Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



бет67/89
Дата23.12.2023
өлшемі0.68 Mb.
#487655
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   89
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Назым мен Алшыораз
Әзімбай балаларының ішінен бөліп алып, жырдың жағымды кейіпкер бейнесінде суреттегені – Назым мен Алшыораз. Бұлардың жағымды кейіпкер болуы – тоқсан үйлі тобыр арасынан шыққан Қамбардың адамгершілігін, ел үшін жасаған ерлік істерін дұрыс бағалай білуінде.
Алты ағаның ортасында ерке өскен Назым өзіне тең жар–жолдас іздегенде мыңды айдаған байдың мырзасына көз салмайды. Ол жұрт мақтап, халық қадірлеген Қамбарға көрмей тұрып ғашық болады. Көк жорғамен жігіт тобын аралағанда, бірде-бір жігіт оған ұнамайды. Оның ойы, есі-дерті – Қамбарда. Жиналған жігіттердің арасынан Қамбарды кездестіре алмаған Назым:
Жақсы көріп жүр еді,
Мақтауын естіп білгелі,
Қандай түрлі екенін
Көзімен көріп білмеді,
Сұлу да қайтты үйіне
Ер Қамбар болып сүйгені,
(Сонда, 417-бет.) –
дейді. Сондықтан да ол жұрт мақтауымен өзі сырттай ғашық болған Қамбарды қайтсе де кездестіруді арман етеді. Әр түрлі амал жасайды, бірақ оған Қамбар көңіл аудармайды. Қамбардың мұнысы өзінен басқа сұлу, ақылды қыз жоқ деп білетін Назымға қатты батады, құмары арта түседі. Қамбармен сөйлесу, оған қосылып жар – жолдасы болу Назымның үлкен арманына айналады. Халық жыры Назымның бұл әрекетін, Қамбарды сүюін, қара басының қамын ойлағандық немесе балалық деп мұқатпайды, қайта оны құптайды; халық ардақтаған батырды қадірлегендік деп біледі. Бұл ретте жыр Назымды оның ақылсыз, дарақы ағаларына қарсы қояды да, олардан Назымның ақыл-ойы артық екендігін көрсетеді.
Назымды жақтаушы Алшыораз болады. Әзімбай балаларының ішінде ақылы бар естісі де, алды-артын байқастыратыны да – осы Алшыораз. Жыр оны ақылды, өжет, намысқор, белгілі мөлшерле батырлық ісі бар адам етіп суреттейді және оны Қабыршақ, Дараз, Қораз, Қарымсақ секілді ағаларына қарсы қояды. Қарымсақтар Назымды Қамбарға қосу былай тұрсын, батырдың Назыммен сөйлескенін де көре алмайды, оны «сүйек сындырғандық, қорлап басынғандық» деп біледі де:
Қорлағаны емес пе,
Жалаң аяқ жарлының
Жүргені бізге жақындап?.
Ақ семсерді қолыңа ап,
Маңдайын жарып, басын шап,
Жерге түссін мойыны,
Келеді кіммен ойыны,
Қызға таңсық мырзаның
Қылышпенен көңілін тап,
(Сонда, 433-434 беттер.) –
десіп айқай-сүрең шығарады. Мал мен байлығының көптігіне мастанып, бақ-дәулеті өмір бойына кетпейді деп түсінетін ағаларының топастығын Алшыораз олардың бетіне басады. «Екі талай күн туа қалса, паналайтының Қамбар», – дейді де, Қамбармен жақындасуды, оған өзінің теңі деп Назымды қосуды ұйғарады:
Қарындасың кем болмас,
Батырдың түссе жеміне.
Ағайынмен ойласып,
Назым жанды қосайық
Қаласа құдай теңіне, –
дейді Алшыораз. (Сонда,435-бет.)
Қалмақ ханы Қараман Әзімбайға кісі салып, Назымды сұратады: «Берсе, қолынан, бермесе жолынан», - дегенді айтып күш көрсетеді. Осы кезде бастығы Әзімбай және оның батырсынып жүретін ақылсыз балалары жау аяғына «құлдық» деп жығыла кеткен шақта, Қараманға қарсылық білдірген тек Алшыораз болады. Ол қалмақ ханының басынғандығына намыстанады да, Қараман жіберген құдаларды соққыға жығып қуып жібереді. Бұл істің ақыры насырға шабатынын және жалғыз өзі Қараманға қарсы қайрат көрсете алмайтындығын біліп, ақылмен жол табады; хал-жайын айтып, Қамбарға Жәдігерді аттандырады, батырдан күш-көмек сұрайды. Мұның бәрі Алшыораздың ақылы, намысы бар, өжет, ер жігіт екендігін сипаттайды. Сондықтан да оны халық жыры осы ісі үшін де «намысты нанға сатпаған» ер азамат деп құрметтейді. Қамбар келіп, Қараманға қарсы күреске шыққанда Алшыораз да ерлік көрсетеді. Қамбарға қосылып, жау әскерлерін қуысады. Бұл ретте де халық Алшыораздың ерлігі бар, ақылсыз ағаларынан әлдеқайда артық адам деп жырына қосады.


Әзімбай
Жырдағы жағымсыз кейіпкердің бірі – Әзімбай. Ол – кісі еңбегімен мал жиған, соған масаттанған, бірақ қиыншылық іс түскен кезде қолынан ешнәрсе келмейтін қорқақ адам. Әзімбай образы халық жырында екі түрлі мәселенің бетін ашу үшін алынған. Біріншіден, Әзімбай арқылы халық жыры езуші мен езілушінің арасындағы таптық жайларды елестетуді, оның ерте заманнан келе жатқандығын аңғартуды көздейтіндігі байқалады.
Басқа жырларға қарағанда, таптық қарым-қатынас «Қамбар батыр» жырында ашығырақ көрінеді. Мұны ол ең алдымен Әзімбай образы арқылы, оның халықты менсінбеушілігі мен тәкаппарлығын суреттеу арқылы елестетеді. Езуші таптың өкілі ретінде алынған Әзімбай байлық, сән-салтанатына масаттанады, еңбекші халықты менсінбейді, оған жиіркене қарайды. Ол Келмембетке айтқан сөзінде:
Ертелі, кеш шұбырып,
Қонады мейман ағылып,
Кедейлер мені көрмесе,
Қалады, - дейді, - сағынып;
Отымның басын бермейді,
Іздеген жоғы табылып, (Сонда, 437- бет.) –
деп, халықты кеміте, жамандай сөйлейді. Бұдан езуші таптың еңбекші халыққа қалай қарағандығы айқын көрінеді.
Екіншіден, Әзімбайды халық жыры «екі талай күн туғанда» елге пана болатын кім екендігін көрсету үшін алады. Әзімбайлар байлығына сүйеніп гүпілдегенімен де, қамауға алған шақта қатты сасады, қайрат көрсетіп қарсы тұрарлық күш таба алмайды. Қайта, жаудың аяғына бас ұрып жалына бастайды, жан сауғалайды. Мұндай жағдайда ерлік жасайтын тек халықтың өзі болады. Қандай қиыншылықтар болса да, қандай жау келсе де оларға төтеп беретін, талқандап жеңетін халық, оның қаһарлы күші екендігін жыр тарихи шындық тұрғысынан баяндайды. Бұл ретте, жыр еңбекші халықты езуші тапқа қарама-қарсы қойып, салыстыру жасайды да, халықтың сарқылмас күшін, батырлық бейнесін сипаттайды, қоғам тірегі халықтың өзі деген қорытынды шығарады; Әзімбайлардың қолынан ондай ерлік іс келмейтіндігін бейнелейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   89




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет