Қазақ ертегілерінің жиналуы және зерттелуі
Қазақ ертегілерінің ел арасынан жиналып, хатқа түсуі, баспа жүзіне шығуы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан басталады деуге болады. Бұл ретте Шоқан Уәлиханов, Г.Н.Потанин, В.В.Радлов, Ә.Диваевтан (бұлардың қызметін кіріспе бөлімде айтқанбыз) басқа бірнеше адамдар айрықша еңбек сіңіргені байқалады. Олар А.Е.Алекторов, А.Васильев, Н.Пантусов, Бейбіт Дауылбаев, Ташмұхамбет Сейфуллин, О.Әлжанов, Жағыпар Айманов, Б.Досымбеков, М.Ибрагимов т.б.
Осы аталған адамдар сол кезде Орынборда, Омбыда, Қазанда, Астрахань мен Ташкентте шығатын газет-журналдар бетінде қазақ ертегілерін үнемі жариялап отырады. Олар өздері жинаған ертегілерді не орысша, не қазақша бастырады, кейде бір тілде ғана шығарады. Ертегілерді қазақ тілінде шығаратын болса (сөзі қазақша, әрпі орысша), онда қысқаша мазмұнын орысша аударады. Бұлардың жинаған материалдары өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап, «Дала уалаяты» газетінде, «Торғай облыстық ведомосында», «Ақмола облыстық ведомосында», «Орынбор газетінде», «Орынбор губерниялық ведомосында», «Астрахань газетінде» т.б. үзбей басылып тұрады. Қазақ ауыз әдебиетінің, соның ішінде ертегілердің көптеген үлгілері, әсіресе, Омбы мен Орынборда шығатын газеттерде молырақ жарияланады.
Жоғарыда аталған адамдардың ішінен қазақ ертегілерін жинап бастыруда айтарлықтай еңбек еткендер А.Алекторов, Н.Пантусов, А.Васильев, Б.Дауылбаев, Б.Досымбеков сияқты кісілер. Бұлар ел арасынан жинаған материалдарын төрт-бес газетке бастырып отырған және жеке жинақ етіп те шығарған. Мысалы, А.Алекторовтың жинаған ертегілері Омбы, Астрахань, Орынбор газеттерінде үнемі жарияланып келген және ол бір ертегіні бір ғана жерде бастыратын болған. Кейіннен ол өзі жинаған ертегілерін кітап етіп 1898 жылы «Киргизская хрестоматия» деген атпен екі тілде Орынборда шығарған.
Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін ел арасынан жинау ісіне белсене араласқан және бұл жөнінде асқан ұқыптылық жасаған адамның бірі Н.Пантусов болды. Ол жетпісінші жылдардан бастап қазақ елінің көп жерін аралайды, қазақ тілін үйренеді және жүрген жерінде ауыз әдебиеті нұсқаларын жазып алып отырады; жинаған материалдарын орыс тіліне аударады. Оның материалдары, көбінесе, «Дала уалаяты» газетінде (орысша аты «Киргизская степная газета») екі тілде үзбей жарияланып тұрады. Кейіннен ол «Қазақ-қырғыз тілін үйренушілерге көмекші материалдар» және «Қазақ халық әдебиетінің үлгілері» деген атпен 1899-1909 жылдар арасында (әрпі орысша, сөзі қазақша) жеті жинақ шығарады. Олары Қазан қаласында басылады. Бұл жинақтарға қазақ ертегілерінен көп материалдар енеді.
Қазақ ауылдарын көп аралаған, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, баспа жүзіне шығаруда бірсыпыра еңбек сіңірген адамның бірі – А.Васильев. Оның жинаған материалдары «Дала уалаяты» газеті мен «Торғай облыстық ведомосында» екі тілде үзбей басылып тұрады және «Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері» деген атпен 1897 жылы «Торғай облыстық ведомосының» елу шақты номерінде көптеген ертегілер басылады. Васильев жинаған «Үлгілер» 1898 жылы Орынборда (сөзі қазақша, әрпі орысша) жеке кітапша болып шығады. 1900 жылы «Дала уалаяты» газетінде «Бозжігіт», 1901 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жарияланды. Бұл екеуін де жинап, газетке бастырған А.Васильев болды.
Қазақ ертегілерін жинау, баспа жүзіне шығару жөнінде советтік дәуірде бірсыпыра жұмыстар жүргізілді. Егер Октябрь революциясына дейін бұл істі жеке адамдар ғана жүргізсе, советтік дәуірде оған ғылми-зерттеу мекемелері қатысады, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. (Бұл жөнінде кіріспе бөлімді қараңыз) Мұнымен қатар, советтік дәуірде қазақ ертегілері орыс тіліне аударылып бірнеше рет жеке жинақ болып шықты. Бұл ретте қазақстандық жазушы Л.В.Макеев пен профессор В.М.Сидельниковтың еңбектерін айрықша атауға болады88.
Октябрь революциясына дейін қазақ ертегілерін ел арасыннан жинап алушылар болса да, оны ғылми тұрғыдан баяндайтын үлкенді-кішілі еңбектер жоқтың қасы. Бұл ретте Потанин, Васильев, Диваев, Мелиоранский т.б. бірен-саран ғана мақалалар жазып, азды-көпті пікірлер айтқан. Олар көбінесе қазақ ертегілерін жинау керектігін сөз етті, бірақ үлкен ғылыми зерттеу еңбектерін жазу ісіне барған жоқ еді.
Қазақ ертегілерін ғылыми тұрғыдан зерттеу ісі советтік дәуірде қолға алынады. Алғашқы кезде бұл мәселе газет-журналдық мақалалар көлемінде89 орта мектепке арналған оқулықтарда90 идеялық-көркемдік жағынан алып қарауға көңіл бөлінеді. Қазақ ертегілерін зерттеу жайы осылай басталады да, кейіннен күрделі ғылыми еңбектер жазылады. Дегенмен, қазақ ертегілерін зерттеу жолында қате-кемшіліқтер де болмай қойған жоқ. Мұның ең бастысы – ертегілердің барлығын халықтық деп бағалау, таптық жігін, қоғамдық сырын ашпау, қай ертегі қай таптың идеясын көрсететіндігін анықтамау негізінде болып келді. Осының нәтижесінде екі мәдениет туралы лениндік ілім бұрмаланды. Бұл қате- кемшіліктерді түзете отырып, соңғы кезде халық ертегілерін бағалау, зерттеу жайында жаңа еңбектер жазыла бастады. Бұл жөнінде академик М.Әуезовтың еңбегін атауға болады91. Мұхтар қазақ ертегілерінің идеялық-көркемдік ерекшеліктерін, мүмкін болғанынша, тарихи даму жолдарын қарастырады, ертегілердің әдебиет тарихынан алатын орны анықтайды. Соңғы кезде ол қазақ ертегілерін зерттеу ісіне қайта оралады да, «Ертегілер» атты ғылыми еңбегін жазады92. Онда қазақ ертегілері жан-жақты алынып, молынан тексеріледі; мазмұнына қарай тақырыпқа бөлінеді; көркемдік ерекшеліктері де қарастырылады.
Достарыңызбен бөлісу: |