Арбау, жалбарыну өлеңдері
М.Горький Совет жазушыларының бірінші съезінде жасаған баяндамасында ертедегі адамдар жаратылыс дүниесін, табиғат сырын білмегендіктен, әрбір күшті нәрсені жаратушы, жарылқаушы деп ұғынғандығын дәлелдейді. Сондай-ақ, ертедегі адамдар өзіне түсініксіз болған жаратылыс құбылыстарына әр түрлі сырлы сөз, арбау, жалбарыну арқылы әсер етпек болғандығын, мұның өзі халықтың ауыз әдебиетінен орын алғандығын атап айтады.
Бұл алуандас өлеңдер қазақ ауыз әдебиетінен де кездеседі және олар ескі заманнан келе жатқандығын, тіпті көптеген нұсқалары шамандық ұғымнан туғандығын аңғартады. Ертедегі адамдар жаратылыстың әр түрлі күшті құбылыстарын, мәселен, бұлтты, жауынды, дауылды т.б. «құдай», «жаратушы» мағынасында ұғынған, бастарына қиыншылық түскен кезде сол «тәңірлеріне» жалбарынып, жәрдем сұрайтын болған. Мұны қазақтың «бұлт шақыру», «күн жайлату» жайында шығарған жалбарыну өлеңдерінен көруге болады. Әрине, бұлардың бәрі – ескі шамандық дәуірден қалған шығармалар. Ол кездегі адамдар өздерінің жан жүйесін босататын сырлы сөз деп өлеңді пайдаланған. Айтайын деген ойын шұбалаңдатпай, оралымды түрде жеткізу үшін ыңғайлы деп өлеңді қолданған, «құдайларымен» өлең арқылы сөйлесіп жүрген. Аталған өлеңдер қалай болса солай, кез келген жерде айтыла бермеген. Олар белгілі бір қиыншылық, қауіп-қатерлі жағдайларға байланысты айтылған және оған әр түрлі ырымдар жасалған. Мұндай жағдайда айтылатын өлең де, жасалатын ырым да қасиетті деп саналған.
Қазақ ауыз әдебиетінде ескі шамандық ұғымға байланысты туған өлеңдердің бір тобы – «күн жайлату», «бұлт шақыру» деп аталады. Бұл өлеңдер жауын-шашын болмай, құрғақшылық жағдайға ұшыраған кезде айтылған. Оларды айту үшін белгілі шарт, ырым жасалынған, қылаң не ақ боз мал сойылған. Ескі түсінік бойынша, аталған жануарлардың ішінде үлкендігі асықтай қызыл тас болады-мыс. Мұны «жай тас» деп атаған. Сол тасты алып, ішіне су құйылған бір ыдысқа салған, содан кейін жауын-шашын жіберетін «құдайларға» жалбарынған. Мұндай жалбарынудың сөзін дем алмай айту шарт болған, олай етілмесе, күн жаумайды-мыс. Мысалға, Алматы жағында ерте заманда айтылып жүрген «бұлт шақыру» өлеңінен үзінді келтірейік:
Ат басындай, ақ бұлт,
Қой басындай, көк бұлт
Қоғалы көлдер құрыды,
Құба жондар шөлдеді,
Қолдан қара жауын бер!.
Жандай досым, ақ бұлт,
Омыраудан соқ бұлт!.
Ескек желді, сұр бұлт,
Еріктірмей жете көр! –
дейді.
Болмаса, осындай жалбарыну өлеңінің тағы бір түрін алайық. Бұл өлеңде көк тәңірісіне арнай:
Тасырқасаң, тас жаудыр,
Қаһарлансаң, қар жаудыр,
Бұрқандансаң, мұз жаудыр,
Мұздай темір құрсандыр.
Кел, кел, бұлт, кел бұлт,
Екі енеге, тел бұлт!
Ағысы қатты сулардан,
Ширай соғып, кел бұлт!
Шөптің басы жерлерден,
Жүгіре соғып, кел бұлт.
Қайың басын қайыра соқ,
Арша басын айыра соқ,
Тобылғы басын толғай соқ,
Атан түйе жыға соқ,
Үзеңгіні үзе соқ,
– Тебінгіні тесе соқ!65
дейді.
Сондай-ақ, ертедегі адамдар малды немесе адамды жылан, бүйі, қарақұрт, бәленгі шаққанда әр түрлі ырым жасап, арбау өлеңдерін шығарған. Арбау өлеңдері арқылы жыланның немесе қарақұрттың уытын қайыруға, өздерін арбап әлсіретуге болады деп түсінген. Олар әрбір жәндіктің жаратушысы, құдайы болады деп ұғынған және оларға сөз арқылы әсер етуді қарастырған. Бұл үшін арбау өлеңдеріне ең күшті деген заттардың атын қосып, әр түрлі құдайлардың атын айтып, адамды не малды шағатын жәндіктерді қорқытқан, ұрсып зекіген. Сөйтіп, ертедегі адамдар улы жәндіктерді өзіне бағындыруды, уын қайыруды, әлсіретуді көздеген, шағылған малды не адамды жазып алуды мақсат еткен66.
Арбау өлеңдері, көбінесе, улы жәндіктердің немесе олардың жаратушы иелерінің аттарынан құралады және үрейлі, жан түршіктіретін, қорқыныш енгізетін, сескендіретін сөздерді қолданады. Кейде адам түсінбейтін, бірақ жәндіктер ғана түсінеді деген оймен айтылған сөздер де арбаулардан орын алып отырады. Мұның бәрі ертедегі адамдардың ойынша, улы жәндіктерді арбап отырып буындыратын, байлап тастайтын, оларға қатты әсер ететін сөздер болған. Мысалға, жылан шаққанда айтылатын арбаудың бір түрін келтірейік:
Кер, кер, кер, жылан,
Кереге басты мер жылан,
Бір жылан бар – сұм жылан,
Бір жылан бар – сұр жылан,–
Бір жылан бар – жеті жылға ту жылан,
Құралай таудың басынан,
Қуып келген, қу жылан,
Пайғамбардың демінен
Дегелек келді, шық жылдам!67
деп, әмір бере сөйлейді. Болмаса, бүйі шаққанда айтылатын арбауды алайық. Мұнда былай делінеді:
Бүйі, бүйі, бүйі, шық,
Зығарыңды жаймай шық,
Отыз омыртқадан шық,
Қырық қабырғадан шық!
Менің атым Найман-ды,
Ту биенің етіне
Турап берсең тойман-ды,
Енді сені қойман-ды68. –
Ал, қарақұрт шаққанда айтылатын арбау сөзі жоғарыда мысалға алған арбаулардан басқарақ болып келеді. Ең алдымен, мұның сөз саптасы өзгеше. Бұл арбау адам түсінбейтін сөзден құралған болады. Оның себебі арбауды қарақұрттың тілінде сөйлетуді мақсат еткендіктен болу керек. Мысалы:
Ай, қай мекрі, қай мекрі,
Жылан мекрі, шаян мекрі,.
Күллі, күллі, күллі мекен,
Күллі ел мұрыт,
Әзгер, мүзгер,
Жия-жия, пара-пара.
Шық, тәңіріден парман келді!69 –
делінеді. Осы үзіндіде келтірілген сөздердің бәріне жуығы түсініксіз. Арбаудың бұл секілді түсініксіз сөздермен айтылуы «қарақұрт тілінде сөйледім» дегеннен туған болу керек.
Қазақ арасында ертеде айтылып келген арбаулар осы тәрізді болып келеді. Қай арбауды алсақ та, улы жәндіктерге зекіру, қорқыту, бұйыра сөйлеу басым болатындығы байқалады. Бәленгі шаққанда айтылатын арбауда:
Тас төбеңнен түсермін,
Таң ұрғандай қылармын,
Танауыңды тілермін!70, –
дейді.
Сонымен, қорыта келгенде, қазақтың жалбарыну, арбау өлеңдері ертедегі адамдардың ой-дүниесі қандай болғандығын аңғартады. Бұл алуандас шығармалар адам баласының сана-сезімі төмен сатыда тұрған кезінде, қараңғылық пен надандық дәуірлеп тұрған жағдайда туғандығын көрсетеді. Сондықтан да бұл шығармалар көп заман бойына қазақтың ескілікті тұрмыс-салтымен ілесіп келгендігін білдіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |