Қарт Қожақ
Жырда жағымды бейнеде алынған батырдың бірі – Қарт Қожақ. Оның ноғайлы жұртына даңқы шыққан, басқыншы жауларға қарсы күрестерде еліне қорған болған айбынды батыр екендігін халық жыры:
Қайнаған қара бұлттай.
Қайнап кеткен болаттай.
Сайдан шыққан бұлақтай,
Қабағы тастай түйілген,
Лашын құстай шүйілген,
Жеңсіз берен киінген173, –
деп сипаттайды.
Қарт Қожақ – көпті көрген, талай ұрыстарға қатысқан, талай жауын талқандап жеңген аға батыр. Ақшаханның жарлығы бойынша, Тарғыннан Ақжүністі айырмақ болып аттанған қалың қол, біраз жол жүргеннен кейін ақылға келеді. «Біз Тарғынды қуып жеткенімізбен, одан қызды айырып ала алмаспыз, қызды ол бермес те, қаһары келсе бәрімізді қырып та кетер», – деп кейін қайтады. Бірақ сол қол ішінде жасы алпыс беске келген қарт батыр алған бетінен таймайды да, жалғыз тарта жөнеледі. Бұл бұрынғы қайратына сенген Қарт Қожақ болады.
Жырда Қарт Қожақтың бес жасынан бастап, алпыс беске келгенге дейін өмірі, ел қорғау жолында жасаған ерлік істері Ақжүністің сөздерімен баяндалады.
Отыз беске келгенде
Қоңыраулы найза қолға алдың,
Қоңыр салқын төске алдың,
Жауды көрсең шүйілдің,
Көксерке атты борбайлап,
Қамалды бұздың айқайлап.174, –
дейді Ақжүніс. Оның бұл сөздері арқылы Қарт Қожақтың образы жасалады. Басқыншы жаумен кескілескен ұрыстарда қамал бұзған батырдың тұлғасын елестетеді.
Қарт Қожақ – қайырымды батыр, жастарға аталық мейірім көрсеткен, олардың бақытты болуына тілектестік білдірген адам. Оның адамгершілігі Ақшаханнан да асып жатады. Ақшахан өзінің жалғыз баласы Ақжүніс жөнінде қаталдық, мейірімсіздік жасап, оны өлімге қияды. «Кімде-кім қызымды қуып жетсе, сол алсын; қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын», – деп үкім шығарады. Сұлу қызды құшуға Қарт Қожақ та желігеді, баяғы жастық шағын есіне түсіріп, хан сарайын тастап қашқан екі жасты іздеуге аттанады. Бірақ Тарғын мен Ақжүністің бір-біріне сүйіп қосылған жастар екенін біледі де, алғашқы ойынан тез қайтады. Сондықтан да ол Тарғынның өзін атпай, қорамсағын атып түсіреді, жас батырды өлтірмейді, есіркейді. «Тарғынды Ақжүністің теңі және ноғайлының мықты батыры деп түсінген Қарт Қожақ, – дейді әдебиетші-ғалым Х.Жұмалиев, – алғашқы бетте «Ақжүністі аламын» деп қызумен шығып қалса да, тап өлтірер жерге келгенде, екеуін де аяйды, өлтіруге көзі қимайды. Өйткені бірі – ноғайлының найза ұстар батыры, екіншісі – аяулы аруы. Тарғынының орнына қалмақ, не басқа бір жауларының бірі болса, Қожақ оғын емес, өзін атқан болар еді. Онда ол елін жауға айырбастап, қарабасының қамын ойлаған қызды өлтіріп қайтар еді. Бұл жерде де елдік идея айқын, тентек ұл мен ерке қыздың әдетті аттауын ноғайлының қарт батыры кешіреді. Батасын беріп, оларға жол болсын айтады»175.
Қарт Қожақтың жырға жағымды кейіпкер ретінде қосылуының бір себебі осындай. Бұл ретте ол халық қадірлеген және ханнан да артық саналған батыр болып жырланады. Қарт Қожақты жағымды кейіпкер бейнесінде ала отырып, оның кейбір мінездерін халық жыры ашу-зілі жоқ әзіл-оспаққа айналдырады. Мұны ол кекетіп емес, қарт адамның мінезін күлдіргі етіп көрсету үшін алады. Мәселен, алпыс беске келген қарт батырдың қыз дегенде делебесі қозуын, оның Ақжүніске айтатын ебі жоқ сөздерін жыр майда-шуақ күлкі түрінде келтіреді. Ол өзінің сөзінде: «Сен неге жылайсың? Мені қарт деп жылаймысың? Иә болмаса, жаман деп жылаймысың?. Қарт та болсам мен жек көретін қарт емен! Ешкімнен кем емеспін! Сен бүйтіп жылай берме, тұр, жылама! Бетіңді аш! Маған көрсет: бетіңді, бойыңды да, қабағыңды да; жараса, аламын. Егер де бір жерің жарамаса, алмаймын», – дейді Ақжүніске. Қарт Қожақтың осы бір сөздері оның батырлық бейнесін кемітіп тұрған жоқ, қайта қарт адамға тән мінезді зілі жоқ күлкі ретінде әжуалап, әзілдейді. Мұнымен оның образы ұлғая түскендей болады.
Ханзада
Жырдағы ең жағымсыз кейіпкер – Ханзада. Ол халыққа зұлымдық жасаушы, арамдық әрекеті, әділетсіз ісі шектен асқан хандардың бейнесін елестетеді. Бұл ретте оны залымдық пен жауыздықтың, алдампаздық пен қорқаулықтың, ұяты жоқ екіжүзділіктің жинақталған образы деуге болады.
Ханзада ел талауды, бөтен елдің байлығын қолға түсіруді көздейді. Бұл мақсаттарын жүзеге асыру үшін Ханзада әр түрлі айла-амал қолданады. Ол айлакерлікпен Тарғынды да өз қармағына іліктіреді. Шаған бойындағы қалмақтардан ата мекенімізді қайырып әпер дегенде, оны ол халық қамын ойлағандықтан емес, өз қамын көздегендіктен айтады. Ханның бұл сөзіне түсіп қалған Тарғын аңғырттық жасап, белгілі мөлшерде ханның шабарманына айналады.
Ханзаданың ойы – кісі еңбегін, кісі күшін пайдалану. Өз тапсырмасын орындатқаннан кейін, оны орындаушы кісілердің келешегі, хал-жайы қандай болады, онымен Ханзаданың жұмысы болмайды. Ханзаданың тапсырмасын орындап келе жатып, Тарғын белінен шойырылады, мертігеді. Бірақ айлалы хан жаралы батырды осы тұста мықтап алдайды: «бір-екі күнде қайтып келемін», – деп Тарғынды тақыр жұртына тастап кетеді, айтқан уәдесінде тұрмай, екіжүзділік жасайды. Ханзаданың алдауына түсіп қалғандығын Тарғын соңынан ғана түсінеді. Мұны ол ызалана күйзеліспен еске түсіріп:
Атаңа нәлет, ақсүйек,
Елемеді өзімді,
Сыйламады сөзімді,
Жаудыратып көзімді –
Тастап кетті жұртына
Бір мертілген бел үшін.
Белімнен басқа жарам жоқ,
Ауызға жерге асым жоқ,
Біреу қайырылып келмейді,
Не болғаным білмейді,
Ер Тарғынды көрмейді.
Атаңа нәлет, ақсүйек,
Ойлап-ойлап қарасам,
Ханзада ханнан сараң жоқ176, –
деп толғайды, ханға деген зілді кегін шертеді, өзіне осындай опасыздық жасаған ханға қаһарын төгеді; оған халық қарғысын айтады. Тарғынның осы сөздерімен жырда Ханзаданың сұрқиялық бейнесі ашыла түседі.
Ханзада Тарғынды бір емес, бірнеше рет алдайды. Мертіккен белі орнына түсіп, Тарғын хан ордасына қайтып келгенде, Ханзада әр алуан зымияндыққа салынып, батырдан кешірім сұрайды, айыбына қызын бермек те болады. Оның алдауына Тарғын бұл жолы да түсіп қалады, ханмен келісімге келеді. Осы кезде ел шетіне жау келіп, шабуыл жасайды. Оған қарсы барарлық батыр – тек Тарғын. Бұл жайды түсініп отырған Тарғын ханның емес, халықтың намысын қорғамақ болып, жауға қарсы аттанады, жауды жеңіп, ноғайлы елін басқыншылардың шабуылынан құтқарады. Осы арада Ханзада тағы да сертін бұзып, уәдесінен танады. Тарғынға қызын бермек түгіл, батырды мазақ етеді. «Қожа мен төре тегінен шыққан адам емес екенсің, енді мен саған қызымды бермеймін», – деп Тарғынды кемітеді. Екеуінің арасында әлеуметтік теңдік жоқ екендігін ескертеді.
Ханның мұндай қорлығына шыдай алмаған Тарғын ашуланып, кетіп қалады. Оның бұл кетісінен үрейленген хан мен оның сыбайластары қатты сасады да, сол кезде жасы жүзден асқан Сыпыра жырауға сөз салады, батыр мен ханды келістіруді өтінеді. Ханның әрі ақылшысы, әрі жыршы-жырауы болған Сыпыра жырау Тарғын мен Ханзаданы татуластырады. Сыпыра жырау, бір жағынан, ханын сынайды, өтірікшілігін айтып бетіне басады; екіншіден, Тарғынды да сынайды: «Бір қыз үшін ел-жұртыңды тастап кетуің ер басына келіспейтін іс», – дейді. Сөйтіп, ол хан мен батырды ымыраластырып табыстырады. Бұл арада, қазақ әдебиетінің тарихын зерттеушілер дәлелдегендей177, Сыпыра жырау хандық үстемдіктің қаймағы бұзылмауын қарастырған адам болып шығады. Жыр Сыпыра жыраудың да өз табының мақсатын көздегенін көрсетеді.
Ханзадамен табыса тұрса да, Тарғын одан кетіп қалады. Ханның қасына қалудан пайда жоқтығын аңғарады. Оны Тарғынның:
Иірімі жоқ суларға
Иірілген шабақ не табар?
Қайырымы жоқ сұлтанға
Ерген нөкер не табар?
(Батырлар жыры, 393-бет) –
деген сөзінен көруге болады. Жалпы алғанда жырда Тарғын бірде өз елінің ханымен де, кейін Ақшаханмен, одан соң Ханзадамен де сырттай болмаса, іштей жақындасқан адам болып суреттелмейді. Хандардың залымдық істерін білісімен-ақ, Тарғын олармен сыйысып тұра алмайды, бойын аулақ салады. Бұдан халықтың Тарғын арқылы хандарға берген бағасы да, көзқарасы да айқын көрінеді.
Тарлан
Батырлар жыры ел қорғау жолында батырға көмекші болған, қызмет еткен тұлпарды сүйсіне жырлайтындығын, «Ер қанаты – ат» екендігін өткен тарауда айтқанбыз. Батырлар мінетін тұлпарларға біткен қасиеттер Тарғынның Тарланында да бар. Тарлан – батырға көптен жолдас болған және оны батырдың өзі бағып, өзі өсірген тұлпар.
Құлын емдің, тай емдің,
Құнан жаста арда емдің.
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім.
Алты жаста ақтаттым,
Алшақтаттым, ойнаттым.
Жеті жасқа келгенде,
Арпа, бидай асаттым.
Жер дүңкілдеп желгенде,
Дұшпан көзі қорықты,
(Сонда, 385-бет.) –
дейді Тарғын. Құлынынан өз қолында өсірген, өзі үйреткен Тарлан батырдың сенімді досы есебінде қызмет атқарады, батырмен бірге ел қорғау ісіне араласады, жорық жолдарының ауыртпалығын иесімен бірдей көреді. Тарғын мертігіп, ауыр күйге түскеніне қапаланған кезінде батыр көп жылдар жолдас болған тұлпарымен сырласады. Бұл батырдың Тарлан секілді тұлпарын аса қатты ардақтағанын білдіреді. Кейбір жағдайларда Тарлан біреудің келе жатқанын пысқырумен, алқынып терге малынатын кезі болса, тарпынуымен батырға сездіріп те отырады. Тұлпарына сырмінез болған Тарғын Тарланды осынысы үшін де жоғары бағалайды, оның сырт сипатына да сүйсініп қарайды.
От орнындай, тұяқтым,
Омыртқаң бар отаудай.
Құйрығыңа болайын:
Қынаптан шыққан қанжардай!
Жалыңа сенің болайын:
Күлтелеген жібектей!
Шықшытына болайын:
Орылып жатқан көбектей!
Қабағыңа болайын:
Қара албасты қабақтай!
Сағағыңа болайын:
Піскен алма сабақтай!
Екі көзіңе болайын:
Қорқыт жаққан шырақтай!
Танауыңа болайын:
Түбін алған шелектей!
Құлағыңа болайын:
Омырауыңа болайын:
Көлге біткен құрақтай!
Еділден шыққан аңғардай!178 –
деп, жыр Тарланның суретін көз алдына әкеледі. Мұндай тұлпарға тек батыр емес, жырды тыңдаушы да сүйсіне, құмарта түседі. Тарлан секілді тұлпарлар ел қорғау үшін ғана емес, күнделікті тұрмыста да айрықша орын алатындығын аңғартады.
Достарыңызбен бөлісу: |