2. Құзыреттілік түрлері
Тұлға бойына ХХІ ғасыр дағдылары аталып жүрген құзіреттілікті сіңіру уақыт талабы. Демек, біз өмір сүріп отырған осы қоғамда мұғалім «құзіретті педагог», бала «құзіретті оқушы» болуы тиіс [7]. Ол құзіреттіліктерді ғалымдар төмендегідей жіктеп жүр:
Азаматтық - қазақ халқының салт - дәстүрі, тарихы, мәдениеті, діні мен тілін терең меңгеріп, Қазақстанның өсіп өркендеуі жолындағы азаматтық парызын түсінуі;
Технологиялық - ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларын сауатты пайдалану;
Ақпараттық - ақпарат көздері арқылы өзіне керегін тауып, білімін көтеріп отыруы;
Әлеуметтік – өзі өмір сүретін ортада өзін еркін сезініп, әрекет жасай алу қабілеті;
Коммуникативтік – бірлесіп жұмыс істеуді бағалау, адамдар арасындағы сенімділік, бірін-бірі түсіну, тыңдау, сыйлау, этикет сақтау, дәстүрді білу, дау жан-жалды шеше алу, бұзылған қатынастарды түзету, өз қателігін түсіне білу, топпен жұмыс жасай алу, орындаушылардың жұмысын дұрыс ұйымдастыру, басқару шешімдерін таба алу және қолдана білу қабілеттері.
Енді осы құзіреттіліктердің әрқайсына жеке-жеке тоқталсақ: азаматтық құзіреттілік мәселесі - ұлттық құндылықтарымызды сақтаудың бірден бір жолы. Бұл бағы замандарда аталар мен әжелер мектебі арқылы жалғасын табатын. Бірақ бізді уақыттың көші ол мектептен баяғыда ажыратып тастады. Кешегі кеңестік білім жүйесі де бұған аса мән берген жоқ. Жоғалтқанымыз көп, енді өз қолымызға еркіндік тиген кезде бұл нәрсені назардан тыс қалдыруға болмайды. Немересінің тілін жаңылтпашпен шығарып, логикасын жұмбақпен дамытатын, бесік жырымен әлдилеп, ертегімен ұйықтатын әжелер азайды. Енді олардың орнын балабақша тәрбиешісінен кейін мұғалім басатыны даусыз. Қоғам ұстаздар қауымына осындай ауыр жүкті қоса артып отыр. Енді мұғалім тәрбие жұмыстарымен тек тәбие сағаттарында ғана емес, пән сабақтарында да айналысады. Бұл ретте қазақ әдебиетінің алатын орны ерекше. Нағыз елжанды ұрпақ тәрбиелеудің таптырмас құралы. Туған елінің кешегісін білмейтін адамның ертеңі үшін күресетіні көңілге күдік тудырады. Бізге қарақан басының ғана емес, «жеті атасын білетін, жеті жұрттың қамын жейтін» азаматтар керек. Тек елімізде орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде жасалып жатқан бағдарламаларда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің кіріктіріліп оқытылатыны біраз қынжылтады.
Технологиялық құзіреттілік - Маркова А.К. «технологиялық құзыреттілік - іс-әрекет кезіндегі барлық субъективті қасиеттер» деп тұжырымдайды. Оның пікірінше технологиялық құзыретті адам ойына алған әрекетті жоғары деңгейде іске асырады. Мұғалімге қатысты айтатын болсақ, ол - оқыту мен тәрбиелеуде жақсы нәтиже көрсететін адам. Ондай мұғалім өзгелерден өзінің технологиясы, жеке тұлғалық қасиеті, педагогикалық қарым-қатынасымен ерекшеленеді [8].
Балалардың технологиялық құзыреттілігінің компоненттері:
- терең білім (пәндер негізінде);
- шеберлік;
- оқу үдерісі кезінде жетілген кейбір тұлғалық қасиеттері.
Технологиялық құзыреттілік баланың жеке тұлғасының іс-әрекетті орындауға деген қабілеті мен даярлығының, ішкі психикалықкүйінің жүйесі болып табылады. Бүгін мектеп партасында отырған бала - ертеңгі қоғам мүшесі. Ол үлкен өмірге қадам басқан сәттен бастап қиындықтар мен сандаған кедергілерге кездеседі. Оның бәрін еңсеру үшін білім, білік, дағдының өзі аздық етуі мүмкін. Сондайда маңдайы тасқа соғылғандай күйге түспеуі үшін бала бәріне дайын болуы шарт. «Тағдыр жазды, мен көндім» деп қол қусырып отырғанды ХХІ ғасыр кешірмейді. Оның үстіне қазақтың баласы ұяң. Әсіресе ауылдан келген жасөспірімдер ұялшақтыққа салып, сыбағасын желге ұшырып алатын жағдайлар кездесіп жатады. Әрине, ешкімге «ұятсыз бол» демейміз, бірақ «есікті жауып қойса терезеден кіріп», керегін алатын өжет мінез жетпей жатады. Баланың бойына осыны сіңіруіміз керек. Қысқасы қиындық туғанда тізгінді қолға алып, кез келген мәселені «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» шешетін, бойында басқарушылық қабілеті бар баланы мектептен тәрбиелеуіміз керек. Және барлық баланың сондай болуы керегін естен шығармағанымыз абзал.
Ал ақпараттық құзыреттілік арқылы бала нақты объектілер көмегімен өзіне қажетті ақпаратты іздеп тауып, талдап ішінен керегін іріктеп алатын болады. Алынған ақпараты жүйелеу, салыстыру, түрлендіру, оны тыңдаушыға оңтайландырып ұсына білуге де белгілі бір дағдылар қажет. Оның негізі де мектептен қалыптасады. Бұл құзыреттілік оқушының оқу пәндері, айталық қазақ әдебиетіндегі мәліметтермен шектелмей, оны сыртқы әлемдегі ауқымды ақпараттармен қабыстыра қарауына мүмкіндік береді. Басқа ақпараттармен жұмыс істей білу дағдыларын қамтамасыз етумен қатар дамыта түсетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда ақпарат табу оңай, алайда ішінен керегін іріктеп алуға құзіреттілік керек.
Адамның әлеуметтік ортада өзін еркін сезіне алмауы оның іс-әрекеті мен қызметіне белгілі бір дәрежеде салқынын тигізеді. Егер бала мектеп партасында отырғанда кез келген топқа етене араласып, еркін жұмыс істеуді меңгерсе, үлкен өмірге араласқанда аса қинала қоймайды. Сондықтан мектеп есігін алғаш ашқан сәттен бастап бала әртүрлі адамдармен біте қайнасып, нәтижеге бірге жетудің рахатын сезініп өсуі қажет. Ондай бала есейген шағында қандай ортаға түссе, сол ортаға бейімделіп, сол жердегі өз орнын нақтылап алатын болады. Осының бәрі сайып келгенде ұлттық құндылықтарды бойына жиған, ақпараттық технологияларды, білім беру технологияларын сауатты пайдаланатын, кез келген қиындықты өз күшімен шеше білетін, ақпарат көздері арқылы өзіне керегін тауып, білімін көтеріп отыратын, өзі өмір сүретін ортада өзін еркін сезініп, әрекет жасай алатын тұлға тәрбиелеу болып табылады.
Коммуникативтік құзыреттілік субъектісі мынадай әлеуметтік-психологиялық қабілеттерді өте қажеттілікпен игеруі қажет:
- тұлғааралық әрекет жағдайына болжам жасай (алдына - ала сезу) білу;
- коммуникативтік жағдайдың өзіне тән өзгешелігіне сәйкес қарым-қатынас үдерісін бағдарламалау;
- алуан түрлі жүзеге асырылатын мінез-құлық жағдайында қарым-қатынас үдерісін басқара білу
. Бірақ, солай бола тұра қарым-қатынастың инструменталды жағымен ғана әуестену адамдардың рухани мәнін жоюы және бұл қарым-қатынас түсінігін коммуникативтік әрекет сияқты қарапайымдануға әкелуі мүмкін. Пайдалы ақпарат алу немесе беру, серіктестердің белсенділігінің артуы, жүктемені түсіру немесе ортақ әрекетпен басқару, көмек көрсету және өзге адамдарға ықпал жасау қарым-қатынастың негізгі мақсаты болып табылады.
Бүгін біз құзыреттілік пен құзыреттілік мәселесіне арналған көптеген жарияланымдарды кездестіреміз. Алайда, осы саладағы зерттеулермен ресейлік (и. А. Зимняя, а. в. Хуторской, Т. В. Иванова, О. Е. Лебедев В. А. Болотов, В. В. Сериков,), сондай-ақ қазақстандық ғалымдар (А. Е. Әбілқасымова, М. Ж. Жадрина, К. Ж. Аганина, Б. К. Игенбаева) айналысқан.
Жоғарыдағы ғылыми тұжырымдарды талдаудан, «құзыреттілік» ұғымын екі жақты қарастыруға болады: бірінші, тұлғалық сапа ретінде, екінші, білім, дағды, тәжірибе және қабілеттің өзара байланысы тұлғаның білімділік деңгейін білдіреді. Құзыреттіліктің негізі білім, білік, дағды болып табылып, практикалық іс-әрекет нәтижесінде тұлғалық сапа қалыптасады. Сол себепті педагогикалық еңбектерді талдай отырып мынадай қорытындылар шығаруға болады:
1. Құзыреттіліктің түрлерін өте көп деп жорамалдауға болады, бірақ нақты түрлері әлі жүйеленбеген. Адамның іс-әрекеті қанша болса, құзыреттіліктің де түрлері соншалық көп болары сөзсіз. Көп жағдайда кәсіби құзыреттілік және кәсіби емес құзыреттілік деп бөлінуі мүмкін (ақпараттық, коммуникативтік, әлеуметтік т.б.).
2. Құзыреттіліктің жас ерекшелігі шегін анықтауда қиындықтар туындайды. Қазіргі зерттеушілер маман ретінде құзыреттілікті мектепке дейінгі балалар мен бастауыш сынып жасындағы балалардың маңызды мәселесі ретінде қарастыруда. Қазіргі таңда құзыреттілікті тұлғаның күрделі мәдени жиынтық іс-әрекеті түрлерін жүзеге асырудағы қабілеттілігі деп түсінуге болады.
3. Тұлғаның қойылған мақсаттарға жету үшін ішкі және сыртқы ресурс-тарды тиімді іске асыруға дайындығы. Сыртқы ресурстарға білім, білік, дағды, құндылықтар жатады.
Сонымен, құзыреттілік – тек бiлiм мен бiлiктiң жай ғана жиынтығы емес, керiсiнше субъектiнiң өмiрде кездесетiн түрлi проблемалық жағдаятта қандай әрекет қолдану керектiгiн анықтай алуы және оны iске асыру жолында меңгерген бiлiмi мен бiлiгiн ұштастыра алу қабiлетi. Құзыреттілікті меңгерудің қайнар көзі – тұлғаның мәдениет, тілдік қарым-қатынас тәжірибесі, тұлғааралық тәжірибесі, өнерді қабылдау тәжірибесі. Олай болса, құзыреттілік баланың өзiнiң түрлi өмiр жағдайларында сөйлеу дағдыларын ұтымды қолдануының нәтижесi деп саналып, әрекеттен тыс құзыреттіліктің қалыптасуы мүмкiн емес. А.И.Донцев, Ю.М.Жуков, Л.А.Петровскаяның пікірінше, құзыреттіліктің құрылымындағы білімі, білік, дағды жиынтығы тиімді қарым-қатынасты қамтамасыз етеді. Бұл нәтижелер жиынтығы оқушының оқу-танымдық әрекетіндегі өзіндік қызметін анықтауына, өзінің бағдары мен өз іс-әрекетіне баға беруіне, іс-әрекет нәтижесін өзгемен салыстыруға мүмкіндік туғызады.
Достарыңызбен бөлісу: |