4. «Салмақ» ұғымының тілдік парадигмасы
Табиғаттағы деректі заттардың өзіндік қасиеттеріне қарай көлемі, ауданы,
сыйымдылығы болумен қатар, олардың салмағы да болуы тиіс. Салмақ
жершарының тартылыс күші әсерінен заттардың тіреуіш нүктелерге түсіретін
қысымы ретінде беріледі. Кейде тіпті дерексіз заттарды да «салмақ» ұғымы
аясында образды түрде сипаттауға болады. «Салмақ» ұғымы өз ішінен
ауыр/жеңіл тіресімдік ұғымына жіктеледі. Сондықтан тілде де тілдік бірліктер
осы тіресімдік ұғымдар негізінде құрылымданады. Қазіргі қазақ тілінде
лексикалық деңгейде «салмақ» ұғымын білдіретін тілдік бірліктер де негізінен
сапалық сын есімдер болып келеді. Ал кейде ауыспалы мағынада сындық
ұғымды білдіретін зат есімдер де жұмсалады. Олар мыналар:
Ауыр: ауыр, зіл, сом, батпан, зілбатпан, зілмауыр, шомбал т.б.
Жеңіл: жеңіл, қаңбақ, қаңылтақ, қаңылтақтай т.б.
Тілімізде салмаққа қатысты лексикалық бірліктердің саны шектеулі
болғанымен, бұлардың семантикалық аясы кең, қызметі ерекше. Бұл сөздер
лексикалық бірлік ретінде де, мөлшер семантикалы синтетикалық формалар
жалғанып та, тіпті аналитикалық тәсілдер арқылы байланысып келіп те «салмақ»
ұғымын білдіруге негізгі ұйытқы бола алады.
Бұл сөздердің қатарында тарихи кезеңдерде зат есім сөзі болып, одан кейінгі
кезеңдерде салмақ семантикасы тірек ұғымға айналып, «салмақ» ұғымын
білдіретін сын есім сөздері болып қалыптасқан зіл, сом сияқты сөздер де бар. Бұл
сөздердің таптық статусының өзгерісіне «салмақ» ұғымдарының да өзіндік әсері
барлығын түсіндіреді.
179
«Салмақ» ұғымы морфологиялық деңгейде де көрініс табады. Оның берілу
жолдары төмендегідей:
- салмақ семантикасы «салмақ» ұғымын білдіретін зат есім сөздеріне -дай,
-дей (-тай, -тей) қосымшалары жалғану арқылы беріледі. Мысалы, зілдей,
шойындай, қорғасындай, қаңбақтай, қаңылтақтай т.б.
Мұнда зіл, шойын, қорғасын, қаңбақ, қаңылтақ сияқты заттардың өзіне тән
басты қасиеттерінің бірі – салмағы, яғни тым ауырлығы мен тым жеңілдігі.
Сондықтан -дай, -дей, -тай, -тей ұқсату формасы белгілі бір зат салмағын осы
зат есімдерге ұқсату арқылы салмақ семантикасын береді. Мысалы:
1)
Қонағым қол басындай, мінезі қорғасындай (Ж.Аймауытұлы,
Қараторғай).
2) Мен саған ұқсаған қаңбақтай адамдармен күреспейтін дәумін, – дейді
дәу (Қаз. ертегі).
Бірінші мысалда адам мінезі мен қорғасын, екінші мысалда адам мен қаңбақ
салмақ жағынан салыстырылып, бірі «ауыр», екіншісі «жеңіл» ұғымдарын
берген. Сондай-ақ бірінші мысалда қорғасын метафораланып, дерексіз заттық
ұғымдарды сипаттауға да қолданылған.
- салмақ семантикасы кейбір сапалық сын есімдерге -рақ, -рек -ырақ, -ірек;
дау, -деу, -тау, -теу, -лау, -леу шырай қосымшалары жалғану арқылы (ауырырақ,
сомырақ; жеңілдеу, ауырлау, сомдау, т.б. ) беріледі. Бұл шырай қосымшалары
салмақ мөлшерін орталық меже негізінде салыстырып, деңгейлеп көрсетеді.
- салмақ семантикасы «салмақ» ұғымын сипаттайтын кейбір зат есім
сөздерге -ды, -ді, -ты, -ті, -лы, -лі / -сыз, -сіз жұрнағы жалғану арқылы
(салмақты, зілді; салмақсыз, зілсіз т.б. ) беріледі. Бұл сөздер дерексіз заттық
ұғымдарды сипаттауға көбірек қолданылады.
«Салмақ» ұғымын білдіретін тілдік бірліктердің басым бөлігі синтаксистік
деңгейге тиесілі. Олар да, әдеттегідей, аналитикалық тәсілдер, аналитика-
синтетикалық тәсілдер арқылы байланысқан тіркестер, синтаксистік
модельдер, синтаксистік конструкциялар сияқты үш түрлі синтаксистік
формада беріледі:
- салмақ семантикасы тіркесім тәсілдері арқылы да беріледі. Мұнда да
«көлем», «аудан», «сыйымдылық» ұғымдарымен ұқсас, күшейткіш буындар (ап-
ауыр, зіп-зіл, сап-салмақты; жеп-жеңіл т.б. ), қайталама қос сөздер (ауыр-ауыр,
зілбатпан-зілбатпан;
жеңіл-жеңіл,
қаңылтақтай-қаңылтақтай
т.б. ),
күшейткіш үстеулер (тым ауыр, өте ауыр, тым зілдей, ерекше сом, аса жеңіл,
тым жеңіл т.б. ), анықтауыштық қатынастағы тіркестер (батпан құйрық, қаңбақ
шал, ауыр ой, жеңіл сөз, ауыр іс, сом дене, шомбал жігіт т.б. ) арқылы беріледі.
Бұлардың да әрқайсысының өзіндік семантикалық ерекшелігі мен стильдік
қызметі бар.
- салмақ семантикасы барыс, шығыс септік жалғаулары мен шамасында,
жетеқабыл, көбірек, артықтау, көптеу сияқты сөздердің синтаксистік
байланысы
(-ге+жете,
-ге+жетеқабыл,
-ден+көп,
-ден+артықтау,
ге+жақындау т.б. ) арқылы беріледі. Бұл модельдер заттардың салмағын белгілі
бір нақты салмақ негізінде болжалды түрде сипаттау семантикасын білдіреді.
Мысалы, бір тоннаға жетеқабыл, бір килограмнан көбірек, бір тоннадан
артықтау, бір грамнан көптеу т.б.
180
Мұндай болжалды салмақ семантикасы құрылымы тұрақтанып бара жатқан
анықтауыштық қатынастағы тіркестерге -дай, -дей (-тай, -тей) салыстыру
формасы жалғану арқылы да беріледі. Мысалы, түйенің жарты етіндей, жел
айдаған қаңбақтай, құйған қорғасындай т.б.
- салмақ семантикасы синтаксистік конструкциялар арқылы да беріледі.
Мұнда халықаралық өлшем бірліктер ( грамм, килограмм, тонна т.б.) мен
халықтық өлшем бірліктердің ( мысқал, сәрі, пұт, қадақ, батпан т.б.)
конструкция құрамындағы өзге компоненттермен тіркесуі арқылы жасалады.
Мысалы: бір мысқал алтын, екі сәрі күміс, үш пұт астық, бір батпан қайғы, он
қадақ ет, жүз грамм арақ, он килограмм алма, бес тонна көмір т.б.
Конструкцияның үш компоненті ұдайы сақтала бермейді. Кейде тілдің ықшам
қолданылуы нәтижесінде бір компоненті қысқарып та қалады, басқа сөздермен
ауысып та келеді. Мысалы:
1) Ағаш тамағын жерден алатыны рас болса, топырақ 4 пұт кемісе керек
қой дейді де, бірнеше мысқал ғана кем болып шығады (А.Байтұрсынұлы, Оқу
құралы);
2) Күніне жарты қадақ нан, бір мезгіл беретін сылдыр сорпа оқумен
шұғылданған жас жігіттерге ас болмады (Ж.Арыстанов).
Берілген екі мысалдағы мысқал, қадақ сөздері де бірі топырақтың, екіншісі
нанның нақты салмақ мөлшерін білдіреді. Десе де бірінші мысалда үшінші
заттық компонент жоқ, ол күрделі синтаксистік тұтастықтың құрамында бірнеше
мысқал тіркесімен алшақ тұрып байланысып тұр. Ал екінші мысалда сан есім
компонентінің орнын сандық ұғымды білдіретін сын есім сөздері ауыстырған.
Алайда екі конструкцияда да салмақ семантикасының мазмұны бұзылмай, дұрыс
берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |