Но ненавистникам Шекспира
Я был лишь только оттого,
что был завистникам. Шекспира
И современником его, –
дегендей, өзін-өзі жазғырып, мойындаса, талай шындық қалпына келіп, дүние көші ауған теңін түзер еді-ау.
Ол үміт әлі ақталған жоқ. Ақталар ма? Оны, сол «пәленшелер мен түгеншелердің» ар-ұятына тапсырамыз.
Мұхтардың тағдыры хақында толғағанда бұлтартпайтын, айтуға да, айтпауға да болмайтын шындықтардың ұшырасатынын жасырып қала алмайсың. Үндемей кету – шындыққа қиянат.
1940 жылы халқымыздың өнер саласындағы тұңғыш әдеби-мемориальдық музей Семей қаласында құрылды. Сондай-ақ Абайдың туғанына жүз, қайтыс болғанына қырық жыл толуын мемлекеттік дәрежеде атап өту жөнінде Қазақ ССР Халық Комиссарлары советінің арнайы қаулысы шықты. Бұл бұрын-соңды творчество қайраткерлеріне көрсетілмеген құрмет еді. Сол тұстағы Мұхтар Әуезовтің үйдегі, түздегі өміріне, жалпы әдеби ортаның тынысына қанық Қайым Мұхаметхановтың естелігі арқылы жазушының творчестволық толғанысы мен тіршілігіне мағлұматтар ұсынамыз.
«Әлі есімде, қырқыншы жылы Мұхтар мені Алматыға шақыртып алды. Обкомда сол кездегі СССР Ғылым Академиясының қазақ бөлімшесінің президенті Қаныш Сәтбаевтың атынан телеграмма жолдапты. Бұдан ілгерідегі «құралайдың салқыны» тұсында пединституттың студенттері атынан хат жазып, Сәбит Мұқановтың лекция оқуын өтінгеміз. Ол кісі қашан жағдайы түзелгенше Семейде болды, Мұхтардың сәлем хаты арқылы Әбділда Тәжібаев келген. Егер, менің төрелігіме салса, кейде ағалы-інідей, кейде өкпешіл баладай қарым-қатынаста болған бұл екі адамның өзара байланысын онша түсіне бермейтінмін. Асылығы болса – Әбділданың өзі айтсын. Ақын емес пе, талай-талай қызықты өткердік. Бір күні біздің үйге ұқыпты киінген, бұйра шашты адам келді. Қолында үлкен саквояжы бар. Мені сұрады. Мән-жайды білген соң: «Мен – Әлкей Марғұланмын. Мына қонақ үйден мені алып кет. Міне, Мұхтардың хаты. Іші толған қандала. Екіншіден жұмыс істетпейді. Бар, заттарымды алып кел», - деді. Әлкеймен осылай таныстым. Үш ай бойы архивті ақтарды. Өзгелердей емес, табандап отырып алады. Ешқайда шықпайды. Мен серуендесе екен деймін. «Уақыт жоқ. Көрмеймісің, жұмыс істеп отырмын» деп өзіме ұрсады. Бұл адамдардың барлығымен Мұхтар арқылы таныстым. Әйтпесе, әлі аты белгісіз адамды академия қайтсін. Әдебиет тарихын, оның ішінде Абайды зерттеп жүргенімді біледі.
Ол уақытта поездың жүрісіне сенім аз. Неше тоқтап, неше жүреді. Мұхтарға телефон арқылы хабарластым да, аттанып кеттім. Бірінші Алматының вокзалы мен Алматының арасы елсіз иен. Таңға жуық келіп жеттік. Перронда ешкім жоқ. Ішке кірсем ескі шапкісін көзіне түсіріп Мұхтар қалғып отыр. Мені қарсы алуға шығыпты. Өкімет Күләш пен Шараға бір машина бөліп берген. Бензинді өзі таппаққа уәделесіп, соны сұрапты. Қарсы алуды Есмағабет Ысмайыловқа тапсырыпты. Тәуліктеп кешіккен поездан күдер үзген ол ұйықтап қалып, түнделетіп өзі келген беті екен. Содан әңгіме басталып, үзіліс көрсекші. Сәске әлегінде Сәбит звондады. Сөздері естіліп тұр.
– Әй, Мұхтар сәлеметсің бе? Әлгі Қайым сенің үйіңде ме? Берші трубканы - деді. Алдым. Бірден дүрсе қоя берді – Менің үйім тұрғанда онда нең бар. Сен маған туыс емессің бе. Нақ ат басын тірейтін отауың. Керей-уақ қашан бөлініп еді. Қалжың ғой. Тез жет. Ет асулы, дайын.
Мен Сәбиттің саңқылдаған дауысын естіп тұрған Мұхтардан ұялдым.
– Қонаққа шақырды ма? Бар. Ұят болады. Бірақ түскен, жатқан үйіңді ұмытпа. Қай уақытта, түн ортасы болса да кел. Қонып жүр, - деді.
Шындығына көшкенде, екі сыйлы адамның қас-қабақтары маған онша ұнамады. Араздыққа, бақ-таластыққа қимадым. Қазақтың қарабайыр қалжыңына жатқыздым. Сәбең құшақ жайып қарсы алды. Арғы-бергі жайдан әңгіме-дүкен құрдық. Талай естеліктер шертілді. Мағжан ақынның өзін тәрбиелегенін, Орынборда шанаға ақ боз ат жегіп, көшірі болғанын, «Алтын мүйіз» ресторанының алдында ұзақ тұратынын, өзінің оған қарыздарлығын айтты. Абайдың тойына дайындыққа Мұхтармен бірлесе күш салғаны қозғалып, іле Мұхтардың өзіне ауысты. Жазушылығын асқақтата мақтап, өздерінің оған ілесе алмайтындығын мойындап: «Ол Абайдың тәлімінен нәр алған. Білім уызын жасынан қанып ішкен» дей келіп, күдікті бір жайды суыртпақтады. Екі алып та қазір жоқ. Алайда қалжыңға сүйесе де Сәбеңнің сол сөзі шындығында да, реніш тудырарлықтай еді. Жастығым – мастығым емес пе: «Сен Мұхтардың өзіне айтшы, ол қуанып қалады. Айта алмай жүр ұялып. Ол – Абайдың бел баласы» - дегенін малданып, түнгі үште Мұхтардың үйінің есігін қақтым. Өзі ашты. Қуанып:
– Е, бәсе, келер деп күтіп ем және мына тарауды үш рет жазып шығара алмап ем. Жаңа ғана сәті түсіп, қыбын таптым. (Ол Абайдың жас өлім туралы күйінетін тұсы) Жүр. Кімге оқырымды білмей отыр едім - деп кабинетіне бастады.
Сұрағымды таңға қалдырып, романның тарауын тыңдадым. Аяқ алысы кең, сөзі ірі, «Ақ білек» атты ертеде оқыған бір әңгіменің жазылу мәнерін еске салады. Содан таңертең дастарқан жайылып, ортаға самауыр қойылды. Ептеп бой жылытып, тершіп алдым. Лекцияға кетуге ыңғайланғанда:
– Мұха, сізде сүйіншіге лайық қуаныш бар. Бұрын білмеппін. Сіз Абайдың бел баласы екенсіз ғой, - деп салғаным.
Түтігіп кетті. Өңі қабарып ап, ал кеп сөйледі дейсің. Бір сағаттың ішінде түгімді қалдырмады. Ең соңында:
– Саған мұны Сәбит айтты ғой. Мен сені біледі, оқыған, мәдениетті, сауатты адам деп жүрсем. Сөйлеме! Ей, Абай қай жылы өлді. Ал, менің әке-шешем ше? Салыстыршы. Қалай дәтің барды, - деп үйден шығып кетті.
Албырттық па, аңғалдық па? Кім білсін. Аярлығым жоғы анық. Дүние қарауытып, үміт үзіліп, бет күйіп, естен тандым. Содан бір полковниктің үйіне барып, он күн жатып алдым. Не істеймін? Әйтеуір көшеге шыққан бір оңтайында іздеткен адамдары мені дедектетіп Мұхтардың үйіне алып барды.
– Е, келдің бе. Сендер кете беріңдер - деді де маған бұрылды – Ей, ойлашы өзің, кімге кім өкпелеуі керек. Елдің айтқанына ілескен кім? Өкпеледің бе деймін саған? Жатқан үйіңе қонбай, неге қаңғырасың. Семейге Фаяға звандадым. Ол да үрейі ұшып отыр.
– Сізге қоштаспай қалай кетемін. Жүгім де осында.
– Солай ма? Бәсе. - деді».
Адал жандар ойындағысын жасырмайды. Қайым аға да сондай аяулы адамның бірі. Ең қымбаты – шындық. Сол шындықтың ұшын ұстатқаны үшін де рахмет. 1937-1939 жылдары бір-бірін жат көзден, қырын қабақтан қорғап жүрген Мұхтар мен Сәбиттің арасына, ел-аман, жұрт тынышта сызат түсіпті. Қайым ағаның әңгімесіне қарағанда қырқыншы жылдардың ортасында-ақ екеуінің қырғиқабақ болғаны байқалады. Қалай екенін кім білсін, Сәбең, Сәбит Мұқанов – әйтеуір Мұхтардың тегіне күмән келтіруден тынбаған. Ол пікірін ешкімнен қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын қысылып-қымтырылмай ашық айтып жүрген. Сөз салмағын, астарын білетін салиқалы адамның осынау қылығын түсіну қиын. Сол үшін талай рет «сыбағасын» алса да, бір сәт өзіне өзі тиым салмағаны өкінішті.
Мұны қалай түсіндіруге болады? Оған ешкімде кесімді төрелік айта алмады. Тек екі дегдардың өздеріне ғана мәлім ішкі ерегес бұл.
Міне, сол кезде Сәбит Мұқанов Москвада жүріп Мұхтарға тағы да хат жолдайды. Он бес беттей бұл ұзақ хатты орыс тілінде жазыпты. (1934 жылы Мағжан Жұмабаев түрмеден босанып шыққанда оған да орысша хат жолдапты. Т. Ж.) Іштегі бар өкпе-назын жасырмай ашық айтыпты. Біз, екі жазушыны бір-біріне қарама-қарсы қойып, айыптастырудан аулақпыз. Бірақ, шындық – бәрінен жоғары. Сол үшін аталған хаттан үзінді ғана ұсынып, реніштің түп мәнісін ашу мақсатында ғана мысалға жүгінеміз.
Әдетте, кез-келген өкпе, реніш дақпырттан туындап, бірте-бірте ұшығады. Хаттағы Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке таққан, «айыптарының» бәрін ақиқат деуге болмайды. Оған қарсы айтылатын Мұхтардың да өз уәжі, пікірі болғаны анық. Бірақ Сәбитке қандай жауап айтқаны бізге бимәлім. Мүмкін, келешекте табылып та қалуы мүмкін. Біз, тек қолда бар дерекке ғана жүгінеміз. Хат тым ұзақ. Сондықтан да қысқа-қысқа үзіндіге қанағат етуге тура келеді. Москвадан жолданған сәлем былай басталады...
«Қадірлі Мұхтар!
Біз, соңғы төрт-бес жылда ғана етене танысып, аралас-құралас болдық: осы уақыттың ішінде бір-бірімізге сен деп сөйлесу әдетімізге айналды. Сондықтанда, менің жолдастық, ашық әрі былай қарағанда қатты-қатты айтылғандай көрінетін осы хатымда саған «сен» деп қарапайым сөйлеуімді көңіліңе алмауыңды өтінемін. Біз бір қалада тұрып, жиі кездессек те, саған осы мазмұндас хат жазсам-ау деген ой баяғыдан мазалап жүр еді. Бұндай тілек саған жат көрінгенмен, маған жат емес. Ашығын айтайын, әр адамның өз кемшілігі болады. Сенің бойыңдағы кемшіліктің бірі сол, сен тым өкпешілсің, кейде түкке тұрғысыз нәрсеге бола шала бүлінесің. Сондықтан өз пікірімді саған ашық айтуға батылым жетпеді, ал хат жазуды ыңғайсыз көрдім. – Егерде Москвадағылар сенің мен туралы пікірлеріңді маған айтпағанда, мен әлі де біраз уақытқа дейін тәуекелге бармас едім. Гослитиздаттағылар маған сенің: «Мұқановтың «Жұмбақ жалауын» біз білеміз, ол нашар шығарма, оны жақсы еткен «Дроздов» деп түсінік бергеніңді айтты. Және сондағылар мынаны жеткізді: Сен «Қазіргі қазақ әдебиеті жинағына» жазған өз мақалаңды оқып шығып, «Сәбит Мұқанов – қазақ әдебиетіндегі жетекші жазушылардың бірі» - деген сөзді оқып қатты ашуланыпсың. Сол кезде саған өз қолыңмен жазылған мақаланың қолжазбасын көрсетіпті, сен қызарақтап қысқа ғана: «Мен сызып тастаймын ендеше» - депсің.
Бұл сөздерді естігенде менің төбе шашым тік тұрды. Егер де осы шындық болса, менің тура айтқаныма кешір, онда сенің Құнанбай заманынан қаныңа сіңген тобықтылық қаның ойнап кеткен болу керек. Біз қарама-қарсы топтың қатарында жүргенде де менің сен туралы пікірім жоғары болатын. Мен сені біздің заманымыздың ең ірі таланттарының бірі, тек қазақ жазушыларының арасында ғана емес, сондай-ақ көп ұлтты Одағымыздағы жазушылардың, соның ішінде орыстарды қосқанда да ең мәдениетті адамның бірі деп есептегенмін (қазір де солай ойлаймын). Сенің жоғарыдағы сөздеріңді естігенде, мен «Мұхтардың да осындайға ебі бар ма еді?» - деп таң қалдым.
Мені жек көрінішті ғып көрсеткеніңе, не менің беделімді төмендетіп, қорлағаныңа ренжігенім жоқ. Мүлде олай емес! Меніңше, жазушы өзін-өзі қорлайды. Жақсы шығарма жазсаң – сен жақсысың, жаман жазсаң – сен жамансың.
Кейде қолдан жасалған бедел болады, оның ғүмыры қысқа. Егер, сен менің «дәрежем» туралы білгің келсе, оны мен өзім-ақ айтамын. Мен – өсіп келе жатқан жазушымын. Бұл сөзім саған түсініксіздеу көрінуі мүмкін. «Сен, қайдағы өсіп келе жатқан жазушысың, жасың қырықтан асты, шашыңа ақ кірді, жиырма жылдан бері жазып келесің» - деуің де мүмкін.
Бәрі де дұрыс. Бірақта мен сенің назарыңды мына нәрселерге аударғым келеді.
Сен екеуіміз әдебиетке әртүрлі жолмен келдік. Сен Европа біліміне сусындап барып қолыңа қалам алдың: ал мен болсам шала сауатты Европа, Россия, Шығыс классикалық әдебиетінен мүлдем мақұрым едім, тіпті қазақ әдебиетінің өзін нашар білетінмін. Маған білім берген совет мектебі. Менің алғашқы білім баспалдағым – Орынбордың Рабфагі болды, онда мен 1922-1926 жылдары оқыдым. Бұл мектептен де мен алуға тиісті білімді толық бойыма сіңірмегенімді мойындаймын. Бар уақытымды қоғамдық-саяси жұмыстарға жұмсадым. Иә, совет адамымын деп есептейтін адамға басқаша істеу мүмкін емес-тін. Буржуазиялық ұлтшылдармен күрес жүріп жатты: өліспей беріспейтін күрес еді ол. Осы ұлы күресте, саналы адам: «мен әуелі оқу оқиын, содан кейін күреске түсем» деп бәрінен шет қалып, қолын қусырып отыра алмадым. Күрестің қандай тең емес жағдайда өршігені сенің есіңде ме? Алашорда жазушыларының білімі бізден жоғары еді, ал біз (мен бұл арада ұлтшылдармен жан аяспай күрескендерді айтып отырмын) совет өкіметінің мықтылығының арқасында оларды жеңе алдық.
Міне, сол бір шешуші айқастың тұсында мен рабфактағы оқуға дұрыстап көңіл бөле алмадым, бар ынтасын оқуға жұмсаған менің сабақтастарыммен (Ғабит, Үміт – т. б.) салыстырғанда олардан мен нашарлау оқыдым. Ол үшін өкінемін де, өкінбеймін де».
Реіштің түп-төркіні – белгілі. Сол баяғы ауыздан ауызға таралған қауесет. Сәбитке Мұхтардың пікірін жеткізген адамдардың ниет-пиғылы қандай еді, бұл сөздердің айтылғаны рас па, өтірік пе? Оны анықтаудың мүмкіндігі енді туа қоймас. Мұхтар жауап хат жазбаған. Сондықтан да саралап-талдаудың өзі ілтипатқа жатпайды. Өйткені дерексіз топшылау – екеуінің сыртынан тон пішу болып табылады.
Дегенменде Сәбит Мұқановтың бұрыннан хат жазбақ болып жүргеніне қарағанда және Қайым Мұхаметхановтың естелігінен байқалғанындай, екеуінің іштей өкпелесуі 40 жылдардың басында-ақ басталған сияқты. Оған не себеп? Жоғарыдағы хаттың үзіндісінен байқалып қалғандай, ең бірінші басты мәселе – әдебиетке, оның көркемдік дәрежесіне Сәбиттің – Сәбитше, Мұхтардың – Мұхтарша көзқараспен қарауы еді. Мұхтар «Абай» романын жазып бітіргеніне бір жыл толса да, ол әлі жарық көрмеп еді. Бұл шығарманың баспада ұзақ жатып қалуына (әрине, сол кездің өлшемі бойынша) Сәбиттің де ықпалы болмай қалған жоқ. Ол романды Сәбең де жоғары бағалады, бірақ, таза пролетарлық мәдениет қайраткері ретінде кейде орынды, кейде орынсыз талаптар қойылды. Соның біразын қабылдағанмен, біразын Мұхтар қабылдамады. Жарықшақ осы арадан туған. Іле алма кезек міндесу басталып кетті. Соның бірі – осы хат. Сәбит Мұқанов өзінің де кемшілігін мойындайды. Алайда сол кемшілікті – нағыз кемшілік деудің орнына, ол өзінің «таза советтік күрескер» боламын деп оқуға мән бермегенін ақтап алады. Тіпті, Мұхтардың білімге ерте сусындағанын мін ретінде бетіне де басады.
Міне, бұл Сәбит Мұқановтың қателігі. Ол өзінің әлсіз жерін біле, түсіне отырып – соны ескермеді. Қатерлі жалаң идеямен жақсы көркем шығарманың тумайтынын сезе тұрып, соған көңіл бөлмеді. Әрине, сыннан қорытынды шығармады деген сөз емес бұл. Егерде, дәл осындай сыңар езулеп пікір қозғайтын болса, Әуезовтің де сөз табатыны түсінікті. Сәбең одан әрі өзінің «өсіп келе жатқан жазушы екендігін» дәлелдей келіп, ойын былай өрбітеді:
«Енді мен сенімен, соңғы 2-3 жылда екеуміздің арамыздағы қарым-қатынастың неліктен нашарлап кеткеніне тоқталғым келеді? Оның негізгі себептері мыналар сияқты: сен соңғы жылдары (мүмкін бұрыннан-ақ шығар) осы жарық дүниеде ешкімге есе теңдік бермейтін, бәріне қызғанышпен қарайтын, әсіресе Мұхтар Әуезовтың жолын кескестейтін, өзінен басқаны ойламайтын Сәбит Мұқанов дейтін бір зұлым бар сияқты. Сен биыл «Социалистік Қазақстанның» ұйымдастырған жиналысында дәл осылай дедің. (Жақшаның ішінде айта кетейін, алашордашылар да оларға қарсы күрескенімде мені осылай атаған, бірақта өмірдің өзі көрсеткеніндей совет өкіметінің буржуазиялық мемлекеттің орынын баспаған сияқты мен де олардың орынында отырғаным жоқ).
Сенен: «Мұқанов бізді қызғанады» дегендегі «біз» дегенің кімдер екенін түсіндіруді өтінемін? Сен қазақ әдебиетінің барлық өкілдерін ой елегінен өткізші, солардың ішінде мен көмектеспеген бір адам бар ма екен? Тіпті, соңғы 3-4 жылдың ішінде қырғиқабақ боп жүрген Ғабиттің өзі де оның творчестволық және мәдени өсуіне менің септігім тимеді деп айта алмайды. Ол жазушылардың бәрі де ол туралы менің мәжбүр етуімсіз жазды. Осы да қызғаныш па? Осы саған қызғанышпен карайтын менің нем бар? Сенің қазақ мәдениетіндегі, әдебиетіндегі алатын орының өте зор. Бірақ та, сен әдебиетте қандай орын алсаң да, мені осы орынға апарып сиғыза алмайсың. Менің өз шаруашылығымды емін-еркін орналастыратындай әдебиеттегі өз жерім өзіме жеткілікті, ендеше менің жеріме түсіп кетеді деп секемденуіңе еш негіз жоқ.
Сенің кейбір жекелеген шығармаларыңа айтқан сыни пікірлерім саған деген қызғаныштан емес, менің көзқарасымнан туып отыр. Ашығын айтқанда, мен сенің соңғы жылдарда жазған шығармаларыңа көңілім толмайды. Сенің ол дүниелерің әлжуаз, жасық. Мен сенің совет дәуіріне дейінгі және совет дәуірінен кейінгі шығармаларыңды салыстырдым. «Қыр суреттерін» – «Шатқалаңмен», «Қараш-Қарашты» – «Хасеннің құбылыстарымен», «Қаракөзді» – «Тастүлекпен» салыстырдым. Алғашқы аталғандары нағыз көркем дүние, ал екіншісі – құр схема, бейімделу ғана («Абай» пьесасы мен «Абай» романы туралы кейінірек тоқталамын). Менің есептеуім бойынша, совет өкіметін мойындағаннан кейін Советтік Қазақстанның өмірінен алынып жазылған оншақты пьесаң бар екен. Айтшы, сонда осының ішінде көркемдігі жағынан «Қаракөзбен» не «Еңлік-Кебекпен» теңдесетін біреуі бар ма? («Еңлік-Кебек» туралы пікірім жоғары. Мен оны бұл арада сенің совет дәуіріне дейінгі әдеби қайраткерлігіңнің тұсында жазылған шығарма деп бағалаймын).
Турасын айтқанда, совет тақырыбы туралы ізденістеріңнің кезінде сен өзіңе де, қазақ әдебиетіне де абырой әпермейтін бір пьесадан кейін бір пьесаны жаздың. Мұның себебі не? Талантың бар (жақшаның ішінде тағы да ескерте кетейін: сенің біліміңді біздің заманымыздағы, Европалықтарды қоса есептегенде де, ең озық жазушылардың білімімен тең деп есептеймін. Бұл – жай қыстырма сөз емес, нақты дерекке негізделген менің түсінігім).
Ендеше, дәл осы жағдайда совет тақырыбына көркемдік қуаты күшті шығарма жазуыңа не бөгет болды? Мен оның субьективті де, объективті де себептерін білемін. Обективті себебі мынада: сен өзіңнің саяси қателігіңді мойындағаннан кейін, 10 жыл бойы өзің саналы түрде қарсы күрескен қоғамдық өмірдің агымына жылдам бейімделу қиынға соқты. Адам дегеніңіз кез-келген қалыпқа оңай түсіре қоятын өлі зат емес қой. Адам тек дүниені қайта құрып жатқандарға өзі қарсы жүріп, оларға көмектессе ғана жүзеге асады. Менің ойымша сен соларға қол ұшыңды немкеттілеу ұсынатын сияқтысың: «Сен совет өкіметін шын көңіліңмен мойындаған жоқсың» - деп ойламаймын. Оған менің дәлелім де жоқ. Бірақ сенің ең үлкен осалдығың сол, өткен күнәләрыңнан қашқың келеді; ол туралы ешкімнің жақ ашпауын тілейсің, оны айтқан адам – саған жау. Әрине, кез-келгенді сылтауратып өткен кінәларын бетіне баса беру – адамға ауыр тиетінін білемін. Алайда, құрметті Мұхтар, саған бұлай ешкім жасаған жоқ қой!
Әдебиет тарихы жазылғанда немесе жазушыны творчестволық жолы талданғанда, өзіңнің күнәңнан өзің қашып құтыла алмайсың. Қалай қашып құтыласың! Сен 1932 – жылдан жаза бастаған жоқсың, одан ерте қолыңа қалам алып ең ғой. Совет өкіметінің бағытына сен ашықтан ашық күрестің емес пе? Соның барлығының із-түзсіз жуылып-шайылып кетуін қалайсың ба? Ол әдебиетке де, сенің өзіңе де ешқандай пайда әкелмейді ғой! Менің ойымша сен өзіңнің күнәңнан бекер қашып жүрсің. «Қолыңмен істесең – мойныңмен көтер».
Егер сен өзіңнің жаңа көзқарасыңа шын сенетін болсаң, онда күнәңә пысқырып та қарама, ол туралы жазса – жаза берсін, шыда! Өзіңнің жаңа жұмысыңды істе! Бұрыңты қателеріңді айтқаны үшін ешкіммен де жауласпа, әсіресе біздің Москвадағы мәселерлерімізді шешіп, көмектесіп отырған Дроздовпен өштесудің еш қажеті жоқ. Оның мақаласынан мен ешқандай жамандықты көріп отырғаным жоқ.
Істің түпкі нәтижесіне келгенде, мәселе сенің күнәларыңда емес, совет жазушысы деген атты қалай алып жүресің, соған байланысты...»
Бұл арада Мұхтардың «жазушы» деген атқа кір түсіріп, абыройын кетіргені меңзеліп отырған жоқ. Қайта «Абай» романы арқылы туған әдебиетін шырқау биікке көтерді. Алайда, Сәбит Мұқановтың ойының астарында қалайда Әуезовты шеттету пиғылы байқалады. Салқындық сезіледі. Тіпті салқындық емес, онымен ескі дұшпандарша сөйлеседі. Мұхтарға ондай қағажу көру онша таңсық емес. Дегенмен де он жыл бойы қарауылдың ұшында тұрып, нысанаға үнемі іліне беруі – жүйкесін тоздырғаны да шындық. Мұны Мұқанов та мойындайды, түсінеді, бірақ, айтуын да қоймаған.
Неге?
Хатты оқып отырғанда ешқандай оғаштық жоқ сияқты. Бәрі де дұрыс көрінеді. Алайда, айыптай сөйлеу, Мұхтарды өзімен тең ұстамай, алшақтау тұрып сөйлесетіні байқалады. Біріншіден: Мұхтардың 1932 жылға дейінгі шығармаларын неге совет дәуірінен бұрын жазылған деп бағалайды. Керісінше, «Қорғансыздың күнінен» – «Көксерекке» дейінгі дүниелер 1920-1928 жылдары жазылды ғой. Екіншіден: Сәбиттің өзі жиырмасыншы жылдардағы «асыра сілтеген» қателіктерін мойындай отырып, сол қателіктерін көрсетіп, Абайдан бас тартудың теріс пікір екенін дәлелдеген Мұхтардың мақаласы неге «ашық жаулық» ретінде бағаланады? Демек, ол дұрыс айтты емес пе. Үшінші: «Қолыңмен істегенді – мойныңмен көтер» - деп нығырлай тұқыртып алады да, «оларға пысқырып та қарама» деп ақыл береді. Төртінші: «1932 жылдан соң сен бірде бір көркемдігі жоғары шығарма бермедің» деп бағалайды. Сонда «Абай» трагедиясын, «Абай» романын көзге ілмей, жай қатардағы туындының есебіне қосуға бола ма? Он жыл да емес, бүкіл өмірінде дәл «Абайдай» бір шығарма жазған жазушы – нағыз жазушы ғой. Әлде, ол «совет жазушысы» атану үшін аз ба? Және хатының басында Сәбеңнің өзі санға емес, сапаға жүгін демей ме? Бесінші: 1941 жылға дейін Мұхтар совет жазушысы атанбап па еді. Ендеше, сол уақытқа дейін одақтың тізіміне ілінбеуі қалай?
Міне, гәп осында.
Екі жазушының арасындағы араздық осыдан басталып, бірте-бірте ұлғая түскен. Бірі – кеме капитанының, екіншісі кемедегі жолаушының орнында болған. Жағдайлары да, қоғамдағы беделдері де әрқилы. Қиын кезде қол ұстасып, ауыртпалықты тең бөліскен қос алып бейбіт күнде көңілдеріне көлеңке ұялатқан. Бір-бірін айыптауға көшкен Сәбит Мұқанов: «Сен тарихи тақырыптарда үлкен беделге ие болдың, оның ішінде «Абайға» дейін халық әдебиетіндегі дайын сюжетті пайдаландың («Еңлік-Кебек», «Айман-Шолпан», «Бекет», «Қалқаман-Мамыр») және оларды тың шығарма деп ұсындың. Сен кейде өзіңше, халық сюжеті жұтаң болатын, мен оны байыттым деп ойлайсың. Меніңше, олай емес сияқты. Сенің нұсқаң – асып кеткенде халықтың нұсқасымен теңеседі, бірақ одан жоғары емес» - дейді хатында.
Бұл – қиянат.
Қазір жоғарыдағы Шәкерімнің дастандары халыққа кеңінен мәлім болды. Ал, оны пьесамен салыстыруға бола ма? Екеуі – екі бөлек дербес туындылар. Ал енді осы пікірі үшін Сәбитті қаралауға бола ма? Жоқ. Себебі: ол мұның барлығын шын көңілімен «таптық тұрғыдан» бағалады.
Ол кейін өз қателігін түсініп, алғашқы пікірінен бас тартты. Осы хатта да «Абай» трагедиясы жөніндегі бұрынғы пайымдауларының жаңылыс айтылғанын, өзінің әділетсіздік жасағанын шын ашық мойындады. Тарихи тақырып туралы тұжырымдарының терістігін түйсіне келіп, байсалды пайымдауға көшеді. Кейбір сынының орынсыздығын да тілге тиек ете отырып, «Абай» романына жоғары баға береді. Бірақ та пьеса мен романды бір-біріне қарсы қойып, қарабайырлау тәсілмен салыстырады. Бұл шығармалардың жанрлық өзгешілігін былай қойғанда, жазушының көркемдік шешімі мен әлеуметтік-философиялық астарының мүлдем басқа екендігін ескермейді. Ал, мұны аңғармау – өзге-өзге – Сәбит Мұқанов іспетті тәжірибелі қаламгерге мін еді. Және үлкен мін. Оның бұл мінезін Мұхтардың теріс түсінуі де заңды.
«Сен «Абай» пьесасында Абайдың образын жасадың. «Абайды» оқу кезінде мен өзімнің біраз наразылығымды білдірдім. Содан кейін мен бұл мәселенің төңірегінде көп ойланып, менің пікірлерім қате екен деген тұжырымға келдім. Гуманист есебіндегі Абай образын сен тәуір шығардың. Бірақ та, «Абай» пьесасындагы өзге образдардың толық бітпей тұрғаны жөніндегі пікірімнен қайтпаймын. Москвада жасалған соңғы нұсқаны оқымағаным өкінішті. «Абай» романы туралы пікірім жоғары.
Өзінің көркемдігі жағынан ол пьесадан әлдеқайда биік тұр деп есептеймін және нағыз шебер Европа прозашыларының романдарымен қатар тұр.
Қайталап айтамын, роман жақсы, екінші бөліміне де сондай сәттілік тілеймін.
Бізде. «Тарихи тақырып» деген сөздің өзін құбыжық көретін адамдар бар, бұл тарихты бағаламау. Мәселе, не туралы емес, қалай жазуда. Егерде тарихи тақырыпты марксизм-ленинзм идеологиясы тұрғысынан жазса – онда тұрған жаманшылық жоқ, керісінше, тамаша ғой. Ондай еңбекгі бағаламау – оңбағандық. «Абай» романында сен толыққанды совет жазушысы есебінде сөйлейсің, мен мұны еш қызғанышсыз-ақ мәлімдеймін. Бірақ бұл соңғы пікір емес. Сен нақты тарихи дәуірде өмір сүріп отырсың, сондықтанда сол дәуір туралы оқырмандар сенен «Абаймен» пара-пар шығарма күтеді және олары орынды да.
Менің тарихқа тіксіне қараған кездерім де болды. Жоғарыда айтқанымдай, баяғыда өтіп кеткен сол күндеріме сын көзбен қараймын. Материалистік диалектикаға негізделген менің қазіргі пікірім бойынша, мен де әке де, шеше де, халық та жоқ (тек тап бар – Т. Ж.) деген адам нағыз сатқын. «Мен – қазақпын, өз халқымды сүйемін» деп айту – коммунизм принципіне қайшы келмейді. Лениннің өзі де ұлы орыс халқының ұлы екенін мақтанышпен айтты ғой. Өте жақсы әрі күшті айтылған. Тек өз халқыңа деген махаббаттың коммунизм принципіне қарсы келмесе болғаны. Біздің халқымыздың кейбір тарихи кезеңдеріне үрке қарағаныммен, мен ешқашанда халқыма дұшпан болған емеспін. Мен өзім шыққан халықты сүйдім, қазір де сүйемін, өйткені ол – көпшілік, оның да қанаушылары бар. Бұрынғы кездерімдегі Абайды жете бағаламауым және басқалары менің халыққа қарсы екендігімнің дәлелі бола алмайды. Өзін халықтың жоқшысымын дейтіндермен бұрын да жарысқа түсіп келдім, қазір де жарысуға (қызмет етуге – Т. Ж) дайынмын».
Мұндай жалаң даңғазаға құрылған желөкпе сөздерді әлі де естіп қалуға болады. Ол өсектер Сәбит Мұқановтың тірі кезінде де айтылған. Әрине, жаңылмайтын жампоз, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тек қана Кенесары Қасымовтың ұлы азаттық көтерілісі туралы бірде оны қостап, бірде оған қарсы шығып, үш рет мақала жазыпты Сәбең. Оның ішінде, Мұхтардың «Хан Кене» пьесасын тек сыни пікірінде тілге тиек етіп. Кенесарыны мақтаған тұсында оны қалыс қалдырған. Осы хаттың бас жағында «Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты халықтың нағыз достарына да қамшы ойнаттым. Ол менің теориялық білімімнің жетімсіздігінен еді» - деген сөздер бар. Бұдан кейін де, тура он жыл өткен соң Сәбит Мұқанов Кенесары көтерілісіне «феодализмді көксеген, қазақ халқының жаулары ұйымдастырған бүліншілік» деп баға берді.
Ал, «Алаш» партиясы туралы да осындай екі-ұдай пікір білдірді. 1937 жылға дейін Сәбит Мұқанов: «Октябрь революциясына дейінгі «Алаш» қызметі қазақ халқы үшін прогрессивті әсері болды» деп келсе, кейін мүлдем кереғар пікірді ұстанды. Жекелеген ірі тұлғалар жөнінде де екіұшты бағалар берді. Соның ішінде Мұхтар да бар еді. Заман ағымына қарай солай айтуға мәжбүр де болған шығар. Алайда, «Сәбит Мұқанов – қазақ халқының тарихына үнемі шабуыл жасаумен болды» - дегеннің де шындығы шамалы.
Бұл арада Сәбит Мұқанов сол қауесетке қарсы шығып отыр. Себебі: сондай пікірді қоздырушының бірі – Мұхтар Әуезов деп түсінген. Халық тарихы туралы әр кездегі қарама-қайшы пікірлеріне тіпті кейде, оқиғаның тым асқынып кетуіне тосқауыл қоюдың орнына, сол ағымға өзі де қоса араласып кетуіне қарамастан, Сәбит Мұқанов өзінің туған халқын сүйген. Ахмет Байтұрсынов, Мыржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Шәкерім Құдайбердиев туралы мәліметтерді оларды ауызға алуға болмайтын күннің өзінде мақалаға кіргізуінде (әрине, сынап отырып) үлкен мән бар. Ол да күрестің бір түрі, ең болмаса – атын елдің есінде қалдырудың амалы еді.
Бұл хат – екі ой алыбының арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты қиын болғанын байқатады. Әрі олардың сол кедергілерді жоюға ұмтылғаны да аңғарылады. Сол үшін «жүрегіне кір жасырмай» көңіл кірбіңдерін бір-біріне ашық айтуды мақсат еткен, яғни, жариялылықты жан демеуі ретінде ұстанған. Сондықтан да, өзара пікір алмасуларының негізінде әдебиет, өнер, тарихи кезеңдер, дара тұлғалар туралы көзқарастары ғана арқау болмаған, жеке бастарының да мүдделері қозғалған. Өкінішке орай, өзара кінәласулар да шаң береді. Несі бар, ол да өмірлік құбылыс. Мұндайда, Сәбең тізгінді өз қолына алған да Мұхтар «қорғаныста жүрген». Ірі-ірі айтыстарда ғана Әуезов сүңгуір қайық сияқты толқынның бетіне көтеріліп, «жалын көрсеткен». Қолдағы деректер осылай тұжырымдар жасауға негіз қалайды. Кейде олар өздерінің осынау қалыптасқан жағдайына үйреніп те қалған сияқты.
«Мен өзімнің соншама ұзақ, сонымен қатар ауыр-ауыр пікірлер айтқан хатымды аяқтап келемін. Бұл хатты мен саған соншалықты қатты соққы беріп, көңіліңді қалдырып, ренжіту ниетінен жазып отырған жоқпын. Алайда, құрметті Мұхтар, біз зиялы қыздарды дайындайтын оқу орындарының шәкірті емеспіз ғой, біз өзімізді совет жазушысы – болыиевиктер деп есептейміз, сондықтан да не ойлайтынымызды, қандай мәселелер бізді толғандыратынын жасырмауымыз керек. Менің әлі де үнсіз қалуыма болатын еді, бірақ та жоғарыдағы айтқан жайларымды ішіме түйіп жүре беруді намыс санадым. Мұны мен, біздің ортақ ісімізге, қазақ совет әдебиетін жасау жолындағы жұмысымызға кез-келген ұсақ-түйектер кесірін тигізбеуі үшін жаздым.
Мен саған өзімнің достығымды күштеп таңбаймын, алайда біз араласа-пікірлесе, өзара түсінісе отырып жұмыс істеуге міндеттіміз.
Мен төзе де, құпияны сақтай да аламын. Егерде сенің «Мұқанов – қызғаншақ» деген сөзің жанымды жараламаса, мүмкін, бұл хатты әлі де жазбаған болар едім. Бұл сөз менің адамдық сезімімді қатты қобалжытты. Мен адамдармен жауласа да білемін. Бірақ маған мұны өмірдің өзі үйретті және тым ерте үйретті. 7 жасымнан жетім қалуым – күштілердің қорлауына қарсы тұруға үйретті, кек алуға итермеледі. Алайда жауларыма, әсіресе октябрь күндерінен кейін соншама қатыгездік жасағам жоқ. Бірақ жауларымның жауы екендігімді бұғып қалмадым, мен олармен арадағы күресте адамдардың қарым-қатынасына тән дәрежедегі тәсілдерді қолдандым. Қазір де солай істеймін. Мүмкін, жекелеген адамдар сенің санаңды: «Мұқанов – қатегез, қауіпті адам» т. б. деп улап тастаған шығар, оларға сенбе. Мен сенімен ашықтан ашық жауласуға да жараймын, бірақ, егер екеуміз де бір платформада – совет әдебиетінің платформасында тұрсақ – онда өштесудің қажеті қанша?».
Иә, оларға өштесіп, кек қуысудың қажеті жоқ еді. Ол өздерінің жеке бастарына да, қоғамдық пікірлерді қалыптастыруда да, туған халқының мәдениетінің дамуына да зиянын тигізетін еді. Кейін кесірін келтірді де.
Осы арада ашық айта кететін бір жай Сәбит Мұқанов,Мұхтар Әуезовты үнемі өзінің саяси қарсыластарының тобына жатқызып келтірді. Осы хатта да.. «бір платформада болсақ» деуіндегі емеуріні де сонда жатыр. Дәл осы «кілтипан» олардың арасын толықтай, жарықшақсыз қабысып кетуіне мүмкіндік бермеген. Елуінші жылдардың басында да сол сөзді қайталады. Себебі: ол мұның барлығын шын көңілімен «таптық тұрғыдан» бағалады. Тіпті, отыз жетінші жылы партиядан шығарылып, жұмыстан қуылған кезіндегі сергелдеңді де ол сталиндік репрессиядан емес, «ұлтшылдардан» көреді. Осы хатында:
– «1937 жылдан бастап менің өмірімде аздаған өзгеріс болды. Сонда адамдардың үш тобы маған қарсы жағдайды пайдаланып қалғысы келді: 1. Менің ежелден келе жатқан жауларым – алашордашылдар ашық қимылдағаны, жасырынып жүргені бар, бәрі де қуаныштан қолдарын шапалақтап, билеп: «Аха, Мұқановтан күш кетті, енді оны мүйіздеуге болады» десті. 2. Әдебиеттің айналасындағы бұзақылар, сатқындар, Сәбит Мұқанов қана емес, бүкіл қазақ әдебиеті жұтап қалса да міз бақпайтын арандатушылар. 3. Әлі де тәжірибесі аз жастар, олар іштерінен мені сыйласа да «жағдайға» бейімделіп, өз көзқарасына қарсы болса да «сын айтқансыған болды» - деп түсініктеме береді.
Сәбит Мұқанов осынау сойқанды жазалауларды шындығында да «халық жаулары» істеп отыр деп сенеді және сол тұстағы өзіне айтылған жалақорлардың арандатуларының өзінің кінәсі, қателігі ретінде мойындайды. Оған қарағанда Сәбиттің өзі де «Қара құйынның» артындағы арыстанның тырнағын байқамаған, ол науқанның әлеуметтік астарын толық түсінбеген. Сондықтан да әуел бастағы бағытын өзгертпеген, еш күмәнсіз солай болуға тиісті деп сенген.
«Мен коммунист, нағыз совет жазушысы, партияшыл болғандықтан да осыншама қиындыққа төзіп бақтым, бірақ, кінәм де болды. Ол кінәлар менің жандүниемнен шыққан ақыл-ойымның жемісі емес, менің сыртқы түсініктерімнің қателігінде жатыр. Қалай екенін білмеймін, мен 1937 жылға дейін саясат әлемінде адамдардың екі ғана тобы бар, олар қарама-қарсы екі топтың мүддесін қорғау үшін бір-бірімен саналы түрде ашық айтысқа шығады деп есептедім. Егер де адамның саясат жағынан сауаты жоғары болса, ол мейлі жау болса да ойындағысын жасырмай ашық күреске түсетініне сенімді едім. Міне, мен өзімнің осынау қате түсінігім үшін сүріндім, ол пікірімнің терістігіне өзімнің қатты таяқ жеген соң ғана көзім жетті. Бұл құлауымды достарым мен жауларым сан-саққа жорыды. Достарым (мен нағыз совет адамдарын айтамын) саяси күресте әлсіздік жасағаны үшін Сәбит Мұқановты аямай соғу керек, бірақ өлтірмеу керек, оның өз қатесін түзетуге мүмкіндік берейік десті. Ал жауларым – өлтіруді тіледі. Ол оңбағандардың бұл ісі жүзеге асқан жоқ.
Мен осының бәрін түсіндім, түсіндім де октябрь күндерінен бері атсалысқан ісіме көзсіз белсене араластым. Өзімнің бүкіл болымысыммен біте қайнасқан партиядан тыс жұмыс істеу (ол жылдары Сәбит Мұқанов партия қатарынан шығып қалған – Т. Ж.) психологиялық жағынан маған ауыр соқты. Бірақта мен өзімнің ішкі ренішіммен қасарыса күрестім, ол өкпенің маған творчестволық жағынан кесір тигізбеуін ойластырдым.
Жұмысыма еш зияны тимеді. Қайта, тырнақша ішіндегі «партиядан тыс өмірімде» мен бұрынғыдан да көп жұмыс істедім.
Мен өзімнің және бүкіл елдің алдында сынақтан өттім. Мені бұрынғыдан көрі қатты сынағысы келетін достарымның бар екендігін білемін. Бірақта өз қатемді өзім сезіне отырып ежелгі әдетімдегідей большевикше еңбек етемін».
Өзінің идеялына осыншама көзсіз сенген адамдар аз. Олар, «жасырын жаудың» барлығына шын сенді. Тіпті, күдіктенбеді де. Қателіктері де сонда.
Ал, ол репрессияның тарихи-әлеуметтік себебі мүлде басқа да екені қазір айқындалып отыр. Сәбитті ол үшін де жазғыруға болмайды. Басты себебі – Сәкеңнің ақ жүректілігінде, ұстанған идеялға деген шүбәсіз сенімінде. Кей кезде жан-жағына байыппен қарамай, тәуекелге бел шешіп кірісіп кетуінде. Мүмкін, оның өзі адамның бойға біткен мінезімен де ұштасып жатуы.
Сөзінің аяғын: «Мен совет өкіметінсіз тамаша өмір сүруге болмайды. Совет өкіметінің өмір сүруін мен тек идеологиялық тұрғыдан ғана емес, жан-тәніммен қалаймын» - деп аяқтайды.
Сәбең бұл сертінен өле-өлгенше айныған жоқ.
Әрине, машинамен басқанда 15 беттік бұл хатты түгелдей келтіріп, талдап шығудың ыңғайы да жоқ, қажеті де аз шығар. Бірақ қалайда айтылуға тиісті. Өйткені екі ұлы адамның арасындағы түсінбеушіліктің себебін білудің өзі де – сабақ. Таным тағылымы. Екіншіден, Мұқанов пен Әуезовтың арасындағы қарым-қатынасты әр саққа жүгіртіп, дақпырт таратып жүргендердің сыпсыңына тиым да салар деген үміттеміз.
Мұхтар мен Сәбиттің арасындағы қарым-қатынас көңіл кірбіңінен көрі азаматтық асыл қасиеттерге жыға негізделген. Олар жеке басынан – халықтың, өнердің мүддесін жоғары қойған. Өкпеге қиса да өшпенділікке қимаған. Соның бір айқын мысалы, 1957 жылы Сәбит Мұқановтың Ленинградтан Ғабит Мүсіреповке жазған хаты, онда: «Өзіңе белгілі – 1943 жылы Орталық Комитет маған тағы да Жазушылар одағын басқар деп ұсынғанда, мен жалғыз ғана тілек қойдым, оным, со жылға дейін «судимосы» мойнында жүрген Мұхтардан бұл лағнет қамытын түсіру. Бұл тілекті өкімет пен партия қабылдады да, Жоғары совет председателінің кабинетіне бүкіл президиум боп жиналып, азаматтың бетіндегі қара күйені сүртті» - деп жазды.
Бұл – Сәбит Мұқановтың Мұхтар Әуезовке жасаған жақсылығы.
Күн бар жерде – көлеңке түспей тұрмайды. Тек, соның барлығына адамгершілік, азаматтық тұрғыдан қарау керек. Сонда ғана адам өмірі мағыналы өтпек. Сәбеңнің, Сәбит Мұқановтың бір тағылымы осы болса керек.
Тұрсын ЖҰРТБАЕВ.
Достарыңызбен бөлісу: |