Бақсы сарыны
Қазақ әдебиеті тарихын зерттеушілердің айтуына қарағанда, «бақсы» деген сөз және оған байланысты ұғым ерте заманда, шамандық дінге сүйенген кезде туған. Бұл ұғым жалғыз қазақ арасында емес, түркі тектес елдер мен монғолдарда болған. Олардың бәрі де, ерте кезде, «бақсы» деп оқытушы ұстазды, балшы-дәрігерді, қобызшы-күйшіні, музыкантты, ақынды атаған71. Мұнымен қатар, ертедегі адамдардың түсінігінше, бақсы құдайдың айырықша жаратқан адамы болған; әрі сиқыры бар, әрі аруағы бар, жұртты жарылқаушы деп білген, бақсылардың қолынан келмейтіні, олардың білмейтіні жоқ деп түсінген.
Ой-өрісі, сана-сезімі төменгі дәрежеде тұрған адамдар, мұндай ұғымдарға нанатын болған. Бақсылардың аруағы бар, «жыны» бар, солар арқылы өздерінің иелерімен сөйлеседі, көмек-жәрдем алады деп сенген. Қараңғы халықтың бақсылар турасындағы түсініктерін ертеде үстемдік еткен тап көпшілікті өзіне бағындыру үшін пайдаланған, бақсылар айтатын әртүрлі сенім-нанымдарды қалың жұртты уысынан шығармай ұстаудың әдісі еткен.
Ерте кезде өздерінің кәсіп-қызметін атқару үшін бақсылар поэзияны, ән-күйді молынан пайдаланған. Осы негізгі қазақтың ауыз әдебиетінде «бақсы сарыны» деп аталатын өлең-жыр, күйлер туған. Олардың біразын сол бақсылардың өздері шығарған. Бұл шығармаларын олар, көбінесе, ауру адамды не ауру малды емдемек болғанда немесе «күн жайлатып, бұлт шақырғанда» орындап жүрген. «Бақсы сарыны» осындай жағдайда орындалатын болғандықтан, бақсылар өздерін «аруақты», «киелі» етіп көрсету үшін, жоғарыдағы жаратушымен «тілдесетін қасиеттері» барын білдіру үшін өлең, күй арқылы «жындарын» шақыратын болған. Бұл ретте олар әр түрлі әдістер қолданған, жиналған жұрттың денесін түршіктіріп, қорқыныш-үрей салатын, зәресін ұшыратын құбылыстар жасаған, көздерін алартып, тістерін шықырлатып аласұрған. Мұнымен қатар, олар адамның сезіміне әсер ететін күйлер тартқан, өздерінің «жындарын» адам қорқатын жәндіктер бейнесінде суреттеп өлеңге қосқан. Мәселен, ауруды емдегенде:
Кереге бойлы кер жылан,
Керілмей-ақ, кел, жылан,
Үй айнала сұр жылан,
Сумаңдамай, жүр жылан,
Алты жылан ат етіп,
Екі жылан қамшы етіп,
Алты құлаш, ақ жылан,
Белдемеден соқ, жылан.72 –
дейді. Осындағы жыландардың бәрін бақсылар өздерінің «жыны», «киелі аруағы» деп көрсетпек болады. Бұларды атай, шақыра отырып, адамға кездескен кеселді, ауруды қумақ болады; жыланның өзі түгіл, атынан қорқатын адамдарға әсер етуге тырысады.
Бақсы сарыны тыңдаушыға арналғандықтан, сөз саптасы жағынан екпінді, әсерлі болып келеді, қайтсе де тыңдаушысына әсер етуді көздейді. Сондықтан да бақсылар өздерінің «жындарын» шақырғанда әсерлі сөз, теңеу табуға тырысады. Бұл ретте олар ауыз әдебиетінде, әсіресе батырлар жырында жасалған күшті образдарды пайдаланады. Мәселен, «Досмырза бақсының сарыны» дейтін сарында, бақсы өзінің «жынын» жирен тұлпар бейнесінде алады да:
Төрт аяқты болатты,
Жал-құйрығы қанатты,
Адымы жерді қуырған,
Аузы шөпті суырған,
Қиған қамыс құлақтым,
От орнындай тұяқтым,
Үзенгісі үзбе алтын,
Тебінгісі терме алтын,
Құйысқаны құйма алтын,
Жүгені бар түйме алтын.73 –
деп суреттейді, сөзін түйдектете, екпіндете айтады. Бұл ретте олар батырлар жырының жеті-сегіз буынды өлең үлгісін қолданады. Айтайын деген ойын түйдектете жеткізу үшін өлеңнің оралымды түрі – жырды пайдаланады.
Бақсылар айтатын сарынның көпшілігі осы тәрізді болып келеді. Қай сарынды алсақ та, бақсылар өздерінің «жындарын» адам ұғымындағы ең күшті заттарға теңеп отыратындығы байқалады. Олар өздерінің «жынын» кейде «жеңсіз берен киінген, лашын құстай түйілген» деп қалың жауға қарсы шауып, қамал бұзған батыр бейнесінде, кейде «қызыл шұбар айдаһар», «қара шұбар жолбарыс», «азу тісі балғадай қара бура», «бір мүйізі жер тіреген, бір мүйізі көк тіреген көк бұқа», болмаса әлем дүниесін бұрқ-сарқ еткізген қара бұлт, қарлы дауыл бейнесінде алады. Кейбір ұзақ айтылатын сарындарда бақсының бір емес, бірнеше «жыны» суреттеледі, оларды адам ұғымындағы ең күшті нәрселерге теңей, салыстыра отырып жырға қосады, тыңдаушының көз алдына елестетпек болады. Сөйтіп тыңдаушының есінде қаларлықтай, әсер етерліктей образдар жасайды. Өздерінің «жыны» тегін емес, әрі күшті, әрі «киелі» екендігін білдірмек болады, қараңғы халықты нандыру, жоқ нәрсеге сендіру жағын қарастырады.
Әрине, бақсылар әсерлі күй, түйдектете, екпіндете айтатын өлең-жыры арқылы өздерінің «аруақтары» мен «жындарын» шақырып қана қоймайды, сонымен қатар, олар өз құлқынын, қамын да ойлай жүретін көрінеді. Ауру адамды емдеу үшін «жынын шақырған» бақсы:
Мына ауруды көріңіз,
Етер бұған ем бар ма?
Салар бұған деп бар ма,
Айтатұғын мал бар ма,
Шығатұғын жан бар ма?74, –
деп, жұртты қорқыта келеді де, ауруға істеген «емі» үшін алатын ақысы қандай екенін аңғартады.
Бақсы сарыны қараңғы қазақ арасында Октябрь революциясына дейін орын алып келді. Бұл сарынды бақсы-балгерлер пайдалана отырып, дін үгітін жүргізу, халықтың басын айналдырып, ескі наным-сезімге табындыру жағын қарастырды. Сондықтан да біз бұл сарындарды өткен кезде, адамдардың дүние танудағы ой-өрісін, көзқарасын аңғару үшін ғана атап өтеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |