Мазмұндамалар жинағы 5-6 сыныптар үшін «Қазақ тілі»



бет6/16
Дата12.12.2023
өлшемі3.04 Mb.
#486262
түріМазмұндама
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
ДИКТАНТ МАЗМУНДАМА ТУРЛЕРИ СЫНЫПТАР АРАЛЫК

Ұсталық кәсіп
Қасым ұста іске жарайды-ау деген мүйіздерді жыл он екі ай бойы жинап жүретін. Оның ішінде киіктің, арқардың, сиырдың, серкенің мүйіздері де болатын. Ол соның бәрін күн тимейтін саялы қалтарысқа жинап қоюшы еді. Көктем шығып, ел жайлауға көшерде Қасым қыстау қасынан ағатын бұлақтың табанындағы қара қорыс, көкала сазды белшесінен қазып, мүйіздерді көміп кететін.
Жаз өтіп, ел қыстауға оралғаннан бір, бір жарым айдан кейін Қасым ұста көктемгі көмбенің тоңын ойып, мүйізді үйге алып келеді. Оларды үйге әкелісімен жылы суға салып, саз-топырағын жуып тастайды. Ұста оларды барынша әрлеп, әсемдеп ожау, қамшы сап, құты-сауыт, тарақ, көзілдірік жасап шығаратын. (97 сөз ) А.Сейдімбек
Ғарышкер
Жаны жайсаң жақсы адамдар мен жақын жүргенге не жетсін! Ондайлармен жүздесіп, бірге жүрудің өзі мерейіңді өсіреді, көңіліңді көтереді. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Халық қаhарманы Тоқтар Әубәкіровпен бір сәт жүздесе қалса, кім-кімнің де осындай жақсы ойда болары сөзсіз. Өйткені қазақтың атағын төрткүл дүниеге танытқан Тоқтар Оңғарбайұлының өн бойынан батырлықпен бірге кішіпейілділікті, қарапайымдылықты, үлкен адамгершілікті аңғару қиын емес. Ол кісінің балаша аңқылдаған ақ жүрегін айтсаңшы.
Иә, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров туралы баспасөз бетінде аз жазылған жоқ. Аты аңызға айналған оны бесіктегі баладан бастап, еңкейген кәріге дейін жақсы біледі.
Тоқаңның депутат, мемлекет қайраткері ретінде істеген игілікті істері жөнінде көп айтуға болады. (99 сөз) М.Қалматаев

Біздің қала
Біз Алматы қаласында тұрамыз. Алматы қаласы – ең әдемі қалалардың бірі. Таудан төмен қарай созылған тіп-тік, әдемі көшелері неше түрлі ағаштармен көмкерілген. Көшелердің екі жағынан сылдыраған мөлдір бұлақтар ағып жатады. Достық атындағы сарай, Спорт сарайы, Оқушылар сарайы және көп қабатты қонақ үйлер өздерінің керемет көркемдігімен көздің жауын алады. Қаланың оңтүстігін басынан өмір бойы қар кетпейтін ақ бас Алатау қоршаған. Тау беттерін қысы-жазы өзгермей, ылғи жап-жасыл болып тұратын шыршалар мен қарағайлар, ақ қайыңдар жапқан.
Қалада тарихи орындар, мұражайлар, көрікті жерлер, бақтар өте көп. Қаланың батысы мен шығысынан Үлкен Алматы, Кіші Алматы өзендері ағып жатады. Алматы қаласының табиғаты – сирек кездесетін тамаша табиғат! (100 сөз).
Тіл қисыны
Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас. Үй салуға түрлі зат керек. Ол керек зат топырақ болса, оны біріктіріп илейді, иленген балшықтан кірпіш құяды. Кірпішті қалап, неше түрлі үй қылып шығарады. Неғұрлым жоба жасайтын сәулет өнерпазы қиялға бай болса, соғұрлым салған үй сәулетті болып шығады.
Сөзден құрастырылып пікірлі әңгіме шығару үшін жұмсалатын зат – сөздер.Үйдің түрлі болып шығуы балшығынан, кірпішінен, әсіресе, қалауынан болатыны сияқты, әңгіменің түрлі болып шығатыны тілдің дыбысынан, сөзінен, әсіресе, сөздің тізілуінен. Рас, әңгіменің әдемі
болып шығуы сөздің тізілуі мен әңгіме айтушының пікірлеуінде. Жазушы қиялға неғұрлым бай, пікірге шебер болса, шығарған сөзде соғұрлым әсерлі, әдемі шықпақ. (100 сөз) А.Байтұрсынов
Күз
Күзге салымғы шуақ күндердің бірі. Танабай аулы Ақмоланың оңтүстік жағындағы Нұра өзенінің бойындағы қыстауында еді. Өзеннің жағалары қалың биік тас, кей жерлерде талмен араласа шыққан қамыс. Араларында, қырат жерлерде биік қараған, тобылғы. Өзенннің екі жағындағы жалпақ шыққан неше түрлі өсімдіктің сары ала алтынданып, әбден піскен кезі. Қарағандардың да жапырақтары сарғайып, бүршіктері қызарып, құндақтары тұқым шашқан.Тікендердің жазғы гүлдерінің орындарына қызыл моншақтай, сабақтаған түймелердей болып, итмұрындар самсаған. Қызыл тобылғылардың жасыл жапырақтары алтындай сарғайып құбылған. Өзеннің және қара сулардың жағаларындағы селдіреген қамыстардың әдемі шашақтары үлбіреп, жел соқса, ақырын ырғала желбіреп, сары үкідей болып сарғайған. Қамыстардың әдемі сыбдырлаған жапырақтары да сары ала болған. (100 сөз). С.Сейфуллин



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет