МӘШҺҮР – ЖҮсіптің лингвистикалық КӨЗҚарастары оқу құралы Павлодар Кереку



бет2/15
Дата25.02.2016
өлшемі3.78 Mb.
#19198
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15

Бесім. Бесімнің бәйбішесі Қыпшақ-Қатықұлақ мергеннің қызы, үлкен тәуіп, емші болған, үшкіргені ем болып, құмалақ салғаны екі айтқызбай түседі екен. Бесімнің бәйбішесі қыз күнінде қалмақтың қолына түсіп қалып, екіқабат болып, ер бала туып, оның атын – Орынбай қойған екен дейді. Бесімнің аулы күллі Төртуыл Ұлытау, Кішітауды мекен қылған. Жайлаулары Сорқара мен Сортынды болған. Ұрпақтары Баянаула, Қызылтауға көшпекші болғанда Бесім Ақжігіт пен Жанжігітке биыл мен өлемін, сүйегімді осы Ұлытауға қойыңдар деген екен. Содан көшіп барған жылы, Бесім Қызылтауда Ашамай тасқа қыстаған жылы өліпті, балалары әке өсиетін орындап Ұлытауға қойыпты. Бесім жерленген жер «Бесім дарасы» атаныпты. Бұрынғы заманда Ұлытаудың теріскей жағына қарай ағатұғын сайларды «Бесімнің бес саласы» - дейді екен.

Ақжігіт абыздың ең үлкен қызы – Зарауха. Одан соңғы қыздарының аты: Дәме, Дана. Ақжігіт Зарауханың сегіз жасында Оспанқұл деген молданы ұстап бала оқытыпты. Үйінің сыртына ақ қос тігіп, балаларды жинап, әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреді екен. Қазақта әуелі молда ұстап, бала оқытуды бастаған да сол кісі көрінеді. Ақжігіт намаз оқып отырса, от басында ойнап отырған қыз төрт шиді алып, бірінің аты – Құлмұхаммед, екіншісінің аты – Сермұхаммед, үшіншісінің аты – Досмұхаммед, төртіншісінің аты – Ізмұхаммед деп ат қойыпты. Ақжігіт абыз намаз оқып болып, құдағиын шақырып, көрдің бе, баланың ойнын байқадың ба? –Сен төрт ұл табасың «баланың аузы періштенің аузы» осы төрт атты қоямыз деген екен. Ақжігіт жолаушылап келе жатып, бір жерге ат шалдырып, түс көрген екен. –Мен көп ұзамаймын өлемін. Мені осы түс көрген жерге қойыңдар деген екен. Ақжігіттің әйелі екі қабат екен, ұл бала дүниеге келеді, менің ізімді жоғалтпас атын Ізмұхаммед деп қойыңдар деп аманат қылыпты. Ақжігіт қырық тоғыз жасында қайтыс болды. Көкшетау баурындағы Қыздың қара суы, Шүртек қарағай деген жерге сүйегі қойылыпты.

Сермұхаммед. Сермұхаммед жетпістен асып өліп, Қызылтауға сүйегі қойылған.

Көпжасар (Көпей) 1816 жылы (барыс жылы) Қызылтауда өмірге келген. Көпей қораш, уақтау туғаннан: «Көпей» - атанып кеткен. Ал қазақта көпе (көрпеш) қозы деп ерте туған қозыны да айтады. Мысалы, Қозы көрпеш. Бес ағайынның ішіндегі көзге түсе бермейтіні де осы – бала Көпей екен. Көпей он сегіз жасында оқу іздеп Қызылжар қаласына келіпті. Медіреседе оқып жүргенде 3-4 ай қатты ауырып қалған көрінеді. Ауырған айларына есеп айрылысу үшін Қызылжардың ноғай байлары Ахмет, Жаудыр дегендерге қара малайлыққа жалданыпты. Сол ноғайлар Көпейді босатпай өздерімен Ташкент, Түркістанға алып кетіп, саудаға үйретіп, көп қаражат беріп, кейіннен Арқаға саудаға шығарыпты. Өр Қуандықта, Қарсұнда, Керней, Алтеке, Сарымда, Тамада жалғыз қара саудагер болып «Көпей саудагер» атаныпты. Сонда сауда қылып жүргенде, орнығып көбіне жататын жерлері, атақты, іргелі халыққа жағымды байлардың: Алтайда - Игілік байдікі, Төреде Қоңырқұлжанікі, Тоқада – Телқозы, Байқозы, Қарақозыда, Нұра бойында – Елеу мырзанікі, Мәмбетте - Өзден, Сазанда, Алтеке – Сарымда – Жанқұттыда, Тамада – Ханкелділердің қона-жайлары мен үйлері болған. Ол күні Ферғана мен Қоқан, Ташкент Ресей патшалығына бағынбаған, қарамаған уақыт екен. Орысқа қараған қазақ пен сарт жауласып, қазақ Бұхара, Ташкентке сауда жасауға бара алмаған соң, әлгі жоғарыда аты аталған бай саудагерлер сарт жұртынан: кілем, көрпе, өрік, мейіз, күріш сықылды нәрселерді аманат қосып, 10 түйеден, 5 түйеден үй басы құр қалтырмай алдырып отырған. Сөйтіп, жүргенде Ташкент пен Түркістан арасында сарттың «ақ жалауы» керуенді қамап, осында қазақ саудагер Көпей деген бар екен «Үш қозының малы бар, үш елдің малы бар», «Алтай-Игілік, Алдажұман малы бар» - дейді. Соны тауып беріңдер, өзін өлтіреміз, жүгін талаймыз деп қорқытыпты. Содан Ахмет, Жаудыр деген ноғай саудагерлер Ташкенттен шыққан керуенге Көпейді әйел киімін кигізіп, «Ақ жалау» қосынан өткізіп жіберіпті. «Ақ жалау» деген сарттардың қарақшылары отыратын қос болса керек. Қазақта сол уақыттың қиын кезеңін көрсететін: «Ақ жалау барда малы бар деме, Ғазірейіл барда жаным бар деме» - деген мақал-мәтел қалған көрінеді. Елге кетіп бара жатқан Көпейге Қоңырқұлжа төре осында Алтай-Мұрат ішінде Танаш, Қанай деген менің балдыздарым бар. Саған лайық сол Танаштың бір қызы бар. Бұл – менің балдызым, сен соны ал, - дейді. Қанай: - Елсіз, күйсіз қаңғып жүрген Күлікке берер қызым жоқ деген екен. Қоңырқұлжа ашуланып, ол өзі қаршадай бала болса да, көп баланың ішінен Құран оқыған даусына құлағым сүйсінуші еді. Қызыңды дін қуған, оқудың қасиетін білетұғын жанға кез келтірді. Баланың бағын байлама, қызыңды бер деп, бір ауыз сөзбен Қанайдың бетін қайтарған екен. Танаш қызы Ұлбаланың сол уақытта жасы он үшке келген, жылы сиыр екен. Қолына алысымен Қараөткелде Ысхақ деген хазіреттің абыстайы ноғайдың қыздарын жинап оқытады дегенді естіп, Ұлбаланы сол кісіге оқуға беріпті. Бірер жылдың ішінде өзі де зерек Ұлбала сауатты, хат танитын, өз бетімен жаза, оқи алатын дәрежеге жетіпті. Көпей он сегіз жасынан қырық жасына дейін 22 жыл жат жерде барлық жастық шағын, қызықты өмірін қиыншылықпен өткізеді. Көпейдің үйлі-баранды екі ағасы, бір інісі Мағрұп деген болған. Мағрұптың қатыны Қаракесек Ұлдыбай қызы Бөжей, Мәшһүр-Жүсіптің 68 жасында тоқсандамын – деп отырады екен. Қаракесек пен Сүйіндік арасынан Желтау, Шоқпардың маңайынан Күйеушоқы деген жерге бір жаз жайлап, су ағызып егін-жай жасап, еңбек еткен. Қолындағы малдары өсіп сиыры 100-ге, қойы 400-ге жетіпті. Мәшһүр-Жүсіптің үш жасында 1861 жылы «тауық жұты» болып, Көпейдің бар малын қырып кеткен екен. Содан қыстың көзі қырауда Қызылтауға көшіп келіп, жаз шыға «дүние жолдас емес, мал да жолдас емес, ғылым жолдас екен» - деп, Баянауылға қоныс аударыпты. Захар Гришковтың төрт бөлмелі үйін сатып алыпты. Қалалы жер ғой деп Баянауылдың күнбатысынан мешіт салдырыпты. Кейіннен қаланың көкжелкесінде бес шақырым «Смайыл қызылағаш» - деген жерде Сатылған: Асубай, Жұмабай, Сегізбай, Садырбай .сияқты жатақтармен қыстап, үш-төрт жыл солармен аулы аралас, қойы қоралас дегендей бірге тұрған. Көпей хатқа жүйірік, өте сауатты болған адам. Түркі, араб, парсы тілдеріндегі: «Сопы Алдияр», «Хикмат бақырған», «Фазайыл шуһір», «Зүбдәтіл», «Мәсәйіл» т.б. кітаптарды оқып, білгенін жатқа айтып отырған.

Ақын: «Мен өз атым Юсуф, қырық тоғыз жаста отырмын. Әкем аты Көпей, жылы барыс еді. Жетпіс үш жасында барыс жылы өліп, Баян аулаға қойылды» - депті. Көпей 1889 жылы 73 мүшелінде Баянауыл қаласында қайтыс болып, Баянауыл қалашығындағы «Көп жатақ» - деп аталатын зиратқа жерленген.

С.Көпеев Төлеубайдан естігенін былай хатқа түсіріпті: «Ертеңгілік Мәшһүр атам жанына бір топ адам ертіп зират басына келді. Денесінің ауырлап кеткен шағы еді, орта торы атын дара жектіріп өзі трәшпенке үстіне отырып дұға етті. Зират шеткерілеу, тас қоршауға жақын еді. –Тұрымтай тұсында дегендей заман болып барады. Бұдан былай Көпей әкем басына келіп дұға етіп тұруға жағдай бола ма, болмай ма-ол болжамсыз. Көзім тірісінде мына немерем (Мәшһүр-Жүсіптің үлкен ұлы Шәрәпи осы-Шәрәпидің үлкен ұлы Төлеубай) 1917 жылы туған, Мәшһүр-Жүсіп көзіндей көріп, соңынан ерткен бел немересі-автор) бар және сіздерге әкейдің зиратын көрсетіп қоюға ниет етіп отырмын. Бірде болмаса біреулеріңнің назарларыңда болар деген ойдамын» - депті. Мәшһүр-Жүсіптің бұл айтқаны 1928 жыл екен.

3 Мәшһүр-Жүсіптің (Адамжүсіп ) ғылыми ғұмырнамасы

(1858 - 1931)
Мәшһүр – Жүсіп (Адамжүсіп) артында 30 томдай мол мұра қалдырды. «Қара месі» таусылмайтын қазына. Мәшһүр-Жүсіпке ақындық қайдан дарыды десек, бұған жауапты ақынның өз өлеңінен табамыз:

Орта жүз: Қоңырат, Қыпшақ, Арғын, Найман,

Дүниенің төрт бұрышына қанат жайған.

Біздердің түп атамыз – ақын Құтан,

Деушіге: «Ақын болған Мәшһүр қайдан?»

- дейді.

Мәшһүр-Жүсіп (Адамжүсіп) - ғұлама ғалым, әйгілі фольклорист, тарихшы, ақын, әулие 1858 қой жылы, ережеп айында, жұма күні әкесі - Көпей марқұмның 42 жасында, анасы - Танашқызы Ұлбаланың 18 жасында Қызылтауда Ашамайтас деген жерде дүниеге келген.

Мәшһүр - Жүсіп туған күні Қашқынбай, Босқынбай, Қармыс балалары, Босқынбайдың әйелі Қисық жерден көтеріп алып, кіндігін кескен. Мәшһүр-Жүсіп қисықтық, қыңырлық мінез сол кіндік шешемізден жұққан деп отырады екен.

Ізмұхаммед (Ізден) абыз: - Бұл шырағым жұма күні туды. Атамыз Адам ата жаралған күн. Мұның аты – Адамжүсіп болсын! - депті. Сөйтіп, Мәшһүр-Жүсіптің азан шақырып қойылған шын аты – Адамжүсіп болады. Мәшһүр-Жүсіп 39 жасында тауық жылы Ташкент жаққа барып қайтады. Сонда Қыпшақ - Ыбырай баласы Мұхамеджан: - Шырағым, «Мәшһүр Жүсіп» - деп, жұрт сенің атыңды білмей айтып жүр екен. «Мәшһүр» - деген екіұшты: жақсылықпен де, жаманшылықпен де мәшһүрлік табылады. Сенің атың «Адамжүсіп» - деуге лайық деген екен.

М-Ж. Көпейұлын жете танып, зерттеу жұмысын жүргізу үшін ақын өмірбаянын білу өте маңызды. М-Ж. Көпейұлының өмірбаянына ғылыми тұрғыда әлі түсінік берілген жоқ. Әр түрлі әдебиеттерде туған, өлген жылдары туралы түрлі жазылып келе жатқандығы да сонан болса керек.

М-Ж. Көпейұлының өз тұстастарынан ілгері жағы өзінің өмірбаянын өзі жазып кеткендігі. Қолжазбада болсын, өлеңінде болсын әркез балалық, жігіттік, кәрілік уақытын қосып отырған.

Мысалы:


Заты арғын, нәсілі қазақ, ұраны алаш,

Көпеев-фамилиясы, Мәшһүр Жүсіп

- дейді бір сөзінде, ақын.

М-Ж.Көпейұлының туған жылы күні-бүгінге дейін нақты жазылмай жүр: Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1857-1931) (Қазақстан тарихы. Қазақ мемлекет баспасы, 1957. -Б. 581); С.Мұқанов та (1857) жыл туған (С.Мұқанов. Халық мұрасы. - А., Қазақстан, 1974. - Б. 22). Т.Нұртазин (1857) жылы туған (ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті бағдарлама /Октябрь алдындағы дәуір/ - А: 1968. - Б. 10); Б.Кенжебаев (1957-1931) (Б. Кенжебаев. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушысы. Қазақ мемлекет баспасы, 1958. - Б.57); 1957 жылы туған (Б. Кенжебаев. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті. - А., Мектеп: 1976. - Б. 63); 1959 жылғы конференцияда М-Ж. Көпейұлының туған жылы туралы кәдімгідей талас туады. Жарыс сөзге шыққан Ш.Кәрібаев: «Х. Сүйіншәлиевтің «Известияға» бастырған бір мақаласында Мұрат, Балқы, Базар, Керделі, Әбубәкір - осылардың шәкірті Мәшһүр болды дейді, Меніңше, Мәшһүрге бұл қиянат. Мәшһүр Мұратқа шәкірт, Балқы Базар Мәшһүрге ұстаз болған жоқ. Әбубәкір 1858 жылы туып, 1930 жылы өлген» -дейді (Әдеби мұра және оны зерттеу. - А., Қазақ ССР Ғылым академиясы: 1961. - Б. 248).

«Мәшһүрдің өмірбаяны жөнінде қосымша баяндамада аз ғана мәліметтер келтірілген. Баяндамада Мәшһүрді 1857 жылы туған дейді Меніңше, ол 1858 жылы туған. Туған жері Баянаулы дейді, олай емес, Мәшһүрдің өзінің айтуынша, Қызылтауда Назатас деген жерде туған екен. І.Жарылғапов жолдас Мәшһүр білімін көтеру жөнінде Орта Азияның бәрін аралады деді. Мұсылман фанатизімінің орталығы болған Самарқант, Бұхара, Ташкент-бәрінде болды дегенді айтты. Біздегі мәлімет бойынша Мәшһүрдің үш рет ол жаққа барғаны рас. Ол 1880 жылдардың аяғы мен 1890 жылдардың ортасында Бұхарада болып, онда Ұлықбек медресесінде, Ташкентте болған.

Мұсылманша ең жоғары білім алып шыққан деді, бұл туралы біз әлі ештеңе білмейміз» - деді (Әдеби мұра және оны зерттеу. - А., Қазақ ССР Ғылым академия 1961. - Б. 249). Осында айтылып отырған қосымша баяндаманы І.Жарылғапов жасаған. Б.Кенжебаев: «І.Жарылғапов жолдас Мәшһүр Жүсіп туралы қосымша баяндама жасады. І.Жарылғапов өз пікірін дәлелдегенде Мәшһүрдің кітап болып басылған еңбектеріне сүйенбей, қолжазбаларына сүйенді» - дейді (Әдеби мұра және оны зерттеу. - Алматы: Қазақ ССР Ғылым академия 1961. - 249).

Демек, І.Жарылғапов М-Ж. Көпейұлының ғылыми өмірбаянына алғашқы рет қалам сілтеген кісі болып шығады. Біз бұдан үш мәселені анықтаймыз. Біріншіден, М-Ж.Көпейұлының туған жылының жаңсақтығын; екіншіден, туған жерінің дұрыс жазылмағанын; үшінші, Орта Азияға барған сапары туралы деректердің дұрыс еместігі т.б. Бұл жадығаттар кейінгі зерттеулерде де ескерілмей қалған сияқты. Ш. Кәрібаевтің М-Ж. Көпейұлы 1958 жылы туған дегені дұрыс еді. Бірақ, тиянақты дәлелдің жоқтығынан кейінгі оқулықтарда 1957 жылы туған деп қате жазылды. Тіпті, М-Ж. Көпейұлының туған жылын «Қазақстан КП/б/ Орталық Комитетінің «Социалистік Қазақстан» газетінде» «Көпеев-ұлтшыл, діндар ақын» деген атпен жарияланған мақала туралы» 1952 жылғы 10 декабрьдегі қаулысында: «Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің (1853-1931) творчествосы буржуазиялық ұлтшылдық пен діни мистицизм рухын өзек еткен», деп көрсетілді … » («Семей таңы» Семей облысының газеті. №239(/16139)., - 1989). Бұл қаулыда М-Ж. Көпейұлы 1853 жылы туған деп өрескел қате жіберді. Ақынның туған күніне де мән берілмеушілік байқалды. Қалай болса, солай жаза салу ақынды бағаламау болып табылды. Қайым Мұқамедханов пен Қуандық Жүсіп жазған «Мәшһүр - Жүсіп мұрасы жөнінде» - деген көлемді мақала бірден - бір М-Ж. Көпейұлының мұрасын зерттеу, әдеби шығармашылығын талдаудағы құнды жадығат болып табылады. Осы мақалада «М-Ж.Көпеев 1858 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында туған» - делінген (Қ.Мұхаметханов., Қ.П.Жүсіпов. «Жұлдыз журналы». // Мәшһүр – Жүсіп мұрасы жөнінде .-№3. 3 март, -1984; Мәшһүр-Жүсіп мұрасы // Білім және еңбек журналы. -№8. -1984; Мәшһүр – Жүсіп қазынасынан. // «Мәдениет және тұрмыс» журналы., №12. -1984); Қ. Жүсіп., Қ.Мұхаметханов.// Мол мұраның иесі. // «Семей таңы» газеті. №210. 3 ноябрь, 1989); Уәлихан Қалижан. Мәшһүр - Жүсіп. -А., Атамұра 1998. - Б. 3); С. Сүтжанов. Мәшһүр мұрасы. -Павлодар: 2001. - Б. 9); С. Дәуітов. Қазақ әдебиеті. №34 (1696). 26 тамыз, 1983); Мәшһүр - Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. Қазақ ССР-інің Ғылым баспасы. 1990. – Б. 4); С. Көпеев (ақынның үлкен ұлы Шәрәпиденнің баласы-автор). «Сарыарқа самалы» газеті. №33 (12223). 26 наурыз, 1994); С.Ш. Көпеев. Көпей зираты қамқорлыққа алынса. // Мәшһүр – Жүсіп өмірі. -Павлодар. 2000 . - 132 б);

М-Ж. Көпейұлы өзі бұл турасында былай деп өлеңге қосады:



Қой жылы, жұма күні Қызылтауда,

Көріппіз туып сонда жалған жүзін...


немесе, Қой жылы бала екенмін жерге түскен,

Кіндігім Қызылтауда Тоқтық кескен ...

(Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Таңдамалы. -А., 1990. - Б. 52, 116).

Мұндай нақты мысалдар М-Ж. Көпейұлының өлеңдерінде өте жиі ұшырасады. Сол сияқты «Мәшһүрдің өзінің айтуынша, Қызылтауда Назатас (қазір «Найзатас» деп айтып жүр – автор) деген жерде туған екен деп айтады». «Найзатас» деген жерде дүниеге келеді». М-Ж. Көпейұлының шығармаларынан «Назатас» деген жерде тудым деген сөзді ұшырата алмадық. Тек қана «Қызылтауды» ерекше жырлап өткен. Баянауылда әр тастардың өздерінің аттары болған: «Ақбеттау», «Үш шошақ», «Көгілдір тау», «Зеңгір тас», «Күркетас», «Қойтас», «Серектас», «Көктас», «Аралтас»,«Найзатас», «Ертас» т.б. Демек, М-Ж. Көпейұлы нақты туған жері Қызылтау екен. «Ер туған жеріне» демекші сол байдан ұлықсат алып Қызылтауға қайтып оралады» - деп жазды Көпей бабасы туралы С.Көбеев.

1861 тауық жылы Мәшһүр - Жүсіптің үш жасында әкесі Көпей Қызылтаудан көшіп Қызылағаш, Бұзаутасты қыстаған. Баласының білім алуын ерте ойлаған әке, тауық жылы 1861 жылдары баласы үшін мешіт күзетсем де деген оймен үй салады:

Тауық жылы салам деп бастаған үй, Кемдікпен шатырсыз боп сол жыл бітті.

«Баянда жатақтың өмір кештік» - дейді бір өлеңінде Мәшһүр – Жүсіп. «Сол себепті әулие Қызылтауды тастап, Баян қалашығына көшіп келген» - дейді ақынның немересі С.Көпеев.

Мәшһүр – Жүсіптің әкесі түрікше хат таныған, ескіше сауатты, көкірек көзі ашық адам болған.

М-Ж. Көпейұлы бұл турасында:

Бар еді үш кітабы жазба түркі,

Белгілі жұртқа мағұлым дінге беркі …

Күндіз-түні жалықпастан оқушы еді

Зүбдатіл Масайлыны бізден сұрап

- дейді.

Сөйтіп, әкесінің білімге құштарлығын еске алады. Бала үшін ноғайларға жалданып жұмыс істеп, баласына ескі, жыртық «Мұхаммедия» алып беріпті. Осының бәрі бала Мәшһүр - Жүсіптің ойында қалыпты. Үш теңгеге сатып әперген «Мұқтасардың» өзін қастерлеп ұстап, оқыған Мәшһүр - Жүсіп кейіннен Рабғұзидің «Қиссасу-л әнбиясын» оқығанда бұл кітапты жас кезінде оқи алмағанына қатты өкінеді. Өйткені ол кезде бір құран 15 қой немесе бір аттың құны, «Әптиек» қозылы қой, бес құранды бастыру үшін бір бойдақ қой керек.

1863 доңыз жылы Мәшһүр – Жүсіпті бес жасқа толғанда әкесі Көпей Баянауылдың ескі хазіреті Байжан Ишағұлдың медіресесіне бала оқытып жүрген хазірет Нәжімедденге, білім алсын деп беріпті. Нәжімедден хазірет Мәшһүр-Жүсіпті алдына отырғызып «Ағзузы бісмілләні» айтқызыпты.

–А, сопы, балаң Бұхарай – Шәріптің баласындай екен. Бұл – Баланы «Шар кітапты оқысаң, әр кітапты оқырсың!» - деген. «Шар», «Михат» кітаптарынан бастап, оқытайын дейді. Мәшһүр – Жүсіп бас-аяғы 5-6 жасында араб, парсы, шағатай, түрік тілдерін жетік меңгеріп алады, балалардың алды болады.

Мәшһүр - Жүсіп өзі өлеңмен былай дейді:

«Мә»-ні оқыған жоқ менен басқа бала,

Араб, парсы, - өлеңдей жатқа және.

Самардай қақсағаным – бар жазығым,

Үш жылдай жер аударды ата – ана...

немесе:

Атамыз берген екен әуел баста,

Мектепке доңыз жылы дәл бес жаста.

«Ысмайыл Қызылағаш» деген жерде

Бес шақырым жерде ауыл: «Бұзаутаста»

- дейді ақын. Бұдан кейін Баянауыл (қыр қазақтары үшін расында қала сияқты көрінді). Байжан Смағұлдың медіресесінде дәріс алуға отырады. Нәжімеддин қазірет өте білімді адам болған. Тіпті, М-Ж. Көпейұлын білімі үшін еркелетіп «Бұхарлығым» - деп отырады екен. Бір қыс Баянда пәтер жалдап, қыстап шығады. Сәтқожа молдалық құрып, дүкен ұстайды екен. М-Ж. Көпейұлының аулы Бұзаутаста отырады. Мектепке әкесінің қалай алып келгенін бала Мәшһүр - Жүсіп былай өлеңге қосады:

Атамыз дін жолында белін буды,

Бұл Мәшһүр сол секілді ерден туды.

Көшенің қақ басынан қуғанынан,

Жеткенше медресеге атпен қуды.

Бұл - көше (Байжан қазірет) көшесі деп аталады екен. Ауыл балалары емес пе, алысады, жұлысады «Түйебас» ойын қылып жас Мєшћ‰р - Жүсіпті жабылып ұрады екен.

1864 тышқан жылы Жүсіп 6-ты жасында Шөкел ұғлы Дүржанбай халфеден білім алып «Шығыс әдебиетінің» небір қызық жайттарымен танысады. Ауыз әдебиетінің үлгілерін ертегі, жырларды жатқа біліп, ел-ішінде айтып жүреді. 1865 сиыр жылы Жүсіп 7-ті жасқа толады. Қызылтауда тұрған Төртулы халфе Орманшы Қожан дегеннен де дәріс алады.



Моласы-Дүржанбай, халфе-салпе,

Оларды біз тауыстық гөй-гөй күйін

- дейді.

Бес жасынан оқуға келген Жүсіп 6 жасында «Шар кітабын» тауысып, араб, парсы тілдерін меңгеріп шығады. Өзі зерек, суырып салма ақын, талантты бала өзге балалардың алдына түсіп, көзге ерте ілінеді. Бұл өзімен бірге оқыған балаларға ұнамайды. Олардың Жүсіпке тағатын кінәсі сен берген тапсырманы тез орындайсың біз үлгермейміз деп зар жылайды екен. Анда-санда Жүсіпке «Ақ түйебас» ойнын жасап қоятын болған. Өзі турасында Мәшһүр – Жүсіп:



Сабақ білмей, болмаса ойын ойнап,

Мен таяқты молдадан жеген емен



- дейді.

Бес жасынан екі жыл Баянда (1863-1865) жылдар оқып, одан кейін бір жыл Қызылтауда (1865-1866) жылдар болып, «Шар» кітапты жатқа соғып, оған өзі де өлең қосып, ел ішінде ақын бала атанады.



Шар кітап -алты жаста ұстағаным,

Сол күнде өлең жаттап қостағаным,

Екі жыл Баян, бір жыл Қызылтауда,

Үш жылдай, түнеп түзге қыстағаным

- деп жырлады балалық кезеңі туралы Мәшһүр – Жүсіп.

1861 тауық жылғы жұттың да тауқыметін көрген Мєшћ‰р-Жүсіптің көкірек көзі оянады. Өз құрбыластарынан оқ бойы озып кетеді. 1866 жылдың аяғында Мәшһүр - Жүсіп Көпейұлы Баянаулаға оқуға қайта келеді. Мєшћ‰р - Жүсіптің бұл кезде жасы 8-ге толады. Баян жаққа келген қазірет, Мерген Жақып дегеннің үйінде пәтер жалдап тұрады. Халфенің бәйбішесі Бибі оқыған білімді адам болады.

М-Ж. Көпейұлы бұл турасында:

Халфенің Бибісінен сабақ алып,

Өткіздік өмір сонда ала қыстай

- деп еске алады. 59 жастағы халфенің Бибісінен 19 жастағы бір ұл, 9 жастағы бір қыз ғана бар екен. Бала Жүсіппен төрт жан бірге тұрады. Жастайынан білім қуған бала Жүсіп халфенің (молданың) да, Бибінің де алдында өз білгенін білім кернеп айтып қалып отырады. Бидан /Бибі/ ғылымның 12 пәнін меңгерген, сондықтан да жастарға дәріс берген. Бұл орайда, Мәшһүр - Жүсіп:

Ғылымның он екі пән өзі білген,

Кісі еді, сөзге ұста, шешен тілді.

Айтқанын доптай қағып түсірмейтін,

Алдына дәл өзіндей бала келген

- деп, Бибінің ақылын, білімдарлығын асыра мақтайды, бағалай біледі. Бұл Жүсіптің көңіліне үлкен ой салады. Құтболды, Фазыл, Мағзұм үшеуі бір жыл қыстай осы үйде оқып шығады. «Мәшһүр-Жүсіп 8 жасында Камаридден хазіреттен оқи бастайды. Жас кезінде Бұхарай - Шарифтен оқып, дін ғылымын бітірген, кейін Ақмола облысында дуанбасы Керей Тұрсынбектің қасында бірнеше жыл тұрып, одан соң Омбы облыстық ахуны болып жүрген жерінде дуанбасы Мұса Шорманұлы шақыртуымен Баянға келген. Камаридденнің шығыс мәдениетін, қазақтың ауыз әдебиетін кең білуі және насихаттауы бәрі - болашақ ақынға шешуші ықпал еткені анық. Бұрын ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілері тек ауызша айтылып, оны қағазға түсіру дәстүрі болмаса, Қамаридден хазірет ала келген: «Қозы көрпеш Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңі» т. б. жырларды қағазға түсіріп, ауызша жырлап айтуы мен Мәшһүр Жүсіптің 8 жасынан бастап-ақ ауыз әдебиеті мен фольклор үлгілерін қағазға түсіріп, халыққа тарата бастағанын дәлелдейді» - деп жазды Нартай Жүсіп.

Мәшһүр - Жүсіп 8-ден 9-ға қараған жасында күллі Баян еліне өлеңші бала атанды. Бұл сөз Мұса Шорманға да жетті. Кезінде, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы мен бірге оқыған Жаяу Мұсаның өлеңге қосып айтып жүретін бір баласы: «Шорманның Мұстафасы атымды алып, атандым сол себепті Жаяу Мұса» дейтін Шорман бидің ұлдарының бірі - Мұстафа осы - Мұстафа.

Мұса Шорман үш жұрттың тілін білген (қазақ, орыс, француз) тілдерін. «Үш тіл білген адам басқадан үш елі биік тұрады» - дейді екен Мұса. Шорман би өлгенде Мұса ұзақ жоқтау шығарыпты «Оның «Қисса Мұса мырза» атты 38 беттік жоқтауы Қазан университетінің Н.И. Лобочевский атындағы ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар бөлімінде сақталған». Мұса Шорманов 16 жасынан Ақкелін болысының старшыны болып 18 жыл 1853 жылға дейін атқарған. 1853 жылдан, 1868 жылға дейін 15 жыл Баянауыл дуанның аға сұлтаны болған. Мұсаның тұңғыш ұлы Садуақас Шорманов. Мұса Шормановтың туған жиені Шоқан Уєлиханов, Шорманың қызы Зейнеп Шоқанның анасы Шыңғыс төре Уєлихановтың зайыбы, Мұсаның туған жездесі. Шоқанның оқуына көп жағдай жасаған. Мұса Шорман полковник атағымен (1819-1885) жылы дүниеден озды. Мєшћ‰р-Жүсіп Көпейұлы Мұса өліміне қатты қайғырып 345 жолдық жоқтау шығарған. Бұл жоқтауды алғашқы рет тауып, оқырманға таныстырған Мұздыбай Бейсенбаев (Семей, Абай мұражайының қызметкері-тін). Жоқтау «Боздағым» - деген кітабына, кейіннен «Сарыарқа самалы» газетінде басылды. Жоқтау қолжазба күйінде Ленинград (қазіргі Санк-Петербург) қаласында Березин архивінде сақталған. Мұса 1885 жылы 66 жасында Омбы қаласында қайтыс болды. Мәшһүр -Жүсіп жоқтауда:

Мұса бала атанып он үште орын сайлаған,

Бас қосылған жиында бұлбұлдай болып сайраған

- деп, Мұсаның халқына жасаған бар жақсылығын паш етеді, қатты егіледі. Зиялы Еуропаша оқығаны бар Мұса, М.Ж. Көпейұлының өлең өнері жолында тұсауын кесіп, Мәшһүр деген айдар таққан:

С. Мұқанов бірде былай: «Оның өз аты – Жүсіп, «Мәшһүр» арабтың «Белгілі» деген сөзі. Ол өз жазғандарының кейбірі жарияланып, елге атағы жайылған шақта, Жүсіп өз атына «мәшһүрді» қосып алған да «Мәшһүр Жүсіп» лақабымен кеткен» - дейді. Расында солай ма? Ақынның өзіне жүгінсек:

-Қаққай,-деп құдай мұнан көз бен тілді,

-Мынау Мәшһүр болатын бала екен-деп,

Ер назары тиюмен нәпсі қылды

немесе:


…Аяумен мейірі түсіп, бұлайша айтты:

-Балаңа мұнан былай үкі тақ – деп.

М-Ж.Көпейұлы өлең жолдарында осылай есіне алады. Мәшһүр - Жүсіп ауыз әдебиетінің үлгілері «Қозы көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңі» т.б. қиссаларды жатқа соғып, ел ішінде айтып жүреді.

Сол уақытта жұрттың «Көпейдің жас баласы бар екен, білмейтін сөзі, айтпайтын өлеңі, қиссасы жоқ, сайрап тұрған бір бұлбұл деген сөзі» ел құлағы елу сол уақытта Баянаула дуанын билеп тұрған аға сұлтан Мұса Шорманның құлағына да шалынады. Мәшһүр – Жүсіпті өзіне шақырып алдырады, әңгімесін, қиссасын, өлеңдерін тыңдап болғаннан кейін,

- Сопы, мына балаңызға бұдан былай бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен! – деп лепес қылған. Содан бері Жүсіптің атына «Мәшһүр» деген ат қосылған. Мінекей, «Мәшһүр» деген аттың қосылу тарихы осындай. «Мәшһүр» - арабша танымал, белгілі деген сөз екен. «Тегі Мәшһүр Жүсіптің «Мәшһүр» деп аталуы оның тек салдық құрып, ел қыдырып, өлең айтуы арқылы ғана емес, сонымен қатар осы «Дала уалаяты газетіне» көп жазып, атағы шығуы арқылы да болуы керек»; Б.Кенжебаев; Д.Әбілев: «Мәшһүр арабтың белгілі ғұлама деген сөзі. Жазғандары жарияланып, есімі елге жайылған шақта халық оны «Мәшһүр» деп атайды. Содан былай Мәшһүр Жүсіп атанады». М-Ж. Көпеевтен бұрын жалпы қазақта «Мәшһүр» деген атқа ие болған, ерекше айдарлап, үкі тағып қошеметтеп, аты мен заты қатар жүрген адам ілеу де біреу. Жүсіптің атына лайықты айқындауыш сөзді табудың өзі қиын. Сондықтан, Жүсіпке мәңгі өшпестей қосарлы ат беріп, айдарлаған Мұса Шорман да осал кісі емес. Осы арада, Уәлихан Қалижанның: «Жаратқан ием әр пендесіне атты /есімді/ өзіне лайықтап беретін сияқты, біз азан шақырылып қойған Көпейұлының «Жүсіп» деген атының кейінен «Мәшһүр» атанып, расында «әкесінің баласы болмай» халықтың қамын жеп, ел-жұртының перзенті болғанына таңданбаймыз» деп айтылған пікірлер орынды болар.

Содан кейін барып, хазіреті бәйбішесі Бибі Мариям 9 жастағы жалғыз қызының басындағы шоқ үкіден бір тал шоғын алып жас бала Жүсіптің бас киіміне тағады. Сөйтіп, үкіні Мұса Шорманұлы таққызған, үкі таққан Ғабдолла, халфе қызы Бибі Мария екен. Сөйтіп, 9 жасында Жүсіп, Мәшһүр (танымал, әйгілі) атанады.

Бұл 1867 жыл, Мұса Шормановтың аға сұлтандығы дәуірлеп, өзінің әмірі жүріп тұрған кез еді.

Жиырма тоғыз жасында аға сұлтан болғаны,

Құдай берген дәулетке толқып әбден толғаны

-дейді М-Ж. Көпейұлы өзінің шығарған жоқтауында. Бұндай сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті.

1867 жылы Қазірет Баяннан елге үйіне көшеді. Шорманның Мұстафасы Жүніс деген молда ұстап балаларын оқытады екен. Ақынның: «Мәшһүрдің жас шамасы тоғыз кезі» - дейтін мерзімі осы уақыт. Жүністің 10 жастағы бір ұлы және қызы бар екен, және Мұстафаның, Мұсаның балалары бар бәрі бірге оқиды, дүниенің оқуын тауысып, өзі білгір бала М-Ж. Көпейұлы олардан тағы да көш ілгері кетеді. Мәшһүр - Жүсіпке сен көп білесің деп балалар маза бермейді. Тек қана Ақбура деген қазіреттің жалшысы ғана М-Ж. Көпеевті қорғаштап, әлгілердің озбырлығынан қорѓап жүреді. М-Ж. Көпеев:

Қазіреттің үйі жүдеуменен,

Сол ауылда өткіздік екі-үш жазда

-дегеніне қарағанда 1867 жылдан бастап М-Ж. Көпеев, 1873 жылға дейін әр-жерде білім алып, 15 жасқа дейін болады.

Кеудеге он бес жаста ғылым қонды,

Толумен тасып кетіп өлең қонды

-дейді екен Мәшһүр-Жүсіп. 1874 ит жылы М-Ж. Көпеевті Әкімбек болыс баласын оқыту үшін арнайы келіп алып кетеді. Жас Мєшћ‰р-Жүсіптің ұстаздық жолы басталады.

Әкімбек он алтымда алып кетті,

Жалғызы Қалибекке ұстаз етті

-дейтіні ақынның сондықтан.

Екі жыл Әкімбекте бала оқытып,

Он сегіз бұрып сонда, жеттім жасқа

М-Ж. Көпейұлы 18 жасына дейін 1876 тышқан жылы, екі жыл Әкімбектің аулында бала оқытады.

М-Ж.Көпейұлы былай дейді:

Әкімбек жақсы күтті, құрмет етіп,

Әкеме беріп дүние, сыйлап күтіп…

-демек, 1874 ит жылынан, 1877 жылға дейін Мєшћ‰р-Жүсіп ұстаздық етіп бала оқытады. Мәшһүр-Жүсіптің еңбек ақысына Ақша көлдің жайлауына әкесіне бір үйір жылқы беріп бақтырады, жұмыс тауып береді. Екі-үш жылдағы малдары 30-40-қа жетіп жығылады. Көк қасқа айғыр үйір жылқы болып, Мєшћ‰р-Жүсіптің еңбегі өсіп, малды болады. Бірақ, Мєшћ‰р-Жүсіп байлыққа, малға қызықпады, қарамады. Білімін тағы да жалғастыруды арман етті.

Бұл аралықта 1873-тің жазында 15 жасында Мєшћ‰р-Жүсіп Көпейұлы Түркістан, Ташкент сапарына жолға шығады. Бұл сапарын:

Ел-жұртым, қатын-бала-бәрі қалып,

Он бесте түсіп жолға болып ғаріп

-деп, жырлайтыны бар. Әкімбектің алып кетіп жүргені 1874 жылдың шамасы. Түркістанға, Ташкентке сапары, Жүніс молдадан білім алып жүрген кезі біраз бұлдыр, біздің ойымызша, ақынның сапары 19-20 жасында болған дейміз.

1877-1887 жылға дейін М-Ж. Көпейұлы Сарыарқаның елін, жерін түгелге жуық аралайды. Бұл турасында ақын шөбересі Нартай Жүсіп: «…Әр таптың, әр дуанның аты, атағы бар адамдармен жолығып, пікір алысады: Қарқаралы дуанында заманында халқына қария, үлгі болған, көпті көрген көне, қажыға бірнеше рет барған Жүсіп қажы Бердалы қожамен, Атбасар дуанында Әліке, Байдалы, Аққошқар Сайдалы тұқымдарымен және де Атбасарда Мейрамқажы Жанайдар Батыр баласымен т.б. танысып көптеген уақыттарын бірге өткізеді. Мейрам қажыға 23 жасында, яғни 1881-ші жылдары кездесіп, үйір болып танысып, көп уақыттар, жазы-қысы қолында болады /көне қолжазбалар мен кітаптарды ақтарып, әдеби мұра сөздерін көп зерттейді/. Сондай-ақ Мәшекең Ақмола дуанында Қоңырқұлжа төре тұқымдарымен, Жәңгір төремен т.б. танысады. Жәңгір төре де сөзге шешен, ұғымды, ұқпа құлақ қария, сауатты адам болған. Ақмола дуанына қараған Қама, Жапар елінде атақты Бөгенбай батырдың немересі жүз жасаған Саққұлақ шешенмен, заманында Орта Жүз шежіре атанған қариямен ауыз жұлысып, тарих жағынан, қазақ әдеби мұра сөздерін жазып алып хатқа түсіреді. Ал, Көкшетауда Абылай тұқымы көп төрелермен танысады. Сыздық төре Кенесарыұлымен Ташкент қаласында т.б. жерлерде бірнеше рет кездеседі. Атақты Атығай, Қарауылдан шыққан Ақан серімен жиі кездесіп жүреді: «Ақан сері Құлагер өлген соң бұрынғы серілік мінезді қалдырып, көп басқан ас, жиын-тойға жүрмейтін, бармайтын болып, дүние махаббаттан мүлде көңілін суытты,-дейді» -Құлагер өлген соң Ақан серінің басынан бақыты тайды. Ақан сері адамзаттың сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі еді …деп, М - Ж. Көпеев жазады».

1887 жылы 29 жасында М-Ж. Көпейұлы екінші рет Бұқар, Ташкент, Түркістан т.б. жерлерге жол-сапарға шығады. Білім мен ғылымның нұры болған Орта Азия Шығыс мәдениетіне иек артқан еді. М-Ж. Көпейұлы сол білімнен сусындау үшін осы сапарын таңдап алды. Онда Дамолда хазіреттен, Хамза хазіреттен 9 ай дәріс алады. Ұстазы Қамар «Уәй Құзғын-ай!» деп Мєшћ‰р-Жүсіпке қатты сүйсінгеннен айтады екен. Дамолда : «Уәй әулие!» деп Мєшћ‰р-Жүсіптің біліміне таңданып айтады екен. Бұхар қаласында Мєшћ‰р-Жүсіп Көпейұлы көптеген жазған қолжазбаларын жоғалтып, ұрлатып алады. Өкініші кетпейтін бұл іс Мәшһүр - Жүсіпті қатты қапаландырады. Өкінгенмен іс бітпейді Мәшһүр-Жүсіп одан әрі Самарқант, Хоқан қалаларын аралайды. Бұл сапары жөнінде, ақынның өзі: «Аралап Орта жүзді үлгі шашып» - дейді. Ақын осы сапарында түркі тілдерінің бір сыпырасын меңгеріп, еркін сөйлеп, жаза білетін хәлге жетеді. «Келесі жылы Бұхардан қайтып, Түркістандағы атақты Қожа Ахмет Яссауий басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыттар болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасы тұқымынан ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Одан кейін Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған Алтай, Найман, Қоңырат, Қыпшақ т.б. елдерін аралайды» - деп жазды Н.Жүсіп.

М-Ж. Көпейұлы:

Бұхар, Ташкент, Самарқант, Түркістанды,

Бір түгіл, үш-төрт барып тамаша еттім

-дегеніне қарағанда ақын, бұл өңірде расында да төрт рет болған.

-Үшінші рет 1895 қой жылы 37 (мүшелінде) жолға шығады. Ал «Мәшһүр Жүсіп мұрасы жөнінде» деген мақалада 1894 жылы М-Ж. Көпейұлы 36 жасында сапар шеккен дейді. Бір жыл ертерек болса да ақының сапары, жылы біршама жете берілген. Бұл кезеңде ақын кемеліне келіп, толысқан шағы оң мен солын біліп таныған кезі болады. Оны халқының тұрмыс-салтына арналған өлеңдерінен де байқауға болады.

Ақынның жалпы шабытына келіп өлең мен мақаланы өндіріп жазатын жылдары 1889-1890 жылдар аралығы. Осы кезде «Дала уалаяты» газетіне үзбей мақала жазып, ел өмірін, халықтың ауыр тұрмысын именбей жазады. М-Ж. Көпейұлы шығармалары Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йгүнікей, Сүлеймен Бақырғани, Рабғұзи, Құтып, Хорезми, Хұсам Кәтіп, Сейф Сарай шығармаларымен үндестік табады. Әсіресе, осы сапары М-Ж. Көпейұлының рухани өсуіне ақындық тұлғасының қалыптасуына көп септігін тигізеді. Айталық: «Шонтыбай қажы»,«-Екі жігіт пен бір шалдың әңгімесі». «Хаятбақшы», «Соқыр, саңырау, жалаңаш хикаясы», «Әдһам диуана және Ибраһим», «Ғали Арыстан әңгімесі», «Ай мен күндей, һәммаға бірдей» – демегінің мағынасы», «Пайғамбардың дүниеден өтуі туралы», «Ібіліс лағын, шайтан хикаясы», «Жер мен көк» т.б. дастандары, хикаялары, қиссалары, әңгімелерінің мазмұны тек қана ғибратқа, адамгершілікке, аспан әлеміне, жұлдыздардың адаммен арақатынасына құрылды. М-Ж.Көпеевтің жазғандарынан Шығыс философиясын, тарихын, тілін, әдебиетін, мәдениетін өте жақсы меңгергенін көреміз. Орта Азия оқымыстылары да М-Ж. Көпейұлының қиялын ұштай түсті, кей шығармаларын таза ақыл, ғибрат мәселесіне жазды.

Махаббат тақырыбы да М-Ж. Көпейұлын бей-жай қалдыра алмады. Хикаяттары өте терең сезіммен, аса биік талғаммен жазылған. Жай ғана желдіртіп оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан да М-Ж. Көпейұлы єулие болып өмірден өтті. Байлық қумаған, дүние жинамаған, оқу мен білімді бірінші орынға қойған. Қожа Ахмет Яссауйиді рухани ұстазы тұтқан, сопылық дәстүрді қалап алған, бірақ өмір ислам дүниесінің шеңберінде ой ойлап, халық мүддесінен шығуға үмітті еткен. Тұрмыс М-Ж. Көпейұлы үшін қазақ елін танудың басты құралы болған, сол арқылы М-Ж. Көпейұлы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын біліп, өз шығармаларына мазмұн иесі ретінде арқау еткен.

1907 жылы 49 жасында М-Ж. Көпейұлы Орта Азия жаққа төртінші сапарын бастайды. Бұл жыл М-Ж.Көпейұлының өміріндегі ең ауыр жыл болды. Қуғын-сүргін көрген жылдар болды. Кейіннен осы жылдар М-Ж. Көпейұлы көп жайттардан сақтандыруға әкелді. Мысалы, 1916 жылғы көтеріліс, 1917-1918 жылдардағы «Алаш» партиясының өкілдерінің идеясын ашық қолдау (Шәкәрім ашық қолдады) сияқты мәселелер де ақын мінезі танылмай қалды. Не бұл – деректер әлі қолға түспей тұр.

«Мәшһүрдің бұл 1905 жылғы төңкеріс (революция) туралы жазған өлеңдерінің кейбір бөліктері «Сары-Арқа» деген кітапшасында («Сарыарқа кімдікі екендігі? – автор) басылып шыққан болатын. Бірақ ол кітаптардың шыққаны патшаға жұғымды тимеді. Кітапты бастырып шығарған «Құсайынов» баспасы және 14 кісіні айыптап сотқа тартқан» - дейді ғұлама ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұлан. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітаптарын жарыққа шығарғаны үшін Қазандағы Хусайыновтарға 12 мың сом ауыр айып салынады - дейді: Ә.Қоңыратбаев, С.Дәуітов, С.Сүтжанов, Н.Жүсіпов т.б. Бұл ойды Дихан Әбілев те жалғастырады: «Сонда патша әкімдеріне тұтқын болмас үшін Мәшекең ел-ішінен жылысып, тайып береді. Жас жігіт шағында бір неше жыл медресесінде оқып ғұламалық білім алған, ғалым болған, одан кейін екінші рет барып, бірнеше жыл аралаған Бұхара, Ташкент, Самарқант жаққа үшінші рет барады. Бұл жолы «Қашқын» тәрізді тағдыр тәлкегімен 1907 жылы барып төрт жыл жүріп жиһангез боп елге оралады. Алайда, атамекеніне - Баянаулада, өз елінде, өз үйінде отыра алмайды, енді Еділ, Жайық, жағын кезіп кетеді. Бала күнінен (Баян қаласында) орысша жақсы білген Мәшһүр сол жылы «Белгісіз сапарым» деген өлеңінде:



Машһүрдің қараңыздар қызығына,

Бұл күнде жүрісінің бұзығына.

Орысты туған бауыр есептедім,

Жылында келіп қондым мұжығына,

- деуінде: адамды дініне, ұлтына қарамай, адалдығына, адамшылығына қарай бағалайтынын көреміз. Ал, Мәшһүр - Жүсіпті осындай «Қуғынға», «Қашқындыққа» душар еткен «Сарыарқа кімдікі?» екен» - дейді.

«Ақын 1907 жылы Қазан баспасынан «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі туралы» // «Сарыарқаның кімдікі екендігі? - автор/ «Хал-ахуал» деген үш кітабын бастырып шығарады. Ақын бұл үш еңбегінде … қазақ даласын жайлаған жоқшылық пен теңсіздіктің күштілігін де, себебін де ашып береді. Ашына сынайды … … кітапты басып шығарушылар да, оның авторы да қуғынға ұшырауынан анық көрінеді» - дейді Қ.Мұхаметқанов пен Қ. Мәшһүр-Жүсіп. Бұл ақын өміріне қатысты ащы шындықтың бірі. Осы оқиғадан кейін М-Ж. Көпейұлы «аузы күйген үрлеп ішедінің» керін жасаған сияқты.

М-Ж. Көпейұлының 1905 жылғы патша манифесін жырлап, 1905 жылғы төңкеріске (революцияға) үн қосуының өзіндік себептері де жоқ емес. 17- ші октябрь (қазан) М-Ж. Көпейұлы үшін жаңалық емес. Орта Азияны, Сібірді аралап келген М-Ж.Көпейұлының ойы тереңде жатыр. Орысша сауатты М-Ж. Көпейұлы Санк-Петербург, Москва Ресейдің басқа қалаларында болып жатқан революциялық істерден құлақтас болған. 9 январь (қаңтар) «Қанды жексенбі» ақынның көкірегіне қаяу түсіріп, жүрегіне жара салды. Оған мына оқиғалар түрткі болды. 1958 жылы бостандық туын көтерген Есет Көтібаровтың көтерілісі аяусыз басып, жаншылды. Бірақ азаттық жолындағы күрес мұнымен тоқтамады. Есет, Бекет заманындағы ұрпақ ХIХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында да өздерінің Ресей империясына қарсы әрекетін тоқтатпады. 1858 жылы дүниеге М-Ж. Көпейұлы келді. Азаттық жолында құрбан болған ерлер оны білген жоқ. Қолына қалам ұстап, дуа қонған М-Ж. Көпейұлы ел үшін, жер үшін, бостандық таңы үшін, егемендік үшін күреске шықты. Сөйтіп, ұрпақ сабақтастығы жалғасты Мәшһүр - Жүсіп енді өмірге қайтадан Есет, Бекет болып келді. 1931 жылы М-Ж. Көпейұлы дүниеден озғанда өмірге шыр етіп ақын Мұқағали Мақатаев келді. М-Ж. Көпейұлы оны білмеді. Өмір осылай жалғасын тауып жатты.

1907 жылы М-Ж. Көпейұлының Қазан қаласында үш кітабы шықты дегенбіз: «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» деген басылып шықты. «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» бірінші рет өлең түрінде, екінші рет қара сөз түрінде жазылды. Бірінші, қолжазба түріндегі нұсқасын Нартай Қуандықұлы Жүсіпов «Қазақ тілі мен әдебиеті», журналында №4, 1994 жылы жариялады. 1905 жылғы 17 октябрь (қазан) патша үкіметінің манифесі жарияланды дедік. 1905 жылғы «қанды жексенбі» орыс төңкерісінің (революциясының) басы болды. Оның дүмпуі Қазақстанда жалғасын тауып жатты. Мысалы, «Павлодар қаласында Плотниктердің, Вардронердің және Корниловтардың Батыс Сібірдің (Сібірдің-А.Қ.) серіктігінің пороходтарының жұмысшылары мен қызметшілері митинг өткізіп, стачкалық комитет сайлап ... өздерінің талап, тілектерін қойды». Патша үкіметінің екі жүзді саясаты М-Ж. Көпейұлының шығармасының негізгі идеясын құрады. Сол кездегі патша үкіметінің отаршылдық әрекетін ақын батыл сынады. М-Ж. Көпейұлының алға қойған мақсаты сол кездегі қазақтың бір туар көрінекті ұлдары «Алаш» партиясының ұйтқысы болған Әлихан Бөкейханов, М.Тынышпаев, М.Сердалин, М.Шоқай, Б.Сыртанов, Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, кейіннен С.Торайғыров, Ж.Аймауытов, Шәкәрім Құдайбердиев қосылды т.б. ақын өз ойын-пікірін ашық көрсете, қолдай алмасада, көптеген қазақ зиялыларының пікірімен ортақтас болды. М-Ж. Көпейұлы кейбіреулерімен хат-хабар алысып тұрды. Ә.Бөкейханов Павлодарда түрмеде отырғанда М-Ж.Көпейұлы білді, бәлкім кездесіп сөйлесуі де мүмкін. Өйткені, «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» Қазан қаласында басылған нұсқасы 1905 жылғы оқиғаны саяси тұрғыдан өте жақсы сипаттап, сол кездегі оқиғаны жан-жақты суреттей білген. М-Ж. Көпейұлының айтқан ойы сол уақыттағы «Алаш» азаматтарының алдыңғы өкілдерінің ой-пікірлерімен үндесіп, астасып жатады. М-Ж. Көпейұлы «Қазағым империяның - асыл затым»-деп, қазақтың тарихынан мәселе қозғап, бүгінгі бодандық халін Ресей империясының жүргізіп отырған саясатын әшкерелейді. Қазақ халқының ауыр жағдайын бүкіл дүние жүзіне паш етеді.

Мысалы, «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» деген алғашқы нұсқасында: «Біздің қазақтың үшке бөлсек, екі есесі жоқ есебінде, ал қалайша жоқ десең, жер-су учаске деп алды, войске деп бір алды. Бұл екі алыспен ағашты, шабындылы жерден қазақ айрылды, суырша жонға шығып, жан сақтап жүр еді. Егінге лайықты деп, ол жан сақтап жүрген жерлерін мұжық келіп және алды.

Жер-судан айрылып қалған соң,

Өз қонысынан ауған соң,

Еркекте ақыл қала ма?

Біреуден сауын сауған соң,

Ұрғашыда ақыл қала ма?



Ақылдан айрылып қалып, шаруа малынан береке қашып, оның үстіне алым-шағым, земіскі, ізбор деген қымбаттап, ел аралаған начальник, шиноликлардың жалдап мінген аттарының майын төлей алмай қаңғып кетіп, Питербор, Мәскеу барсаң, орыстың малайы-қазақ, Бұхар, Ташкент барсаң сарттың малайы-қазақ …Патшаға оқ атып, қылыш суырған бір қазақ жоқ. Орыстікіне, шиноуликке, нашалникке ақша бергендер кісі өлтірсе де, кешуі болып үйде қалып жатыр, ақша бергендер сүттен ақ болса да, атылып, айдалып, кетіп жатыр» - деп жазды.

Бұл шын мәніндегі қазақтардың көрген құқайы еді. Қазақстан тарихы 1905 жылғы оқиғаны бұрмалады. «…қазақ буржуазиясы қазақ еңбекшілерінің арасында стихиялы түрде шығып отырған қозғалысты өздерінің таптық мақсаттары үшін пайдаланғылары келді» - деп көрсетті. Ә.Бөкейхановтың, М.Шоқайдың мүдделері автономды қазақ елін құру болды. Тарихта: патшаға арнап жазған петицияны айыптады. Онда былай: « … қазақ байлары мен молдаларының панисламдық, ұлтшылдық идеялары мен реакцияшыл халыққа қарсы пиғыл-ниеттері мүлде айқын көрінді. Мысалы, олар қазақ халқының «мұсылман-қазақтар» деп аталуын сұрап өтініш етті; қазақтардың мұсылман дінінен басқа дінге көшуіне тиым салынуын талап етті; неке бұзу істерін билер сотының қарауынан алып, молдаларға беруді талап етті; орыс-қазақ мектептерінде мұсылман дінінің оқытылуын енгізуді талап етті» - деп айыптады. Бұл талап негізінен өте дұрыс еді. Дәл осындай мазмұндағы кейбір талап-тілектер «Алаш партиясы бағдарламасының жобасынан» көрініс тапты. М-Ж. Көпейұлы: «Баласы дін-мұсылман ұрандасып, Қосыл кісі санына, қос басыңды» - деп ашық айтты. Ол-патша өкіметінің «манифесіне» сенбеді, қазақтарды да сенбеуге шақырды. «Манифест бар деушілер тұтқын болып, Кесілді еш себепсіз оған жала» деді М-Ж. Көпейұлы.



Ақын замана тынысын бұрын біліп отырды. М-Ж. Көпейұлы: «Мың сегіз жүз сол алпыс тоғыздан соң, Қор болып, болмадың ба аяқ асты?» деп жазғанда 1868 жылғы «Уақытша ереженің» қазақ еліне әкелген қасіретін айтып отыр. Сонда, М-Ж. Көпейұлы нені білген? Неге? 1868 жылғы «Уақытша ережені» мысалға алған. Соған барлап көрелік. «1868 жылғы «Уақытша ереже» мұсылман дін қызметкерлерінің құқығын тежеді, сұраусыз мешіт салуға, мұсылман медресесін ашуға, молдалар мен мешіт пайдасына алым-салық салуға тиым салынды. 1868 жылғы «Уақытша ереже» Қазақстанда христиан дінін таратуға бағытталған бірсыпыра параграфтар болды. Сол сияқты ел басқарудың жаңа системасының орнығуы патша өкіметі үшін жайлы болды. Қазақ жерін тартып алудың тағы бір жалаң саясаты жасалды». Соның салдарынан жергілікті жердегі комиссия реформаны жүзеге асыра бастады. Реформа қазақтың бұрыннан қалыптасқан, үйреншікті рулық басқару жүйесін бұзды. Құнарлы жерлер тағы да алынды, жер бөліске түсті. Жерді бей-берекет қайдағы бір келімсектерге берілуі қазақ елінің қарсылығын тудырды, кейбір жерлерде патша үкіметіне қарсы күрес басталды. Міне, бұл оқиғалар көзі ашық, саясат жағынан қырағы М-Ж. Көпейұлы 1868 жылғы оқиғаны сөз етті. Осы жағынан келгенде М-Ж. Көпейұлы шынында заманынан оза туған демократ ағартушы дерсің. Сондықтан да, М-Ж. Көпейұлы манифесті орыс империясының кезекті құйтырқысы, қазақ елін алдау екендігін түсінді. Сөйтіп, шығармасына арқау етті. М-Ж. Көпейұлының бұл - шығармасы қазақ халқының арасына лезде таралып, өзі де ушығып тұрған жағдайға май құйғандай әсер етті. Қазақ елі біріге бастады, әсіресе зиялылар ел ішіне шығып, үгіт- насихатты күшейтті. Ел дүрлігіп, қарулана бастады, патша жасағына қарсы шығу әрекеті байқалды. «Сарыарқа кімдікі екендігі?» қазақ халқының ғана емес, күллі мұсылман елінің саяси ұранына айналды. М-Ж. Көпейұлы ақындардың ішінде алғашқылардың бірі болып, бостандыққа, теңдікке, халық үшін қарулы күреске шығу керектігін батыл түрде айтты. Бұл шығармасында I Думаға халық арасынан депутаттар сайлап жіберу керектігін де айтты. М-Ж. Көпейұлының саяси жүйіріктігіне таң қалмаса болмайды, бізді ой еріксіз Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхаметов, М.Тынышбаев т.б. саяси қайраткерлермен байланысы болмады ма, деген сұрақ мазалайды. Өйткені, М-Ж.Көпейұлының білгірлігі, саясатқа жетіктігі осы ойға әкеледі. 1905-1906 жылы «Мұсылмандар партияларының қоғамы» I Мемлекеттік думаның құрамында – мұсылмандардың парламенттік Фракциясы құрылды. Бұл фракция қазірде Ресей думасының алғашқы фракциясы болып тарихта қалды. 1906 жыл 8-ші январь (қаңтар) күні тұтқынға алынған Ә.Бөкейханов:«В январе 1906 г., в связи с событиями Дней свободы, в Семипалатинск был назначен болостной сьезд. Меня арестовали на пути из Павлодара в Семипалатинск, в пос. Ямышевском, 8-го января» - деп жазды. (Алихан Букейханов. «Выборы в степном крае,» в книге «К десятилетию первой государственной думы,» Петроград, 1916 г., стр 5). Түрмеден босап шыққан Ә.Бөкейханов Мұсылмандар фракциясының мүшесі, кадет партиясы Орталық комитетінің атынан сайланды. Сол сияқты А.Байтұрсынов, Б.Қаратаев т.б. ұлт-азаттық қозғалыстың жария түрлерін пайдаланып, Дума мінбесін іске жарата білді. Патша өкіметі кәдімгідей сескеніп қалды. Бұл арада думаның алғашқы мүшелерін атап кетсек артық болмас дейміз. Олар: Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөре, Алпысбай Қалменұлы Қалмең, Дәуіт Санжынұлы Ноян-Тұндұт, Ахмет Қорғанбекұлы Бірімжан т.б. М-Ж. Көпейұлының жазғандарынан алшақ кетпеді. Демек, «Алаш» азаматтарымен қояма-қолтық жүрмесе де М-Ж.Көпейұлы өз ойын осы мақсатта айтып жүрді. Сол үшін де патша өкіметі М-Ж. Көпейұлын қуғынға алды. М-Ж. Көпейұлының бұл кезеңін Ә.Қоңыратбаев: «Мәшһүр Жүсіптің жоғарғы үш кітабының заңға ілігіп, тартылмауы оны басып шығарған Қазандағы Хусайыновтарға 12 мың сом ауыр айып салынуы, ақынның қамалушылар тізіміне ұшырап, 1910-1912 жылдары ел ішінде бұғып жүруі осыдан» - дейді.

Ж. Шалгумбаева бұл туралы: «Что касается книги М.Ж. Копеева «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», то, «усматривая в ней признаки уголовного преступления по 6 п. 129 ст. Уголовного Уложения, выясненные переводами проф. Катанова, Комитет постановил наложить на нее арест с привлечением автора к судебной ответственности по указанным статям уголовного закона» (ЦГАРТ, ф. 420, оп. 1, д. 234, л. 19.). Арест на книгу Копеева был утвержден Казанской судебной палатой в ноябре 1913 г. Какие же признаки уголовного преступления были обнаружены в этой книге? В отзыве, составленном Н.Ф. Катановым, написано: «В переведенных мною местах, взятых со страниц 3-7, 14-17, говорится: о дурном характере прежде всего собственной казахской администрации, смотревшей на народ, как на свою доходную статью, о русских переселенцах, дурно обращавшихся с казахами, и о благодетельном свойстве Манефеса 1905 г., осушившего слезы несчастных» (Там же, д. 237, л. 75.).». Как видно из сказанного, автор справедливо указывает на причины, породившие социальную несправедливость по отношению к казахам, главными из которых Копеев считает колонизаторскую, грабительскую политику царизма в крае и потребительское отношение к своему народу феодально-байской верхушки, предавшей интересы простых казахов и сомкнувшейся в деле грабежа народа с царизмом. Все эти мысли и суждения отражены в книге «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» («Что мы видели на своем веку, прожив долгую жизнь») (Казань: тип. Шараф, 1907. 6000 экз., издание наследников Ш.Хусаинова). Были также запрещены и арестованы два издания книги «Хал-ахуал» (Положение и смостояние). Первое издание вышло в 1907 г. И было напечатано в типографии Б.Л. Домбровского тиражом в 3000 экз. Этот сборник, как и все другие книги Машхур – Жусуп Копеева, затрагивает острые социальные проблемы жизни казахского общества начало ХХ в. В декабре 1912 г. Казанский временный комитет по делам печати обратился к Казанскому губернатору с просьбой наложить арест на книгу «Хал-ахуал», отпечатанную в Центральной типографии тиражом 3000 экз., и привлечь к судебной ответственности издателей наследников Ш.Хусаинова по 3 п. 1034 ст. Уголовного Уложения. Арест на книгу М.Ж. Копеева был осуществлен Казанскими полицмейстером, а в январе 1913 г. Прокурор Казанского окружного суда уводемил комитет в том, что арест на книгу «Хал - ахуал» утвержден в распорядительном заседании Казанского окружного суда» - деп жазды.

М-Ж. Көпейұлының кітабының патша өкіметіне қарсы зиянды мазмұны туралы жеткізген Н.Ф. Катанов кім? Николай Федорович Катанов ұлты – хакас. Ол 1876 жылы Аскиздегі училищені, 1884 жылы Красноярскідегі гимназияны алтын медальмен бітірген. Сібір мен Қытай Түркістан (қазіргі Синьцзян өлкесі) саяхат жасайды. Бұл саяхат 4 жылға (1889-1892) созылады. Экспедиция кезінде Тува (урянхай сойон мен сойоттар), тофалар (қарғастар), хакастар (белтір, качин, қойбол, сағай) арасында болып, Жетісу қазақтары мен Құлжа, Шәуешек, Үрімші, Хами, Тұрпан маңындағы ұйғырлар тілін жан – жақты зерттейді, құнды тілдік материал жинайды. Мінекей, Катановтың қысқаша өмір тарихы осындай.

Жалпы, М-Ж. Көпейұлының «Сарыарқаның кімдікі екендігі?» деген шығармасын оқып, саяси баға беру үшін Мұстафа Шоқай, Мұқаметжан Тынышбаев, М.Сердалин, Б.Қаратаев, сол сияқты «Алаштың ақиқатын кім айтады?» т.б. көптеген еңбектерге сүйенуге тура келеді, М-Ж. Көпейұлының айтар ойы да бір-бірімен сабақтас, толықтырар деп ойлаймыз. Бұған дейін, М-Ж. Көпейұлының шығармашылығын бір қырынан қарап келгеніміз де рас-ты. М-Ж. Көпейұлының өмірінде Мұса Шорман қандай ықпал етсе, Мұстафа Шоқай да діни-мұсылмандық ой-арманының оянуына әсер етті. Мұстафа Шоқай да қазақ елін бұғаудан босатып, Түркістан автономды республикасын құру идеясымен болды. Мұстафа Шоқай қазақ елінің, одан қала берді күллі Түркістан халқының рухани әкесіне айналды. І мемлекеттік Думада да М.Шоқай ел мүддесінен шыға білді. М-Ж.Көпейұлы осындай халық арасындағы беделді адамдармен қарым-қатынаста болды. Саяси санасының өсіп-өнуіне қазақтың зиялылары көмектесті. М-Ж.Көпейұлының бағыты діни-мұсылмандық дәстүр еді.

1905-1908 жылдары қазақ ортасында екі саяси ағым қалыптасты: бірі - ұлттық діни партия, екіншісі батыстың ықпалы бар мұсылмандық татар және орыстық оппозициялық партиясы (халық бостандық партиясы).М-Ж. Көпейұлы жүрек әмірімен біріншісін қалап алды, басқадай болуы мүмкін емес еді. Бұлардың өздерінің саяси көзқарасы айқындалып, шамасы бірі-М.Шоқай, екіншісі- Ә.Бөкейханов бастаған бағытты ұстанған болуы керек, қалай дегенмен олардың мақсаттары бір мүддеде келіспегені байқалады. Сөйтіп, қазақ интеллегенциясының өзі бірнешеге бөлінді. Мысалы, Қоқан автономиясы құрылғанда оның тұңғыш президенті Мұхаметжан Тынышпаев, кейіннен Мұстафа Шоқай болды. Ал, Орынборда «Алаш» көсемі Ә.Бөкейханов бастаған үкімет құрылды. М-Ж. Көпейұлының ой арманы діни-мұсылмандық өкіметті көру болды. Оның Бұхара, Ташкент, Түркістан қалаларына барып, кейіннен Ресей қалаларын аралағанда барлық ойға түйгені қазақ халқын осы тозақтан қалай алып шығуѓа болады. Ақын жүрегі шерлі, барлық күш жігерін, білімін өлең жазуға арнады.

Сол тұста ақын:

Бұл Мәшһүр Бұхар барған, Қоқан барған,

Ойы бар барсам деген одан да әрман.

Түлеген аққу құстың қанатындай,

Жерінде жүрген-тұрған сөзі қалған-ды

- деген еді. Бұл туралы Дихан Әбілев: «… төрт жыл жүріп жиһанкез боп оралады» - дейді. Енді бір деректе Д.Әбілев М-Ж. Көпеевті «Осы сапарынан 1915 жылы ғана оралады» -деп жазады. Ал, мына бір деректе М-Ж. Көпеев жөнінде: «Ақынның соңғы жылдар ішінде үндемеуін оның жігерінің жасып, үмітінің тозып, 1907-1912 жылдары күшейген қуғыннан қорғалақтап қалғанынан деп біліу керек» - дейді. Бұдан соң да, М-Ж. Көпейұлының мұсылмандық бірігу идеясы бар өлеңдері Кеңес дәуірінің дәуірлеп тұрған кезінде де ұзақ уақыт жарыққа шығуына мүмкіндік болмады. М-Ж. Көпейұлының 1907 жылдан, 1915 жылға дейін бой тасалап жүргенін қолда бар деректер жоққа шығармайды. Патшаның құрығы ұзын, ел ішіндегі тыңшылары да М-Ж. Көпейұлының күні-түні басқан ізін аңдып қоймады. Төрт жыл бойы М-Ж.Көпейұлының үстінен қозғалған қылмыстық іс жабылмады, үнемі ақынды іздеуде болды. Патша үкіметінің жандайшаптары М-Ж.Көпейұлының елге келуін күтті. Дегенмен, ақынның ұзақ уақыт жоқ болуынан үміттенген патша жандармеясы уақытша М-Ж.Көпейұлынан қол үзді. 1915 жылы өмірлік серігі дүниеден озған соң амал жоқ оралуға тура келді. Қайтып келген соң 1915 жылдары Далба елінде (Баянауыл) М-Ж. Көпейұлы мектеп-медресе ашып, бала оқытты.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс М-Ж. Көпейұлының өміріне де елеулі ізін қалдырды. Қазақ халқының тағдыры, Баян елінің жай-күйі М-Ж. Көпейұлын бей-жай қалдыра алмады. 19 бен 31 жастағы қазақтың жігіттері әскерге алынып, қағазға ілініп жатқаны ақынның жүрегін ауыртты. Бұл кездегі дүрбелеңді ақынның аталас туысы, Күліктен тарайтын Ж.Аймауытов «Қартқожа» романында өте жақсы сипаттап жазды. Сол романның бір кейіпкері Мәшһүр Жүсіптің ортаншы ұлы Әмен екендігін айтуға тиістіміз. 1916 жылғы көтерілістің басы-қасында болған, ұйымдастырушылардың бірі- 28 жастағы ақын, сері, өжет Мұхамедәмін (Әмен) еді. М-Ж. Көпейұлының ортаншы ұлы Әменнің қазақ әдебиетіндегі айшықты орны әлі анықталмады.

1916 жыл патшаның қазақтан майданға жігіттер алу туралы жарлығында дала жүрегін дір еткізді. «Кім үшін соғысқа барамыз? Не үшін соғысамыз? Неге текке қырыламыз?» - деп Баянаулының он болыс елінің еті тірі, жау-жүрек азаматтары ұрандасып Алабас тауына көтеріледі. Көтерілісті Башардан батыр басқарды. Әмен сол көтерілістің жанған өрттей жалынды ерлерінің бірі болды. –Шіркін-ай, арамызда Мәшекең болса, батасын берсе қандай құдіретті ғаскер болар едік!-дегенді сондағы екінің бірі айтатын бопты. –Жөн сөз?-Арамызда бір күн ғана болып, батасын беріп кетсе жетіп жатыр ғой, - десіпті жігіттер. Әмен де осындай ойда болыпты. Ал Мәшекеңше? Мәшекең, бұл көтерілісті мағыналы деп деп те мағынысыз деп те таразылайды. Мағыналысы - патшаның жиһангерлік соғысы үшін әділетсіз жарлығына қарсы көтерілмей отыру ездік болар еді. Ал Мағынасызы не? Патшаның сан алуан соғыс құралдары сайлы, қару жарақты да қаһарлы әскерлеріне қарсы сығысар қазақта сойыл-шоқпардан басқа, қоян ататын бірлі-жарым мылтықтан басқа не бар? Соғысса- босқа қырылу міне Мәшекең, осындай екі алуан ой толқуында болады. Ал, сыртында «Дала уалаяты» газетінде басылған 1905 жылғы «Қанды жексенбі» өлеңі, «Сарыарқа кімдікі?» толғаныстары туралы патша жандарымдары Мәшһүрді тұтқындап, соттатып жібермек болғанда, Мәшекең лажсыздықтан «жиһанкездігін» қайтадан бастап, төрт-бес жыл бойы Орта Азия жақта қашып жүргені де белгілі жайттар еді. Ал мына көтеріліс тұсында патша әкімдерінің қанды көзі Мәшһүрде болатыны сөзсіз. Сондықтан Мәшекең 16-жылғы Баянауылдағы көтеріліске «Бейтарап» қалыс адам бейнесінде отыруын мақұл көреді».

1917 жылғы ақпан төњкерісі М-Ж. Көпейұлының үмітін оятты, ел-ішіне бақыт, құт береке әкеледі деп сенім білдірді. Өкінішке орай, қаңтар төңкерісі М-Ж. Көпейұлының үмітін тас талқан етті. Қызылдардың ел ішіне салған ойрандары ақынның жанын ауыртты. М-Ж. Көпейұлы да Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулат т.б «Алаш» өкілдері сияқты ала-құйын күй кешті. Қызыл өкімет күш ала бастады. 1917-1921 жылдар М-Ж. Көпейұлының өміріне елеулі із қалдырды. 1916 жылғы ел-ішіндегі дүрбелеңнен асу мен атудан мезі болған ақын расында өз дегеніне болмаған қазақ жастарына көңілі толмады. 1916 жылғы көтерілісті патша өкіметінің қарулы әскері басып-жанышты. Көп адам сұраусыз атылып кетті. М-Ж. Көпейұлы бұл сойқанның боларын жүрегі сезген еді. Амал не жастар тыңдамады. Көптеген қазақ жастарының жасықсыздан жазықсыз өлімі ақынның жүрегіне өшпестей жара салды. Енді тұтасып жатқан қазақ елі екіге бөлініп алып соғысуды шығарды. Бұның бәрі-М-Ж. Көпейұлы үшін тағылық іс болып көрінді. Өзі де соққының неше түрін көрді. 1921 жылы сүйікті ұлдарының бірі Әмен (Мұхаметәмен) қайтыс болды. Ақын жүрегі қан жылап отырып:

Қан түсті 63-те аяғыма,

Оқ тиіп түзде жүрген саяғыма,

Көп сөйлеп, ақыл-естің жоқтығынан,

Кетіппін тағы түсіп баяғыма-

- дейді. «Әмендей бола алмасам да сізге хабарласып, еңбегіңізді, атыңызды ел көзіне түсіргендей ниетім бар»-дейді Ж.Аймауытов. 1922 жылы М-Ж.Көпеев Ташкентте қайтыс болған баласы Әменге дұға оқып қайту үшін жолға шығады. «Жолдай Қоянды жәрмењкесіне қатыстық. Онда арнайы шақырылған болатын, бірақ кімдер шақырылғаны есімде жоқ, жобасы әрі өкілін көтерсін деген болулары керек. Одан әрі Қақаралыны басып өтіп Семей бардық. Сол кездегі шыт-шытырман жағдайларға байланысты одан әрі жүруге мүмкіндік болмады. «Өлі Арыстанымды іздеймін деп тірі боздағымнан айрылармын» деп айтқаны әлі есімде. Өйткені үлкен баласы Шәрәпиден де бізбен бірге еді»-деп хатты аяқтайды. Хатты жазып отырған, М-Ж.Көпейұлының қасында ат қосшы болып барған Кененің Қанафиясы деген адам. 1982 жылы Мәшекеңнің ұрпақтарына хат жолдағанда жазғаны. Бұдан әрі хатта: «Мәшһүр – Жүсіптің Тобықты–Найман еліне екінші сапары екен. Ал, жас кезіндегі сапарында Абайдың жан досы, замандас-құрдасы Нүсіпхан жайлы «Нүсіпхан» атты дастан жазған екен» - деп, көптеген мәліметтер береді. «Нүсіпхан» деген деректі поэмасы «Түсіпхан» болып «Жұлдыз» журналында беймәлім автордан жарияланды. Абай мен Құнанбай бейнесін ашып, өзінің жырына да арқау еткен де М-Ж.Көпейұлы. Сондықтан да ішін-ара оқырманға түсінікті болу үшін тоқталып кеткенді жөн көрдік. «Нүсіпхан» поэмасына кеңінен ғылыми түсінік жазып, талдаған ақын шөбересі ф.ғ.к. Г. Жүсіпова. Сөйтіп, М-Ж.Көпейұлы қайтыс болған ұлы Әменге бара алмай орта жолдан кері қайтады.

1920 жылдардың соңына таман Мәшһүр бұрынғы «Сарыбұлақ», кейінгі «Ескелдіге» келіп, балаларына қыстауын салдыра бастайды. 1929 жылы бастаған қыстауын 1930 жылы аяқтайды. Осы жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады дейді бір естелікте.

Мәшһүр – Жүсіпті көрген адамның бірі - Жұқаш Кәрібайұлы: «Мәшекеңнің ауылы Ескелді де болды. Біздің ауыл сол Ескелдіден 15-20 шақырымдай жерде Құмкөлде еді. Екі ауыл араласып-құраласып тұрдық. Бұл 1924-1925 жылдар болатын. Атам анда-санда Ескелдіге арнайы барып Мәшекеңнің шашын алып беріп тұрады» - деп жазды. «1927 жылдың жазы еді. Өткен қыс Мәшһүр Ақшиде қыстап шыққан. Ағайынды Әмірхан, Қазыхан болмай алдырған еді Мәшһүрді» - дейді С. Көпеев мақаласында . « … Қыстаққа Мәшһүр «Иесі келді» деп жаңа атау берді. Кейіннен келе-келе бұл жер «Ескелді» атанып кетті» - дейді.

М-Ж. Көпейұлы 1927 жылдан 1931 жылға дейін өмірінің ақырына дейін осы жерде мекендейді. Шегебай қажының үш қызы: Батиқа, Батима, Рабиға болады. Рабиға (Рәпіш) Мәшһүр-Жүсіптің әйелі. Рабиғадан: Шәрәпиден, Мұхаметәмен, Мұхаметфазыл, және Әмина, Батима деген екі қыз туады. Пазыл (Мұхаметфазыл) 1924 жылы Ақкелін, Далба-Қарақозы елінде мұғалім болып істейді. Мағзұмның қызы Ұмсынтайға үйленеді. 1924-1935 жылға дейін тату-тәтті үлгілі болып тұрады. 1935 жылы Ұмсынтай дүние салады. Ол Поштайдың Мұқашының зиратына жерленеді. Жастарға тәрбие болсын, айта кетсек артық болмас, Мәшһүрдің екі келіні яѓни Ақзейнеп пен Ұмсынтай атасының атын ешқашан ауыздарына алмаған. «Әтиім» деп беттерін жасырып жүретұғын, үйге алдымен кіріп, артымен шегіншектеп шығатын еді. Атаның жүрген жерін баспайтын, қасиетінен қорқатын. Содан 1935 жылдан 1939 жылға дейін Пазаң салт басты болды. 1939 жылы тамыз айында Балқаштан Жұпайдың Қалиі немере қарындасы Тәштің қызы Нұриланы алды. Нұриланың туған жылы 1919 жыл, шешесінің аты Төлеу. Пазаң осы Нұриламен 1940 жылы қосылады, Пазаң екінші рет шаңырақ көтереді. Екеуінің арасынан Қуандық (Қуанық Пазылұлы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің, филология кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор-автор) 1941 жылы туды. Нұрила шешейді көзіміз көрді адуынды, білімді, сөзшең адам еді. Биыл дүниеден озды. Пазыл жөнінде бірауыз сөз. Мәшһүрдің ең кіші баласы Пазыл Совет өкіметінің алғашқы жылдырында ауылда мектеп ашып, қызыл мұғалім болды. Мұғалімдік стажы 30 жылға толғанда Пазекеңнің омырауына «Ленин ордені» тағылды. Пазыл 1932 жылы аш адамдарға көп көмектескен. Өзі ауылдық кеңестің тµрағасы, әрі қамбашы болған. Сондай адамнан ұрпақ бар ма екен деп білгісі келгендер болуы мүмкін.

Мәшһүр – Жүсіп Көпейұлының өмірінің соңғы 1928-1931 жылдары расында да отты дүрбелеңге толы болды. Ірі байларды тәркілеу, ашаршылық бәрі- қос-қабат келді. Ел ішінде сыйлы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы қайда барса, халық құрмет пен қарсы алатын болған. Мысалы, 1928 жылы Жәмидің үйінде қонаққа келіп Жәми байды (Жәми-Қабыш) дейді екен Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы екеуі түнімен сырласады, 3-4 күн қонған ақын Баянға жүріп кетеді. Мәшекеңнің ат басын тірейтін үйлері: қасапшы Шолтай, Сүбек ұста, Сағынай ұста, Мысықбайдың Қасымы, Қожабектің Оспаны, Малғазы Ораз. Жағалбайлы Солтан т.б. кейін бір орыс досының үйінде монша жақтырып түсетін әдеті болған. Сонда Мәшекең келді дегенді естіп, халық көп жиналатын, Мәшекең не қилы әңгіме-дүкен құрып, қисса, өлең айтып, ел риза болып, Мәшекеңді жібермейтін деп еске алады Төлеубай немересі. С.Ш. Көпеев те осы ойды айтады Мәшһүр - Жүсіп Көпейұлы өзі: «Ойға бардым, қырға бардым. Бұхар бардым, Ташкент бардым, бірақ, Төлеубай бабамнан артық әруақты ел таба алмадым. Осы Еламан елін, жерін құт тұт» - деген екен.

1930 жылдың жазында зират үйін де салдыруды қолға алады. Рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауи тірі кезінде өзінің көрін қаздырып, жатып алған екен дейді. М-Ж. Көпеев те көзінің тірі уақытында көрін қаздыра бастайды. Д.Әбілев: «Біз барғанда Мәшекең болашақ мовзалей-зиратының астыңғы қабатынан лайықталатын бөлме-өзі жататын орнын қазып жатқандардың қасында тұр екен. – Қазыњдар ! Терең қазыңдар. Мәшһүр қашып кете алмайтындай етіп терең қазыңдар!- деп сылқ-сылқ күледі де, және кең қазыңдар. Он-он бес адам сыятындай кең болсын. Кірпіштері берік қалансын-деді. – Тірлігінде ұры-қарылардың, озбыр, қиянатшыл, аю мінез әкімдердің қара халыққа жасаған қиянатын қызыл тілмен қылыштаған Мәшһүрдің шатағы аз боп па? Тірімде тістері батпаған сол сойқандар мен көз жұмғансын өш алуға үстімнен арыз жаудырып, м‰ңкір-нәңкірге тергеттірмей қоймас. Сонда менің мұндағы дұрыстығымды қорғайтын бірнеше періштелер келер … Кең қазыңдар,- деп Мәшекең сылқ-сылқ күлді. Қазушылар да күлді» - деп еске алады. Көзі көргендердің айтуынша, «Әуелі жатар орнын даярлатады. Үлкен келіні Зейнептің Дұсжан деген інісіне қаздырып, өзі үнемі басында отырады енін, ұзындығын, биіктігін, екі жарым кез етіп, алдырады да, ол біткен соң көңілі әлде-бірдеңеге дауаламағандай тағы да біраз тереңдеу керектігін айтады. Күндегі әдетінше, ертеңгілік тағы да басына келіп отырады да дұға етеді. Бұл кез Дұсжан бірыңғай қиыршық тас жер үйіндісінің астынан тұтасқан бір ақ күлгін түсті тастың белгі бере бастағанын байқайды. Сөйтеді де: -Молдеке, мына жердің тасының түсі өзгере бастады, әрі тұтас жатқанға ұқсайды, енді не істейін, бөлектеп уақтайын ба?-деп жоғары қарайды. –Жоқ. Дұсжан. Менің де күткенім сол болса керек. Сындырмай тұтас ал да, жоғарыға шығар,- деп тағы дұға оқиды. Биіктігі бір жарым, ені бір кезге таяу, қалыңдығы 20-30 сантиметр бұл тасты аты-жөнін жазып, басына белгі етіп қойғызған екен тірісінде. Сол тастың қалыңдығы әлі сақтаулы. Ал, зират-үйін екі бөлмелі етіп салдырған … -Мен өлгеннен кейін қырық жылға дейін денем бұзылмайды. Тірі адам көзі көреді, серт етем. Тек жаздың ыстық айлары ақыретімді айырбастап отырыңдар, қыс керегі жоқ. Сонда көздерің жететін болады - деп үлкен баласы Шәрәпиденге шырақшылық өсиет етеді. … Көпейұлы Жүсіпке құдай рахмет айласын-деп сақ-сақ күледі екен де маған келіп бата жасамақ түгілі әркімнің басына «тұрымтай тұсында» заман болады. Мен көрмеймін, сендер көресіңдер, көресіздер көнесіңдер - дейді екен. Бұл қазақ елінің 1923 жылғы дүрбелең болып басталып, 1931-1932 жылғы адам қырғынымен аштықпен аяқталған кез еді ғой.

Мәшһүр Жүсіптің өлімі де ешкімге ұқсамайтын ақ өлім. Шәрәпи ағаның айтқаны еске түсірсек: «-Мәшекеңнің қалай қайтыс болғаны халыққа аңыз боп кетті. Бірақ, мен өз аузыңнан естігім келеді. Шәрәпи аға!» - деп өтіндім-дейді Д.Әбілев. –Халық өсіріп те, өшіріп те айтып жүрген жоқ. Расы сол. Сол күн таңертеңгі шәйді осы бөлмеде, осы үстелде іштік. Молда атам күндегісіндей нақыл сөздерін, ақыл сөздерін айтып отырды да: Жүректің қазынасын қазған Мәшһүр, µксітпей, шашпай-төкпей жазған Мәшһүр,-деп жіберді. Сөйтеді де, бітімі құран бітімдес, қалыңдығы құраннан екі есе қалың жаңағы «Қарамес» қолжазба кітабының екі-үш жерден беттерін ашты, көзін жүгіртті. Көзінде де, жүзінде де ыстық сыйластық, ыстық қимастық бар. Енді орнына апарып қой,-деді. Айтқанын істедім. Қайтып кеп орныма отыра бергенімде: -Есіңде болсын, Шәрәпи Менен кейін менің сөздерімді елеп-ескеріп кітап қып шығарамыз деушілер болса, арап қарыптарымен теріліп шығарылатын болсын! Аллау әкпар!-деді. Көңіліме ештеңе алғам жоқ. Зейнеп үстел үстіндегілерді жинап, үстін сүртіп бола бергенде босаға жақта тұрған шәйнек пен шілапшынға көз жүгіртті де: «Мен таһрат алайын, сен анда бара тұр, қарағым»-деді молда атам. Зейнеп шығып кетті. Мен қолына су құйып тұрдым. Іш дәрет алды. Жуынды, сүртінді. Төсегіне кеп отырды да: -Мен енді дем алам. Сен бара бер. Шаруаңды істе. Малыңа қара! Біраз уақыттан кейін кел! Ұйықтап кетсем оятпа!-деп күлді. Бәрін айтқанынша істедім. Бір кезде … Айтқан уақытында есікті ақырын ашып кірсем, төсегінде шалқасынан ұйықтап жатыр. Үлкен ақ орамалын кеудесіне көлденең салыпты. Қасына жақындап «Молда ата» деймін.

Үн жоқ. Мәңгі ұйқыға кетіпті. Молда атамның ақтық демінің бітуінің шыны осылай… Халық та осы шындықты ғажап көреді - деді Шәрәпи аға»-деп жалғастырады. Осы деректің шындығына күмєн жоқтығын, ақынның немересі Қуындық Пазылұлы: «Біздіңше, бейітін қаздырған жер тегін емес, неге десеңіз, 1-2 жыл бұрын Германиядан келген бір топ адам Сейіт Көпеев деген ағамызға айтыпты: «Мына жер космостан сәуле тіке түсетін жер екен»-депті. Демек, о кісінің денесінің шірімей сақталуы содан болуы да … Бала кезден есімде (1947-1948) жылдар болар бейіт ауыз үйден, төр үйден тұратын. Төр үйінің есігі қылуеттің қақпағындай. Қақпақты көтеріп ашып, сатымен түсетін. Қараңғы. Екі қария дәретін алып түсіп, денесіне ақ жабады. Мен баламын. Алдын-ала жағып, дайындап қойған шамды маған «алып бер» дейді. Апарып берем. Бала болсам да құлағымда мына сөз қалып қойыпты. Уәли деген ауылдық кеңестің төрағасы бар еді, сол қарын тұсын саусағымен басып көр, балпылдап, жұмсақ жатыр» деседі өзгелер. Тек бақайының тырнақтары түсіп қалған екен» - дейді. 1952 жылы Мәшһүрдің өзі айтқандай «мәңкір-нәңкірлер» зиратын бұзып, ұрпақтарын қуғынға салды. Мәшекеңнің 21 жыл бұзылмай жатқан денесін ақыры жерге көмкізді. Бірақ, М-Ж. Көпейұлының аруағы оларды жібермеді.

1931 жылы 17 қарашада халқым деп соққан ұлағатты ақынның жүрегі мәңгілікке соғуын тоқтатты.

Құрметті оқырман! Біз Мәшһүр – Жүсіптің өмірбаянын жазғанда бұрыннан баспа беттерінде жарияланып жүрген деректерді қайталап жатпадық. Айталық, ел аузынан жинаған ауыз әдебиетіне, фольклорына олардың түрлеріне, жинаушылық әдісіне, не жинады саны мен аттарына, бала кезіндегі шығарған өлеңдері, жігіттік, бозбалалық шағындағы шығарған өлеңдері, сапарға шыққанда шығарған өлеңдеріне, дастандарына, әңгімелеріне, қара сөздеріне, мақал – мәтелдеріне, жұмбақтарына, айтыстарына, шежірелеріне т.б. мәні мен мазмұнына талдау жасамадық. Көптеген шығармаларының аты аталмады бұл - жөнінде жазылған зерттеу еңбектер өте көп, оны керек қылған, қажетсінген оқырман өзі де тауып оқып алады деген үміттеміз. Сондықтан да, ақынның халыққа беймәлім, өмірінің қызықты деген кезеңдерін, әлі айтылмаған, жазылмаған көлеңке жақтарын сөз қылуды алдымызға мақсат қылдық. Бұрынғы таптаурын әдістен ада, ақын ғұмырының қызықты да қиын әсіресе, 1907, 1916, 1917 жылдардағы, 1907-1915 жылдардағы қуғын көріп сотталған жылдарына, «Алаш» өкілдерімен сырлас, мұңдас қырларына, ұлт азаттық көтеріліс кезеңіне, естігенімен адам сенбейтін әулиелік т.б. жағына баса көңіл аудардық. Әрине, ақын жөнінде барлық жиналған мағұлыматтарды, дереккөздерді, жадығаттарды бір ғана ғұмырбаянына сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан да қолда бар жадығаттарды анағұрлым екшеп, ана ғұрлым ықшамдап беруге, оқырманды жалықтырмайтындай етіп жазуға тырыстық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет