Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет41/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Аңыз әңгімелер
Қазақ халкының оқиғасын реалистік болмыстан, шындық өмірден алып ауызша шығарған көркем шығармаларының елеулі бір саласы – аңыз-әңгімелер. Аңыз-әңгімелердің алғашқы үлгілері халық үшін қызмет еткен және тарихта болған адамдардың, ісін, өмірін әқгімелеу негізінде туған. Мұндай адамдардың халыққа қамқор болып, халық намысын қорғағаны, бұл жолда жасаған әр алуан істері ел аузында аңыз-әңгімеге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Олардың аты, ісі ерте кезде жазу-сызу өнері болмағандықтан хатқа түспеген, тек халықтың аңыз-әңгімелерінде сакталған.
Сондықтан да әуел басында тарихи шындыққа, нақтылы деректерге негізделіп туған әңгімелер кейіннен халықтың ауызша айтатын аңыздары болып кеткен. Бұл әңгімелер бертін келе әр түрлі коғамдық жағдайларға, халық тілегіне сәйкес өзгеріп, жаңарып отырған, оған бергі заманның өмір шындығынан туған жаңа оқиғалар, көзқарастар қосылған. Солардың бәрінде жаңағы адамдардың аттарын айнытпай сақтай отырып, соңғы кездің тілектерін көрсететін аңыздар да туған. Мысалға, Алдар көсе жайындағы қазақ аңыздарын алсақ, оларда әр заманның ізі жатқанын байқаймыз. Онда хандар билеген заманның да, бертінде байлар мен сәудегерлер әкімдік еткен дәуірдің де елестері бар. Бұдан, бір жағынан, Алдар көсеге байланысты аңыздардың ерте заманда туғандығын аңғарсақ; екіншіден, бергі кездің де жай-жапсары суреттелгенін көреміз. Ел қиялы ертедегі Алдар көсені бергі заманға алып келгенде, бұрынғы аңыздардың кейіпкерлері арқылы соңғы кездің суретін беруді мақсат еткен деуге болады.
Аңыздардың әңгімесі тарихта болып өткен адамдар жайынан алынады дегенді біз шартты түрде (условно) айтамыз. Өйткені қазақтың аңыздарында аталатын Алдар көсе, Асан-Қайғы, Жиренше туралы тарихи деректер жоқ, тек аңыз-әңгімелер бар. Олардың қай ғасырда жасағанын да дәлдеп айту қиын. Бірақ солардай адамдар тарихта болуы мүмкін. Ерте кезде жазу-сызуы болмаған халық жаңағы адамдар жайында тек аңыздар қалдырған, онда тарихи адамдарды ауыз әдебиетінің кейіпкері етіп жіберген.


Алдар көсе
Қазақ арасында туған аңыз-әңгімелердің бірсыпырасы Алдар көсе жайында айтылады. Бұлардың бәрінде ол халықтың ақылды-айлалы ұлы, тапқырлығына қулығы сай, ер көңілді, өжет жігіті болып суреттеледі.
Алдар көсеге байланысты аңыз-әңгімелер тек қазақта емес, ағайындас қырғыз, өзбек, қарақалпақ, түрікмен елдерінде де бар. Осы елдерде айтылатын аңыздардың бәрінде Алдар көсе халық ұлы, көпшілік атынан күреске шыққан, қанаушы тап адамдарымен алысып өткен азамат бейнесінде келеді.
Қазақтың аңыз-әнгімелеріндегі Алдар көсе де сондай ер жігіт. Қазақ аңыздарының қайсысы болса да оқиғаны күлдіргі халге, өткір мысқыл, ащы әжуаға құрады, олардың бәріне Алдар көсе халық өкілі ретінде белсене араласып жүреді. Халықтың әңгіме-аңыздарының сүйікті кейіпкері болған Алдар көсе топас ханды, сараң байды, елді жегідей жеп жүрген саудагерді, әр түрлі діндар адамдарды мазақтап, күлкі етеді, олардың жағымсыз қылықтарын жұрт алдында жиіркенішті етіп көрсетеді. Осыған сәйкес аңыз-әңгімелерде халықтық тұрғыдан оның жағымды образы жасалады; Алдар көсені қалың көпшілік ортасынан шыққан және сол көпшіліктің мүддесі үшін күрескен адам етіп бейнелейді.
Алдар көсе жайында қазақ арасында айтылатын аңыз-әңгімелердің тақырыбы, мазмұны әр алуан балып келеді. Соның бәрі еңбекші бұқараның тұрғысынан айтылады. Мұны біз «Алдар көсе мен Алаша хан», «Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай», «Алдар көсе мен саудагер» т.б. аңыз-ертегілерден көреміз. Осы аңыздарда аталатын хан, бай, саудагерлерді Алдар көсе өзінің тапқырлығы, ақыл-айласы арқасында алдап соғады, ел алдында мазақ, күлкі етеді. Оларды Алдар көсе қара басының пайдасын көздеп алдамайды, халықтың намысын қорғау үшін, еңбекшілерді езіп келген қанаушылардан кек қайыру үшін алдайды.
Күлкілі сюжетке құрылған «Алдар көсе мен Алаша хан» дейтін аңыз-әңгімеде ел билеген хандардың топастығы мен қомағайлығы мысқылға алынады. «Алтын десе арын сататын, Алаша хан атты хан бар» дегенді естіп, оның үйіне Алдар көсе келеді. Ол ханға алтын егіп өсіретін өнері барлығын және биыл тұқымы жоқтықтан, егінге шыға алмай отырғандығын айтады. Сонан кейін Алдар көсе ханнан ат басындай алтын алады, оны егіп күзге қа-рай екі есе етіп қайырып бермек болып, кетіп қалады.
Күз де болады, бірақ Алдар көседен хабар болмайды. Бұған тынышсызданған хан Алдар көсенің үйіне жігіттерін жібереді. Олар келсе, Алдар көсе үйінде жоқ болып шығады. «Ағаң қайда кеткен?», – дейді жігіттер Алдар көсенің үйінде отырған қарындасына. (Бірақ олар қыз болып отырған Алдардың өзі екенін аңғармайды.) «Ағамның еккен алтыны биыл шықпай қалып еді. Ханнан ұятты болдым деп, ағам алтын іздеп кетті», – дейді қыз. Бұл хабар ханға жетеді. Хан жарлық беріп Алдар көсенің қарындасын сарайына алдырады, «Алдар көсе өзгеден кетсе де, қарындасынан кетпейді. Ол келгенше қарындасы менің екі қызыма қызметкер бола тұрсын», – дейді. Қыз түрінде хан сарайына енген Алдар көсе ханның екі қызына қызметкер болып тұра береді. Еріккен хан қыздары: «Құдай тағала үшеуіміздің біреуі-мізді жігіт етпеген екен», – деп өкінеді. Сол-ақ мұң екен, Алдар көсенің «қарындасы» дұға оқиды және хан қыздарына: «Тілекті құдай бере көр дей беріңдер деп айтыңдар», – дейді. Оның дұғасы қабыл болады да, өзіне еркектік белгі біткенін айтады.
Сол шақта көрші бір хан Алаша ханға кісі жіберіп, үлкен қызын: «Балама берсін, құда болайық», – дейді. Ол ханды Алаша хан менсінбейді екен. Сондықтан оның баласына өз қызын емес, Алдар көсенің қарындасын беріп жібереді. Келін болып түскен Алдар көсенің қарындасы отыз күн ойын, қырық күн тойы өткеннен кейін күйеуін алдап соғады, оның ат басындай екі алтынын алып, Алаша ханға қайтып келеді. Есіктен кіре бере, ханнан кешірім сұрай: «Еккен алтыным биыл шықпай қалды, сізден ұятты болмайын деп алтын іздеп кетіп едім, соны жаңа ғана тауып әкелдім», – дейді. Бұған разы болған хан: «Маған ренжімессің, сені өзімдік санап, өзің жоқта қарындасыңды күйеуге беріп жібердім, құтты жеріне қондырдым», – дейді.
Осы бір кезде құда ханның елінен шапқыншы келеді: «Қызың бәрімізді масқара етіп қашып кетті», – дейді Алаша ханға. Бұл хабарды естіген Алдар көсе жер, көкті басына көтеріп байбалам салады: «Менің қарындасым ешқайда да қашып кеткен жоқ, оны өлтіріп тастады», – деп өкіріп жылай береді. Алаша хан сасады. Құда ханның баласына үлкен қызын беріп разы етеді, ал Алдар көсе ханның кіші қызын және ол өзі әкелген ат басындай екі алтынды алып жөніне кетеді.
Күлкілі әңгімелерге қүрылған бұл аңызда да Алаша хан қатты алданып қалумен қатар, жұрт алдында әжуа, мазақ болады. Бұл аңыз, бір жағынан, феодалдық қауым шығарған «Қырық кісінің ақылы ханда болар» деген нақылдың терістігін көрсетсе; екіншіден, хандардың топас келетіндігін суреттейді.
Алдар көсе жайында қазақ арасында шығарылып, көпке тараған аңыз-әңгіменің күрделісі «Алдар көсе мен шық бермес Шығайбай». Бұл аңыз да сараң, қалтырауық, пейілі тар байлар жөнінде халықтың сыны, көзқарасы қандай екендігін айқындайды. Және де Шығайбай аңыз-әңгіменің жекелеп алған жексұрын кейіпкері ғана емес, ол сонымен қатар, өзі секілді ішетін асқа, киетін киімге жарымаған, сілкіп саларға сырмағы жоқ ертедегі қазақ байларының кескін-келбетін, олардың өрісі тар, өресі аласа ой-жүйесін көрсетеді. Ертедегі сасық байлардың өкілі ретінде алынған Шығайбайда, ең алдымен, адамгершілік қасиет жоқ. Ол малмен өріп, малмен жусаған тірі жан. Оның адам деген аты болмаса, сол атқа сәйкес сәні де, салты да жоқ; бар арманы: «Ішпей, жемей байысам екен». Сондықтан да ол іргесін елден аулақ салады, айдалаға жалғыз үй қонады; үйіне келген адамды қондырмайды, қондырса, ас бермейді және келген адамға «шық, әй» деп отырады. Сонысы үшін «шық-әй» дан алынып, Шығайбай атанады.
Өзінің сараңдығы, пейілі тарлығы, қалтырауық қасиетімен елге жек көрінішті болған Шығайбайды халық аңызы Алдар көсе арқылы онан әрі масқаралай түседі. Шығайбайдың қандай жан екендігін ел әңгімесінен естіп білген Алдар көсе енді оған өзі аттанады. Ол осыдан былайғы әңгімелерге араласа отырып, Шығайбай жайында ел арасында айтылып жүрген сөздерді растап шығушы ғана болмай, сараң байдың адамгершілік қасиеттен айрылып қалғандығын айғақтаушы да болады.
Шығайбайға келген Алдар көсе жабықтан қараса, байдың өзі қазы тіліп, бәйбішенің нан илеп жатқанын, қызы тырнаның жүнін жұлып, тоқалы бас үйітіп отырғанын көреді. «Осыдан дәм татпасам, Алдар атым құрысын» деп ол үйге кіріп келгенде, үй иелері қолдарындағы нәрселерін астарына тыға қояды. Келген адамға сыр білдірмеуге тырысқан сараң бай, «қулығымды асырам» деген оймен, әңгімеге кіріседі, Алдардан: «Не көрдің, не білдің?», – деп сұрайды. «Естіген – өтірік, көрген – шындық», – деп Алдар, жаңа ғана өзінің көргендерін тұспалмен әңгімелейді, жолда үлкен сары жыланмен соғысқанын айтады. «Осы айтқандарым өтірік болса, байдың астындағы қазыдай тілінейін, бәйбішенің нанындай иленейін, тырнадай жұлынайын, бастай үйітілейін», – дейді. Осыдан былайғы әңгімелер шық бермес Шығайбайдың сараңдығын аша түсуге құрылады да, өрістей, өрлей береді. Алдардан қулығын асырмақ болған Шығайбай әр түрлі әрекеттер де жасайды. Бірақ олары өз сорына құрылған тұзақ болып шығады, ет орнына сірі жейді, атынан және қойнына тыққан наны мен айранынан, қызынан айрылады. Дүниеқоңыз, сараң байды Алдар көсе осылай алдап соғады. Шығайбай жұрт алдында мазақ-күлкі болып қалады, оны алдаған Алдар көсені халық өзінің аңыз-әңгімелеріне қосып ардақтай түседі.
Алдар көсе елді жегідей жеп жүрген саудагерлерді, қожа-молдалар таратқан діни ұғымдарды да мазақ, күлкі етіп жүреді. Олардың да сорақы қылықтарын масқаралайды. Мәселен, бір саудагер өзінің барлық байлығын бәйгіге тігіп, жұрт алдында Алдарға былай дейді: «Екеуіміз бәйгі тігіп алдасайық. Егер алдасаң, менің бәйгіге тіккен барлық байлығымды ұтқаның, алдай алмасаң, ұтылғаның. Бірақ сен мені алдай алмайсың, мен алдатпаймын», – дейді. Сонда Алдар көсе: «Рас, мен сені бүгін алдай алмаймын, алдауыш таяғым үйде қалыпты. Оны барып әкелетін көлігім жоқ», – депті. «Менің жорғама мін де, алдауыш таяғынды алып кел», – деп, саудагер атын береді. Алдар көсе саудагердің атына мініп, олай бір, былай бір шауып өтеді де, қайтып келіп: «Алдады деген, міне, осы болады», – дейді. Менменсіген саудагер ұтылып, жұрт алдында күлкі, мазақ болады. Дін иелері халықты ығыстырып, надандық пен караңғылықтың торында ұстау үшін әр түрлі діни үгіт-әңгімелер таратқан болатын. Неше түрлі жын-пері, шайтандарды айта отырып, солар арқылы адам баласын қорқыту және олардан құтылу үшін дінге мүлгу керектігін ескертетін. Дін иелері айтатын осы ұғымдарды Алдар көсе бекерге шығарады. Мұны «Алдар көсенің шайтанды алдауы» деген аңыздан көруге болады.
Алдар көсенің халық ұлы, көпшілік мүддесін көздеген адам екендігін қанаушылар да білген. Олар ел алдында Алдар көсенің абыройын түсіру, халыққа жеккөрінішті адам етіп көрсету жайын да қарастырған. Осы ретте «Алдар көсе мен қойшы», «Алдар көсе мен егінші» дейтін әңгімелер туған. Бұл аңыз-әңгімелер халыққа жат, феодалдық орта тудырған шығармалар еді. Сондықтан да олар халық арасына көптен жайылып кете де қойған жоқ. Сонымен, халықтың Алдар көсе жайындағы аңыз-әңгімелері таптық, қоғамдық қарым-қатынастарды, халыққа жат, жексұрын қылықтарды сынап-мінеу, әжуа-күлкі етуге құрылады. Еңбекші бұқараның ортасынан шыққан айлакер, ақылы сергек, мысқылшы Алдар көсе арқылы халық әңгімелері ханды, байды, саудагерді т. б. жағымсыз түрде бейнелейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет