбаған.
Табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түсетін түсімдердің нақтыланған жылдық жоспары 140,3 млрд. теңге, ал іс жүзінде түскен түсімдер 267,4 млрд. теңгені немесе 190,5% құрады, оның ішінде шикізат секторы ұйымдарынан – 386,0%, басқа салық төлеушілерден – 143,0%. Жоспардың асыра орындалуы, негізінен, үстеме пайдаға салынатын салықтан – 28,7 млрд. теңге (1,3 есе), бонустардан – 9,7 млрд. теңге (3,6 есе), роялтиден – 5,8 млрд. теңге (1,3 есе) құралды.
2006 жылы табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түскен түсімдер негізінен роялтидің (79,0%), бонустардың (58,5%) және жасасқан келісім-шарттарға сәйкес шикізат секторы ұйымдарынан өнімді бөлу бойынша ҚР үлесі (37,3%) есебінен 2005 жылмен салыстырғанда 12,1%-ға азайды.
Табиғи және басқа да ресурстарды пайдаланудан түскен түсімдер құрылымында үстеме пайдаға салынатын салық негізгі салық болып табылады, 2006 жылы оның үлесі 42,9% құрады. Республикада үстеме пайдаға салынатын салық түсімдері тұрақты түрде артып келеді, бұл мұнай бағасының өсуіне байланысты болып отыр. Мәселен, 2006 жылы үстеме пайдаға салынатын салық түсімдері 2005 жылмен салыстырғанда 2,6 есе өскен.
Мемлекет мұнай операцияларынан қосымша кіріс алу үшін және мұнай-газ секторына салық жүктемесін көбейту мақсатында 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап экспортталатын мұнайға рента салығын енгізді. Сонымен бірге, Үкімет Салық кодексінің 304-3-бабын бұза отырып, шикі мұнайдың ұқсас сорттарының салық ставкасын айқындайтын тізбесін белгілемеген. Сараптамалық бағалау бойынша көрсетілген Тізбе дер кезінде белгіленген жағдайда, 2004 жылы республикалық бюджет кірісіне экспортталатын мұнайға салынатын рента салығынан қосымша 1,5 млрд. теңге түсетін еді.
Кеден органдары әкімшілік жүргізетін сыртқы экономикалық қызметтен түсетін кедендік төлемдер мен салықтар бойынша 2006 жылғы болжам 110,0%-ға орындалды. Тапсырмада белгіленген 441,1 млрд. теңгенің орнына іс жүзінде 485,4 млрд. теңге түскен.
Есепті жыл ішінде, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті жоспарды орындау мақсатында жоспарларын орындамайтын департаменттердің көрсеткіштерін азайтып, ал жоспарларын асыра орындайтын департаменттердің көрсеткіштерін көбейту арқылы бастапқы бекітілген көрсеткіштерді бес рет түзеткен.
Республикада кедендік салықтар мен төлемдерді төлеу бойынша елеулі жеңілдіктер және төлеу мерзімін ұзартуға артықшылықтар берілген. 2007 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кедендік салықтар мен төлемдер бойынша берілген жеңілдіктердің көлемі, сондай-ақ есепке жатқызу және мерзімін ұзарту әдісімен төленген ҚҚС көлемі 457,3 млрд. теңгені немесе сыртқы сауда операцияларынан республикалық бюджетке іс жүзінде түскен қаражаттың 94%-ын құрады. Бұл ретте көрсетілген қаржының 393,1 млрд. теңгесін кедендік салықтар мен төлемдерді төлеу бойынша жеңілдіктер құрады, оның ішінде кедендік төлемдерге салық салудан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен босату жеңілдіктері – 132,8 млрд. теңге, кедендік одақ пен еркін сауда аймағы шеңберінде берілген тарифтік артықшылықтар – 103,7 млрд. теңге.
Республикалық бюджетке түскен салықтан тыс түсімдерді бағалау және оларға жүргізілген бақылаудың қорытындысы
Республикалық бюджетке түскен салықтан тыс түсімдер 49,2 млрд. теңгені немесе 125,0% құрады, ал олардың нақтыланған жоспардағы мөлшері – 39,3 млрд. теңге.
Салықтан тыс түсімдердің ішінде ең көбі 33,0 млрд. теңге мөлшерінде немесе 67,0% мемлекеттік меншіктен түскен кірістердің үлесіне тиеді, оның ішінде 5,8 млрд. теңге республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетіне есептелген дивидендтер құрайды. Бұл ретте 2005 жылмен салыстырғанда есепті жылы дивидендтер түсімі 3 есеге немесе 12,6 млрд. теңгеге азайған. 2006 жыл ішінде мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын, сондай-ақ Ұлттық банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) ұсталып, қаржыландыратын мемлекеттік мекемелер салатын айыппұлдардан, өсімақыдан, санкциялардан, өндіріп алулардан республикалық бюджетке 5,2 млрд. теңге түсті немесе нақтыланған бюджеттен 6,9 есе асты. Бұл ретте, осылардың негізгі үлесін зиянды өтеу туралы талап-арыздар бойынша табиғат пайдаланушылардан алынған қаражаттар, тәркіленген аң және балық аулау құралдарын, түскен түсімдердің 14,7% немесе 766,4 млн. теңге мөлшерінде заңсыз өндірілген өнімдерді сатудан түскен қаражаттар, түскен түсімдердің 8,8%-ы немесе 457,6 млн. теңге мөлшерінде атқарушылық санкциялар құрады.
2006 жылы салықтан тыс төлемдердің жоспардан тыс түсімдері 4,0 млрд. теңгені құрады, оның ішінде орталық мемлекеттік органдар мен олардың аумақтық бөлімшелері салған әкімшілік айыппұлдардан, өсімақыдан, санкциялардан, өндіріп алулардан 3,4 млрд. теңге түсті.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы әлеуметтік-экономикалық жағдайына талдау
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің жедел деректері бойынша 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өндірісі 2006 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 8,5 %-ға ұлғайды.
Өнеркәсіп өнімін өндіру. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өндірісі нақты көлемінің индексі 104,5 %-ды құрады. Есептік кезеңде 7703,8 млрд. теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді.
Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 4365,9 млрд. теңгеге өнім өндірілді, бұл 2006 жылдың қаңтар-желтоқсандағы деңгейінен 2,6 %-ға жоғары. 2006 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру 3,1 %-ға, темір кені – 1,4 %-ға ұлғайды.
Өңдеу өнеркәсібінде 2916,6 млрд. теңгеге өнім өндірілді, бұл 2006 жылдың осы кезеңінің көрсеткішінен 6,7 %-ға жоғары.
623,2 млрд. теңгеге ауыл шаруашылығының өнімі өңделді, соның ішінде сусындарды қоса алғанда, тамақ өнімдерін өндіру 559,9 млрд. теңгені құрады, бұл 2006 жылдың осы кезеңінің көрсеткішінең 7,2 %-ға жоғары.
Былғары және былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқ киімдер өндірісі 47,6 %-ға, химия өнеркәсібі - 26,7 %-ға, резина және пластмасса бұйымдары - 25,9 %-ға, машина мен жабдықтар 21,6 %-ға ұлғайды.
Электр энергиясын, газ бен суды өндіру мен бөлу 7,3 %-ға ұлғайды. Электр энергиясын өндіру 76,1 млрд. кВт. сағ. құрады, бұл 2006 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деңгейден 6,2 %-ға жоғары.
Ауыл шаруашылығы. 2007 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1069,6 млрд. теңгені құрады, бұл 2006 жылдың осы кезеңінен 8,4 %-ға артық, бұл ретте мал шаруашылығы өнімі – 4,0 %, өсімдік шаруашылығы – 12,7 %.
Өсімдік шаруашылығы. 2007 жылы алдын-ала деректер бойынша астықтың жалпы жиналуы қайта өңдеуден кейінгі салмағында 22,0 %-ға ұлғайып, 20,1 млн. тоннаны құрады, оның ішінде солтүстік облыстар үлесіне – 15,4 млн. тонна келеді, бұл 2006 жылдың деңгейінен 20 %-ға жоғары. Дәнді дақылдар шығымдылығы тұтастай республика бойынша гектарынан 13,3 центнерді құрады.
2007 жылы 6,8 млн. тонна экспорт жіберілді, астыққа эквивалентте – 2,1 млн. тонна ұн экспортталды (ұн – 1,5 млн. тонна). 2006 жылғы деңгеймен салыстырғанда астық экспорттың көлемі 2,2 млн. тоннаға (47,6%-ға), ұн – 339,9 мың тоннаға (30,3%-ға) ұлғайды.
Мал шаруашылығы. Үстіміздегі жылғы қаңтар-желтоқсанда 2006 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шаруашылықтың барлық санаттарында мал санының өсуіне қол жеткізілді: ірі қара мал - 3,4 % -ға, қой мен ешкі – 5,2 % -ға, жылқы – 4,4 % -ға, түйе – 3,7 % -ға, шошқа – 6,4 % -ға және құс – 5,7 % -ға.
Тірі салмақта ет өндірісінің көлемі 3,9 % -ға, сүт – 3,0 % -ға, жұмыртқа – 6,8 % -ға өсті.
Құрылыс. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда құрылыс жұмыстарының (қызметтерінің) көлемі 1307,5 млрд. теңгені құрады, бұл 2006 жылдың деңгейнен 15,3 %-ға көп.
Тұрғын үй құрылысына 489,6 млрд. теңге инвестиция жіберілді (негізгі капиталға инвестициялар жалпы көлемінің 15,1 %), бұл 2006 жылы инвестициядан 26,2 %-ға көп.
Жалпы алаңы 8,1 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2006 жылы қол жеткізілген көрсеткіштерден 29,8 %-ға көп.
Көлік. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда республикада жүк айналымы 350,4 млрд.ткм құрады, бұл 2006 жылғы қаңтар-желтоқсаннан 6,7 %-ға көп.
Темір жол көлігінің жүк айналымы 5,1 %-ға, автокөлік жүк айналымы – 14,1 %-ға, магистралдық құбырдың жүк айналымы - 5,4 %-ға, әуе көлігінің жүк айналымы – 28,8 %-ға және өзен көлігінің жүк айналымы 1,3 есе өсті.
Инфляция. 2007 жылғы желтоқсанда инфляция 2006 жылдың желтоқсанына 18,8 % деңгейде қалыптасты, 2006 жылдың тиісті кезеңінде – 8,4 % болған.
Инфляцияның жеделдеуіне оның құрамдас бөліктері бағаларының өсуі негіз болды, азық-түлік тауарларына – 26,6 % (2006 жылғы желтоқсанда - 7,3 %) және азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 10,5 % (7,1 %). Ақылы қызметтер құнының өсуі 15,4 %-ды (11,6 %) құрады.
2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда инфляция жылдың мәнде 2006 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 10,8 % (8,6 %) деңгейде қалыптасты.
Сыртқы сауда айналымы. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстан Республикасының сыртқы сауда айналымы 80,5 млрд. АҚШ долл. құрады және 2006 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 30,0 %-ға ұлғайды, оның ішінде экспорт – 47,8 млн. АҚШ долл. (24,8 %-ға), импорт – 32,8 млн. АҚШ долл. (38,3 %-ға).
Экспорттың жалпы көлімінде ең үлкен үлес – 69,7 % минералдық өнімдерге тиесілі. Асыл емес металдар және олардан жасалған бұйымдар 17,1% -ды, химия өнімі 4,0 %-ды, азық-түлік тауарлар және оларды өндіруге арналған шикізат 4,3 %-ды, машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар және аппараттар 2,0 %-ды құрады.
Импорттың құрылымында машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар және аппаратар (жалпы импорт көлемінің 46,6 %), металдар және олардан жасалған бұйымдар (13,3 %), минералдық өнімдер (13,1 %), химия өнімі (10,6 %) үлкен үлеске ие.
Негізгі капиталға инвестициялар. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға инвестициялар 3234,2 млрд. теңгені құрады, бұл 2006 жылғы қаңтар- желтоқсанмен салыстырғанда 8,2 %-ға көп.
Негізгі капиталға қаражат салудың негізгі көздері шаруашылық жүргізуші субъектілердің меншікті қаражаты (54,4 %) мен шетел инвестициялары (18 %) болып табылды. Бюджет қаражаты 15,7 %-ды, қарыз қаражаты - 11,9 %-ды құрады.
Негізгі капиталға инвестициялардың негізгі көлемін жеке меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар (60,9 %), сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында қызметін жүзеге асыратын басқа мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілері (23,0 %) игерді. Мемлекеттік сектордың үлесі 16,1 %-ды құрады.
Инвестициялық тартымдылық бойынша негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінде мыналар басым салалар болып табылады: мұнай және табиғи газ өндіру, осы салада қызмет көрсету – 27,9 %, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және тұтынушыларға қызмет көрсету – 25,4 %, көлік және байланыс – 13,4 %, өңдеу өнеркәсібі – 10,5 %.
Ағымдағы жылдың 12 айында Ұлттық қордың ақшасын қоса алғанда елдің халықаралық резервтері 15,7 %-ға ұлғайып, 38,4 млдр. АҚШ долларын құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 21,0 млрд. АҚШ доллары.
Валюта нарығы. 2007 жылдың 12 айында теңгенің орташа өлшемді айырбас бағамы бір доллар үшін 122,61 теңге болды. Кезеңнің соңында биржалық бағам бір доллар үшін 120,3 теңге болды. Жыл басынан бері теңге АҚШ долларына номиналдық мәнде 5,28 %-ға нығайды.
Депозит нарығы. Депозиттік ұйымдардағы депозиттер жыл басынан бері 25,9 % өсіп, 2008 жылғы 1 қаңтарға 3873,9 млрд. теңгеге жетті.
Халықтың (резидент еместерді қоса алғанда) банктердегі салымдары 2007 жылдың 12 айында 40,5 %-ға 1432,6 млрд. теңгеге жетті. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда халықтың салымдары құрылымындағы теңгедегі депозиттер 31,5 %-ға өсіп, 904,0 млрд. теңгеге, ал шетел валютасындағы депозиттер 59,0 % -ға 528,3 млрд. теңгеге өсті. Нәтижесінде, теңгедегі депозиттердің үлес салмағы 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 66,7 %-дан 63,1 %-ға дейін төмендеді.
Кредит нарығы. 2008 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктердің экономикаға кредиттік салымдары 12 айда 54,7 %-ға ұлғайып, 7258,4 млрд. теңгені құрады.
Теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 2006 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 51,6 %-дан 57,2 %-ға дейін жоғарылды.
Ұзақ мерзімді кредиттердің өсу үрдісі байқалады. Мәселен, ұзақ мерзімді кредиттер қаңтар-желтоқсанда 68,9 % өсіп, 5800,8 млрд. теңгені құрады, ал қысқа мерзімді кредиттер 16,0 %-ға өсіп, 1457,6 млрд. теңгені құрады. Нәтижесінде ұзақ мерзімді кредиттердің үлес салмағы 73,2 %-дан 79,9 %-ға дейін жоғарылды.
Банктердің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берген кредиттері 2007 жылы 75,2 % ұлғайып, 1508,2 млрд. теңгені құрады.
Салалық бөлуде экономиканың сауда (41,2 %), құрылыс (20,2 %), өнеркәсіп (7,4 %) және ауыл шаруашылығы (7,2 %) тәрізді салаларына мейлінше көбірек кредит берілді.
Еңбек нарығы және еңбек қатынастары. 2007 жылдың төртінші тоқсанында экономикалық белсенді халық саны 8,3 млн. адамды құрады, бұл 2006 жылдың тиісті кезеңінен 225,6 мың адамға көп (2,8 %-ға). Республика экономикасында 7,7 мың адам жұмыспен қамтылған. 2006 жылғы төртінші тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 265,5 мың адамға (3,6 %-ға) өсті. Жұмыспен қамтылған халықтың құрылымында негізгі үлесті – 65,6 % жалдамалы қызметкерлер құрады, өзін өзі жұмыспен қамтығандар – 34,4 %.
2007 жылдың төртінші тоқсанында жұмыссыздар деңгейі 578,8 мың адам болды және 2006 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 39,9 мың адамға азайды. Жұмыссыздық деңгейі 7,0 % болды (2006 жылғы 4 тоқсанда – 7,7 %).
2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда 211,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, бұл жұмыс іздеп келгендердің 88,7 % құрады.
Еңбекақы төлеу. 2007 жылғы қаңтар-қарашада бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 51101 теңгені құрады және 2006 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 29,0 %-ға, нақты мәнде – 17,3 %-ға ұлғайды.
Өңірлерді дамыту
Өнеркәсіп. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2006 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Қарағанды облысынан басқа республикамыздың барлық өңірлерінде өнеркәсіп өндірісінің өсуі байқалды. Ең жоғары өсу қырқыны Ақмола (19,8 %-ға), Батыс Қазақстан (12,5 %-ға), Жамбыл (9,0 %-ға) және Қостанай (6,3 %-ға) облыстарында, тағы да Астана және Алматы қалаларында (тиісінше 21,7 % және 9,2 %) байқалды. Өнеркәсіп өнімі өндірісінің төмендеуі Қарағанды облысында 0,7 %-ға байқалды.
Ауыл шаруашылығы. 2008 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2006 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда жалпы облыс шаруашылықтарының барлық санаттарында ірі қара малдың, жылқының, қой мен ешкі санының өсуі байқалып отыр.
2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда 2006 жылмен салыстырғанда республиканың барлық облыстарында ет өндіру көлемі өсті. Ет өндіру Шығыс Қазақстан (6,4 %), Оңтүстік Қазақстан (5,9 %) Қарағанды (5,8 %) және Жамбыл (4,1 %) облыстарында барынша өсті.
2006 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда Астана және Алматы қалаларын қоспағанда, республиканың барлық облыстарында сүт өндірісі ұлғайды. Сүт өндірісі көлемінің барынша өсуі Манғыстау (13,8 %), Оңтүстік Қазақстан (7,6 %), Атырау (4,7 %) және Қарағанды (4,6 %) областарында байқалды.
2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда жұмыртқа өндірісінің ұлғаюы 2006 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда Қазақстанның 12 өңірінде байқалды. Алматы (19,1 %), Манғыстау және Батыс Қазақстан (әр қайсында 14,3 %), Шығыс Қазақстан (9,2 %) және Қостанай (7,6 %) облыстарында және Алматы қаласында (44,4 %) ең жоғары өсу қарқынына қол жеткізілді.
Инвестициялар. Негізгі капиталда инвестицияның өсуі республиканың 13 өңірінде байқалды. Ең көп өсім Ақмола (2,1 есе), Батыс Қазақстан және Қызылорда (әр қайсында 1,4 есе), Oңтүстік Қазақстан (1,4 есе), Қостанай (28,9 %) және Алматы (13,6 %) облыстарында тіркелді. Жоғары өсу қарқыны сонымен қатар Ақтөбе (11,5 %) және Солтүстік Қазақстан (11,3 %) облыстарында байқалды. Астана және Алматы қалаларында инвестиция көлемі (тиісінше 16,7 % және 8,3 %) ұлғайды. Сонымен қатар инвестиция көлемінің төмендеуі Атырау облысында – 2,3 %-ға, Маңғыстау облысында – 14,5 %-ға және Павлодар облысында – 6,3 %-ға байқалды.
Тұрғын үй құрылысы. 2007 жылғы қаңтар-желтоқсанда тұрғын үйлерді пайданалуға беру көлемі 2006 жылдың ұқсас кезеңіндегі Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарын қоспағанда (төмендеу деңгейден тиісінше 1,1 % және 12,2 %), республиканың барлық өңірлерінде артты.
Астана (өсуі 1,8 есе) қаласында, Атырау (2,0 есе), Қарағанды (1,5 ece) және Шығыс Қазақстан (1,4 есе) облыстарында тұрғын үй салу белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Тұрғын үй құрылысы өсуінің жоғары қарқыны сонымен қатар Маңғыстау (27,8 %), Ақмола (28,7 %) және Қостанай (23,4 %) облыстарында да байқалды.
Достарыңызбен бөлісу: |