2. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1 Ғұмар – журналист
«Ғұмардың қоғамдық-саяси белсенді қызметі дәл қай кезден басталған?» – деген сауалға Есмағамбет Ысмағұлов, Исатай Кенжәлиев, Мақсат Тәж-Мұрат секілді зерттеушілер-дің қай-қайсысы да кеңірек тоқталған. Әрине, XX ғасырдың бас кезіндегі қоғамдық-саяси ахуал қазақ даласына әсер етпей қоймады. Соның ішінде арабша, түрікше, татарша, қазақша басылымдарды оқып, заман, дәуір жайын аңғара бастаған Ғұмар әдеби, тарихи, пәлсапалық кітаптарды іздеп жүріп оқыған. Ислам қағидаларын жетік білетін Ғұмар дүниелік ғылымдардан да жақсы мағлұмат алған. 1907 жылдардан бастап ол қазақ, татар тілдерінде шығатын газет, журналдарда мақалалары мен өлендерін жариялайды. Ол елдің әлеуметтік өміріне араласып, халық мұратын көздейтін істерге белсене атсалысады. Бұған куә – оның 1911-1913 жылдарда әуелі Ордада, кейін Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газетін шығаруға, оның жұмысын жолға қоюға белсенді қызмет етуі.
«Қазақстан» газеті – шын мәнінде тәуелсіз қазақ баспа-сөзінің қарлығашы десе болады. Өйткені, оған дейінгі газет-журналдар – Ташкенттегі «Түркістан уәләятының газеті» (1870-1882), Омбыдағы «Дала уәләятының газеті» (1888-1894) патшалы Ресейдің өз саясатын жүргізуі үшін шығарған басылымдар болса, Троицкідегі «Қазақ газеті» (1907) мен Петербургтегі «Серке» газеті (1907) бір ғана санынан кейін жабылып қалған. Ал «Қазақстан» – Орда мен Оралда (1911-1913) біршама ұзақ уақыт тұрақты шығып, таралған.
Әрине, «Қазақстан» газетін шығаруға Ғұмардан басқа Бақытжан Қаратаев, Шәңгерей Бөкеев, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сейітқали Меңдешев, Ғұбайдолла Бердиев т.б. алаш зиялылары атсалысқаны белгілі. Бірақ «Қазақстанның» тігіндісін түгел ақтарып шыққан жан Ғұмар Қараштың ең көп мақала жазып, идеялық бағыт-бағдарын жасағанын байқар еді.
2012 жылы ұлтжанды азамат, «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің бастамасымен «Қазақстан» газетінің Ресей мұрағаттарында жатқан тігінділері Орал қаласына алдырылып, қазіргі кириллица әліпбиіне ау-дарылды. Газет мақалаларының толық мәтіні, түпнұсқаның көшірмесі және газетті шығарған тұлғалар туралы дерек-термен толықтырылып, жеке кітап болып жарық көрді. Ұлт баспасөзінің қарлығашы – «Қазақстан» газеті туралы «DANA.kaz» журналы алдағы сандарының бірінде жеке тоқталатын болады.
Ғ.Қараш 1918 жылы Ордада ұйымдастырылған, айына екі рет шығатын «Мұғалім» атты тәлім-тәрбие, ғылыми-пән журналының шығарушылар алқасын да басқарған. Бұл – тұңғыш қазақ кеңес педагогикалық журналы еді. Ғ.Қараш осы журналда «Педагогика» атты еңбегін жариялайды.
Биыл, яғни 2013 жылы шыға бастағанына 95 жыл тол-ғалы отырған Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газе-тінің де бастауында тұрған тұлғалардың бірі – Ғұмар Қараш. Мысалы, 1919 жылы ақпан айында Ордада өткен сауатты қазақ жастарының жиналысына Шафхат Бекмұхамедов, Бисен Жәнекешев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Ғали Бегалиев, Ғабит Сарбаев, Әмірғали Меңешов, Хайырлы Бекқалиев, Хамид Чурин, Ғұмар Қараш секілді азаматтар қатысып, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шығып келген газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесін талқылайды. Көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгер-тілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және Тамимдар Сафиев кірген.
Ғұмар Қараштың «Айқап», «Шора» журналдары мен «Қазақ», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» сияқты газеттерде өз дәуірінің көкейкесті мәселелерін толғайтын өлеңдер мен мақалалар жариялап, мерзімді баспасөз бетінде жиі көрінгені оның белсенді позициясын айқындай түседі. Ол баспасөзді – қараңғы қазақтың көзін ашатын жалғыз шырақ, құрал деп түсініп, күні-түні қызмет етті. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы санында жарық көрген «Газет деген не зат?», «Газет не үшін керек?» атты мақалаларында Ғұмардың ағартушылық мұраты анық көрінеді.
Әрине, кеңес өкіметі билік құрған жылдары Ғұмар Қараш – тыйым салынған тұлға, оның шығармашылығы – жабық тақырып болды. Тек 1988 жылдан бастап қана оның өмірі мен қызметін ашық зерттеуге жол ашылды. Әйткен-мен, арада өткен ширек ғасырда әлі жарық түспеген ақтаң-дақ көп. 1994 жылы Қабиболла Сыдиықовтың құрастыруы-мен жарық көрген Ғұмар Қараш шығармаларының «Замана» жинағына кірмеген өлеңдер, мақалалар әлі де көп.
Достарыңызбен бөлісу: |