Микроскоптар мен микроскопия. Микроскоп – микробтарды зерттеуге арналған оптикалық құрал. Микроскопия – микроорганизмдердің морфологиялық ерекшеліктерін, тинкториалдық қасиеттерін (әр түрлі бояуларға, бояу әдістеріне қатынасы), құрылымын (ұрық, капсула), жылжымалығын зерттеуге арналған құрал.
Микроскопия оптикалық құралдардың көмегімен жарық, люминесцентті немесе электронды микроскоптардың көмегімен іске асады. Студенттер зертханасы әдетте, Биолом-1, МБР-1,МБР-3 сияқты биологиялық жарық микроскоптарымен жабдықталады. Жарық микроскоптары механикалық және оптикалық бөлімнен тұрады. Механикалық бөлімге штатив, зат үстелі, тубус, айналмалы диск (револьвер), макрометрлік және микрометрлік бұрағыштар жатады. Зат үстелінің ортасында жарық беретін саңылауы болады. Зат үстелінің бүйіріндегі бұрандалар оның оңға-солға жылжуын қамтамасыз етеді, ал клеммалар зат шынысын (препаратты) бекітуге арналған. Тубус штатив бағанасының жоғарғы бөлімінде орналасқан. Микрометрлік бұрағыш микроскопия кезінде өте қысқа қашықтыққа қозғайтын қозғалысты қамтамасыз етеді. Микрометрлік бұрағыштың толық бір айналымы тубусты 0,1 мм-ге жылжытады.
Микроскоптың оптикалық бөліміне жарық беретін аппарат, объективтер және окуляр кіреді. Жарық беру аппараты зат үстелінің астында орналасқан. Ол жарық сәлелерін бағыттайтын жазық беті, ал жасанды жарықта оның ойыс беті қолданылады. Конденсордың жоғарғы жағында жазықты-дөңес, төменгі жағында екі жағы да дөңес линзасы болады. Осы линзалардың көмегімен конденсор айнадан шағылысқан жарық, сәулелерін зерттеуге алынған заттың деңгейінде фокусқа жанайды. Жарықтың күшін азайту үшін конденсорды төмен түсіреді, ал жарықты көбейту үшін көтереді. Көз шалымының жарықталғандығын реттеу үшін конденсордың төменгі бөлімінде бекітілген диафрагманы да қолданады. Ол бір-бірін жауып тұратын жартылай шеңберленген металл пластинкалардан тұрады. Бұл пластиналар арнаулы рычагтың көмегі арқылы жарықтың өтуін көбейтеді немесе азайтады. Жұмыста көбінесе Аббе конденсоры қолданылады. Қажетті жағдайларда (мысалы лептоспираларды зерттегенде) оны «қараңғы өріс» конденсорымен ауыстырады. Бұл конденсор тек қана қия түскен жасанды жарықтың сәулелерін өткізеді, бірақ олар объективке түспейді (көз шалымы қараңғы). Конденсор арқылы өткен қия сәулелер қатты бөлшектермен кездескен соң ауытқып, барлық бағыттарда әр түрлі бұрыштарымен өрістейді. Объективке түскен бұл қия сәулелер қараңғы аяда жарқырауды қамтамасыз етеді. Жарқыраудың айқындылығы жарық көзінің күшіне (ОИ-7, ОИ-19), жарық шамдары жарықты бағыттаудың дәлдігіне байланысты. Бірнеше линзалардан тұратын объектив, тубустың төменгі бөліміндегі револьвердің бағытталған маңдай алды линзасы. Ол зерттеуге алынған объектілердің керекті мөлшерде ұлғаюын қамтамасыз етеді. Маңдай алды линза микроскоп арқылы мөлшері 0,2 мкм тең ұсақ заттарды көруге мүмкіндік туғызады. Маңдай алды линзалардан басқа металл қынабында бірнеше түзету (коррекция) линзалары бар. Олардың саны үшеуден он екіге дейін болады. Маңдай алды линзаның үлкейту дәрежесі неғұрлым көп болса, соғұрлым түзету линзалары да көп болуы керек.
Объективтер құрғақ және иммерсионды болып екіге бөлінеді. Құрғақ объективтерді қолданғанда объективтің маңдай алды линзасы мен препараттың ортасында ауа қабаты болады. Препараттың шынысы арқылы өткен жарық сәулелері ауа қабатында сынып, ауытқып, толығымен объективке түспейді. Егер объективтің линзасының диаметрі біршама үлкен болса, онда жарықтылық жеткілікті болады. Мұндай линзалар фокус аралығының үлкендігінен, шашырағыштығының аздығынан затты 10,20,40 есе ғана ұлғайтады. Иммерсионды объективтердің маңдай алды линзалары затты 80,90,100 және 120 есе ұлғайтады, демек олардың фокус аралығы қысқа, ал диаметрі үлкен емес.
Бұларды құрғақ объектив ретінде қолдансақ, көз шалымының жарықтылығы шамалы болады. Сондықтан керекті жарықтылықты тудыру үшін зерттеуге алынған препараттың үстіне жарық сәулесін сындыру коэффициентіне жақын сұйықтықты қондырады. Осы сұйықтықтың тамшысына иммерсионды объективті батырғанда біркелкі оптикалық орта құралады. Бұл жүйеде жарық сәулелері әлсіремей көз шалымын жақсы жарықтандырады. Иммерсионды сұйық ретінде бал қарағайдың майы, кейде вазелин майы қолданылады.
Окуляр тубустың жоғарғы жағында орналасқан. Ол цилиндр формалы метал қынабындағы жоғарғы көз линзасы мен төменгі жинағыш линзасынан тұрады. Окуляр тек қана объективтен алынған кескінді ұлғайтады. Окулярдың жоғарғы рамкасында көбейту таңбасы бар сан белгілері болады. Бұл окулярдың ұлғайту дәрежесінің көрсеткішін окулярдың ұлғайту дәрежесіне көбейту арқылы табады (мысалы, объектив 120 есе ұлғайтады, ал окуляр х9). Объективтің жалпы ұлғайтуы 120х9=1080.
Микроскоппен жұмыс істеу ережелері. Микроскоппен жұмыс істер алдында конденсордың жағдайы тексеріледі. Ол зат үстелінің деңгейіне дейін көтеріліп, диафрагма ашық болуы керек. Тубусты сәл көтеріп, ең аз ұлғайтатын (8,10 есе) объективті іске қосады. Окулярға қарай айнаны айналдырып, көз шалымына жақсы жарықтылықты орнатады. Зерттеуге арналған препаратқа бал қарағай майының бір тамшысын тамызып, оны зат үстелінің үстіне қояды. Револьверді бұрай отыра иммерсионды объективті жұмысқа дайындап, микроскопқа қарай отыра объективтің маңдай алды линзасын макровинттің көмегімен абайлап иммерсионды майдың тамшысына батырады. Сонан соң окулярға қарап, тубусты препараттың көрінгеніне дейін көтереді. Микроскоптан көрінген кескіннің анықтылығын микровинтті шамалы бұрау арқылы (алға-артқа) реттейді. Жұмыс соңында тубусты микровинттің көмегімен көтереді. Револьверді бейтарап қалпына ауыстырып, линзадағы майды жұмсақ мақтадан тоқылған матамен сүртеді. Микроскопты ағаштан істелген қаптамаға салады немесе түсті шынылы қалпақтың астына қояды. Қараңғы өріспен жұмыс істегендеконденсордың жоғарғы линзасына тазартылған судың немесе иммерсионды майдың бір тамшысын тамызғаннан соң препаратты бекітіп, объективті іске қосып, конденсорды объективтің осіне дәл келтіреді. Осыдан кейін көз шалымындағы кескіннің анықтылығын винттер жүйесі арқылы реттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |