Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті


Мақалдардың өзіне тән ерекшеліктері



бет29/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Мақалдардың өзіне тән ерекшеліктері
Қазақ мақалдарының өзіне тән негізі бір ерекшелігі – аз сөзбен көп мағына беретіндігінде. «Аз сөз – алтын, көп сөз көмір» дей отырып, халық өзінің мақалдарында мазмұнды әңгіменің «тобықтай түйінін» береді, ой-пікірін, көзқарасын әрі терең, әрі ашық айтады.
Мақалдың сөз саптауы олпы-солпы болмайды, етек- жеңі жинақы, ықшам келеді. Айтылатын пікір, жасалатын қорытынды, берілетін баға толық дәлелденген, шыңдалып шынайыланған, жанылып өткірленген болады. Сондықтан да мақал оралымды, өткір болады. Мақалда дәлелдеумен қорытынды пікір бірдей жүріп отырады.
Ішкі құрылысы жағынан алғанда, мақалдар екі түрлі: біріншісі – айтайын деген ойын ашық етіп бірден, турасынан білдіреді. («Жауды аяған жаралы қалады», «Бірлігі жоқтың – тірлігі жоқ» т.б.). Екіншісі – негізгі ойды астарлап айтатын, ишаратпен білдіретін мақалдар. Қазақ мақалдарының көпшілігі осы соңғы түрге енеді. Мұның мысалдары етіп, «Жығылсаң нардан жығыл», «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген мақалдарды алайық. Сырт қарағанда бұл мақалдарда айтылатын ой айқын, әрқайсысы өз орнында тұрған секілді. Бірақ олардың түпкі мағынасында басқа әңгімелер жатады. «Жығылсаң нардан жығыл» дегенде, нардан жығылып құлауды айтып отырған жоқ, нардай үлкен іске ұмтыл, мақсатыңа жете алмасаң, ол айып емес деген ойды білдіреді. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деуде тура мағына болумен қатар, астарлап айтылған жанама мағына бар. Ол сырлас болмаған, сырын білмеген адаммен бірден ашна-жай болудың қолайсыз жағдайға душар ететінін аңғартады. Сондай-ақ, «Түйенің үлкені көпірден таяқ жер», «Керек тастың ауырлығы жоқ», «Қысқа жіп күрмеуге келмес», «Аузы күйген үрлеп ішер» деген тәрізді мақалдарды алсақ, бұлардың ішінде тура мағынадан гөрі, астарлап айтылған, жанама түрінде берілген мағына, ой-пікір жатқанын байқаймыз. Айтайын деген негізгі ойды осы сияқты жанама түрде астарлап айту мақалдарға тән ерекшелік болып табылады.
Мақалдарға тән ерекшеліктің бірі-оның құрылысында. Мақалдар, көбінесе, бір сөйлемнен құрылады («Кеңесті ел – кемімес», «Тіл – қылыштан өткір», «Ақыл жастан шығады, асыл тастан шығады» т.б.). Осындай бір сөйлем арқылы-ақ мағынасы терең, мазмұнды әнгімелерді жеткізе айтады.
Мақалдардың құрылысында дыбыс үндестігі, бір дыбысты не бір сөзді қайталаушылық, сөз ұйқасымы айрықша орын алады. Мақалды бұлай етіп құру, оның мазмұнын терендете түсумен қатар, айтылатын негізгі ойды көркемдеп жеткізуге себепкер болады, соған көңіл аударады. «Болған іске болаттай берік бол», «Үміт – үзілмес», «Ерлік – елдің сыны», «Болған кісі болдым демес, болдым десе, болғаны емес» дегендерден дыбыс қайталаушылықтың, дыбыс үндестігінің үлгілерін көреміз.
Мұнымен қатар қазақ мақалдары, көбінесе, өлеңнің жеті-сегіз буынды жыр түрінде жасалады. Негізгі ойды аз сөзбен өткірлеп, жеткізе айтуды көздеумен бірге, оның әдемі, көркем және ұйқасымды болып келу жағын да қарастырады. Бұл ретте кейбір мақалдар бір шумақтан тұратын өлең сияқты. Бұған: «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер; ер басына күн туса, етігімен су кешер», «Арық деген жаман тай, жазға шығып ат болар: жамандығың сезілсе, жақын кісі жат болар», «Жамаңдықты көп қусаң, құтылмас пәле жолығар; жақсылықты көп қусаң, бақ-дәулетің молығар» деген мақалдар мысал бола алады. Мұңдай мақалдар кейде терең мағыналы толғау, нақыл сөз есебінде де айтылады.


Мәтел
Мақал мен мәтел құрылысы, түрі, сөз саптасы жағынан бір-біріне жақын және ұқсас келеді. Бірақ өзара айырмашылығы да бар. Басты айырмашылық бұлардың мазмұнында.
Халық мақалдарының негізінде халықтың қоғамдық өмірінен, тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен алынған оқиғалар жататындығын, мақалдарда мол мазмұн болатындығын жоғарыда ескерттік. Мысалға «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды», «Жауды аяған жаралы қалады» деген мақалдарды алайық. Алғашқы мақалға мазмұн болған бір әңгімені келтірейік. Онда былай делінеді: баяғыда бірнеше жігіт ағаш кесуге барады, олармен бірге байдың баласы да болады. Үлде мен бүлдеге оранып өскен, маңдайына күн тимеген, тұрмыс талқысын
көрмеген, кәсіп етпеген бай баласы жанындағы жолдастарындай жұмыс істей алмайды; ара мен балтаны қалай ұстауды да білмейді, берекесіздік жасайды.
Бұл әңгімеге қорытынды жасаған халық, «Бейнет көрмеген берекесіздік жасайды» деп турашыл бағасын береді. Ыбырай Алтынсариннің «Бай баласы мен кедей баласы» дейтін әңгімесінде де бейнет көрмей өскен бай баласының берекесіздік істері айтылады. Бұған да жаңағы мақал дәл келетіні сөзсіз. Сондай-ақ, «Жауды аяған жаралы қалады» дейтін мақалдың да өмір шындығын бейнелеген халық әңгімесінен туғандығын, сол әңгімеде айтылатын жайларға жасалған қорытынды екендігін білеміз.
Мұның бәрі мақалдардың қайсысы болса да мазмұнды келетіндігін, мол оқиғасы бар әңгімеден туатындығын дәлелдейді. Халық мақалдары осындай оқиға, әңгімелерге жасалған қорытынды, тұжырымды түйін болып отырады. Ал мәтелдерде бұл секілді мазмұнды, оқиғалы әңгімелер өте аз кездеседі. Мәтелдер, көбінесе, сөз айшығы, көркем теңеу, сөз образы («Көппен көрген ұлы той», «Құрыққа сырық жалғап», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», «Тілге тиек жасап», «Ханнан қазық, биден тоқпақ» т.б.) ретінде қолданылады. Егер мақалда дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей келіп отырса, мәтелде бұл екеуінің бірі ғана болады. Мәтел айтайын деген ойын турасынын білдірмей, жанама түрінде, әртүрлі салыстыру, теңеу арқылы жеткізеді; кейбір сөздерін тыңдаушының (оқушының) өзі аңғарып түсінер деген оймен әдейі қалдырып кетеді. Бұл мәтелдің өзіне тән ерекшелігінің бірі болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет