«Мәтінді лингвоталдау» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 0117 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған



бет2/5
Дата13.06.2016
өлшемі0.94 Mb.
#131724
1   2   3   4   5

Бақылау сұрақтары: Жазушының сөз қолдану ерекшелігі. Суреткерлік шеберлігін, дара стилін анықтау. Көркем туындыны стилистикалық тұрғыда талдау. Кейіпкер бейнесінің берілу жолдары. Жазушының осы мақсатта қолданған тілдік-стильдік, көркемдік тәсілдерін қарастыру

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

10,11 –дәріс : Көркем мәтіндегі дыбыстық қайталамалар.



Жоспары: М. Мақатаев шығармаларындағы дыбыстық қайталамалар.

Ж. Аймаутов прозаларындағы автор бейнесі. М.Мағауин шығармаларындағы автор бейнесі мен кейіпкер бейнесінің берілу жолдары.



Мазмұны: Әдепкі қайталама, яки анафора (грекше апарһога — биікке шығару) - өлеңнің әр жолы немесе әрбір ой ағымының бір сөзден басталуы. Кезекті қайталама, яки эпифора (грекше ерірһога — соңынан алып жүру) - өлеңнің әр жолының соңындағы немесе әрбір ой ағымының аяқ жағындағы бір сөздің бірнеше мәрте қайталануы. Ғалым Қ.Жұмалиев анафора мен эпифора жайында: "Анафора - сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі. Өлеңді шығармаларда сөйлемнің әсерлілігін күшейту үшін белгілі бір сөз, сөз тіркесі, жол, тармақ аяғында қайталанады да, эпифора деген атау алады", - деп жазған.
Анафоралық және эпифоралық " қайталамаларды сөз колданудың оңтайлы тәсілі ретінде қарастырған академик М.Серғалиев болды. Ол жазушы Ғ.Мүсіреповтің шағын прозасы -әңгімелеріндегі қолданылған қайталамаларды "өзіндік дәстүрі бар тәсіл" деп бағалайды. "Сөйлем басында бір сөздің немесе сөз тіркесінің қайталанып келуі кездейсоқ құбылыс емес. Олар неше рет қайталанып келсе де, тиісті стилистикалық қызмет атқарады. Осындай анафоралық қайталамадагы сөздердің әрқайсысының стилистикалық "жүгінің" салмағы біркелкі болып келе бермейді; әрқайсысының өзіндік қолданылу ерекшеліктері танылып отырады." [5,137] М.Серғалиев анафора мен эпифора поэтикалық шығармаларда ғана емес, прозалық көркем шығармаларда да кездесіп отырады деген пікір берген. Ол осы жайында: "Тегінде, қандай сөйлем болса да — мейлі, өленді сөйлем болсын, мейлі, қара сөзбен келген сөйлем болсын — анафора болуының басты шарты — сол сөйлемнің бірнешеуінің бірдей жеке сөздерден немесе сөз тіркестерінен басталуы болуы керек", - деп жазған.[5,138]
М.Серғалиевтің пікірінше, көркем шығармалардағы анафоралық құбылыстар сөйлем мүшелерінің барлық түрі ретінде келсе, эпифоралық құбылыстарда сөйлем соңындағы сөздердің басым көпшілігі баяндауыш болып келеді. Сондықтан эпифора деп сөйлемнің баяндауышының колданылуын ұғамыз. Өлеңді шығармаларда анафоралық және эпифоралық қайталамаларды сөйлем мүшелері де, сөйлем мүшесі болмайтын жеке сөздер мен сөз тіркестері де тұрғысынан қарастыру жеткілікті болып табылады. [5,141]
Қайталама мәселесі Б.Шалабайдың да еңбектерінде қамтылады. Ол "Көркем проза тілі" атты кітабында: "Шығармада белгілі мақсат көздеп, орынды қолданылған лексикалық қайталамалар көп. Солардың бірі анафоралық және эпифоралық қайталамалар шығарманың көркемдігіне нұқсан келтірмейді, керісінше, текстің көркемдігін арттырып, жазушының дара стилін айқындауға көмектеседі", - дейді. [6,52] Оның пікірінше, анафора мен эпифора жалпы мәтіннің ырғақтық-интонациялық, көркемдік, стильдік бітім-болмысын айқындап тұрады. Ғалым анафоралық және эпифоралық қайталаманың Ғ.Мүсіреповтің шығарма-ларындағы қолданысына талдау жасай келіп, олар шығарма құрылысының ырғақтылығына, әуенділігіне ықпал жасайтындығына назар аударады. "Ырғақтылық - сыртқы әдемілік емес, күшті көркемдегіш әрі мазмұнының оңай ұғынылуына жәрдемші құрал. Өлең құрылысы өзіндік ырғақты, сазды айтылу әуенімен де ерекшеленеді. Ғ.Мүсірепов стиліне тән айрықша ырғақтылық мынадай құралдар арқылы жасалады: авторлық баяндаудағы синтаксистік бірліктердің құрылысы, сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі, лексикалық және синтаксистік қайталамалар. Көркем шығармадағы лексикалык, қаталамаларды (анафора, эпифора) қолданып, сөйлемнің ырғақтылық әуені бұрынғыдан да күшейе түседі, айрықша екпінді, әуезді болып келеді. Мысалы: "Жылатқан ел, жәбірлеген ел, уатқан ел, еркелеткен ел, сенен ыстық не бар десеңші". Осындағы "жылатқан — уатқан", "жәбірлеген — еркелеткен" деген ұйқасқа құрылған төрт етістікке ел жалпы есімі жеке-жеке тіркесіп, эпифоралық қайталама жасап тұр."М.Балақаев пен Е. Жанпейісов "Қазақ тілінің стилистикасы" атты еңбегінде анафоралық және эпифоралық қайталамалар, әсіресе, шешендік өнердің, көркем әдебиеттің өте ұтымды, әрі
әсерлі тәсілінің бірі болады, қайталамалар екі түрлі орайда эмоционалдық-экспрессивтік қызмет атқарады деп санайды. "Анафора қазақ тілінде өленді сөйлемдерде көбірек кездеседі. Мұнда қатар айтылған бірнеше сөйлем, кейде өлең шумағының бірнеше жолы бір сөзден басталады. Сөзді солай қат-қабаттап жұмсау арқылы ойды күшейтуге, әсерлі етуге болады. Эпифоралық қайталамада қатар айтылған сөйлемдердің, өлең жолдарының аяқталуы бірдей болады."М.Балақаев пен Е.Жанпейісов белгілі мақсатпен лайық қайталау бар да, мақсатсыз қайталау бар деп белгілейді. "Мақсатсыз айтылған басы артық сөз көзге шыққан сүйелдей жазу стилін ауырлатып тұрады. Ондайдан безу үшін сөз бен сөзді, жалғау мен сөзді, жалғау мен жалғауды топтастырып, ықшамдау керек, сонда сөзге орын тар болсын, айтқан ойың кең болсын деген мақсат қойылады."[7,179]
Поэтикалық мәтіндегі анафора мен эпифоралардың атқаратын қызмет ауқымы өте кең. Олар бір өлең жолының аясында немесе тұтас бір микромәтінде қайталанып келіп, ойды барынша дәл сол нәрсеге, белгілі затқа аударуды мақсат етеді. Әсіресе, бір өлеңнің аясында бір сөздің бірнеше қайталануы оқырманға заттың, оқиғаның негізгі ұйтқысы болып тұрған сөзді терең жеткізу амалынан туындайды. Қайталама — мәтін құрылымымен тығыз байланыста болатын құбылыс. Мәтін бар жерде оның құрылымын жетілдіретін қайталамалардың қолданылып отыруы — табиғи нәрсе. Мәтін -мазмұн мен құрылым жағынан аяқталған категория. Мәтіннің мазмұнын мәтін семантикасы десе, оның құрылымын мәтін композициясы деп атайды. Олардың бөлшектенуі — мәтін архитектоникасы деп аталады.
Бақылау сұрақтары: Мәтіндегі қайталамалар. Анафора мен эпифоралардың көркемдік ерекшлекітері.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

3 модуль

Көркем мәтінді лексикалық-стилистикалық тұрғыдан зерттеу, сөздің көркемдік сипатын ашу

12,13 –дәріс : Қарсы мәндес сөздердің стильдік қолданысы



Жоспары: Қарсы мәндес сөздердің стильдік қолданысы. Поэзия тілінде қарсы мәндес сөздердің қызметі. Прозада қарсы мәндес сөздердің жұмсалуы

Мазмұны: Қоғамда болып жатқан түрлі құбылыстарды, адамның сан алуан қасиеттерін қарама-қарсы ұғымда бейнелейтін әрі поэтикалық қызмет атқара алатын құралдардың бірі - мағыналары қарама-қарсы антоним сөздер болып табылады. Антонимдер қолданыс тұрғысынан ұлттық тілімізде, оның ішінде көркем шығарма тілінде, синонимдермен бір қатарда тұратын құбылыс болып табылады. Бұлай болуы да заңды, себебі олардың мағыналық табиғатының өзі тіл реңділігін туғызуға арналған дейді кей ғалымдар. Антонимдер дүниедегі заттар мен құбылыстардың сапасын, қасиетін, көлемін, мөлшерін салыстырып және қарама-қарсы қоюдан шығады. Сонымен қатар, өлім мен өмір, жақсылық пен жамандық, білім мен білімсіздік сияқты кереғар ұғымдарды көрсету арқылы ақынның философиялық ой түйінін, өмірге көзқарасын білдіреді. Адамзат баласы дүниеге келгеннен бастап өмірдегі қарама-қайшылықты байқай бастайды және бұл заңдылық екенін аңғарады. Шынында да өмір бар жерде өлім де бар, жақсы бар жерде жаман бар, қуаныш пен қайғы бірге жүреді. Яғни дүниедегі құбылыстардың барлығын егіздеп, қарама-қарсы қоя отырып қана тани аламыз. Ал тілде осы қарама-қайшылықтарды көрсететін сөздерді антоним деп атайды. Жалпы кез келген жазушының тілінде антоним сөздерді қолдануы арқылы шығарма тілінің көркемдігін ширата түседі. Прозалық шығармадан гөрі поэзияда антонимдердің жұмсалу аясы кең. Антонимдердің стилистикалық қызметі өте күшті. Қарама-қарсы құбылыстарды салыстыруда, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде және осы тәсіл арқылы айтылатын ойды тайға таңба басқандай етіп түсіндіруде антонимдер айрықша қызмет атқарады. Поэзияда антонимдер шендестірудің бір тәсілі ретінде қолданылады. Антонимдерді шебер қолданудың нәтижесінде айтылатын ой мейлінше мәнерлі болып бейнеленеді.

Антонимдер қайшылыққа толы өмір шындығын дәл суреттеуде ғана емес, бәлкім өмірден де күрделі жан дүниеміздегі кереғарлықтар мен арпалыстардың, сезім құбылыстарының жарыққа шығуына да өз үлесін қосып отырады.

Антонимдердің стильдік мүмкіндіктері халық ауыз әдебиетінде де назардан тыс қалмаған. Мысалы,

Мінген атың құла ғой,

Сен үлкен де, мен кіші,

Кезегіңді ала ғой.

Сендер көп те, мен жалғыз,

Білгеніңді қыла ғой,

Бір баланы кемсінсең.

(Қобланды батыр)

Осы мысалда үлкен-кіші, көп-жалғыз антонимдері шендестіре отырып, жырдың әсерін күшейте түскен. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінде де антонимдер ойды көркемдеп жеткізуде жиі қолданылады. Бұқар жыраудың туындыларына үңіліп көрейік:

1. Арғымақтың жалы жоқ,



Жабылар жалыменен теңелер.

Жақсылардың малы жоқ,

Жамандар малыменен теңелер.

  1. Алла деген ар болмас,

Ақтың жолы тар болмас.

Тар пейілді кеңімес,

Кең пейілді кемімес.

  1. Құбылып тұрған бәйшешек,

Қурай болар солған соң.

Ақиық қыран төмендер,

Екі қанат талғанда,

Сөге көрме, Абылай,

Мен пақырда сән бар ма,

Уақытым мұндай болғанда.

Бұқар жырау бір-бірінен алшақ, қарама-қарсы ұғымдарды өзара шендестіре, салыстыра келіп, өзінің философиялық ой толғамдарын жеткізеді. Арғымақ пен жабы, жақсы мен жаман деп шендестірумен бірге егіздеу де бар. Тар пейілді, кең пейілді деп қарама-қарсы қоюда, адамның пейілі, ниеті жаратылысынан, қанмен сіңген қасиеті өзгермейді дегендей ой айтады. Бәйшешек пен қурайды салыстыра отырып, әр нәрсенің дәуренінің өтпелі екенін, уақыты жеткенде соларын астарлап айтып өтеді.

Бақылау сұрақтары: Қарсы мәндес сөздердің стильдік қолданысы. Поэзия тілінде қарсы мәндес сөздердің қызметі

Прозада қарсы мәндес сөздердің жұмсалуы



Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

14,15-дәріс: Синонимдердің стильдік қолданысы.



Жоспары: Поэзия тілінде синонимдердің қызметі. Прозада синонимдердің жұмсалуы. Өлең мәтіндерін лингвистикалық талдау ерекшеліктері.

Мазмұны: Синонимдер – кез келген тілдің байлығы мен оралымдығын көрсететін сөздік құрамның құнарлы да мәнді бір саласы. Әрі тілдің кемеліне келіп, қаншалықты жетілгендігін, оның образдылығы мен дамығандығын танытатын көрсеткіштердің бірі деп есептеледі. Синонимия тіл білімінде толық шешімін таба қоймаған күрделі мәселелер қатарынан орын алады. Ғалымдардың бірқатары синонимдерді мағыналары бірдей, тең сөздер деп қарастырады. Бірақ та синонимдер бір мағынаны білдіретін сөздер емес, әрқайсында өзіне тән мағыналық реңк бар, ұқсас мағыналы сөздер деген пікір басым түсіп жатады.

Синонимдердің стилистика үшін де мәні зор. Тұлғалары бөлек, мағыналары жуық сөздер болып табылатын синонимдер - поэзия тілінің ең бір қажетті құралы. Синонимдік қатардағы сөздердің біреуін таңдап алу ақынның айтпақ ойын(идеясын) дәл беру, ұсынбақ образды әсерлі етіп шығару сияқты шарттарды жүзеге асырады. Синонимдер бір-біріне сайма-сай мағынадағы сөздер емес, әрқайсында өзіне тән мағыналық реңкі бар, ұқсас мағыналы сөздер болса, олардың қолданысы көркем әдебиетте, әсіресе өлең тілінде ерекше орын алады.

Синонимдер бір-бірінен мағыналық реңкі мен стильдік бояуы тұрғысынан ажыратылады. Суреткер көркем бейне жасауда синонимдердің осы ерекшеліктерін ұтымды пайдаланады. Көркемдік мақсатқа сай сөз таңдауда, белгілі бір ұғымның түрлі қырларын ашып көрсетуде немесе экспрессивті-эмоционалды әсерін күшейту үшін де синонимдерге жүгінеді. Көркем әдебиет тілінің стилистикасында синонимия құбылысына деген көзқарас лингвистикалық тар шеңберге сыя бермейді. Лексикалық синонимдердің өзін мағыналық және стилистикалық деп бөледі. Мағыналық синонимдерді идеографиялық деп те атайды. Олар тілдегі стилистикалық құралдардың бірі ретінде қаралады. Әдетте тіл мәдениеті тұрғысынан қарағанда, синонимдердің мағыналық айырмашылықтары белгілі бір мөлшерде мәнді екені сөзсіз. Десек те, стильдік бояуы мен қолданылу аясы тұрғысынан ажыратылатын стилистикалық синонимдердің маңызы ерекше.

Абайға дейінгі қазақ поэзиясын барлағанда, синонимдерді белгілі бір стильдік мақсатқа сай қолдануды сирек ұшырастырамыз. Яғни халық ауыз әдебиетінде мәндес сөздерді көркемдеуіш құрал ретінде экспрессия тудыруда немесе градация үшін пайдалану жүйелі стильдік тәсіл болып табылмайды. Дегенмен синонимдер жекелеген ақын-жыраулар тілінде кездесіп қалады. Бірақ барлығында бірдей стильдік жүк арқалап тұрады деп айту қиын. Мысалы,

1. Қорғанды шаһар қаласын

Қазақ білмес, сарт білер.

Төс айылдың батқанын

Иесі білмес, ат білер

(Бұқар жырау)

2. Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп сен тұрдың.

Исатай басшы білсін деп

Ауыр әскер қол тұрды.

(Махамбет)

3. Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,

Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез.



Қайғың – азық, ермегің – шер болған кез,

Елмен араз, татуың бір болған кез.

(Жанақ ақын)

Бұқар жырау мен Махамбетте синонимдер белгілі бір стильдік мақсаттан гөрі, өлеңдегі буын санын толтыру үшін жұмсалған сияқты. Ал Жанақ ақында қайғы, шер синонимдері экспрессияны күшейте түсу арнайы алынғаны байқалады.

Абай синонимдердің тілдік мүмкіндіктерін сезіне отырып, көркемдік мақсатына сай образ жасауда жүйелі пайдаланып отырған. Айталық, экспрессиясын күшейту мақсатында синоним сөздерді өлеңнің бір жолында қатар қолданады. Мысалы,

Кісі алдында кердеңдеп,



Шабан, шардақ және шау

Мұндағы шабан, шардақ және шау синонимдері бір жолда келгенде, түйдегімен қолданылып, жағымсыз экспрессияны еселей түскен.

Ақын шәкірттерінің ішінде Ақылбай, Мағауия, Әріп және Көкбай шығармаларының тілінде Абайдың синонимдерді стильдік мақсатта қолданудағы дәстүрін анық тани аламыз. Абайда және оның ақын шәкірттерінде синонимнің мынадай стильдік қолданысы бар:

а) шығарманың экспрессивті-эмоционалды бояуын аша түсу үшін;

ә) белгілі бір ұғымды кеңейтіп, жан-жақты толықтырып айту үшін;

б) бейнелеуіш тәсіл ретінде градация тудыру үшін;

в) көркем мәтінде сөз таңдау, сондай-ақ сөз қайталауға ұрынбау үшін.

Бақылау сұрақтары:

Синонимдердің стильдік қолданысы. Поэзия тілінде синонимдердің қызметі. Прозада синонимдердің жұмсалуы. Өлең мәтіндерін лингвистикалық талдау ерекшеліктері.



Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

16-дәріс. Көркем мәтіндегі көп мағыналы сөздер мен омонимдердің қолданылу ерекшеліктері.



Жоспары: Көркем мәтіндегі көп мағыналы сөздер. Омонимдердің қолданылу ерекшеліктері.

Мазмұны: Тілдің мағыналық жақтан даму ерекшелігі оның семантикалық категорияларынан анық байқалады. Бұл ретте сөздердің ауыспалы мағынада қолданылуы, одан шығатын көп мағыналылық, (полисемия) оның лексикалық жүйеге қосқан үлесі, синонимдік қатарлардың стильдік дифференциациялануы, антонимдік оппозициялардың тілдік фактілері, әр текті (геторогенді) омонимдер мен бір текті (гомогенді) омонимдердің тілді байытудағы дәрежесі мен рөлі көркем әдебиет мысалдарынан ғана іріктеледі.

Тіддегі сөздердің мағыналық жақтан даму зандылығы олардың ішкі потенциясына байланысты. Солардың тілдегі бір көрінісі — гомогенді, яғни бір текті омонимдердің пайда болу құбылысы. Түбірі мен мағынасы бірдей бір сөздің сапалық даму нәтижесінде екі түрлі дербес мағынаға ие болған сөздердің тобы бір текті омонимдер қатарына жатады.

•Өзге де семантикалық категориялар сияқты омонимия құбылысы да тіл дамуының көрсеткіші.

•Сөздік қорды дамытудың бір саласы осы омонимдер деуге болады.

Омонимдерге ұқсас көпмағыналы сөздер бар. Алайда кейбір сөздер өзінің мағыналық жақтан алшақтауын этимологиялық зерттеулер жүргізгенде олардың о бастан полисемиялы болғандығы анықталып жатады. Жазушы шығармаларының тілі талданған тұста антонимдердің көбінесе грамматикалық жақтары сөз етіледі. Ақын-жазушылар үшін ұлт тіліндегі синонимдер жүйесін ұдайы жаңғыртып қолдануы шеберліктің бірнеше міндетін аңғартады. Мысалдарды қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі реестрмен салыстыру жүргізу қажет.

Бақылау сұрақтары: Көркем мәтіндегі көп мағыналы сөздер. Омонимдердің қолданылу ерекшеліктері.

Ұсынылатын әдебиеттер: 1,2,3,4,5,6

17,18-дәріс: Фразеологизмдердің көркем мәтіндегі жұмсалым аясы. Жоспары: Көркем поэзия тілінде фразеологимдердің қолданылуы. Көркем проза тілінде фразеологизмдердің қолданылуы. Ж. Аймауытұлы шығармаларындағы фразеологизмдер.



Мазмұны: 1.Окказионал фразеологизмдер—қалыптасқан мәтін түріне негізделген фразеологизмдер. Окказионал фразеологизмдердің түрлері бір ғана құрылымдық-семантикалық инвариант шеңберінде пайда болады.

2. Жекелеген нақты фразеологизмдердің ерекшелігі, фразеологиялық модель (қос сөздер, салыстырмалы конструкция) окказионалды фразеологизмдер жасайтын лексикалық материалдармен толықтырылады.

3. Окказионал фразеологизмдер, әдетте, авторлық фразеологизмдермен түсіндіріледі. Бір көркем шығарманың негізінде көрінетін окказионал фразеологизмдер әдеби тілге енуге талпыныс жасамайды. Окказионал фразеологизмдер шығарманың дамуымен бірге қалыптасады немесе біртіндеп фразеологизм болып енеді.
Автор осы үш мысалдағы окказионал фразеологизмдердің образды-
экспрессивті қызметін атқаратын синтетикалық-құрылымдық фразео-логизмдерді қалыпты нормамен байланыстырады. Демек, белгілі бір дәрежеде идиомдық, тұрақтылық элементтері бар дей келе, В.Фляйшер окказионал фразеологизмдердің потенциалды тенденциясын лексикалануы туралы айтуға болады дейді. Ол фразеологизмдену процесін жекелеген сөздерден тұратын жаңа единицалар туындайтын синтаксистік құбылыстар. Сондықтан бұл сөзжасамдық параллель бірлік. Сөзжасамда да, фраза тудыруда да жаңа сөздер мен тосын бірліктер пайда болады. Бұлар сөз қолдану шеңберіндегі автордың жеке білімінің деңгейін көрсетеді. Окказионализмдерді толық дамымаған немесе дұрыс емес сөздер деп тануға болмайды, бұлар керісінше берілген мәтін ішіндегі эмоционалды-экспрессивті мағынасы жағынан жалпы қолданыстағы сөздерге қарағанда ең керектісі. Бірақ окказионал фразеологизмдердің бар қызметі белгілі бір мәтіннің көлемінен аса алмайды, мұндай сөз тіркестері тілге еніп жалпы қолданысқа түспейді.

Жазба әдеби тілдің лексикалық құрамын түрлендіре, толықтыра түсуге септігі тиер окказионал сөздер—әдеби нормадағы байырғы сөздер мен неологизм сөздерден, көнерген сөздер мен диалектизмдерден табиғаты, сипаты бөлек категория.

Тілдік бірлік—сөзді танытатын айырым белгілердің бәрінде окказионал сөз иелене отырып, тек өзіне тән ерекше белгілерімен ажыратылады. Окказионалды реңк туғызатын қасиеттер көп қырлы сипатта бола отырып, сөзді анықтайтын белгілерімен сабақтаса байланысады. Бұл ерекше белгілер бірлікте тұтаса келгенде ғана нақты категориялық сипаты анықталмақ.

Г. Мұратова көркем шығарма мәтінінде кездескен жеке авторлық неологизмдердің пайда болуын мынадай әр түрлі мотивтерге бөлген:



  1. Ойды дәл әрі кысқа беруді көздеу.

  2. Жазушы санасында пайда болған күрделі образды жинақтап, синтездеп беруге ұмтылу, бірнеше ой жүйесін бір жерге шоғырландыру.

  3. Тілімізде бұрыннан бар ұғымдарға анағұрлым сәтті атаулар беру.

  1. Құбылысты бейнелі түрде суреттеу қажеттілігін сезіну.

  2. Поэтикалық техниканың әр түрлі міндеттерін өтеу.

А) Ұйқас үйлесімін сақтау.

Ә) Ырғақтық әуезділікті бұзбау.



  1. Сөз қолдануда тавтологиядан сақтану.

  2. Сөздің сонылығына, өзгелешігіне ұмтылу, «ескі» сөздерді қайталамай беруге тырысу. Бұл мотивтердің барлығы бір мақсатқа—стильдік эффект, экспрессивтілікке жетудің шарты.

Осы топтаудан біз окказионал фразеологизмдерге байланысты бірнеше ерекшелік шығаруымызға болады:

  1. Көркем шығармада ойды дәл, әсерлі, накты әрі қысқа беру.

  1. Қалыпты сөз тіркестерін қайталамау нәтижесінде туған жаңа, соны тіркестер.

  2. Жазушының көркем образды синтездеп беру мақсатымен жасалған окказионал фразеологизмдер. (13; 173)

Окказионал фразеологизмдердің көркем шығармада атқаратын қызметі—образ жасау, кейіпкерге тілдік мінездеме беру. Автордың қолдануында олар шығарма тілінде көркемдік бейне, ойды жан-жағынан сипаттау қызметін атқарады.

Осындай жолдармен Шәкәрім де тұрақты сөз тіркестерінің жаңа үлгісін жасап, фразеологиялық қорды байытуға өзіндік үлес қосқан. Ол халықтық нормадағы түрлі тіркестерді қолдана отырып, өзінің сөз қолданудағы стилін кеңейтті, кей тіркестерді өзінше құрап, артына жаңа тіркестер, афоризмдер қалдырды. Автордың қолдануында олар шығарма тілінде көркемдік бейне, ойды жан-жағынан сипаттау қызметін атқарады. Автор тұракты тіркестерді көбіне насихат-өсиет айту мақсатымен, ойын бейнелі, әсерлі жеткізу үшін қолданған. Автор тұрақты тіркестерді көбіне насихат-өсиет айту мақсатымен, ойын, бейнелі, әсерлі жеткізу үшін қолданған.

Ажалың биік қабақ сұрлау қыздан,

Батырым, ондай жанға көңіл берме.

Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігінде «көңіл беру» - сену, илану, бой ұру, ден қою деген мағына беретіні жазылған. Мысалы, Абайда да осындай тіркес жиі кездеседі. Көркем шығармаға айрықша әсерлік пен әр беретін тілдік құралдардың бірі фразеологизмдер болып табылады. Сөз зергерлерінің қай-қайсысы болмасын тілдің інжу-маржанындай фразеологизмдерді қолданбай тұра алмайды. Фразеологизмдер сөзді жандандырып, тілімізге өткірлік сипат, ұлттық ажар беретін стильдік мәні айрықша құрал болып саналады. Тұрақты сөз тіркестері аз сөзбен көп мағынаны білдіреді, тілдің стильдік сапасын арттырады.

Стилистика тұрғысынан фразеологизмдерді бейтарап қолданылатын фразеологизмдер, кітаби фразеологизмдер, сөйлеу тілінің фразеологизмдері деп бөлу бар. Сол сияқты фразеологиялық бірліктер стилистикалық бояуы тұрғысынан біркелкі емес, сондықтан да, бір жағынан, кітаби, сөйлеу тілі, қарапайым фразеологизмдер деп, екінші жағынан, көтеріңкі, салтанатты, күйдіргі, кекесін, сөгу, селқос қарауды білдіретін фразеологизмдер және т.б. болып сипатталуы мүмкін.

Көркем шығармада болсын, ауызекі сөйлеуде болсын фразеологиялық бірліктер тілдің барынша мәнерлі де жанды, бейнелі де ұлттық нақышы айқын болуына өз үлесін қосады. Ақын-жазушылар тіліндегі тұрақты тіркестерге тән бейнелілік пен экспрессияға ие, ерекше көркемдік-стильдік жүк арқалай алатын, сөздердің мағыналық жақтан бір-бірімен түйісуі нәтижесінде біте қайнасып кеткен семантикалық шоғырды да поэтикалық фразеологизмдер деп тануға болады.

Бұл талғампаздық фразеологизмдерді қолдануда да айқын көрінеді. Көркемдік мақсатқа орай фразеологизмдерді жалпыхалықтық үлгіде алып та шығармаларының шырайын келтірген. Жалпыхалықтық үлгідегі фразеологизмдер қатарына бұрынғы би-шешендер, ақын-жыраулар тілінде дәстүрлі қолданылып келген тұрақты тіркестер де жатады. Дәстүрлі фразеологизмдердің қай-қайсысын болса да нақты көркемдік-эстетикалық мақсатқа сай келген орында алып, ерекше стильдік жүк артып, шығарманың да, тұрақты тіркестің де шырайын келтіре білген.

Әріп ақын шығармаларындағы фразеологизмдерге тоқталып өтейік. Мысалы: Орныма егін ексең мен кетейін, Кіжінген дұшпандарым, тісін қайрап. 2. Өкімет әділ заңы арқасында. Кедейлер, ашылар-ақ енді көзің, Арбамен асықпаған қоян алар, Қолың жетер есеге болды кезің. 3.“Пәленше менің кісім болсайшы” деп. Көз сүзіп көргенге өмір өтер.

Осы мысалдардағы орныма егін ексең, тісін қайрау, көзі ашылу, арбамен асықпаған қоян алар, қолы жету, көрінгенге көз сүзу тұрақты сөз тіркестері өлеңге бейнелілік пен экспрессия беріп тұр. Орыныма егін ексең фразеологизмі халықтық тілде де дәл осындай тұлғада немесе “орныма егін егейін деп пе едің” түрінде келеді. Бұл тұрақты тіркес орынсыз түртпектеп соқтыға бергенде айтылады да реніш, кекесін сияқты эмоциялық реңі болады. Тісін қайрау долданып қатты ашулану, біреуге кектенуді білдіреді. Мәтінде кіжіну көңіл-күй етістігімен синонимдік қатынаста қолданылған. Әрі олардың экспрессивті-эмоционалды реңкі де ұқсас болғандықтан бірін-бірі толықтырып әсерін күшейте түскен. Екінші мысалда “Кедейлерге”өлеңін Кеңес үкіметі орнаған кезде шығарған. Жаңа заманға деген ақынның екі ұдай көңілі өлең жолдарынан аңғарылып қалады. Әріп нық сенімнен гөрі, қалай болар екен деген қауіпі басымдау бола тұрса да, кедейлердің, жалпы жұрттың көңілін аулап, сабырға шақырғандай. Астарлы ойын жеткізу мақсатында фразеологизмдерді пайдаланады. Көзің ашылар-ақ етістікті фразеологизмі бейнеттен құтылу ұғымын білдіреді. Арбамен асықпаған қоян алар мәтелі сабырға шақырады. Ақын көпшілікті шыдамды болуға үндейтіндей. Есеге қолың жетер тұрақты тіркесі мақсаттың орындалуын білдіреді. Осы мысалдағы тұрақты тіркестерінің барлығы да -ар, -ер болжалды келер шақ есімше тұлғасында келген. Бұл да ақын көңіліндегі сейілмей тұрған күдіктен хабар береді. Үшінші мысалдағы көз сүзу тұрақты сөз тіркесі жағымсыз экспрессиясы күшті болып келеді. Көз сүзу етістікті фразеологизмі өздігінен әрекет қылып жан бағудың орнына, босқа біреудің жақсылық жасауына үміт етіп жүруді аңғартады. Табиғатынан өр, намысқой қазақ халқы үшін тіленшіліктен, біреуге көз сүзуден өткен қорлық жоқ. Әріп өлеңдерінен тіл алу, көңіл қалу, қапыда қалу, ит болу, жер қайысқан, көңіл аулау, жүрек жалғау сияқты т.б. фразеологизмдер жалпыхалықтық үлгіде ұшырасады.

Тілдің ерекше қабатын құрайтын фразеологизмдер ұлттың дүниетанымымен, бейнелі ойлау жүйесімен тығыз астасып жатыр. Сөз зергерінің тіліндегі тұрақты тіркестер шығарманың ұлттық нақышын ғана келтіріп қоймай, қаламгердің даралық сипатын да таныта алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет