1. «Көлем» ұғымының тілдік парадигмасы
Жаратылыстық дүниедегі деректі заттардың бәрінде қандай да бір көлем
болады. Ал дерексіз заттық ұғымдар ойша болжау, шамалау арқылы ғана шартты
түрде көлемдік ұғымға ие болады. «Көлем» ұғымы көбіне көзге көрінетін
заттардың сыртқы пішініне қатысты айтылады. Мұнда көлемдік шамалар нақты
өлшеу құралдарымен немесе соған шамалас екінші бір затпен салыстыру, теңеу
арқылы анықталады, тіпті кейде образды ойлау негізінде жүзеге асады. Көлем
«үлкен/кіші» ұғымдары аясында тіресім құрайды. Сондықтан көлем
семантикасын білдіретін лексикалық бірліктер осы тіресімдік ұғымдарды өзек
етеді. Алайда көлемнің үлкен-кішілігін ажыратуда барлық заттарға ортақ өлшем,
тұрақты меже болмайды. Бұл әр заттың көзге үйреншікті, ойда әбден
қалыптасқан орташа тұрқы, қалыпты мөлшері арқылы анықталады. Қазіргі қазақ
тіліндегі «көлем» ұғымы лексикалық деңгейде негізінен сын есімдер арқылы
берілсе, кейде ауыспалы мағынада өзге сөз таптары арқылы да беріледі. Олар
мыналар:
Үлкен: үлкен, дәу, дөй, орасан, дырау, әйдік, ірі, ұлы, нән, дыр, ноян, сом,
зараң, шоң, алып, зор, қапсағай, еңгезердей, жардай, зіңгіттей, дардай т.б.
Кішкене: шағын, ықшам, кіші, ұсақ, уақ, майда, титтей, қаршадай,
құйттай, құйтымдай, құйтақандай, құртақандай, титімдей, зәредей,
шүкейттей, шүйкімдей т.б.
Бұл лексикалық бірліктердің көпшілігі «көлем» ұғымымен қатар, «аудан»
ұғымын да білдіреді. Алайда бұлардың нақты семантикалық қызметі мәтін
ішінде анықталады. Тағы бір айта кететіні, мұндағы лексикалық бірліктердің
қатарында түбірге кірігіп, көнеленіп, бір сөз ретінде қалыптасып кеткен -дай, -
дей тұлғалы сөздерді де лексикалық бірліктердің қатарына жатқыздық. Ал
түбірден бөліп алуға болатын -дай, -дей, -тай, -тей формасы морфологиялық
деңгейде өз алдына қарастырылады.
«Көлем» ұғымы морфологиялық деңгейде де кеңінен көрініс табады. Қазіргі
қазақ тіліндегі (XIX–XX ғғ.) көлем семантикасын білдіретін синтетикалық
формалар төмендегідей:
- көлем семантикасы кейбір деректі зат есім сөздеріне -дай, -дей -тай, -тей
формасы жалғану арқылы беріледі (таудай, үйдей, қазандай, бармақтай,
түймедей т.б.). Мұндайда бір заттың көлемі екінші заттың көлеміне дәлдік
негізді балама болады, кейде асырмалы балама болады. Асырмалап салыстыру
«үлкен» немесе «кіші» ұғымдарының бірін беру қажеттілігінен туады. Мысалы:
1) Артына бұрылып еді – төңкерілген қазандай қаңбақтардан басқа
ештеңе көзге шалынбайды (Ә.Сараев, Тосқауыл);
2) Қойшы, сәлдесі қазандай молданың артына мінгесіп, екі алғыш салақтап
кете бардым (Ө.Қанахин, Жер бас.).
Мұндағы қазанға теңелген қаңбақ пен сәлденің көлемі бірдей заттар емес
екені анық. Яғни дәлдік негізді балама емес.
- көлем семантикасы кейбір «көлем» ұғымын білдіретін сапалық сын
есімдерге -рақ, -рек -ырақ, -ірек; -дау, -деу, -тау, -теу, -лау, -леу шырай
қосымшалары жалғану арқылы беріледі (үлкенірек, дәуірек, ауқымдырақ, кішірек,
ұсағырақ, майдарақ; үлкендеу, кішілеу, ірілеу, ұсақтау т.б.). Мұнда шырай
қосымшалары сөз болып отырған заттың көлемі бір орталық межеден не аздап
үлкендеу немесе аздап кішілеу екендігін білдіру қызметін атқарады.
173
- көлем семантикасы белгілі көлемдік ұғымдарды білдіретін зат есімдерге -
ды, -ді, -ты, -ті, -лы, -лі қосымшасы жалғану арқылы жасалады (көлемді,
ауқымды, аумақты, денелі, тұяқты т.б. ). Аталған қосымша барлық, молдық
семантикасын білдіреді. Ал «көлем» ұғымына байланысты қолданылғанда
белгілі деректі немесе дерексіз зат көлемінің қалыпты межеден әлдеқайда үлкен,
айтарлықтай ауқымды екенін білдіреді. Мысалы:
1) Ақ киімді, денелі, ақ сақалды (Абай, Қыс);
2) Оның көтерер жүгі, суреттер уақиғасы, бейнелейтін адамы
романдағыдай кең, аумақты да ауқымды болуға тиіс (Ф.Оразаев, Басты).
Бірінші аязды қыс денесі үлкен адам кейпінде сипатталса, екінші мысалда
кең, аумақты, ауқымды сөздері дерексіз заттарға байланысты қолданылып,
адамның рухани кеңістігіне ұштастырыла сипатталған. Морфологиялық
деңгейде «көлем» ұғымын білдіретін синтетикалық формалардың түрі де, одан
туған сөздердің саны да шекті болғанымен, олардың функционалды әлеуеті өте
кең.
«Көлем» ұғымы синтаксистік деңгейде де кеңінен көрініс табады. Бұл
деңгейде көлем семантикасы аналитикалық және аналитика-синтетикалық
формалар арқылы беріледі:
- көлем семантикасы тіркесім тәсілі арқылы беріледі. Олар күшейткіш
буындар (үп-үлкен, дәп-дәу, кіп-кішкене, ұп-ұсақ т.б. ), қайталама қос сөздер
(үлкен-үлкен, ұсақ-ұсақ т.б. ), қарсы мәнді қос сөздер (ірілі-ұсақты, үлкенді-кішілі
т.б. ), сыңар мағыналы қос сөздер (ұсақ-түйек, майда-шүйде т.б. ), күшейткіш
үстеулер (аса үлкен, тым кішкене, орасан зор т.б. ) анықтауыштық қатынастағы
тіркестер (қазан бас, шартық қарын, таудай талап, бармақтай бақ, таудай ет
т.б. ) арқылы беріледі. Бұл тіркестерден туған көлем семантикасының өзіндік
ерекшелігі, стильдік қызметі бар. Мысалы, Көп салт аттыдан әрмен жер
түбінен сәңкиіп көрінетін жапа-жалғыз өркеш төбенің басында сегіз қанат екі
үйді қабаттап тіккендей үп-үлкен бірдеңе ағараңдайды (Ә.Кекілбаев, Елең-
Алаң).
- көлем семантикасы синтаксистік модельдер арқылы да беріледі. Бұл
үшінші жақтық тәуелдік жалғаулы зат есім сөздері мен -дай, -дей қосымшалы зат
есім сөздерінің тіркесі (-ы+-дай) арқылы жасалады (жұдырығы тоқпақтай, көзі
шарадай, кеудесі төңкерген астаудай, басы қазандай т.б. ). Кейде -дай, -дей
формасы жасырын түрлі де болып келеді (ақылы телегей теңіз, көңілі кең дала
т.б.). Мұнда белгілі заттың тұтас өзі емес, соның бір бөлшегінің көлемі екінші
бір затпен салыстыру семантикасы беріледі. Мысалы:
1) Жалпақ, жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай, сыртынан
қарағанда құйған пештей болып, оқ бойы алдымызда отырады (Ғ.Мүсірепов,
Ананың анасы);
2) Тоғайды алғаш көргенде-ақ, Бураш оған Ұлтанқұл деп ат қойған, басы
қазандай, мұрны қолағаштай, аузы дорбадай бадырақ көз шомбал қара (Әкім
Тарази, Тырна, тырна, тырналар).
- көлем семантикасы синтаксистік конструкциялар арқылы да беріледі. Бұл
құрылым үш компоненттен тұрып, әр компоненті аналитикалық тәсілмен де,
аналитика-синтетикалық тәсілдер арқылы да байланысады. Мұнда бірінші
компонент сан немесе сандық ұғымды білдіретін сөздер, екінші компонент
өлшем бірліктер, үшінші компонент көлемі анықталатын заттар болып келеді.
174
Бұл үш компонент өзара тең дәрежеде байланысып, семантикалық жағынан
тұтасып, бір бүтін «көлем» ұғымын береді. Мысалы, бір үймек құм, бір мая шөп,
бір бау шөп, бір түйір дән, бір жапырақ нан, бір кесек ет, бір куб ағаш, жүз
текшеметр су т.б. Мұнда екінші компоненттің қызметі айрықша. Бұл кейде
халықтық өлшем бірлік, кейде халықаралық өлшем бірлік болып келсе, тіпті
кейде дербес тұрғанда ешқандай өлшемдік қызмет атқармайтын сөздер де ( үймек,
мая, бау түйір, жапырақ, кесек) конструкция құрамында өлшемдік қызметте
жұмсалады.
«Көлем» ұғымының синтаксистік деңгейде берілу жолдары біршама
ауқымды. Бұл тәсілдер арқылы жасалған сөздердің саны да едәуір мол.
Достарыңызбен бөлісу: |