«Мифопоэтика» пәні бойынша
№27 емтихан билеті
1. Мифтік фольклордың қоғамдық қызметіне талдау жасаңыз.
Мифтік фольклор (мифофольклор) – фольклордың ең бай, күрделі саласы. Мифофольклор – мифтік сана мен ойлау-жүйесінің, мифтік таным мен наным-сенімнің фольклор нұсқаларында кездесіп, олардың астарында көркемделген форма мен мазмұнды пішінде көрініс табуы.Мифологиялық фольклор дегеніміз – табиғат объектілері мен құбылыстарын, адамзаттық болмыс пен бітім мәселесін, уақыт пен кеңістік шеңберіндегі адамның өмір-тіршілігін мифтік, діни-танымдық және иррационалдық мәнде түсіндіріп, сол таным-көкжиекті белгілі бір көркемдік арнаға түсіріп немесе өз белгілерін белгілі бір фольклор жанрына тиемелдететін тұтасқан жүйелі «туынды» болып келетін ауыз әдебиетінің ерекше саласы. Мифология мен мифофольклор – егіз ұғым, қатар құбылыс. Өйткені бірінен кейін бірі жалғасып, «созылмалы» түрде келіп, олардың қосындысының жігі білінбей кететін болғандықтан, мифофольклор жанрында таза мифтік түсінік айқын және нақтылы көрінеді. Мифтен бастау алып, одан әрі ол түсінік фольклорға айна-қатесіз түскен кезде, тіпті ара-жігін ажырата алмай қалатын сәттер болуы мүмкін. Фольклордың өзінде мифтік сана, ежелгі наным-сенім «бұзылмаған» таза күйінде сақталып тұратын болғандықтан, өз қасиетін фольклорда жалғастырады. Бірақ мифофольклордың мифологиядан айырмашылығы көркемдік өлшем мен қалыпты пішіннің орнықты болуында. Ұлттық форманы өн бойына фольклор сол таным, наным-сенімдердің арқасында көрсете алады. Сол мақсатпен де мифофольклорда ұлттық поэтика жоғары деңгейде «жұмыс» жасап тұрады. Осы ретте М.Тілеужановтың: «Фольклордың ұлттық поэтикасы осылармен шектелінбейді. Образ бүкіл тұтас тұлғасымен, жасалу жолдарымен қоса қаралғанда ғана ұлттық болады. ...Фольклорлық стиль, поэтика дегендер – жақын ұғымдар», - деген пікіріне сүйенсек, фольклордың халықтығы оның экстратанымдық сипатына негізделеді. Сол секілді фольклордың саласы мифофольклор өз арнасына бірнеше танымдық сфераны жинақтайды. Сонда мифофольклор – синкретті жанр, ол поэтика, стиль, образ, типология, эстетика секілді ұғымдардың тоғысында пайда болады дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |