Мазмұны Кіріспе І бөлім. Атақұлдық туралы ой-пікірлер


ІІ бөлім. Атақұлдық ой-пікірлерінің атақұлдық тәрбиеге ықпалы



бет3/4
Дата29.06.2016
өлшемі375 Kb.
#165049
1   2   3   4

ІІ бөлім. Атақұлдық ой-пікірлерінің атақұлдық тәрбиеге ықпалы
2.1 Патриоттық тәрбие туралы ой-пікірлер

Патриотизм, әсіресе, қазақстандық патриотизм дәл бүгінгі таңда айырықша маңызға ие болып тұр. Тәуелсіз еліміздің ғаламдық өркениеттен өзінің лайықты орнын алуы үшін де бұл ерекше өлшемнің бірі екені даусыз.

Сондықтан болуы керек, соңғы жылдары патриртизм отаншылдық, елжандылық мәселелеріне назар аударыла бастады. Әлбетте, бір мақалада оны бар ауқымда толығымен қарастырып шығу мүмкін де емес, сондықтан біз бүгінгі танда мәселенің өзекті деген тұсына тоқталуды жөн көрдік.

Зерделеп қарасақ патриотизм, қазақстандық патриотизм ұғымдары кеше-бүгін пайда бола қалған жоқ. Сондықтан оның қалыптасуының себеп-салдарын, мен-мәртебесін жете байыптау және зерттеу керек екендігі байқалады.

Рас, патриотизм, ұлтжандылық, елжандылық проблемасын тек кана соңғы он жыл көлеміндегі оқиғалармен, өзгерістермен орайластырып шектеп қалу жеткіліксіз. Бұл мәселе қоғамдық дамудың ілгерідегі кезеңдеріне де тән болған. Оны өрістетуде әртүрлі қоғамдык ұйымдар мен саяси институттар белгілі бір роль атқарған. Бірақ кеңестік идеологиядағы ұраншылық, науқаншылдық салдары патриотизм ұғымын жадағайландырып, оны әсіре-белсенділіктің құралына айналдырғаны жасырын емес. Сондықтан өткеннен сабақ ала отырып, бұл проблеманың саяси мәніне оның жаңа қоғамдағы алар орнын мұқият саралап қарастыру қажеттігі туындады. Себебі — өткеннің бәрі сабақ.

Ал раtriotes (грекше) — отандас деген ұғымды береді. Patris Отан, туған жер деген сөз. Патриотизм ұғымының мазмұнын түсіндіруде саяси сөздіктерде әр-түрлі критерийлер қабылданған. Оның себебі, патриотизмнің әлеуметтік — тарихи, саяси құбылыс болғандығында және заманына орай әртүрлі әлеуметтік мәнге ие болуына байланыстылығында. Кеңестік патриотизм Отанына, халқына сүйіспеншілік пен қатар интернационализмді, КСРО халықтары мен бүкіл дүние жүзі ұлттарына достықты қамтыған. Тоталитарлық режим құлап, саяси құндылықтар өзгерген тұста патриотизм ұғымын жаңаша ұғындыруға ғылыми талпыныс жасалуда.

Патриотизм Отан — анаға деген сүйіспеншілік, адам бойындағы қабілет қарым мен күш-қуатты, білім мен білікті, ақыл парасатты ел игілігіне жұмсау, атамекен мүддесіне арнау болмақ.

Патриоттық қасиет қоғамдық ой-сана керуенінің ерекше бір бөлігі. Сондықтан ол қоғамдық ортаның даму үрдісіне сай әртүрлі мазмұнда көрініс береді. Олай болса, патриотизмнің табиғи тамырларына, оның тарихи кезеңдеріне тереңірек назар аударғанымыз жөн.

Осы мәселе турасында алыс және жақын шетел ғалымдары, қазақстандық әріптестеріміз өз көзқарастарын білдіріп, оның қоғамдық үрдістерде алар орнын айқындау бағытында ой-тұжырымдарын ұсынып келе жатқаны белгілі. Айталық, ресейлік ғалым В.В.Макаров: "Патриотизм кез келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтың ғасырлар бойғы тұтастығын қамтитын құбылыс" деп жазса, Н.И.Губанов былай деп ой түйеді: "Шын мәніндегі патриотизм кім-кімнің болса өз Отанына шексіз берілгендігі, сонымен бірге озге халық мақтанышына құрметпен қарау — болмақ. Ал мұндай қасиет іс әрекет пен идеяның, ықыластың бірлігінің айғағы іспетті". Осы пікірді И.Е.Кравцов та қайталайды.

Мәселені басқаша түйіндеген ғылыми зерттеулерге зер сала қарағанда патриотизмнің қоғамдағы атқаратын функциясын жете бағаламаған әртүрлі пікірлердің орын алып келгенін анық аңғаруға болады. Айталық, Ю.И.Дерюгин деген автор: "...патриотизм бұл жай ғана абстрактілі ұғым ғой" десе, П.М.Рогачев пен М.А.Свердлин: " патриотизм феномені ертеден келе жатқан түсінік екені рас, бірақ бұл ғылыми-зерттеулердің арналарына жатпайтын үгіт-насихаттық жұмыстың ғана нысаны болуы керек" деп мәселеге біржақтылау сыпат береді. Бұл, әрине, патриотизм ұғымының мән мазмұнын толық аша алмай тұр.

Тарих қойнауына кез жіберсеңіз, патриотизм ұғымын нәсілшілдік көзқарас тұрғысынан түсіндіруге тырысқандар да болған. Мәселен, ғалым Н.И.Губановтың жазуынша ағылшын лорды Х.Спурель "Патриотизм биологиялық көзқарас тұрғысынан" деген кітап жазған. Ол 1914 жылы орысшаға аударылып басылып шыққан. Спурель патриотизмнің түп-тамырын, тіпті, жануарлар әлемінің тіршілік түйсігінен іздеуге тырысады. Оның пікірінше олардың (жануарлардың) өз жұптары мен балаларына деген қамқорлығы, аталық сезімі патриоттық сезімнің баламасы бола алмақ. Бар болғаны осы. Бұдан асып мысалды іздеудің қажеті шамалы екен.

Патриотизм ұғымын өзінше түсіндіру, тар мағынада қарастыру осылайша белең алып отырған. Сондықтан проблеманың мәніне тереңірек бойлап қарастыру қажеттігі айқын байқалады. Осыған байланысты патриотизм ұғымының тарихи тамырларын зерделеп, оның функцияларын анықтап, олардың мазмұнын ашуды жөн көріп отырмыз. Сонда Ю.И.Дерюгин, П.М.Рогачев, М.А. Свердлин сияқты кейбір авторлардың пікірлерінің негізсіздігі өзінен өзі-ақ айқын байқалмақ.

Патриотизм мәселесі маңызды проблема ретінде Платон, Аристотель, Цицерон, Гегель, Ф.Энгельс еңбектерінен елеулі орын алған. Айталық, Цицеронның "Мемлекет туралы", "Заңдар туралы сұхбаттар", Гегельдің "Философияға кіріспе", Ф.Энгельстің "Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы" деп аталатын туындыларында отансүйгіштік, елжандылық табиғатының әр-түрлі аспектілеріне талдау жасалынады. Соның бәрі айналып келгенде "Өз Отанын шексіз сүйген жанның орны ұжымақта деп Цицерон айтты деген қанатты қағидадан арна тартады.

Ал енді патриотизм ұғымының тарихи эволюциясы қандай үрдістерден өткен? Ол үшін патриотизм табиғатының тіні саналатын патриоттық сана ерекшелігін, оның қалыптасу үрдісіне назар аударған жөн. Ф.Энгельс өзінің атақты "Семьяның, жеке меншіктін, және мемлекеттің шығуы" деген еңбегінде алғашқы қауымдық құрылыс сыпатын жан-жақты баяндай келіп, ғұрыптық дәстүрлік салт-сананың оянуы әр тайпаның өзіндік ерекшеліктерін айқындайтынын жазған.

Демек, әр тайпаның өзіндік ғұрып-дәстүрінің санасы қалыптасқан. Осы үрдістегі әлеуметтік құндылықтар олардың қолөнерлік, көркемөнерлік дәстүрінен көрініс тауып отырған. Енді осы пікірімізді жүйелесек, алғашқы қауымдық құрылыстағы, тайпалық дәстүрдегі патриоттық сапа болмысы былайша көрініс берер еді. Оны үш негізге бөліп қарастыруға болалы. Олар: тайпалық дәстүрдегі патриоттық сананың экономикалық негізі, әлеуметтік негізі және рухани негізі. Экономикалық негізге — жерге және өндіріс құралына деген жалпытайпалық меншік алынса, әлеуметтік негіз жекелеген тайпа көсемдерінің бедел-билігі мен адамдар арасындағы қауымдастық қатынастар ерекшелігімен сипатталады. Ал рухани негіз қайнары тайпалық мифологиядан басқа адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігі, аруақтарды ардақтау, тайпа көсемдеріне шексіз берілгендік, қауымдастықты өзгелерден қорғау, түйінді мәселелерді әділ шешуге күш салу секілді ерекшеліктер болған.

Міне, осыған қарағанда алғашқы қауымдық құрылыстағы патриоттық сана сыпаты ұжымдық пікірлердің орайласуымен көрініс тапты дер едік. Осының өзі қоғамдық прогреске жол ашты. Ол, әрине, өз кезегінде интегративті, регультативті функция атқарды. Алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдар өз тайпасын мақтан етпей тұра алмады. Тайпалық мақтаныш сезімі оның өз тайпаластары үшін, жері үшін отқа да, суға да түсуге даяр болатын қасиет қалыптастыруға жол ашты. Тайпаластар арасында жауынгерлік рух басым болды. Олар соғысқа әзірлік алдында би-билеп, тайпа көсемдерінің алдында ерік-жігер күштілігін дәлелдеуге тырысты.

Құл иеленушілік коғамдағы патриотизм, әсіресе, Спартак басқарған қозғалыстың (б.э.д. 74-71 ж.ж.) мәнімен сыпатталса керек. Құлдық бұғаудан босанып, туған елге жетсем деген мақсат әр құлдың алға қойған арманы еді. Осы жолда ол жаным пида деп шешті, басын оққа байлады. Спартак басқарған құлдар қозғалысының патриоттық санамен әдіптелуіне үлкен мән бар. Себебі қолбасшы тарапынан көтеріліс барысында тонаушылыққа тиым салынды, әділдік үстем болсын, керек дүниені арзанға сатып ал деген талап қойылды. Бұл қозғалыс құл иеленушілік қоғамның іргесін шайқалтты.

Феодалдық қоғамдағы патриоттық сана сыпаты Франциядағы Жанна д Арк басқарған көтеріліс (1429-1430 ж.ж.), Англиядағы Уот Тайлер (1381 ж.), Германиядағы шаруалар соғысы (1524-1525 ж.ж.) тарихынан айқын байқалады. Патриотизм рухы, әсіресе, Жанна д'Арк басқарған азаттық көтерілісінін оқиғаларының туына айналды. 17 жасар қайсар қыздың ерлігі, өжет қимылы бүкіл елді соңынан еріте білді. Өжет қыздан қаймығып, одан қауіптенген француз феодалдары сатқындық жасап, ағылшындарға ұстап берді. Ал ағылшындар оны отқа өртеп жіберді.

Өркениет тарихында патриотизм рухының символына айналған Жанна д' Арк өлгенмен оның рухы өлген жоқ. Қайта француз халқының патриоттық рухы асқақтай берді. Міне, осы аскақ рухты билеуші сарай маңындағылар өз мақсат-мүдделеріне пайдаланып кетті. Мұндай алмағайып жағдайлар әр мемлекет тарихынан орын алып отырған.

Қоғамдық дамуда техникалық прогрестің өріс алуы, цехтың шеберханалар мен мануфактураларды ығыстырып шығарып, капиталистік қатынастардың дүниеге келуіне ықпал етті. Сонымен қоса қоғамның болмысына сай патриоттық сана да жаңа деңгейге көтерілді. Бұған өндірістік күштер мен өндірістік қатынас ара салмағының өзгеруі себепші болды. Сөйтіп, патриоттық сана жаңа мазмұнмен толықты.

Демек, кез келген мемлекеттегі үстемдік етуші саясат пен идеология патриотизмнің мазмұнынан, санасынан көрініс тауып отыратын болған. Адамзатты өркениетке жетелейтін, ізгілікке үндейтін, елжандылықка баурайтын патриоттық сана қашанда жоғары бағаланып отырған. Сонымен қоса патриотизмді өз мүддесіне орай, билікті барынша нығайтудың құралы ретінде шебер пайдалана білген тоталитарлық жүйелердің мысалын да дүние жүзінен көптеп кездестіруге болады. Айталық, бір ғасырдыц ішінде саяси-әлеуметтік, экономикалық құрылымы бірнеше рет өзгеріп, соның салдарынан адамдар санасы сан мәрте күйзеліске ұшыраған Ресей қоғамының тағдырына назар аударсақта жеткілікті. Солай бола тұра орыс зиялылары өз халқын Отанды сүюге үндеуден жалықпаған.

Осы ретте капиталистік қоғамдағы орыс патриотизмі табиғатына орайлас қыруар еңбектер жазып қалдырған Н.Г.Чернышевскийдің, В.Г.Белинскийдің, Г.В.Плехановтың мұралары рухани құндылықтарға айналып отырғаны даусыз. Г.В.Плеханов озінің "Патриотизм және социализм" деген еңбегінде орыс патриотизмінің ерекшеліктеріне тоқталса, әйгілі сыншы В.Г.Белинский: "Атамекенді сүю жалқыдан жалпыға ұласатын құбылыс болуы керек. Отаныңды сүю деген сөз оның болмысынан өзінің идеалыңды көру, сезіну деген сөз. Қал-қадірінше әркім соның жүзеге асуына үлес қосуы керек" деп жазды.

Ал Н.Г.Чернышевский өзін орыс халқына еңбегім сіңді деп атайтын әрбір қайраткерге мынадай өлшем қойды: "Әрбір ұлы орыс адамының тарихи еңбегі оның Отан алдындағы еңбегімен, оның патриотизмімен өлшеп-пішілуі керек".

Осы пікірлердің әркайсысында ел тағдырына алаңдаушылық, халық рухын оята алсақ деген перзенттік ниет жатыр. Мұндай құбылыс қазақ топырағында туып, халықтың мұң-мұқтажын жоқтай білген азаматтар шығармашылығына да тән. Сараптап қарасақ оның өзі жайдан жай пайда бола қалмаған. Оның өзінің себебі, даму барысы, салдарлары болған екен.

Қарапайым ғана мысал алайық. Империялық саясат тұсында Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға көсіліп жатқан ұлан-ғайыр қазақ даласын бөліп ал да билей бер пиғылы үстемдік еткені сөзсіз. Ал бірақ сол жымысқы саясатты жүзеге асыртпаған ненің арқасы, ненің құдіреті? Ақ найзаның ұшы, ақ білектің күші ғана шешуші роль атқарды ма?

Талайлы тарихымызға, оның қатпар-қатпар қойнауына көз салсаңыз, сайын даласы мен айдынды шалқар көліне көз алартушылар қай заманда да аз болған жоқ. Қазақ, қазақ болғалы, қабырғалы жұрт атанып қанат жайғалы жері үшін қан майдан үркіншіліктен көзін ашқан емес. Халқымыздың ауыз әдебиеті мен фольклорының эпикалық тұлғалары Қобыланды, Қамбар, Тарғын, Алпамыс сынды баһадүрлер образынын көркем туындыларда кестеленуінің мәні зор. Себебі, "Батыр тұлғасы әрқашан да Отанын сүйетін, елі үшін жанын аямай күресетін асқан патриот, жақсылыққа жаны құмар ізгі жан. Ол жауына қаншалықты қатал мейірімсіз болса туған-туысқанына, семьясына, ел-жұртына соншалықты мейірімді, жұмсақ, аңғал да ақкөңіл жан". Демек, батырлар тұлғасы, олардың болмыс-бітімі жас жеткіншек бойында ақыл-парасат пен қайрат-жігер сынды қабілет-қарымды қалыптастыруда ерекше роль атқарған.

Халқымыз талай дүбірлі, дүрмекті кезеңді бастан өткізген. Сол замандарда уақыттың қойған талап-міндеттеріне сай елі ардақтаған перзенттері шығып отырған. Ал олардың ауыз әдебиетіндегі сомдалған образы ел арасында жас өскен буынды атамекенді сүюге, туған жерді сыртқы басқыншылардан қорғауға тәрбиелеуде айрықша маңызды болған.

Демек, біздің ойымызша қазақта батырлық, ерлік, дәстүрді дәріптеген туындылардың өзі жайдан жай дүниеге келмеген. Оның қоғамдық ой сана көшіне, адамдар психологиясына нақты, қыруар ықпалы болған. Сондықтан бүгіндері тілдік қорымызға берік орныққан қазақстандық патриотизмнен бұрын, ең алдымен, қазақ патриотизмнің түп тамырына бойлаған жөн. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде қазақ патриотизмін, отаншылдығын қалыптастырудың бірнеше қайнар бұл ақ-бастау көзі бар, соның бірі сөз өнеріне, оның поэтикалық пафосына, азаматтық әуен қуатына тікелей байланысты.

Атақұлдықта ел мұратын үкілеудің үрдісі. Қазақ — бауырмал халық. Бірақ сол шектен тыс бауырмалдықтын сабақ аларлықтай тағылым да аз емес, әрине. Ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында болған халқымыз сыртқы күштің теперішін аз тартқан жоқ. Соның салдарынан "есіктен кіріп төр менікі" дейтін пиғыл өріс алып, қазақтар өз жерінде, өз елінде қақпақылға түсіп, кемсітушіліктің небір түрін бастан кешірді. Бұл, әсіресе, кеңестік интернационализм деген саясат тұсында шебер бүркемеленіп, республиканың негізгі этносы қазақтардың рухани өрісінің кеңеюіне барынша қысым жасалды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде тарихшы М.Қойгелдиевтің пікірімен санаспауға болмайды. "Большевиктер жалпыадамзаттық гуманистік идеяны қазақ топырағына соған дейін қорланып қалған ұлтаралық мәселелерді табанды да байсалды түрде шешу арқылы емес, керісінше декреттер арқылы күштеп және тез арада енгізу жолына түсті, — деп жазады ол. — Мемлекеттік идеология дәрежесінде пәрменді түрде жүргізілген бұл әрекет өз ретінде пассионарлы ұлттық элита тарапынан қарсылыққа жолықты" .

Бұл мәселе жағымды оқиға саналған "жылымық", қайта құру жылдарында да өз сабақтастығын тауып, СОКП орталық комитетінің съездері мен пленумдарының шешімдері мен қарарларында халыққа жергілікті ұйымдар арқылы танылып жатты. Ұлт араздығын тудыратын саясат интернационализмді бетке ұстап кең етек алды. Бір ұлтты басқа ұлттардан жоғары қою саясатының қате екенін КСРО-ның ыдырауы дәлелдеп шықты. Олай болса, патриоттық тәрбиенің өлшем бірлігі ұлттық мақтаныш сезімі мен қазақстандықтардың жалпы-ұлттық мақтаныш сезімі деген мәселелер туралы ой қозғағанда, міне, осы өзекті тақырыптарға айырықша назар аудару қажет.

Қазақстанды мекендейтін өзге ұлт өкілдерінің қазақтарға теріс көзқарасы болмайтындай әлеуметтік-экономикалық, саяси, рухани жағдайлар жасалуда. Қолынан келгенінше бар көмегін ұсынатын қазақтардың шектен тыс мейірбандығын, қонақжайлылығын, кең қолтықтығын өзгелердің өзінше түсініп, өзінше ойлап-пішіп, басынып, астамшылық көрсетуіне жол берілмеуі керек. Бұл заң негізінде жүзеге асырылуы керек.

Ел арасына іріткі салушылықтың кішкентай көрінісі болса да оған дер кезінде тойтарыс беріліп, тиым жасалуы міндет. Сонымен қатар соңғы жылдар тәжірибесі мынадай оң тенденцияға да көз жеткізіп отыр. Республиканы мекендейтін ұлттар мен ұлыстарға туысқандық қамқор көңілмен қарайтын қазақтардың табиғи қасиетіне өзгелер енді құрметпен қарайтын болды. Ілгеріде, патша өкіметі билеген заманда, одан кеңестік дәуір тұсында қазақтарды бұратана халық деп оны мұқата, кемсіте қарағандар қазір халқымыздың қадіріне, ұлттық сапаларына енді көзі жете бастағандай.

Рас, қазақтардың қонақжайлылығын жарамсақтану, бауырмалдығын жағымпаздану, кішіпейілділігін көнбістігі деп түсініп, олардың тағдырына қатысты мәселеде орайы келсін-келмесін өзімбілермендікке басу, парықсыз пиғылда болу өздерін "ұлы халықпыз" деп санайтындардың өкілдеріне тән психология болғандығы өмір шындығы.

Еліміз тәуелсіздік алғалы бергі ұлтаралық мәдениетін жетілдіру мен қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы соңғы он жылдың тәжірибесі осы психология, ескі сартап ойлау дағдысына күйрете соққы берді.

Ал өз кезегінде Қазақстанды ортақ үйім — Отаным деп білген басқа ұлт өкілдеріне қазақтар әрдайым туыстық шын ықыласын, ақ ниетін білдіреді, достық қолын созады. Бұл, әрине, республикадағы саяси-экономикалық ахуалдың тұрақтылығының кепілі, маңызды факторы болғаны анық.

Дегенмен де осы тұста мына бір мәселеге де назар аудармасқа болмайды. Қазір мерзімді басылымдар беттерінде біз мәселе етіп қойып отырған тақырыпқа орай әртүрлі ғылыми байламдар айтылып жүр. "Жас Алаш" газетінде шығыстанушы Жомарт Жеңіс — "Жалпықазақстандық ұлт" дегеніміз не бәле?" атты тақырыпта мақала жариялап, мақаланың тақырыбынан-ақ байқалып тұрғанындай, еліміздегі ұлтаралық қатынас мәселелеріне байланысты айтылып, жазылып жүрген ұғымға қарсылығын білдіреді.

Ол қазақ халқының бауырмалдығын, кеңпейілділігін пайдаланып басқа ұлт өкілдері тарапынан оның мүддесіне қарсы істелініп жатқан теріс тілдік мәдени ахуалды қалыптастырушылардың қимылын және халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегін мансұқ еткісі келген өз ішімізден шыққан көз-қамандардың қазақтың кейбір оқығансымақ азаматтарының пиғылын, іс-әрекеттерін зерделеген. Елді іштей ыдырату, іріткі салу арқылы республиканың табиғи байлығын иемденуді мақсат етіп алған әккі де, тәжірибелі халықаралық ұйымдардың қаржылық және моральдық қош-қоштауларына ерген кейбір азаматтардың "жалпықазақстандық ұлт" идеясын қалыптастыруға білек сыбана кіріскені өкінішті екенін баяидайды.

Жомарт Жеңістің мақаласындағы "жалпықазақстандық ұлт" дегеннен құтылып, "қазақ" атауының жалпыұлттық атауға айналдыру туралы ұсынысы да ғылыми шешімді қажет етеді. Біздің Жеңісті қолдайтын тұсымыз оның "жалпықазақстандық ұлт" деген атаудан іргемізді аулақ салайық деген ниетімен тоқайласады. Шын мәнінде "жалпықазақсандық ұлт" өлшемі қойылған шақта халқымыз тарихи-құқықтық негіздегі заңды артықшылықтарынан айырылып, өзінің ежелгі қазақ жеріндегі титулды халық дәрежесінен, ұлт болып сақталып қалу мүмкіншілігінен айырылып қалу қаупі тумасына кім кепіл? Екіншіден, ғылыми әдебиеттерде тарихи отанында тұрмай, өзге мемлекеттерде тұратындарды диаспора немесе аз халықтар деген ұғымдармен белгілеп жүргенін де есте ұстаған дұрыс сияқты.

Ал Ж.Жеңістің "Қазақ" атауын жалпыұлттық атауға айналдыру туралы ұсынысы бұл мәселені жете зерттей түсу қажет екендігін байқатады. Біздің пікірімізше, дәл қазіргі уақытта еліміздегі этносаяси жағдайдың өз ерекшелігін ескерте отырып, бұл мәселені тым жеделдетудің, асығыстық жасаудың қажеті жоқ. Қазақстандағы демографиялық, этносаяси жағдайлар, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі артқан уақытта Ж.Жеңістің де ұсынысы күн тәртібіне қойыларына кәміл сенім бар. Бұл, әрине, уақытты қажет етеді. Біз бұл ретте кеңестік моноидеология тұсында "кеңес халқын" құру секілді асығыс жасалған концепциялардың, жасанды ұстанымдардың қалай сәтсіз аяқталғанын ескеруіміз қажет.

Мақаладағы принципті мәселелерді талдай келе жасаған түйініміз қоғамдық өмірімізде қазір бар және болашақта да біржола жойылып кетпейтін ұлттық мүдделерді ылғи да ескере отырып, оларды мемлекеттік және жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан шешіп отыруға тырысудың қажет екендігі.

Қазақстандық патриотизм өз болмысында дәстүршілдік пен жаңашылдық мазмұнымен байытылғанда ғана игі нәтижеге жетеді. Мәселе енді осы ұғымдардың ішкі мәнін ашып, оны ортақ игілікке айналдыра білуде. Қазақстандық патриотизмнің дәстүршілдік сыпаты республиканы мекендейтін халықтардың ғасырлар бойғы қалыптасқан рухани өрлеу үрдісімен әдіптелмек. Біздің көз-қарасымызша ортақ мәселенің орайын тауып шешуге келгенде әр халық өзінің өсу-өркендеу эволюциясында жинақталған оң тәжірибені пайдаланады. Соның үздік мысалдарын ортақ игілікке айналдыруға тырысады. Қоғамдық өмірдің өзі көрсеткеніндей республикамызды мекендейтін жекелеген диаспоралардың әдет-ғұрпы мен салт-санасының ең ізгілікті, ең айшықты, мазмұнды түрлері жалпықазақстандық игілікке айналып жатқандарының мысалы аз емес.

Қазақстандық патриотизмнің дәстүршілдік сыпаты бір ұлттың екіншісінің рухани құндылықтарына құрметпен қарауынан, отаншылдық сезімін қадірлей білу қасиетінен, соны өнеге тұта білуінен айқын байқалады. Айталық, қазақтың сүйем жері үшін басын оққа байлаған батырларын, жарқын болашақ үшін жанын пида еткен саяси лидерлері мен арыстарын қазақ жұртымен қатар, республиканы мекендейтін өзге де ұлт өкілдері ортақ мақтанышымыз деп санайды. Сонымен қатар жыл сайын атап өтілетін Наурыз мерекесі туралы да ортақ көзқарас қалыптасқан. Бұл мереке бір ғана халықтың төл мерекесі емес, барша Қазақстандықтардың достық, туыстық мерекесіне айналды. Ол шын мәнінде Қазақстандық патриотизмнің барша болмысымен айқара көрініс табуына жол ашатын, халықтар ынтымақтастығы мен бүгінгі ұлығылайтын кешенді, кемелді руханият сабақтастыгы болып отыр.

Наурыз мерекесі тойгершілік сыпатынан гөрі жас ұрпақты аталар дәстүрі рухында тәрбиелеу мектебіне айналып келеді. Бұл ретте республикамыздағы татар-башқұрт мәдени орталығының ұйытқы болуымен өтетін сабантуй мерекесінің, ұйғыр мәдени орталығының ұйымдастыруымен болатын "ұйғыр тілі меп өнері күнінің", өзбектердің сайил дүманның тағылымдық мәні зор. Бір назар аударарлығы, осы аталған мерекелік іс-шаралар елімізді мекендейтін өзге де халықтардың ортақ думанына айналып, атап өтілуінде.

Ал қазақстандық патриотизмнің жаңашылдық сыпатының өлшемі қандай? Бұл жерде оның ел көлеміндегі бүкілхалықтық көзқарастарға түрткі болатын, оған серпін беретін, және соның бастамаларының қайнар көзі болатын сыпатын атап көрсетуіміз қажет.

Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, жерге жеке меншік құқық қажет пе, жоқ па, ел аумағының тұтастығына қарсы сепаратистерге, көз алартушыларға соққы беру, Арал теңізі аймағындағы ел тағдыры, Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Желтоқсан көтерілісінің құрбандарын ақтау, тарихымыздағы ақтаңдақ, зұлмат жылдар оқиғаларына қайта баға беру секілді ауқымды проблемалар ұлттық санамызды жаңа бағытқа бағыттады. Міне, осы оқиғалар үрдісі ұлт рухының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне, оның жаңашылдық сыпатының өріс алуына, патриоттық сананың жаңа мазмұнға ие болуына, әсер еткені ешбір дау тудырмайды.

Республикамыз тәуелсіздік алған жылдар бедерін саралап қарасақ, елімізде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үрдісінде мақсатты жұмыстардың тиянақты жүргізіліп келе жатқанына көз жеткізуге болады. Бұл, ретте, әсіресе, екі іргелі мәселені талдап айтуға болады. Біріншісі, қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы қоғамдық-саяси институттардың ролі, екіншісі осы мәселенің арнайы ғылыми-зерттеу, оқу-ағарту жұмыстарына қатыстылығы.

Бұл екі бағыттың алғашқысы туралы әңгіме болғанда Қазақстан Халықтары Ассамблеясының атқарып отырған қызметін қарастырған жөн. 1995 жылы құрылып, елімізде өмір сүріп жатқан 130-дан астам этнос өкілдері арасында ұлттық саясат пен ұлтаралық пікірлесудің оңтайлы тетігіне айналған Ассамблея бұл күндері мол тәжірибе жинақтады. Құрылымы жағынан бұл институт үш жүзден астам республикалық, аймақтық, облыстық және қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктердің қызметіне арқа сүйейді.

Осы ретте зерттеуші Ж.Жеңістің мына пікірімен де келісуге болады. "Қоғамды "қазақтілділер" мен орыстілділер" деп бөлу арқылы қазақи құндылықтарға үнемі соққы беріп отыруды көздеген олардың (көз-қамандарды, шовинистерді, ұлт ішінде іріткі салушыларды айтады) әрекетіне тосқауыл қойылып, әділетсіз түрде орыстілділер тобына жатқызылып келген еліміздегі жүздеген ұлттар мен ұлыстар өкілдері Ел Президентінің тікелей бастамасымен құрылған Халықтар Ассамблеясы арқылы өз тілдері мен мәдениетін дамытуға белсене кірісті".

Күні бүгінге дейін өзінің тоғыз сессиясын өткізген Қазақстан Халықтары Ассамблеясының қай сессиясының күн тәртібінде де болсын қазақстандық патриотизм мәселесі өзекті мәселе етіп қойылып келеді. Біздің бұл пікірімізге мына деректер айғақ бола алады.

Мәселен, Ассамблеяның 1996 жылы 30 сәуірде өткен III сессиясында "Мемлекетаралық интефацияны терендету, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру туралы" мәселе қаралып, ассамблея мүшелері атқарар нақты міндеттер сараланды. Онда алғаш құрылған күнінен бастап оның тұрақты төрағасы болып келе жатқан Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: "Біз бүгін кез келген диалогқа дайынбыз, зиялы қауым құрып жатқан қоғамдық саяси қозғалыстарды көргенде зәрелері ұшатын кейбір жоғары қызметтегі мемлекеттік чиновниктер секілді мен олардан ат-тонымды ала қашпаймын. Егер ұйымдастырушылардың көкейінде жалған намыстың шамшылдығы емес жалпы ұлттық болашақтың ұтымды ізденістері болса, онда бұл әдеттегі қалыпты процесс. Біздің интеллигенцияға халықты отансүйгіштікке, жалпы патриотизмге бағыттайтын уақыт жетті" деп атап көрсетті

Ал Ақмола қаласында откен ІҮ сессияда (6 маусым 1997 ролін одан әрі көтеру керектігі айтылып, оның бұған дейін атқарған қызметіне оң баға берілді. Қазақстандықтарды ұлы мұратқа жетелейтін қоғамдық, саяси институттың халықаралық беделді ұйымдар сарапшыларының назарын аударта бастағаны тілге тиек етілді.

2001 жылғы 24 қазанда Астана қаласында өткен ҮІІІ сессияда мынадай міндет қойылды: "Қазақстан Халықтарының Ассамблеясы жастарға патриоттық тәрбие беруді күшейтуге өз үлесін қосуы шарт... Бұл жұмысты азаматтық сезімді шыңдау және мемлекеттік құрылысқа жергілікті деңгейде баршаны қатыстыру үшін мемлекеттік-патриоттық тұғырнама негізінде жүргізудің маңызы зор.

Тәуелсіздік жылдарының жылнамасына зер салсақ, біз тілге тиек етіп отырған мәселеге айырықша мән беріп, назар аударып отыру, Қазақстан хылақтары Ассамблеясы жұмысының маңызының арта түсуін қадағалау Президент Н.Ә. Назарбаевтың күнбе күнгі жұмысының маңызды саласына айналған іспетті. Демек, Елбасы қазақстандықтар бойында елжандылық, отансүйгіштік қасиет қалыптастыру үрдісінде өзгелерге үлгі боларлықтай-ақ еңбек етіп келе жатқанына айқын көз жеткізуге болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаламынан туған «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» деп аталатын кітабы, сондай-ақ «Қазақстанның болашағы – қоғамның идеялық тірегінде», «Ғасырлар тоғысында», «Қазақстан 2030» барлық қазақстандықтардың өсіп -өркендеуіне, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы, «Сындарлы жылдар» атты т ерең мазмұнды туындыларында біздің Отанымыздың, Атамекенімізді қайтсек гүлдендіре аламыз деген сауалға жауап іздеуге құрылған. Соның «негізінде бұл үрдісті жүзеге асырудың бағыт – бағдары айқындалған. Ат тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні мынаған келіп саяды: «Әрбір бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптылық, деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн».

Еліміздің Тәуелсіздік алуы, демократиялық нормалардың орнығуы кеңестік дәуірдегі түсініктердің біразын қоғамдық санадан ығыстырып шығарды. Нарықты экономика теориясы мен тәжірибесі жоспарлы экономиканы талқандады. Руханият саласындағы дәстүрлі, қалыпты деп саналып келген идеологияны жұмыс арналдары басқа қалыпұа ойысып дамыды.

Міне, осы тұста тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде ескілікті үйреншікті дәстүрден білден арыла алмай, жаға жағдайға бейімделе алмай адамдардың дағдарыңқырап қалғаны ақиқат. Сондықтанда бірінші кезекте, Қазақстанның стратегиялық дамуының бағыт – бағдарын айқындау қажет болды. Оның мәнін Н. Ә. Назарбаев былайшы түсіндіреді: «Айқын мақсатсыз адам да, билік жүргізуші құрылым да, қоғамда өмір сүре алмайды. Саналы мұратсыз, жеке бастың материалдық пайдасын ойлау стихиясы сөзсіз арбап алады. сөйтіп соның салдарынан қоғамдық азғындау басталады. Бүгінде әркімге біздің қозғалымысыздың бағытын көріге, оқиғаны болжай білуге, түпкі мақсатқа қол жеткізуге сенімді болуға мүмкіндік беретін Қазақстан қоғамы дамуының айқын және нақты тұжырымдамасы, міне сондықтан да қажет».

Осы орамды ойды Президент өзінің "Қазақстан 2030" атты еңбегінде одан әрі дамытты. Бұл еңбектің «Қазақстан мұраты» деп аталатын екінші бөлімінде қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың қайнар көздерінің бірі ел мұратын айқындау екені атап көрсетілді. Ал ел мұратын айқындау дегенміз не? Көне қазақ қоғамына көз жіберсеңіз, ол ата-бабамыз ғасырлар бойғы армандаған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды жақындатсақ деген тілегінен өрбіген екен. Қоғамдық дамудың қай сатысын алып қарасаңыз да қазақ топырағында із қалдырған тарихи тұлғалар, көш бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендермен, абыздар, қоғам, мемлекет қайраткерлері елді бірлікке, тұтастыққа шақырудан танбаған, соны уағыздауды басты міндеттерінің бірі санаған.

Түрік қағандығының көсемі Түмен қаған, Түркеш қағандарының (ҮІІІ ғасыр) басшылары Білге-қаған, Білгіш қаған, Боим қағандар ру-тайпалық бірлікті сақтап қалу жолында күрес жүргізген. Сол үшін билік басына ұмтылған. ҮШ-XII ғасырлардағы Қимақ, Қарахан қағандықтары да қазақ қоғамының өркениетінде елеулі роль атқарды. Содан бергі өркениет үрдісін зерделесек қазақ қоғамының дамуы мен тарихи тұлғалардың, ел перзенттерінің тағдыр талайын бірінен бірін бөліп алып қарау әсте мүмкін емес екен. Әл-Фараби мен Ахмет Яссауи, Ж.Баласағұни мен М.Қашқари, Абылай хан мен Абай, бертінгі Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов дәстүрлеріндегі халықты елдікке, бірлікке шақырған аталы сөздер дала рухының кодексі іспетті екендігіне көз жеткізу қиын емес. Соның бәрі, әрине, қазақ қоғамының мүратын айқындауға ықпал еткен, қазіргі саяси ғылымдар тілімен айтқанда бағдарламалык, құндылықтар еді.

Осы дәстүр жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстан — 2030" атты еңбегінде бүгінгі өркениет талаптарына сай одан әрі мақсаткерлікпен дамытылған еді. Бұл жөнінде ол: "...мен, мемлекет басшысы ретінде, біздің еліміздің мұраты — ұлттық біртұтастық, әлеуметтік-әділеттілік тән әрі күллі халқының экономикалық әл-ауқаты артқан тәуелсіз, гүлденген және саяси тұрақты Қазақстанды сомдау деп санаймын" дейді.

Егер заман рухына, дәуір болмысына сай қазақ жұртының арман-аңсары жаңа мазмұнда толығып отырады десек, еліміздің Президенті белгілеген Қазақстан мұраты бір кездерде Қорқыт бабамыз бен Асан Қайғы атамыз арманымен үндес, өрелес болып шығады. Аталар көксеген Жиделі-Байсын талай ұрпақтың қолы жетпес арманы болса, "Қазақстан — 2030" халықты нақты ақиқатқа, жеткізудің ғылыми негізделген жолын нұсқаған, олардың бойында елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруды көздейтін бағдарлама жүзеге асырылуда.

Мемлекеттік мәні зор осынау құжаттан туындайтын міндеттерді орындауда нақты практикалық, ғылыми-талдамалық шараларды жүзеге асыруда нендей мәселелер қолға алынды. Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында экономикадағы қайшылықтар мен кемшіліктерді бастан өткеруге тура келді. Қоғамдық өмірдің қай саласында да кезек күттірмей шешуін күткен мәселелер толып жатты. Ал, соның ішінде мемлекет тұтастығын сақтап қалу үшін «...егестерге, ұлтшылдық сезімнің өріс алуына, қоғамдағы бір топтың келесі бір топ-тарға тиісуіне жол бермеу ерекше маңызды болды".

Осы ретте, міне, халық санасындағы реформа болмысында әркімнің өз тағдыры, өз отбасы, өз дәулеті үшін өзі жауап беруге тиісті екендігіне көз жеткізудің сан қырлы жұмысы атқарылды.

Өйткені, елдің көңіл-күй ауанында бойкүйездік, немқұрайдылық, дағдарушылық, елдің ертеңіне деген сенімсіздік нышандары байқала бастаған еді. Оның объективтік себсптері болды. 1990 жылдардың басында біз құздан құлауға шақ тұрдық, — деп атап көрсетті Н.Ә.Назарбаев. — Қазақстанда 1990-1994 жылдары өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі тең жартысына кеміп кетті. Ауыл шаруашылығында құлдырау үштің біріне дейін жетіп, ал көлік тасымалы тіпті үштен екіге кеміді. Өнеркәсіп алыптары тоқтап, жұмыссыздық өршіді, жаппай экономикалық қоныс аудару басталды. Мемлекеттің өз кәсіпорындарын басқаруға дәрмені жетпей, олар өнім сатуға емес, қоймаға жұмыс істеп жатты.

Сол кездегі "қызыл директорлардың" сауатсыздығынан өндірістік сектор қарызға белшесінен батты.

Айналым қаражаты мен өнім сатудан түскен ақша шетелдерде тамыр байлап немесе қалталарға түсіп кетіп жатты. Сондықтан да ол директорларды қазір еш жерден көре алмайсыздар.

Барлық учаскелерде де қаражаттан қатты зәрулік көрдік. Зейнетақы, жәрдемақы мен жалақы төлемсіздігі созылмалы сипат алды. Заттай төлем мен айырбас жаппай белең алды.

Елімізде соғыс пен күйзеліс заманындағыдай кәдімгідей ашаршылық пен жүдеп-жадаушылық қатері төнді. Экономикада батыл да жүйелі жігерлі де жедел өзгерістер жүргізуді өмірдің өзі талап етті.

Қуатты атқарушы биліктің тік сатысы болмайынша, мұны іске асыру мүмкін емес еді. Жаңа адамдар, жаңа экономикалық стратегия талап етілді. Ал оны жүзеге асыру жолындағы кедергілерді серпіп тастау керек еді.

Біз Конституция қабылдадық, онда билік құрудың жаңа қағидаттарын бекітіп, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға алдық. Біздің басты жетістіктеріміз — 1995 жылы бүкіл халқымыз қабылдаған осы Кбнституцияның жемісі".

Сөйтіп, халық санасындағы ел ертеңіне деген сенімсіздікті жоюдың кепілі жаңа Ата заңымыз болса, сол Конституцияда қазақстандықтар рухын оятудың, патриотизмді қалыптастырудың ауадай қажеттігі атап көрсетіледі. Конституция кағидаттары басшылыққа алынып, елдің қоғамдық саяси өмірде елжандылық мәселесіне қатысты қыруар шаруа қолға алынды.

Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жалаң ұранмен, құрғақ сөзбұйдамен жүзеге аспайды. Бұл ретте қоғамдық-экономикалық дамудың нақты үрдісі мұқият ескеріліп отырылуы тиіс. Қазір мынадай бір ақиқат бар: нарықты экономика тұсындағы тіршілік ерекшеліктеріне орай ауылды ірілендіру, ауыл адамдарын қалаға қоныстандыру үрдісі жүріп жатыр. Осы үрдістің артықшылықтарымен қоса әлдеқалай болар екен дейтін, ойласатын тұстары да жоқ емес. Өйткені, жылдар бойы ауылшаруашылығында еңбек етіп бүкіл тұрмыс-тіршілігі ауыл болмысына бейімделген кісінің қала тіршілігіне бірден бейімделіп кетуі екіталай. Мұның өзі күні кешегі ауыл адамының психологиясына, ойлау жүйесіне едәуір салмақ түсіріп отыр. Осы мәселелер төңірегінде ой толғаған профессор Т.Сәрсенбаевтың пікірі назар аудартарлық.

Қазақстандық патриотизм қоғамда әлеуметтік әділеттілік болған жерде, сыбайлас жемқорлық пен коррупцияға қарсы күрес өрістеген тұста, мүлікті мемлекет меншігінен алу мен жекешелендіру халық мүддесі тұрғысынан жүргізілген жағдайда шынайы көрініс табады. "Ал отандық тауар сапасының нашарлауы, шет елден әкелінетін заттарға басымдық берілуі, ақшаның құнсыздануы секілді құбылыстар әлеуметтік-экономикалық салада белең алса, мұның өзі адамдардың патриоттық сезімін кемітетін факторлар болып саналады, — деп жазады ол. — Ал, бірақ мұндай келеңсіздіктер белгі бере бастаған сәттен-ақ оның өтпелі кезеңге тән құбылыс екеніне оны жою шараларына халықтың көзін жеткізетіндей етіп иландыру, үгіт-насихат жұмыстарын тиімді жүргізудің пайдасы зор болмақ".

Мекемелер мен ұйымдарда, ғылым-білім ордаларында, еңбек ұжымдары мен кәсіпорындарда аталған ерекшеліктерді ескере отырып қазақстандық патриотизм проблемаларына қатысты мақсатты жұмыс жүргізу толастамауы қажет. Әрине, оның бәрі айта қаларлықтай бірден қарқын алып кете алмас. Дегенмен, тиянақты ұйымдастырылған жұмыс өз нәтижесін беретіндігіне жұрт көзін жеткізуден танбау керек. Қазақстандық патриотизм республиканы мекендейтін ұлттар мен ұлыстардың рухани өсуінің, ой-санасының кемелденуінің өлшемі ретінде қарастырыла беруі тиіс. Әрбір қазақстандықтың бір-біріне деген сенімі ұлғайған сайын патриоттық сана да сапалы арнаға өтеді. Адамдардың мүдделестігі, рухтастығы, тағдырластығы мұрат бірлігіне жетелейді, мұның бәрі түптеп келгенде еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттігінің кепілі болып табылмақ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет