Үй шаруасы.
Мұғалім сабақ сұрағанда, Мұрат білмеді.
- Сабақты неге білмейсің? Оқымадың ба?
- Қолым тимеді, ағай!
- Не істедің?
- Үй шаруасымен айналыстым.
- Сенен басқа үй шаруасын істейтін адам болмады ма?
- Әкем үйде жоқ. Жолаушы кеткен. Апам ауырып жатыр.
- Мұғалім аяғандай болды.
- Отыра ғой,шырағым!- деді.
Ертеңіне Мұрат Оқуға келмей қалды. Сабақтан шыққан соң, біз Мұраттікіне бардық. Әбден терлеген, шаршаған екен. Біз жабылып отынын тасып бердік. Аттарына, сиырларына шөп салыстық.
Жаман жолдас.
Екі дос ағаштың арасымен келе жатып бір аюға кездесті. Олардың біреуі әлсіз, ауру екен. Аюды көрген кезде сауы ауру жолдасын тастап, жүгіріп барып, бір ағаштың басына шығып кетеді. Ауру, әлсіз досының ағашқа шығуға дәрмені болмайды. Ол жерге етпетінен түсіп, өлген кісідей, дем алмастан жата қалады. Өйткені аю өлген кісіге тимейді екен. Аю жатқан адамның қасына келіп, иіскелеп, дыбысы білінбеген соң, жөніне кетеді.
Аю кеткен соң, ағаштың басындағы жолдасы жерге түсіп,ауру досынан:
- Аю сенің құлағыңа не деп сыбырлап кетті?- депті.
- Басыңа қиыншылық түскенде, сені жалғыз тастап кеткен жолдасың жаман екен деді,- деп досы жауап беріпті.
Торғай.
Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін. Итім жүгіріп бара жатқан. Ол кенет жүрісін тежеп, құстың иісін сезгендей бұға бастады.
Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың ақ үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті. Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет қара тамақ үлкен торғай ағаш басынан зу етіп иттің дәл қасына кеп қонды
Ол жан ұшырып, өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Ол балапанын өз денесімен бүркемек болды. Титтей денесі қорыққанынан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Ол балапаны үшін өзін-өзі құрбан еткелі безектеп жүр.
Мен итімді тез өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың ұлы аналық күші мені таң қалдырды. Мен жөніме кеттім.
Қолқанат.
Сәкен шаруаға ұқыпты болды. Үстін тап-тұйнақтай таза ұстайтын еді. Ағайынды жетеуміз. Сәкен бәрімізден үлкен. Жаздың күні ол бізден бұрын оянады да, үй шаруасына көмектеседі. Біз оянып, далаға шыққанда, Сәкен есік алдында жүреді. Ол бізді Қараөзек бойына соқпақ жолмен бастап алып кетеді. Мөлдір бұлақ басына барамыз да, жуынамыз. Сәкен әуелі кішкентай қарындасымыз Рахима, Халима, Сәлималарды жуындырады, шаштарын тарап, өріп береді. Содан кейін барып, өзі жуынады. Біздің күндегі әдетіміз – осы. Қайтадан қатар тізіліп алып, ауылға қарай жүреміз.
“Айналайын, менің ақ қаздарым”,- деп анамыз есік алдынан бізді қарсы алады. Сәкеннің маңдайынан сүйіп жатып:
- Қолқанатым менің!- дейді.
Достарыңызбен бөлісу: |