Метод грекше



жүктеу 0.58 Mb.
бет1/3
Дата16.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
  1   2   3
КІРІСПЕ
Бастауыш сынып оқушыларын қажетті білім негіздерімен қаруландырып, оқу материалдарының мазмұнын бүгінгі күннің талабына сай меңгерту үшін оқудың тиімді әдіс-тәсілдерін дұрыс таңдап алып, ұтымды қолдану талап етіледі.

Оқушыларға білім беру барысында мұғалімнің тікелей басшылығымен жүзеге асырылады. Мұғалім оқу материалын сөзбен түсіндіреді. Ал мұғалім сөзі сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдер арқылы толықтырылып отырылады.

Білім алуда оқушының оқуға деген талабы, ынтасы, қызығуы және оқудың қажеттілігін сезінуі үлкен рөл атқарады. Бұл жайттарды ескермей, балаларды білім негіздерімен қаруландыру қиын. Сондықтан да ең алдымен оқушыларды білім алуға қызықтыруға, яғни олардың білімге деген ынтасын арттыруға айрықша көңіл бөлінеді.

Бағдарламаға сай қазақ тілі материалдары оқушыларға қалай үйретіледі? Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерінің қайсысы болмасын, оқушы мен мұғалімнің ара-қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.

Метод – грекше зерттеу жолы деген сөз. Басқаша айтқанда оқушының ақыл-ойының және практикалық қызметінің тәсілі деген мағынаны білдіреді.

Оқу әдісі – оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру, қабілетін дамыту, оларға білім, білік және дағдыны меңгерту жолындағы мұғалім мен оқушылардың бірліктегі атқаратын жұмыстарының тәсілі.

Мұғалімнің оқыту әдісі деп оқу процесінде оқушылардың ақыл-ой процесіне басшылық ету және білім беру тәсілдері айтылады. Оқушылардың үйрену әдісі дегеніміз – олардың білім, білік, дағдыларды меңгеру тәсілдері. Оқу процесін жүргізу жұмысында басшылық рөлді мұғалім атқарады. Сол себепті мұғалімнен білімділік және әдіс-тәсілдерге төселген шеберлік талап етіледі. Ал, оқушылыр болса оқу еңбегіне саналы әрі белсенді түрде қатысу дағдысына жаттығып, оған әбден машықтанған болуы қажет. Осындай екі жақты белсенді әрекеттің нәтижесінде ғана оқыту процесі көздеген педагогикалық мақсаттарға жете алады.

Оқытудың тиімді методикасының дидактикалық шарттарының бірі оқыту әдістерін дұрыс таңдап ала білу. Бұл ыңғайда мұғалім информациялық және ұйымдастыру әдіс-тәсілдерін пайдаланады. Бірінші әдіс бойынша мұғалім бағдарламалық жаңа материалдарды баяндап түсіндіреді. Екінші әдіс арқылы оқушылардың білімді өздігінен меңгеруіне жағдай жасайды. Сөйтіп оқыту мен оқу методтары өзара үйлесімді байланысқа түседі. Яғни информация методы оқушылардың түсінуі мен білім меңгеруіне жағдай жасайды да ұйымдастыру әдісі оқушылардың білімді меңгеру үстінде ізденіске талпынуын тудырады.

Егер оқушы өздеріне ұсынылған белгілі бір әдіс пен таным қызметінің тәсілдерін пайдалану материалды мұғалімнің баяндап түсіндірген күйінде ғана оқып үйренсе, ол еске түсіру қызметі болады.

Ал, материалды мұғалім түсіндіргендегіден әлдеқайда кең, терең оқып үйреніп, тиісті тіл заңдылықтарының тақырып аясындағы « жаңалықтарын » меңгерсе, мәселені шешу жолында жаңа әдістер қолданса, онда бұл шығармашылық таным қызметінің көрінісі болады. Еске түсіру мен шығармашылық жұмыс өзара байланысты болғандықтан, оқыту процесінде бұл әдістердің бірін қолданғанда, екіншісінің де элементтері бой көрсетіп отырады.

Оқу материалының мазмұны мен оқыту әдісінің арасында өзекті байланыс болуы – оқыту ісі тиімділігінің бір шарты. Мұғалім материалды мазмұнына, сипатына қарай оны меңгертудің ең қолайлы деген әдістерін таңдайды.

Оқыту әдіс-тәсілдерін таңдағанда мұғалім оқушылардың жеке және типтік ерекшеліктерін, қазақ тілі материалын меңгертуге деген дайындық деңгейін, әрбір оқушының психологиялық ерекшелігін ескереді.

Мектепте оқыту жұмысының алдына қойылатын түпкі мақсат – оқушыларға саналы білім, берік практикалық дағды беру және оларға білімді өздігінен меңгеру жолын, сол білімді практикада кәдеге асыра алатындай іскерлікті дарыту. Бұл игі мақсат оқу-тәсілдерін, білімді меңгеру процесінде оқушының өздігінен жұмыс жасауына себебін тигізетін әдістерді қолдану жолымен жүзеге асады. Осыған байланысты бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту ісінде өзін практикада ақтаған әдіс-тәсілдерді анықтау мақсатында «Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістері» деген тақырып таңдап алдық.

Диплом жұмысының міндеті:
Озат мұғалімдердің іс-тәжірибелеріне, ғалым-әдіскерлердің еңбектеріне және жүргізілген эксперимент жұмыстарының нәтижесіне сүйене отырып, мұғалімнің қазақ тілі сабақтары барысында бірнеше әдістерді пайдалана отырып, оқу жүйесін тиімді де тартымды ұйымдастырудың тиімді әдіс-тәсілдерін ұсыну;


  • бастауыш сынып оқушыларының таным процестерін дамытудың жолдарын ұсыну (атап айтқанда, қиялын, ойларын және қабылдауын);

  • оқу процесін ұйымдастыру әдістері;

  • оқушыларын үйренетін білім көздерінің әдістері;

  • нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістерді атқаратын қызметіне қарай топтастыру.

Зерттеу объектісі: Шымкент қаласындағы № 7 Қ.сыпатаев атындағы, № 47 Т.Тәжібаев атындағы және № 51 Төле би атындағы орта мектептердің бастауыш сыныптарында жүргізілді.
Диплом жұмысын жазудағы мақсат:

Мектептегі оқыту процесін жақсартуға ықпал ету.Бастауыш сыныптарда қазақ тілі материалдарын меңгертуде пайдаланатын тиімді әдіс-тәсілдерді жүйеге түсіріп, мектеп мұғалімдеріне ұсыну.



Диплом жұмысын жазуда мынандай ғылыми-зерттеу әдістері пайдаланылды:
- қазақ тілін оқытуға байланысты ғылыми-әдістемелік еңбектерге талдау жасау және қорытындылау;

  • озат ұстардың іс-тәжірибелерін жинақтау және талдау;

  • бақылау, әңгімелесу, анкета және тест жүргізу;

  • мектерде оқу экспериментін жүргізу.


Диплом жұмысының мақұлдануы:
Біздің зерттеу жұмыстарымыздың нәтижесі № 7 Қ.Сыпатаев, № 47 Т.Тәжібаев атындағы орта мектептерінің педагогикалық кеңестерінде, Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студент жастар ғылыми конференциясында талқыланып, қолдау көрсетілді.
Диплом жұмысының құрылысы:
Диплом жұмысы кіріспеден, негізгі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Еңбектің кіріспе бөлімінде диплом жұмысының тақырыбын таңдау себебін, оны жазудағы мақсат-міндеттер, зерттеу әдістері, зерттеу объектілері сөз етіледі. Негізгі бөлімінде бүгінгі таңда бастауыш сыныптарда қазақ тілі сабақтарында пайдаланылатын әдіс-тәсілдер баяндалады. Қорытынды бөлімінде жүргізілген жұмыстар нәтижелеріне негіздей отырып, қазақ тілін меңгертудің ең тиімді әдіс-тәсілдері тұжырымдалады.


1. Қазақ тілін оқыту методикасының ғылыми-зерттеу әдістері
Мектепте оқылатын барлық пәндер сияқты қазақ тілін оқыту методикасының да ғылыми-зерттеу әдісі бар. Қазақ тілін оқыту методикасының алға қойған мақсаты - өзінің зерттейтін объектісін жан-жақты танып білу, заңдылықтарын ашып айқындау. Демек, ғылыми-зерттеу әдісі дегеніміз белгісізді тану, айқындау.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының қай түрінде болмасын зерттелетін объектіні танып білу мынадай үш түрлі әрекет бойынша іске асырылады, бірінші – қажетті материалдар, фактілер жинау, екінші – жинақталған фпкті немесе метериалдарды талдау, салыстыру, үшінші – сол фактілер негізінде теориялық тұжырымдар, қорытындылар жасау. Құбылысты, объектіні ғылыми танып білу процесінде іске асырылатын бұл әрекеттер қазақ тілін оқыту методикасында да негізгі кезеңдер болып саналады.

Қазақ тілін оқыту методикасының ғылыми-зерттеу әдістерінің де белгілі бір жүйесі бар. Яғни, ол қазіргі тіл ғылымы жаңалықтарын, педагогика, психология пәндерінің өзара байланысын ескеріп отырады.

Қазақ тілін оқыту методикасының ғылым ретіндегі дамуының басты шарты – методикалық зерттеулерді әрі қарай дамыту, жетілдіру, эксперименттік тәжірибелер жасау, мектеп тәжірибесін зерттеу, оған жаңа фактілерді қосу, методика ғылымындағы жаңалықтар, жетістіктер, орыс тілін оқыту методикасындағы тәжірибелерді пайдалану, психологиялық әдістерге де көңіл бөлу. Сондай-ақ мектептегі оқыту жүйесі деңгейін зерттей отырып, бақылау жасаумен бірге, методика ғылымының жаңалықтарын үнемі ескеріп, мұғалімнің жан-жақты методикалық ізденістерін дамыта отырып, шығармашылықпен сабақ беруіне көмектесу жолдарын қрастыру негізгі мәселелердің бірі болып саналады.

Сонымен, қазақ тілін оқыту методикасының ғылыми-зерттеу әдістері мыналар: методикалық әдебиеттерді талдау, зерттеу, алдыңғы қатарлы озат мұғалімдердің іс-тәжірибелерін зерттеу, сабақ процесін көру, бақылау анкетасымен жұмыс жүргізу, жеке әңгімелесу әдісі, эксперимент әдісі.

Мұғалімнің педагогика, психология ғылымдары жаңалықтарын біліп отыруы аса қажет, онсыз оқу процесін сапалы ұйымдастыру мүмкін емес.

Енді сол ғылыми-зерттеу әдістеріне жеке-жеке тоқталайық.

Методикалық әдебиеттерді талдау және зерттеу әдісі мұғалімдердің күнделікті жұмыстарымен тығыз байланысты негізгі мәселелердің бірі. Мұғалімнің қазіргі методикадағы болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды психология, педагогика ғылымдарындағы жаңа ізденістер мен методиканың өткендегі мұраларын салыстырып пайдалануы қажет, онсыз оқу-тәрбие ісін ойдағыдай жүргізу мүмкін емес.

Қазақ тілін оқыту методикасы жүйелі зерттелінбеген десек те, бұл мәселе 1940 жылдардан бастап қолға алынғанын айту жөн. Қазақ тілін оқыту методикасының негізгі мәселелері әр кезеңде зерттелінді. Мысалы, жеке мақалалар жазылып, методиканың кейбір салалары, атап айтқанда, фонетиканы оқыту, морфологияны оқыту, тіл дамыту жұмыстары, факультативтік сабақтарды оқыту, техникалық құралдарды пайдалану, сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыру, орфографияны оқыту, пунктуация мәселелері жөнінде ғылыми әрі практикалық жағынан талай еңбектер жарық көрді.



Алдыңғы қатарлы озат тәжірибені зерттеу әдісі – бұл әдіс те методиканы толықтырудың бір түрі. Өйткені тәжірибелі бір мұғалімнің немесе бірнеше мұғалімнің шығармашылығына талдау жасауға болады. Атап айтқанда, тәжірибелі мұғалімнің жұмыс жоспарын, сабақ жоспарын, дидактикалық немесе методикалық нұсқауларды, кесте, сабақ көрнекіліктерін пайдаланудағы іс-тәжірибелерімен танысу, олармен тәжірибе алмасу аса қажет. Сондай-ақ алдыңғы қатарлы озат тәжірибені зерттеу, оны жалпы мектеп практикасына ендіру, ұсыну ғылыми-зерттеу жұмысында дұрыс тұжырымдар, қорытындылар жасауға, жаңа пікірлер ұсынуға мүмкіншілік жасайды.

Оқу процесін бақылау әдісі – бұл да методикада шешуші роль атқарады. Бұл метод арқылы мұғалімнің бүкіл сабақ жүйесінде қолданатын әдіс-тәсілдерінің дұрыс-бұрыстығы, оқушыларға ұсынылған жаттығулар мен грамматикалық тақырыптарға байланысты берілген мысалдардың оқушының жас ерекшелігіне лайықтылығы, дұрыстығы, егер дұрыс болмаса, оны қалай түзеу қажеттігін білуге пайдасы бар.

Сабақ процесін жүйелі, белгілі мақсатпен бақылау, байқау белгілі бір грамматикалық проблеманы дұрыс, жан-жақты, ғылыми талдау жасауға көмектеседі.Мысалы, зат есімді оқытумен байланысты қандай жұмыстар істелінді, нендей ғылыми тұжырым жасалынды деген мәселені жан-жақты қарастыруға мүмкіншілік болады.



Әңгімелесу әдісі арқылы мұғалім оқушының білімін бақылай отырып, жеке оқушымен де, топ оқушымен де әңгімелесу арқылы да сабаққа қорытынды жасай алады.

Орта мектепте бұл әдістің тиімділігі оқушының қазақ тілінен алған білімі мен іскерлік дағдыларын тексеріп, қандай қателер жібергенін анықтап, онымен жұмыс істеудің жолдарын белгілейді.



Анкета бойынша сұрап-білу әдісі. Бұл әдіс бойынша бүкіл сынып немесе бірнеше сынып оқушыларының білім сапасын тексеруге болады. Ғылыми-зерттеу жұмысында анкета әдісі арқылы методикада ұсынылған кейбір әдіс-тәсілдердің тиімді деген жақтарының дұрыс-бұрыстығын тексеруге мүмкіншіліктер болады.

Эксперимент әдісі – бұл әдіс методикада мектеп тәжірибесіне байқау жасап, белгілі бір ұсынылған әдістің тиімділігіне әбден көз жеткізу мақсатында, соны тексеру үшін пайдалы.

Қазақ тілі сабақтарында эксперимент жұмысы сабақта қолданылған әдістердің тиімділігін байқау үшін қолданылады. Мұндай мақсатта эксперимент қатар сыныптарда жүргізіледі. Эксперимент және бақылау (тексеру) жасау сыныптарындағы нәтижелер салыстырылады, оның пайдалылығы жөнінде ұсыныстар жасалынады. Ол әдістің тиімділігі дәлелденеді.

Оқыту процесін тексеру үш түрлі жолмен іске асырылады:

а) Оқыту, бақылау (констатирующий) тексеру мәніндегі эксперимент бойынша оқытудың жалпы жайы, оқушылардың білімі, қабілеті, дағдысы алдын ала тексеріледі. Осындай мақсатта ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстарының текстері, түрлі материалдар дайындалады.

ә) Оқыту мәніндегі эксперимент – эксперимент жүргізіліп жатқан сыныпта зерттеушінің ұсынып отырған мәселесінің тиімділігі, артықшылығы тексеріледі.

Мұнда ұзақ уақыт мұғалім мен зерттеуші оқу процесіндегі оқушылардың бүкіл ісіне бақылау жасайды.

б) Бақылау (тексеру) эксперименті арқылы зерттеушінің жұмысының ең соңғы рет дұрыс-бұрыстығы тексеріледі. Ол әрі эксперименттік, әрі тексеру эксперименті жүргізілген сыныпта өтіледі. Өйткені ұсынылып отырған мәселенің артықшылығы, тиімділігі, кемшілігі салыстырылады. Тиімді, өте пайдалы деп саналынған оқыту әдіс-тәсілдері кәсіпшілікке ұсынылады. Немесе белгілі бір мектеп тәжірибесіне ендіріледі. Сондықтан методиканың дамуына байланысты оның зерттеу әдістері де жетілдіріліп, дамып отырады. Қазір ғылым мен техниканың соңғы табыстарына байланысты ең таңдаулы деген сабақ үлгілері, немесе озат мұғалімнің іс-тәжірибесі телесабақ түрінде ұйымдастырылып, болмаса магнит ленталарына жазылып, кең зерттеу жасауға мүмкіншіліктер жасалып отыр.

Әрине, қазақ тілін оқыту методикасының ғылыми-зерттеу әдістері жеке-дара күйлерінде пайдаланылмайды. Олар бір-бірімен байланысты , қатарласа жүргізіледі, демек бір-бірімен қарым-қатынаста ғана іске асырылады.



Оқыту әдістерін топтастыру
Оқыту әдістері қолданылу мақсаттарына қарай әрі олардың атқаратын қызметтері тұрғысынан бір-біріне принциптік ұқсастығы бойынша төмендегі үш түрге топтастырылады.

1. Оқу процесін ұйымдастыру әдістері.

2. Оқушылар үйренетін білім көздерінің әдістері.

3. Нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістер.



Оқу процесін ұйымдастыру әдістері. Бұл топқа мына әдіс енеді: 1) Мұғалімнің оқу материалын өзара байланысты түрде баяндау әдісі; 2) Мұғалімнің оқушылармен жүргізетін әңгіме әдісі; 3) Мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін оқушылардың өзіндік жұмыс әдісі.

Осы әдістерді қолдана отырып сабақ материалы бойынша жұмыс жүргізгенде, мұғалім мен оқушылар арасындағы педагогикалық қарым-қатынас әрі кері байланыс амалдары ұштастырылады, сонымен бірге ұстаз бен шәкірттер арасындағы жұмыстардың бірлігі айқын көрініс береді. Аталған әдістердің маңыздылығы тап осында.

Оқу жұмысын ұйымдастыру методтары тобындағы әдістер қазіргі мектеп тәжірибесінде кең тараған. Сондықтан қай пәннің мұғалімі болсын және қай сыныпта сабақ жүргізсін, ол осы әдістерді қолданады. Мұғалім оқу процесінде оқушылардың жасына әрі даярлық дәрежесіне, сондай-ақ тақырып бойынша сыныппен жасалатын жұмыстың кезеңдеріне, сабақтың нақтылы міндеттеріне қарай бұл әдістердің ең тиімді дегендерін пайдаланып отырады.

Баяндау әдісімен сабақ түсіндіргенде мұғалім жоғары немесе орта буын сыныптарда оқушылардың таным қабілетінің даму деңгейінде оқу материалының мазмұнын белгілі шамада кеңейте баяндауы мүмкін. Мұны бастауыш сыныптарда істеуге болмайды, бұл олардың психологиялық ерекшеліктеріне байланысты.

Әңгіме әдісі – бастауыш сыныптарда қолданылатын әдістердің ең негізгі түрі. Бұл әдіспен сабақ жүргізгенде, мұғалімнің сұрағы мен оқушылар жауабы түрінде диалог пайда болады. Осы кезде оқу материалының мазмұны ашылады, оқушының түсіну дәрежесі айқындалады. Оның үстіне оқушыларды сабақта еркін сөйлеу процесіне қатыстыру арқылы тіл байлығын жетілдіру мақсаты жүзеге асырылады. Әңгіме әдісін қолданғанда мұғалім сұрақ қоюға ерекше көңіл бөледі. Сұрақ қысқа да түсінікті, қызғылықты және методикалық жағынан дұрыс құрылған болуы керек. Өйткені жете ойластырылмаған сұрақ балаларға қиындық келтіреді. Сондықтан сұрақ қоюға аса жауапкершілікпен қараған жөн. Әңгіменің тартылымдылығын арттыру жағы да ойластырылады.

Қазіргі кезде оқушылардың өздігінен орындайтын практикалық жұмыстарын ұйымдастыруға елеулі мән беріледі. Оқушылар өзіндік жұмысты орындау барысында жеткілікті дағды алуға тиіс. Әр оқушы өзінің қандай тапсырманы орындайтынын, нені тындыратынын және қандай тәсілдерді қолданатынын білгені дұрыс. Сонда ғана оқушының еңбегі нәтижелі болады. Оқушылардың өздігінен орындаған сынып жұмысы сол бойда-ақ тексеріліп, жіберілген қателер ұқыпты түрде түзетіледі әрі себептері түсіндіріледі. Оқушының өз бетімен орындаған жұмысының сапалы болуына мұғалімнің көмегі және оқушылардың өзін-өзі тексеру әрекеті елеулі ықпалын тигізеді.

Ескеретін бір методикалық мәселе – жоғарыдағы әдістердің біреуі сабақ процесінде басым роль атқаруы мүмкін. Солай екен деп әдіске ерекше артықшылық беріп, сабақтың басым, көп уақытын сол әдіс арқылы ұйымдастыру сабақ сапасына нұқсан келтіреді. Ондай сабақтан, әсіресе төменгі сыныптарда, тиімді нәтиже шығуы екіталай. Сабақтың бір сарынды жүргізілуі оқушыларды жалықтырады, енжарлық сезімге бөлейді.

Білім көздерінің әдістері. Оқыту әдістерін оқушылар алатын білімнің қайнар көздері бойынша топтастырғанда, оған сөздік әдісі, көрнекілік және практикалық жұмыс әдістері енеді. Ал, бұл әдістердің өз ішіндегі бастауыш сыныптардағы қазақ тілін оқыту сабақтарында пайдалануға ең қолайлы деген түрлері іріктеліп алынады. Әйтпесе, сөздік әдісінің бірі лекцияны төменгі сыныптарда қолдану жас балалардың ақыл-ойының даму деңгейіне : білім қорына, практикалық тәжірибесіне мүлде лайық келмейді, сол себепті бірінші – үшінші сыныптарда сөздік әдісінің ішінде мұғалімнің түсіндірмесі, оқулықпен жұмыс істеу түрлері ғана қолданылды.

Ал, көрнекілік әдіс түрлерін қолданғанда методикалық шеберлік керек. Мұнда көрнекіліктің көбіне заттық бейнелі түрін, қала берді символды көрнекіліктің ішінде таблицаны пайдаланған тиімді. Ондай таблица әрі ықшам, әрі негізгі тілдік деректерді тануға қолайлы етіліп өрнектеледі.

Мұғалім тақта бетінде сабақ материалын баяндап білім беруімен бірге, сол тақтаны ұқыпты пайдаланатын шеберлігімен, көзтартарлық көркем жазуымен оқушыларға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды іскерлікке тәрбиелейді. Сонымен бірге тұтас сыныптың және әрбір оқушының көңіл-күйін қалт еткізбей, қадағалап отырады, дер кезінде көмек көрсетеді. Көрнекілік әдісімен бірге сөздік әдісін қолданып, оқушылардың оқып үйреніп отырған материалды дұрыс түсінуіне бағыт береді.

Практикалық әдіс бойынша, негізінде, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары орындалатыны белгілі. Мұғалім бұл әдісті қолданғанда, әлбетте, әр сыныптың тұрақты оқулықтарындағы практикалық жұмыстарға арналған тапсырмалардың шарттарын орындатады. Мұғалім бұл арада ең алдымен, сол тапсырманың мазмұнына, оның тіл құбылысын қаншалықты аша түсетініне зер салады. Оқулық материалына осылайша сын көзімен қарау мұғалімді бірқатар олқылықтан, тіпті ықтимал қателіктерден сақтандырады. Соның нәтижесінде оқушыларға әрі дұрыс, әрі айқын ұғым беріледі. Екіншіден, практикалық жұмыс тапсырмаларын орындау шарттары бақылауға алынады. Бұл жағдайда оқушылардың тәжірибелік жұмысы бір сарынды қалыпқа түсіп кетпеуі қадағаланады. Демек, тапсырмалардың орындалуы оқушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға тиімді әсер етерліктей етіледі.

Сөз болып отырған әдістер тобында сөздік әдіс жетекшілік роль атқарады. Көрнекілік әдісімен не практикалық әдіспен сабақ жүргізгеннің өзінде де сөздік әдіс пайдаланылмай қалмайды. Өйткені тілсіз, сөзсіз, түсінік берілместен практикалық жұмыс орындалмақ емес.

Оқу міндеттерінің әдістері. Нақтылы оқу міндеттерін белгілейтін әдістер тобына жаңа білімді түсіндіру әдісі, білімді бекіту және білік пен дағдыны қалыптастыру әдісі, білім, білік дағдыны тексеру және есепке алу кіреді. Бірқатар методикалық әдебиетте бұл әдістер сабақ түрлері ретінде қарастырылады.

Жаңа білімді түсіндіру сабағы оқушылардың сұрағын меңгерген теориялық мағлұматтарын қайталап, еске түсіруден басталады. Бұл арад жаңа білімді жеңіл түсінуге тірек боларлықтай байланысы бар материал пысықталады. Жаңа материал белгілі обьектіні бақылату, талдату, салыстыру әдістерін қолдану жолымен түсіндіріледі. Мұғалім таблицаны, жаттығуды немесе тақтаға жазылған тапсырманы ұсынып, оларды оқушылардың өз бетімен талдауын ұйымдастырады. Бастауыш сыныптарда жаңа білімді меңгерту үшін мұғалім түсінік сөзіне кең орын беріледі, бұл сөз оқушылардың алдын ала жасайтын жұмысына байланысты болады. Мұғалімнің түсінік сөзінде оқу материалы толық талқыланады немесе негізгі мәселелер анықталады.

Сабақтың жаңа материалды бастапқы бекіту бөлімінде оқушыларды практикалық қызмеике қосу міндеті көзделеді. Қорытынды бөлімінде оқулықтағы тапсырма орындатылады, тұтас текстен көрікті объекті іздетіледі, оқушыларға жаңа ережелерге сәйкес мысалдар келтіріледі.

Оқушы білімін қалыптастырудың негізгі тәсілі – білім бекіту жаттығулары. Оқушы білімі белгілі тілдік материалды, грамматикалық ереже-анықтамаларды өту үстінде бекітіледі. Оқушылардың грамматикалық білімді меңгеруінің беріктігі мен сапасы төмендегі көрсеткіштер бойынша сипатталады.

1. Оқушының грамматикалық құбылыстарды бір-бірінен ажырата біліп, олардың өзіндік ерекшелігін көрсете алуы. Мысалы: септік жалғаудың әр түрін біліп, оларды өз практикасында дұрыс қолдана алуы.

2. Грамматикалық терминдерді дұрыс қолдана білуі. Мысалы: дыбыс пен әріпті, сөз бен сөйлемді, жалғау мен жұрнақты шатастырмауы.

3. Оқушының ереже мен анықтамаға саналы түсініп, байланысты түрде баяндауы, оларды дәлелдеу үшін лайықты мысалдар келтіре алуы.

4. Оқушының грамматикалық ережелерді жазбаша жаттығу орындағанда, сөйлеу практикасында қатесіз қолдана білуі.

Оқушыларды грамматикадан сапалы, берік біліммен қаруландыру мақсаты білім бекітужұмыстары арқылы жүзеге асады. Білім бекіту жұмысы ауызша, жазбаша жаттығулар жүйесі бойынша жүргізіледі. Жаттығулар арсында грамматикалық талдау жұмысының маңызы ерекше. Ол тілдік фактілерді жетік білуге, ережелерді дұрыс қолдану дағдысына үйретеді. Грамматикалық талдау жеке ереже бойынша ішінара түрде де, не өтілген барлық ережелерді қамтып жалпы түрде де жасалады. Талдау ауызша және жазбаша жүргізіледі. Грамматикалық талдау морфологиялық, синтаксистік болып бөлінеді, сондай-ақ фонетикалық талдау да болады. Тіліміздегі дыбыстарды ажыратады, әрі олардың таңбалану ерекшелігі мен жазылу емлесін қарастырады. Морфологиялық талдау да сөз, оның құрылысы, сөз таптары, олардың формалық белгілері ажыратылады. Синтаксистік талдау сөйлем, оның түрлері мен мүшелері, сөздердің өзара байланысы мен мағыналық түрлерін айырады. Бұл талдаулардың қай-қайсысы да тиісті сыныптың бағдарламасына, оқушының білім көлеміне, дағды деңгейіне сәйкестендіріліп жүргізіледі.

Морфологиялық талдау жасағанда, әуелі сөздің негізгі түбірі табылып, содан соң оған қандай қосымшалар жалғанып тұрғаны анықталады, қосымшалардың жалғануына байланысты сөздің мағынасы мен тұлғасында пайда болған өзгерістер дәлелденеді. Морфологиялық талдаудың бірі – сөз табына талдау. Ол сөйлемдегі сөздердің тиісті орнын қарастыру жолымен жүргізіледі. Сөзді тапқа айырғанда, оның мағынасы мен формасы, сол формаға қарай қойылатын, сұрақтары ажыратылады, әр сөздің сөйлемде атқарып тұрған қызметіне де назар аударылады.

Синтаксистік талдауда сөйлем, оның мағыналық түрі және мүшелері талданады. Сөйлем мүшесі ішінде ең алдымен баяндауышты, содан соң бастауышты таптырып әдеттендірген жөн. Себебі етістік баяндауыш сөйлемде не, кім жайында айтылған ойды анық танытады. Әрі баяндауыштың орны көбіне тұрақты болады.

Тұрлаусыз мүшелер осы негізгі мүшелерге байланыстылығы бойынша сұрақ қою арқылы анықталады. Қай сыныпта болсын, талдаудың қандай болсын түрін қолданғанда, материал программаға лайықталып алынады.

Сонымен қатар талдауға алынатын материалдың идеялық жағынан ұстамды, көркемдігі жоғары болуы және оның тәрбиелік мәні ескеріледі.

Білім бекіту жұмысы, грамматикалық талдаулар мен қатар, ауызша және жазбаша жаттығу жұмыстары арқылы да жүргізіледі. Олардың негізгі түрлері мыналар:

1. Көру, есту қабілетіне сүйенетін көшіріп жазулар.

2. Орфографиялық тапсырмалар. Мысалы, әдейі қалдырылған әріптерді тауып сөзді толықтыру немесе сөз тұлғаларын өзгерту.

3. Есту, көру қабілетіне сүйенетін әр алуан диктанттар мен мазмұндамалар.

4. Әр түрлі шағын шығармалар.

Жаттығу жұмыстарын жүргізудің әр алуан әдістері бар. Олар көбінесе көшіріп жазумен орындалады. Одан қалаберді диктанттың біраз түрі қолданылады. Жаттығу жұмысында орфографиялық және түсіндірме сөздіктер пайдаланылады немесе сөздіктерді оқушылардың өздеріне жасату тапсырмасы беріледі, бұл да білім бекітудің бір түрі.

Көшіріп жазу берілген тапсыпрмадағы әдейі түсірілген әріптерді не сөздерді ойлап табу жолымен атқарылады. Табылған объектінің асты сызылады. Бірқатар тапсырма теріп-көшіру жолымен орындалады. Онда оқып-үйреніліп отырған ереже-анықтамаларға байланысты жерлері іріктеп алынып, көшіріледі. Жаттығудың бұл түрін терме диктант деп те атайды.

Диктант түрінде орындалатын білім бекіту жаттығуларына көру-есту диктанты, көру диктанты, есту-ескерту диктанты, түсіндірмелі диктанттар жатады. Көру-есту диктантын жүргізгенде орфографиялық, грамматикалық объектісі бар сөз не сөйлем тақтаға жазылып, талданады, содан соң жатқа жаздырылады. Көру диктантын орындағанда тапсырмасы бар текст тақтаға жазылып немесе плакат түрінде көрсетіледі, бірақ алдын ала талданбай, жатқа жаздырылады. Ал, оқушылардың жатқа білетін тексін жатқа жаздыру да осы көру диктантына жатады. Көру-есту және көру диктанттарының орындалу нәтижесі пайдаланылған текстермен салыстыру арқылы тексеріледі.

Түсіндірмелі диктантты орындағанда, текст алдын ала ешқандай ескертусіз бірден жатқа жаздырылады. Белгілі орфограмманың қалай жазылатындағы соңынан түсіндіріліп, талданады. Қате болса түзетіледі.

Білімді бекіту және білік пен дағдыны қалыптастыру әдісі құрылым түріндегі жаттығуларды орындату жолымен де іске асырылады. Бұл реттегі жаттығудың мына сияқты тапсырмалары болады. Берілген сөйлемдегі сөздерді тиісті морфологиялық тұлғаға қойып немесе бір форманы басқаша етіп өзгертіп жаздыртады. Сурет бойынша немесе ойдан белгілі бір ережелерге сәйкес объектілерді қатыстырып сөйлем құратқызады. Белгіленген тірек сөздерді, ықшам әңгіме жаздыртады. Белгілі бір әңгімені (мақаланы) оқып барып, оның мазмұны жазылады. Мазмұндама әуелі ауызша айттырылады. Нәтижесі текспен салыстырыла тексеріледі. Суретке қарап шағын шығарма жаздырылады. Онда қолданылатын ереже, ендірілетін орфограмма алдын ала ескертіледі. Мұнда сөйлем ішіндегі сөздердің және сөйлемдердің бір-бірімен өзара байланысты құрылуы ерекше ескеріледі. Осындай жаттығуды ерікті диктант деп те атайды.

Грамматикадан берілген білімді бекіту үшін оқушыларға орфографиялық және түсіндірме сөздіктерін пайдалана білуді, сонымен қатар ондай сөздіктерді өздігінен жасай алуды үйретудің маңызы зор.

Сөздікпен жұмыс істегенде төмендегідей тапсырмалар орындалады. Белгілі грамматикалық категориялар сөздіктен теріп алынады. Олардың мәндес сыңары ойлап табылып жазылады немесе ондай сөз формасының тұсына басқа грамматикалық тұлғасы беріледі. Оқушылар сөздіктен бір түбірлі сөздерді теріп, оларға түбірлес сөдерді өз ойларынан қосып жазады.

Оқушыларды дұрыс сөйлеуге үйрету үшін, сөйлемдегі сөздердің байланысты тіркесі таптырылып, тұрлаусыз мүше бола алатын сөздер енгізіліп, сөйлем құрылады. Сөйлемдегі сөздер байланысты тіркесімен іріктеліп жаздырылады. Бастапқы қалпы өзгертіліп берілген сөйлемдегі сөздердің орны табылып, сөйлем тиісті формасына келтіріледі.

Білімді қайталау әдісі де оқушылар меңгерген білімді бекіту жолының бір түріне жатады. Қайталаудың тиімділігі мынада: біріншіден, өтілген материалдың ұмтылуынан сақтандырады; екіншіден, ұмытылған білімді қайтадан еске түсіреді; үшіншіден, оқушылардың білімі мен дағдысын саналы түрде бекітіп, оларды кеңейте және тереңдете түседі. Өтілген білімді қайталау бүкіл оқу жылы бойында үздіксіз әрі жоспарлы, жүйелі жүргізіледі. Демек қайталау жұмысы сабақтан сабаққа ұласып отырады.

Қайталау сабақтарын ұйымдастыру жұмысына төмендегідей талаптар қойылады.

1. Қайталануға тиісті оқу материалы алғашқы өткен қалпынан өзгертіліп еске алынады, бұл үшін тиімді әдістер қоданылып, мағлұматтар жинақталады.

2. Қайталау жұмысының жаттығу материалы да бұрынғы пайдаланған түрінен өзгертіліп, жаңа сөйлем, жаңа текспен жұмыс істеледі.

3. Қайталау жұмысын да оқушылар меңгерген бұрынғы білімді үстей түсетіндей немесе қорытатындай жаңа ұғым элементтері ендіріледі.

4. Қайталау сабағында білік пен дағды оқушылардың өз бетімен жұмыс істеуі арқылы толық меңгеруіне мән беріледі. Бұл үшін оқушылар түрлі жазбаша жаттығу жұмысын көбіне өз бетімен орындайды.

5. Қайталау сабағында таблица, схема, графикалық жұмыстар кеңінен пайдаланылады. Оқушылар белгілі бір тілдік тақырыпты таблица, схема, графика түрінде өрнектейді.

Білмді қайталау жұмысы мазмұнына қарай төрт түрге бөлінеді:

1. Оқу жылы басындағы қайталау.

2. Жаңа материалды өтумен байланысты жүргізілетін күнделікті қайталау.

3. Тақырыптық қайталау.

4. Жылдық қорытынды қайталау.


Оқу жылы басындағы қайталауға қазақ тілі программасында екінші, үшінші сыныптың әрқайсысы үшін 6 сағат уақыт бөлінген. Оқулықтарда қайталау жұмыстарына арналған материалдар берілген.

Оқу жылы басындағы қайталау сабақтары бұрынғы өтілген білімді қайтадан сол күйінде ғана еске түсіру түрінде ұйымдастырылмайды. Мұнда жаңа білімді бекіту кезіндегідей ұсақ материалдар пысықталмайды, өтілген курстың тараулары бойынша жинақталы, бір жүйеге келтіріліп жүргізіледі.

Мысалы, сөйлем тақырыбын өтуге бірінші сынып бағдарламасында 6 сағат берілген және 2 сағат диктантқа арналған. Осы материалды өтуге оқулықта үш ереже, 14 жаттығу материалы бар. Ал, екінші сыныпта бұл тақырып жинақталып бір сабақта ғана қайталанады. Екінші сынып оқулығында сөйлем жөнінде ережеберілмеген, практикалық жұмыс үш жаттығу тексі мен бір сурет бойынша жүргізіледі. Қойылған сұрақтардың жауабын оқушылар өздігінен табады. Сонымен қайталау сабағында сөйлем, оның мағыналық түрлері, әр түрдің интонациясы мен тыныс белгілері өзара байланысты қайталанып, түрлі сөйлемді талдау, сөйлем құру дағдылары әрі бекітіліп, әрі дамытылады. Мұндай сабақтарда грамматикалық жинақ таблица, схема жасату тәсілі тиімді болады. Мысалы, «Дыбыс пен әріп» таблицасында тіліміздегі дыбыстардың дауысты, дауыссыз болып түрленуі, әрқайсысының дыбыс саны мен әріп сандары қаншадан екні таблицада беріледі.

Оқу жылы басындағы қайталауда ІІ сынып оқушылары тіл дамыту дағдысын сөйлем жөніндегі тақырыптарды, дыбыс пен әріпті буын туралы білімді қайталайды. ІІІ сыныпта и, й, я, ю, әріптері, түбір мен қосымша туралы мағлұматтар қайталанады. Диктанттар жаздырылып, оқушылардың сауаты байқалып, әр баланың кемшілігі есепке алынады.

Егер жаңа тақырып оқушылардың не өткен жылдарда, не жақында оқыған материалдарына негіздеп түсіндіруді қажететкендей болса, онда сабақ материалды қайталаудан басталып, жаңа ұғым соған байланыстырыла, дамытыла түсіндіріледі. Мысалы, екінші сыныпта зат есім тақырыбын бастарда оқушылардың бірінші сыныпта заттың атын білдіретін сөздер жөнінде алған білімі қайталанады.

Үшінші сыныпта сөйлемнің тұрлаусыз мүшелерін өтерде екінші сыныпта оқыған сөйлем мүшесі және тұрлаулы мүшелер еске алынып, содан әрі тұрлаусыз мүшелер, олардың ерекшеліктері айтылады. Ал, егер осындай қайталануға тиісті материалдарды оқушылар мүлдем ұмытқан болса, онда сол тақырыпты қайта еске түсіру үшін мұғалім әдейі сабақ арнауға мәжбүр болады. Қайткен күнде де жаңа білім өзіне тірек болатын бұрын өтілгенді санада бекітпейінше меңгерілмейді.

Қайталау жөнінде ұлы педагог К.Д.Ушинский мынадай кеңес береді. «Қайталау – ұмытып қалғанды қайта еске түсіру үшін емес, керісінше, ұмытып қалу мүмкіндігін болдырмау үшін жасалады. Балалардың өздері де ертеректе оқыған, бірақ ұмытып қалғандарын қайталауды мейлінше жек көреді, қайта естерінде қалғандарды айтып беруді еркше ұнатады. Бала табиғатының осы қасиетін барынша пайдаланып, естен шығып кеткенді қайтадан еске түсірейік деп әлек болмас үшін, өткенді дер кезінде үнемі қайталап отырыңыздар».

Тақырыптық қайталау белгілі бір тарауды өткеннен кейін жасалады. Мысалы, екінші сыныпта ы, і, у, и дыбыстарын өткеннен кейін, олардың емле жөнінен байланысын байқатып, тақырып қайталанады.

Ал, үшінші сыныпта сөз таптарының әр түрін әрі бұрынғы өтілген материалдармен байланыстырып, әрі кеңейте жинақтап қайталаған жөн. Бұл жұмыстардың жаттығу материалдары да, көрнекі құралдары да жаңғыртылады.

Жылдық қайталау әр сыныпта өтілген материалды жинақтау мақсатында жүргізіледі. Мұнда жыл бойында оқылған барша материалды қайталау қажетті емес, бұлай істеуге уақыт та жоқ. Сондықтан не маңыздылығына , не ауырлығына қарай, болмаса сынып шамалы меңгерді деген тақырыптар іріктелініп алынып, шолу сабақтары өткізіледі,, қорытынды жасалады.

Қазақ тілі оқулықтарында қайталау материалдары жаттығу тапсырмаларын орындау жолымен еске түсіріледі. Практикалық жұмыс үшін материал біршама жеткілікті. Мұғалім жаттығуларды белгілі тақырыпқа қарай лайықтап пайдаланады, қосымша материалдар қолданады. Жаттығу тапсырмаларының мазмұнына қарағанда, бірінші сыныпта дыбыс пен әріп, олардың емлесі, буын мен тасымал, заттың атын, сынын, қимылын білдіретін сөздер туралы және байланыстырып сөйлеуге көңіл аударылған. Екінші сыныпта дыбыстар, сөздер, олардың қосымшалары, сөз таптарынан : зат есім, сын есім, сан есім мен етістікті, сөйлем жөніндегі тақырыптарды қайталауды ұсынады. Дыбыстарды қайталау үшін сөзде неше дыбыс бар, олардың дауысты, не дауыссыз екенін айыру тапсырмалары беріледі.

Жаттығу тапсырмаларын жазып отырғанда, сөздің түбірін, қосымаларын айыру, тиісті сөз таптарын тану міндеттері алға қойылады. Оқушылар олардың жазылу емлесін дәлелдейді. Ал, сөйлемге байланысты жұмыстарды орындағанда, текстегі сөйлем саны, олардың хабарлы, сұраулы, лепті екені, сұрақтары мен тыныс айырады. Сөйлемнің бастауыш, баяндауыш мүшелерін тауып көшіргенде олардың астын сызады. Бірқатар жаттығу тексі мазмұндауға, суретке қарап әңгіме құруға арнап берілген.

Бағдарлама үшінші сыныптың оқу жылы аяғында қазақ тілі материалдарының бірінші-үшінші сыныптарда өтілген негізгі тақырыптарын қайталауды ұсынады. Бұл қайталау жұмысы оқу жылы соңындағы үш апта ішінде ұйымдастырылады.

  1   2   3


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет