Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 22.12.2022 № 513 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 1-тарау. Жалпы ережелер 1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 35) тармақшасына, "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді, мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайды. 2. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы лауазымына орналасу Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 139-бабының 1-тармағына сәйкес тағайындау тәртібімен немесе конкурс бойынша жұмыс берушінің шешіміне сәйкес жүзеге асырылады. 3. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы жұмысқа қабылдау еңбек шартын жасасу және жұмыс берушінің актісін шығару арқылы жүзеге асырылады. Конкурс бойынша білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын қабылдау үшін конкурстық комиссияның оң қорытындысы негіз болып табылады. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау үшін кандидат ұйымға Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 32-бабының 1-тармағында көзделген құжаттарды ұсынады. 4. Азаматтық қызметке конкурстық негізде кіру Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 145 бұйрығымен бекітілген Педагогтер лауазымдарының тізбесіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20400 болып тіркелді) сәйкес білім беру басшысы айқындайтын конкурстық негізде орналастырылатын бос және (немесе) уақытша бос лауазымдарға жүзеге асырылады. Білім беру саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы білім беру ұйымының бірінші басшысын лауазымға тағайындау ол тиісті бос лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда жүзеге асырылады.