Сөз сөйлеу (кадрдағы монолог)
Сөз сөйлеудің кадрдағы түрлерін ауызша ақпараттық хабар (хроникалық хабар-ошар) туралы айтқанда кездестіреміз. Журналистің телеэкраннан көпшілік аудиториясына қаратылып айтылған сөзі, яғни сөйлеушінің өзі көрсетілімнің негізгі объектісі. Мынадай сұрақ туындауы мүмкін. Жоғарыдағы жанрлық анықтама «кадрдағы сөз сөйлеу» терминіне сәйкес келе ме? Сөйлеу жанр емес. Ол - көрерменге кез келген ақпаратты жеткізуге болатын автордың әдісі. Қысқа ақпараттық хабарлардан жарқын, образдық, көркемдік қасиеттері бар, артистизмі жоғары адам туралы телевизиялық очерк – осының барлығы кадрдағы сөз сөйлеу.
Сөз сөйлеу кинокадрдың, суреттердің, графикалық материалдар-дың, құжаттардың көрсетілуімен бірге жүруі мүмкін. Егер сөз сөйлеу студиядан тыс жерде өтіп жатса, онда қоршаған ортаны, ландщафтты көрсетуге болады. Бірақ негізгі мазмұны көрермендерге нақты ақпаратты және оған өзінің қатысын жеткізуге тырысатын адамның монологы болып есептеледі.
Сөз сөйлеу – қоғамдық пікірге әсер ететін қуатты құрал болып табылатын ертеден келе жатқан шешендік өнердің бір тармағы. Біздің дәуірімізге дейінгі 335 жылы өмір сүрген Аристотель «Риторика» атты еңбегінде шешендік өнердің үш түрін көрсеткен. Тілдің құрылу принципі, шешеннің шеберлік қасиеті мен қабілеті, яғни шешеннің өзіндік тұлғасы, шешендік сөзде қолданылатын шеберлік, әдіс, тәсіл. Осындай тәсіл қазіргі таңда да өз күшін жойған жоқ.
Телевидение пайда болғаннан бастап адамдардың жаңа категориясын, жүргізушілерді, белгілеп, анықтау қажеттілігі мәселесі көтерілді. Қазіргі кезде үйреншікті «шешен» сөзін қоғамдық жиналыста (съезд, форум, симпозиум, дәріс) мінберге көтеріліп, залда отырған халыққа сөз сөйлеген адамды айтамыз. Телевидениеде сөз сөйлеуші ойша аудиторияны елестетіп, телекамераның объективіне қарап, үндеу жасайды.
Телеаудиторияда сөз сөйлейтін жүргізуші тұлғасына ерекше талаптар қояды. Ең алдымен, жүргізуші нағыз тұлға болуы керек. Өзінің қоғамдық жағдайына, (саяси, мемлекеттік қызметі), қызметіне (ғалымдар, әртістер, жазушылар) байланысты көрерменнің қызығушылығын туғызатын немесе құнды ақпарат бере алатын адам болуы шарт. Телевидениеде сөз сөйлеуші өз ойын нақты, түсінікті айта алатын, ерекше ойлау қабілеті бар, белгілі құбылыстар мен оқиғаларды сараптап, саралайтын алғырлыққа ие, кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатын қасиеттерді бойына сіңіруі қажет.
Кез-келген бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде телевидениеде сөз сөйлеуші арқылы іріктелген деректер, мәліметтер, дәлелдер көмегімен ой, идея ашылады. Міндетті түрде, бұқаралық сөз сөйлеу үрдісінде бір нәрсеге сендіру мүмкіндігі болуы тиіс. Сендіретін және сенетін адам болады, көзқарас пен пікірталасы жүреді, сол кезде жеңіске сенетіндей болу керек. Сондықтан, сөз сөйлеудің мәтіні «белсенді», ал сөз сөйлеудің өзі драматургия заңдарына құрылғаны жөн.
Мынадай сұрақ қайта туындауы мүмкін. Неге драматургия диалогтік тәсілді талап етсе, сөз сөйлеу әрқашан монолог әдісіне негізделеді. Телевидениенің диалогтік табиғаты сөз сөйлеуші мен аудитория арасындағы диалогты, алдын-ала болатын сұрақтарды болжап, жауап беретін сөз сөйлеушіден үлкен шеберлік талап етіледі.
Кадрдағы сөз сөйлеу, бұқаралық сөз сөйлеудің құрылымы мен ұстанымдары әрқилы. Композиция – кез келген туындыда бүтіндік пен бірлікті дарытады. Оның компоненттерін бір-біріне және бүтінге бағындыратын пішінінің маңызды, ұйымдастырғыш элементі, компоненттердің қисынды, әрі дәлелді орналасуы, олардың өзара әрекеттесуі.
Сөз сөйлеу композициясының негізгі талаптары: тақырыпты анықтау, сөйлесушілерге қойылатын сұрақтарды алдын-ала қарастыру (кіріспе), оны негізгі деректер мен дәлелдермен таныстыру (негізгі бөлім), айтылғаннан қысқа, әрі нақты қорытынды жасау (қорытынды). Сөз сөйлеудің құрамды бөлігі шамалас болу керек. Егер кіріспе негізгі бөлімнен ұзағырақ болса жеңіл және дерексіз болып қалады. Созылып кеткен қорытынды тыңдаушыға автордың өз шешімдеріне сенімсіздігін көрсетеді.
Кадрда сөз сөйлеудің жетістігі көбіне автор сөзінде қолданылатын техника мен тәсілге байланысты. В.Цвик: «Тыңдармандардың көңілін, назарын аудару – ең қиын іс және алғашқы жауапты кезең. Бұқараның көңілі әр адам өмір жолында сезген сезімдерге жақын және қызықты, жай нәрселермен желіктіреді. Сонымен, алғашқы айтылатын сөздер өте жеңіл, түсінікті, қызықты болуы тиіс»[12,69-б],-дейді. Мұндай «оралымдардың» көп болуы мүмкін: өмірден алынған оқиға, парадокс, күтпеген сұрақ. Осындай бастауды табу үшін барлығын алдын-ала ойлап, қай тезисті бірінші орынға қоюға болатынын анықтау керек. Бұл толығымен шығармашылық жұмыс болып табылады.
Кез-келген жағдайда тележурналистке сөз сөйлеуге немесе сөз сөйлейтін адамды дайындауға тура келеді, сол кезде риторикалық операциялардың негізімен (көрсетіліп жатқан бейне қатары мәтін материалымен сәйкес келуі, редукция – күрделіден жайға ауысу және т.б.) және риторикалық пішіндердің түрлерімен (метафора, метонимия, синекдоха, синонимия, гипербола, эвфемизм және т.б.) таныс болғаны жөн. Бұл сөз сөйлеудің мәтініне қатысты. Телевидениеде біз сөйлеушіні тыңдап қана қоймай, көре аламыз. Психологтардың айтуы бойынша, ақпараттың қырық пайызы дауыс ырғағына (интонацияға) байланысты. Осыған тағы мимика, сөз сөйлеушінің образы, қабылдаудың стереотипі қосылады. Осының барлығы телевизиялық сөз сөйлеуді жай іс ретінде емес, жанрлық әртүрлілік деп қарастыруға әкеледі.
Сөз сөйлеудің техникалық тәсіліне дикция, әдеби-көркем сөзді айтудың ережелері, күрделі сөйлемдердің қисынды оқылуы, оның ішінде қисынды үзіліс және қисынды екпін жатады.
Телевидениеде кадрда сөз сөйлеудің негізгі үш пішіні бар:
Сөз сөйлеушімен бірігіп жазылған және телередактормен редакциялаған мәтіндік сөз сөйлеу;
Алдын-ала тақырып пен ой жүйесі белгіленген, сөз сөйлеуші қоятын ортақ сұрақтарына қысқаша жауап дайындау. Тезистер – сөз сөйлеудің мазмұнын және бейнелердің сипатын (суреттер, карталар, схемалар, макеттер) анықтайтын өзіндік сценарийлік жоспар.
Алдын-ала тек тақырып пен сөйлеу ұзақтығы (хронометраж) белгіленген суырып-салма сөз сөйлеу. Телеэкранда тезистік және суырып-салма сөз сөйлеу жарасымды көрінеді, ал мәтіннен көз алмай оқып сөйлеу – көрерменге жағымсыздау әсер етеді.
Негізінен, кадрдағы сөз сөйлеуді, экрандағы адамның монологын дайындағанда мына жағдайды ескерген жөн. Сөз сөйлеушінің өзі қоғамға танымал болса, басқа бағдарламаларға қарағанда көрермен қызығушылығын туғызады, әрі жоғары бағаланады. Мұндай бағдарламалар ресми түрге жатады. Мысалы, Президенттің халыққа жолдауы, парламент спикерінің мәлімдемесі, қоғам қайраткерінің маңызды оқиғаға орай сөз сөйлеуі. Бұл жағдайда нақтылық өте маңызды, сол себепті сөз сөйлеушілер алдын-ала жазылған мәтін бойынша сөйлейді. Бұл экрандағы адам қағаздан көз алмай оқиды деген сөз емес. Телесуфлердің қызметін пайдалану сөз сөйлеушінің тікелей аудиториямен араласып жатқан иллюзиясын береді. Бұл жағдайға да телевизиялық журналистің редактор ретінде қатысы бар. Сөз сөйлеушінің спичрайтері болса да, журналист мәтінді аудиторияның ыңғайына қарай дұрыстайды.
Телевидениенің бейнелік табиғатын ескере отырып, дайындалған мәтін орынды. Бұл жағдайда бейнелілік жағынан дұрыс шешім табуға болады. Иллюстрацияға сәйкес орнықты сөз сөйленсе ғана көрерменді иландыра алады. Тележурналист керекті бейнеқатарды құрастыруға өз үлесін қосады. Бейнеқатар айтылған сөздің дәлелі болады және көрерменнің ақпаратты қабылдауына ерекше әсерін тигізеді.
Кадрда журналистің өзі сөз сөйлейтін жағдайлар да кездеседі. Журналистің монологы – комментарий және шолу. Соңғы уақытта оқиға орнынан тікелей репортаж кең таралған жанрға жатқызылып жүр. Көрсету техникасы жағынан кадрдағы сөз сөйлеу – бағдарламаның ең жеңіл түрі. Сөз сөйлеуші, соның ішінде журналист үшін бұл рухани және шығармашылық мүмкіндікті жүзеге асырудың оңтайлы тәсілі.
Кадрдағы сөз сөйлеудің табысты болып шығуы – бұқаралық ойдың болуы, күрделі нәрсе туралы түсінікті сөйлеу, көрерменді жеңіл, белсенді, образды сөздермен сендіру. Көрермен сөз сөйлеушінің сөзін ғана емес, оның қалай айтқанын да бағалаушы. Кадрдағы сөз сөйлеу әсерлі болуы үшін журналист тиімді әдіс-тәсілдерге жүгінгені абзал.
Достарыңызбен бөлісу: |