Өзіндік жұмыстар үшін тапсырмалар
Қазіргі мектепте оқытылатын ғылымдарды таңдау критериилерін көрсететін кесте құрастыр.
Жалпы орта білім берудің мемлекеттік стандартына талдау жаса.
Оқу жоспарлары типтерінің кестесін құрастыр және жалпы орта мектептің базистік оқу жоспарына талдау жаса.
Ғылым мен оқу пәнінің сәйкестігін сипаттайтын кесте дайында.
Реферат тақырыптары
Қазіргі даму кезеңіндегі қазақстандық мектептердің білім мазмұнының мәселелері.
Жалпы білім беру мазмұнын таңдау принциптері мен критериилері.
Жалпы орта білім беру мазмұны.
ҚР «Білім туралы» заңы.
Жалпы, политехникалық және кәсіптік білімнің өзара байланысы.
Төртінші тақырып
Оқыту процесінің мәні
Жоспары:
1. Оқыту процесінің мәні және оның функциялары.
2. Оқытудың түрлері.
3. Оқушылардың танымдық іс-әрекеінің ерекшеліктері.
4. Оқыту процесінің құрылымы, негізгі сатылары.
5. Көрнекті педагогтардың еңбектеріндегі дамыта оқыту идеялары.
1. Оқыту – қоғамдық қатынастарды, қоғамдық сананы, мәдениетті және өнімді еңбек тәжірибесін, қоршаған ортаны белсенді өзгерту және қорғау туралы білімді ересектерің мақсатты бағытталған, ұйымдасқан, жүйелі түрде беруі және оны өсіп келе жатқан ұрпақтың меңгеруі. Ол ұрпақтың сабақтастығын, қоғамның толықтай қызмет етуін және тұлғаның дамуының сәйкесті деңгейін қамтамасыз етеді. Оқыту процесінде оқушылар адамзаттың қоғамдық-тарихи тәжірибесінен белгілі бір жақтарын меңгереді: идеологияны,саясатты, ғылымды, мораль, еңбек, әдебиет және өнер, жалпы және денелік мәдениетті. Оқыту тұлғаның жан-жақты және үйлесімді дамуының негізін салады.
Оқытудың ғылыми танымнан айырмашылығы бар. Ғылыми зерттеу адамзатқа белгісіз білімді ашып берсе, оқушы адамзатқа белгілі тек өзіне белгісіз білімдер жүейсін меңгереді.
Оқыту мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті ретінде екі өзара байланысты процеске бөлінеді: сабақ беру мұғалімнің іс-әрекеті ретінде және оқу оқушының іс-әрекеті ретінде. Мұғалім қоғамның мүддесін көздейді, ол оқушы меңгеруге тиісті адамзаттың тәжірибесін өзінде алып жүргенге іспетті. Сабақ беру бірнеше жақтың қосындысы болады: мұғалімнің өз пәнін білуі, оқыту-тәрбиелеу процесін ұйымдастыра білу іскерлігі, қазіргі оқыту әдістерін білуі, оқушының танымдық мүмкіншілігін, оның ақыл-ой дамуының терең түсінуін, шәкірттің тұлғалық белгілерін қалыптастырудың жолдарын білуі. Оқу – белсенді танымдық процесс, онда оқушының ақыл-күштері, мінезінің моральдық және еріктік белгілері, тұлғаның белгілері және темпераменті қалыптасып, көрініс табады.
Оқыту өзіне үш функцияны енгізеді: білім берушілік /білімдерді меңгеру процесі, оқу дағдылары мен іскерліктерін қалыптастыру/, дамытушылық /оқушыларды психикалық және денелік дамыту/, тәрбиелеушілік /оқу іс-әрекеті оқушыны тәрбиелейді, онда патриоттық, адамгершілік сапалар, көзқарастар, сенімдер, мұраттар, эстетикалық сезім, тәртіптілік, еңбексүйгіштік т.б./.
Оқытудың білім берушілік, дамытушылық және тәриеленушілік функцияларын жүзеге асыру оқушының тұлғасын қалыптастыру процесіне кешенді тұрғыны қамтамасыз етеді.
2. Қазіргі мектепте оқытудың 3 түрі қолданылады: түсіндірмелі – иллюстративтік /ТИ/, кейде оны дәстүрлі оқыту деп атайды; проблемалық /Пбо/; бағдарламаланған /программированное/ /БО/ және оның негізінде дамыған компьютерлік оқыту /КО/.
Түсіндірмелі – иллюстративтік оқыту. Мұндай оқытудың негізгі әдісі – түсіндіруді көрнекілікпен ұштастыру. Оқушылардың іс-әрекетінің жетекші түрлері – тыңдау және еске сақтау. Басты талап және тиімділігінің көрсеткіші – оқығанды қатесіз қайталап айту. Түсіндірмелі – иллюстративтік оқытудың он жақтары: уақыт үнемдейді; оқушылардың күрделі білімдерді түсінуін жеңілдетеді; оқыту процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Кемшіліктері: «даяр» білімдерді беруі, оқыту процесін жекелеп және саралап жүргізуге толық жағдай жоқ.
Проблемалық оқыту эвристикалық әдістерді қолдануға негізделген оқытудың бір түрі. Мақсаты – практикалық және теориялық – танымдық сипаттағы проблемдік жағдайларды шешу процесінде эвристикалық іскерліктерді дамыту. Іздеушілік процеске оқушылардың білімдері және талдау іскерліктері қатыстырылып, олар онан әрі белсенділік сипатқа ие болады. Оқу проблемасы күрделі болғанымен оқушылардың оларға әлі жететін болу керек. Проблеманы шешудің кезеңдері: оқу проблемасына кірістіру және оны ұғыну; осы сұрақ бойынша бар білімді талдау, олардың жеткіліксіздігін анықтау, жетіспейтін ақпаратты іздеуге қатыстыру; мәселені шешу үшін әртүрлі тәсілдермен білімді табу; алынған нәтижені тексеру. Проблемалық оқытудың оң жақтары: өзіндік шығармашылық іс-әрекет арқылы дербес түрде білімге ие болуы, оқу әрекетіне жоғары қызығушылық, өнімді ойлауды дамыту, оқытудың берік және әрекетті нәтижесі. Кемшіліктері: оқушылардың танымдық әрекетін басқарудың қиындығы, әлсіздігі, қойылған мақсатты орындау үшін көп уақыт кетеді.
Бағдарламаланған /программалық/ оқыту - әрекеттердің /операциялардың/ бірізділікті жүйесі, оларды орындау алдын-ала жоспарланған нәтижеге әкеледі. Бағдарламалап оқытудың негізгі мақсаты – оқыту процесін басқаруды жақсарту. ПО ерекшеліктері: оқу материалы бөлек-бөлек порцияларға бөлінеді: оқыту процесі бірізділікті қадамдардан тұрады, онда білімнің порциясы және оларды меңгеретін ойлау операциялары бар; әрбір қадам тексерумен аяқталады /сұрақ, тапсырма, т.б./; егерде оқушы қадағалаушы тапсырманы дұрыс орындаса материалдың жаңа порциясын алады да оқытудың келесі қадамын орындайды; оқушы дұрыс емес жауап берсе көмек және қосымша кеңес алады; әрбір оқушы дербес жұмыс істейді және әлі келетін қарқынды оқу материалын меңгереді; бүкіл қадағалаушы тапсырмалардың орындалуы есепке алынады және олар оқушының өзіне /ішкі кері байланыс/ және мұғалімге /сыртқы кері байланыс/ белгілі болады; педагог оқытуды ұйымдастырушы және оқушы қиындық көргенде кеңес беруші рөлінде болады; оқыту процесінде БО құралдары кеңінен пайдаланады: программаланған оқу құралдары, тренажерлер, қадағалайтын жабдықтар, оқыту машиналары.
Жеке электрондық-есептеу машиналарының қарқынды дамуы компьютерлік оқытудың жаңа технологиясын дүниеге әкелді. Қазіргі кезде оларды қолданудың жолдарын іздестіру қажет.
3. Оқыту процесінің методологиялық және философиялық негізі диалектикалық материализмнің таным теориясы болып табылады, онда таным процесінің диалектикасы, ойдың бір кезеңнен екінші кезеңге қозғалысы ашып көрсетіледі.
Адамның танып білуі бірнеше кезеңнен өтеді:
1) Ең алдымен сезімдік тану болады, ол арқылы бала өзін қоршаған табиғи және әлеуметтік құбылыстары, оқиғалар, заттар туралы түрлі елес алады. Осы сезімдік образдар барынша жүйеленсе және жалпыланса, балаға мектепте оқу жеңіл болады. Бірақта сезімдік тану жүйесінде бала қоршаған дүниенің заңдылықтарын көрсете, айыра алмайды.
2) Дерексіз /абстракталық/ танып білу, ұғымдар жүйесін меңгеруі. Мұнда мектептік оқыту қажет. Оқушының танымдық іс-әрекеті бір жақты болады. Ол қоршаған дүниенің белгілі бір жақтарын оқу пәндерінің мазмұны арқылы зерттеп біледі. Оқушының танымдық іс-әрекетіндегі нақтылық және дерексіздік қарама-қайшылықты күш ретінде болып, оның ақыл-ой дамуында әр түрлі үрдістерді құрастырады.
3) Танып білудің жоғары кезеңі, яғни жоғары дамыған абстрактылық ойлаудың негізінде қоршаған дүние туралы жалпыланған елес қалыптасып, ал ол өз кезегінде көзқарастарды, сенімдерді, дүниеге көзқарастарды қалыптастырады.
Мектептегі оқу баланы ғылыми білімдер, ұғымдар, заңдылықтар дүниесіне енгізеді. Оқушы аз уақыттың ішінде адамзат ғасыр бойы танып білген, жинақтаған білімді меңгеріп алады.
4. Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетін басқаруға үйрену үшін, олардың білімді меңгеруінің кезеңдерін жақсы білу керек. Негізгі кезеңдері: қабылдау, оқу материалын ұғынуы, бекіту, практикалық іс-әрекетте білімді қолдануы.
Достарыңызбен бөлісу: |