9.4 Соғылымды шойын
Соғылымды шойынды алу үшін ақ шойынды ұзақ уақыт жоғары температурада жасытады. Жасытылған ақ шойындағы көміртегі үлпек тәрізді болып қалыптасады (47-сурет.) Мұндай графит тілімшекті графитпен салыстырғанда шойын құрылымындағы металдық негіздің беріктігі мен созымталдығын төмендетпейді. Соғылымды шойынның металдық негізі – ферритті. Перлиттік құрылым соғылымды шойында сирек кездеседі. Ферриттік соғылымды шойын машина жасауда қолданылады.
Соғылымды шойын алуға жасытатын ақ шойынның құрамында 2,5-3,0 %C; 0,7-1,5%Si; 0.3-1,0%Mn; 0.12%S және 0,18% P болу керек. Көміртегі мен кремнийдің мөлшері төмендеу. Төмен көміртекті шойынның созымталдығы көтеріңкі, себебі графиттің мөлшері аз болуы құймаларды суыту кезінде графиттің тілімшекті болуына жол бермейді. Жасыту екі кезеңнен тұрады: бірінші кезеңде құйма 950-970ºС температурадағы цементиттің ыдырауын қамтамасыз етеді. Цементиттің ыдырауы нәтижесінде үлпекті графит пайда болады: А + Fe3C A + графит
Соңынан құймалар эвтектоидты өзгеру температурасына дейін суытылады.Суытылған аустениттен бөлініп шыққан екінші текті цементит графитке ыдырайды. Эвтектоидтық өзгеру кезіндегі аралық температураға жеткен құйманың суытуын кенеттен баяулатып немесе ұзақ уақыт осы температурада ұстайды. Бұл кезде графиттенудің екінші кезеңі басталып, аустенит ферритті-графитті құрылымға ыдырайды да, феррит және графит түзіледі. Екінші кезеңдегі өзгеруден кейінгі шойынның құрылымы ферриттен және графиттен тұрады.
Шойынды эвтектоидтан төменгі температурада ұзақ уақыт бойында ұстамаса, оның құрылымы перлиттен және графиттен тұрады.
Соғылымды шойынды КЧ (ковкий чугун) әріптерімен және цифрмен маркілейді. Бірінші цифрлар беріктік шегін- МПа, екінші цифр – салыстырмалы созылуын, %, көрсетеді. Соғылымды шойыннан соққы күші түсетін және дірілдету жүктемелерінде жұмыс атқаратын тетіктер жасалады.
Ферритті, КЧ37-12, КЧ35-10 соғылымды шойындар жоғары динамикалық және статикалық күш түсетін тетіктерге қолданылады (күпшек, қапсырмалар, іліктерт.б.) КЧ30-6, КЧ33-8 – аса жауапты емес тетіктер үшін (бастиектер, сомын, қамытшалар, ернемектер, жалғастырғыштар т.б.) пайдаланылады.
Ферритті шойынның қаттылығы 163НВ; перлитті шойынның қаттылығы 241-269НВ. Перлитті соғылымды шойындардың (КЧ50-5, КЧ55-4) беріктік шегі жоғары, созымтал және антифрикциялық қасиеті жақсы. Соғылымды шойынның қаттылығын, тозуға төзімділік беріктігін жоғарылату үшін нормальдау (800-850)ºС, шыңдау (850-900)ºС және босату (400-700)ºС жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |