Ертегілердің мәні
Біз жоғарыда, шолу түрінде болса да, қазақ ертегілерінің әр алуан түрлерімен танысып өттік. Бұдан: ертегілердің халық өміріне, еңбек процесіне байланысты туғандығын, қоғамдық даму жағдайларына сәйкес өсіп ұлғайғандығын, халықтың арман-мүддесін, дүние танудағы ой-өрісін, таптық көзқарасын, тұрмыс-тіршілік және қоғамдық салт-сана жайларын т.б. бейнелегендігін байқадық. Бұлардың бәрін халық ертегілері әр алуан оқиғаларды суреттеп және басты кейіпкерлер арқылы баяндағанын аңғардық.Мұның өзі халық, ертегілерінің мәні зор екендігін көрсетеді. М.Горькийдің «Халықтың өткендегі тарихын, тұрмыс-тіршілігін, көзқарасын, ой-санасын білуіміз үшін ертегілер көп материал береді» деуі осыдан. Сондықтан да халық ертегілерін екі мәдениет туралы В.И.Ленин іліміне сүйене отырып, «қоғамдық-саяси тұрғыдан» қарап пайдалануға тиіспіз.
Халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезде туған ертегілер мен әдемі аңыз-әңгімелердің әдебиет тарихынан алатын орны да, мәні де үлкен. Халық ертегілері сюжет құру, образ жасау, тіл байлығын қолдану жөнінде жазба әдебиетінің алғашқы үлгілеріне көп әсер етті. Жазба әдебиетінің шеберлері осы күнде де халық әдебиетінен тіл байлығын үйренетіні, кейде оның сюжетін пайдаланғандығы белгілі. Бұдан халық ертегілерінің әлі де мәні мол екендігін байқаймыз.
Қазақ халқының ерте заманнан келе жатқан ертегілерінің ең әдемі, әсерлі үлгілері, халықтың тұрмыс-тіршілігін, арман-мүддесін, қоғамдық өмірін, таптық көзқарасын суреттейтін жоғарғы идеялы үлгілері – бүгінгі түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетімізге қосылған мол қазына болып табылады.
IV ТАРАУ
БАТЫРЛАР ЖЫРЫ
Қазақ ауыз әдебиетінің ертеден келе жатқан күрделі саласының бірі – батырлар жыры. Бұл жырлардың көпшілігі халықтың отанды сүю, басқыншы жаудан ел қорғау, халық үшін ерлік еңбек ету идеясынан туған. Басқыншы жаудың шапқыншылық шабуылдарына қарсы аттанған, одан ел-жұртын қорғап қалған батырларды, олардың ерлік істерін ардақтап халық аңыз-әңгіме, жырына қосқан. Сондай-ақ, халық адал еңбекті, еңбек адамдарының көпшілік үшін жасаған істерін де жырлаған, оған да ерік сипат берген. Еңбек адамдарының ерлік ісін ел қорғаған батырлардың ісінен кем санамаған. Сондықтан да бұл екеуі халықтың ерлік істі суреттейтін батырлар жырының негізгі әңгімесіне айналған.
Әрине, батырлар жыры бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол халықтың ертедегі тұрмыс-тіршілігіне, тарихына, қоғамдық өміріне байланысты туып, солармен бірге жасасқан. Сондықтан да батырлар жыры өзінің қалыптасып даму процесінде талай қоғамдық және таптық тілектерге сәйкес көптеген өзгерістерге ұшыраған; әрбір тарихи кезеңнің, қоғамдық және таптық ой – сананың, көзқарастардың алуандаған әсерін бойына жинай берген. Әрбір қоғамдық құрылыс, әрбір тап батырлар жырын өз тілегіне, өз мүддесіне сай етіп өзгертіп те отырған, олар батырлар жыры арқылы өздерінің қоғамдық және таптық идеясын таратуға тырысқан.
Сондықтан да біздің міндетіміз – екі мәдениет туралы В.И.Ленин іліміне сүйене отырып, талай ғасырмен бірге жасасқан, өзінің қалыптасып даму процесінде әр түрлі қоғамдық жағдайларға, таптық тілектерге сәйкес көптеген өзгерістерге ұшыраған батырлар жырын сын көзімен бағалау, олардың ішінен халық тілегіне сай келетіндерін іріктеп ала білу болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |