Мазмұны жалпы бөлік 1-БӨлім. Жалпы ережелер


-бап. Үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер



бет9/13
Дата27.06.2016
өлшемі0.72 Mb.
#160568
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13
137-бап. Үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер

      1. Жұмыс берушімен жұмысты өз материалдарымен және өзінің немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып, үйде жеке еңбегімен орындау туралы еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер деп есептеледі.
      2. Жұмыскердің жұмысты үйде орындауы еңбек шартын жасасқан кезде, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіле отырып белгіленуі мүмкін.
      3. Үйде істелетін жұмысты орындау туралы еңбек шартында:
      1) жұмысты жұмыскерге меншік құқығымен тиесілі немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, материалдарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып орындау;
      2) жұмыскерді жұмысты орындау үшін қажетті шикізатпен, материалдармен, жартылай фабрикаттармен қамтамасыз ету тәртібі мен мерзімдері;
      3) жұмыскерге төленетін өтемақы және өзге де төлемдер туралы талаптар міндетті түрде көзделуге тиіс.

      138-бап. Қашықтықтан жұмыс істеу

      1. Қашықтықтан жұмыс істеу жұмыс процесінде ақпараттық- коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып, еңбек процесін жұмыс беруші орналасқан жерден тысқары жерде жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.
      2. Жұмыс беруші жұмыскерге коммуникация құралдарын (байланыс құралдарын) береді және оларды орнату мен оларға қызмет көрсету жөніндегі шығыстарды көтереді. Жұмыскер меншікті коммуникация құралдарын тұрақты негізде пайдаланған жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері мен төлеу тәртібі жұмыскермен келісім бойынша белгіленеді.
      Тараптардың келісімі бойынша қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де шығыстар (электр энергиясының, судың құны және және басқа да шығыстар) өтелуі мүмкін.
      3. Қашықтықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында айқындалады.

      139-бап. Азаматтық қызмет



      1. Азаматтық қызметке кіру тағайындау тәртібімен не конкурс бойынша жүзеге асырылады.
      2. Конкурсты бос лауазымы бар мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын ұйымдастырады және өткізеді.
      3. Азаматтық қызметке қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады.
      4. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адам азаматтық қызметке басқару функцияларын орындаумен байланысты лауазымға қабылданбайды.
      5. Азаматтық қызметшілер лауазымдарының тізілімін әзірлеу мен бекітуді еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келісу бойынша тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттiк органдары жүргізеді.
      6. Азаматтық қызметші:
      1) материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттік мүлік пен қызметтік ақпаратты қызметтік емес мақсатта пайдалануға;
      2) азаматтық қызметтің қалыпты жұмыс істеуіне және лауазымдық міндеттерді атқаруға кедергі келтіретін әрекеттерге қатысуға;
      3) қызмет жағдайын азаматтық қызметпен байланысты емес мақсатта пайдалануға;
      4) азаматтық қызметті өткеру кезеңінде белгілі болған, мемлекеттік құпияларды, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге құқылы емес.
      7. Азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізудің тәртібі мен шарттарын тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органы айқындайды.
      8. Азаматтық қызметші өзінің жазбаша өтініші бойынша тиісті ұйымдардың басшылары арасындағы келісу бойынша басқа мемлекеттік мекемеге, қазыналық кәсіпорынға жұмысқа ауыстырылуы мүмкін.
      9. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілердің еңбегіне ақы төлеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
      Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандарға, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен қызметтiң осы түрлерiмен қалалық жағдайда айналысатын азаматтық қызметшiлердiң айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемiнде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар мен тарифтiк мөлшерлемелер белгiленедi.
      Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс iстейтiн денсаулық сақтау, әлеуметтiк қамсыздандыру, бiлiм беру, мәдениет, спорт және ветеринария саласындағы мамандар лауазымдарының тiзбесiн жергiлiктi өкiлдi органмен келiсу бойынша жергiлiктi атқарушы орган айқындайды.
      10. Мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын азаматтық қызметшілерге лауазымдық айлықақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлене отырып, ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен кем болмайтын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.
      Азаматтық қызметшілерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берген кезде сауықтыруға арналған жәрдемақы күнтізбелік жылда бір рет төленеді.

      140-бап. Заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының және


                заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа
                да мүшелерінің еңбегін реттеу ерекшеліктері

      1. Атқарушы органның басшысымен еңбек шартын жасасу, оның еңбегіне ақы төлеу тәртібі мен шарттары, оны тәртіптік жауаптылыққа тарту, жұмыстан шеттету осы Кодекске, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне, құрылтайшылар, заңды тұлға мүлкінің меншік иесі не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген адам (орган) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органы бекітетін құжаттарға, заңды тұлғаның оқшауланған құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерге және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.


      2. Егер жалғыз құрылтайшы (қатысушы, акционер) заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органы болып табылған жағдайда, еңбек шарты жасалмайды. Еңбек қатынастары жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау туралы актісімен ресімделеді, онда еңбек функциясы, еңбек қызметін жүзеге асыру мерзімі, жұмыстың басталу күні, жұмыстың орындалатын орны, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу мөлшері мен өзге де шарттар қамтылуға тиіс.
      Құрылтайшылардың (қатысушылардың, акционерлердің) құрамы өзгерген жағдайда, атқарушы органның басшысымен еңбек шарты жасалады не құрылтайшылардың, заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген адамның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімі негізінде онымен еңбек қатынастары тоқтатылады.
      3. Атқарушы органның басшысын жаңа мерзімге тағайындаған (сайлаған, лауазымға бекіткен) жағдайда, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
      4. Жұмыс берушінің жұмысқа қабылдау және еңбек шартын тоқтату туралы актісіне құрылтайшылардың, заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген адамның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен не олар бекітетін құжаттармен уәкілеттік берілген адам қол қояды.
      5. Заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басшысына және басқа да мүшелеріне тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталғаннан кейін тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей қолданылады.
      Заңды тұлғаның атқарушы органының басшысына тәртіптік жаза қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы заңнамасының және заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының ерекшеліктері ескеріле отырып, құрылтайшылардың, заңды тұлға мүлкінің меншік иесінің не құрылтайшылар, меншік иесі уәкілеттік берген адамның (органның) немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімімен бекітілген жұмыс берушінің актісімен белгіленеді.
      6. Осы Кодексте көзделген заңды тұлғаның атқарушы органы басшысының еңбегін реттеу ерекшеліктері заңды тұлғаның жеке-дара атқарушы органына, сондай-ақ заңды тұлғаның алқалы атқарушы органының басқа да мүшелеріне қолданылады.

      141-бап. Азаматтық авиацияның авиация персоналына жататын


                жұмыскерлердің еңбегін реттеу ерекшеліктері

      Ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты, азаматтық және эксперименттік авиацияның авиация персоналына жататын жұмыскерлердің еңбегі азаматтық авиация саласындағы халықаралық стандарттар мен нормативтер ескеріле отырып, жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимі ұзақтығының ерекше нормаларын белгілейтін «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

      142-бап. Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы)
                мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегін реттеу

      Теңiз кемелерi экипаждарының (жүзу құрамы) мүшелерiне жататын жұмыскерлердің еңбегі теңiз кемелерiнің экипаждары (жүзу құрамы) мүшелерiнің еңбегін, еңбегіне ақы төлеуді, жұмыс уақытын және тынығу уақытын реттеудің ерекшеліктерін белгілейтін «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

      143-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттік
                қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары
                депутаттарының, судьяларының еңбегін реттеу

      Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің, Парламенті мен мәслихаттары депутаттарының, судьяларының еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, еңбектің ерекше жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

      144-бап. Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы
                мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен
                мемлекеттік фельдъегерлік қызмет
                қызметкерлерінің еңбегін реттеу

      Әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің еңбегі қызметке кірудің, оны өткеру мен тоқтатудың ерекше шарттары мен тәртібін, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу жағдайларын, сондай-ақ қосымша жеңілдіктерді, артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

      145-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және оның
                ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегін реттеу

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және оның ведомстволары жұмыскерлерінің еңбегі лауазымға тағайындаудың, еңбек шартын тоқтатудың ерекше талаптарын, ерекше еңбек жағдайларын, еңбекақы төлеу жүйесі мен жағдайларын, сондай-ақ артықшылықтар мен шектеулерді белгілейтін «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодекспен реттеледі.

      146-бап. Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына
                кіретін жұмыскерлердiң еңбегiн реттеу

      Кәсіптік одақтың кәсіподақ органдарының құрамына кіретін жұмыскерлердiң еңбегі «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшелiктермен бiрге осы Кодекспен реттеледi.

3-БӨЛІМ. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ЖӘНЕ ҰЖЫМДЫҚ ҚАТЫНАСТАР

13-тарау. ЕҢБЕК САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК

      147-бап. Әлеуметтік әріптестік органдары, қағидаттары және
                міндеттері

      1. Мемлекет атынан тиісті атқарушы органдар, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер атынан белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген олардың өкілдері әлеуметтік әріптестік тараптары болып табылады.


      2. Әлеуметтік әріптестікті:
      1) республикалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссия (бұдан әрі – республикалық комиссия);
      2) салалық деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссиялар (бұдан әрі – салалық комиссия);
      3) өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) деңгейде – әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық, қалалық, аудандық комиссиялар (бұдан әрі – өңірлік комиссия) әлеуметтік әріптестік органдары арқылы тараптардың өзара іс-қимыл жасасуы нысанында;
      4) ұйымдар деңгейінде – Қазақстан Республикасы заңнамасының негізінде жұмыскерлердің өкілдері мен жұмыс берушінің арасында еңбек саласындағы өзара нақты міндеттемелерді белгілейтін ұжымдық шарттар нысанында қамтамасыз етеді.
      3. Тұрақты жұмыс істейтін республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар мынадай қағидаттар:
      1) комиссиялардың қызметіне атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер өкілдерінің қатысу міндеттілігі;
      2) тараптардың өкілеттілігі;
      3) тепе-тең өкілдік ету;
      4) тараптардың тең құқықтылығы;
      5) тараптардың өзара жауаптылығы негізінде қалыптастырылады.
      4. Комиссияларға қатысушылардың дербес құрамын әлеуметтік әріптестіктің әрбір тарапы өз бетінше қалыптастырады.
      5. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік әріптестік мынадай міндеттерді шешуге бағытталған:
      1) әлеуметтік, еңбек және осылармен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін жасау;
      2) қоғамның барлық топтарының мүдделерін объективті ескеру негізінде әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;
      3) жұмыскерлердің еңбек саласындағы құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге, оларды әлеуметтік қорғауды жүзеге асыруға жәрдемдесу;
      4) барлық деңгейлердегі әлеуметтік әріптестік тараптары арасындағы консультациялар мен келіссөздер процесіне жәрдемдесу;
      5) ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;
      6) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау.

      148-бап. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру

      1. Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялар тараптардың орындауы үшін міндетті тиісті шешімдермен ресімделетін консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы әлеуметтік әріптестік тараптарының мүдделерін келісуді қамтамасыз ететін тұрақты жұмыс істейтін органдар болып табылады.
      2. Әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыруды қамтамасыз ету:
      1) республикалық деңгейде еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға;
      2) салалық деңгейде тиiстi қызмет салаларының уәкiлеттi мемлекеттік органдарына;
      3) өңірлік деңгейде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына жүктеледі.
      Осы Кодекстің мақсаттары үшін салалар тізбесін республикалық комиссия белгілейді.
      3. Мыналар:
      1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Үкіметінің, жұмыскерлердің республикалық бірлестіктері мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің өкілетті өкілдері;
      2) салалық деңгейде – тиісті қызмет салаларының уәкілетті мемлекеттік органдарының өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері;
      3) өңірлік деңгейде – жергілікті атқарушы органдардың өкілетті өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері комиссияларға қатысушылар болып табылады.
      4. Мыналар:
      1) республикалық деңгейде – республикалық кәсіптік одақтар бiрлестiктері;
      2) салалық деңгейде – салалық кәсіптік одақтар;
      3) өңірлік деңгейде – аумақтық кәсіптік одақтар бiрлестiктері жұмыскерлердiң өкiлеттi өкiлдерi болып табылады.
      5. Мыналар:
      1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің республикалық одағының (қауымдастығының), шағын кәсіпкерлік жөніндегі республикалық бірлестіктің, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің республикалық салалық бірлестіктерінің өкілдері жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері болып табылады.
      Көрсетілген одақтардан (қауымдастықтардан) өкілдік ету олардың құрамына кіретін республикалық қоғамдық бірлестіктердің санына қарай пропорционалды негізде жүзеге асырылады;
      2) салалық деңгейде – Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және (немесе) салалық ұйымдардың өкілдері;
      3) өңірлік деңгейде:
      өңірлік палаталардың өкілдері;
      облыстық деңгейде – жеке кәсіпкерлік субъектілерінің облыстық бірлестіктері, шағын кәсіпкерлік жөніндегі облыстық бірлестік;
      қалалық, аудандық деңгейлерде – шағын кәсіпкерлік жөніндегі қалалық, аудандық бірлестіктер жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері болып табылады.

      149-бап. Келісімдерді дайындау жөнінде келіссөздер жүргізу


                құқығы

      1. Әлеуметтік әріптестіктің кез келген тарапы келісімді әзірлеу, оның мазмұны, оны жасасу, өзгерту, толықтыру жөніндегі келіссөздердің бастамашысы болуға құқылы.


      2. Республикалық, салалық, өңірлік деңгейлерде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер уәкілеттік берген бірнеше өкіл болса, олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін жұмыскерлер мен жұмыс берушілер санына байланысты пропорционалды өкілдік ету қағидаты негізінде келіссөздер жүргізу құқығы беріледі.

      150-бап. Келіссөздер жүргізу, келісімдер әзірлеу және


                жасасу тәртібі

      1. Екінші тараптан келіссөздерді бастау туралы жазбаша ұсыныстар алған тараптар күнтізбелік он күн ішінде оларды қарауға және келіссөздерге кірісуге міндетті.


      Тараптар арасында келісімдердің жекелеген ережелері бойынша келіспеушіліктер болған кезде, тараптар келіссөздер басталған күннен бастап үш ай ішінде бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген шарттарда келісімге қол қоюға тиіс.
      Егер тараптар келісімге келе алмаса, хаттама жасалады, оған келіссөздердегі келіспеушіліктерді жою және қайта бастау мерзімдері бойынша тараптардың түпкілікті тұжырымдалған ұсыныстары енгізіледі.
      2. Келіссөздер жүргізу тәртібін, келісімдерді әзірлеу және жасасу мерзімдерін, сондай-ақ оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, оларға қосылуды комиссиялар бекітеді.
      3. Келісімдер оларға тараптар қол қойған кезден бастап не келісімдерде белгіленген күннен бастап күшіне енеді. Келісімдердің барлық қосымшалары олардың ажырамас бөлігі болып табылады және солармен бірдей заңдық күшке ие болады.
      4. Келісімнің қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша не жаңа келісім қабылданғанға дейін белгіленеді, бірақ үш жылдан аспауға тиіс.
      5. Жұмыскерлерге бір мезгілде бірнеше келісімдердің күші қолданылған жағдайларда, жұмыскерлердің жазбаша өтініштері болған кезде келісімдердің жұмыскерлер үшін неғұрлым қолайлы шарттары қолданылады.
      6. Комиссиялардың шешімдері келіссөздерде барлық тараптардың келісіміне қол жеткізу негізінде ғана қабылданады және тиісті келісімдермен ресімделеді. Шешімдер қабылдау мен жұмысты ұйымдастыру тәртібін комиссиялар әзірлейді және бекітеді.
      7. Бас, салалық, өңірлік келісімдер әлеуметтік әріптестік тараптары өкілдерінің қолтаңбасымен бекітіледі.

      151-бап. Келісімдерді тіркеу

      1. Тараптар қол қойған салалық, өңірлік келісімдер қосымшаларымен бірге он күн мерзімде хабарламалық тіркеу үшін жіберіледі.
      2. Облыстық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
      3. Қалалық, аудандық деңгейлерде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      152-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің тараптары,


                түрлері

      1. Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен республикалық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында бас келісім жасалады.


      2. Салалық деңгейде тиісті қызмет саласының уәкілетті мемлекеттік органдары, жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен салалық кәсіптік одақтар арасында салалық келісімдер жасалады.
      3. Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдар және жұмыс берушілердің өкілетті өкілдері мен аумақтық кәсіптік одақтар бірлестіктері арасында өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасалады.

      153-бап. Әлеуметтік әріптестік келісімдерінің мазмұны



      1. Келісімдер:
      1) қолданылу мерзімі туралы;
      2) орындалуын бақылау тәртібі туралы;
      3) келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
      4) тараптардың өздеріне алған міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауаптылығы туралы ережелерді қамтуға тиіс.
      2. Бас келісімнің мазмұнын республикалық комиссия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған бас келісім жобаларын негізге ала отырып айқындайды.
      3. Салалық және өңірлік келісімдердің мазмұнын салалық және өңірлік комиссиялар әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған келісімдер жобаларының негізінде айқындайды.
      4. Бас келісімде:
      1) әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы заң жобаларын қарау туралы;
      2) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
      3) еңбек нарығын дамыту, халықты тиімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы;
      4) ұлттық біліктілік шеңберін әзірлеу және бекіту туралы;
      5) еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік туралы;
      6) әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
      7) салалық және өңірлік деңгейлерде келісімдерді әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
      5. Салалық келісімдерде:
      1) тиісті саланың бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі туралы;
      2) салада әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту туралы;
      3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар туралы;
      4) саланың еңбекке ақы төлеу жүйесінің негізгі қағидаттары туралы, оның ішінде:
      саладағы ең төмен тарифтік мөлшерлемелерді (айлықақыларды);
      разрядаралық коэффициенттердің шекті мәндерін;
      ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге қосымша ақы белгілеудің бірыңғай тәртібін белгілеу;
      5) салалық біліктілік шеңберін бекіту тәртібі туралы;
      6) Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы;
      7) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы;
      8) келісімдерді, ұжымдық шарттарды әзірлеуге және қабылдауға қатысу үшін байқаушылар тобын қалыптастыру тәртібі және оның құзыреті мен қызметі туралы;
      9) кадрлық әлеуетті және біліктіліктерді дамыту жөніндегі үйлестіру орталығын қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
      6. Өңірлік келісімдерде:
      1) өңірде әлеуметтік әріптестікті және диалогті дамыту;
      2) өңірдің бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау тәртібі;
      3) әлеуметтік-еңбек жанжалдарының және ереуілдердің алдын алу және оларды болғызбау жөніндегі іс-шаралар;
      4) жұмыс берушілерге және жұмыскерлердің өкілдеріне еңбек дауларын реттеуге жәрдемдесу;
      5) жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейін қысқартуға бағытталған шараларды қолдану;
      6) Ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу мәселелері жөніндегі кеңесті қалыптастыру тәртібі және оның қызметі туралы ережелер көзделуге тиіс.
      7. Келісімнің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда жұмыскердің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.

      



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет