Құзыреттілік ұғымының педагогикадағы мағынасы
«Құзырлық» сөзі туралы қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде: «құзыр (компетенция) — жалпы алғанда қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нəрсені жасау» деп берілген. Латын тілінен аударғанда «құзырлық — өз ісін жетік білу, танымы мол, тəжірибелі» деген мағынаны білдіреді. Белгілі бір саладағы құзырлылықты меңгерген тұлға өз саласына сəйкес білім мен біліктілікпен қаруланған қандай да бір негізі бар ой-тұжырым жасайтын жəне тиімді əрекет ете алатын адамды есептеуге болады. Тұлға құзырлылығының құрылымын анықтауда өте көптеген тəсілдер бар.
Қоғамда болып жатқан əлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанның əлемдік қауымдастыққа интеграциялануға ұмтылысы еліміздің білім беру жүйесіне өзіндік əсерін тигізуде. Бұл жерде бірінші кезекте оның алдына қойылатын мақсаттың өзгеруі, соның салдары ретінде білім беру мазмұнын жəне сапасын өлшеу құралдарын жаңарту мəселелері шығады. Қазіргі уақытта іс- əрекет субъектісі ретінде мұғалімге, оның тұлғалық-кəсіби қасиеттеріне қойылатын талаптар өзгерді. Бұл талаптарға жауап беретін педагог даярлау, ең алдымен, оның құзыреттілігін қалыптастырумен байланысты болады. Бұл мақалада осы құзыреттілік мəселесінің педагогикалық əдебиеттерде қарастырылуы сөз болады.
Ең алдымен, «құзыреттілік» терминінің мəнін филологиялық тұрғыда ашып алайық. Ол үшін құзыр (компетенция) жəне құзыреттілік (компетенттілік) ұғымдарына жекелеп тоқталу қажет. Өйткені педагогикалық-психологиялық əдебиеттерде бұл ұғымдар бірде бір мағынада, негізінен көбіне түрлі категорияларды белгілеу үшін қарастырылады.
«Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде» «құзыр» ұғымына «қайсыбір тапсырманы орындауға қабілеттілік немесе бір нəрсені жасау» деген анықтама берілсе [1], С.И.Ожегов сөздігінде «құзыреттілік — белгілі бір мəселені жан-жақты білу» екендігі айтылады [2].
«Шет тілдері сөздігі» «құзыретті» түсінігіне «құзырларға — қызметтік өкілеттікке ие» деген анықтама берген [3]. Ал жалпы педагогикалық əдебиеттерде «құзыреттілік» аясында білім алушылардың мына негізде əрекеттің күрделі түрлерін жасай алу қабілеті түсіндіріледі, яғни нəтижесі:
білімдер болып табылатын танымдық іс-əрекет тəжірибесі;
іскерліктер түрінде болатын іс-əрекет тəсілдерін іске асыру тəжірибесі;
проблемалық жағдайда шешім қабылдай алу іскерлігі болып табылатын шығармашылық іс- əрекет тəжірибесі.
Сонымен қатар педагогикалық-психологиялық əдебиеттерді талдау құзыреттіліктің түрлі мағыналық деңгейде қолданылатынын көрсетті. Олардың бірқатарын атап көрсетсек: субъектінің қоғамдық-практикалық тəжірибесінің қалыптасқандығы деңгейі (Ю.Н.Емельянов); қызметтік талаптарды іске асырудың адекваттылығы (Л.И.Анциферова); белсенділіктің арнайы жəне дара формаларын меңгергендігі деңгейі (Л.П.Урванцев, Н.В.Яковлев). Құзыреттілікке берілген анықтамалардың əр түрлілігі жəне көптігі, біздің ойымызша, оның кең мағыналылығынан жəне əр салада мамандар даярлау ерекшеліктерінен, сол сияқты оны зерттеуге ғалымдардың түрлі теориялық тұрғыдан келуінен шығады. Солай бола тұра бұл ұғымды неғұрлым кең сипаттаған анықтаманы Н.Ф.Талызина, Р.Х.Шакуров, А.И.Щербаковтар берді. Олардың айтуынша, құзыреттіліктің негізгі сипаттамасы — маманда кəсіби іс-əрекетті атқаруды қамтамасыз ететін білімдер, іскерліктер, дағдылар мен тəжірибенің бірыңғай кешенінің қалыптасқандығы деңгейі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |