МырзағҰлова сырсұлу ермұҚанбетқызы ауыр металдардың жоғары жүйке әрекеттеріне зақымдаушы әсері



бет1/3
Дата10.06.2016
өлшемі475.4 Kb.
#126516
  1   2   3


ӘОК: 616.83-092-092.4-08:546.3 Қолжазба құқығында

МЫРЗАҒҰЛОВА СЫРСҰЛУ ЕРМҰҚАНБЕТҚЫЗЫ

Ауыр металдардың жоғары жүйке әрекеттеріне зақымдаушы әсері

және одан туындаған бүліністерді түзету

14.00.16 - патологиялық физиология


медицина ғылымдарының кандидаты

ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның



Авторефераты

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2010
Жұмыс С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде орындалды.


Ғылыми жетекшілер

медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрмұхамбетов Ә.Н.





медицина ғылымдарының докторы,

профессор Иржанов С.И.





Ресми оппоненттер

медицина ғылымдарының докторы, профессор Кауашев С.К.








медицина ғылымдарының докторы, профессор Абдикалиев Н.А.



Жетекші ұйым

АҚ «Астана медицина университеті»



Диссертацияның қорғалуы «26» мамыр 2010ж. сағат 14.00-де 050012,


Алматы қаласы, Төле би көшесі, 88. адресіндегі С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі Д 09.01.03 диссертациялық кеңесінің мәжілісінде өтеді.
Диссертациямен С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің кітапханасында танысуға болады (050012, Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 153).

Автореферат « 22 » сәуір 2010 ж. таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғылыми хатшысы

медицина ғылымдарының

докторы, профессор Нурмухамбетова Б.Н.



КІРІСПЕ

Мәселенің өзектілігі. Қорғасын, хром, ванадий металдарымен қоршаған ортаның ластанулары тікелей өндірілетін жерлерінде ғана емес, мұнай, ауыл шаруашылығы өндірістерінде, автокөліктерде және коммуналдық жылу жүйелерінде мұнай өнімдерінің пайдаланылуынан шығарылатын газдардың құрамында көптеп кездеседі [Дунаев В.Н., 2008, Омарова Н.М.,2005, Шалекенова С.Е., 2001, Ляпкало А.А., 2001]. Организмге қорғасын, хром және ванадийдің жекелеген уытты әсерлері кеңінен зерттелінген [Hogan G.R.,1988, Гатагонова Т.М.,1995, Shaikin – Kestenbaum R.,1991, Vives-Corrons Joan Li.,1981]. Олар жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерінің, бауырдың, бүйректің қызметтеріне теріс ықпал ететіні белгілі [Куланчиева Ж.А., 2007, Jiang Dong-bo., 2003, Базарбекова Ш.К., 2002, Ударцева Т.П., 2001].

Әдебиеттерде кездесетін тәжірибелік зерттеулерде организмге жекелеген металдардың уытты әсерлері анықталған. Табиғатта адам мен жануар организмі металдардың жеке әсеріне сирек ұшырайды. Адамзат бірнеше металдардың біріккен әсерлеріне шалдығады. Бұл кезде олар бір-бірінің уытты әсерлерін күшейтуі немесе кемітуі мүмкін. Сондықтан ауыр металдардың организмге біріккен әсерлерін зерттеу бүгінгі күннің талабына сай өзекті мәселе болып табылады.

Жоғары жүйке әрекеттері мен қан жүйесі организмнің әртүрлі әсерлерге сезімтал және қоршаған ортаның құбылмалы өзгерістеріне бейімделуінде маңызды жүйелерге жататыны белгілі [Нурмухамбетов А.Н.,1992, Меерсон Ф.З., 1988]. Осыған байланысты шамалы мөлшердегі қорғасын, хром, ванадий қоспаларының жоғары жүйке әрекеттері мен қан жүйесіне біріккен уытты әсерлерін анықтау және оны түзету жолдарын іздестіру жұмыстың негізгі мақсаты болды.

Жұмыстың мақсаты: ауыр металдардың әсерінен бұзылған жоғары жүйке әрекеті мен қан жүйесінің өзгерістерін түзетудің тиімді жолдарын іздестіру.

Зерттеу міндеттері:


  • Қорғасын ацетатын (ҚА), калий бихроматын (КБ) және аммоний ванадатын (АВ) (әрқайсысы 1 мг/кг д.м.) 1, 2 апта және 1 ай бойы ауыз арқылы енгізілген жануарлардың жалпы жағдайын, шартты рефлекстердің қалыптасуы мен есте сақталуын, гиппокамп нейрондарының құрылымын және қанның кейбір көрсеткіштерін зерттеу.

  • Ауыр металдар қоспасы енгізілген жануарларға қызыл мия түбірі препараты рувиминнің қорғаныстық маңызын зерттеу.

  • Ауыр металдар қоспаларын қабылдаған жануарларды белгілі энтеросорбент полифепанмен емдеудің тиімділігін анықтау.

  • Ауыр металдар енгізілген жануарларды емдеуде жергілікті энтеросорбент цеолиттің емдік әсерін зерттеу.

  • Аталған металдардың зақымдаушы әсеріне рувимин мен цеолиттің біріккен түрдегі қорғаныстық әсерін анықтау.

Ғылыми жаңалығы. Жануарларға хром, қорғасын, ванадий тұздарын (1 кг д.м. 1 мг-нан, ауыз арқылы) қосып 1 аптадан 1 айға дейін енгізуден олардың жалпы жағдайы, тәбеті, қимыл – қозғалысы және қорғаныстық шартты рефлекстердің қалыптасуы, есте сақталуы және қайта жаңғырылуы бұзылуы, гиппокамп нейрондарында құрылымдық өзгерістер пайда болып, олардың ядролары ісінуі немесе бүрісуі, қан жүйесінде эритроциттердің осмостық төзімділігі азаюы, қан ұю уақыты қысқаруы анықталды.

Қызыл мия түбірінен алынған препарат рувиминмен (50 мг/кг д.м.) металл қабылдаған жануарларды емдеуден олардың жалпы уытты әсері әлсіреуі, қорғаныстық шартты рефлекстердің орталық жүйке жүйесінде бекуі, есте сақталуы, қайта жаңғырылуы және гиппокамп құрылымдары, эритроциттердің осмостық төзімділігі, қан ұю уақыты оңалатыны дәлелденді.

Металдар қоспалары енгізілген жануарларды энтеросорбент полифепанмен (1 г/кг д.м.) емдеуден қорғаныстық шартты байланыстардың мида бекуі мен есте сақталуы және қайта жаңғырылуы, гиппокамп микроқұрылымдарының және эритроциттердің осмостық төзімділігі мен қан ұю уақыты бақылау жануарларының көрсеткіштеріне жақындайтыны алғаш көрсетілді.

Металл қоспаларын қабылдаған жануарларды энтеросорбент ретінде жергілікті Шанқанай жерінен алынған цеолитпен (1 г/кг д.м.) емдеудің нәтижесінде қан мен ми тінінде қорғасын, хром, ванадий мөлшерлері азайып, шартты байланыстардың есте сақталуы және қайта жаңғырылуы жақсаруы, гиппокамп нейрондары ядроларының көлемі бақылау жануарларының көрсеткішіне теңелуі анықталды. Зерттелінген барлық көрсеткіштерге цеолиттің әсері полифепаннан кем түспеді.

Металдардың әсерінен дамыған бүліністерді түзету рувимин мен цеолитті қосарлап енгізгенде тиімдірек болатындығы алғаш рет анықталды. Шартты рефлекстердің әрі қалыптасуы, әрі оның есте сақталуы мен қайта жаңғырылуына рувимин және цеолитпен емдеген жануарлардың көрсеткіштері осы препараттарды жекелеп енгізгендерден әлдеқайда жоғары болды.

Жұмыстың қағидалық және практикалық маңыздылығы. Ауыр металдармен экосистеманың антропогенді ластануы нәтижесінде макрорганизмдерде дамитын дерттік құбылыстардың қағидалық материалдарын толықтыра түседі. Ауыр металдардың біріккен әсерлері жасуша мембраналарының тұрақсыздығын туындатып, айқын нейроуытты әсер етеді. Бұл кезде гиппокамп нейрондарының айтарлықтай құрылымдық бұзылыстары дамиды.

Қызыл мия тамыры препараты – рувимин мен полифепанды енгізу енжар қашулық шартты рефлекстер (ЕҚШР) мен белсенді қашулық шартты рефлексердің (БҚШР) қалыптасуына әсер етпегенімен, есте сақтау, бекіту және қайта жаңғырылу үрдістерін жақсартып, металдардың әсерінен қысқарған қан ұю уақытын ұзартты. Бұл қызыл мия түбірі флаваноидтары мен полифепанды практикалық медицинада металдар әсерінен зақымданған организм жүйелерін емдеуге қолдануға мүмкіндік береді.

Цеолит ауыр металдардың организмнен шығарылуын тездете отырып, қорғасын, ванадий, хромның тіндердегі мөлшерін азайтты және металдардың нейроуытты әсерін әлсіретті.

Зерттеу нәтижелері ауыр металдармен уланғанда дамитын бұзылыстардың алдын алу мен емдеуде және медициналық оқу орындарында патологиялық физиология, кәсіптік патология, фармакология және токсикология бойынша дәрістік курстарда қолданылуы мүмкін.



Қорғауға шығарылатын негізгі сұрақтар

1. Егеуқұйрықтарға калий бихроматты, аммоний ванадатты және қорғасын ацетатты (1мг/кг д.м. ауыз арқылы) енгізу әсерінен жануарлардың жалпы жағдайы, тәбеті, қимыл қозғалысы, енжар және белсенді қашулық байланыс рефлекстерінің қалыптасуы және есте сақталуы, шартты байланыстардың жаңғырылуы, гиппокамп нейрондары құрылымы бұзылыстары мен кариометриялық зерттеу көрсеткіштерінің өзгерістерімен, қан жүйесінде эритроциттердің осмостық төзімділігі азайып, қан ұю уақыты қысқаруымен сипатталатын нейроуытты әсер етеді.

2. Металдар қоспасы енгізіліп тірі қалған егеуқұйрықтарды рувиминмен (50 мг/кг д.м.) емдеудің нәтижесінде енжар және белсенді қашулық қорғаныстық рефлекстердің орталық жүйке жүйесінде бекуі, есте сақталуы және қайта жаңғырылуы, эритроциттердің осмостық төзімділігі мен қан ұю уақыты жақсарды.

3. Ауыр металдар қоспасын қабылдаған жануарларды полифепанмен


(1 г/кг д.м.) емдеу әсерінен қорғаныстық шартты рефлекстердің есте сақталуы мен қайта жаңғырылуы жақсарды. Гиппокамптың микроқұрылымы мен нейрон ядроларының көрсеткіштері, эритроциттердің осмостық төзімділігі, қан ұю уақыты оңалды.

4. Металдар қоспасы енгізілген егеуқұйрықтарды цеолитпен (1 г/кг д.м.) емдегеннен ванадий, хром, қорғасынның қан мен тіндегі мөлшерлері азайып, шартты байланыстардың есте сақталуы мен қайта жаңғырылуын маңызды жақсартатындығы байқалды. Гиппокамп микроқұрылымы мен кариометриялық көрсеткіштердің өзгерістерін жақсартты. Бұл табиғи энтеросорбент цеолиттің емдік әсерінің полифепаннан қалыспайтынын айқындайды.

5. Металдардың әсерінен дамыған бүліністерді түзету рувимин мен цеолитті қосарлап енгізгенде тиімдірек болатындығы анықталды. Шартты рефлекстердің қалыптасуы, оның есте сақталуы мен қайта жаңғырылуына рувимин және цеолитпен емдеген жануарлардың көрсеткіштері осы препараттарды жекелеп енгізгендерден әлдеқайда жоғары болды.

Жұмыс нәтижелерінің апробациясы. Диссертациялық жұмыстың материалдары ҚазҰМУ-дың 75-жылдығына арналған Қазақ ұлттық медицина университеті ғылыми-практикалық халықаралық конгресінің ғылыми семинарында (Алматы, 2006), «Патофизиология мен медицинаның өзекті мәселелері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында (Алматы, 2008), «Проблемы использования современных химических технологий в биомедицине и здравоохранении» халықаралық семинарында (Қырғыз Республикасы, Иссык-куль, 2008), патологиялық физиология кафедрасының ғылыми отырыстарында, ҚазҰМУ ғылыми күндерінде баяндалып, талқыланды.

Диссертация материалдары ҚазҰМУ-дың 75-жылдығына арналған жас ғалымдардың «Молодость и Наука: от мечты к открытию» Халықаралық конференциясы (Алматы, 2006), жас ғалымдардың «Актуальные вопросы медицины» халықаралық конференциясы (Астана, 2007), «Медико-социальная реабилитация населения экологически неблагоприятных регионов» II Халықаралық конференциясы (Семей, 2008), материалдарында басылды.



Басылымдары. Зерттеу материалдары бойынша 12 ғылыми еңбек ҚР БҒМ білім және ғылым аясындағы бақылау Комитетінің ұсынысына сәйкес отандық және шетел басылымдарында жарыққа шықты.

Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Жұмыс кіріспеден, әдебиеттерге шолудан, материалдар мен зерттеу әдістерінен, төрт бөлім өзіндік зерттеулерден, тұжырым және қолданылған әдебиеттер тізімінен (212 орыс,101 ағылшын) тұрады. Диссертация, 73 кесте және 34 суреттен тұратын 142 бетке мазмұндалған.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Материалдар мен зерттеу әдістері. Тәжірибе салмағы 150-200 гр виварий жағдайындағы 212 егеуқұйрыққа жасалынды. Ауыр металдар қосылыстарын енгізу мерзіміне байланысты жануарлар 3 топқа бөлінді: 1- топта ауыр металдар 1 апта, 2-топта ауыр металдар 2 апта, 3-топта ауыр металдар 1 ай бойы енгізілді. Жануарларға ауыр металдар – аммоний ванадаты (АВ), қорғасын ацетаты (ҚА), калий бихроматы (КБ) тұздары 1 мг/кг дене массасына бір мезгілде жекелеп ауыз арқылы түтікпен берілді. Аталған мөлшердегі металдарды қолдану ми мен қан жүйесінің морфоқұрылымдық өзгерістерін зерттеуге мүмкіндік береді. Металдардың әсерінен туындаған бүліністерді түзету мақсатында жергілікті өндірілген (Шымкент фарм зауыты) қызыл мия тамыры препараты – рувимин 50 мг/кг, энтеросорбенттер полифепан мен Шанқанай жерінен алынған цеолит 1г/кг мөлшерде қолданылды. Аталған препараттар 1 және 2 апталық жануарларға соңғы 3 күнде, 1 айлық жануарларға соңғы 7 тәулікте металдармен қатар ауыз қуысына түтік арқылы енгізілді.

Тәжірибе жануарлары 6 топтамаға бөлінді.

1. Бақылау жануарлары, бірдей мөлшерде NaCL физиологиялық ерітіндісі енгізілді (49)

2. АВ, ҚА, КБ ерітінділері енгізілген тәжірибелік жануарлар (31)

3. АВ, ҚА, КБ ерітінділері енгізіліп, рувиминмен емдеген жануарлар (32)

4. АВ, ҚА, КБ ерітінділері енгізіліп, полифепанмен емдеген жануарлар (33)

5. АВ, ҚА, КБ ерітінділері енгізіліп, цеолитпен емдеген жануарлар (34)

6. АВ, ҚА, КБ ерітінділері енгізіліп, рувимин және цеолитпен емдеген жануарлар (20)



Шартты рефлекстік әрекеттерді зерттеу. Металдармен уландырған соң

1 апталық жануарларды 7 тәуліктен соң, 2 апталық жануарларды 2 аптадан соң, 1 айлық жануарларды 30 күннен соң қорғаныстық белсенді [Громова Е.А. ж.б., 1981] және енжар [Любимов Б.И.,1978] қашулық шартты рефлекстерге үйрету тәжірибесі жүргізілді. Осы рефлекстердің есте сақталуы 7 тәуліктен соң тексерілді.

Тәжірибелік жануарлардың қимыл-қозғалыстық әрекеттері Е.С. Петров [1982] бойынша «ашық алаң» сынамасында зерттелінді.

Нейрондарды морфологиялық зерттеу. Гистологиялық тілінділерді дайындау әдісі ҚазҰМУ патологиялық анатомия кафедрасының зертханасында жүргізілді. ЕҚШР мен БҚШР есте сақталуын тексергеннен соң этикалық нормаларға сәйкес нембутал наркозымен басын бөліп алып, миы алынды және мұздатқышқа қойылды. Бұдан соң гиппокамптың СА3-4 аймақтарына сәйкес дорсалды тілінділер жасалынып [Хамильтон Л.У., 1984], жалпыға мәлім патогистологиялық әдіспен өңделіп, парафинге салынды. Парафиндік блоктардан қалыңдығы 5-7 микрон микроскопиялық тілінділер дайындалып, әйнекте Ниссль бойынша боялды.

Кариометриялық зерттеу. Зерттеу онкология және радиология ҚазҒЗИ зертханасында «ВидеоТест – мастер морфология» аппарат көмегімен кариометриялық зерттеу әдісі арқылы жүргізілді. Ниссльмен боялған гистологиялық тілінділердің сапасын көзбен қарап тексергеннен кейін көрсетілімді сараптау компьютерлік жүйе көмегімен өңделді. Нейрондар ядросының ауданы, периметрі, ұзындығы, ені, диаметрі (өлшем бірлігі - мкм2), дөңгелектігі мен ұзыншалығы (өлшем бірлігі - cалыстырмалы бірліктер) анықталды [Медовый В.С. ж.б., 2006].

Тіндерде ауыр металдарды (қорғасын, хром, ванадий) анықтау. Ауыр металдарды қан мен ми тінінде масс-спектрлік (ICP-MS) анықтау аль-Фараби атындағы ҚазҰУ РМК физико-химиялық зерттеу және сараптау әдістері орталығында жасалынды.

Гематологиялық зерттеулер. Қанның жалпы талданымы мен қан коагулограммасы кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ зертханасында жасалынды. Қанның морфологиялық құрамы мен гемоглобин мөлшері жалпыға мәлім әдіспен «Abacus ginior» аппаратының көмегімен зерттелінді. Эритроциттердің осмостық төзімділігі фотоколориметр көмегімен анықталды [Ронин В.С. ж.б., 1982].

Зерттеу нәтижелері және оларды талқылау.

Біздің жүргізген тәжірибемізде ҚА, АВ және КБ 1 апта, 2 апта және 1 ай бойы дене салмағына әрқайсысы 1мг/кг-нан түтік арқылы енгізгенде, кейбір егеуқұйрықтардың қимыл-қозғалыстық әрекеттері алғашқы тәуліктерде айтарлықтай өзгермей, 3-4-күндері азайып, ұстағанға қарсылық көрсетпеді, жүндері үрпиіп, қалыпты түсін жоғалтты және түсе бастады. Олардың тамақ жеуі азайды және іштері өтті, салмақтары 10-12 %-ға дейін кеміді. Мұндай жағдайлар экологиялық дезадаптациялық синдромның белгісі болып табылады [Морозова Я.С.,2003, Хлебников В.В.,1976].

Ауыр металдар қоспасы енгізілген жануарлардың қимыл-қозғалыс әрекеттері «ашық алаң» сынамасында зерттелді.

Ауыр металдар қоспасының жануарларға 1 апта бойы әсері.

Егеуқұрықтардың қимыл-қозғалысында айтарлықтай өзгеріс байқалмады. Бұл кезде егеуқұйрықтардың болюсінің 2,3 есеге көбеюі дербес жүйке жүйесінің межеқуаты көтерілгенін көрсетеді деп жорамалдауға болады.

Ұдайы өзгеріп отыратын қоршаған орта ықпалдары организмнен тектік деңгейде қарастырылмаған бейімделушілікті талап ететіні белгілі. Тұқымқуалаушылықпен бекітілген шартсыз рефлекстер адамзат шалдығатын әртүрлі тітіркендіргіштерге жауап бергенде өзгеріп, тежеліп, пайда болуы да мүмкін [Батуев А.С.,2002].

Жануарларда ЕҚШР-дің қалыптасуы айтарлықтай өзгермей, бұл шартты байланыстардың есте сақталуы және қайта жаңғырылуы 31,8 %-ға кем болды. БҚШР-ді қалыптастыру кезінде белсенді қашу серпілісі бақылау жануарларынан 8,5 есеге аз болды. Бұл рефлекстердің есте сақталуы 1 аптадан соң тексеру кезінде егер бақылау тобы жануарларында қашу серпілісінің саны 2 еседен астам көбейген болса, металл енгізілген жануарларда ол мардымды өзгермеді. Бұл кезде тәжірибелік жануарларда қашу серпілісінің жасырын кезеңінің уақыты шартты рефлекстерді бастапқы үйрету және тексеру кездерінде 2 есеге жуық ұзарды (кесте 1).

Келтірілген деректерді жинақтай келе, жануарларда ЕҚШР-тің қалыптасуы өзгермей, шартты байланыстардың есте сақталуы мен қайта жаңғырылуы және БҚШР-тің әрі қалыптасуы, әрі есте сақталуы мен қайта жаңғырылуы бұзылады деп тұжырымдауға болады.

Уақытша байланыстардың сақталуы мен бекітілуінің негізгі құрылымы гиппокамп екендігі белгілі [Кругликов Р.И.,1989]. Ауыр металдардың әсерінен есте сақтау бұзылыстарының тетіктерін анықтау мақсатында гиппокамп нейрондарының морфологиялық және кариометриялық өзгерістері зерттелді.

Жануарлардың бас миы гиппокамп бөлігінің құрылымын микроскоппен қарап тексергенде, микроциркуляция арнасындағы тамырлардың кеңейіп, қанға толғандығын, оның айналасында орташа, кейбір жерлерде айқын ісіну белгілері көрінді. Гиппокамп жасушаларының бір бөлігінің шекаралары айқын болмай, ядролары гипохромды, кейбір жерлерінде хроматиннің жойылуы айқын көрінді, тигролиз үрдісі байқалды. Ми затының бірендеген жұмсаруы пайда болған. Көптеген жасушалардың сыртында аздап ісіну үрдісі, кейбір тамырларда эндотелийдің сыдырылуы байқалды.

Нейрондар кариометриясын бақылау жануарларымен салыстырғанда, ядроның ауданы -1,4 есе, периметрі, ұзындығы, ені және экватордың диаметрінің шамалары -1,2 есеге парықты түрде ұлғайғаны байқалды. Бұл келтірілгендер, ядроның ісінгенін көрсетеді.

Әртүрлі патогенді жайттардың әсеріне организмнің төзімділігін қамтамасыз ететін реактивтіліктің жағдайы туралы хабарламаны сипаттайтын шеткері қанның морфологиялық құрамы мен сипатының өзгерістерін ескеріп [Козинец Г.И.,2007, Горизонтов П.Д.,1983], біз қан жүйесіне ауыр металдардың біріккен әсерін зерттедік. Біздің зертханада Ш.К.Базарбекова [2002] калий бихроматын дене массасына 5 мг/кг мөлшерде енгізгенде гемолиздік анемия дамығандығын анықтады. Ванадий мен хром ауыспалы валентті металл болғандықтан липидтердің асқын тотығының күшейткіші болып табылады [Боев В.М., 2007, Berlyne G.M.,1991, Hogan G.R.,1988]. Соған байланысты эритроциттердің осмостық төзімділігіне металдардың әсерін зерттегенде ол ауыр металдар 1 апта бойы енгізілген жануарларда бақылау жануарларымен салыстырғанда натрий хлориді ерітіндісінің барлық түрінде, яғни, 0,85 %-да – 1,8 есе, 0,65 % пен 0,45 %-да – 1,6 есе, 0,30 %-да – 1,2 есеге парықты түрде төмендеді.

Жануарлардың қанында эритроцит, лейкоцит, тромбоциттердің саны және гемоглобин мөлшері, лейкоциттік өрнек анықталып, бұл келтірілген көрсеткіштер айтарлықтай өзгерістерге ұшырамағанына назар аудару қажет.

Біздің зертханада жүргізілген Ж.А.Куланчиеваның жұмысында [2007] аммоний ванадатын 10 мг/кг мөлшерде бір рет енгізгенде қан ұю уақытының 5 есеге қысқарғаны анықталды. Сол себепті гемостаз көрсеткіштеріне металдардың аз мөлшердегі әсерін зерттеу қызығушылық тудырды. Металл енгізілген жануарларда қанның ұю уақыты 53 %-ға қысқарды. Бұдан қанның ұюының жылдамдауы металдар мөлшері аз болса да артады деуге болады. Қан коагулограммасында фибриноген мөлшерінің бақылау жануарларымен салыстырғанда, парықты түрде артуы «жедел кезеңдік жауаптың» әсерленгенін көрсетсе, еріген фибрин мономерлік кешен (ЕФМК) мөлшерлерінің бақылау жануарларынан айырмашылығының аз болуы прокоагулянттық жүйесінің өзгермегендігін анықтайды.

Ауыр металдар қоспасының жануарларға 2 апта бойы әсері.

Жануарларда ЕҚШР үйрету тәжірибесінде «інге кіру» рефлексінің уақыты бақылау жануарларынан 2 есеге ұзарып, тексеру тәжірибесінде есте сақтау, қайта жаңғырылу үрдісі 2,6 есеге аз болды. Осы егеуқұйрықтарда БҚШР-ді үйрету және тексеру тәжірибесінде белсенді қашу серпілісінің саны мен оның жасырын кезеңінің уақыты өзгеріссіз қалды (кесте 1). Жоғарыдағы нәтижелерден жануарларда ЕҚШР және БҚШР-тің қалыптасуы, шартты байланыстардың есте сақталуы мен қайта жаңғырылуы түбегейлі бұзылады деп есептеуге болады.

Жануарлардың гиппокамп микроқұрылымдарында айқын ісіну ошақтары анықталды, ми затында көптеген ұсақ жылауықтар болуынан оның сирегендігі көрінді. Жасушалардың пішіні сақталған, ядро шекарасының кейбір жерлері айқын көрінбеді, боялымы аз, жекелеген ошақтарда гиперхромия кездесті. Нейрондар кариометриясында: ядроның ауданы -1,3 есе, ені -1,2 есе, периметрі, ұзындығы, және экватордың диаметрінің шамалары -1,1 есеге парықты түрде артуы оның көлемінің ұлғайып, ісінгенін көрсетеді.

Ауыр металдар қоспасының жануарларға 1 ай бойы әсері.

Егеуқұйрықтардың қимылдық әрекеттері парықты түрде азайды. Олардың шарлаған текше саны 47,3 %-ға, артқы аяқтарына тұру саны 42,9 % -ға кеміді. Бұл жануарлардың болюсінің 2,3 есеге азаюы дербес жүйке жүйесінің межеқуаты төмендегенінен деп қарастыруға болады.

ЕҚШР-ге үйретуде жарық бөлікте отыру уақыты бақылау жануарларынан 2,7 есеге ұзарып, 7 тәуліктен соң уақытша байланыстарды тексергенде 30,6 %-ға парықты түрде кем болды. БҚШР үйретуде қашу серпілісінің саны, бақылау жануарларымен салыстырғанда, 3,7 есеге азайып, оның жасырын кезеңі ұзарды. Осы серпілістің қалыптасуын, есте сақталуын және қайта жаңғырылуын тексергенде, қашу серпілісінің саны, бақылау топтамасындағы көрсеткіштен 6,2 есе аз болып, үйрету тәжірибесінен айырмашылығы болмай, оның жасырын кезеңі 2 есеге ұзарды (кесте 1).

ЕҚШР шартсыз рефлекспен (биологиялық ерекшеліктен – жарықтан «қорқу») негізделгендігін ескерсек, ауыр металдардың әсері ұзарған сайын туа біткен жарықтан қашу рефлексінің қалыптасуы бұзылуы тереңірек болды. Яғни, металдар қоспасы 1 апта бойы енгізілген жануарлардың жарық бөлікте отыру уақыты бақылау жануарынан өзгеріссіз болса, 2 апта бойы енгізілгендерде 1 апталықтардан – 3,3 есеге, ал 1 ай бойы енгізілгендерде 2 апталықтардан – 2 есеге ұзарды (сурет 1).


Сурет 1 – Металл енгізілген жануарларда ЕҚШР өзгерістері


Бұдан жануарларда уақытша байланыстардың күрделі түрлерінің қалыптасу тетіктері қарапайым түрлеріне қарағанда басымырақ бұзылатындығымен көрінетін ауыр металдар жиынтығының нейроуыттық әсерін көруге болады. Б.А. Ревич [2004] мектеп жасына дейінгі балаларда қорғасынның қандағы деңгейі 1 мкг/л болғанда баланың ақыл-ойы дамуы 1/2-1/4 балға төмендейтінін және қорғасынның жастық шақтағы әсерінің салдары ондаған жылдардан кейін де байқалатындығын тұжырымдады. Біздің зертханада Т.П.Ударцева [2001] егеуқұйрықтарға ҚА 10 мг/кг мөлшерінде 1 ай бойы, ал Ж.Х.Жумашева [1999] 100 мг/кг мөлшерде 1 рет ішкізгенде жануарларда БҚШР –дің қалыптасуы мен бекуі бұзылатындығын дәлелдеген.

Сонымен, жоғарыда қорытылған тұжырымдарды негіздеу мақсатында зерттелінген металдарды біріктіріп 1 ай бойы енгізгеннен кейін металдардың тіндердегі деңгейі анықталды. Қорғасынның қандағы деңгейі бақылау жануарларынан 1,3 есеге, ванадий 2 есеге, ал хромның деңгейі 1,4 есеге артты (сурет 2). Бұл М.А.Казимовтың 1987] металдар организмге бірігіп түскенде ванадийдің қаннан жартылай шығу кезеңі ұзарғандықтан, оның қанда ұзақ сақталуы туралы ойымен сәйкес келеді. Металдар қоспасы енгізілген жануарлардың миында қорғасын 3 еседен, ванадий 2 еседен астам, хром 2 есеге көбейді. Дегенмен, Ақтөбе қаласының ластануы ең жоғары аймағында тұратын жаңатуылған нәрестелер мен өлі туылғандардың гипофизіндегі хромның мөлшері 0,880,6 мг/100г шамасында болатыны ауыр металдардың ми тінінде жиналатынын растай түседі [Жумабаева А.Н., 2001].


Сурет 2 –Жануарлардың қанында металдардың таралуы деңгейі


Біздің тәжірибеде алынған металдар қоспасын енгізу уақытын ұзартудан шартты рефлекстердің қалыптасуы бұзылуының тереңдей түсуі мида металдардың жиналуымен байланысты болуы мүмкін деуге болады.

Жануарлардың ми заты барлық жерде ісінген, кей жерлерде ұсақ көпіршіктеніп, жылауықтанған. Жасушалардың пішіні айқын емес. Ядролары нашар боялған, пішінін жоғалтқан, кей жерлерде ядролар бөлшектелген түрінде, бүріскен, тығыздалған. Нейрондар кариометриясында: ядроның периметрі мен экватордың диаметрінің шамалары -1,2 есе, ауданы, ұзындығы, ені -1,1 есеге парықты түрде кемуінен нейрон ядросының кішірейіп, бүріскендігі көрінеді.

Қорғасынды 1 ай бойы қабылдағанда жануарлардың гиппокампында нейрондардың атрофиясын көрсететін миелинсіздену және коллагендік тыртықтардың қалыптасуы әдебиеттерден белгілі [Толгская М.С., 1967, Оltaninejad Kambiz, 2003].

Сонымен, металдар қоспалары 1 және 2 апта бойы енгізілген жануарларда нейрон ядроларының көлемі ұлғайса, 1 айлық жануарларда ол кішірейе түсті. Бұдан металдардың әсері гиппокамп нейроны ядроларының айқын дистрофиялық өзгерістерін туындатты және олардың әсері ұзарған сайын тереңдей түсті деуге болады. Бұл анықтаған өзгерістер қорғасын мен кадмий, хром мен молибденді қосарлап енгізіп жасалған тәжірибелерде негізделеді [Желдербаева М.К., 2007, Егембердиева Р.Е., 2004].

Уақытша байланыстар РНҚ мен нәруыз түзілуінің негізінде қалыптасады және жүйке жасушасының тектік құралының әсерленуіне байланысты [Corredor Laura, 2004]. Сонымен, ауыр металдардың біріккен әсерлерінен гиппокамптың пирамидті нейрондары ядроларының айқын дистрофиялық өзгерістері дамуынан оларда қысқа мерзімді РНҚ мен нәруыздар түзілуі бұзылады деп жорамалдауға болады. Бұл өзгерістер ЕҚШР пен БҚШР қалыптасуы, есте сақталуы және қайта жаңғырылу үрдістерінің айқын бұзылуымен сипатталатын мидың шартты рефлекстік қызметі бұзылыстарының құрылымдық маркерлері болып табылады.

Жануарларда натрий хлоридінің 0,85 % ерітіндісінде эритроциттердің гемолизі бақылау жануарларынан 77 %-ға көтерілді.

Жануарлардың қанында эритроцит, лейкоцит, тромбоциттердің саны және гемоглобин мөлшері, лейкоциттік өрнек шамалары өзгермеді, анемия дамымады. Әдебиеттерде металдар көп мөлшерде, яғни қорғасын порфирин тапшылықты анемияны, ванадий мен хром жекелеп те, қосарланып та әсер еткенде гемолиздік анемияны дамытатындығы келтірілген [Куланчиева Ж.А.,2007, Базарбекова Ш.К.,2002, Солдаткин П.К., 2000]. Бұдан металдардың шамалы мөлшерінен анемия дамымайтындығына және қанның басқа жасушаларының өзгермейтіндігіне көз жеткіземіз. Бұл жануарларда қан ұю уақыты 61 %-ға қысқарды. Қан коагулограммасында фибриноген мөлшерінің бақылау жануарларымен салыстырғанда, статистикалық дәлелімсіз артуы, «жедел кезеңдік жауаптың» әсерленгенін көрсетсе, ЕФМК мөлшерлерінің бақылау жануарларынан айырмашылығының аз болуы прокоагулянттық жүйенің өзгермегендігін анықтайды. Бұдан қан ұюының артуы ұюға қарсы жүйенің жеткіліксіздігінен дамиды деп жорамалдауға болады.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет