Ескерту:
катетерді енгізу алдында иімділігінің сақталғанын және оның жарығының болмауын қадағалау қажет;
қауіпсіздік техникасын сақтау (оттегі шырышты қабықты күйдіреді);
ойылудың және мұрын қуысының шырышты қабығының құрғауын алдын ала ескерту мақсатында әрбір 30-60 минут сайын катетердің қалпын ауыстырады.
Оттегі жастықшасынан ылғалдатылған оттегін беру
Мақсаты: ұлпалардағы оттегін жоғарлату.
Қолдану көрсетілімдері: әр түрлі тыныс алудың бұзылуы, тұншығу, газбен улану, өкпе-ісігі, жедел және созылмалы тыныс алу жетіспеушілігі.
Дайындаңыз: оттегі жастықшасын, мундштукті, 4 қабаттан жиналған дәке салфеткасын, 70% спирт ерітіндісін, 3% сутегі асқын тотығы ерітіндісін, зарарсыздандыру ерітіндісі бар ыдысты, суды, оттегі бар баллонды, қауіпсіз жоюға арналған контейнерді.
Іс-әрекет алгоритмі:
Науқасқа емшара барысын түсіндіріңіз.
Баллоннан оттегі жастықшасын оттегімен толтырыңыз.
Ол үшін:
оттегі баллонының редукторымен оттегі жастықшасының резеңке түтігін жалғастырыңыз;
жастықшаның түтігіндегі, сосын баллондағы вентильді ашыңыз;
оттегі жастықшасын баллондағы оттегімен толтырыңыз. Әуелі баллондағы, сосын жастықшадағы вентильді жабыңыз. Баллонның редукторынан резеңке түтікті бөліңіз.
Қолыңызды антисептикалық деңгейде тазартыңыз.
Оттегі жастықшаның резеңке түтігіне мундштукті жалғастырыңыз.
Ылғалды дәке салфеткасымен мундштукті ораңыз.
Мундштукті науқастың ауызына жақындатып ұстап, жастықшадағы вентильді ашыңыз (ауызға тығыз қоюға болмайды). Оны науқастың ауызынан 1-1,5 см қашықтықта ұстаңыз.
Дем алу мундштук арқылы ауызбен, ал дем шығару мұрыннан жүргізілетінің науқасқа түсіндіріңіз.
Оттегін беру жылдамдылығын реттеңіз (1 минутта 4-5 л).
Оттегі азайған сайын жастықшаның қарама-қарсы шетін қайырып, оттегі толығымен бөлінбегенше басыңыз.
Науқастан жастықшаны алып, мундштукті бөліңіз.
Пайдаланған салфетканы қауіпсіз жоюға арналған контейнерге салыңыз.
Мундштукті зарарсыздандыру: оны 70% спирт ерітіндісімен немесе 3% сутегі асқын тотығы ерітіндісімен екі рет арасына 15 минут салып сүртіңіз.
Қолыңызды жуып, кептіріңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |