Көне Отырар
Көне Отырар – екі мың жыл өмір сүрген, Арыс өзенінің оң жақ жиегіндегі екі жүз гектар территорияда орын алған қала. Көне дәуірлерден бұл жерлерде қаңлы, қоңырат тағы басқа тайпалар тұрған. Көне Отырар арқылы көшпенді қазақтар саудамен шұғылданып, отырықшылықпен танысып, басқа халықтармен қатынаса бастады. Отырар тұрғындары күріш, тары, бидай, мақта, жүзім өсірумен шұғылданды. Қалада жақсы су жүйесі болған.
Отырар қаласы тоғысқан сауда жолдарының ортасында тұрған, сондықтан, өзіне басқалардың назары көп түскен.
Мықты қорғанысы бар Отырар бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылы монғол басқыншыларына берілмей, қаланы алты ай қорғаған кезде, қолды басқарған батыр – хан Қайырхан еді. Отырарлықтарды алты айдан кейін басып алған жау қаланы түгел өртеп жіберді. Жауға қарсы тұрған, қаланы басқарған Қайырхан өлім жазасына кесілді. Күйзеліске ұшыраған қала елу жылдан кейін ғана қайта өмірге келді, бірақ, ол талай рет тағдырдың қаталдығына ұшырайды. (131 сөз)
Байлық
Бұрынғы өткен заманда бір дана кісі өлерінің алдында жалғыз қалып бара жатқан баласына: «Шырағым, жер астына көмген көп қазынам бар, соны қазып алсаң, қарның аш болмас, киімсіз болмассың» – депті. Әкесі өлгеннен соң, жетім баласы үйдің айналасындағы жерді ертеңді-кеш еңбек етіп қазады, көп машақаттанады, бірақ әкесі айтқан қазынаны таба алмайды.
Басы дал болып, шаршап, шалдығып, ақырында, бір көп жасап, көп көрген данышпан қарияға келеді. Әкесінің үгіт-насихатын, өзінің көп әуре болғанын баяндайды, енді не қылсам екен дейді:
- Балам, сен әкеңнің өсиетіне түсінбеген екнсің, оның мәнісі былай: әкең саған мирасқа жер қалдырыпты, сол жерді күшің жеткенше күтіп, егін егіп, күз тұқым шашып, еңбек етсең, уақытында өнімін төкпей-шашпай жиып алсаң, сонда сен байлықтың астында қаласың, аш та, жалаңаш та болмайсың. Байлық жерде, еңбекте, – депті.
Сонда бала басын қасып, әкесінің өзіне айтқан өсиетіне енді ғана түсініп, оны орындауға кіріскен екен. (139 сөз). Ы. Алтынсарин
Достарыңызбен бөлісу: |