Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет28/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Мақалдардың тақырыбы
Халық мақалдардың тақырыбы өте көп. Солардың ішінде ең күрделі бір саласы адам баласының еңбек ету жайларына арналған. Бұл тектес мақалдардан халықтың еңбек жайында көзқарасы байқалады. Еңбек адамды мақсат-мұратқа жеткізуші, абырой әперетін іс екендігін халық мақалдары арқылы дәлелдеп көрсетеді. «Еңбегі бардың өнбегі бар», «Еңбек түбі – мереке» деп, халық адал еңбекті ардақтайды. Дүние-байлық, шат өмір еңбек арқылы болатындығын, адамды тек еңбек қана қатарға қосатындығын суреттейді. Еңбек етпеген адамды, жатып ішер жалқауларды халық өзінің мақалы арқылы сынға алады, шенейді. Бұған: «Еңбегі аздың – өнбегі аз», «Еріншектің ертеңі таусылмас» деген мақалдарды келтіруге болады.
Еңбек тақырыбына арналған мақалдардың қайсысы болса да ақыл-өсиет түрінде айтылады. Еңбек ету оңай еместігін, қиыншылығы мен бейнеті, ауыртпалығы барлығын ескертеді. Осылардың бәрін еңбегімен жеңген адам ғана мақсатына жететіндігін аңғартады. Мұны «Бейнет, бейнет түбі зейнет», «Бейнетсіз рақат жоқ», «Әрекет болмай берекет болмас», «Еңбек етсең – емерсің» деген секілді мақалдардан көреміз. Бұл тектес мақалдар адамды еңбек–кәсіп етуге, жұмыс істеуге үндейді; тек еңбек қана абырой-атақ әпереді деп қорытынды жасайды.
Адал еңбекті ардақтаған халық кәсіп ет, жұмыс істе дегенде ең алдымен мал бағуды ұсынады. Оның себебі қазақ халқының ертедегі тұрмыс-тіршілігі, күн көрісі төрт түлік малға байланысты болғандығынан.
Өмір бойы мал бағып тіршілік еткен, оның сырын жақсы білген халық әрбір түліктің қандай қасиеті барлығын, адам өмірінде қандай орын алып, қандай қызмет атқаратындығын мақалдары арқылы да көрсетіп отырады. «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» дей отырып, сол малдарының қасиетін, қызметін айтады. «Жылқы – малдың патшасы, түйе – малдың қасқасы», «Түйе жинасаң – нардан жи, сиыр жисаң – тарғылдан жи», «Мал бақсаң, қойдан бақ, май кетпейді шарадан» деп бағалайды, төрт түліктің тұрмыс-тіршілікте алатын орны қандай екендігін атайды.
Халық өзінің мақалдары арқылы мал бағу, мал басын өсіру жөнінде ғасырлар бойы жинаған, жүзеге асырған тәжірибесін айтып береді. «Түлік төлден өседі» дей отырып, сол түліктерді өсіру үшін қажырлы еңбек керектігін ескертеді. «Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал жуымас», «Ат шаппайды, бап шабады», «Мал жисаң, қонысын тап», «Бақпасаң мал кетеді» деп ақыл айтады. Адал еңбекті сүйген халық, мал басын өсіру үшін аянбай жұмыс істе, ерінбей еңбек ет, сонда ғана мал құралады дейді. Ал еңбек етпей, ұрлық немесе барымта жолымен мал жинап баюды көздеушілікті халық қатты сынға алады, шенейді. Ұрлық пен барымта халыққа жат екендігін, ол адамды тақырға отырғызатындығын, бұлардан безу керектігін айтып, «Ақ жүрген адам азбас» деп қорытады және «Ұрыға мал құтаймас», «Ұрлық, ұрлық түбі – қорлық», «Барымтамен бас кетер», «Жортуылшының басы жолда қалады» деп сипаттайды.
Мал басының құралуы, өсіп-өрбуі тек адал еңбекке байланысты деп түсінген халық бұл жөнінде қожа-молдалар айтатын діни ұғымдарға да қарсылық қөзқарасын білдіреді. Егер дін иелері мал басының өсуін құдайға байланысты, малды құдай береді десе, еңбек адамы бұл түсінікті бекерге шығарады да «мал баққанға бітеді» деп өз тұжырымын айтады. «Тана пайда бермесе, тәңірі пайда бермейді», «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышағымның терісі артық» деп адал еңбегімен жинаған малдарын ардақтайды. «Еңбексіз тапқан мал, есепсіз кетер» деп түсінген халық, төрт түліктің қайсысы болса да адал еңбекпен бағу арқылы құралатындығын, сонда ғана адам мұратына жететіндігін көрсетеді.
Төрт түлік жайында шығарылған халық мақалдарының бәрі де мал баласының адам үшін аса қымбат, қадірлі екендігін қөрсете отырып, бұлардың ішінен жылқы мен түйені ерекше бағалайды. Түліктің басқа түрлеріне қарағанда, түйе мен жылқы көшпелі жағдайда болған шаруа адамы үшін айрықша қызмет атқарды, шөлдесе – сусыны, кисе – киімі, жесе – асы болды. Екіншіден, түйе мен жылқы алыс жолға төзімді, әрі мықты көлік есебінде шаруа адамына көп пайдасын тигізді. Мұнымен қатар, онша қолға қарай қоймайтын мал және халықтың ел қорғау ісінде ол елеулі орын алды, басқыншы жауға қарсы аттанған батырларға сенімді серік, жауынгер жолдас болды. «Ер қанаты – ат» атанды. Сондықтан да адам баласының мақсат-мұратына жету жолында жылқының алатын орны зор екенін «Таяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер» деп суреттейді.
Халық мақалдарының бірсыпырасы егіншілік кәсіп жайына арналады. Бұл тақырыптағы мақалдардың көпшілігі кейінгі кезде, шамамен айтқанда, ХІХ ғасырдың ішінде туған секілді. Олай дейтініміз, тарихи деректерге қарағанда бүгінгі Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарын мекендеген кейбір рулар ғана аздаған егін салып, ертерек кәсіп еткен. Ал, шаруашылықтың бұл түрімен бүкіл қазақ халқының Россия мемлекетіне қосылуы, ұлы орыс халқымен араласуы, одан үлгі алуы болған. Осыдан былайғы жерде қазақ елі әртүрлі дақылдан егін егіп, оны негізгі кәсібінің біріне айналдырған. Өзінің тұрмыс-тіршілігінен елеулі орын алған егін шаруашылығы және оның адам баласына келтірер пайдасы жайында қазақ халқы біраз шығармалар тудырған. Мұнымен қатар, егін кәсібін мақалдары арқылы да бейнелеп суреттеген.
Егін жайында шығарылған мақалдардың қайсысы болса да, ең алдымен егін егу адамға пайдалы екенін дәлелдейді. Рас, бұл мақалдар егінді әртүрлі дақылға (арпа, бидай, сұлы, тары т.б.) бөліп көрсетпейді, жалпы «егін» деген атпен атайды (оның мәнісі қазақ арасына алғаш рет егіннің барлық түрі бірден енбегеннен болу керек). Егін егу, егіншілікпен кәсіп ету – шаруашылықты өркендетеді, тұрмысты жақсартады деп түсінген халық өзінің мақалдарында оған айрықша мән береді. Егін өздігінен өспейді, оны егу керек, ол үшін егін шығатын жерді даярлау, аянбай еңбек ету керек деген қорытынды жасайды. «Жер – ырыстың кіндігі», «Жер – жомарт» деп, бар байлықтың жерге байланысты екенін білген халық енді осы жерге егін егу керектігін айтады. «Ексең егін – ішесің тегін», «Жердің сәні – егін», «Егін еккеннің есесі көп», «Астығы бар аш болмайды» деп мақалына қосады, егіншілікті үлгі етеді, оны тіршілік тірегінің бірі деп бағалайды.
Қазақ мақалдарының көрнекті тақырыбының бірі – ұйымшылдық, ынтымақ, бірлік жайын қамтиды. Бұл тақырыптағы мақалдардың негізінде ақыл-ойы сергек халықтың аталған мәселелер жөніндегі даналық көзқарасы, өмір тәжірибесінен алып, білгірлікпен жасаған қорытындысы жатады. Тұрмыс талқысынан туып, әрбір тарихи кезеңнің сындарынан өткен түсініктерін мақал арқылы көрсетпек болады. Үй ішінің, ел-жұрттың, бүкіл қоғамның құралуы ұйымшылдық пен бірлікке байланысты деп біледі. «Бірлік бар жерде тірлік бар» беркінген күш бар деп бағалайды. Мұны «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлігі жоқтың тірлігі жоқ», «Ырыс алды – ынтымақ» деген секілді мақалдардан да көреміз.
Бұл келтірілген мақалдардың қайсысы болса да, қазақ халқының өткендегі тарихына, өмір тәжірибесіне негізделіп шығарылғандығын байқаймыз. Бұған дәлел ретінде қазақ халқының тарихында болған бір фактіні мысалға келтірейік.
ХVІІІ ғасырдың бас кезінде (1723 жылы) қалмақ басқыншылары қазақ еліне шабуыл жасап, сұрапыл соғыс ашты. Олар мұндай шабуылды күтпеген, бейбітшілік жағдайда отырған қазақ еліне ойран салды, ауыр күйге ұшыратты. Бірақ шапқыншылардың жаулық әрекеттеріне ызаланған, ел-жұртының бостандығын көздеген қазақ жігіттері бас қосып күш біріктірді, әскери жасақтар құрды, жауға қарсы аттанды. Осының нәтижесінде қалмақ шапқыншыларын талқандап жеңді де, жауды қазақ жерінен дүркірете қуып шықты. Бұл соғыста қазақ жігіттері өзінің халқын, ел-жұртын қорғау жолында асқан ерлік жасады, ынтымақ пен бірліктің үлгісін көрсетті. Ал егер қазақ халқы қалмақ басқыншыларына қарсы ұйымдасқан түрде аттанбаса, бірлікте болмаса, әрине, шапқыншы жауды жеңе алмаған да болар еді.
Бұл келтірілген мысал, жоғарыда аталған мақалдардың бәрі де өмір шындығына негізделіп туғандығын көрсетеді. Ондай мақалдары арқылы халық ынтымақ пен бірлікті, ұйымшылдықты жақтайтындығын білдіреді. Бұлар тұрған жерде халық алға басады, нығайып күшейеді, алынбас қамалға айналады деп түсінеді. Ал бірлік, ынтымақ, ұйымшылдық жоқ жерде ыдырап сөгілудің, езіліп кетудің орын алатындығын аңғартады. Халықтың «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деуі осыдан.
Қандай істің болса да белгілі бір нәтижеге жетуі – адамдардың бірлік, ынтымақ ұйымшылдықтарына байланысты дей отырып, халық мақалдары бұл жөніндегі қорытындысын ақыл-өсиет, нақыл сөз ретінде келтіреді. «Саяқ жүрсең, таяқ жерсің», «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, жекелік пен даралықты, көпшіліктен бөлініп шығушылықты шенейді. Барлық күш-қуат көпшілікте, халықта екендігін дәлелдейді. «Көп ісінде – береке», «Көптен шыққан көмусіз қалар», «Көпке топырақ шашпа», «Көп қорқытады, терең батырады» деуімен көпшіліктің, яғни бүкіл халықтың күшін сипаттайды. Бұл ретте халық өзін қоғамдағы барлық материалдық және рухани байлықтарды жасаушы, салт-сана, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік түрлерін қалыптастырушы, оларды әрбір тарихи жағдайларға, өмір тілектеріне сәйкес өзгертуші, алға қарай дамытушы негізгі күш деп таниды. Бұларды жасау, іске асыру жеке адамдардың қолынан келмейтіндігін дәлелдейді. Сондықтан да халық мақалдары адамдардың ынтымақта, ұйымшылдық пен бірлікте болуын өсиет, нақыл етеді.
Қазақ ауыз әдебиетінде халықтың сүйе тыңдап, сүйсіне жырлағаны – көпшілік үшін жасалған ерлік, батырлық істер, ел қорғау әңгімелері болатын. Бұл тақырыпта нешелеген әдемі әңгіме, ертегі, өлең, жырлар туғанын, оларда халықтың батырлық, ерлік істерді және оны жасаушыларды ардақтағанын білеміз. Халықты сүйсіндірген бұл әңгімелер, оның мақалдарынан да айрықша орын алғанын көреміз.
Ел қорғау, батырлық-ерлік істер жайында туған халық мақалдары халықтың бұл жөніндегі ой-тілегі, арман-мүддесі, патриоттық сезімі, ұлттық мақтанышы қандай екендігін білдіріп отырады. Бұл тақырыптағы мақалдар, ең алдымен, кімге болса да туған жер, өсіп-өнген ел-отан аса қасиетті, қадірлі, қымбат, ыстық деп көрсетеді. «Туған жердің тауы ыстық», «Ел-жұрты бардың жұтамы жоқ», «Ел іші – алтын бесік» деуімен туған елді ардақтайды, жоғары бағалайды. Кейбір мақалдар туған елді басқа елдермен салыстыра келіп, әркімге өз елінің артық екендігін аңғартады. Мұны халық «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі – күміс, өз елің – алтын» деген мақалдары арқылы сипаттайды.
Өзінің мақалдарында туған жер, ел-отанды аса жоғары бағалап ардақтаған халық, енді оларды қорғау әрбір ер-азаматтың басты борышы деп біледі. Ел талап, ойран салуды көздеген шапқыншы жау болса, оған қарсы аттану, қасықтай қаны қалғанша, ақтық дем біткенше алысу, сөйтіп, дұшпаннан ел-отанды қорғап алу халқын сүйген әрбір ер жігіттің азаматтық міндеті болатындығын көрсетеді. «Ер жігіт елі үшін туады, елі үшін өледі», «Елін сүйген ер болар», «Жүкті нар көтерер, қайғыны ер көтерер» деген мақалдар жоғарыда айтылған пікірдің айғағы.
Халық мақалдары ел қорғау, басқыншы жауды талқандап жеңу жолында ерлік жасаған, қара қылды қақ жарған, қиядан тартып жол салған, жау қамалын қиратқан, табан тірескен айқастарда тайсалып тартынбаған жігіттерді ардақтайды, абыройлы атақ пен даңққа бөлейді. Олардың халық сүйсінген ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі етеді.
Бұл ретте халық мақалдары мақтаулы ерлерді қоян жүрек қорқақтармен салыстырып, аз сөзбен екеуінің де образын жасайды. Ерлік, батырлық іс жасау тек отанын, ел-жұртын, халқын сүйген адамдардың ғана қолынан келеді, осындай адамдар ғана халық намысын қорғайды, олар қандай қиыншылықтар кездессе де үрейленбей, мұңаймай, жалақтаған ажалға қарсы шабады деп сипаттайды. Батырлардың ерлігі күшінде емес, ақылы мен айласында екендігін көрсетеді. Мұнымен қатар халық ісі үшін қажымай күресіп ерлік жасаған, ел сүйген батыр атанған адамдардың мінезіндегі жақсы қасиеттері де мақалдардан орын алады. Бұл қасиеттер: турашылдық, әділдік, айтқан сөзден қайтпаушылық, кішіпейілдік, жолдастықты сақтаушылық, досы үшін жан беруге барушылық т.б. екендігін аңғартады. Бұған «Ердің екі сөйлегені – өлгені, еменнің иілгені – сынғаны», «Ердің ұялғаны – өлгені», «Ер жігіт – етек-жеңі кең жігіт», «Батырда бақастық болмас», «Қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» деген мақалдар мысал бола алады.
Халық мақалдары қолынан іс келмейтін тоғышарлар мен қоян жүрек қорқақтардың да образын жасайды. Оларды мазақтап әжуалайды, келеке етеді. «Қорқақ көлеңкесінен де қорқады», «Ер бір рет, қорқақ мың рет иіледі» деп, аз сөзбен қорқақтардың жағымсыз бейнесін суреттейді. Қара басының ғана қамын ойлаған адам ерлік іс жасай алмайтындығын көрсетеді. Мұндай адамдар үрейшіл келеді, кейде олар қалың қолға іріткі салады деп, «Бір қорқақ мың қолды ірітер, бір құмалақ бір қарын майды шірітер» деп, қорқақ адам жайындағы халықтың турашыл бағасын береді.
Қазақ мақалдарында ел қорғау әңгімесіне байланысты туған тақырыптың бірі – қырағылық, сақтық жайы. Бұл тақырыптағы мақалдардың қайсысы болса да қырағы болу, жайбарақаттыққа салынып жата бермеу жағын қарастырады. «Жау қайда деме – жар астында, бөрі қайда деме – бөрік астында», «Бір елі ауызға – екі елі қақпақ», «Сақтықта қорлық жоқ» деп халықты қырағылыққа шақырады.
Халық мақалдарынан елеулі орын алған, мазмұны мол, көлемі көп тақырыптың бірі – қоғамдық қарым қатынас, әлеуметттік-таптық мәселелер. Бұл тақырыпты ауыз әдебиетінің басқа түрлері секілді, халықтың мақалдары да кеңінен қамтып, тереңнен толғайды, көп мәселелердің сырын аша отырып, халықтық әділ сын айтады. Қоғам өмірінде кездесетін және халыққа жат жағдайларды халық мақалдары өткір сөзбен түйреп отырады. Жалтақтауды білмейтін, турасын айтатын халық өзінің осы аталған тақырыптағы мақалдарында аз сөзбен мағынасы терең, мәні зор мәселелерді көтереді, неше түрлі әдемі образдар жасайды, естен кетпейтін теңеулер тудырады.
Қоғамдық мәселелерді халық мақалдары таптық тұрғыдан қарастырады. Бұл ретте халық мақалдарында алдымен сөз болатыны ел билеу мәселесі, хан, би, сұлтан, қожа-молдалар жайы.
Ұлы Октябрь революциясына дейін қазақ халқы азабы көп ауыр жағдайда тіршілік етті. Қоғам өмірінде еңбекші халықтың правосы болмады, езіліп жаншылауда, қаналып, қамалуда, әлеуметтік теңсіздікте болды. Қазақ еңбекшілерін сол кезде үстемдік еткен билеуші тап, оның хандары мен билері, болысы мен сұлтаны, қожа-молдасы т.б. қапаста ұстады, күн көрсетпеді. Осындай ауыр жағдайда жүрсе де қазақ халқы өзінің ауыз әдебиетін тудырып, өз тұрмыс-күйін, арман-мүддесін бейнеледі. Мұнымен қатар, қанаушы таптың халыққа жасаған әділетсіздіктерін, зорлық-зомбылықтарын, әлеуметтік теңсіздікті әшкерелеп көрсетті, халыққа қас адамдардың жағымсыз образын жасады. Бұл халықтың мақалдарынан да орын алды.
Халық мақалдары қанаушы тап өкілдерінің жауыздық іс-әрекетін, мінез-құлқын қалың көпшілік тұрғысынан бағалады, олардың халыққа жат қылықтарын тайға таңба басқандай етіп әшкереледі. «Хан ақымақ болса, халық күйзелер», «Биің қылаң болса, жұртың ылаң болар», «Төреге ерген ер тоқымын арқалар», «Қансоқта жеп ит семіреді, пара жеп би семіреді», «Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді», «Бай қасына барып, бақыр болмасаң маған кел; хан қасына барып, басың жоймасаң маған кел», «Теңгелі жерде теңдік жоқ» деген мақалдар тарихи шындықтың бетін ашады. Хан, би, төре, сұлтан т.б. халықтың қас дұшпаны, елді алдаушы, парақұмар, әлеуметтік теңсіздікті тудырушылар екендіктерін көрсетеді; олар жайында халық өзінің әзіл сынын, турашыл бағасын айтады, таптық көзқарасын білдіреді.
Әрине, еңбекші халық осындай теңсіздік, қаналу жағдайында жүрсе де, ол өзін үстем тап адамдарынан кем санаған емес. Байлық, әлеуметтік дәрежесі кем болғанымен ақыл, ойы, еңбегі артық екендігін мақалдары арқылы да дәлелдеп көрсетеді. Мұны «Кілемге бергісіз алаша бар, ханға бергісіз қараша бар», «Қарадан шыққан хан жақсы», «Данышпан айтса – ел айтқаны, елдің қамын жеп айтқаны», «Бақпен озған патшадан, мимен озған қара артық» деген мақалдардан көреміз. Сондай-ақ, еңбекші халық ауыр өмір талқысын көре тұра, сары уайымға салынбайды, мұңайып түңілмейді. Болашақта жарқын тұрмысқа жетеміз деген ойынан күдер үзбейді. «Батқан күннің атар таңы бар», «Уайым түбі сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деп, жақсылықты болашақтан күтеді, соған жететініне кәміл сенеді.
Халық мақалдары қоғамдық мәселелерді сөз еткенде, қожа-молдалар, діни ұғым жайын да қарастырады; бұған да айрықша көңіл бөліп, сын бағасын беріп отырады. Қазақ халқы дін жолын қуған, дін үгітіне мүлде беріліп кеткен халық емес. Қазақтар дін сөзін екі жағдайда ғана есіне алатын секілді: басына ауыртпалық түсіп, қысылған кезінде немесе қатты ауруға ұшыраған күнінде құдай дегенді, дін сөзі дегенді аузына алады. Онда да мұны дінге сеніп жәрдемі тиер деп түсінгендіктен емес, басқа түскен қауіптен құтылу жолын іздеп қарманғандықтан жасайды. Ал басқа уақытта қазақтың діншіл, құдайшыл болуы өте сирек кездеседі.
Діни сенімі осындай болған қазақтар қожа-молдалар айтатын, солар тарататын үгітке онша көп нана қоймайды, оған кейде сықақ, әжуа түрінде қарайды. Мұнымен қатар, қожа-молдалар, олар айтатын діни үгіттер еңбекші халықтың қамын емес, қанаушылардың пайдасын көздейтінін және олардың өздері де үстем тап адамдарымен бірлесе отырып халықты езетіндігін мақалдары арқылы бейнелейді. Осы ретте мағынасы терең халық мақалдары қожа-молдалардың жағымсыз образын жасайды, оларды обырлар, халықты алдап басын айналдырушылар деп көрсетеді. «Сопы сұмнан шығады», «Қисық арба жол бұзар, дүмше молда ел бұзар», «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді», «Аңқау елге – арамза молда» деп дін иелерін келекеге айналдырады.
Қожа-молдалар өздерінің үгіт сөзінде дүниедегі ең адал, ең әділ, ең турашыл – періште десе, оған халық «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп сын айтады, періште жайындағы діни ұғымды бекерге шығарады. Дін үгіті бойынша, әрбір адам күніне бес рет намаз оқуға, бірнеше рет дәрет алуға тиісті; солай еткен адам ғана жұмаққа барады-мыс. Халық бұл ұғымды да сықақ етеді, «Дәрет дамбал шірітер», «Мың жұмақтан бір күнгі тірлік артық» деп қорытынды жасайды. Сондықтан да халық «Алладан ойбайым тыныш» деп, өзіне түсініксіз дін сөздеріне, дін үгіттеріне бой ұрмайды.
Әрине, дін жайында шығарылған мақалдарда халықты діни ұғымдармен күресуге, оған қарсылық көрсетуге шақыратын үгіттер жоқ. Ондай әңгімелерді халық ертеде ашық айта да алмаған. Бірақ халық дінді, діни ұғымдарды, оларды таратушы қожа-молдаларды сынайды. Әжуа, келеке, мазақ етеді. Мұның өзі дінге қарсы ашық күреске шақыру болмаса да, халықтың дінге көзқарасы қандай екендігін айқындайды.
Халық мақалдары қоғамдық мәні бар тақырыптардың бірі етіп оқу-білім, тазалық-тәрбие, мінез-құлық, әдет-ғұрып жайларын да қарастырады. Бұлар жөнінде халықтың ойы, көзқарасы, шығарар қорытындысы, айтар ақыл-өсиеті қандай екендігін білдіреді. Жақсы нәрсені үлгі ету, жаманнан жиіркеніш тауып бездіру аталған тақырыптағы мақалдардың басты сарыны болып келеді.
Өнер-білім, оқу, ғылым жайын сөз қылғанда, халық мақалы әңгімені бұлардың адам баласына тигізетін пайдасы көп екендігін көрсетуден бастайды. Жақсылығы көп жарық дүние оқу-ғылым арқылы жасалады дей отырып, оны қараңғылық пен надандыққа қарама-қарсы қояды, салыстыру жасап, түйінді қорытынды шығарады. «Оқу – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Оқыған – озады, оқымаған – тозады», «Білек сүріндіре алмағанды білім сүріндіреді», «Өнерліге өлім жоқ», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің түбі ғарып», «Өнерлінің өрісі ұзақ» деген мақалдарымен халық өнер-білімді, оқу мен ғылымды аса жоғары бағалайды. Бағасын бере отырып, ақылын айтады: оқы, үйрен, білімді бол! – дейді. Әрине, оқу, білім алу оңай еместігін де халық мақалына қосады. «Оқу – инемен құдық қазғандай» қиын екендігін аңғартады. Бірақ қиыншылықтан қорқып оқымай қалуға болмайды, оқи берсе, оған ынта- жігермен беріле кіріссе, адам баласы мақсатына жетеді деп көрсетеді. Халық «оқу оқы, білім ал» дегенді текке айтпайды, білім алған адам халыққа қызмет етеді, пайдасын тигізеді, халықтың ілгерілеп алға басуына үлкен үлес қосады деп қарайды. Ал адам оқымаса, оған ұмтылмаса қараңғылық пен надандықтың шырмауына түседі, ғарыптық халге ұшырайды деп біледі. Сондықтан да халықтың бұл алуандас мақалдары жас ұрпаққа арналған үгіт, ақыл-өсиет, нақыл сөз болып отырады. Өмір бойына оқи бер, «оқып болдым, жетілдім» деуден сақ бол дегенді де ескертеді.
Денсаулық, тазалық-тәрбие жайындағы мақалдардан халықтың ерте заманнан келе жатқан және тұрмыс-тіршілігінде сыналған тәжірибелері орын алғандығын байқаймыз. «Ауру – астан», «Саулық негізі – тазалық», «Денсаулық – зор байлық», «Көзің ауырса, қолың тый; ішің ауырса, тамағың тый», «Аурудың алдын ал», «Жасыңда салақ болсаң, бара-бара былық боларсың» сияқты мақалдар халықтың денсаулық, тазалық жайындағы ұғым-түсінігін көрсетеді, тазалық сақтаған адам ауру-сырқаудан аман болады деп біледі. Мұнысы – халықтың бүгінгідей дәрігері, емханасы болмаған кезде жасаған тәжірибесі, содан шығарған қорытындысы, жұрттың үлгі алуы үшін айтқан нақыл сөзі.
Адамның мінез-құлқы, халықтың әдет-ғұрпы да мақалдардан елеулі орын алады. Бұларға халық көпшілік бұқара тұрғысынан қарайды. Халыққа жақсы, жағымды көрінетін, үлгі алуға жасайтын мінез-құлықты, сондай әдет-ғұрыпты мақалға қосады. Халық алдында адал, турашыл, шыншыл, әділ болу, халық жүктеген міндетті абыроймен орындау, өтірік-өсек айтпау, жалқау болмай еңбек-кәсіп ету, кішіпейіл болу, жолдастықты сақтау, досқа жәрдем-көмек беру, ашу шақырмай ақылмен іс істеу т.б. сияқты жақсы мінезді қадірлеп үлгі етеді. Мұны жол-жоба, ақыл-өсиетке айналдырады. Халық ұғымында не нәрсе жақсы деп танылса, мақалдар соны құптап отырады. Сондай-ақ, ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптың ішінен халық өз мүддесіне, көпшілік тілегіне, көзқарасына жатпайтын әдет-ғұрыпты дәріптемейді.
Қазақ мақалдарына жоғарыда жасалған қысқаша шолу – ауыз әдебиетінің бұл түрі – мазмұны жағынан болсын, тақырыбы жағынан болсын орасан көп дүние екендігін көрсетеді. Халықтың ғасырлар бойына сақтап келген және өзінің тіршілік-тұрмысында, қоғамдық өмірінде қолдаған мақалдары халықтық сипатын жоймай біздің заманымызға жеткенін байқаймыз. Халықтың арман-мүддесін, көзқарасын, әрбір қоғамдық, таптық жағдайларға берген бағасын білдіретін, ақыл-өсиет, нақыл сөз ретінде айтылатын бұл мақалдар бүгінгі күнде де өзінің қасиетін жоймақ емес. Халық мақалдарына сын көзімен қарай отырып, асылдарын пайдаланудан бас тартпасқа тиістіміз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   24   25   26   27   28   29   30   31   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет