Мәлік Ғабдуллин Қазақ халқының ауыз әдебиеті



Pdf көрінісі
бет89/101
Дата11.11.2022
өлшемі2.53 Mb.
#464606
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   ...   101
1ТОМ. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ-2014. т

Жанақтың жыры 
Жанақтың 
өмірбаянын, 
ақындық 
қызметін 
баяндайтын деректер өте аз. Шоқанның айтуына 
қарағанда, Жанақ ірі ақын және асқан қобызшы болған. 
Оның өлең, жырларын тыңдаған Шоқан: «Жанақ нағыз 
ақын, жыршы еді», – дейді. Біржанмен айтысқа түскен 
Сара да осыны айтады. Жанақтың әрі қобызшы, әрі атақты 
алғыр ақын екендігін еске түсіреді. 
Жанақ ақындар айтысы арқылы ақындық атқа ие 
болған, ол өз кезінде көптеген ақындармен айтысқа түсіп, 
талайды сөзбен буған ақын. Оның бір-екі айтысын Сәкен 
Сейфуллин «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931 ж.) 
деген кітабына енгізген. Соның бірі Жанақтың Түбек 
ақынмен айтысы. Есмағамбет Исмайловтың мәліметтеріне 


қарағанда, Түбек «XVIII ғасырдың ақыры мен ХІХ 
ғасырдың басында жасаған»
206
.
Жанақ өз кезінде Жетісу, Семей жақтарын көп 
аралаған, сол маңдағы ақындармен айтысқа түскен және 
үлкен жырлар айтып жүрген. Бірақ та оның «Қозы 
Көрпеш-Баян сұлудан» басқа тағы қандай жырлар 
айтқанын мәлімдеу қиын. Өйткені басқа жырлары 
сақталмаған секілді. 
Жанақтың айтуындағы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» 
жырын ел арасынан жинап, 1936 жылы бастырған Мұхтар 
Әуезов болды. Мұхтардың айтуына қарағанда, Жанақ бұл 
жырын Сыбанның төресі Солтабай дегеннің үйінде жатып 
айтыпты деген сөз бар дейді
207
. Содан оны басқа ақын 
жыршылар үйреніп алып, елге таратыпты, кейінгі айтушы 
ақындар Жанақ нұсқасына біраз өзгерістер де енгізеді, 
Қозы мен Баянды арман-мүддесіне жеткізіп, өлтірмей тірі 
қалдырады. Мұнысы Жанақ жырына қосылған жамау 
сияқты дейді Мұхтар. 
Жырдың Жанақ айтты дейтін варианты Жанақтың өз 
аузынан емес, Бейсенбай деген жыршының айтуынан 
жазып алынған. (Бейсенбайдың айтуынша жырдың аяғы 
осы делінеді). Жанақтан Шоқан жазып алған вариант әлі 
күнге табылған емес. Сондықтан, жырдың Жанақ 
вариантына бергі ақындар қандай өзгерістер қосқанын 
анықтау киын. Бірақ та бұл жөнінде Мұхтар Әуезов аса 
орынды пікір айтады. Ел арасына тараған Жанақ жырының 
бір түрінде өлетін Көсемсары емес, Қозы Көрпештің өзі, 
онда жыр аяғы қайғылы халмен бітетін еді, ал жырдың 
қуанышпен аяқталуы Бейсенбай ақынның қоспасы, 
өзгертуі болып табылады, - дейді. Біздіңше, бұл дұрыс 
206
Е.Исмайылов, Ақындар, 1956 ж., 100-бет. 
207
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу», жинаған М.Әуезов, 1936 
жыл, 5-бет. 


пікір. Өйткені жыр оқиғасының дамуына қарасақ, 
Қозының өлмей тірі қалуы мүмкін емес. Демек, бергі 
айтушы ақындар Жанақ вариантын өңдеп өзгерткен. 
Жанақ жырлаған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» негізінде 
халықтық жыр. Сюжет құрылысы, оқиғаны дамытуы 
жағынан болсын, көркемдік-шеберлігі, образ жасау 
жағынан болсын, бұл күрделі шығарма. Мұнда да жырдың 
басты тақырыбы – ескі әдет-ғұрып, тұрмыс-салттан 
алынады.
Ескі рушылдық, феодалдық қоғамда туып белгілі 
праволық нормаға, айналған, заң болып қалыптасқан 
салтты, яғни жастарды үйлендіру салтын, жырдың басты 
тақырыбы етеді. Жырдың қайсысы болса да бұл салтқа 
қарсылық білдіріп шенемейді, қайта оны бұзбай сақтау 
жағына көңіл бөледі. Жанақ жырында да осы мотив басты 
орын алады. Қарабай мен Сарыбай төс түйісіп құда 
болысады, тумаған балаларын атастырып қояды. Мұны 
Жанақ табиғи нәрсе, халықтың салты осы деп түсінеді. Сол 
түсінігін жырына қосады. Қозы мен Баян арасындағы 
махаббат, 
сүйіспеншілікті 
де 
жыр 
осы 
салтқа 
байланыстырады. Жастардың қайсысы болса да бұл салтты 
бұзбай, оны құптауға тиісті екендігін ескертеді және мұны 
орындаған жастар кіршігі жоқ таза махаббатқа ие болады, 
ынтымағы жарасады деген түйін шығарады. Қозы мен 
Баян арасындағы сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін 
осыдан тудырады және олардың қайғы-қасіретке ұшырауы 
да, өлімге душар болуы да ескі салтты өздеріне парыз ете 
шын пейілімен беріле орындағандығынан деп көрсетеді. 
Ал Қарабай мен Қодар жайына келгенде, жыр бұл екеуін 
де ұнамсыз бейнеде суреттейді. Қарабай ескі салтқа қарсы 
шығып, бата бұзады, уәдесінен танады, жастардың 
ажалына себеп болады. Сонысы үшін ол жырда жиренішті 
бейнеде суреттеледі. Қодар да сондай, ескілік жолмен 
атастырып қойған екі жастың арасына тікен болып 


қадалады, озбырлық жасайды. Сондықтан жырда Қодар да 
жауыздық бейне ретінде алынады. 
Жырдың негізгі идеясы осындай бола тұрса да, ол 
ескі заманның объективті шындығын айтпай кете алмайды. 
Рушылдық, феодалдық қоғамда жастардың бас еркі 
болмағандығын, олар өздерінің сүйген адамына қосылуы 
жолында көптеген бөгеттерге ұшырағандығын жасыра 
алмайды. Бұл Жанақ айтқан жырдан да орын алады. 
Жырдың халықтық сипаты да осыдан көрінеді. Жырдың 
басты идеясы да, халықтық сипаты да ондағы образдар 
арқылы берілген болады.
Жырдың бас кейіпкері Қозы Көрпеш кіршіксіз таза 
махаббаттың иесі болып бейнеленеді. Ол Баян жайын 
Айбастан естіп, атастырып қойған қалыңдығы барлығын 
біледі. Баянның өзіне тең екендігін, оның Айбас арқылы 
жіберген сәлемдемелерінен-ақ аңғарады. Сондықтан да ол 
Баянды көрмей жатып ғашық болады, құмары арта түседі. 
Жатса да, тұрса да ойынан Баян шықпайды, ғашық жарын 
көруге асығады, оны іздеп сапар шегуге дайындалады. Бұл 
сапардың қиыншылықтарын айтып: «Оған бармай-ақ қой, 
күдеріңді үз, осы елден таңдаған қызыңды алып беремін», - 
деген шешесінің сөзіне құлақ аспайды. Есі-дерті Баянға 
түскен Қозы: 
Алдымда неше қатар тұрса да оқ, 
Тартынып бұл сапардан қалуым жоқ. 
Сұлуын дүниенің жисаңдағы, 
Бір жарымдай болмайды көңліме тоқ
208
, – 
дейді. 
Баян үшін шыбын жанын шүберекке түйген Қозы ел-
жұртын және артында қалып бара жатқан қарт анасын 
Тайлақ биге тапсырып, алыс сапарға жол тартады. 
Жолшыбай көптеген қиыншылықтар көріп, Аягөзге келеді. 
208
Қозы Көрпеш-Баян сұлу, 1959ж., 240-бет. 


Баян үшін қандай қасіретке де шыдамақ болып, 
Қарабайдың қойын бағады. Осындай ауыр халде жүрсе де, 
есі-дерті Баян болады, Баян деп зарланады. Өзіне өзі 
қайрат беріп: 
Сенен басқа хор қызы, 
Болса да көңіл салмаспын. 
Шашы күміс, басы алтын 
Болсадағы алмаспын… 
Сені алмасам осы жол, 
Тірі де жүріп оңбаспын! 
(Сонда, 251-252-беттер), –
деп ант етеді. Сол сертіне, мақсат еткен арманына жете 
берген шақта, Қозының алдынан тағы да көп бөгет, 
қиыншылықтар кездеседі. Бір кедергіден екіншісіне 
жолығады. Соның ішінде басты бөгет – Қарабай мен Қодар 
болады. Өзгеден құтылса да, Қозы бұл екеуінің 
опасыздығы мен жауыздығынан құтыла алмай, ақыры 
аянышты өлімге ұшырайды. (Жырдың Жанақ вариантына 
Бейсенбайдың енгізген өзгерісінде Қозы бұл бөгеттерді 
оңай жеңіп шығып отырады.) 
Жырдың басқа варианттары секілді, Жанақтың «Қозы 
Көрпеш-Баян сұлуында» да Қозыға ерлік, батырлық сипат 
беріледі. Белгілі мөлшерде ол күшті батыр жігіт болып 
суреттеледі. Ол Қодардың батпандай балғасын асықша 
үйіреді, Қодарды аттан аударып алып, қабырғасын 
күйретеді. 
Қозының жақсы мінездері де жырға қосылады. Ол – 
ақ көңіл, әділ, аңғал, қулығы жоқ, адамгершілігі мол жігіт. 
Қодар мен Қарабай Қозыны өлтірмек болып, Сасан биге 
ақылдасады, олар Қозыға у бермек болады да, оны қонаққа 
шақырады. Бұл шақыруды Қозы қарсы алады. Бірақ 
мұндай шақырудың артында бір сұмдықтың барын Баян 
аңғартады: 
Баян айтты: ал, қалқам, қапы қалма, 


Бұларды дос болар деп ойыңа алма. 
Ептеп-септеп ниеті өлтірмек те, 
Қауіпсіз үйлеріне тіпті барма
(Сонда, 265-бет), –
дейді. «Барамын» деп уәде еткен Қозы екі сөйлегенін 
өлімге тең көреді. Ол Қарабайлардан жақсылық 
күткендіктен емес, жұрт алдында өзінің беделін түсірмеу 
үшін, «қорықты» деген сөзге ілікпеу үшін барады. «Қозы 
досы түгіл жауына да қастық ойламайды, жаманшылық 
жолға түспейді. Не нәрсеге болса да ақ ниет, адал 
жүрегімен келеді», - дейді Мұхтар. Қодармен сыйыса 
алмаған Көсемсары да Баянға ғашық жігіттің бірі болады. 
Бұл ретте ол Қозының да бақталасы еді. Бірақ 
Көсемсарыны Қозы өзіне тартып, дос санайды, оның 
Қодармен қақтығысуын бағалайды. Сондықтан да ол 
Көсемсары үшін Қодардан кек алады. Сөйтіп, жырда Қозы 
образы сүйкімді болып жасалады, жырды айтушының да, 
тыңдаушының да бар тілегі арманына жете алмай, қазаға 
ұшыраған Қозы жағында болып отырады.
Жырда Қозы қандай сүйкімді болса, Баян да сондай. 
Жырдағы барлық оқиға құрылысы, тартыс-талас Баян 
жайынан басталып, Баянмен аяқталады. Қозы секілді Баян 
да адал ниетті, ақ-жарқын кіршіксіз таза махаббатты 
көксеген, өзінің сүйген адамына қосылуды арман еткен 
адам. Баян да Қозыға ғашық. Ол өзінің Қозыға 
атастырылып қойғанын және Қозының кім екендігін 
апалары мен Айбастан біледі. Осыдан былай Қозыға деген 
құмарлығы, махаббат сезімі күшейе береді. Оны өзінің теңі 
деп түсінеді. Ескі салтты орындауды парыз деп ұғынған 
Баян атастырып қойған жігітін көрмей, танысып біліспей-
ақ ғашық болады. Бұған, бір жағынан, Ай, Таңсық, 
Айбастардың сөзі, олардың Қозыны мақтауы себеп болса; 
екіншіден, 
Қарабай 
мен 
Қодардың 
опасыздығы, 
жауыздығы түрткі салады. Өзінің туған әкесі дүниеқор 


Қарабайдың бата бұзуы, антынан тануы, адамгершіліктен 
безуі және сүймеген Қодарға зорлап қосам деуі Баянды 
өжеттендіре, ызаландыра түседі. Сондықтан да ол осындай 
ауыр халден құтқарып алатын, қайғы-қасіреттен азат ететін 
адамды, яғни Қозыны, іздейді, соны аңсайды. Бұл ретте де 
ол Қозыдан көп үміт күтеді. Оның Қозыға ғашық 
болуының екінші бір себебі осыдан туады.
Барлық болашағы, өмірдегі қызық дәурені Қозымен 
ғана байланысты деп түсінген Баян оған деген 
махаббатына кір жұқтырмайды. Жатса да, тұрса да көз 
алдына Қозы елестейді. Ол Айбасқа айтқан сөзінде: 
Сәлем де ініңізге іздеп келсін, 
Келмесе, сорлы Баян дегені өлсін. 
Көңілім кетті Қозыға, жаным мұнда,
Айтқан сөзді ініңіз қабыл көрсін –
(сонда, 233-бет), – 
деп, Қозыға деген сүйіспеншілік сезімін білдіреді, ғашық 
жарын көруге асығады. Бұдан былай оның Қозыға арнаған 
махаббаты ұлғайып дами береді. Бастығы Қодар болып, 
тоқсан байдың мырзасы: «Мен алам», – деп таласқан 
шақта, жас өміріне қатер төнген Баян үрейленіп сасу 
дегенді, күштінің бірін таңдап паналау дегенді білмейді, 
олардың бірде-біріне көңіл аудармайды, менсінбейді. Есі-
дерті тек Қозы болады. Ақ ниет, адал көңілмен Қозыны 
сүйетіндігін білдіреді. 
Баянның Қозыға деген махаббаты, адалдығы, айтқан 
серт, берген уәдесінен танбайтындығы, әсіресе Қозының 
өлімі үстінде, айқындала түседі. Қарабай Қозының өлгенін 
естіртіп, Баянға: «Сені Қозыдан артыққа қосамын», – 
дейді. Әкесінің бұл сөзіне қаны қайнап, ыза болған Баян, 
кекті ашумен: 
Етегімді жел ашып жүрген емен, 
Қозыкеден басқамен күлген емен, 
Әке, неке қидағы енді өзің ал, 


Елден бура салғандай інген емен, –
деп жауап қайырады, қара жүрек, опасыз әкені қайғылы, 
қатал сөздерімен түйреп салады. 
Ауыр қазаға душар болған, сүйген жарынан айрылған 
Баян Қозының өлімі үстінде қайғы тартып отырып 
қалмайды. Сүйген ғашығының өлімі ерлік, өжеттік 
тудырады. Ол қапыда кеткен Қозы үшін кек алады. Ол 
айламен Қодарды құдыққа түсіріп, жарып өлтіреді, қанды 
қанмен жуады. Сөйтіп ол Қозыны адал көңіл, шын 
ниетімен сүйгендігін білдіріп, ғашық жарының жас 
қабырын құшақтай өзі де өліп кетеді. Жырдың барлық 
вариантында Баянның бұл әрекетін әлсіздік, амалсыздың 
күнінен жасаған қармануы деп суреттемейді, оны 
өжеттілік, ерлік, сүйген жарына шексіз берілгендік деп 
бейнелейді. Мұнда сүйген адамыңның өліміне күйініп 
жылаудан гөрі, оны өлтірген жаудан кек ал, кіршіксіз таза 
махаббатыңды аяққа бастырма, жауыздыққа қарсы алысып 
өт, қатал болып намысыңды қорға деген қорытынды 
жасалады, сондай сананы білдіреді. 
Ал Жанақ вариантына Бейсенбай енгізген қоспа 
әңгімеде бұл жай бұрмаланып жырланады. Бейсенбай екі 
жасты өлімге душар етпей, қуанышқа жеткізеді. Мұның өзі 
жырдың халықтық сипатын өзгертіп жібергенін аңғартады. 
Ол өткен заманда бір-біріне ғашық болған жастар 
ешқандай қиыншылықсыз, бөгетсіз арман-мүддесіне 
жеткен, жігіт сүйген қызын алған, қыз таңдаған жігітіне 
қосыла берген демек болады. Қарабай мен Қодарлар 
дәуірлеген заманда екі жастың өз еркімен қосылуы мүмкін 
болмағандығын жасыруға тырысады. Шынына келгенде, 
бұл олай болмасқа керек. «Жырдың желісіне, Қарабай, 
Қодар сияқты жандардың қиянатына қарағанда, – дейді 
М.Әуезов. – Баян заманының тым қараңғы, меңіреу, 
әділетсіз болғаны байқалады. Ол кезде, Баян сияқты, өзінің 
сүйгеніне қолы жетпей, арманда өткен қазақ қыздары аз 


емес-ті. Баян – осы әділетсіздіктің, аталық, феодалық 
кертартпа салттың құрбаны»
209

Жанақ жырында аса айқын суреттелген жанның бірі 
– Қарабай. Жырдың алғашқы әңгімелерінің өзінен-ақ 
Қарабайдың сараң, пейілі тар, мал құмар, мейірімсіз жан 
екендігін аңғарамыз. Бұл ретте, ол дара бейнеде алынса да, 
өзі сияқты адамгершіліктен айрылған сасық байлардың 
жиіркенішті 
кескінін, 
жағымсыз 
мінез-құлық, 
іс-
әрекеттерін, топастық ой-санасын жинақтап көрсеткендей 
болады. 
Жыр оны: 
Тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да, 
Үйінде сілкіп киер шапаны жоқ, –
деп суреттейді. Осының өзінен-ақ Қарабайдың қандай жан 
екендігі көрініп тұрғандай. Ол мыңдаған малға ие бола 
тұрып, өзіне өзі сараңдық жасайды, ішер асқа, киер киімге 
жарымайды. 
Қарабайдың малдан басқа арманы жоқ. Мал дегенде 
ар-ұятын, адамгершілігін аяққа басуға дейін барады. Оған 
бала-шағасынан да қымбат болып көрінетіні – мал. Сексен 
беске келгенше бала көрмеген Қарабайдан Баян туады. Бұл 
қуаныш хабарды айтып, сүйінші сұрай келген әйелге 
сыйлық берудің орнына, Қарабай айып тағып, сөзіне құлақ 
аспайды. Сонда әйел тұрып: 
Қартайғанда көріпсіз бір перзентті, 
Шыныменен бір шапан бермейсіз бе? –
дейді. Мұндай сөзді жақтырмаған Қарабай жаңағы әйелді 
сүйінші сұрадың деп жазалайды, сегіз өрме бұзау тіс 
қамшының астына алып, сабап, тәнін қатты жаралайды. 
Бұл Қарабайдың адамгершіліктен айрылған, кісілік сезімі 
жоқ жан екендігін де айқындай түседі. 
209
Қазақ әдебиеті тарихы, І том, 534-535 бет. 


Қарабайдың мейрімсіздігі тоқсан мың жылқысынан 
сойып жерлік мал таба алмағандай, Сарыбайға буаз 
маралды атқызуынан да көрінеді. «Буаз маралды ату обал 
ғой, әйелім екі қабат еді, буаз маралды атуым қырсық 
болып жабысар», – деген Сарыбай сөзіне Қарабай құлақ 
аспайды. «Буаз маралды атып бермесең, құдалықтан 
кетемін», – деп Қарабай өкпе сөзін айтады. Құдасының 
көңілін қимаған Сарыбай маралды атады. Қарабай 
маралдың өлген, өлмегеніне қарамастан ішін жарып, екі 
бұзауын тірідей мөңіретіп алып шығады да: «Үйге апарып 
бір тоя жейін», – деп тарта жөнеледі. Сол жерде тіл 
тартпай өліп кеткен құдасы Сарыбайға да бұрылмайды. 
Қарабай жиырма шапан, тоқсан саба қымыз алып, 
құдасына бата қылуға шығады. Бірақ ол Сарыбайдың үйіне 
бірден барып түспейді, алдымен салт барып біліп қайтады. 
Жөргекте жатқан Қозыны көре салып: 
Мені жұтар жалмауыз туыпты деп, 
Тантық шал Бақа айғырға міне қашты, –
дейді. Осыдан кейін ол тоқсан сабасын пышақпен жарып 
тастайды, ақты төгеді, Сарыбайға берген антын бұзады да: 
«Жетім ұлға қызымды бермеймін», – деп көше жөнеледі. 
Ақты төгіп кесепаттық жасаса, антын бұзып адамгершілік 
ар-ұяттан айрылады. 
Қарабайдың мейірімсіздігі, пейілі тарлығы, қара 
жүректілігі мұнымен ғана емес, өзінің жалғыз баласы 
Баянға жасаған жауыздығымен де көрінеді. Ол балам екен 
деп Баянға әкелік жылы мейір білдірмейді, қайта одан мал 
артық деп түсінеді. Ел-жұртынан безіп Қозыдан қаша 
жөнелген Қарабай, жолда көп қиыншылық көреді, 
Бетпақтың шөліне кезігеді, малы қырыла бастайды. 
Осындай жағдайда оған Қодар жолығады. Ол: 
Қареке-ау, іздеп едім, кез келесің, 
Қодар батыр мен едім, сен көресің. 
Мен шөлдетпей Бетпақтан алып шықсам, 


Қанекей, ақысына не бересің
210
, –
дейді. Бұған қуанған Қарабай: «Қалың малсыз, борышсыз 
қыз берейін», – деп айтып салады. Қодар: «Асыранды 
қыздарыңды алмаймын, тек Баянды бересің», – деп 
Қарабаймен саудасын шегелей түседі. Еңбегіне мал алмай, 
Баянды ғана сұрап отырғанына іштей көңілі толған және 
Баяннан да малды жақын көрген Қарабай Қодарға жалғыз 
қызы Баянды бермек болып уәде етеді. 
Ел-жұртынан безген, адам баласын сүймеген, мінез-
құлқы, іс-әрекеті тұрпайы Қарабайды жыршы ақын аса 
айқын етіп суреттейді, оның жиренішті бейнесін ешбір 
әлсіретпей үсті-үстіне күшейте түседі. Ақыр аяғында 
Қарабай екі жастың өліміне себепкер болып шығады. 
Сондықтан да халық жыры Қарабайды осындай 
адамгершіліктен тысқары, азғындық қылықтары үшін ауыр 
жазаға бұйырады, бұл Қарабай сияқтыларды жек көрген 
халықтың ой-санасын білдіреді. 
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының барлық 
варианттарында 
айрықша 
орын 
алған 
жағымсыз 
кейіпкердің бірі – Қодар. Оның кім екендігі әр түрлі 
баяндалады. Мысалы, Шөже вариантында: Аягөз бойына 
көшіп келген Қарабайды ноғайлының биі Сұлтанғазы 
ерулікке шақырады. Бұған сол елдегі Шақшақ дейтін 
атақты байдың мырзасы Қодар да келеді. Жиналған 
жұрттың көзі Баянға түсіп, оның сұлулығына таң 
қалысады. Осы кезде: 
Жалғызы Шақшақ байдың Қодар мырза, 
Баянға төрде отырған көзі түсті… 
Төрде отырған Баянға көзі түсті, 
Шымылдықтан көре алмай күйіп-пісті. 
Баянға ауызба-ауыз бір тілдесу 
Қодарға жұмыс болды көкейтесті. – 
210
Қозы Көрпеш-Баян сұлу, 1959 ж., 224-бет. 


Осыдан былай Қодарға Баян қатты ұнайды, қайда 
жүрсе де есінен Баян кетпейді. Баянға қалай үйленудің 
жолын таба алмай сандалады. Ақырында, Қарабайдың мал 
құмар адам екендігін біліп, Қодар оған жалшылыққа 
тұрады. «Тоқсан мың малыңды қандай жұттан болса да 
құтқарып берем, ақыма мал алмаймын, тек Баянды 
бересің», 
– 
дейді 
Қодар. 
Малының 
шығын 
болмайтындығына және Қодардай қарулы жігіт өзі 
жалданып отырғанына, оның еңбегіне мал сұрамай, 
Баянды сұрап отырғанына, Қарабай қуанады да: «Баянды 
берем», – деп уәде етеді. 
Жырдың 
Н.Пантусов, 
И.Кастанье 
бастырған 
варианттарында Қодар қалмақ батыры еді делінеді. 
Жырдың біз талдап отырған Жанақ вариантында Баянның 
сұлулығын Қодар естиді де, Баянды іздеп шығады. Бұл 
кезде Қарабай бұрынғы ел-жұртынан көшіп кетеді. Бірақ 
Қодар олардың соңына түседі. 
Арқадан қызы сұлу бай көшті деп, 
Торғауыттан бедеумен Қодар салды, –
дейді. Қодар Қарабайды шөл далада кездестіреді де: 
«Ақысыз жалданамын, малыңды жұттан аман сақтап 
беремін, ақыма Баянды бересің», – дейді. Малдан басқа 
ойы жоқ Қарабай Қодарға Баянды беруге уәде етеді және 
қызының айттырып қойған күйеуі бар екенін жасырады. 
Қарабайдың Баянды бермек болғанына сенген және 
Баянның басы бос деп ойлаған Қодар қатты алданады. Ол 
Баянға қосылу мақсатымен қолынан келген күшін 
аямайды. Шөл даладан құдық қазып, Қарабайдың тоқсан 
мың жылқысын қауғамен суарады.
Антұрған, білдірмейді Қодар жасып, 
Әр жерден жүз кісілік құдық аршып, 
Су шыққаннан су шығар құдығының 
Суы жоғын толтырар меспен тасып
(Сонда, 225-бет), –


дейді. Бойы он кез, жауырыны үш жарым кез, сыңар 
жұдырығы қол ағаштай болған алып Қодар Баянды аламын 
деп асыра қимылдайды. Ол белгілі мөлшерге дейін жырда 
қайраты мол, қара күш иесі ретінде көрсетіледі. 
Қозы сияқты Баянға ғашық болып қол созған 
Қодардың еңбегін Қарабай қатты пайдаланады; оны ұзын 
арқан, кең тұсауға түсіреді. Баян үшін Қарабайдың 
тұзағына іліккен Қодар есекдәме болып жүре береді. 
Баянға үйленемін деген ойынан танбайды. «Баян менен 
асып кімге барар дейсің, бай десе – шалқыған байлығым 
бар, батыр десе – алып күшім бар», – деп тасиды. 
Қодардың Баяннан дәмелі болуын, сырттай тон пішуін 
жыршы ақын өткір әжуа, мысқыл етеді. Қыс бойы 
Қозымен жылқы баққан Қодар көктем шыға ел шетіне 
келеді. Сонда ол қасындағы жолдастарына мақтана 
отырып: «Ауылға барып, жеңгеңнен сендерге құрт-май, 
өрік-мейіз алып келейін», – дейді. Ауылға барған Қодар 
Баянмен сөйлеспек түгіл, онымен кездесе алмай, қосқа 
қайтып келеді. Бірақ ол мұнысын жасырады да: «Баянның 
сендерге 
берген 
сәлемдемесін 
ауылда 
ұмыт 
қалдырыппын», – деп өтірік айтады. Оның бұл сөзін Қозы 
да, жылқышылар да мазақ етеді. 
Қодар Баяннан күдер үзбейді, оған өзін тең санайды. 
Бірақ Баян Қодарды жек көреді, Қозыдан басқа ешбір 
адамда көңілі жоқтығын білдіреді. Осыдан былайғы жерде: 
«Сені әйелдікке алмасам, дүниеде тірі жүрмеймін», – деп 
серт еткен Қодар Баянды қорқытып та, жалынып та көреді. 
Мұның бірде-бірі Баянға әсер етпегеннен кейін, Қодар 
кектене, қатулана бастайды. Қозыны өлтіру жайын 
қарастырады. Қодар қаншама күшті болса да, өзіне бақ 
талас болған Қозыны жекпе-жек ұрысқа шақыруға батылы 
бармай, тайсалақтай береді, қорқақтыққа салынады. Бір 
сәтте ол Қозымен қағысып та қалады. Қозыға әлі жетпей 
Қодар жеңіледі, жан сауға сұрайды, дос болайық деп 


жалынады. Көңіліне еш жамандық алмаған Қозы: «Нетейін 
қанын жүктеп осы иттің, – деп, Қодарға, – тілегің болсын», 
– дейді. Бірақ Қодар Қарабай сияқты достық антын бұзады 
да, ұрланып келіп Қозыны өлтіреді. Екі жастың арасына 
тікендей қадалған Қодар оларға үлкен қиянат жасайды. 
Сонысы үшін оны халық жыры жиіркенішті бейнеде алып 
суреттейді, 
ауыр 
жазаға 
тартады; 
жауыздық 
жасағандардың жазасы осындай болмақ деген халықтық 
сананы аңғартады. 
Жанақ айтқан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сюжет 
құруы, оқиға желісін тізбектей отырып баяндауы және 
адам образдарын айқын етіп жасауы жағынан, өзі тектес 
басқа жырлардан әрі күрделі, әрі көркем екендігін 
байқаймыз. Жанақ жырының ең алдымен көзге түсетін 
ерекшелігі – оқиғаны реалистік өмірден алуында. Егер 
жырдың басқа варианттарында ертегіге тән, фантазиялық 
халге құрылған әңгімелер басым келсе, Жанақта олай емес. 
Қозы мен Баян да, Қарабай мен Қодар да шындықта болған 
типтік бейне болып суреттеледі. Оларға қиял-ғажайыптық 
сипат бермей, реалистік жағдайда бейнеленеді. Және 
жырдағы әрбір кейіпкердің мінез-құлық, іс-әрекеттеріне 
қарай көз алдыңнан кетпейтін портреттер жасайды, 
олардың түс келбетін, ішкі сезім дүниесін айқындарлықтай 
бояулар табады. 
Жыр оқиғасын дамытуда, адам образын жасауда 
жыршы өз кезіндегі қазақ поэзиясының әр түрлі үлгілерін 
барынша мол пайдаланғандығын аңғартады. Ретіне қарай, 
ол өлеңнің айтыс түрін де, тұрмыс-салт өлеңдерінің 
естірту, жоқтау, қоштасу т.б. түрлерін де қолданады. Және 
басқа жырларға қарағанда, мұндағы өзіне тән бір 
ерекшелік – оқиғаны диалог арқылы (мысалы, Қарабай мен 
Сарыбайдың, Қозы мен Қодардың, Баян мен Айбастың т.б. 
диалогтары) дамытуында деуге болады. Бұл диалогтар 


жыр оқиғасын жүдетпейді, қайта әңгіменің желісін үзбей, 
бір-бірімен жалғастыра үдете түседі. 
Жанақ жыры тіл көркемдігі жағынан да шебер 
жырдың бірі болып табылады. (Бұған өз кезінде Шоқан да 
айрықша көңіл аударған болатын.) Мысалы: 
Балталы, бағаналы ел аман бол, 
Бақалы, балдырғанды көл аман бол. 
Кірім жуып, кіндігім кескен жерім. 
Ойнап, күліп, ер жеткен, жер аман бол 
(сонда, 221-бет), –
деп басталатын қоштасу осы жырдың аса бір әсерлі, 
көркем айтылған, ақындық шабытпен суреттелген жері 
болады. Ақынның тіл байлығы оқиғаны суреттеуінен ғана 
көрінбейді. Ол, мұнымен қатар, әрбір кейіпкердің мінез-
құлық, іс-әрекеттеріне қарай түрлі бояу таба білуінен де 
байқалады. Қарабай мен Қодар жайына келгенде жырдың 
бояуы да күңгірттене түседі. Қозы мен Баянды айтқанда 
жырдың әрбір сөзі жүрекке жылы тиіп, өзіне тартып 
әкетеді. 
Қорыта келгенде, жауыздық пен әділет дүниесінің 
тартысын суреттеген, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қазақ 
халқының ертеден келе жатқан көркем шығармасы болып 
табылады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   85   86   87   88   89   90   91   92   ...   101




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет